04 Желтоқсан, Сәрсенбі

Әдебиет

Ғабиден Қожахмет

Ғабиден ҚОЖАХМЕТ, Қызылорда қаласы

Хабарсыз кеткен жауынгер






- Соғыс басталысымен әкемді соғысқа алып кетті, - дейді апасы.

- Сонда әкем аттанып бара жатқанда стансаның басында тұрып алдымен мені сұрапты: `Жәніке, қызым қайда, қызымды неге әкелмедің?` - дейді. Сонда әжең: `Үйбуй, қызың бір тәтті ұйықтап жатыр екен, оятуға қимап едім`, - депті. Әкемдердің қай күні аттанып кететіндіктері де белгісіз болып тұрды ғой сол кезде. Әжең де дәл бүгін аттанып кетер деп ойламаған. Сонда әкем қатты өкініпті дейді. Оның да бар арманы қызымның маңдайынан бір иіскеп аттанып кетсем екен деп келе жатқан ғой. `Қызымның бетінен мен үшін бір рет сүйші, Жәніке`, - депті. Соңғы айтқан сөзі сол екен. Сол кеткеннен ұшты-күйлі оралған жоқ. Не өлді деген `қара қағаз` да келмеді. Тұрып алып еңіз-теңіз қоймастан жыладым: `Неге оятпадың, Жәніке?! Неге оятпадың? Әшейінде ұйықтап қалсам, оятушы едің ғой. Әкемді көре алмай қалдым` деп. Әжең болса жұбата алмай әлек. Сонан соң екі бетімнен қырши тістеп сүйді шешем: `Ал әкел бетті. Әкең аманаттап кетіп еді, `қызымның бетінен мен үшін бір рет сүй` деп`. Сөйтіп, әкемді көре алмай қалған едім. Оның да ішіндегі бір арманы сол болып кетті-ау деймін де отырамын.

Соғыс бітті. Соғысқа кеткен адамдар келіп жатты. Ортасында әкем жоқ еді. Содан бері әлі бір жерде тірі жүр ме екен деймін де отырамын. Тірі жүрсе, енді осы уақытқа дейін бір келер еді ғой. Болмаса соғыстың біткеніне қай заман?! Адамның үміті бір үзілмейді екен.

`Ой, қарағым-ай, - деген еді бірде апасына соғыс жылдарында елдің жұмысына араласып, кейін көптің құрметіне бөленіп жүретін үлкен бір кісі бір дастарқанның басында отырып. - Әкең Қоңырбай қандай кісі еді, мінезінің азаматтығы бар жандар еді. Қою қара мұртты, аттың үстінде тіп-тік отыратын қалпы қазір де көзімнің алдында тұр, шырағым. Сондай азамат кісілерді де жұтты ғой қу соғыс, жұтып қойды.

- Шырағым, ана екі ағаңды ұмытпай жүр, - дейді апасы мұның соғысқа кетіп хабарсыз кеткен үлкен әкесінің екі інісі туралы.

- Сол кісілерді көп айтасың-ау?

- Айтпай қайтейін. Көзге көрініп тұрған ұрпақтары да жоқ. Бір үйден шығып тұрған екі бірдей боздақ. Олардан да не өлді деген `қара қағаз` келмеген.

Бұл бірде үйге соғыс боздақтарының тізімі жарияланған кітапты алып келіп:

- Апа, мына кітаптың ішінде әкеңнің есімі бар екен, - дей бергені сол еді, апасының:

- Әй, ана кісілердің есімдері бар ма екен, ана кісілердің есімдері жазылды ма екен? - дегені.

- Әкеңнің есімі бар деп тұрсам... - деді бұл таңданып.

- Бір үйден шығып тұрған екі бірдей боздақ, қайтейін, көзге көрініп тұрған ұрпақтары да жоқ, - дейді апасы.

Сол сәт мұның есіне соғыс боздақтарына арналып орнатылған ескерткіш ауылдың қай маңына жаңартылып көшірілсе де, апасының үйде отырып дегбірсізденіп кететіндігі түсті:

`Әй, ана ескерткішті барып оқыңдаршы, ана кісілердің есімдері жазулы тұр ма екен, көріңдерші`.

Тура сол бір екі бірдей боздақтың есімдерінің ескерткіш тақтаға жазылу, жазылмауы апасына аманаттап қалдырылып кеткен секілді. `Бар екен. Екеуінің де есімдері жазулы тұр. Бекеев Қожақ, Бекеев Қожабай және Оразбаев Қоңырбай деп өз әкеңнің есімі де жазулы тұр` дегенде барып апасы байыз табатын.

- Ол кісілердің есімдері кітапта жоқ екен, - деді бұл. - Ал әкең жайлы қысқаша ғана мәлімет бар:

`Оразбаев Қоңырбай 1900 жылы туған. Соғысқа артиллерист ретінде қатысқан. 1942 жылы желтоқсанда ұрыс даласында хабарсыз кеткен` делінген.

Апасы көзін бір нүктеге қадап ойланып отырып қалды. Әлгі қысқа хабарда өлді деген сөз жоқ еді, хабарсыз кетті деген еді. Ал хабарсыз кетті деген сөз өлді деген сөз емес қой. Олардың үміттері үзілген жоқ.