Әдебиет
Директордың кітабы
Мектеп басшысы Ақмарал Асқарқызының аяқ астынан кітабы жоғалып кетті. Сірә, мектеп басшылары үшін аса қажетті дүниесін қойған жерінен таба алмай қалса керек. Дереу жан-жағында тұрған мұғалімдерінен сұрай бастады.
- Кітап көрдіңдер ме? Кітап алдыңдар ма?
Қатаң мінезді мектеп басшысының мына сұрағынан жас мұғалима қыздар үрпиісіп қалды.
- Жоқ, Ақмарал Асқарқызы! Көрмедік. Білмедік.
- Қайда кете қойды ол кітап?! Әлгі әзірде ғана тұрған сияқты еді.
Осы кезде мектепке қарай Әлке ағай келе жатты. Әлкенің өзі де мектеп
табалдырығын енді ғана аттаған мұғалім емес қой. Бұл мектепке келгеніне де бес-алты жылдың жүзі болған. Кіммен қалай сөйлесу керек, кімнің жел жағына шығып кетпеу керек екенін Әлке жақсы біледі. Әсіресе, қатаң мінезді Ақмарал Асқарқызының жел жағына шыға көрмеңіз. Ақмарал Асқарқызы дегеніңіз - тек ұжымда ғана емес, өзінен жоғары тұрған басшылардың алдында да беделді мектеп жетекшісі. Әлке оның үстіне осы жылдардың арасында отбасын құрып үлгерген, бір тиынды қалай екі тиын етуді де ойлап жүрген жігіт.
- Сәлеметсіз бе, Әлке ағай!
Осы шәкірт қыздар Әлкемен қалжыңдаса береді. Өйткені олар Әлке ағайдың жақсы ағай екенін біледі ғой.
Әлке осындай ойлармен келіп бөлмеге енді. Ақмарал Асқарқызы енді әлгі сұрағын Әлкеге қойды:
- Әлке, кітап алдың ба?
Әлкенің басы зырылдап ойланып кетті. `Бұл не кітап болды екен? Басшылар сұрақ қойғанда, әманда ойланып жауап беру керек. Е, таптым, таптым! Тағы да мұғалімдердің айлығына кітап жазып беріп жатыр десеңші! Ақмарал Асқарқызы Әлке, сен сол кітапты бұрын алып па едің, алсаң, саған бермей-ақ қояйық деп тұрған ғой. Ендеше, алдым деп айтайын`.
- Алдым, - деді Әлке қипақтап тұрып.
Ақмарал Асқарқызы Әлкеге тап берді:
- Әкел кітапты!
Әлке аң-таң:
- Қандай кітап?!
Ақмарал Асқарқызының қарлығаштың қанатындай қастары керілді. Таңданғаны.
- Қандай кітабың не?! Өзің алдым деп тұрған кітапты айтам!
Әлке шегіншектеп кетті.
- Ешқандай кітап алған жоқпын.
Ақмарал Асқарқызының қап-қара көздерінен ұшқын шашырады. Ашуланғаны.
- Әлке, не менімен қалжыңдасқың келіп тұр ма?!
Әлкенің самайынан сұп-суық тер шықты. Ақмарал Асқарқызымен қалжыңдасып жыны бар ма? Әлке болмаған соң шынын айтты:
- Мен тағы да мұғалімдердің айлығына кітап жазып беріп жатыр екен деп ойлап...
Алдым десем, құтылып кетемін бе деп...
Бөлмеде тұрған тауықтың балапанындай жап-жас мұғалима қыздар Әлкенің мына халіне булығып күлуде.
`Құрып қалғыр, - дейді Әлке бөлмеден сытылып шыға беріп. - Ақмарал Асқарқызының кітабы жоғалып жатыр екен ғой. Мен тағы да айлыққа кітап жазып беріп жатыр екен деп ойлап қалып едім`.