Әдебиет
Құрметті ұстаз!
(Ұстазды шәкірттерінің мерекесімен құттықтауы)
Сіз мәнді де мағынаға толы, ұлағат пен ұжданды жанына серік қылған, ой мен ақыл және парасат пен пайымды жүрегіне жақын еткен, руханият пен білімді жас ұрпақтың тәрбиесіне қарай бағыттап отыратын Ұстаздық деп аталатын игі мамандықтың жолын қалап алған жансыз. Сіздің Ұстаздық қызметтегі әрбір жылыңыз Сізге абырой мен табыс, бақ пен береке әкелді, сонымен бірге тағы да жаңа әрі жарқын мүмкіндіктерге жол ашты.
Әрбір басталған жаңа бір оқу жылының күміс қоңырауының сиқырлы үні Сізге қуаныш сыйлады. Бұл нағыз ұстазға ғана тән сезім еді. Сол күміс қоңыраудың үнімен бірге балдырған күлкілері жараса мектепке енген қаншама бүлдіршін Сіздің алдыңыздан тәлім көрді, ұлағатыңызды тыңдады, өз мектебінен қанат қақты. Олар қазір еліміздің әр түкпірінде жүр.
Сіз үнемі ұстазға тән сергек ойдың иесі болдыңыз. Әрбір табыстарыңызға тоқмейілсу мен тоқырау сізге жат еді, керісінше жаңа ізденістерге жол ашты. Сіз өз қоғамыңыздың ұрпақтан не талап етіп отырғандығын жіті аңғара алдыңыз. Өз бойыңыздағы білім мен білік дариясын солай қарай бұрдыңыз, жас шыбықты солай қарай идіңіз. Егер Сіз осы жылдардың ішінде мақтау мен құрмет көрсеңіз, ұстаздық жолыңызда, шынында да, осыған лайықты істер атқара алған едіңіз.
Сіздің өткен құрметті жолыңыздың әрбір иірімінде шәкірт жүрегінің алғыс сезімі жатыр. Олардың әрқайсысы бір әлем еді, олардың әрқайсысы жаңадан ашылар бір дүние еді. Міне, сіз осы бір балдырған жүректердің риясыз досы, ертеңге деген үміті бола алдыңыз. Сізге осы үшін де өз шәкірттеріңіз алғыс айтады.
Сізді шәкірттеріңіз бүгінгі мерекеңізбен құттықтай отырып, мықты денсаулық, отбасыңызға бақыт, ұстаздық жолыңызға шығармашылық табыстар тілейді. Ұстаздық қызметіңізде әр уақытта шәкірттеріңіздің алғысына бөлене беріңіз!