04 Желтоқсан, Сәрсенбі

Әдебиет

Ғабиден Қожахмет

Ғабиден ҚОЖАХМЕТ, Қызылорда қаласы

Тарих сабағындағы Ұлы Жеңіс!



– Осы ұрыста қазақ әскері жан алысып, жан берісіп шайқасты! – деді тарихшы ағай саңқылдай сөйлеп. – Тіпті шешуші жеңісімізге қол созымдай-ақ жер қалғандай еді... Бірақ...

Оқушылар тым-тырыс тына қалған. Сынып ішіне күн сәулесі төгіледі.

– Бөрі жарасын жалап жазады, – деді тарихшы ағай осы кезде сыбырлағандай ғана баяу дауыспен. – Қазақ сарбаздары тағы да ұрысқа кірді. Жан алысып, жан беріскен майдан барысында шешуші жеңісімізге санаулы ғана жер қалғандай еді... Дегенмен...

Балалардың жанарлары жәудіреп кетті. Тым-тырыс тыныштық орнады.

– Қазақ әскері үшінші мәрте майдан даласында ат ойнатты, – деді тарихшы ағай манағында сыбырлағандай етіп. – Ұрыс барысында қазақ сарбаздары жан алысып, жан берісіп шайқасты. Тіпті шешуші жеңіске қол созымдай-ақ жер қалғандай еді... Әйтсе де...

Осы кезде терезе жақта отырған кішкентай қара қыздың солқылдап жылап жібергені.

Тарихшы ағай сасқалақтап қалды.

– Өй, Перизат, не болды саған?! Неге жылайсың?! – деді тарихшы ағай кішкентай қара қызға елпелектей сөйлеп.

– Өзіңіз ғой енді!.. – деді кішкентай қара қыз солқылдап жылаған күйі. – Қазақ әскеріне жеңдірейін деп жатасыз да, жеңдірейін деп жатасыз да... бірақ, дегенмен, әйтсе де...

– Қоя қойшы енді, айналайын!.. – Тарихшы ағай кішкентай қара қыздың жылағанына шыр-пыры шықты. – Сендердің өстетіндерің бар ғой енді... Сендердің мінездерің осындай ғой...

Осы кезде сыныптың орта тұсынан ақ құба ұл қолын көтерді.

– Ағай!.. Бірақ, дегенмен, әйтсе де деген сөздерді айтпай-ақ қойыңызшы!..

– Болмайды ғой, айналайындар-ау!.. – деді тарихшы ағай одан сайын шыр-пыр болып. – Мен тарихта болған жағдайларды ғана айтуға тиістімін.

– Сонда да... – деді ақ құба ұл.

Кенет тарихшы ағайдың даусы саңқ ете қалды:

– Ұлы хан Ордасының маңында өткен келелі мәжілістен кейін, қазақ әскері бір жерге топтаса бастады! Үш жүздің баласының басын құраған қазақ әскерінің қалың қосыны әр жерден лек-лек болып құйылды! Орда маңыңдағы ақсақалдар Тәңірден ұлдарына Жеңіс тілеп тұрды! Қалың қолды бастап келе жатқан сардарлардың қабағы тым қату еді! «Атадан ұл туса, құл боламын деп туған жоқ! Анадан қыз туса, күң боламын деп туған жоқ!»

Қазақ әскерінен осыншалықты бірлік пен тегеурінді соққы күте қоймаған жау әскері сасқалақтап қалды. Дұшпан әскерінің шебі бұзылды. Осыған дейін қазақ жеріне ішкерілей еніп кетіп, жеңістеріне әбден масайрай бастаған жау әскерінің атын басын кейін салатын тұсы да осы тұс ед!..

Балалардың көздері жайнап кетті:

«Қуа беріңіз, ағай, енді оларды!.. Тоқтамаңыз! Қуа беріңіз! Шегараның сыртына дейін қуып тастаңыз!..»

Балалар жауды бейне бір ағайлары қуып бара жатқандай-ақ екіленіп кетті. Осыдан кейін-ақ тарихшы ағайдың даусы да бір бәсеңдеместен, бейне бір қазақ әскерінің бас қолбасысының даусындай болып саңқылдап сөйлеген күйі сабақ өтіп жатқан көрші кластарға да естіліп тұрды...

– Міне! – деді сонан соң тарихшы ағайлары жымиып. – Үш жүздің баласының басын қосып қимылдаған түбегейлі жеңістерімізден кейін, біз осындай Қазақ Тәуелсіздігінің мерейтойлы мерекелерін тойлайтын күнге де жетіп отырмыз!

Балалар қол шапалақтап жіберді.

Балалар үнемі өздерінің жеңістерінің дәмін сезініп өскісі келеді. Ал мұндай Ұлы Жеңістер олардың тарихында баршылық!