Әдебиет
Жақсылық
Айнагүлдің кейде кісіге шәлкес келетін де мінезі бар еді. Бірде көпшілікпен бірге дастарқан басында отырғанда бейтаныс бір жігіттің `кісіге жақсылық жасау оңай емес` деген сөзіне Айнагүл `оның несі қиын екен, өзіңде бар боп тұрса, неге жасамасқа? деп дүрсе қоя бергені. Жігіт үндеген жоқ.
Айнагүл бірде базарға барғанда базардағы қайыршыға жиырма теңге ақша берді. Осыған бір түрлі көңілі көтеріліп қалғандай еді. Өзін кісіге жақсылық жасағандай сезінді. Сол көңіл-күймен заттарын алып, автобусына отырды. Бірақ автобусқа мінгеннен кейін `әлгіге неге он теңге бере салмадым` деп көңіл-күйінің бұзылғаны. Осы ойды ойлауы мұң екен, мазасы кетті. Айнагүл енді әлгінде ғана қайыршыға ақша беріп жатқан сәтін көз алдына елестетті. Елестетіп отырып, `сол жерде менен басқа ешкім де беріп жатқан жоқ`
деп жүрегі одан әрі май ішкендей кілкіді.
Айнагүлдің жанында әдеміше жүзді бір апай отыр еді. Сол кісі Айнагүлге қарап:
- Сіңлім, мазаң кетіп отыр ғой? Не жағдай? - деп сұрады.
Айнагүл болған жайды айтып берді.
- О, неғылғаның, шырағым? Сөйтуге де бола ма?
Мына сөзден кейін Айнагүлдің жүрегі одан әрі көтеріліп кетті.
- Тоқтаңызшы! Тоқтаңыз! Түсіп қалайын!
Айнагүл сөмкелерін көтерген күйі аялдамаға тоқтаған автобустан асығыс-үсігіс түсті де, аялдаманың орындығына сылқ етіп отыра кетті.
- Қарындас, бір жеріңіз ауырып отыр ма?
Айнагүлдің көзі алдымен жалтыраған ер адамның аяқ киіміне түсті. Сонан соң сәнді киінген бір ер кісінің өзіне қарап тұрғанын көрді.
- Барыңызшы әрі! - деді Айнагүл шытынып.
- Ау, айтсаңызшы, көмек керек болса...
- Шаруаңыз болмасын менде!
Айнагүл сөмкелерін көтерген күйі аялдамадан әрі қарай ұзай берді.
`Ерегіскенде үйге дейін жаяу барамын, сол жиырма теңгенің ақысына`.
- Айнагүлмісің?! Шырағым-ау, түрің не боп кеткен?!
Айнагүл басын көтеріп қарағанда өзімен көрші тұратын апайды көрді. Айнагүл көрші апайға базардағы оқиғаны баяндап берді.
- О, соры қайнаған!.. Үнемі шашыласың да жүресің ғой өстіп!
Мынаны естігенде Айнагүлдің буын-буыны босап, көрші апайды құшақтаған күйі ботадай боздап қоя берді...
Айнагүл бірде көпшілік жиналған дастарқан басында әлгі дауысты тағы да естіді:
- Адамға жақсылық жасау оңай емес.
Жүзін бұрып қарағанда өткендегі жігітті көрді. Айнагүл бұл жолы тырс етіп үндеген жоқ.