Әдебиет
Құқықтану кафедрасы
Бағана ғана осы кафедрадан кіріп-шығып жүрген бір оқытушыны көрген еді. Бұған түсі суықтау көрінген. Мына қағазда осы оқытушының сабағы болмай-ақ қойса екен деп тіледі.
Кафедраның есігін қағып, кіріп барғанда әлгі оқытушының дәл қарсы алдында отырғанын көріп, дағдарыңқырап қалды. Ол бір жігітпен шахмат ойнап отыр екен. Түскі астың уақыты болған еді. Оқытушы мұны көре салып:
- Кел, кел бала! Не жұмыспен жүрсің? - деді бәйек болып.
Бұл келген жұмысын айтты. Оқытушы қағазды қолына алды. Сонан соң:
- Ой, айналайын, мына сабақтарға бір ай жүресің ғой, - деді. - Ішінде менің сабағым жоқ па екен? - деді сонан соң оқытушы. Қағазға қайта үңілді де: - Менің сабағым жоқ екен, - деді.
Әлгі бір әзірде ғана осы оқытушының сабағы болмай-ақ қойса екен деп тілеген еді. Енді болмай қалғандығына өкінді. Оқытушы енді кафедра есігінің қайырылысындағы бұрышқа көз тастады да, қыз баланың есімін айтқанда, аядай ғана кафедраның ішінде, бұл ойлағандай, екі адам емес, үшінші адамның барын енді ғана аңғарыпты.
- Мына балаға оқытушылардың сабақ кестесін айтып жіберсейші, - деді оқытушы сонан соң. Сосын бұған қарап:
- Біздің кейбір оқытушыларымыз ғылыми жұмыстарының шаруасымен Алматыға кетіп қалып жатады. Сондықтан осы жерде барына тапсыра берсін дегенім ғой, - деді.
Енді кітапханаға барса, осы оқытушыны көретін еді. Оқытушы мұны көре салып:
- Кел, кел бала, - дейді жанында бос тұрған орындықты көрсетіп. - Жалпы, өзім кітапханаға келетін студенттерді жақсы көрем.
Сөйтсе, бұл кісі 25 жыл адвокат болып жұмыс істеген, енді осы кафедраға оқытушы ретінде шақырылған кісі екен.
- Сіз сонда 25 жыл адвокат болсаңыз да оқи бересіз бе?
- Ой, айналайын, бұл заңның саласы қиын сала ғой. Бұл - ізденуді, қадағалауды керек етіп отыратын сала.
Кейін - бұл оқи бастағанда, бұларға дәріс берген облыстық соттың судья ханымы да былай деген еді:
`Іштеріңде заң орнында жұмыс істеп жүргендерің бар екен. Тергеу саласында жүрген жігіттер бар екен. Мынаны ескертіп қояйын. Нағыз юрист еш уақытта статьяны жатқа білемін деп айтпайды. Өйткені әр статьяның аржағында адамның тағдыры тұрады. Сондықтан юрист деп - мың жерден статьяны жатқа білсе де, оны он мәрте қайталап оқитын адамды айтамыз`.
- Менің өзім әу баста Тәшкеннен басқа сала бойынша жоғары білім алып келгенмін, - дейді оқытушы бұған. - Сол кезде жұмысымда бір әділетсіздіктер болды. Сосын ойландым. Әй, осы өмірде әділетсіздіктер көріп жүрген жалғыз мен бе? Неге сондай адамдарға көмектесіп жүрмеймін. Сөйттім де, Алматыға барып заң мамандығы бойынша оқып келдім. Мен дегеніме жеттім. Жиырма бес жыл адвокат болған қызметімде қаншама адамның құқығын қорғауға көмектестім. Жерде жүрген адам түгілі, аспанда ұшқан ұшқышты да қорғап шыққан кезім болған.
Декан бұған: `Мына сабақтардың ішінде профессор ағайыңның да сабағы бар. Әуелі басқа сабақтарыңды тапсырып алғайсың. Профессор ағайыңа соңғы жағынан барарсың. Мінезі қатаңдау кісі еді`, - деген еді.
Енді кей оқытушылар болмай қалып жатты да, әлгі кісіге жолыға бергені сол еді, қағазы кейін қарай серпіліп кетті:
- Неғылайын бұрын жоғары білім алған болсаң?! Бұрын жоғары білім алсаң, екінші курстан бастап оқуың керек пе?! Бұл қайдан шыққан сөз?!
Осылай деді де, профессор кафедраға кіріп бара жатты. Тосылып тұрып қалды. Бұрылып қарағанда арқа тұсында тұрған әлгі оқытушыны көрді. Бұған жымиып күліп тұр екен. Осыны көріп тұрыпты.
- Бара бер, - деді бұған. - Ізінен қалма. Ағайыңның мінезі өзі сондай кісі.
Осы сөз қамшы болды. Бұл да кафедраға қосыла кіріпті. Профессор бұл кезде кафедраның төрінде тұр еді. Мұны көрді де:
- Бері кел! - деді бұған профессор.
Бұл жанына жақындады.
- Менің екі сабағым бар, - деді профессор. Әуелі біреуін тапсырып көр. Көрейін. Сосын барып екіншісін аламын.
Сөйтті де, сөреден төрт кітап суырды.
- Осы кітаптарды оқып кел. Бір апта уақыт беремін, - деді сонан соң келетін уақытысын айтып.
Бұл солай фикһты оқып отырды. Мұсылмандық құқық жүйесіндегі құқықтық мектептер - мазһабтардың қалыптасуы, мұсылман заңгерлері - факиһтердің еңбектері, адамдардың арасындағы қарым-қатынастарды құқықтық тұрғыдан реттеудегі мұсылмандық құқық жүйесіндегі құқықтық нормалар тұрғысынан реттеу жайында жазылған еді. Кейін - мектепте құқықтанудан сабақ бере бастаған кезде шәкіртіне облыстық жарыстан арнайы грамота иеленіп қайтатын `Мұсылмандық құқық және оның қолданыстағы құқықтан ұқсастығы мен айырмашылығы` деген тақырыптағы ғылыми жоба жұмысын әзірлетіп жүрсе, ол осының әсері еді.
Бір аптадан кейін профессорға келіп сабағын тапсырды.
Бірде мұнымен бірге оқыған курстас жігіттің айтқаны бар еді:
`Қалай ойлайсың, сол кезде - біз оқып жүргенде профессордың өзіндік орны болды емес пе?`
Кейіннен мемлекеттік, лауазымды қызметтер атқарып жүрген бұл жігіт сол кезде бұлардың курсының орыстілді тобында алғыр, үздік оқыған еді. Айтса, айтқандай, профессор - осы кафедраның іргетасын өз қолымен қалаған адам, жоқтан бар жасаған.