Әдебиет
Қуаныш
Кішкентай Диас нанның орысшасын айтып қалды...
Сәлима есіктен енді ғана кіріп келе жатырған ұлы - Диастың әкесі Айханның алдынан жүгіре шықты.
- Әй, балаң нанның орысшасын айтып отыр ғой.
Айхан мұны ести сала сыртқы есікті де жаппастан Диас отырған бөлмеге аптыға кірді.
- Қане, қане, айтшы нанның орысшасын.
Бірақ кішкентай Диас қырсығып айтпай қойды.
- Қырсығып тұр, - деді Сәлима немересіне сүйсіне қарап. - Бағана айтып отырған еді.
- Ана бөлмеде жүрсем, - деді Сәлима енді осыны ұлына түсіндірмек болып. - Тананың `мама, мама` деген жан даусы шықсын. `Құдай-ау,
не боп қалды, Диасжанға бірдеңе боп қалды ма?` деймін. Асығып-үсігіп жетемін ғой, баяғы. Сөйтсем, Тана `мама, Диас нанның орысшасын айтып отыр` дейді. `Құдай, жарығым, сол, нанның орысшасын біліп отырған, жарығым!` Қуанып жатырмын ғой.
Осы кезде ашық тұрған есіктен оң жақта тұратын көрші Зарина кірді.
- Ау, бұл не дабыр? Не болып жатыр? Есіктеріңді аңқитып ашып тастапсыңдар ғой.
Сәлима енді әлгінде ғана Айханға айтқан әңгімесін Заринаға айта бастады:
`Бағана ана бөлмеде жүрсем...`
- Ойбай, бәлесін-ай! - деді Зарина Сәлиманың айтқан әңгімесіне не сүйсінгені, не әдейі істегені белгісіз. - Біздің қыз нанның қазақшасын да айта алмайды ғой.
- Кетші, сенің қызың деген әлі тілі шықпаған бала емес пе?
- Той жаса енді, - деді Зарина Айханға күле қарап.
- Жасайды ғой, неге жасамасын? - деді Сәлима. - Қамырыңды илей бер, - деді сосын келіні Танаға қарап.
Осы кезде есіктен сол жақта тұратын көрші Айбол кіріп келді.
- Ау, бұл не дабыр? Той бар ма?
Сәлима енді Айхан мен Заринаға айтқан әңгімесін Айболға да айта бастады.
Бірақ Айбол бұл жаңалыққа онша елп ете қалған жоқ. Оның орнына:
- Бірақ ол нанның ағылшыншасын айтып отырған жоқ қой, - деді.
Үй іші бір түрлі самсоз болды да қалды.
- Айтқан жұрт айта берсін, - деді Сәлима Айбол мен Зарина шығып кеткеннен кейін ұлы мен келініне қарап. - Өздерінің балалары нанның орысшасын да білмейді. Бауырсағыңды қамдай бер.
Айхан ұлын қақпақылдай көтеріп:
- Өскенде кім боласың, өскенде кім боласың? - деді. - Ғалым болып шығар ма екенсің?
Тананың қабағы шытыла қалды:
- Аузыңа бір жөні түзу мамандық та түспеді-ау.
Сәлима ұлы мен келінінің арасындағы жағдайды жуып-шайды:
- Бастық болады ғой, ұлдарың дәу бастық болып отырады.
Үй іші қайтадан жайма-шуақтана қалды.