Әдебиет
Бізге болашақта бәрі де керек
- Уақыт болса жедел өзгеріп бара жатыр, - деді ата-ана. Ол кішкентай қыздың әкесі екен.
- Ал біз болсақ, кеңестік мектепте білім алғанбыз. Кейде жолдастар деген сөзді тілімде көп қолданатыным бар. Мүмкін осының әсері шығар. Осы жиында отырған бәріңіз де ата-анасыздар ғой. Ұл-қыз өсіріп отырсыздар. Сондықтан мені дұрыс түсінеді деп ойлаймын. Менің де кішкентай қызым бар. Өзі құртақандай ғана. Сіздер оны тіпті көз алдарыңызға елестете де аласыздар. Мұндайда қуыршақтай ғана деуші ме еді. Қызым мектеп табалдырығын аттады. Мұның не екенін түсінесіздер ғой, әрине. Бәріңіз де ата-ата болғаннан кейін түсінесіздер. Қуанасың, тағы сол сияқты дегендей ғой. Баламен арақатынаста қиындықтықтар болмай тұрмайды. Ал қиындықты еңсере білу керек. Бұл - әрбір ата-атаның міндеті. Мінеки, сіздер мені қуаттап отырсыздар. Өйткені ата-ананың жанын ата-ана ғана түсінеді немесе мұғалім дегендей. Сіздер де баламен арақатынаста қиындыққа душар болдыңыздар ғой. Сөздеріңізге сенемін. Дәлелдеріңіз иланарлық. Ал біз болсақ, қиындыққа салған жерден кездестік. Айтуға ыңғайсыз енді. Дегенмен сіздерге бастаған екенмін, аяғына дейін айтып берейін.
Сонымен қызымыз мектептен оралды. Оның бізге не дегенін білесіздер ме? Жо-жоқ, сіздер ойлағандай жағымсыз сөз емес. Немесе ата-анаға құрмет көрсетпеу деген ұғымды бұл жерде ойларыңызға да алмай-ақ қойыңыздар. Сөзімнің басында айттым ғой, заман ілгері кетіп бара жатыр деп. Ол бізге ағылшын тілінде әлдене деді. Өзі құртақандай ғана және сүп-сүйкімді. Біз, жұбайымыз екеуміз, бір-бірімізге қарадық. Оның не айтып тұрғанын түсінсек бұйырмасын. Тек оның анасы екеуміз бір-бірімізге қарап күлімсірей бергенімізді іштеріңіз сезіп отырған шығар. Жымиғандарыңыздан соны байқап отырмын. Сонымен қызымыз бізге ағылшынша әлдене дейді. Ал жұбайымыз екеумізде ыңғайсыздану және күлімсіреу. Мұндайда менің Ермекбай досымның `оның не айтып тұрғанын сайтан білсін бе?` дейтіні бар еді. Бұл өзі кеңестік кезеңде болған оқиға. Онда біз, Ермекбай екеуміз, ауылдан қалаға келген бала едік. Бізге көшеде әлдеқандай еңгезердей орыс әлдене деді. Ал біз болсақ, бір-бірімізге қараймыз. Бұл - Ермекбайдың сонда айтып жүрген сөзі. Сөйтсек, орыс бізден сағаттың неше болғандығын сұрап тұр екен. Мінеки, өмірде осындай да болады, жолдастар. Кейін біз мұндай сұрақтарға уақыттың қанша болғандығын орыс тілінде айтып жауап беруді үйрендік. Қайтсе де уақыт ағымына ілесуге тура келеді ғой. Ал мына жағдай мүлде басқаша еді. Алдыңызда өзіңіздің құртақандай ғана қызыңыз тұр. Өзі және сүп-сүйкімді-ақ. Мұндайда тек абыржу мен күлімсірей беру ғана қалғандығын түсініп отырған шығарсыздар. Ұят та болса айтайын, жолдастар, бізге оның ағылшын тілі пәні мұғаліміне қоңырау шалуға тура келді. Сөйтсек, қызымыз бізден `тамақ дайын ба?` деп сұрап тұр екен. Ал керек болса. Дайын болмағанда ше. Біз анасы екеуміз оның тамағын дайындап қоймаушы ма едік. Біз, екеуміз, екі жақтан жүгірдік. Ал қызымыз асқа отыра беріп, бізге ағылшын тілінде тағы да әлдене деді. Ағылшын тілінің мұғаліміне де қайта-қайта қоңырау шала беру ұят, әрине. Бірақ бізге басқа амал жоқ еді. Сөйтсек, қызымыз бізге `тамақ ішуге қасық бермейсіңдер ме?` деп отыр екен. Біз асып-сасып жүріп оған қасық та бермеппіз. Міне, баламен осындай арақатынаста ыңғайсыз жағдайлар да болып қалып жатады. Өзіңнің ұрпағыңмен түсініспеушілік дегендей ғой. Заман болса, ілгері кетіп бара жатыр. Мүмкін бізге, ата-аналарға, уақыттың ағымына жедел ілесе алу қажеттілігі туып отырған шығар. Бізге қайткенде де қасық немесе тамақ деген сөздердің ағылшын тілінде қалай айтылатындығын меңгеріп алу қажеттігі туып отырғандығын сіздер түсініп отырсыздар деп ойлаймын. Сіздерге ағымнан жарылып айтайын, жолдастар, бізге бір орында тоқырап қалуға болмайды. Сіздер мені дұрыс түсініңіздер, бізге болашақта бәрі де керек.