04 Желтоқсан, Сәрсенбі

Әдебиет

Ғабиден Қожахмет

Ғабиден ҚОЖАХМЕТ, Қызылорда қаласы

Ер қанаты






Айнагүл бүгін балаларға жылқы жайлы сабақ өткен еді. Сабақ барысында Айнагүлдің аузынан, мағынасына орай, жылқы деген де атау айтылып жатты, ат деген де сөз шықты, Қамбар ата түлігі деген де сөз айтылды, тіпті жылқының жас ерекшелігіне байланысты айтылатын сөздер де аталмай қалмады. Оны былай қойғанда, Айнагүл жүйрікке байланысты айтылатын тұлпар, арғымақ, сәйгүлік деген сөздерді де
ретіне қарай қолданып бақты.

Айнагүлдің бір мінезі сабақ беру барысында өзінің шәкірттерін тыңдағанды да жақсы көретін. Бұл жолы да солай етпек болды. Кенет сыныптың ортасынан Ернар деген бала қол көтерді. Ернар Айнагүлдің сүйікті шәкірттерінің бірі еді. Сондықтан ба өзін еркінірек ұстайтын. Кейде апайына аздап еркелеп қоятыны да бар. Ернар бұл жолы салмақты мінезбен орнынан тұрды да:

- Апай, - деді. - сіз бізге бүгінгі сабақта жылқы туралы біраз мағлұмат бердіңіз. Сіз біздің ата-бабамыздың асауды ерттеп мінгенін, сол асауды ерттеп мінгенде тақымы бір сәт босаңсымаған халық екенін жеткіздіңіз. Әйтсе де көкейімде бір сұрақ тұр. Сол ата-бабамыз енді бір замандар өткенде өз ұрпағының жылқыны тек суреттен ғана көріп отыратынын ойлады ма екен?

Сынып тынши қалды. Айнагүл өз шәкіртінің не айтқысы келіп тұрғанын түсінді. Бірақ шәкіртінің сұрағына әзілмен жауап қайтарды:

- Ернар-ау, енді мен сыныпқа жылқыны әкеліп қоя алмаймын ғой.

Балалар бұл сөзге жамырасып күліп жіберді.

- Әрине, әкеліп қоя алмайсыз ғой, - деді Ернар да езу тартып. - Тек сіз әңгімелеп жатқанда, осы ойлар басыма келді. Өзіңіз айтушы едіңіз ғой, балалар, пікір білдіргенде іркілмей сөйлеуге үйреніңдер деп.

Сынып апай не дер екен дегендей Айнагүлге көздері жәудіреген күйі қарап қалды. Кенет Айнагүл:

- Балалар, мен қай тілде сөйлеп тұрмын? - деді.

Сол-ақ екен, шәкірттер бейне бір хормен ән салғандай жамырасып қоя берді:

- Қазақ тілінде сөйлеп тұрсыз, апай. Өзіміздің ана тілімізде сөйлеп тұрсыз.

Айнагүл балалардың өзіміздің ана тілімізде сөйлеп тұрсыз дегеніне толқып қалды. Сондықтан ба:

- Осығанда шүкір деңдер, балалар, - дегенді айтқанда Айнагүлдің даусына діріл араласып кеткендей болды. - Біздің тіліміздің осы заманға келіп жетіп отырғанына да шүкіршілік ету керек. Ол замандардың қыспағынан өтті. Бұл тілде біздің бабаларымыз сөйлеген еді. Мен әлі де бабаларымыз сөйлеген тілде сөйлеп тұрмын. Мен сендерге осы тілде өз бабаларың ерттеп мінген сәйгүліктер мен арғымақтар жайлы әңгімені жеткізе алып тұрмын. Мен осы әңгімемнің ішінде `Ат - ер қанаты` деген сөзді бірнеше мәрте қайталаған едім. Енді сендер менің осы әңгімемнен тұмардай ғана ой түйіп, көкірек көздеріңе сыйғызып ұстай алсаңдар, сендерді келешекке жетелейтін ұшқыр қанат сол болмақ, - деді Айнагүл.

Сынып тым-тырыс қалды. Олар мынау сан-сапалақ ақпараттар тоғысы орын алған заманда апай айтқан оймақтай ойды сол тасқынның арасында жоғалтып алмай, қасиетті тұмардай қорғаштап жүрейікші дегендей ойланып қалғандай еді.