Әдебиет
Мектептің директоры
Қазалы ауданындағы №25 мектепке ұзақ жылдар басшылық жасаған Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі Алмас Темірбайұлы жуырда ғана 63 жасқа толып, құрметті демалысына шыққан еді. Мектеп әкімшілігінің ұсынысымен осы іс-шараның сценарийіне байланысты жұмыстарды жазып отырғанда, осы бір шағын естелік те тіл ұшына оралып тұрды.
Қызылорданың оқу орнынан әдебиеттің мұғалімдігі мамандығы бойынша бітіріп келген бұған мектептің директоры: `Кел, жұмысқа алайын`, - деді. Мұнысы жағдайға қарағаны, түсіністік танытқаны, үйден апасының жанынан шығып тұрсын дегені, дүниеден озып кеткен көкесіне деген құрметі. Әйтпесе мектеп сол сәтте дәл осы мамандықтың иесіне тым зәру болып тұрған жоқ еді. Мұны естіген апасы: `Бұл бала да көргендігін істеп отырған бала ғой`, - деді.
Бірақ мәселені мектептің директоры шешпейтін болып шықты. Мәселені аудандық білім бөлімі шешеді екен. Ал аудандық білім бөлімі мұны маманы тапшы шалғай ауылдарға жіберіп жатты. Осылай аудандық білім бөлімі мен ауылдың арасын тамыздың он бесінен қыркүйектің басына дейін жол қылып жүріпті.
Бір күні аудандық білім бөлімінен мектептің директорын көріп қалды.
- Сені ауылға жіберген жоқ па? - деді мектептің директоры бұған.
- Жоқ, жіберген жоқ.
- Бастыққа мен кіріп айтып көрейін бе?
- Айтып көріңіз.
`Сөзіңді біреу сөйлесе...` деген бар ғой. Болмаса мектептің директоры да туғаны емес, туысқаны емес, руласы емес.
Осы мектептің директорын да жұрт `Бұл да бір қасқыр жігіт қой` дейтін. Сол `қасқыр жігітіңіз` сонда кәдімгідей қобалжып тұрды. Директордың бойы ұзын жігіт екендігін енді ғана байқағандай болыпты. ЗавРайОНО-ның қабылдау бөлмесіндегі тұрған айнаға тізесін сәл-пәл бүгіп қарады. Салалы саусақтарымен шашын тарағыштады. Сонан соң тарағын суырды. Сосын хатшы қызға қарап гүр етті:
- Қалай, бәрі дұрыс па?
Хатшы қыз жымиды:
- Дұрыс, ағай.
Директор дәл сол сәтте не судың тереңіне сүңгігелі тұрған, не қалың өрттің құшағына кіріп кеткелі тұрған адам секілді еді. ЗавРайОНО-ның кабинетінің жымдасып жабылған есігі суық қабақ танытып, сызданып тұрды. Директор сол есікті ашты да, ішке сүңгіп кетті. Сыртта тілеуін тілеп бұл қалды. Бірақ директордың іле-шала атып шыққаны:
- Ойбай, мына кісі деген бет қаратпай отыр ғой!
`Маған ешкім ешкімнің шаруасымен кірмесін! Нүкте!` Бұл - завРайОНО-ның айтқаны.
Шаруасы бітпей қалса да, мектеп директорының өзі үшін бастықтың алдына кіріп жатқандығына сол жолы разы болып тұрыпты. Қатаң мінезді басшының қабағынан өзі сескеніп тұрса да, жас маманды өзіне сұрап алғысы келіп жүрген әрекеті көз алдына келсе, әлі күнгі жылы жымияды.
Бірде осы жолдардың авторы мектептің директорымен бірге сол кездегі 102-ні басқарып отырған Шынтас Жәдиұлының кабинетінде отырғанда, Шәкең бұған: `Біз, бергі беттің директорлары, Алмасты `Бергі беттің заврайоносы` деп айтамыз` дегені бар-ды жанында отырған құрдасына көз қиығын бір тастап қойып, қалжың қашырта сөйлеп. Сол `Бергі беттің заврайоносы` деген бейресми атағы бар директор 63 жасқа толып, құрметті демалысына шығып жатыр екен. Осы мерейтой сәтінде ұстаздары, ұжымы, шәкірттерінің ата-аналары: `Ұзақ жыл басқарып отырған мектебіңіздің нөмірі 25 екен, ендеше, құрметті демалысыңызда да 25-тегі жігіттей болып жүре беріңіз!` деген тілек айтады.
Оқу жылы табыспенен өтсе деп,
Жетістіктер алдан үздік жетсе деп.
Жиналысты басқаратын директор,
Ұстаз үшін оның аты - педсовет.
Жиналып ұстаз, келсе уақыт ыңғайға,
Демейді, рас, жапқыш қайда, гүл қайда.
Басталсын ба, деп сұрайтын, педсовет,
Басталмасын дейтін кім бар мұндайда.
Әй, сонан соң жайып тастап қанатын,
Ұстаздарын қадап-қадап алатын.
Кемшіліктер неге ілесіп жүр әлі,
Неге жұмыс болмай жатыр болатын?!
Тәртіп керек, жарат, мейлі, жаратпа,
Неге оқушы қатыспай жүр сабаққа.
Ата-анадан сұрадың ба сол жайлы,
Соны бүгін шеш, ертеңге қаратпа.
Сендіріп айт, сөздеріңе сенбесе,
Көндіріп айт, айтқаныңа көнбесе.
Болмаса ертең шақырып кел өзіме,
Өздеріңнің әлің егер келмесе.
Дейді ұжымға: болмайды одан бағаң кем,
Өмір деген өту емес алаңмен.
Жұмыс істей білу керек әрқашан,
Тіл табыса білу керек адаммен.
Сызылса да жетістіктер сызығы,
Дей алмаймыз бар мектептен біз ұлы.
Деген сәтте тым-тырыс боп ұжымы,
Тек шыбынның естілетін ызыңы.
Мектебі үшін шәкірті үлкен үміт-ті,
Осы жолда ұстаз соған бірікті.
Сол ұстаздың, міне, бүгін басшысы
63-тің асқарына шығыпты.
Өткен істе жетістіктер бар екен,
`Үздік` деген соған берген баға екен.
Темірбаев десе оны ресми,
Болған талай сыйласқанға `Алекең`.
Шәкірттердің білім жол ғой арманы,
Ал білімнің көп білгенге салмағы.
Әр ұстазды десе егер жауынгер,
Әр директор онда оның сардары.
Әр шәкірттің болса өмірде талабы,
Мектеп соның ең алғашқы қадамы.
63-тің дәл бүгінгі тойы да
Мектебінің тойы да екен бағалы.
Ұшырып сап талай ұл мен қызыңды,
31 жыл басқарыпты ұжымды.
63-тің асқарына шығыпты,
Артқа тастап сонша көктем, күзіңді.
Өтсін деп той шаттықты әнге бөлете,
Дейді ұжымы келсін бақ пен береке.
Дейді тағы: `63-тегі тойыңыз
Жалғастығын таба берсін, Алеке!`