23 Қараша, Сенбі

Әдебиет

Владимир Набоков
Владимир Владимирович Набоков (бүркеншік аты: Владимир Сирин ; 1899 ж - 1977 ж) - орыс және американ жазушысы, ақын, аудармашы, әдебиет сыншысы

Машенька






Роман


...Есіңе алып өткен жылдар құшағын

Есіңе алып махаббаттың өткенін...

Пушкин

— Лев Глево... Лев Глебович? Аты-жөніңіздің тосыны-ай, ағайын, айтсаң — тіл тұтығады...

— Мүмкін, — кенет түскен қараңғыда өзінің серіктесінің жүзіне қадала үңілген Ганин оны салқын ғана құптады.

— Сіздің аты-жөніңізді тектен-тек тергеп отырғам жоқ — жайдары дауыс жалғаса түсті. — Менің ойымша, кез келген есім...

— Тетікті тағы бассам қайтеді, — Ганин оның сөзін бөліп жіберді.

— Басыңыз. Бірақ одан түк шықпайды. Мынадай: әрбір есім тағдырлы. Лев пен Глеб — күрделі, сирек кездесетін үйлесім. Ол сізден салқындықты, беріктікті, кіділікті талап етеді. Менің есімім қарапайым: ол әйелімнің есімі тіпті жұпыны: Мария. Айтпақшы, танысып қояйық — Алексей Иванович Алферов. Кешіріңіз, мен сіздің аяғыңызды басып кеттім ғой деймін...

— Өте жақсы болды, — деді Ганин қараңғыда қолын ысқылап, — қалай ойлайсыз, осы жерде қақайып тұрамыз да қоямыз ба? Бірдеңе істеу керек шығар. Сайтан алғыр...

— Сәкіге жайғасып, күтеміз де, — дәл құлағының түбінен саңқылдаған беймаза дауыс тағы естілді. — Мен кеше келген бойда сізді дәлізде көргем. Кешке қарай қабырғаның ар жағынан жөтелдіңіз. Жөтеліңіздің үнінен: жерлес деп ойладым. Сіз бұл пансионда көптен тұрасыз ба?

— Көптен. Сіріңкеңіз бар ма?

— Жоқ. Темекі тартпаймын. Пансион ластау екен, — орыстікі екені көрініп тұр. Білесіз бе, мен қазір үлкен қуаныштамын: Ресейден әйелім келе жатыр. Төрт жыл деген — айтуға ғана оңай... Иә-ә. Көп ұзамай кеп қалар. Бүгін жексенбі емес пе?

— Мынау қараңғыны-ай... — деп Ганин бір саусағын сырт еткізді. — Сағат қанша болды екен.

Алферов терең күрсінді; саулығы дімкәс, жер ортасынан ауған еркектің жылы, сылбыр иісі шықты. Әдетте, мұндай иістен қабаржу сезінесің.

— Яғни, — алты күн қалды. Менің шамамда ол сенбі күні келеді. Кеше ғана одан хат алдым. Мекен-жайды қызық етіп жазыпты. Мына жер қап-қараңғы, әйтпесе көрсетер ем. Қарағым-ау, не сипалап тұрсың? Ол терезелер ашылмайды.

— Сындырсам қайтеді, — деді Ганин.

— Қойыңыз, Лев Глебович; Одан да жаңылтпаш ойнайық. Мен олардың неше түрлерін білемін. Өзім де құрастырам.

— Ғапу етіңіз, — деп Ганин қабырғаны екі рет қойып — қойып қалды.

— Швейцар қалың ұйқыда, — Алферовтың даусы тағы шықты, — бостан-бос соғып жатсыз.

— Сонда қалай, осында түні бойы қақайып тұрамыз да қоямыз ба?

— Тұруға тура келеді. Лев Глебович, біздің кездесуімізде құпия бір мән жатыр деп ойламайсыз ба? Фирмада жүргенде ғой, біз бір-бірімізді білген жоқпыз, бір мезгілде оралдық та, осы қуысқа кірдік. Айта кететін нәрсе, едені қандай жұқа! Асты — қара шыңырау. Айтып тұрмын ғой: бір-бірімізді білместен үн-түнсіз осыған кірдік, үн-түнсіз жоғары көтерілдік. Кенет — тұрдық та қалдық. Қараңғылық басты.

— Бұдан не мән тауып тұрсыз, — Ганин қатқыл үн қатты.

— Тіреліп тоқтап қалғандықтан, қараңғылықтан. Күтуден. Бүгін түскі тамақ кезінде, — қалай еді... қарт жазушы... иә, Портнягин... — біздің ұлы үмітіміздің, эмигранттық өміріміздің мәні туралы менімен айтысты. Лев Глебович, сіз бүгін бұл жерде түстенбедіңіз ғой деймін.

— Жоқ. Қала сыртында болдым.

— Қазір — көктем. Ол жақ құлпырып тұрған шығар.

Алферовтың даусы бірер сәтке жоғалып кетті де қайтадан пайда болды. Бірақ бұл жолы Алферов күліп тұрып сөйлеген болу керек, даусы құмырылып жағымсыз естілді:

— Әйелім келгеннен кейін, мен де қала сыртына шығам. Ол қыдырыстағанды жақсы көреді. Маған қожайын әйел айтты, сіздің бөлмеңіз сенбіде босайтын көрінеді.

— Дәл солай, — Ганин қатқыл жауап қатты.

— Берлиннен мүлде кетесіз бе?

Қараңғыда бас изеген көрінбейтіні есінен шығып, басын изеді. Алферов сәкіде ілгері — кейін қозғалып, екі рет күрсініп алды, сонан кейін баяу ғана жүрек кілкітіп ысқыра бастады. Үндемей қалады да, қайтадан бастайды. Он минуттай өтті; кенет жоғарыдан әлдене сырт ете түсті.

— Бұл енді дұрыс, — Ганин мырс етті.

Сол сәтте төбедегі шам жарқ ете түсті де, клетканың гуілдеп тұрған жоғары жағынан сарғылт жарық құйылып қоя берді. Оянған адамдай Алферовтің көзі жыпылық-жыпылық етті. Үстінде көне, шұбатылған, құм түстес жеңіл пальто. Қолында тостаған. Бозаң селдір шашы ұйпаланып қалыпты, інжілдік — жылтыр жүзді сақалы алқызыл түсті, қылдырықтай мойынын ала шарфпен орап алған.

Лифт төртінші алаңқайдың табалдырығына ілініп, шайқалып барып тоқтады.

Тамаша, — Алферов күлімсіреген қалпы есікті ашты... — Жоғарыдан біреу көтерген шығар деп ойладым. Ал мұнда ешкім жоқ. Лев Глебович, жүріңіз; мен сізден кейін.

Бірақ Ганин қабағын шытып, оны жайлап итеріңкіреп алға түсірді де, содан кейін темір есікті салдыр — гүлдір еткізіп өзі шықты. Бұрын соңды ол дәл осылай ызаланған емес.

— Тамаша, — Алферов тағы қайталады, — көтерілдік, ал мұнда ешкім жоқ. Мұнда да бір мән бар...

Бұл орыс пансионы еді, оның үстіне сүйкімсіз болатын. Сүйкімсіз болатын басты себебі күні бойы, түннің біруағына дейін қаланың темір жолынан дүңкілдеген пойыздар ағылып жатады да, содан, бүкіл үй бір жаққа кетіп бара жатқандай болады. Кіре беріске қолғап қоятын сөресі бар күңгірт айна ілінген, оның қасында сандық тұр, абайламасаң тізеңді соғып алуың мүмкін одан әрі жалаңаш тар дәліз басталады. Оның екі жағына есіктеріне ірі қара цифрлар жапсырылған үш-үштен бөлме орналасқан: ол цифрлар — көне күнтізбеден жыртылып алынған, сәуір айының алты күнін білдіретін жай ғана парақшалар еді. Бірінші сәуірді көрсететін бөлмеде — сол жақтағы бірінші есікте — Алферов тұрады, ал келесіде — Ганин, удлини бөлмеде — жиырма жыл бұрын оны Сарептен алып кеп, екі жыл бұрын ми қабынуынан қайтыс болған, неміс коммерсантының жесірі, қожайын әйел Лидия Николаевна Дориннің өзі. Оң жақтағы үш бөлмеде — төртінші мен бесінші, алтыншы сәуірлерде — тұратындар: қарт ресей ақыны Антон Сергеевич Подтягин, сонан кейін көгілдір көзді, аршын төс Клара бикеш, ең соңғы алтыншы бөлмеде — әйелдер секілді күлегеш, ап-арық, мұрындарынан опа кетпейтін, сіңір балтырлы балет бишілері Колин мен Горноцветовтар тұрады. Дәліздің алғашқы бөлігіндегі соңғы есіктің қарсы қабырғасына `Құпия кешкілік` литографиясы, ал басқа қабырғаға бір кезде бүкіл пәтердегі ең таза заттар болған, енді ұлпа шаңнан көмескі тартып кеткен екі хрусталь ваза тұрған жуан буфеттің үстінде бұғының мүйізді сарғылт басы ілінген. Дәліз асханаға тірелген бойда оңға қарай шұғыл бұрылады: одан әрі, қиқы-жиқы үңгірлер ішінде ас үй, қызметшілердің үйшігі, лас ванна, есіктерін Дорн мырзаның бір кезде үстел календарындағы әртүрлі жексенбі күндерін көрсеткен парақшалар жапсырылған, енді олардың алдыңғы сандары түсіп қап, тек екі нөлі ғана ілініп, өзінің ондық мағынасынан біржола айрылған дәретхана бөлмелері орналасқан. Күйеуі дүние салған бір айдан кейін құлағы ауырлау, қияли мінезді, домаланған Лидия Николаевна бұл бос пәтерді жалға алып, мұраға қалған ондағы аз-мұз заттардың бәрін орналастыруда адам үркер айрықша өнер көрсетіп оны пансионға айналдырды. Үстелдер, орындықтар, сықыр-сықыр еткен шкафтар, ойдым-ойдым төсектер бөлме-бөлмеге таратылды да, бір-бірінен бөлініп қалған олар, қаңқасынан жұлынған сүйектер сияқты бірден көмескі тартып тұнжыр, сұрқай түрге енді. Бақа бейнелі темір сауытты, трюм секілді түбі терең жәшігі бар ауыр емен жазу үстелі Алферов тұратын бірінші бөлмеден орын тепті, ал әлгі үстелмен бірге алынған айналмалы табурет жетімсіреген қалпы алтыншы бөлмеде тұратын бишілерге жөнелді. Екі жасыл кресло да екі жаққа кетті: бірі Ганинде сопайып тұрса, көбелек шашақталып біткен екіншісінде қожайын әйелдің өзі отыратын немесе салбыраған құлағының ұшы барқыттай жұмсақ әбден қартайған қаншық тазы жататын. Ал Клараның бөлмесіндегі сөреге тек сән үшін энциклопедияның алғашқы бірнеше томдары қойылған да, қалғандары Подтягиннің нөміріне жайғасыпты. Клараға әлі сыры кете қоймаған жәшігі бар айналы қолжуғыш тиіпті, ал қалған нөмірлерге қаңылтыр құман мен шылапшын қойылған. Дегенмен кереуеттерді сатып алуға тура келді, бұған Дорн ханым қиналудай-ақ қиналды, сараңдықтан емес, әбден құмарлыққа кіргендіктен, басқа жиһаздарды бөлмеде өзінше шалымдылық танытқаннан; енді міне, төсекке келгенде тосылып қалды, өйткені өзі ғана жататын даладай екі адамдық кереуетті аралап бөле алмайсың ғой. Бөлмелерді қалай болса солай өзі жинайды, тамақ істеу қолынан келмегендіктен аспазшы ұстайды, — онысы базардың нағыз дүлейі, нән сары қатын; жұма сайын басына алқызыл қалпағын киіп ап, жұрттың бәрін өзінің іркілдеген ауыр тұлғасына қаратып, солтүстік кварталды қақ жарып кетіп бара жатады. Лидия Николаевна асханаға кіруге қорқады, жалпы ол момақан, үргелек жан болатын. Аяғын жылдам-жылдам басып дәлізбен кетіп бара жатқанда, ондағы тұрғындар осы бір домаланған, ақ шашты, таңқы танау әйелді қожайын деп емес, бөгде пәтерге кіріп кеткен алжыған кемпір деп қабылдауға бейім тұратын. Бейне бір шүберектен құрастырылған қуыршақ сияқты. Ол таңертең тұрған бойда жиһаздар астындағы қоқысты тез-тез сыпырып, сонан кейін осындағы ең шағын өзінің бөлмесіне кіріп ап, ұйпа-тұйпасы шыққан әлдебір неміс кітапшасын оқып, немесе ештеңесін түсінбесе де марқұм күйеуінің қағаздарын аударыстырып отыратын. Бұл бөлмеге тек Подтягин ғана кіріп, қара тазының арқасынан сипап, құлағынан, ақ тұмсығындағы сүйелінен тартқылап, қисық аяғын еріксіз ұмсындырып, сонан кейін Лидия Николаевнаға өзінің қарттығы, жанына бататын дерті туралы, сондай-ақ жиені тұратын, күтірлеген ұзын арзан бөлкелер мен қызыл шарап сатылатын, жарты жылдан бері рұқсат күттіріп қойған Париж туралы әңгіме соғатын. Кемпір басын изеп тыңдап отыратын да, басқа тұрғындар жайлы, әсіресе, пансионға келіп-кетіп жататын басқа орыс жастарына мүлде ұқсамайтын Ганин туралы сұрастыратын. Осында үш ай тұрған Ганин кетуге жинала бастады, тіпті сенбі күні бөлмесін босататынын айтты, бірақ ол бұдан бұрын да әлденеше рет жиналып, әлденеше рет кейінге қалған-ды. Лидия Николаевна жұмсақ мінезді ақыннан Ганиннің сырға таққан қызы бар екенін білді. Мәселенің бәрі осында еді.

Соңғы кезде ол сылбыр, тұйық боп алды. Күні кеше ғана ол жапон акробатынан бес бетер аяқтарын көкке шаншып, бейне бір желкен сияқты қолымен жүретін, тісімен орындықты көтеріп, білем-білем бұлшық еттерімен жіптерді бырт-бырт үзетін. Өзегінде лапылдап от жанып жатқандай, үнемі ол дуалдардан секіріп кеткісі кеп, бағаналарды қозғап жібергісі кеп тұратын. Енді оның бір бұрандасы босап қалғандай, тіпті еңкіш тартып барады; Подтягинге мойындап айтқандай, `қатын сияқты` ұйықтай алмай қор болатын көрінеді. Жексенбіден дүйсенбіге қараған, яғни жиырма минөт бойы мылжың мырзамен бірге тоқтап қалған лифтіден шыққан түні де ол ұйықтай алмады. Дүйсенбі күні таңертең ол тер мен шаң сіңген көйлек, шұлық, шалбарларды бүгін де киюге тура келеді-ау деп, содан адам киімін кигенде соншалықты қораш, соншалықты кісі аярлық қалыпта көрінетін цирк иттері есіне түсіп, екі тізесінің арасына тоңазыған қолдарын жіберіп, жалаңаш ұзақ отырады. Бұл сылбырлық оған қолы бостықтан келіп еді. Қазір оған жанын салып жұмыс істеудің де қажеті жоқ болатын, қыс бойы біраз ақша жинаған, енді қараса, одан тек бар-жоғы екі жүздей марка ғана қалыпты: соңғы үш ай қымбатқа түсті.

Өткен жылы Берлинге келген бойда ол бірден жұмысқа орналасып, қаңтарға дейін тынымсыз еңбек етті: таң сібірлеп келе жатқанда фабрикаға жөнеледі, сонан кейін `Piz Gozoi` мейрамханасында қолына тарелка ұстап үстелдердің арасынан он шақырым бұралаң жол жүгіріп, үйге келгенде аяғы сырқырап жатқызбайды: ол басқа да талай-талай жұмыстардың дәмін татып көрді. Ештеңеден бас тартқан жоқ: көбіміз сияқты ол тіпті көлеңкесін де сатты. Былайша айтқанда, қала сыртында түсірілетін киноға қосалқы әртіс болып та қатысты. Балаған сарайдың ішінде қаптаған зеңбіректер секілді күйіп тұрған гуілдеген фонарлар қосалқы актерлер тобына қадалып тұрады: аппақ тажал жарығындай ол от боялып сырланған адам жүздерін жалындай жалайды... Түсіру аяқталады да, аты-жөні жоқ көлеңкелер дүниені аралап кетеді.

Берлиннен кетіп қалуға қалған ақша да жетер еді. Бірақ ол үшін Людмиламен ат құйрығын кесісу керек. Қалай кеседі — оған басы жетер емес. Қожайын әйелге сенбі күні кетемін деп бір апта бұрын айтып қойса да, Ганин бұл аптада да, келесі аптада да ештеңе шешілмейтінін біліп тұр. Оның жат жерлерге кету аңсары көктем сайын осылай қозып кетеді. Оның терезесі темір жол бетіне қараған. Содан да оның кетем деген ойы бұрынғыдан да өрши түседі. Әр бес минөт сайын дүрсілдеген үннен үй жүріп бара жатқандай болады да, Берлиннің ақ күнін тұмшалаған қара түтін көтеріліп, жайлап жайыла бастайды, содан күйінбей, не бір пышақпен кесіп тастағандай үйлердің қабырғасының арасынан тарылып бара жатқан қияндағы көріністер көзге түседі, ал олардың бәрінің үстінде сүттей сұп-сұр аспан төңкеріліп жатады.

Дәліздің келесі бетіндегі Подтягиннің, Клараның, немесе бишілердің бөлмесінде жатса Ганинге жеңіл болар еді: олардың терезесі көлденеңдеп көкке ілініп тұрған аспалы жол көпірін көрсететін көңілсіз көше жаққа қарағанмен, бірақ ол жақта көңілді арбайтын сұр кеңістік көрінбейді. Ол көпір Ганин терезесінен көрінетін рельстің жалғасы, содан да Ганин әрбір пойыз көзге көрінбестен осы үйді қақ тіліп өтіп жатқандай әсерде болады: міне, ол мына жақтан кіреді де, дүңкілдеген елесі қабырғаларды ығыстырып, итере-митере көне кілемнің үстіне жетіп, қол жуғыштың үстіндегі стақанды қозғап, сонан кейін терезелерді сыңғырлатып шығып бара жатады, — іле-шала қап-қара түтін пайда болады да, міне, үйден шыққан пойыз да көрінді: бұлыңғыр — жасыл вагондар мен басқа жағынан тіркелген тұрқы қысқа паровоздар күйе- күйе кей жерлері опырылып түскен, кей жерлері тозығы жеткен жарнамалардың фрескаларынан шимай-шимай болған үйлердің тұ1йық қабырғалары арасынан вагондарды алыс қиырларға сүйреп бара жатады.

— Кетсем бе екен, — деп аңсары ауа керілген Ганин кенет тұнжырай қалды: Людмиланы не істеймін? Аяқ астынан солбырайып қалғанына өзінің күлкісі келді. Бұрын (қолымен жер тіреп жүргенде немесе қатар тұрған бес орындықтан секіріп кете беретін кезде) ол өзін-өзі басқарып қана қоймай, өзінің ерік күшін қылжақ ететін. Ол ерік күшін жаттықтырып, түн ішінде төсектен өзін зорлап тұрғызып, далаға шығып пошта жәшігіне темекі тұқылын тастайтын. Қазір сол әйелге бұдан былай сүймеймін деп айта алар емес. Yш күн бұрын ол осында бес сағат бойы отырып, кеше, жексенбіде онымен бірге Берлин түбіндегі көлде болды. Түкке тұрмайтын сол сапардан бас тарта алмады. Людмиланың бойынан бір жақсылық көре алар емес: модамен қырқылған шашы да, жұқа сүрмеленген қабағы да, ең бастысы — ашық көкке боялған жып -жылтыр ерні де — бәрі, бәрі де жиіркенішті. Төсектегі механикалық махаббат айқасынан кейін киініп жатып, сүйкімсіз түрге еніп кететін көзін сүзіп тұрып: `Білесің бе, сенің маған деген көңілінің салғырт тартқанын бірден біле қоятын мен сондай сезімталмын` дегенде ол одан сайын жиіркеніп, жан дүниесі аңылжып қоя берді. Ганин ештеңе деместен будақтаған ақ түтін жапқан терезеге бұрылып кетті, сонда ол танауымен мырс етіп мыңқылдаған үнмен `Келе ғой...` дегені. Сонда ол оның созылған қолын күтір-күтір сындырып жібергісі, сонан кейін сабырмен ғана: `Осымен жеңіңді тап, сау бол` дегісі келді. Бірақ олай етпестен жымия түсіп, оның құшағына құлай берді. Ал ол болса өзінің сумаңдаған өткір тырнақтарымен мұның кеудесін тырмалап, сонан кейін бейне бір өкпелеп қалған қыздай, немесе тәлпіш бикештей ернін түртитіп, кірпігін жыпылықтатты. Тіпті оның иіс суының өзінен жағымсыз, әбден тозығы жеткен әлдене сезгендей болды. Ал ол бар болғаны жиырма бес жаста ғана. Ганин ернін оның оймақтай жып-жылы маңдайына тигізгенде ол бәрін де, әтір иісіндей әне жер, мына жерге шұбалтып сүйреп жүретін өтірігін де, балалық бәлдір — батпағын да, жасанды қылықтарын да, өзі еш уақытта оқымаған По мен Бодлер дегендерді есі кеткенше жақсы көретінін де ұмытып кететін, ол тіпті немен арбап алсам деген ойын да, модалы сарғылт шашын да, қоңырқай опасын да естен шығаратын да — бүкіл өзінің әлсіз, адам аярлықтай денесімен шалқалап кеп Ганинге жабыса түсетін.

Ол қысыла-қымтырыла осы бір мән — мағынасыз үздігу — баяғыда сусып өтіп кеткен махаббаттың сарқынды жылылығы — ешқандай өсіп — өшусіз оның резеңкедей созылып-жиырылған ерніне жабысып тұрып та, оның ішкі дүниесінен әлдеқандай бір келеке дауыс: `қазір-ақ оны тулақтай лақтырып тастаса қайтер еді?` деп тұрғанын біледі.

Оның иығына жабысып ап, ентіге, құныға сыбырлап `Айтсаңшы енді, сен мені сүйесің бе?` деген сұрағына, ол күрсініп, үнсіз ғана күлімсіреп, алабұртқан жүзіне қарап ештеңе айта алмады. Бірақ оның жүзінен сол баяғы салқындық пен көлеңке ізін байқап — ол тағы да оны еліктірудің амалдарын — сергектікті, өмірді, поэзияны — іске қосып, бірде қорғансыз қызға, енді бірде еркетотай бикешке айналып құбылып бақты. Ганин тағы да тұнжырап алды, ол есік пен терезе арасында ерсілі-қарсылы теңселіп жүр, ал Людмила қалпағын киіп ап, айна арқылы оны бақылап тұр.

Қара жібек көйлек киген, аршын төсті, қарағанға көз керек Клара бикеш өзінің құрбы қызының Ганинмен болып жүргенін, онымен қоймай екеуінің арасындағы махаббат туралы оның әңгімесін естігенде үн-түнсіз отырып қалатын. Клараның ойынша, мұндай сезімдер, құлпырып та көрінбей, скрипка ішегіндей сыңсымай да жасырын жату керек. Ең сұмдығы сонда, құрбысы темекі түтінін танауынан бұрқ-бұрқ еткізіп, көзін сүзіп, адамның үрейін ұшыратын — араларында не болғанын бәрін жіпке тізіп айтып берген кезде Клара түнімен қорқынышты, ұятты түстер көретін. Сондықтан кейінгі кезде өзгелер үшін майлап қойғандай жылтыр `арман` деп аталатын, бірақ бұл үшін аса қастерлі, аса салтанатты ұғымды құрбысы бүлдіріп кетер деп қауіптеніп, одан қашқақтайтын болды.

Ганиннің қашап жасағандай жүзі, қарашығынан ұшқын шашырап тұратын сұрғылт көзі, қатуланған, немесе ұйып тыңдаған кезде тұтасып, оның есесіне анда-санда аппақ тістерін ақсита күлген сәтте қанаттар секілді көтеріліп кететін мойылдай қалың қасы, бәрі де Клараға қатты ұнайтын да, ол отырғанда не айтып, не қойғанын білмей абдырап, бірде құлағын жауып тұрған толқынды шашын сипаған боп, бірде көйлегінің омырауындағы қатпарларды түзеген боп әлекке түсетін. Ганинмен күніне түскі тамақ кезінде ғана кездесетін, тек бір-ақ рет ол Людмиламен бірге Ганиннің кеш сайын капусталы сосиска немесе салқын шошқа етін жейтін лас сыраханада отырғаны бар. Ал еңсені басып тұратын пансионның асханасында, ол Ганинге қарама қарсы отыратын, өйткені қожайын әйел мұнда да тұрғындарды олардың бөлмелерінің орналасу тәртібіне орай жайғастырғандықтан Клара Подтягин мен Горноцветовтардың, ал Ганин Алферов пен Колиннің арасынан орын тепкен. Шүйкедей ғана, дімкәс, әрі әлжуаз Дорн ханым жұртты бір бүйірінен қарап, үстелдің ең соңғы басында соншалықты бейшара кейіпте, анда-санда әбден опаланып әлденеге бәлсінетін де жүретін бишілермен тіл қатысып отыратын. Құлағының мүкістігінен қысылатын ол барынша аз сөйлейтін де, көбінесе қорбаңдаған Эриканың тарелкаларды дер кезінде алып кеп, алып кетуін қадағалайтын. Содан да оның қып-қысқа әжімді қолы, бейне бір жапырақ құсап, ілулі қоңырауға қалқып көтеріліп, қайтадан төмен қонып тыным таппайды.

Дүйсенбіде, екі жарым шамасында, Ганин асханаға кірген кезде, бәрі жиналып қалған екен. Оны көрген Алферов жайдары күліп, орнынан көтеріле берді, бірақ Ганин, желімдей жабысқақ көршісінен безінгендей, қолын созбастан, тек басын изеп, оның қасындағы орнына жайғасты. Омырауына қыстырып қойған орамалды бір қолымен ұстап тамақты сораптап ішіп отырған мұнтаздай таза қарапайым Подтягин қарт пенснесінің жоғары жағынан Ганинге қарап, неге екені белгісіз бір күрсініп қойып сорпасына қайта шүйілді. Ганин бірде, ақтарылып отырған кезінде, Людмила екеуінің арасындағы шытырман махаббат туралы айтқан-ды, енді сонысына өкініп қалды. Оның сол жағындағы көршісі Колин оған аса бір сақтықпен сорпа құйылған тарелкасын беріп жатып ұрлана көз тастады да, құйтырқылана күлімсіреді. Ганин ыңғайсызданып қалды. Сол екі арада қарсы алдындағы Подтягин айтқан сөзге қарсылық көрсеткен қасындағы Алферовтың қырнап қойғандай даусы шәуілдеп қоя берді.

— Босқа балағаттайсыз, Антон Сергеевич. Мәдениетті ел Біздің жаққа мүлде ұқсамайды.

Подтягиннің денесі жалт ете қап, Ганинге бұрылды.

— Құттықтап қойыңыз, бүгін маған шақыру жіберіпті. Тап қазір орденді лентаны тағып ап президенттің өзіне қонаққа барардай боп отырмын.

Оның даусы сондай жағымды естілді: сабырлы, жұп-жұмсақ, ешқандай екпінсіз, қоңырқай. Толық, жұп-жұмыр жүзді, дәл астындағы ернінің астында ақ бурыл ата сақалы бар, иегі күнге күйгендей қоңырқай да, ал күлкі жүгіргендей әжімдері ақылды көздерінен алыстап барып тоқтаған. Қырынан қарасаң ол ағарып кеткен үлкен теңіз шошқасына ұқсайды.

— Өте қуаныштымын, — деді Ганин — Қашан жүресіз?

Бірақ Алферов қартқа жауап қатуға үлгерткен жоқ, секіріп тұратын үлкен жұтқыншақты, жіп-жіңішке, сарғылт шашты мойнын әдеттегідей бір бұрып қойып:

— Мен сізге осында қалуға кеңес берем. Бұл жердің несі жаман? Бұл жер тіп-тік жол. Франция — бұралаң, біздің Ресей — құйтырқы сызық. Маған осы жер өте ұнайды: жұмыс істеуге де болады, көшесімен де еркін жүресің. Математикалық түрде дәлелдей алам, басқа жерде тұрғыңыз келсе...

— Бірақ мен сізге айтып отырмын ғой, — Подтягин сыпайы ғана болып кетті, — тау-тау қағаздар, табыт-табыт картондар, шеті-шегі жоқ папкілер. Соларды көтере алмай сөрелердің белі қайысып тұр. Полиция шенеунігі менің аты-жөнімді тапқанша сүмектеген қара терге түсті. Сіз көзіңізге елестете алмайсыз (осыны айтқанда Подтягин басын жалбарынғандай шайқап қойды), адам бұл жерден шақыру рұқсатын алу үшін қаншама азап көреді десеңізші. Тек бланктердің қаншасын толтырдым. Бүгін — шақыру қағазын қолыма ұстата салар деп ойладым... Қайдан... Суретке түсуге жіберді, ал сурет кешке ғана дайын болады.

— Өте дұрыс. — Алферов басын изеді, — тәртіпті елде солай болуға тиіс. Бұл жерде Ресейдің былығы жоқ. Сіз, мәселен сыртқы есіктегі жазуға көңіл аудардыңыз ба? `Тек мырзалар үшін`. Тамаша ғой. Жалпы айтқанда, біздің еліміз бен осы елдің айырмашылығын былай бейнелеген дұрыс: алдымен құйтырқы сызықты, сонан кейін осы жерді еске алыңыз...

Ганин одан әрі тыңдамастан, қарсы алдындағы Клараға:

— Кеше Людмила Борисовна менен, сіз қызметіңізден оралған бойда маған телефон соқсын деген өтінішімді жеткізіңіз деген еді.

Клара абыржып қалды: `Ол туралы қалай ғана жайбарақат айта салады... Менің білетінімді біледі ғой...`

Әдеп жолымен ол:

— Сіз оны кеше көрдіңіз бе, — деп сұрады.

Ганин таң қала қабағын керді де, тамағын жей берді.

— Мен сіздің геометрияңызды онша түсінбеймін, — деді нанның қабығын бәкісімен баппен тазалап, ұнтағын алақанына түсіріп отырған Подтягин баяу ғана. Қартайған көп ақындардай ол кәдімгі қарапайым логикаға көбірек сүйенетін.

— Неге олай, айдай анық емес пе? — деді Алферов қызбаланып, — ойлап көріңізші...

— Түсінбеймін, — деді Подтягин нықтап, сонан кейін басын сәл шалқайтып жіберді де нан ұнтақтарын аузына салды. Алферов таңданып қолын жайып Ганиннің стақанын құлатып алды.

— Кешіріңіз!..

— Бос, — деді Ганин.

— Сіз математик емессіз, Антон Сергеевич, — Алферов сөзін асығыс — үсігіс жалғастырды.

— Ал мен сан мен цифрлар арасында, әткеншек тепкендей ғұмыр бойы теңселдім. Мен кейде әйеліме айтатынмын: Мен математикпін, ал сен `мать-и-мачехасын` деп.

Горноцветов пен Колин шиқылдап ұзақ күлді. Дорн ханым селк ете түсіп, екеуіне үрейлене қарады.

— Бір сөзбен айтқанда: цифр мен гүл, — деді Ганин қатқыл үнмен. Клара ғана жымиды. Стақанына су құйып жатқан Ганиннің қимылына бәрі де қарап қалды.

— Сіз дұрыс айтасыз, нәзік гүл, — деді даусын созып Алферов, көршілерін алақтаған көзімен бір шолып өтіп.

Оның осы жылдардың азабына төтеп бергеніне таңғалам. Ол мұнда гүлдей құлпырып, көңілді қалыпта келетініне сенімдімін... Антон Сергеевич, сіз — ақынсыз ғой, әйел нәзіктігі, ғажайып орыс әйелінің нәзіктігі кез келген төңкерістерден күшті екенін, қандай бір тауқыметтерден, террорлардан аман өтетінін суреттеп жазыңызшы...

Колин Ганиннің құлағына сыбырлады:

— Міне, ол тағы да... кеше де тек әйелі туралы ғана әңгіме болды...

`Бозымбай-ай, — деп ойлады Ганин Алферовтың селтеңдеген сақалына қарап, — әйелі бір жүрісті әйел болса керек... Мұндай адамның көзіне шөп салмау — күнә...`

— Бүгін — қой еті, — деді кенет Лидия Николаевна тұрғындардың тағамды ықылассыз жеп отырғандарына қарап қатқыл дауыспен. Алферов неге екені белгісіз бір иіліп, жалғастыра берді:

— Қарашығым, мұндай тақырып қолға түсе бермейді. (Подтягин жайлап басын шайқады). Сіз менің әйелімді көрген кезде, менің не айтқым келгенін, түсінесіз... Айтпақшы, ол поэзияны өте жақсы көреді. Пікірлесесіз. Мен тағы да сізге айтамын...

Колин, Алферовқа көзінің қырымен ғана қарап, үстелді тоқылдатып отырды. Горноцветов досының саусақтарына көз салып үнсіз ұзақ күлді.

— Ең бастысы, — деді Алферов тоқтаусыз: — Ресей — бітті ғой. Оны қара тақтаға салынған бет-бейнені дымқыл шүберекпен қалай сүртсе, солай сүртіп тастады...

— Алайда... — Ганин мырс етті.

— Тыңдағым келмейді, Лев Глебович.

— Тыңдағым келмейді, бірақ кедергі жасамаймын, Алексей Иванович.

— Ал сіз не істеу керек дейсіз, — мүмкін...

— Мырзалар, — Подтягин өзінің жұмсақ, сыбырлап шығатын даусымен бөліп жіберді, — саясатты қояйық. Саясат не керек?

— Не болғанда да мына Алферов қателеседі, — Клара кенет сөзге қосылып, шашын жөндеп қойды.

— Сіздің әйеліңіз сенбіде келеді ме? — Колин, үстел басындағылар түгел еститіндей сұрақ қойды, Горноцветов орамалмен аузын басып, мырс етті.

— Сенбіде, — деді Алферов, тарелкедегі тамағын тауыспастан жылжыта салды. Дау күтіп ұшқындап тұрған оның көзі бірден сөніп қалды.

— Сіз білесіз бе, Лидия Николаевна, — деді ол, — кеше біз Глеб Львович екеуміз лифтіде тұрып қалдық.

— Компот, — деді Дорн ханым, — алмұрттың.

Бишілер қарқылдап күлді. Эрика, үстел басында отырғандарды шынтағының сыртымен итере-митере тарелкаларды жинай бастады. Ганин орамалды мұқият орап, шығыршыққа кіргізді де, орнынан тұрды. Тәтті тағамдарға қарамады.

— Әбден іш пысты-ау... — деді өз бөлмесіне кеп, ойға батып. Енді не істеймін? Қыдырып қайтсам ба екен?..

Оның бұл күні де, арман-үміті жоқ, соншалықты солғын, соншалықты талғамсыз өтті. Әрекетсіздік оны езіп барады, ал іс жоқ. Константинопольде ағылшын лейтенантынан бір фунтқа сатып алған көне макинтошының жағасын көтеріп, қалтасына салған қолдарын тастай түйіп, асықпай, баяу ғана қол шатырлардың қара күмбездері жылжып ағып жатқан сәуір айындағы сұрғылт көшені кезіп, пароход қоғамы витринасындағы ғажайып `Мавритания` моделіне, нән картадағы екі құрлықты жалғастырып тұрған қызылды-жасылды жолақтарға ұзақ қарады. Арғы түкпірінде тропикалық тоғайдың суреті көрінеді, — сұрғылт-қоңырқай аспан астындағы шоколад түстес пальмалар.

Ол үлкен терезенің алдында, бір сағаттай кофе ішіп өткен-кеткендерге қарап отырды. Үйге оралған соң, қолына кітап алды, бірақ кітаптағы айтылар әңгіме оған сондай жат, сондай орашолақ болып көрінді де, оның келесі бір сөйлемін аяқтамастан тастай салды. Ол не істеу керектігін шеше алмастан үстел басында қақшиып отырды да қойды: орнынан қозғалу керек пе? Әлде қолын жуу үшін тұрған жөн бе, жоқ әлде терезе ашқаны дұрыс па, ал терезе сыртында бұлыңғыр күн ымыртқа ұласып бара жатты... Осы бір азапты да ауыр көңіл-күй, біздің әдетте ұйқыдан оянған кезде, айқасқан кірпігімізді аша алмай әуреге түсіп, абыржыған сәттерімізге көбірек ұқсайды. Міне, бөлме ішін жайлап толтыра бастаған қою ымырт оны да қалың тұманға айналдырып барады, енді онда ымырттың әзәзілдікті жеңетін күш қалмаған секілді. Оның бойы мүлде қауқарсыз, өйткені онда мақсат та қалмаған еді. Ол, ең алдымен сол мақсатты таба алмай азапқа түсті. Ол өз еркін тіпті қолын созып шамды жағып жіберуге көндіре алар емес. Осы бір түкке алғысыз қимылдың өзін жүзеге асыру ақылға симайтындай қиын боп тұр. Оның осы бір сұрықсыз көңіл-күйін ештеңе селт еткізер емес, ойы үзік-үзік, жүрегі баяу ғана соғады, іш киімі денесіне жабысып қалған. Бірде ол осы бір бұлыңғыр қарым-қатынасты қою керек деп Людмилаға дәл қазір хат жазғысы келсе, енді бірде кешке қарай кинематографияға бару керектігі есіне түседі. Бәрінен де бұған хат жазғаннан гөрі, бүгінгі кездесуден бас тартып телефон соғу әлдеқайда қиын сияқты, өйткені ол алдыңғысын да, кейінгісін де орындай алмайды.

Ол қаншама рет ант-су ішіп, күні ертең ат құйрығын кессем деп, ол үшін тіпті қажетті сөздер де сайлап қойды, бірақ оның қолын қысып қоштасып, баппен бөлмеден шығып бара жатқан ең соңғы минөтті көз алдына елестете алмайды. Осы бір сәт, — бұрылып, шығып кету — ақылға сияр емес. Ол дегеніне жетпей қоймайтын, алатынын алатын адамдардың сойынан еді, бірақ ол бас тартуға, қашып кетуге қабілетсіз болатын. Оның ішкі әлемінде ар-ождан мен аяушылық сезімдері мидай араласып, басқа бір кездерде кез келген әрекетке, кез келген шығармашылық ерлікке дайын осы бір жанның еркін мүлде тұмандандырып жіберіп еді. Әдетте ол кез келген іске, бәрін жеңіп, бәріне жету үшін, қуана, құлшына кірісіп, оны опырып жіберетін.

Людмиламен үш ай бойғы кездесуін біржола кесіп тастау үшін қандай ішкі сілкініс керек екенін білмесе, дәл сол сияқты осы сәтте де орындықтан қалай тұрып кетуді білер емес. Оның осы бір қызық дәурені ұзаққа созылған жоқ, құлай жығылған сол бір сәтте Людмила арбап алатын бұлыңғыр тұман ішінде тұрғандай еді, сол бір сәт, — үстелден тұрып есептесу үшін буфетке баратындай — кәдімгі күйбең тіршілікпен жүрген біздерді, кенет шалқып ойналған музыка сияқты жерден жұлып ап көкке бір-ақ шырқатып жіберген сәттей болған, — ондай сәт біздің үйреншікті қимыл — қозғалысымызды ішкі құйынды биге, ерен де мәңгілік серпіліске айналдырып жібермеуші ме еді.

Ол музыка қараңғы таксомотордың солқылдаған еденінің үстінде, оған Людмила жанымен де тәнімен де берілгеннен кейін-ақ бірден тына қалған, — желкесіне түсіп кеткен қалпағын жөндеп жатқан әйел, терезеден жалт ете түсетін оттар, алдыңғы әйнектен қарауытып көрінетін шофердің тұлғасы.

Енді сол түн ішін құйтырқы алдап-арбаумен есептесіп, сол түнді ешқандай жігерсіз, үнсіз созып, дәл қазір бөлменің бүкіл қуыс-қуысын кілкітіп толтырып алған, жиһаздарды бұлттарға айналдырып жіберген жылжыған көлеңкеге мойынсыну ғана қалды. Ол бейне бір мүлгіген тұманға айналып кеткендей, жансызданып қалған аяғын үстел астына орашолақ созып, маңдайын алақанымен тіреп алыпты.

* * *

Кинематографияда адам көп, қапырық екен. Экраннан әлеміш жарнамалар, рояльдар, көйлектер, иіс сулар музыкасыз, үнсіз ұзақ көрсетілді. Ақырында оркестр ойналып, драма да басталды-ау.

Людмила айрықша көңілді еді. Ол Клараны бірге барайық деп өзі шақырған, өйткені оған Ганиннің ұнайтынын білетін, енді, міне, бір жағынан Клараның алдында онымен ашына екенін бір көрсетіп мақтанудың, екінші жағынан оған да, өзіне де рақат сыйлаудың сәті түсті. Ганиннің сенбі күні кететінін білетіндіктен, Клара келуге уәде берген, солай бола тұра Клараның бір таңғалғаны — Людмила өзін ол жайлы түк білмейтіндей, немесе онымен бірге кететінін жорта айтпай жүргендей ұстайды.

Екеуінің арасында отырған Ганиннің жыны құрысты, өйткені көп-көп әйелдер сияқты Людмила да кино жүріп жатқан кезде Ганиннің тізесінің үстінен құрбысына еңкейіп қайдағы бір әңгімелерді соғады, еңкейген сайын ол жақтырмайтын жағымсыз әтір иісі танауын жарып мүңк ете түседі. Солай бола тұра, картина еліктіріп алып кететін қызықты екен.

— Людмила Борисовна, — деді шыдай алмастан Ганин, — сыбырды доғарыңыз. Артымыздағы неміс ашуланып жатыр.

Ол оған қараңғыда жалт қарап, шалқайып отырды да экранға көз тікті.

— Түк те түсінер емеспін, түкке алғысыз бірдеңе.

— Сыбырласпауыңыз керек еді, — деді Ганин. — Ештеңе түсінбегеніңіз мақтанарлық емес.

Экранда жалт-жұлт еткен шұғыл қозғалыстар өтіп жатыр, кәдімгі өмірде өз еркінен тыс кісі өлтіріп алған примадонна енді операда қылмыскер рөлін ойнап жатыр, сол сорақы оқиғаны есіне алды да, көзі алақандай боп алайып сахнаға етпетінен құлап түсті. Баяу қалқып кеп театр залы көрсетілді, көрермендер қол шапалақтап, естері шығып орындарынан тұрып кетті. Кенет Ганиннің көз алдына әрі бұлыңғыр, әрі өте таныс бір елес тұра қалды. Ол көзді жейтін көгілдір сырмен боялған, қалай болса солай құрастырылған орындықтар мен ложаларды, бейне бір періштелер секілді, түу сонау биікте бір бөренеден екінші бөренеге өтіп, әрі салғырт, әрі марғау қозғалған жұмысшыларды, сондай-ақ картинаның жалпы мазмұнына қатысты түсірілу үшін алып сарайға қамалған бір полк дерлік ресейліктерге қадалған көз қарықтыратын юпитерлерді ойына түсірді. Ол әрі көне, әрі қызық етіп тігілген киім киген жастарды, қызылды-жасылды гримденген әйелдер мен қуғын сүргінге түскен қауқарсыз шалдарды, фонды толтыру үшін ең түкпірге жайғастырылған ажарсыз қыздарды есіне алды. Енді, міне, сол суық сарай экранда мұнтаздай театрға, шыт мата-барқытқа, бейшаралар тобыры — театр көрермендеріне айналыпты. Ол зер сала үңіле қарап сол адамдардың арасынан қол шапалақтап отырған өзін танып жерге кірердей ұялды да, тағы да ешқандай да примадоннасы жоқ, тек әлде бір тақта үстіндегі шамдардың арасында, қолындағы рупорға тамағы жыртылғанша айқайлаған пиджаксыз толық бір сары адамға қарап, бейне бір шын сахна көріп тұрғандай ұмсына