04 Желтоқсан, Сәрсенбі

Әдебиет

Ғабиден Қожахмет

Ғабиден ҚОЖАХМЕТ, Қызылорда қаласы

Қызмет






- Сіз сұрамадыңыз ғой.

- Нені сұрамадыңыз дейсіз?

- Мен сізден `қай жерде қызмет істейсіз?` деп сұрадым ғой.

- Иә, сұрадыңыз. Мен бірақ айттым ғой қай жерде қызмет істейтінімді.

- Маған сіздің қызметіңіздің түкке де қажеті жоқ.

- Олай болса несіне сұрадыңыз?

- Сіз содан кейін өзіңіз қай жерде қызмет істейсіз деп сұрауыңыз керек еді. Бірақ сіз сұраған жоқсыз.

- Енді соған ренжіп отырсыз ба?

- Ренжімей қайтеді?! Сұрайды ғой деймін. Жоқ, сұраудың орнына... Қайдағы бір ауа-райы туралы әңгіме қозғап кеттіңіз. Осының бәрін әдейі істейсіздер-ау деймін?!

- Сіз кәдімгідей ренжіп отырсыз ғой. Ал айтыңызшы, не қызмет еді ол соншалықты?

- Соншалықты деп кекетпей-ақ қойыңыз, білдіңіз бе?! Ол сіз кекететіндей қызмет емес.

- Айтпайсыз ба енді?

- Несіне айтады?! Сұрайтын шығар деймін. Сұраудың орнына... Қайдағы бір ауа-райы туралы...

Теріс бұрылып, томсырайып отырды.