Әдебиет
Мектептің түлегі - елінің болашағы, мектебінің тарихы
`Қымбатты менің мектеп бітіруші құрбы-құрдастарым!
Мінеки, біз үшін қоңыраудың сиқырлы да сазды әуені соңғы рет ән салмақ. Және ол ән барлығымызды сонымен бірге өмір деп аталатын алып күрежолдың төскейіне шығарып салар. Бізді қаншама жыл оқытып, білім берген, тәрбие берген аяулы ана мектебіміз бен құрметті ұстаздарымыз іштей тілектестік білдіріп, сәт сапар тілеп қалар...`
Бұл - Қожабақы ауылындағы №25 мектептің бір кездегі 48-түлектерінің ауыл сахнасындағы өздерінің соңғы қоңырау салтанатында ұстаздары мен мектеп бітіруші құрбы-құрдастарына арнап сөйлеген сөзі еді. Сонан соң олар соңғы қоңырау жайлы өлең оқыды:
Ұғынды ма арлылығын, тәтті өмірдің нар жүгін,
Ақ бантикпен қоштасады қыз бала да дәл бүгін.
Бүр жарды ма кеудесінде асау сезім елім деп,
Адуындау ерке ұлдың да мұрты қапты тебіндеп...
Қожабақы мектебінің 48-түлектері мектепті 1997 жылы тамамдаған. Олардың соңғы қоңырау салтанаты `Бала шақтан - болашаққа` деген атпен өткізілді.
Қазіргі Қазалы ауданы Қожабақы ауылындағы №25 орта мектеп өзінің орта мектеп ретіндегі тарихын 1947-48 оқу жылынан бастайды. Мектеп бұл кезде Максим Горький мектебі болып аталған еді. Себебі қазіргі Қожабақы ауылы бұрынғы тарихында Максим Горький атындағы колхоз, сонан соң Энгельс атындағы совхоз болып аталды. Ал қазіргі Қожабақы ауылына іргелес жатқан Аранды ауылы бұрынғы тарихында Жданов атындағы колхоз болып аталса, кейіннен Энгельс атындағы кеңшардың бөлімшесі болды. Бұл екі ауыл да қазіргі уақытта Аранды ауылдық округіне қарайды. Орталығы - Қожабақы ауылы.
`Құрметті мектеп бітіруші түлек! Сіз үшін осынау күн айшықты да айдынды, мерекелі де мерейлі, табысты да толғамды күнге айналып отыр. Өйткені Сіз дәл осынау күні өзіңіздің қимас бір мекеніңізге айналған, балдәурен шақтың балауса қызығын өткізген, сөйтіп бойыңызға білікті білім мен тәлімді тәрбие жинаған мектеп анаңыздан түлеп ұшқалы тұрсыз. Сізге ендігі сәтте өз өмір айдыныңызды қалап алуға тура келеді...`
Бұл - мектеп директоры орынбасарының №25 мектептің 49-түлектеріне мектеп әкімшілігінің атынан арналған құттықтау сөзі. 49-түлектер мектепті 1998 жылы тамамдаған.
1958 жылы колхоздарды ірілендіру саясатына байланысты Максим Горький атындағы колхоз бен Жданов атындағы колхоз бірігіп, орталық Жданов колхозына көшіріледі. Осы кезде мектеп те Жданов ауылына көшіріледі. Облыстық атқару комитетінің 1958 ж. 21 қаңтардағы қарары бойынша осы кезде мектепке Жданов атауы беріледі. Мектеп осы кезден бастап №25 Жданов атындағы мектеп болып аталды.
`Елімнің кеңейгенде керегесі,
Жалғансын жақсылыққа өнер кеші.
Баршаға, ағайын-жұрт, болсын құтты
Мектептің елу жылдық мерекесі!
Жалғасын жақсылыққа тілектерін,
Толтырып қуанышқа жүректерін.
Елуге келген шақта ана мектеп
Ұшырды елуінші түлектерін.
Білімнің бойға шуақ төккен жері,
Жыр болып жазылады өткендері.
Тарихқа таңбаланды мектебімнің
Елу қыс, елуінші көктемдері`.
Бұл - мектептің 1999 жылғы 50-түлектерінің сөзі. Осы жылғы сәуірде `Қожабақы мектебінің вальсі` әні өмірге келген еді. 50-түлектер мектептен 1999 жылы қанат қақты.
1965 ж. қарашаның 1-інде мектеп Ждановтан Энгельс атындағы кеңшарға көшіріледі. 1989 жылы мектептен Жданов атауы алынды. Содан бері мектеп №25 орта мектебі деп аталады.
`Дарынды ғалымды
Сан жылдар мектебі сағынды.
Елінің тірегі,
Мектептің түлегі
Бұл күнде ел-жұртқа танылды...`
Бұл - `Алыстан аңсай бүгін жеткен дара, түлегін қарсы алды мектеп ана` деген атпен мектепте маусым айында өткізілген Алматыдан келген қонақ, мектептің 1957 жылғы түлегі, медицина ғылымдарының докторы, профессор Бегалы Әйтпембетовпен 60 жасқа толған кездесу сәтіндегі орындалған арнау әннің сөзі. Бұл кездесу 1999 жылы өткізілген.
Орта мектеп құрылғаннан кейін өз тарихындағы өзінің алғашқы түлектерін ұшыра бастады. 1954 жылы мектептен алғашқы медаль иегері ұшып шықты. Дәл осы жылы мектепті 16 түлек бітірсе, сол түлектердің ішінен Әби Дәулеткерімов мектепті күміс медальға бітіріп шыққан еді. 1955 жылы мектептің тұңғыш алтын медаль иегері ұшып шықты. Осы жылы мектеп бітірген 26 түлектің ішінен Алпысбай Қарамолдаев мектепті алтын медальға бітіріп шықса, ал мектептің тағы бір түлегі Алмас Жаманбаев мектепті осы жылы күміс медальға бітірді. Бұл кезеңде мектепті мектеп директоры Бакешов Қожабай басқарған.
`Болашақтың жұлдызы
Қолын бұлғап үнемі,
Ұшты ұядан ұл-қызы -
Мектебінің түлегі.
Сезім, сезім жүректен
Көз жасы боп тамады.
Балалық шақ түлекпен
Қош айтысып қалады...`
Бұл - мектептің 51-түлектерінің соңғы қоңырау салтанатында орындаған мектеп бітірушілер вальсі әнінің сөзі. 51-түлектер мектепті 2000 жылы бітірді.
`Елдің бір салты қашаннан -
Өнермен бағы жанған жер.
Төсінен ұшқан түлектің
Арманы биік болған жер.
Ұлағаттың үлгісін
Мектебі жиып алған жер.
Сарқылмас білім байлығы -
Тәлім мен таным қонған жер...`
Бұл - Сырдың мақамына салынып айтылатын мектептің жыр-термесінің сөзі. Мектеп 1997-98 оқу жылында 50 жасқа толып тұрған еді. Осыған орай, 1998 жылы қыркүйекте жазылды.