04 Желтоқсан, Сәрсенбі

Әдебиет

Ғабиден Қожахмет

Ғабиден ҚОЖАХМЕТ, Қызылорда қаласы

Жаттау






- Үйге қандай тапсырма берілді? - деді мұғалім шәкіртінен.
- Жаттау жаттап келу тапсырылды.
- Тақырыбы қандай еді?
- `Арудай көркем Астана` деген өлең.
- Ал, кел, онда айта ғой, - деді мұғалім.
Шәкірт тақтаға шығып ойланып тұрып қалды.
- Айта бер, - деді мұғалім.
- Басын айтып жібересіз бе? - деді шәкірт ұстазына.
- Әлемге бүкіл танылып... - деді мұғалім жаттаудың басын шәкіртінің есіне салып.
- Әлемге бүкіл танылып... - деп қайталады шәкірт. - Әлемге бүкіл танылып... Қалай еді ар жағы?.. Әлемге бүкіл танылып...
- Асқақтап бүгін тұр қала, - деді мұғалім екінші жолды да өзі айтып.
Шәкірт іліп ала қойды:
Әлемге бүкіл танылып,
Асқақтап бүгін тұр қала.
Шәкірт осы екі жолды тағы да қайталады:
Әлемге бүкіл танылып,
Асқақтап бүгін тұр қала.
- Сұлулыққа осы табынып... - деді мұғалім үшінші жолды да өзі айтып. -
Сұлулыққа осы табынып...
- Сұлулыққа осы табынып... - деп қайталады шәкірт ұстазының сөзін. - Сұлулыққа осы табынып...
- Қарайды ару таңдана, - деді мұғалім төртінші жолды айтып.
Шәкірт қағып ала қойды:
Қарайды ару таңдана.
Сонан соң үшінші жол мен төртінші жолды қайта бір қатарластыра айтты:
Сұлулыққа осы табынып,
Қарайды ару таңдана.
- Иә, әрі қарай, - деді мұғалім. - Келесі шумақ қандай еді?
- Басын айтып жібересіз бе? - деді шәкірт.
- Мақсатын тауып еңбектен... - Мұғалім екінші шумақтың басын шәкіртінің есіне салды.
Мақсатын тауып еңбектен... - Шәкірт осы сөзді айтып тұрып қалды.
- Ертеңіне ару сенгендей, - деді мұғалім.
- Ертеңіне ару сенгендей, - деп қайталады шәкірт. Сонан соң екі тармақты қатарластыра қойды:
Мақсатын тауып еңбектен,
Ертеңіне ару сенгендей.
Сосын үнсіз қалды.
- Әрі қарай айт, - деді мұғалім.
Мақсатын тауып еңбектен,
Ертеңіне ару сенгендей. - деп шәкірт тағы да осы екі жолды қайталады.
- Сұлулықтан жанын тербеткен... Мұғалім шәкіртінің есіне үшінші жолды салды.
- Сұлулықтан жанын тербеткен... - Шәкірт тағы да тоқтап қалды.
- Өзінің жүзін көргендей, - деді мұғалім.
- Сұлулықтан жанын тербеткен,
Өзінің жүзін көргендей, - деп қайталады шәкірт.
- Нашар, - деді мұғалім. - `Орташаға` бағалаймын. Негізі `қанағаттанарлықсыз` болуы керек еді.
- `4` қойыңызшы, - деді шәкірт.
- Не үшін `4` қоюым керек? - деді мұғалім таңданып. - Негізі біздің білім беру жүйесін осы жағынан сынға алып жүр ғой.
- Қай жағынан дейсіз? - деді шәкірт.
- Оқушы ұстазының айтқанын қайталаумен ғана шектелмеу керек, өздігінен ойланып, іздену керек дейді.
- Осыған да шүкір деңіз, - деді шәкірт. - Қайталап айтып беріп тұрғаныма да шүкір деңіз. Өздігінен ойлана алмайтын үлкендер де бар ғой.
- Не дейсің?! - Мұғалім шәкіртіне жалт қарады. - Оның саған не керегі бар?
- `4` қойыңызшы, - деді шәкірт. - Жалғыз сіз емес қой олай етіп жатырған. Жалғыз мен емес. `4` қойыңызшы.
- Сонда жаттауды `4`-ке келтіріп жаттап аласың ба? - деді мұғалім.
- Иә, - деді шәкірт.
Мұғалім шәкіртін тоқтатты:
- Одан да неге бірден `5`-ке келтіріп жаттап алмайсың?
- Сөйтейін, - деді шәкірт. - `5`-ке келтіріп жаттап алайын.
Шәкірт күнделігін алып келді.
- Мына бағаның сұрауы өте қатты болады, - деді мұғалім. - `5` деген ойнайтын баға емес, шәкіртім. Сол кезде осы бағаны ұстап шыға алатын бол, жарай ма?
- Аһа.
- Аһа деме, жарайды де.
- Жарайды.
Мұғалім шәкіртінің күнделігін қолына алды.