04 Желтоқсан, Сәрсенбі

Әдебиет

Ғабиден Қожахмет

Ғабиден ҚОЖАХМЕТ, Қызылорда қаласы

Желтоқсан


Батушы еді жанға аяздай бір жоғы,
Шындық сұрап көтерілді ұл қолы.
Серіппе еді жылдар бойы жиырылған,
Қатты серіпті, аянбады бұл жолы.Ол қатаң режимнің алдында мұндай болуы мүмкін емес деген нәрсені мүмкін етті. Ол режимді сонысымен шошындырды. Оның аты - Желтоқсан.

Ол үрейлендіріп жіберді. Коммунистік ұлт саясаты желеуімен өз саясатын жүргізіп жатқандарды. Бойларында әлі ояу рухтың қаны бар екен деп.

Ол ызаландырды. Шовинистік пиғылда ойлайтын жандардың ызасын тудырды. Теңдік сұрағысы келеді деп.

Ол үміт отынан басталған еді. Жүйе бізбен санасады деп. Бізді тыңдайды деп.

Ол біріктіріп тұрды. Оның аты - алаң.

Ол шамдандырды. Сол кездегі әміршіл-әкімшіл жүйені. Күш қолдануға мәжбүрміз деп.

Ол көңілдерге жарықшақ түсірді. Сол қоғамға өздері де сенетін жас ұрпақтың сенімін таптады. Не үшін бұлай етеді деп. Біз де осы қоғамның тең құқықты мүшесі емеспіз бе деп.

Ол ширықтырды. Биікте тұрған жандардың өздерімен санаспағандығы үшін. Сөздерін тыңдамағандығы үшін.

Ол ашындырды. Тұщы етіне ащы таяқ келіп тигенде.

Сонан соң қарсылығын туғызды. Режимнің шынайы бет-бейнесін көргенде. Енді аянып қалар ештеңе жоқ деп.

Оның аты - Желтоқсан.

Желтоқсан көз жеткіздірді. Ұлт жолындағы қандай да бір күрестің қиын да күрделі жолдан өтетіндігіне.

Маңызын қалдырды. Бұл сол кезде қиын болса да, олар `біз де бір елміз` деп бір алаңда, бір дауыспен ұлттық мүддесін сұрап тұра алған еді. Желтоқсан осынысымен қасиетті.

Олар міндетін өтеді. Өз дәуірінде, өз кезеңінде.

Оларды шегіндірді. Бірақ жеңілген жоқ. Өйткені олар әділдік сұраған еді.

Ол тарихи маңызды сипатқа ие болды. Алдыңғы дәуірдегі күрестермен үндесіп жатқандығы үшін.

Ол болашаққа жол салды. Одан кейін келген Азаттықтың сүрлеу-соқпағының бір тарамы Желтоқсанның да еншісінде жатыр. Ұлт жолындағы барлық қасиетті күрестердің тірелер соқпағы - Азаттық.

Ол сананы жаңғырықтырды. Қоғамды басқаша ойлауға мәжбүр етті. Олар осылай етуге итермелеген өз қоғамының алғашқы қарлығаштары еді. Олар - тек ұлттық мүдде ғана емес, демократиялық үдерістердің де соқпағын салушылар.

Ол ұлттық санаға серпіліс әкелді. Әр тарапта өмір сүретін жандар олардың қасіретіне көзі жеткенде бірдей жылады. Олардың сол кездегі алаңға тамған көз жасының қайғысын бірдей сезінді. Бір кезде алаңда тек албырт жастар ғана тұрса, енді өз санасында олармен бірге тұтас ұлт тұрды. Желтоқсан ұлт санасын тұтастандырып жіберді. Ол осыған қызмет етті.

Желтоқсан кейінгі ұрпаққа тағылым болып келді.

Құрбандарға тағзым.

Желтоқсан оқиғасына - 30 жыл.


Болса да көп өмірде жол айналма,
Тұра алды олар сонда ашық майданда.
Тағдырымен, тарихымен бір ұлттың,
Болмайды екен ғұмыр бойы ойнауға.

Желтоқсан осыны дәлелдеді. Ал арада 5 жыл өткенде тағы да желтоқсан айында қазақ ұлтының тәуелсіз мемлекеттілігінің тарихы басталды.