04 Желтоқсан, Сәрсенбі

Әдебиет

Ғабиден Қожахмет

Ғабиден ҚОЖАХМЕТ, Қызылорда қаласы

Ана тілім






(мектеп шәкірті үшін жазылған)

Ол қазақ даласының шалқар көгінде күмбез болып көтерілген еді. Айбынын асырғысы келіп, мейманасын тасытпақ болған нөпір жауға қас батырдың тілімен рух болып аттандап, қыран құстай шүйілді. Ол қазақ сахарасының ұлан-байтақ шетіне ән болып қалықтады, күй болып домбыра пернесінен төгілді, қозы қайырған баланың сыбызғысы болып сарнады, қобыз шанағында мұң болып жүректерді жылатты. Ол тағы да мыңдарды тебірентті. Шарана сәбидің құлағына бесік жырымен ана әлдиі болып құйылды, бойжеткен арудың ыстық ұясын қимаған сыңсу әні болып естілді, туған еліне, ата-анасына деген асыл сезімі болып жүрек пернесінің көңіл-күйін шертті. Осының барлығында да ана тіліміздің рухы жатты. Менің туған тілімнің рухы еді.

Менің ана тілім. Менің тіліме қатысты сөздер құлаққа қандай жағымды естілетін еді. Осы тіл менің құлағыма бесік әлдиімен енді, ата-анамның маған арнаған жылы сөздерімен дарыды. Ол мектептегі алғашқы ұстазымның әуезді үнімен тәлімді тәрбие болып жүрекке құйылды. Ол оқу ордасындағы ана тілі пәні мұғалімінің қоңыр даусымен ғылым негізі болып санамды билеп алды. Ыстық ұядағы ұстаздарымның мағыналы сөздері арқылы ұлттық рухымды биікке көтерді, арман көкжиегіне жетеледі. Ана тілім сағыныш сезімге толы әндер арқылы биік белеске шарықтатты, туған жерімді сүюге, ардақтауға үйретті. Сондықтан да мен ана тіліме мәңгі қарыздармын.

Бұл күнде менің тілім белестерге көтерілді. Қазақ мемлекетінің мемлекеттік тілі мәртебесін иеленіп, еліміздің Әнұраны болып шет жұрттар аспанында да самғады, алқалы жиындарда шешендердің толғамына айналды.
Халық рухының бұдан да зор биіктерге көтерілуі үшін ана тіліміздің бұдан да зор мәртебеге жетуін іштей тілер едім. Және оған перзенттік парызым ретінде де өзімнің үлесімді қосқым келеді.

Тарихымнан басталатын ғұмыры,
Дәстүрімнің, болмысымның тұнығы.
Қазағыма көрінетін қастерлі,
Тілім менің - тәуелсіздік тұғыры.

Қол создырып еді болашақтан азат күн,
Енді, міне, тәуелсізбін, азатпын.
Ұлт рухы жасай берер мәңгілік,
Қасиетті тілі барда қазақтың.

Ана тілім - ардағым сен, байлығым,
Болсын тұнық сенің мөлдір айдының.
Тек сен барда көрінемін биіктен,
Сен жоғалсаң, халқым шегер қайғы-мұң.

Өзің болдың тарихымның дастаны,
Сен күмбезсің, аспанымның асқары.
Ана тілім - мемлекетімнің ожданы,
Елімдегі барлық тілдің бастауы.