04 Желтоқсан, Сәрсенбі

Әдебиет

Ғабиден Қожахмет

Ғабиден ҚОЖАХМЕТ, Қызылорда қаласы

Баға






Төменгі сыныпта оқитын ұл бала еді. Жұрт қатарлы сыныптан сыныпқа көшірілген. Бірақ сабағы өте нашар. Әкесі бұларды әлдеқашан тастап кетіпті. Бұл жөргекте жатқанда болған дейді. Ол жөнінде өзі мардымды ештеңе де білмейді.

Анасы мұның сабақ үлгеріміне қатты ренжиді. Намыстанады. Сенің болашағың болу керек еді дейді. Үміт күтіп отырғанда дейді. Мұндайда көзін төмен салатын еді. Өзін кінәлі санайды.

Анасына көмектескісі-ақ келеді. Анасы соңғы кездері жиі ауыратын болып алды. Бала осыны уайымдайды.

Анасы кейде мұның қайратты қара шашынан сипап отырып, сен бестік алған күні жазыламын дейді. Осыны сендіріп айтады. Бала осыған иланды.

Дайындық, өзін-өзі қинау, қыстау еш нәтиже бермеді. Мұғалімнен бесті сұрап ала алмайсың ғой. Көзі қарауытты. Өзіне артық салмақ салғанын ғана біледі. Жанұшырып, аласұрып қайта кіріседі. Ұмтылған биіктікті бәрібір ала алмады. Биіктікті алу үшін мүмкін әлдебір айла-шарғылар да керек шығар. Ондай нәрселерді баланың жан-дүниесі ойлап та жата алмас еді. Мұндағы бар күш тек анасына
деген жанашырлық сезімі ғана.

Бүгін жеңді. Дәптеріне тұңғыш рет `5`-тік баға түсті. Сол күні сабақ бітісімен у-шу болып жатқан жолдастарына да бұрылып қарауға мұршасы келмеді. Өңірі ашылып кеткен кішкентай костюмінің етегі желге желбіреген күйі, сөмкесін қолтығығына қысып алып үйіне қарай бар пәрменімен жүгірді-ай келіп.

Ауласына кіре бергенде қалт тоқтады. Жедел жәрдем көлігі тұр еді. Анасы... Тағы да ауырыпты. Көршісі Тамара апай шақырған екен.

Бала ұмсынып қалғанда, көлік сырғи жүріп кетті. Тамара апай балаға өзінің үйіне жүруін өтінді.

Көршісінің үйіне ықылассыз кірді. Тамара апай тамақ дайындауға кіріскенде, бала сөмкесінен `5`-тік баға қойылған дәптерін алып алды.
Дәптеріне қарап отырып қыстығып жылады.

Дайындалған тамаққа да зауқы соқпады.

Салып берген төсекке жатпас бұрын сөмкесін ашып `5`-тік баға қойылған дәптерін ұқыптап суырды. Жастығының астына салды.

Түс көріпті. Түсінде анасы сондай бір риза кейіппен күлімсірей қарайды екен. Құлан-таза айығыпты.