04 Желтоқсан, Сәрсенбі

Әдебиет

Ғабиден Қожахмет

Ғабиден ҚОЖАХМЕТ, Қызылорда қаласы

Қалам және түлек






«Ел болып өлең жырдың тақырыбы, қауышты ауылымен ақын ұлы». Бұл бір кездегі мектеп түлегі, елдің перзенті, белгілі қаламгер, Жазушылар одағының мүшесі, ақын Сейіл Боранбаевпен Қожабақы ауылдық мәдениет Үйінің сахнасында өткен кездесу кешінің тақырыбы еді. Бұл кездесу 2000 жылы ақын Сейіл Боранбаевтың 70 жасқа толу мерейтойына байланысты өткізілген.

Белгілі ақындар Сейіл Боранбаев, Әнес Нарымбетов, Мешітбай Құттықовтар №25 мектептің бір кезгі түлектері еді. Олар мектептің алғашқы түлектерінің қатарынан саналады.

...Сейіл, Әнес, Мешітбай
жырдағы шыққан жүйріктер,
мүшесі еді Одақтың
өлеңде болған даралы.
Көкірегі толы көмбеге,
тарихшы ұстаз әрі ақын,
құрмет тұтты ортасы
Ақанжан сынды ағаны.
Асыл сөздің сырынан
шәкіртке тәлім үйреткен
Файзолладай ақындар
Болмысы болған бағалы.

Осы өлеңде айтылғандай, мектептің алдыңғы буынындағы түлектердің арасындағы елеулі орны бар жандардың бірі – тарихшы ұстаз, ақын, зерттеуші Ақанжан Келімбетов, әдебиетші ұстаз, ақын Файзолла Омаровтардың есімдері де құрметпен аталады. Бұлар да №25 мектептің бір кезгі түлектері, қалам иелері, көпке белгілі жандар болды.

...Нұрперзент пен Сексенбай,
Жетіскендей ақындар
баспасөз атты майданда
қолынан түспеді қаламы.

Республикалық басылымдардың журналисі, ақын Нұрперзент Домбай, белгілі журналист Сексенбай Күлімбетов, аудандық баспасөзде жауапты қызметтер атқарған ақын, белгілі журналист, «Қазалы вальсі» әнінің өлеңінің авторы Жетіскен Мәкеналы, аудандық баспасөзде ұзақ жылдар қызмет істеген журналист Раушанбек Сейтеновтер де №25 мектептің бір кездегі шәкірттері, мектептен кейінгі өмір жолда қаламдары қарымды болған түлектері еді.

Белгілі туынды «Елімнің жүрегі – Астана» әнінің өлеңінің авторы Сараш Қоңырбаева да және құрылысшы, кәсіпкер, ақын Нұрболат Бекетаевтар да №25 мектептің бір кезгі түлектері болды.

Сонымен қатар ауылдағы құрылыс саласының маманы, кейіннен Энгельс кеңшарының кәсіподақ комитетінің төрағасы болған Жеткербай Ысқақов та талантты қаламгер, ақындардың бірі болды. Ал жоғары білімді мал дәрігері Қазыбек Байманов жазған өмірдің сан-саласындағы кемшіліктерді сынайтын сын-сықақтар бір кезде ауыл клубындағы мәдени іс-шараларға қызмет етсе, өлеңдері аудандық баспасөзде жарық көріп тұрды.

Сонымен бірге жергілікті ақын Әмірхан Қанаев жырлары аудандық баспасөзде жарық көрді және тағы бір талантты жан Медетбай Түйебаевтың өлеңдері де аудандық баспасөзде жарияланып тұрған еді.

Көп шәкіртке алғашқы ұстаз болған Нұғыман Әбдіразақов ақын кісі еді. 70-80 жылдардың ішінде аудандық газетте ұстаз өлеңдері үзбей жарық көріп тұрды.

80-жылдардың ішінде аудандық газетке мақалалары үзбей жарық көріп тұратын сол кездің күні кешегі ғана мектеп түлектері Ләззат Оңалбаева және Тарғын Қаниевтердің бірі кейіннен ұстаз болып қызмет атқарса, екіншісі кейіннен аудандық газеттің журналисі болып қызмет атқарды.

90-жылдардың аяқ шенінде №25 мектепте Асқар Сүлейменов атындағы әдебиет үйірмесі, Барлыбек Сыртанов атындағы құқықтану үйірмесі және халық ақыны Байназар Өтепов атындағы «Жас қаламгер» үйірмелері жұмыс істеді. Осы жолдар авторының жетекшілігімен жұмыс жасаған үйірмелердің екі үйірмеге ортақ «Ар және Заң» және «Құқық», «Жас қаламгер» қабырға газеттері шықты. Үйірме мүшелері Нұргүл Сәрсенова, Мира Лепесова, Гүлдана Айдарова, Бота Жалмағамбетова, Ақнұр Қуатбаева, т.б. өлеңдері қабырға газеттерінде жарық көрді және ауыл сахнасынан оқылды. Үйірме мүшелерінің арасында жыр мүшәйрасы өткізілді, үйірменің негізінде мектеп оқушыларының арасынан I мектепішілік «Ән-домбыра» байқауы ұйымдастырылды. Оған Аранды ауылынан келіп оқитын және Қожабақы мектебі оқушыларының арасынан домбырамен ән салатын 17 оқушы қатысты.

Сейілдей түлегі қанаттанған, көпке белгілі халық ақындарының ізі қалған өлкеден қазірде жас дарындар түлеуде. Мектептің кейінгі буын шәкірттері Дина Бөкебай, Айсұлу Жеткерген және Раушанбек Шарапат жырлары баспасөз бетінде кеңінен жарық көріп жүр.

Төменде мектептің мектепті 1951 жылы бітірген түлегі, белгілі ақын Мешітбай Құттықовтың өз саласына байланысты жазылған бір өлеңі ұсынылып отыр.

Мешітбай Құттықов – Бозкөл ауылының перзенті, Қожабақы мектебінің түлегі. Әдебиет факультетін бітірген. Ішкі істер саласында басшы қызметтерде істеген. Өлең «Сақшы» газетінен алынды. Газетке ақынның перзенті ұсынған.

Тыныштық сақшылары

Бір тәулік «станциясын тыныштықтың»
Басқардым,
Телефоннан дыбыс күттім.
Бір тәулік шаршадым мен,
Келістіріп,
Арасын қиянат пен дұрыстықтың.

Береді адасса да маған хабар,
Береді таласса да маған хабар.
Көңілі маған айтса,
Жай табардай,
Тәрізді тасқыннан да аман қалар.

Жүгірем әділетті шырақ қылып,
Тыңдаймын айсыз түнде құлақ түріп.
Бір сенде ой-қиялым,
Бір сен үшін,
Келемін мен жанымды лақтырып.

Тағы да бір таң атты көз алдымда,
Қиыны,
Қызығы мен өз алдына.
Бастыққа «тыныштық» деп баяндадым,
Мен бүгін елден бұрын сөз алдымда.

Есігін тыныштықтың айқара ашып,
Таңменен арайланып,
Тұрдым тасып,
Азанғы түтінді енді көріп тұрмын,
Асыққан адамменен дидарласып.