Әдебиет
Апасының балалары
Анам Қоңырбайқызы Күлжәмиланың рухына арнаймын.
- Құлындарым, - дейді апасы суреттерге қарап отырып. - Сәбитім мен Кеңесім ғой. Тұңғыштарым. Осы екі құлыныма көз тиді. Ел сұқтанып қарай беруші еді. Әсіресе, Сәбитке. Естияр адамша ойланып тұрушы еді. Тілі шығып тақылдап тұрған бала ғой. `Әй, мына балдарың түбі
бір жерден шығатын бала, мына бала болайын деп тұрған бала ғой` деп қоймаушы еді. Екеуі де қалпақтай ұшты ғой, құлындарым. Бірінің артынан бірі кете барды апасын тастап...
Әкеңнің үлкен інісі мұғалім ғой. Ол бала өзі сауатты педагог болды. Сабағына байланысты жазған дүниелерін үлкен журналдарға ұсынып отыратын. Кейін мектепке де басшылық жасады. Ауданның білім бөлімінде де жауапты қызмет атқарды. Қазалы ауданының мәдениет бөлімін де басқарды. Ол кезде мұғалім ғой. Сәбит соны ерекше жақсы көретін. `Тәте` деп үйреткен едік. Сол тәтесін қатты жақсы көреді.
Әкең қызметіне кетеді ғой. Кейде қаладан қызметкер жігіттер келеді. Соларды үйге ертіп келетіні бар. Апы кіріп, күпі шығып жатасың ғой, үй болған соң. Кеңес те біржағынан қолбайлау. Сонда Сәбиттің қай жағынан шығып кететіндігін білмейсің, зып беріп мектепке тәтесін іздеп кетіп қалады екен. Сәбитте құлдыраңдап мектепке жете бергенде, мұғалімдер кеңсесінің терезесінен көріп отырған бар мұғалім қыз сыртқа атып шығатын көрінеді.
- Сәбит! Сәбит! Тәтеңе келдің бе? - дейді қыздар.
- Иә, - дейді бала басын изеп.
- Жүр, тәтеңе алып барамыз.
Ол қыздардың арандатқалы тұрғанын бала қайдан білсін? Апарады да, ана баланың сабақ беріп жатқан класына кіргізіп жіберіп, өздері
сықылықтай күліп, дүркірей қашатын көрінеді. Ана мұғалім баламен ойындары келіп жүр ғой. Сәбиттің қаперінде ештеңе жоқ, тәтесін көргеніне қуанып, класқа арсалаңдай кіріп барады. Оқушылар ду етіп күлетін көрінеді. Күлмей қайтсін енді, ағайдың кіп-кішкентай інісі класқа кіріп келіп тұрғасын. `Өй, бар бол, бар болғыр. Ана шешесі қайда қарап отырғаны, балаға қарамай?` Содан ана бала маған ренжиді ғой.
Ол кездің оқушылары ересек, естияр болды. Сосын ағайдың аузынан шыққан сөзді қағып алып отыратын. Білімнің қадірі бар кез ғой. Білімде қадір болғанда ғана, мұғалімде қадір болады. Білімнен қадір кетсе, мұғалімнен де қадір кетеді. Білімнің өзінен қадір кетпейді ғой, білімнің өзінен неге қадір кетсін?! Кетіріп тұратын пенденің санасы ғой. Білім деген адамға шыңыраудың түбіндегі судай болып тұруы керек.
Содан әлгі Сәбитті жоғары кластың бір оқушы қызы көтеріп әкеп тастап тұрады: `Апа, Сәбит мектепке ағайды іздеп кетіп қалыпты`. Ана бала түсте тамағын ішуге келгенде сосын маған ұрысады ғой: `Балаға қарамай, қайда қарап отырғаның, бұл? Мына бала мені мектепке іздеп
кетіп қалыпты. Біздің қыздардың да ойындары келеді де жүреді, осыны апарып класқа кіргізіп жіберіп...`
- Құлындарым! - дейді апасы суреттердің бетін алақанымен сипап.
- Ертең ана дүниеге барғанда, алдымнан шығады ғой қос құлыным. Бұлар өмірден періште кетті ғой.
Қос суреттің бірінен өзіне шап-шақ теңізші формасын киген сүйкімді сәби көзі күлімдеп қарап тұрады. Ал дәл осындай екінші суреттен кекілі жалбырап, саусағын тістелеген кішкене сәби монтаны кейіпте қарап отырар еді. Бұлар - мұның ағалары, апасының тұңғыштары. Олардың
тууы туралы куәліктері де сақталып қалған.
Апасы 1998 жылдың 13 қаңтарында 70 жасында өмірден озды.