Әдебиет
Перзент парызы
Тау тұлғалы, шынар болмыс заңғарлар
Деді ме ұлтқа баба жолын жалғаңдар.
Олар еңбек ортасында шынығып,
Сын сағаттың жауынгері болғандар.
(«Әкелерге арнау» өлеңінен)
1998 жылы Қазалы аудандық «Қазыналы Қазалы» газетінің бетіне осы өлеңді анам Күлжәмиланың рухына арнаймын деген арнаумен «Ана туралы баллада» деген өлеңім жарық көрсе, 2001 жылы Қазалы аудандық «Қазыналы Қазалы» газетінің бетінде осы өлеңді әкем Қолғанаттың рухына арнаймын деген арнаумен ел аузында айтылып жүрген әңгімені негіз етіп алынған осы «Перзент парызы» өлеңі де жарық көрген еді. Тағы да сол арнаумен ұсынылады.
Әкем Қожахметұлы Қолғанат 1925 жылы дүниеге келген. 1934 жылы әкесі Қожахмет, 1942 жылы анасы Ұлболсын дүние салады. Өзі 1942 жылы №9 Аранды ауылдық кеңесіне қарасты М.Горький мектебін бітіріп шығады. Мектепті бітірген 1942 жылы мектеп әкімшілігі мен ұстаздарының қолы қойылған «Өте жақсы оқып, үлгілі тәртіпті болғандығы үшін берілді» деген Мақтау грамотасымен мадақталады. 1943 жылдың наурыз айында әскер қатарына шақырылады. 1943 жылдың наурызынан 1944 жылдың тамыз айына дейін Ленинград майданының жауынгері болды. 1944 жылдың тамыз айында денсаулығына байланысты әскер қатарынан босатылып елге оралады. 1944 жылдың тамызынан 1944 жылдың желтоқсан айына дейін Жданов колхозының басқарма хатшысы болып істейді. 1944 жылдың 31 желтоқсаны күні Қазалы аудандық оқу бөлімі бастығының бұйрығымен 1945 жылдың 1 қаңтарынан бастап Жданов мектебінің меңгерушісі болып тағайындалады. Бұл қызметті Қазалы аудандық мәдениет бөлімі бастығының бұйрығымен 1947 жылдың наурызынан 1951 жылдың қазан айына дейін болған Аранды ауылдық кеңесіне қарасты оқу үйінің меңгерушісі қызметіне ауысқанша атқарады. 1951 жылдың қазанынан 1954 жылдың желтоқсанына дейін Аранды ауылдық кеңесінің хатшысы қызметін, 1954 жылдың желтоқсанынан 1963 жылдың мамырына дейін Аранды ауылдық кеңесі жанындағы кітапхана үйі меңгерушісі қызметтерін атқарады. 1953 жылдың 1 наурызы күні болған сайлауда №8 Теріскенді сайлау округінен, 1965 жылдың 14 наурызы күні өткен сайлауда №12 Социализм сайлау округінен екі мәрте Аранды ауылдық кеңесінің депутаты болып сайланады. 1963 жылдың 20 мамырынан бастап Қазалы аудандық байланыс торабына қарасты, сол кезеңде құрылған Энгельс кеңшарындағы байланыс бөлімшесі бастығының қызметіне тағайындалады. Бұл қызметті 1977 жылы дүние салғанға дейін атқарды.
Өзі басшылық жасаған байланыс бөлімшесі қызметіндегі жетістіктері үшін «Социалистік жарыстың жеңімпазы» жалаушасы (вымпел), «Социалистік жарыста жоғары өндірістік көрсеткіштерге жеткені үшін Қазақ КСР байланыс қызметкерлерінің Құрмет тақтасына жазылғаны туралы» куәлік, облыс байланыс басқармасы бастығының Құрмет грамотасы, Қазалы аудандық байланыс торабының Құрмет грамоталары мен алғыстары, бағалы сыйлықтары және сонымен бірге «1941–1945 жж. Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске жиырма жыл» мерекелік медалі, «Ұлы Отан соғысының жеңісіне 25 жыл» белгісі және «КСРО Қарулы Күштеріне 50 жыл» медальдарын алған.
Перзент парызы
Тіршіліктің танылғандай дастаны,
Ар жолына ашылғандай аспаны,
Әкесіне келіп бірде баласы
Былай деп сөз бастады:
– Ұзақ өмір артыңызға қалдырып,
Сүрген жоқсыз бекерлік.
Көрсететін келді кезім ар қылық,
Перзенттік бір парызымды өтерлік.
Бұл ісіме кейінгі ұрпақ таң қалад,
Бұл парызым үлгі болсын көпке де.
Ұзақ жолмен өзіңізді арқалап
Апарайын Меккеге.
Қалғандай-ақ перзент парыз өтеліп,
Мына қадам іс болғандай бір игі.
Содан кейін әке басын көтеріп,
Былай деп сәл жымиды:
– Бұл сөзіңе жауабымды жұптайын,
Таңдап бірін алыпсың ғой ер істің.
Ұлым, мен де қадамыңды құптайын,
Бұл ісіңе келістім!
Перзентінің нұр ойнады бетінде,
Бір парызым кетпеді деп текке анық.
Жолға шықты сәрсенбінің сәтінде
Құбыланы бетке алып.
Көрінгендей елесімен сағымның,
Әке байғұс арқасында баланың.
Ал ұлының аңызақ жел, шағыл құм
Аттатпайды қадамын.
Кенет әке перзентінен сұрады:
– Балам, анау не нәрсе екен, қарашы?!
Тани қойып алыстағы қараны:
– Түйе ғой, – деп жауап берді баласы.
Тағы сұрақ берді әке жүйелеп,
Іздегендей сол сағымнан жоқты нақ.
– Әке, жаңа айтқам жоқ па түйе деп?! –
Бала бұл жолы жауап берді қаттырақ.
Осынау жол перзентіне екен сын,
Шаттық әні енді қайдан табылмақ?
Бала байғұс арқалап ап әкесін
Жылжи берді адымдап.
Кенет әке тағы берді сұрағын,
Перзентінің тауысқандай төзімін:
– Бір түйені әке тағы сұрадың!
Мына жолда аз сөйлеудің өзі мұң!
Манадан бері қабағымды шытпадым,
Ал, әке, сен жайымды бір ұқпадың! –
Сол сәт ішке жиналғандай наласы,
Бұрқан-тарқан ашуланды баласы.
– Тоқта, – деді әкесі. – Көңіліңнің болса қазір түйері,
Шаршасаң бір дамылда.
Көрмей келе жатырғам жоқ түйені
Оранған бір сағымға.
Сенің бала шағыңның
Еске алғандай сұрағын,
Ұлым, сені сынадым.
Есіңде ме бала кезгі ұғымың
Табиғатпен ұғысқан?
Сол кезде мен, құлыным,
Шаршап талай келуші едім жұмыстан.
Әке көңілі неге соны сағынды?
Келем соған таңғала.
Сол бір шақта алдырмастан дамылды
Мінуші едің арқама.
Жүзін дағы көрген сәтте баламның,
Жүруші едім ұзақ түнді қалқалап.
Дайын тұрған тамағын да ішпеуші едім анаңның
Сені дағы арқалап.
Болса перзент қасыңда бір шаршама,
Жүрегіңді жауламасын қайғы сең.
Сол бір шақта: “Анау не?” – деп сұраушы едің қаншама
Аспандағы Айды сен.
Шаршаған бір көңіл соған тыңайды,
Кінә артқам жоқ айыппен.
Қаншама рет сұрасаң да бір Айды,
Түсіндіргем байыппен.
Талса дағы өзегім,
Өзімді өзім күштегем:
Сен қуансын деп,
Сен жұбансын деп,
Сен ұғынсын деп,
Әке шуақ отына жылынсын деп
Мен осылай істегем.
Шыдамыңмен неге алмадың сынақты,
Ал мен саған небәрі үш-ақ рет қойған ем ғой сұрақты.
Берген жоқсың, рас, кезек дамылға,
Алған жоқсың ұзақ жолдың тынымын.
Осы жерден орала ғой ауылға,
Ниетіңе ризамын, құлыным!
Әке сөзіне болмай ешбір таласы,
Ойға батып жанары, үнсіз қалды баласы.
Иә, солай,
Әке, Ананың алдындағы парызды,
Әке, Ананың алдындағы қарызды,
Олардың сіңірген еңбегін де сан ізгі
Өзіндей ғып олардың
Ұрпақтарға қайтарып,
Өтеу қиын жалғанда.
Сондықтан да
Ұрпақтардың өтеуі,
Ұрпақтардың өтемі,
Ұрпақтардың парызы,
Ұрпақтардың қарызы
Айналады тек армандар мен арманға.