Әдебиет
Туған жер туралы әңгіме
Ұлы Жеңіске – 75 жыл!
Әкем Қожахметов Қолғанат пен анам Қожахметова Күлжәмиланың рухына арнаймын.
Әрбір әулеттің басы да, тарихы да Әкеден бастау алары анық. Менің бұдан бұрынғы жарияланған (7.05.2018 жыл) «Жеңіс күні немесе туған жер ұғымы» деген әңгімемде «Станса басынан колхозға қарай бастай беретін аттылы-жаяу талай жол қылған қара жолдың бойында жол қапшығын арқалаған Жеңіспен оралып келе жатқан солдат келеді. Солдаттың дәл қазір қай майданда соғысқаны да, оның қандай бөлімде соғысқаны да маңызды емес. Бәрінен де маңыздысы – оның туған ауылынан мүлде жырақ жерде өткен соғыстан кейінгі өзінің туған жерін – қазақ ауылын сағынып келе жатқандығы» деген жолдар мен «Соғыстан қайтқан қазақ жауынгерінің алдында күтіп жатқан колхозының не деп аталатындығы да, оның қандай нөмірленген ауылдық Кеңеске қарайтындығы да дәл қазір маңызды емес еді. Ондай колхоздар мен ауылдық Кеңестер сол кезгі Қазақстанда (Қазақтың тарихшы ғалымдары келтіргендей, соғыс аяқталған 1945 жылы Қазақстанда 6737 колхоз болды) мың сан болған шығар. Тек бәрінен де маңыздысы – оның Қазақстанның қай тарабына қарай бағыт алған солдат болса да, өзінің туған ауылынан мүлде жырақ жерде өткен соғыстағы оқ-дәрінің иісінен кейін өзінің туған елінің түтінінің иісін сағынып келе жатқандығы анық» деген жолдар мен «Сол кезде соғыс болып өртеніп жатқан жерден шығып келе жатқан әкем де жоғарыдағы әңгімедегі кейіпкер солдат секілді ол да өзінің туған колхозын сағынып келе жатқан шығар деп ойлаймын» деген жолдар бар. Яғни әкем де осыдан 75 жылдан аса уақыт бұрын сол әңгімедегі кейіпкер солдат секілді ол да әскерден өз туған колхозына қарай асыға басып келе жатқан болатын. Біздің отбасының тарихы да, бастауы да сол кезде өз туған колхозына қарай асыға басып келе жатқан осы 19 жасар солдаттан басталады. Кейін бізге, балаларына – 7 балаға әке болатын – сол кезгі 19 жастағы солдат болатын. Еңбекшілер депутаттарының Аранды ауылдық Советінің атқару комитетінің төрағасы Баймаханов пен секретары Әбдіхалықовтың 1949 жылы 13 сентябрьде қолдары қойылып, гербтік мөрі басылып, әкемнің атына толтырылған анықтама құжатында «1943 жылы армия қатарына алынып 1944 жылы август айында келді» деп көрсетілгендей, әкем Армиядан өз колхозына осыдан 75 жылдан аса уақыт бұрын, яғни 1944 жылғы тамызда келе жатқан еді. Оның сол кезде алдында күтіп жатқан туған колхозы да, ол колхозы қарайтын нөмірленген ауылдық Кеңесі де белгілі болатын. Ол сол кезде Армиядан әкемнің өзімен бірге келе жатқан қызыл әскер кітапшасының бөліміндегі жазулы тұрған жауынгердің үйінің адресі – «Қызылорда облысы Қазалы ауданы № 9 ауыл (№9 ауылдық Кеңесі) Жданов атындағы колхоз» болатын. Ал сол кезгі Қызылорда облысы Қазалы ауданы №9 ауылдық Кеңесіне қарасты Жданов атындағы колхоз дегеніміз – бүгінгі Қызылорда облысы Қазалы ауданы Аранды ауылдық округіне қарасты екі ауылдың бірі, туған жердің күні кешегі тарихында 60-жылдардың ішінде құрылып, 90-жылдарда тараған Энгельс атындағы совхоздың 90-жылдарға дейін Жданов атындағы бөлімшесі болып келген – бүгінгі Аранды ауылы.
***
Қазақтың тарихшы ғалымдарының дерегінде келтірілгендей, Қазақстанда тың игеру тәжірибесінен туындаған 1957 жылдың көктемінен жаппай басталған колхоздар мен МТС-тер негізінде совхоздар құру процесі әсіресе 60-жылдардың бірінші жартысында жаңа қарқынмен жүргізілді деп көрсетіледі. Осыған сәйкес айтқанда, 60-жылдардың бірінші жартысында құрылған туған жерімізге қатысты Энгельс атындағы совхоз, мемлекеттік кәсіпорын 1963 жылғы ақпанда қазіргі Аранды, Қожабақы және Өркендеу (Жанкент) жеріндегі колхоздар негізінде құрылған шаруашылық болатын. Сол колхоздың бірі жоғарыда айтылғандай, әкемнің қызыл әскер кітапшасының «Общие сведения» бөлімінде оның туған жері болып жазулы тұрған – Жданов колхозы. Бұл жаңа құрылған совхозға орталық Қожабақы елді мекені болады. Сол уақытта әкем совхоздың орталығы – Қожабақыдан өзіне жеке үй салған. Ол үйге 1967 жылы кірген. Ауылдағы үйіміз – сол. Сол уақытта жаңадан құрылған совхоздың да үй сала бастаған кезі. «Совхоз сол уақыт жағалай қаз-қатар ақшанқан үйлерді бірінен кейін бірін қатарластырып сала бастады ғой, – деп отыратын шешем. – Осы мына тұрған үйлерді сол совхоз тұрғызды ғой. Содан барып қой көшелер түскені ауылға. Бұрынғы адамдар да мына біздің есік алдындағы қоржын бөлме бұрынғы там сияқты тамдарда тұрған ғой, бұл үйді кезінде сатып алған едік. Сенің алдыңдағы баланың бәрі де осы үйде дүниеге келді. Сен әкең салған үйде дүниеге келдің. Кіндігіңді де әкеңнің өзі кесті. Есіміңді де әкең өзі қойды». Бұл – сол кезгі Баспасөз күні.
Мен бір жасқа толған соң барып, 1970 жылғы 12 маусымда үкімет анамды «Ана даңқы» орденімен марапаттапты. Себебі кеңестік кезеңде аналарды марапаттау заңдылығы бойынша семьядағы жетінші баласын дүниеге алып келіп, ол баласы бір жасқа толған соң барып, жеті бала дүниеге әкеліп, тәрбиелеп өсіріп отырған еңбегі үшін үкімет Ананы III дәрежелі «Ана даңқы» орденімен марапаттайтын болған. Ол жайлы 1944 жылы шыққан Жарлық орденнің өз кітапшасына да жазылған.
Қазақтың тарихшы ғалымдарының деректерінде келтірілгендей, Қазақстандағы совхоздар саны 1960 жылға қарай 881 совхоз болса, ал 1965 жылдың соңында Қазақстандағы совхоздардың саны 1521-ге жеткен. Сол совхоздың бірі осы айтылып отырған Энгельс атындағы совхоз екендігі белгілі. Деректер негізінде совхоз «КСРО ауыл шаруашылығындағы жоғары сапада тауар өнімін өндіретін механикаландырылған социалистік мемлекеттік кәсіпорын» деп көрсетіледі.
1963 жылы Қызылорда облысының Қазалы ауданындағы Энгельс атындағы совхоз, ауылшаруашылығындағы мемлекеттік кәсіпорнының құрылуы қазіргі Қожабақының 1963 жылғы тарихында жаңа бір тұрмысқа, жаңа бір кезеңге аяқ салған кезеңі болмақ. Өйткені ендігі жерде совхоздың орталығы боп саналған ауыл мәдениетін дамыту ісі де бұрынғымен салыстырғанда бірте-бірте өзгерген күйде, жаңаша түрде жаңғыра берері сөзсіз. Осыған дәлел келтірсек, энциклопедияда көрсетілген деректер бойынша 60-жылдардың соңына қарай Қазақстанның ауыл-селоларында жаңадан мыңдаған клуб, кітапхана, балабақша сияқты т.б. да қоғамдық үйлер тұрғызылып, соның нәтижесінде ауыл-селолардың архитектурасының бас жоспарына жаңалықтар енген. Мұның ең маңыздысы жоспарлаудың бірімен бірі байланысты екі ауданға бөлінуі болды: тұрғын үй, қоғамдық-мәдени үйлер ауданы; өндіріс пен мал шаруашылығы үйлерінің ауданы. Осы сөзді одан әрі ұштай түссек, 1971 жылдың 30 наурыз – 9 сәуір аралығында өткізілген КОКП-ның XXIV съезіндегі жасаған баяндамасында сол кезгі КОКП басшысы Л.И. Брежнев «Ауыл шаруашылығының өндіргіш күштерінің өсуі, ауыл шаруашылығы еңбегінің бірте-бірте индустриялық еңбектің бір түріне айналуы, деревня мәдениетінің өрге басуы, село тұрмысының қайтадан құрылуы – осының бәрі шаруаның әлеуметтік қабілеті мен психологиясын өзгертуге бастап отыр. Шаруаның бойында жұмысшыға ұқсас қасиеттер барған сайын көбірек пайда болуда. Еңбегі машиналармен және механизмдермен тікелей байланысты колхозшылардың саны көбеюде, колхозшы шаруалардың білімі арта түсуде» дейді.
Қазақ ғалымдарының ғылыми еңбегіндегі келтірілген деректер бойынша Қазақстандағы ауыл-селолардың интеллектуалдық әлеуеті 70-жылдарға қарай толық қалыптасқан деп пайымдайды. Ал ауыл-селоның интеллектуалдық әлеуетін қалыптастыратын негізгі күштің бірі, негізінен алғанда, онда тұратын, үлкен қалалардан білім алып келген кәсіби, оқыған маманмен өлшенеді. Ендігі жерде әр түрлі сала маманына қойылар талап та заман ырғағына сай жоғарылай бермек.
Ендеше, сондай міндеттің бірі ауыл-селоның байланыс жұмысының алдында да тұрғандығы белгілі. Өйткені мұндағы байланыс бөлімшесі арқылы көрсетілетін байланыс қызметтерінің барлық түрлерін – пошта, телеграф, телефон, радиоландыру қызметтерін халық арасында танымал ету және жарнамалау, ауыл-селода орналасқан кәсіпорын мен мекемелерге, ауыл-селоның халқына байланыс қызметінде жоғары сапалы және мәдени қызмет көрсету, байланыс бөлімшесінің тиімділігі мен табыстылығын арттыру, өндірістік және қаржылық жоспарын орындау, халықтан, кәсіпорын мен мекемелерден радионүктелері мен телефон аппараттарын құру мен қайта орнатуға және электр байланысы мен радиоландыру құралдарының зақымдануларын жоюға өтінімдер қабылдау және зақымдануды жою, электр энергиясы үшін төлемдерді қабылдау, саудадан түсетін ақшаны қабылдау, зейнетақы мен жәрдемақыларды төлеу, пошта және телеграф жөнелтілімдерін белгіленген мерзімде қабылдау, өңдеу және тапсыру, ақша сомаларының, пошта және телеграф жөнелтілімдерінің сақталуын қамтамасыз ету, байланыс бөлімшесінің қарамағындағы байланыс құралдарының нақты және үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету, мерзімді басылымдарға жазылымды қабылдау, өзінің қызмет көрсететін аумағында мерзімді басылымдарды тарату т.б. қызметтер – аудан орталығында тұрған байланыс тораптарының осы ауыл-село орталығында орналасқан өндірістік құрылымдық бөлімшелерінің негізгі қызметтік міндеттері болмақ.
60-жылдар ішіндегі байланыс бөлімшесі жұмысының да жаңа бір кезеңдерге аяқ басқан кезі болатын. Ал біздің көз алдымызда 70-жылдардағы байланыс бөлімшесі сақталған. Сол кезең – 70-жылдар ішіндегі Энгельс атындағы совхоздың байланыс бөлімшесінің электр монтер мамандары: Ілескен, Ағыбай ағаларымыз, Жұмабаев Дайрабай ағамыз және бұдан бұрынғы жазылған «Қаракесектердің қалжыңы» әңгімесінде айтылатын Алдаберген Жұбаниязов ағамыз және Энгельс атындағы совхоздың Жданов атындағы бөлімшесінің хат тасушы қызметкері Жаппар Дәріғұлов ағамыз және Энгельс атындағы совхоздың хат тасушылары Қолғанатова Гүлзада және Баршагүл апаларымыз болды. Ал оның алдында бір уақыттарда Энгельс атындағы совхоздың байланыс бөлімшесінде Дәріғұл Тағыбаев ағамыздың да хат тасушы болып қызмет атқарғанын қазір көп адамдар ұмыта да бастаған болар. Оны мына фотосурет айғақтайды. Сол кезеңде түсірілген фотосуретте әкем қызмет орнында, жұмыс үстелінің басында телефонмен сөйлесуде. Оның жанында байланыс бөлімшесінің хат тасушы қызметкері Дәріғұл Тағыбаев түрегеліп тұр. Оның мойнында пошта қызметкері – хат тасушының сөмкесі ілінген. Почтальон сөмкесінен сол кезеңдегі Одақтың бас газеті – «Правда» газеті көрінеді.
Электр монтерлер мен хат тасушылар. 90-жылдарға дейін олар бір салада болмақ. Ал 90-жылдардың ішінде осы кездегі құрылымдағы өзгеріске сәйкес жергілікті «Аудандық байланыс торабы» енді екіге бөлінді: Аудандық пошта байланысы торабы («Қазпошта» АҚ), Аудандық өндірістік телекоммуникация торабы («Қазақтелеком» АҚ). Себебі байланыс саласының басқару құрылымы туралы Министрлер кабинетінің 1993 жылғы 5 сәуірдегі қаулысына сәйкес соған дейін 40 жылға жуық уақыт Байланыс министрлігінің біртұтас «Байланыс» саласының құрамында боп келген – Электр байланысы мен Пошта байланысы енді әрқайсысы өз алдына дербес сала болып, бір-бірінен жеке бөлініп кетті.
Әкем Қазалы аудандық байланыс торабының кадры ретіндегі кадрларды есепке алу бойынша жеке іс парағындағы өзінің өмірбаянында «Еңбек жолым 1944 жылғы тамыздан басталады» деп жазған еді. Яғни 1944 жылдың тамыз айынан бастап Ленинград қаласынан әскер қатарынан келгеннен кейін әуелі 4 айдай уақыт № 9 Аранды ауылдық Советіне қарасты Жданов атындағы колхоздың басқарма секретары болып істеп, сонан соң Қазалы аудандық білім бөлімінің бастығы Нұрмановтың 1944 жылғы 31 желтоқсан күні берген бұйрығымен мектептің меңгерушісі әрі мұғалімі қызметіне тағайындалады. Бұл қызметті 1947 жылға дейін атқарады. Сонан соң Қазалы аудандық мәдениет бөлімінің бастығы Әбиевтің берген бұйрығымен саяси және мәдени-ағарту мекемесі – оқу үйінің меңгерушісі қызметіне тағайындалып, бұл қызметті 1951 жылға дейін атқарады. 1947 жылы № 9 Аранды ауылдық Советінің депутаттығына сайланады. Ал 1951 жылы Еңбекшілер депутаттарының Аранды ауылдық Советінің сессиясының шешімімен № 9 Аранды ауылдық Советінің секретарьлығына сайланып, бұл қызметті 1954 жылға дейін атқарады. Ал 1954 жылы Қазалы аудандық мәдениет бөлімінің бастығы Қоспановтың берген бұйрығымен № 9 Аранды ауылдық Советіне қарасты М.Горький атындағы колхоздың кітапхана үйінің меңгерушісі қызметіне тағайындалып, бұл қызметті 1963 жылғы мамырға дейін байланыс саласына қызметке ауысқанша атқарады. Ал 1963 жылдың мамыр айынан бастап Қазалы аудандық байланыс торабының бұйрығымен сол жылы құрылған Энгельс атындағы совхоздың байланыс бөлімшесінің бастығы қызметіне тағайындалады.
Ал әкем бұл қызметтерінен бұрын 1943 жылдың март айынан бастап 1944 жылдың август айына дейін Армияда болды. Ол туралы 1945 жылғы 27 қазанда толтырылған, құжаттағы мөртаңбасында «ҚазССР Қызылорда облысы Қазалы ауданы еңбекшілер депутаттарының Сартөбе ауылдық совет АТКОМЫ» деп жазылған, еңбекшілер депутаттарының Сартөбе ауылдық Советі атқару комитетінің дөңгелек гербтік мөрі басылып, еңбекшілер депутаттарының Сартөбе ауылдық Советі атқару комитетінің төрағасы Ізбақышев пен секретары Өтепов қол қойған, яғни әкем Сартөбеде мұғалім болып қызмет атқарып жүрген уақытта берілген анықтама құжат бетінде «1943 жылы армияға кетіп 1944 жылы келген. Қазіргі тұрған жері № 11 а/с «Социализм» колхозында мұғалім болып істейді» деп жазылған. Ал 1949 жылғы 13 қыркүйекте толтырылған, мөртаңбасында «ҚазССР Қызылорда облысы Қазалы ауданы еңбекшілер депутаттарының Аранды ауылдық совет АТКОМЫ» деп жазылған, еңбекшілер депутаттарының Аранды ауылдық Советі атқару комитетінің дөңгелек гербтік мөрі басылып, еңбекшілер депутаттарының Аранды ауылдық Советі атқару комитетінің төрағасы Баймаханов пен секретары Әбдіхалықов қол қойған анықтама құжат бетінде «1943 жылы армия қатарына алынып 1944 жылы август айында келді. 1944 жылдан бастап 1947 жылға дейін мұғалім болып істеді. Қазіргі уақытта №9 Аранды аулсоветіндегі оқу үйінің бастығы болып істеп келеді» деп жазылған.
Әкем армияға алынғанда алғашқы болған әскери қызмет орны – 87-жеке (Отдельный Артиллерийский Дивизион) артиллериялық дивизионның (наименование части (учреждения) артиллерия паркінде (наименование подразделения (батальон, рота) делбеші қызметін атқарады. Әкемнің қызыл әскер кітапшасына осы артиллериялық дивизионның дөңгелек гербтік мөрі басылып, командир қол қойған жазбада әкемнің бұл артиллерия паркіндегі атқаратын қызметін «ЕЗДОВОЙ» деп көрсеткен. Әкем бұдан соң Ұлы Отан соғысы кезінде Ленинградта болған 36-запастағы атқыштар бригадасының 389-запастағы атқыштар полкінің 2-батальон 4-ротасына ауыстырылады. Ал әкемнің осы әскери қызмет мерзім уақытындағы соңғы болған әскери қызмет орны – Ұлы Отан соғысы уақытында Ленинградта болған 63-гвардиялық атқыштар дивизиясының 190-гвардиялық атқыштар полкінің 1-атқыштар ротасының атқышы. Әкемнің қызыл әскер кітапшасына бөлімі - 190-гвардиялық атқыштар полкінің дөңгелек гербтік мөрі басылып, командир қол қойған жазбада әкемнің бұл бөлімдегі атқаратын қызметін «СТРЕЛОК» деп көрсеткен. Сонымен бірге әкемнің қызыл әскер кітапшасының «Прохождение службы» бөлімінің бұл мәліметтері әкемнің өмірдегі өзінің қызмет орны – Қазалы аудандық байланыс торабының кадрларды есепке алу бойынша жеке іс парағындағы қызметкердің еңбек жолы туралы мәліметтер бағанындағы «Секретарь правления колхоза им. Жданова Арандинского аулсовета» деген жазбадан бұрын тұрған «Солдат Ленинградского фронта» деген мәлімет көзіне де нақты түсірілген.
Сонымен бірге әкемнің қызыл әскер кітапшасының «Общие сведения» бөлімінің «Место рождения и постоянного жительства. Домашний адрес, фамилия, имя и отчество жены или родителей» деген мәлімет бағанында: «Кзыл-Ординская обл. Казалинский р-н аул №9 к/х им. Жданова» деп көрсетілген. Осымен бірге бұл мәлімет әскери госпитальдің дөңгелек мөрімен куәландырылып Ленинградта әкеме берілген № 188575 санды құжатта да жауынгердің туған жері ретінде түсіріледі. Ал әкем 1944 жылғы августе Ленинград қаласынан Армиядан келгеннен кейін, Қазалы ауданының әскери комиссариатының дөңгелек гербтік мөрі басылып, Қазалы ауданының әскери комиссары 1944 жылғы 4 сентябрьде қол қойған № 0133 санды құжатта Кужахметов Кульгананттың (аты-жөні қызыл әскер кітапшасы бойынша түскен), яғни әкемнің туып-өскен жері «№9 а/с к/х им. Жданова» деп көрсетіледі. Яғни әкем 1944 жылғы августе Ленинград қаласында орналасқан № 268 әскери эвакогоспитальдің медицина қызметінің капитаны Вайсман қол қойған қорытындымен Армия қатарынан елге оралғаннан кейін, өзінің өмірдегі алғашқы саналы еңбек жолы – жұмысын 1944 жылғы августен бастап өзінің туған жері: № 9 Аранды ауылдық Советіне қарасты Жданов атындағы колхоздың басқарма секретары болудан бастаған еді. Осымен бірге Жданов атындағы колхоз әке-шешемнің неке куәліктері бойынша анамның да, яғни неке куәлігінің мазмұны бойынша айтқанда: Азаматша Қоңырбаеваның да туған жері боп көрсетілген. «Неке туралы куәлік» мазмұны бойынша анамның фамилиясы «Некеленуге тіркелгеннен кейінгі фамилиясы Қожахметова» деп көрсетіледі. Тіркелген орны: М.Горький колхозы.
Құжаттарда үнемі әкемнің туған жері болып жазылатын, кейіннен біз дүниеге келетін Энгельс атындағы совхоздың да өмірге келуіне негіз болған, жалпы, туған жер тарихында өзіндік орны бар, аулсоветінің толық аты – Еңбекшілер депутаттарының Аранды аулсоветі (1936 жылғы ССРО Конституциясынан кейінгі 1977 жылы 7 қазандағы ССРО Конституциясы бойынша Халық депутаттарының Аранды аулсоветі болып аталады), құжаттарда әкемнің де, анамның да туған жерлері болып жазылған, себебі олардың кіндік қандары тамған ата-баба топырақтарында совет кезінде ауылшаруашылығын социалистік жолмен қайта құру мақсатында орнаған, № 9 Аранды ауылдық Советіне қарасты Жданов атымен аталатын осы колхоз туралы осы Жданов атындағы колхоздың басқарма председателі Дұрысбаев пен Жданов атындағы колхоздың басқарма секретары Елубаевтың 1947 жылы қолдары қойылып, Жданов атындағы колхоздың дөңгелек мөрі басылып расталған, әкеме берілген «Берілді осы справка ж. Қожахметов Қолғанатқа. Себебі: Бұл жолдас 9 - ауыл Жданов к/хозында тұрады» деген Жданов атындағы колхоздың анықтама құжатының бұрышына басылған колхоздың қазақ және орыс тілдерінде жазылған штампында колхоздың толық атауы «Қызылорда облысы Қазалы ауданы Еңбекшілер депутаттарының Аранды ауылдық советіне қарасты Жданов колхозы» деп көрсетіледі. Ал әкеме 1948 жылы берілген осы Жданов атындағы колхоздың анықтама құжатының мазмұнында «Берілді осы справка Азамат Қожахметов Қолғанатқа. Себебі: № 9 Аранды а/с Жданов атындағы к-зда 1925 жылы туған. Қарауында төмендегі семьясы бар.
1. Әйелі Қожахметова Күлжәмила 1928 ж. туған.
2. Баласы Қожахметов Сәбит 1948 `-`.
3. Інісі Қожахметов Баймұрат 1933 `-`.
4. Інісі Қарақұлов Байболат 1928 ж. `-`.
Бөтен семьясы жоқ. Осының дұрыстығына Жданов атындағы к/з председателі Дұрысбаев Секретары Келмағанбетов» деп қолы қойылып, Жданов колхозының бастықтарының қолы Еңбекшілер депутаттарының Аранды ауылдық Советіне қарасты Жданов колхозының дөңгелек мөрімен расталса, Жданов атындағы колхоздың басқарма председателі Дұрысбаев пен Жданов атындағы колхоздың басқарма секретары Келмағанбетовтің анықтама құжат бетіне қойған қолынан кейін оның астына тағы да бұл анықтама құжат бетіне «к/з председателі Дұрысбаевтың қолын бекітемін. № 9 Аранды а/с председателі Баймаханов Секретары Байдуллаев» деп қолы қойылып, Еңбекшілер депутаттарының Аранды ауылдық Советінің атқару комитетінің дөңгелек гербтік мөрі басылған.
Бұл құжаттағы Сәбит Қожахметов – есімі қазақтың әйгілі жазушысымен аттас қойылған әке-шешемнің тұңғыш перзенттері. 1948 жылы 5 январьда туған әке-шешемнің тұңғыш перзенттері осы айтылып отырған әке-шешемнің өздерінің туып-өскен жерлері – Жданов атындағы колхозда туған. Ал туу туралы куәлігі 1948 жылдың 25 январы күні алынған, яғни куәлік берілген күні. 1947 жылы шыққан (Гознак. 1947) Сәбиттің «Тууы туралы куәлігінің» дерегінде «Баланың туған жері: № 9 Аранды а/с Жданов к/зы» десе, «Тіркелген жері: № 9 Аранды а/с М.Горький к/зы» деп көрсетеді. Ал әке-шешемнің 1950 жылғы 6 мартта туған екінші перзенттері Кеңес Қожахметов М.Горький колхозында туған. 1948 жылы шыққан (Гознак. 1948) «Тууы туралы куәлігінің» ішкі мазмұнында «Баланың туған жері: № 9 Аранды а/с М.Горький к/зы» десе, «Тіркелген жері: № 9 Аранды а/с М.Горький к/зы» деп көрсетеді. Берілген күні 1950 жыл 13 март. Олардың да дүниеге келгенін ескерсек, онда шешемді тоғыз бала туған аналарға берілетін I дәрежелі «Ана даңқы» орденін алған ананың қатарына да есептеуге болады.
1941–1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысына СССР-дің Қарулы Күштерінің қатарында қатысушы ретінде «1941–1945 жж. Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске жиырма жыл», «ССРО Қарулы Күштеріне 50 жыл» медальдары және Ұлы Отан соғысының барлық тікелей қатысушыларына берілген, тысқы бетіне «Вооруженные Силы СССР» деп жазылған куәлік құжатының ішкі бетіне «За доблесть и отвагу в Великой Отечественной войне» деген сөздер түсіріліп, оның астына ССРО Қорғаныс министрі Кеңес Одағының Маршалы А. Гречконың қолы қойылған «Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 25 жыл» төсбелгісімен марапатталған әкеме Қазақстан Компартиясы аудандық комитеті мен еңбекшілер депутаттарының аудандық Советінің атқару комитеті өзінің Ұлы Отан соғысы Жеңісінің 30 жылдық мерекесіне арнаған құттықтауында «Өз Отанымызға терең сүйіспеншілік, фашист басқыншыларына қарсы өшпенділік Сізді болаттай берік етті, шыңдады, ерлікке бастады. Ұлы Жеңіске – 30 жыл! Сіз осы жылдар бойы бейбіт еңбекке араластыңыз. Ерен еңбегіңізбен соғыс салған жарақатты жаздыңыз. Қазақстан Компартиясы аудандық комитеті мен еңбекшілер депутаттарының аудандық Советінің атқару комитеті мерейлі мереке – Жеңістің 30 жылдығымен Сізді тағы да қызу құттықтап, өзіңізге, семьяңызға ұзақ өмір, таусылмас бақыт, еңбекте биік табыс тілейді» деп жазды.
Нақ осындай құттықтау Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 30 жылдығына байланысты біздің отбасының тағы да бір мүшесі, соғыс кезінде колхоз жұмысында еңбек еткен жан, соғыс қимылына кірген жауынгердің жесірі, артындағы семьясы – әжеме де арналып жазылды. Асанның Мәметегінен шыққан әжем Бәйкенқызы Жәніке Оразбай келінінің (анамның анасы, 1978 жылы дүниеден қайтты) жұбайы Оразбаев Қоңырбай (анамның әкесі, шыққан тегі, сүйегі – Кіші жүздегі Кете руы) – ұрыс даласында хабарсыз кеткен солдат. Ол жайлы 90-жылдардағы деректе «№9 ауылдық кеңесте 1900 жылы туған. Артиллерист ретінде соғысқа қатысқан. 1942 жылы желтоқсанда ұрыс даласында хабарсыз кеткен» деп жазды. Сонымен бірге үлкен әкем Бекейұлы Қожахметтің туған екі інісі, ағайынды Бекеевтер: Қожақ пен Қожабай да Ұлы Отан соғысына қатысып, хабарсыз кеткен солдаттар. Екеуі де үйленген жігіттер, арттарында бір-бір қыздары қалған. Шешемнің айтқан әңгімесінде: Қожақтың қызының есімі Алмашау, Қожабайдың қызының есімі Сәлипа болған.
Қызылорда облысы басшылығы – Қызылорда облысының партия комитеті мен еңбекшілер депутаттары Қызылорда облыстық Советінің атқару комитеті әжеме жазған құттықтауында «Бүгін Ұлы Отан соғысына қатысқандарды еске ала отырып, біз Сізбен және басқа да туғандарыңызбен бірге Отан үшін өзінің қыршын өмірін қиған азаматтың жарқын өміріне, ерлігіне бас иеміз. Сізге жақын адамның өмірі, өшпес ерлігі халқымыздың есінде мәңгі сақталады. Сіздерді Жеңіс мерекесімен құттықтаймыз! Сіздердің семьяларыңызда баянды бақыт орнасын!» деді. Ал Қазалы ауданы басшылығы – Қазалы ауданының партия комитеті мен еңбекшілер депутаттары Қазалы аудандық Советінің атқару комитеті әжеме құттықтауында «Оның өмірі қысқа болса да өнегелі өмір болды. Ол Отанды, елді сүюдің жарқын үлгісін көрсетті. Сіздің оттың басы қайғы-қасірет атаулыны әрқашан көрмейтін болсын!» деді.
Әкем жоғары немесе арнаулы орта білім ала алған жоқ. СССР-дің білім беру жүйесінің дамуын көрсететін «Жалпыға бірдей міндетті бастауыш білім беру туралы» 1930 жылдың ішінде қабылданған қаулыларының негізінде 1930-1931 оқу жылынан бастап СССР-дің барлық жерінде балаларға жаппай міндетті бастауыш білім беруді енгізу жүктелді. Осы қабылданған қаулыларға байланысты 8-9-10 жастағы барлық ер балалар мен қыз балалар 1930 жылдың күзінен бастап СССР-дің барлық жерінде міндетті түрде 4 жылдық бастауыш мектеп көлемінде білім алуға тиісті болды және 11-15 жастағы ер балалар мен қыз балаларды 1930-1931 оқу жылынан бастап жалпыға бірдей міндетті оқытумен қамту жоспарланды. Қабылданған қаулы бойынша балаларды мектепте міндетті түрде оқытудың жауапкершілігі олардың ата-анасына жүктелді. Сонымен бірге 1934 жылғы 15 мамырда мектептердің әр типтілігін жою мақсатында қабылданған «Бастауыш және орта мектептер құрылымы туралы» қаулы негізінде СССР-дің барлық аумағында жалпы білім беретін мектептердің бірыңғай түрі енгізілді. Бастауыш – 4 сынып, толық емес орта – 7 сынып, толық орта – 10 сынып. Бірыңғай мектеп жүйесі бірыңғай оқыту бағдарламасын, бірыңғай әдістемелік жүйені, бірыңғай оқулықтардың болуын талап етті.
Өз ұлтының санасына ықпал етіп, өзінен озық халықтарды қуып жетуге талпыныс жасаған сол кезгі қазақ зиялы қауым элитасы қуана қарсы алған 30-жылдардағы жалпыға бірдей білім беру шарасы туралы айтқанда Балғожа бидің оқуда жүрген немересі, талпынған шәкірт, кейінгі болашақ ұстаз, қазақ әдебиеті пәнінің атасы Ыбырайға жазған мына жыры еске түседі:
Шырағым, мұнда жүрсең, не етер едің,
Қолыңа құрық алып кетер едің.
Тентіреп екі ауылдың арасында
Жүргенмен, не мұратқа жетер едің?!
Ұлттық республикаларда әсіресе жаппай білім беру ерекше тез қарқынмен дамыды. Мысалы, 1929-1930 жылдармен салыстырғанда 1938-1939 жылдарда ауыл мектептерінің 5-7-сыныптарында оқып жүрген баланың саны он еседей көбейген.
Мектептерге мұғалім кадрларын дайындап шығару мақсатында 30-жылдарда педкурстар мен педтехникумдардың желісі артты. Осы кезеңде Қазақстанның бірнеше қалаларында пединституттар жұмыс істеді. Осыған нақты мысал ретінде айтар болсақ, 1988–1999 жылдар арасында өзіміз де Сыр бойындағы осы жоғары оқу орнының студенті атанып, оқу орнының қабырғасындағы белгілі ғалым ұстаздардан дәріс тыңдау кезінде осы жоғары оқу орны қабырғасындағы есімдері белгілі ғалым ұстаздардан – есімі белгілі тарихшы ғалым, кейіннен Қызылорда облысында тұңғыш рет тарих ғылымдарының докторы атанған профессор, ұстаз оқытушы Өтеубай Қожақұлынан («Тарих және қоғамтану» пәндері, Қызылорда пединститутының жанындағы жеті айлық, кешкі, ақылы дайындық курсында) және де есімі белгілі филолог, тілші-ғалым профессор ұстаздар Әли Байжолов, Медеуәлі Бимағанбетов, Жеңіс Сәдуақасовтардан және есімдері белгілі филолог мамандар, әдебиеттанушы ғалым ұстаздар, «Қазақ әдебиетінің тарихы» пәнінен дәріс оқыған кафедра меңгерушісі, ғалым Темірхан Тебегеновтен, «Қазақ әдеби сынының тарихы» пәнінен дәріс оқыған ғалым Тоқболат Еңсегенұлынан, «Әдебиет теориясы» пәнінен дәріс оқыған «Қазақ филологиясы және тарих» факультеті деканы, ғалым Бағдат Кәрібозұлынан және есімі белгілі саясаттанушы ғалым, ұстаз, декан Мұрат Бақтиярұлы басқарған «Тарих және құқық» факультетіндегі белгілі құқықтанушы ғалым, «Құқықтану» кафедрасының меңгерушісі, философия ғылымдарының кандидаты, «Саяси және құқықтық ілімдер тарихы», «Мұсылмандық құқық», «Мемлекет және құқық теориясы» пәндерінен дәріс оқыған белгілі ұстаз, оқытушы профессор Мұстафа Матаевтардан дәріс тыңдаған Н.В. Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институты (кейіннен Қорқыт Ата) осы 30-жылдар ішінде Қазақстанға Қиыр Шығыстан кәріс ұлтын депортациялау кезінде 1937 жылы Қызылорда қаласына Қиыр Шығыстан көшіп келген Корей педагогикалық институтының негізінде Қызылорда педагогикалық институты болып ашылған туған өңіріміздегі іргелі жоғарғы оқу орны болатын. 1937-1941 жылдар арасында осы Қызылорда пединститутының жанында онымен бірге мұғалімдер институты да қатар жұмыс істеген. Ал 1941-1945 жылдар арасындағы тарихында соғыс уақытында СССР-дің еуропалық аумағынан эвакуацияланған Киев, Харьков университеттері осы Қызылорда қаласына көшіп келіп, біріккен Украина мемлекеттік университеті реэвакуацияға дейін осы Қызылорда пединституты негізінде жұмыс істеп, университет ғалымдары ғылыми-зерттеу жұмыстарын орындаған. Ал 1952 жылғы тарихында бұл оқу орнына жазушы Н.В. Гогольдің есімі берілген. Ал 1992 жылы Н.В. Гогольдің атындағы Қызылорда педагогикалық институты Қорқыт Ата атындағы Қызылорда педагогикалық институты болып қайта аталды. Ал 1996 жылғы мамырда Қорқыт Ата атындағы Қызылорда педагогикалық институты Қорқыт Ата атындағы Қызылорда гуманитарлық университеті болып қайта құрылды. Ал 1998 жылғы наурызда Қорқыт Ата атындағы Қызылорда гуманитарлық университеті Қызылорда қаласының Ыбырай Жақаев атындағы Қызылорда политехникалық институтымен бірігіп, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті болып қайта құрылды.
30-жылдар ішінде пединституттардың жанынан құрылған екі жылдық мұғалімдер институтында жеті жылдық мектептер үшін мұғалім кадрлары дайындала бастады. Ондай екі жылдық институтты бітірушілерге аяқталмаған жоғары білімді деген диплом берілді. Сонымен бірге осы 30-жылдар ішінде, 1938 жылы орыс тілін оқытудың міндеттілігі туралы қаулы қабылданды. Қаулы бойынша қазақ мектептеріне де орыс тілін оқытудың қатаң тәртібі бекітілді. Осы жылдар ішінде оқуға тартылған қазақ қыздарының саны өсті. Егер 1940 жылы Қазақстанда жалпы білім беретін мектептерде 44597 мұғалім қызмет істесе, оның 17,5 мыңы қазақ әйелдері еді. Осы кезде білім берудің сапасы айтарлықтай жақсарды, мұғалімнің ролі артты. Жалпы алғанда, 1920-1940 жылдардың арасындағы әр саладан маман кадрлар дайындау ісіндегі жетістіктер арқылы, оның ішінде жергілікті ұлттан кадрлар дайындалды, сол кезгі қазақ қоғамының мәдени бейнесіне мүлде өзгеріс енді.
1940-1941 оқу жылында дерек бойынша Қазақстандағы жалпы білім беретін мектептерде оқып жүрген баланың саны 1 млн. 145 мың 993 оқушы болса, оның ішінде 441 мыңы қазақ баласы еді. Бұл 1925 жылмен салыстырғанда 6 есеге өскен.
Әкем де өзінің 1963 жылы мамырдағы Қазалы аудандық байланыс торабының кадрларды есепке алу бойынша жеке іс парағындағы өз қолымен жазған өмірбаянында мен, Қожахметов Қолғанат, 1925 жылы Қызылорда облысы Қазалы ауданы Аранды аулсоветіне қарасты бұрынғы Жданов атындағы колхоз, қазіргі Энгельс атындағы совхозда тудым. Әкем Қожахмет 1934 жылы қайтыс болды, анам Ұлболсын 1942 жылы қайтыс болды. Өзім 1942 жылға дейін Аранды аулсоветіне қарасты М.Горький мектебінде оқып, 1942 жылы сол мектепті жеті класс біліммен бітіріп шықтым, кейіннен Аранды аулсоветіндегі қазақ орта мектебінің кешкі бөлімі арқылы тоғыз класс білім алдым деп жазады. Сондықтан әкем 1963 жылы мамырда Энгельс атындағы совхоздың байланыс бөлімшесінің бастығы қызметіне қабылданарда құжатта өзінің оқыған оқуын алған білімім 9 класс деп көрсетеді.
Әкем одан әрі өзінің өмірбаянында өзінің өмірдегі алғашқы еңбек жолын 1944 жылдың тамызынан 1944 жылдың желтоқсанына дейін Аранды аулсоветіне қарасты Жданов атындағы колхоздың басқарма секретары болудан басталғанын жаза келіп, 1963 жылғы мамырға дейінгі істеген қызметтерін тізбелеп жазып көрсетеді. Осымен бірге ол қызметтер құжаттағы қызметкердің еңбек жолы туралы мәліметтер бағанында да әкемнің Армияда болған кезінен бастап тағы да тізбеленіп көрсетілген. Сонымен бірге ол қызметтерге тағайындалудың құқықтық, заңдық негізі – қызметтерге тағайындалу жөніндегі берілген бұйрықтар мен сол бұйрықтарды берген лауазым иелерінің аты-жөндері көрсетіліп тұрған, Қазалы ауданындағы Мемлекеттік нотариус қызметкерінің «ҚазССР Қызыл-Орда облысы, Қазалы аудандық Мемлекеттік нотариус конторы» деп жазылған дөңгелек елтаңбалық мөрі басылып куәландырылған ақ параққа машинкамен теріліп басылған әкемнің еңбек кітапшасының көшірмесі де 1963 жылы мамырда толтырылған Қазалы аудандық байланыс торабының кадрларды есепке алу бойынша жеке іс парағына қоса тігілген. 1963 жылы мамырдағы отбасы жағдайы: әйелі Қожахметова Күлжәмила 1928 жылы туған, балаларының үлкені 10 жаста, одан кейінгісі 7 жас, одан кейінгісі 4 жас, ең кішісі Ғабдол 2 жаста деп көрсетіледі. Әскери міндеттілігі әскери міндеттен босатылған, СССР халықтары тілін білуі орыс тілін біледі деп көрсетеді. Адресіне Қазалы ауданы Аранды а/с Энгельс атындағы совхоз көрсетіліп, сонан соң әкемнің қолы қойылады. Сол секілді, 1957 жылдың 6 наурызы күні Қазалы аудандық милиция бөлімі берген №602125 номерлі төлқұжатын ауыстыру негізінде де Қазалы аудандық Советі атқару комитетінің милиция бөлімі 1967 жылдың 16 мамыры күні берген паспортында да «Әскерлік қызметке қатынасы міндеті емес», «Әлеуметтік жағдайы қызметкер» деп көрсетіледі.
Әкем сосын 1965 жылы Қазалыдан кешкі мектеп арқылы орта білім алады. Бұл туралы 1965 жылдың 16 июнь күні берген орта білім туралы аттестатында «Кешкі жұмысшы жастар мектебінің он бірінші класын толық бітіріп шықты» дейді. Әкемнің 1954-1957 жылдар арасында № 9 а/с М.Горький атындағы қазақ орта мектептің кешкі бөлімі арқылы 9 класс білім алғаны жайындағы мәлімет те, сосын 1965 жылы Қазалыдағы кешкі мектеп арқылы толық орта білім алғаны жайындағы мәлімет те әкемнің 1963 жылғы мамырда толтырылған Қазалы аудандық байланыс торабының кадрларды есепке алу бойынша жеке іс парағындағы қызметкердің білімі жайындағы мәліметтер бағанына нақты түсірілген.
Сонымен бірге әкемнің білімі жайлы өзге де құжаттарының ішінде 1942 жылы 23 августе «Қызылорда облысы Қазалы ауданы №9 а/с қарасты М.Горький мектебі» берген оқушылық «Мақтау грамотасы» мен сол жеті кластық білімі жайлы 1954 жылы 9 августе «Қызылорда облысы Қазалы ауданы №9 а/с М.Горьки