23 Қараша, Сенбі

Әдебиет

Владимир Набоков
Владимир Владимирович Набоков (бүркеншік аты: Владимир Сирин ; 1899 ж - 1977 ж) - орыс және американ жазушысы, ақын, аудармашы, әдебиет сыншысы

Қапас құрсауы






1925 жылдың шамасында бүкіл жарық дүниеге сүйкімді қызық бір тіршілік иесінің бейнесі кеңінен тарады, — ол тіршілік иесі қазір ұмыт болды деуге болады, бірақ ол кезде, яғни үш-төрт жыл қатарынан Аляскадан Патогонияға, Маньчжуриядан Жаңа Зеландияға, Лапландиядан қайырымды Үміт мүйісіне дейін, біз сөзбен айтқанда, қай жерде гүлді открыткалар шықса, сол жердің бәрінде әдемі Сһееру` деген аты бар тіршілік иесі тарап жатты.

Оның шығу тегі вивисекция (тірі жәндікті сүю) мәселесімен байланысты дейді. Нью-Йоркте тұратын суретші Роберт Горн бірде өзінің кездейсоқ танысы жас физиологпен бірге тамақтанып отырады. Әңгіме желісі тірі аңдарға келіп тіреледі. Әлі лабораториялық зұлымдықтарға бой үйрете қоймаған, әсершіл физиолог, бұл ғылым адам баласының бойында өзінің болмыс-бітімімен, жан жылуымен, еркелігімен сүйіспеншілік тудыратын хайуанаттарға да зымиян қаталдықтар көрсетіп қана қоймайды, сол бір сәтте ашкөз есірік құмарлыққа түседі, — тірідей теуіп-соғып, қажеті жоқ болса да, кескілеп-турап тастайды деген ой айтты. `Сіз білесіз бе, — деді ол Горнге, — журналдарға әдемі, әсерлі суреттер салып жүрсіз; одан да сіз, азапты өмір сүріп жүрген бір құйтақандай аң туралы, мәселен, теңіз шошқасы туралы сурет салыңыз да, оны модалар толқынына қоя беріңіз. Ол картинаға шошқа мен лаборатория арасындағы қасіретті байланысты ишаралап болсын жеткізетін сөз ойлап табыңыз. Менің ойымша, өте бір қызық, айрықша бейне дүниеге келген болар еді, оған қоса шошқаны моданың үлдесі мен бүлдесіне орап көрсетсе, онда сол бір сүйкімді мақұлықтың басына төнген қауіп жұрттың көңілін аударған болар еді`. `Білмеймін, — деп жауап берді Горн, — олар маған егеуқұйрықты еске түсіреді. Оларды қояйық. Қандауыр астында шыңғырып жата берсін`. Бірақ осы әңгімеден соң бір айдан кейін Горн түрлі-түсті журнал баспасының өтінішімен сериялық картиналар үшін тақырып іздеп жүріп сезімтал физиологтың кеңесін есіне түсірді, — сол кеште оп-оңай, өте тез Чипи деген теңіз шошқасы дүниеге келе қалды. Ол сурет жұрттың көңілін бірден аударды, тек көңілін аударып қана қойған жоқ, — оның жылтыраған моншақ көзі, домаланған түрі, толық бөксесі мен жылмағай маңдайы, саршұнақ құсап артқы екі аяғымен тұрғаны, қара, қоңыр, айқынды секпілдері, — ең бастысы — көзге көріне бермейтін тартымдылығы — тұрысымен-ақ күлкі шақыратын, фантастикалық, бірақ қарапайым бейнесі жұртты жаулап алып еді, — өйткені Горн ол мақұлықтың болмысынан карикатуралық сызықтар таба білген-ді, ол сызықтар оның бойындағы ойнақылықты, айрықша бөліп көрсетіп қана қоймай, адам бейнесіне жақындатқан еді. Басталды да кетті: кеміргіштің бас сүйегін алақанына сап көтеpiп тұрған Чипи (этикеткасында Cavia cobaia` деген жазу бар) және `Байғұс Йорк` деп айқайлап тұр; Чипи гимнастика жасамақ боп қарнымен лаборатория үстелінің үстінде жатыр, — аяқтарын желкесіне жіберген (оның артқы аяқтары қаншама жетістіктерге жеткенін байқап көр) Чипи тік тұрған қалпы өте бір жіңішке қайшымен тырнақтарын алуда, — ал айналасында ланцет, мақта, инелер, таспалар... жатыр. Көп ұзамай-ақ операциялық ишаралар мүлде айналыстан шығып қалды да, Чипи басқа ортада, мүлде басқа жағдайда пайда бола бастады — чарльстон билеп жүр, рақаттанып күнге күйіп жатыр т.т. Горн репродукциялардан, гүлді открыткалардан, фильмдік суреттерден, сондай-ақ Чипидің үш өлшемдік бейнелерінен шұғыл байи бастады, өйткені Чипи сияқты пүліш, шүберек, ағаш, саз балшықты мақұлықтар қаптап кетті. Бір жыл ішінде оны бүкіл әлем танып болды. Физиолог жұртқа теңіз шошқасы туралы бұл идеяны Горнға мен бердім деп жүрді, бірақ оған ешкім сенген жоқ, сонан кейін ол бұл әңгімені айтуды доғарды.

1928 жылдын басында Берлиндегі кескіндеме өнерінің білгірі, дүние жаңалығына құлағы түрік, бірақ көп көзге түсе қоймаған Бруно Кречмарға түкке алғысыз, дәлірек айтқанда ақымақтық бір іске эксперт болуға тура келді. Жұрт аузынан түспей жүрген суретші Көк фильм артисі Дорианна Каренинаның портретін салды. Жеке кремдер фирмасы одан өзінің ерін помадасы үшін жарнамаға оның портретінің көшірмесін пайдалану құқығына ие болды.

Портретте Дорианна өзінің жалаңаш иығына үлкен пүліш Чипиді қыса құшақтап тұр. Горн Нью-Йоркте оны бірден сотқа берді.

Бұл істің, шынын айтқанда, маңыздылығы бір-ақ нәрсе еді — көбірек шу шығару: картина мен актриса туралы жазып, помаданы сатып алып жатты, бұл іс жұрт көңілі бәсеңси бастаған Чипиге деген ынтызарлықты қайта қоздырып, енді Горн оны қолына гүл ұстатып, көзін төмен сап мұңайған кейіпте, `Noli me tangepe` (Маған тиіспе) деген жазумен салатын болды. `Бұл Горн өзінің аңын қатты жақсы көретін болу керек`, — деді Кречмар жағасының астындағы терісі қатпарланып жүретін, толық денелі, мейірімді жан Макс балдызына. `Сен не, оны жақын білесің бе?` — деді Макс. `Жоқ, мен оны қайдан білейін. Ол Америкада тұрады. Егер ол жарнамаға қарайтын жандардың жанары әйелден гөрі аңға көбірек қадалатынын дәлелдей алса, онда ол бұл істе жеңіп шығады`, — деді. — `Қандай істі?` — деп сұрады Кречмардың әйелі Аннелиза.

Әбден иі қанған іс туралы бөстекі сұрақ қоя салу ол әйелдің қанына сіңген әдет, ол әдет көңіл аудармаудан емес, ақыл-ойдың тозғанынан пайда болған. Мұндай алаңғасар сұрақ бере тұрып, Аннелиза оның жауабын біліп тұрады. Күйеуі әйелінің ол әдетін жақсы білетіндіктен, оған онша көп ренжи қоймайтын да, жауап берместен тек сәл ғана күлген боп сөзін жалғастыра беретін, ақырында күткендегідей боп шығады, — әйелі өз сұрағына өзі жауап береді. Бірақ бұл жолы, сол бір наурыз күні, бір апта бойы азапқа сап, біртүрлі құпия қиналысқа түскенінен бе, Кречмар шарт кетті. `Сен немене, айдан түстің бе?` — деп айқай салды, ал әйелі қолын бір сілтеп: `Иә, есіме түсті. Асықпау керек, балам, асықпау керек`, — деп, шоколад кремін бұралақтап соғып жатқан сегіз жасар қызымен болып кетті. `Заң тұрғысынан қарасақ...`, — деді Макс сигарасын бұрқ еткізіп. Кречмар ойланып қалды: `Горнда, Макстың ой-пікірінде, шоколад кремінде менің не шаруам бар. Мен осы әлдененің ығында кетіп бара жатқандаймын. Тоқтау керек, өзімді қолға алуым керек...`

Адам сенбестей оқиға, — үйленгелі тоғыз жыл ішінде Кречмар бір де бір рет әйелінің көзіне шөп салған емес, дәлірек айтқанда тән қатынасына бармаған. `Шынына келсек, — деп ойлады ол, — Аннелизаға айту керек пе, әлде ештеңе айтпау керек пе, онымен бірге Берлиннен уақытша кеткен дұрыс па, жоқ әлде гипнотизерге барамыз ба, не болғанда да жоқ ету керек, тамырынан қию керек...` Бірақ бұл түкке тұрмайтын ой еді. Саған ұнағаны үшін ғана `браунинги` алып, оны атып жіберуге болмайды ғой.

Өзінің ажарлы түр-тұрпатына, ақжарқын мінезіне, көгілдір томпақ жанарындағы отты ұшқынға, бейнелеп сөйлейтіндігіне (сәл-пәл тұтығатын да, онысы оның сөздерін тіпті тартымды етіп жіберетін), тіпті әкесінен мұраға қалған жер мен ақшаға қарамастан Кречмардың махаббаттан жолы болмады. Студент жылдарында ол кексе бір әйелмен көңіл қосып жүрді, кейіннен соғыс жылдарында ол әйел майдандағы оған шұлықтар, күпәйке және бұжыр-сары қағазға жазылған түсінуі қиындау ұзақ, ындын-ықыласты хаттар салып тұратын. Сонан кейін бір дәрігердің әп-әдемі, нәзік, томаға-тұйық әйелімен байланыста болды, бірақ оның жүйке ауруы болып шықты. Сонан кейін Бад-Гамбургте тістері аппақ бір орыс әйелімен таныс-біліс болды да, бір күні кеште ол кенет `менің тістерім алмалы-салмалы, оны мен түнде алып тастаймын. Сенбесеңіз қазір көрсете алам`, — деді. `Керегі жоқ, не үшін`, — деп күбірлеген Кречмар, келесі күні кетіп қалды. Ақырында, Берлинде, оған аптасына үш рет келіп түнеп кететін, жабысқақ, ажарсыз бір әйел болды. Ол өзінің өткен өмір туралы бүге-шігесіне дейін қалдырмай, бір оқиғаға қайта-қайта оралып, оның құшағына кіріп ап, француздың `С` est la vie`, — деген сөзін жиі-жиі аузына aп, күрсіне түсіп ұзақ әңгіме соғатын.

Осы бір сәтсіз, солғын романдардың арасында өзі армандаған, бірақ танысуға жолы түспеген, орны толмайтын азапты әсер қалдырып әйелдердің қаншасы өтіп кетті десеңші!

Ол үйленгенде оған деген махаббат түгілі, кішкентай бір толқыныс та болған жоқ: ол бір көрмекке әп-әжептәуір, ақшыл шашты, нұрсыз жанарлы, мұрнының дәл үстінде безеуі бар театр антрепренерінің қызы еді, — терісінің нәзіктігі сонша, сәл ғана тиіп кетсең-ақ онда қанталаған із қалатын. Қалай үйленіп қалғанына өзі де жөнді түсінбейді — оған, сөз жоқ, онымен, ағасымен, Понтрезинада аяғын сындырып алған палуан денелі оның әпкесімен бірге тауға жиі-жиі шығып тұрғаны ықпал етті. Аннелизаның бойынан сылқ-сылқ күлген кезде сүйкімді бір қылық өзіне тартып тұратын. Берлиндегі таныстардың көптігінен қашып, олардың некесі Мюнхенде қиылды. Талшын гүлдеген кез. Қонақ үйдегі бір малай сегіз тілде сөйлей алады екен. Әйелінің жіңішке сызаты бар — соқыр ішектің орны.Ол мінезі жұмсак, көнбіс, момын еді, тек анда-санда ұстамасы ұстап кететіндей ала құйын ындын құштарлығы басталатын да, Кречмар басқа әйелдерге көз салмай қоятын. Көп ұзамай ол екіқабат болды да, жерігін баса алмай, ешкім жоқ кезде бақтағы шарбақтардың үстінде скамейкалардың арқалығына қонған ақ қарды уыстап қарпып асап-асап алатын. Ол оған ыстық ықылас көрсетіп, асты-үстіне түсіп бақты, — ертерек жатуын, шалт қимылдап қалмауын қадағалады, — түнемелікке оның түсіне жап-жас жартылай жалаңаш әйелдер мен қаңырап жатқан жағажайлар кіріп, әйелі үстіме түсіп қала ма деген қорқыныштан оянып кетеді. Таңертең Аннелиза айна алдында өзінің томпайған қарнына қарап, көңілі тоғайып, жұмбақ күлімдеп қоятын. Ақырында, оны емханаға алып кетті де Кречмер үш апта бойы жалғыз қап, өзін қоярға жер таппай аласұрып, екі нәрседен өлгенше қорықты, — әйелім өліп қалады-ау деген ойдан, егер осыншалықты қорқақ болмасам, бір бардан әйел алып кеп жатын бөлмеме кіргізер едім деген ойдан.

Оның толғағы ауыр болды. Кречмер аурухананың ұзын ақ дәлізінің бойымен әрі-бері жүрді де қойды, кейде темекі тартуға дәретханаға барады да, кілең оны ығыстырып тастағысы келетін, қасынан сусылдап олай-бұлай өтетін медбикелерге ызаланып тағы тұрып кетеді. Ақырында әйелінің палатасынан бір медбике шықты да: `Бәрі бітті`, — деді. Кречмардың көз алдына әбден тозған кинематографис ленталарындағы алабажақ сызықтар сияқты, қара жаңбыр пайда болды. Ол палатаға кіріп барды. Сөйтсе, Аннелиза сәтімен босаныпты. Алғашқы кезде нәресте, желі шыға бастаған, ауа үрленген шар сияқты қып-қызыл әжім-әжім болды. Көп ұзамай ол ет алып, бір жылдан кейін тілі шыға бастады.

Енді сегіз жыл өткен соң ол шешесінің момындығына тартып әлдеқайда аз сөйлейтін болды, — көңілденсе де шешесі сияқты көңілденеді, — айрықша, адамды ығыр етпейтін көңілділік, бейне бір адам өз қуанышы өзінде боп, өзінің тіршілігін қанағат етіп көңіл көтеретіндей.

Осы жылдар ішінде Кречмар әйеліне адал болды. Ол адамды қаншалықты сүю керек болса, әйелімді де сол сияқты берік және іңкәрлікпен сүйем дей тұра, өзінің екіжүзділігіне таңғалды, кейде нақты әрекетке бармаса да, жас сұлу аруларды құшағына ап құшырлана құшқысы кеп кететін-ді. Кречмар әйелімен ашық сөйлесетін: әйелі оның жіберетін де, келетін де хаттарын түгел оқитын, өйткені ол сондай көрсеқызар еді, аукциондық картиналармен, экспертизалармен, көрмелермен байланысты оның кездейсоқ істерінің бәрін сұрап-біліп отыратын, — сонан кейін өзі жауап беретін сұрақтар қоятын. Шетелдерге, Италияға, Францияға шықкан сәтті сапарлар, Ирманың ауырып қалған сәттері болды. Сондай- ақ әйелі екеуі балконда отырып күтіп алатын қоңыржай кештер де болды, сондай кездерде ол осындай бақытқа лайықтымын ба деп ойлайтын. Үстіне шаң қондырмаған, кемеліне келген тыныш, бірқалыпты жылдар ішінде, қырықты алқымдап қалған тұста, Кречмар кенет өзіне қарай айрықша, бас айналдырып есті шығаратын, сонау бір жасөспірім кезінде қалып қойган сезім толқыны келе жатқанын байқады.

Бірде наурызда (теңіз шошқасы туралы әңгімеге дейін бір апта бұрын) Кречмар бір шаруамен танысына сағат онда жолығу үшін жаяулап дәмханаға бара жатты да, сағаттың әлі сегіз жарым екенін байқады. Қаланың бір шетіндегі үйіне қайту мүмкін емес, дәмханада бір жарым сағат бойы отырып, айқай-шулы музыка тыңдау да, көзінің астымен біреулердің нақсүйерлерін аңду да оған онша ұнай қоймады. Көшенің қарсы бетінде ақ қарға қызыл жарығын төгіп шағын ғана кинематографтың қызыл шамдары жанып тұр. Кречмар жарнаманы шолып өтті де (сары шашты әйелді көтерген өрт сөндіруші) билет алды. Кинематографты ол қатты құрметтейтін, тіпті кезінде осы салада өзі де бірдеңе атқарып тастағысы келген, — Рембранд, немесе Гойя негізінде фильмдер түсіру. Барқыттай жұмсақ қараңғы залға кірген бойда (бір сеанс аяқталуға жақын қалыпы) оған қарай электр қол шамы тез жылжып келді де, оны қараңғы бір түпкірге апарып жайғастырды. Оның қолындағы билетке жарық түскен сәтте, шам ұстаған қыздың жүзін аңлап қалды да, сонан кейін оның соңынан ерген кезде сыртқы тұлғасын еміс-еміс қана байқап, жүрісінен самал желдің лебін сезінгендей болды. Ортадағы қатарлардың шетіне отырып жатып, ол қызға тағы қарап, арбалды да қалды, — шам жарығы түскен жанардағы жарқ-жұрқ еткен ұшқын, өте ұлы шеберлер ғана дүниеге келтіретін қара фонда балқып, еріп тұратын келісті келбет. Ол кейін шегініп қараңғылыққа сіңіп кетті де, Кречмардың көңілі аңылжып қоя берді. Экранға қарау өзінің мәнін жоғалтты — бұл білмейтін бір оқиғаның түсініксіз түйіні шешілейін деп жатыр екен (иықты келген біреу шегініп бара жатқан әйелге төніп қапты). Егер картинаны басынан бастап қараса, осы бір түсініксіз персонаждар мен осы бір түсініксіз әрекеттер әрі түсінікті, әрі мүлде басқаша қабылданар еді деп ойлаудың өзі қызық еді.

Рояль ойнауын тоқтатып, залға жарық түскенде ол оны тағы көрді: жаңа ғана өзі ысырып тастаған пердеге тиер-тимес боп шығар есіктің алдында тұр екен, айран түстес жарыққа тоғайған адамдар оның қасынан өтіп бара жатты. Бір қолын оюлы алжапқышының қалтасына салып алыпты. Кречмар оның жүзіне бір түрлі үрейлене қарады. Азапқа түсіретін ғажап жүз. Шаршап-шалдыққан тұр. Он бес, он алтылар шамасындағы қыз.

Сонан кейін зал босап, басқа адамдар кіре бастады, ол оның жанынан тағы да бірнеше рет өтті, жақыннан тіпті әдемі боп көрінеді. Ол жүзін бұрып жан-жағына қарады, өйткені оған көз тігіп отыру тым ауыр еді, ғұмырында оның қасынан қаншама сұлулықтар өтіп, ізі-қайым жоғалғанын есіне алып отыр.

Экранға қадала қарап қараңғыда жарты сағаттай отырды. Оған перденің етегін түрді. `Қарап ал!` — деді ол өзіне-өзі ызалана. Қыздың ерні сәл ғана дір ете түскендей болды. Ол пердені түсірді. Кречмар сыртқа шығып қызыл шалшықты басып қалды, — қар еріп жатыр, жып-жылы жел соққан сұрғылт түн.

Үш күннен кейін ол шыдай алмастан ұяла қысылып, сонымен бірге кеудесін бұлыңғыр бір мақтаныш көріп, ол тағы да `Аргусқа` бет алды, тағы да сеанстың соңына таман барыпты. Бәрі де алғашқыдай болды: ұзынша жанар, жел, қараңғылық, пердені сілкіп ашатын қолдың қылықты қимылы. `Нағыз Донжуан онымен бүгін танысар еді`, — деп ойлады Кречмар. Экранда теңіз шошқасы Чипи орыс балетін ойнаған боп бұраң-бұраң етеді. Сонан кейін `Шие гүлдегенде` деген жапон картинасы басталды. Кречмар шығып бара жатып, мені білесің бе, деп сұрағысы келді.

Көзімен көзі кездеспеді. Жаңбыр жауып, асфальт қып-қызыл боп жарқырайды.

Егер ол бұрын жасамаған нәрсесін жасаса, — жарқ ете қалған сұлулықты ұстап қалуға әрекет етіп, тағдырдың өзіне күш көрсетпесе, — онда ол `Аргусқа` бармас еді де, өзін дер кезінде ауыздықтаған болар еді.

Енді бәрі кеш. Үшінші барғанында ол оған күлімсіреп қарағысы келді де, бірақ жүрегінің алып-ұшып кеткені сонша, өзін-өзі игере алмай, сол сәтті өткізіп алды. Келесі күні түскі тамаққа балдызы келіп, Горнның ісі сөз боп, қызы шоколад кремін бұралақтап жеп, әйелі орынсыз сұрақ қойды. `Сен немене, аспаннан түстің бе?` — деп дүңк ете түсіп, ашуын сылап-сипап жіберу үшін күлімсіреген болды. Түскі тамақтан кейін ол кең диванда әйелімен қатар отырып aп, өзінің қайта-қайта сүюімен оған `Die Damerei` қарауға кесір жасап, іштей ойлап қояды: `Бос былжырақ... Мен бақыттымын ғой... Маған тағы не керек? Енді мен ол жаққа бармаймын`.

Оны Магда Петере деп атайтын, шынында да ол бар болғаны он алты жаста еді. Әке-шешесі швейцар ісімен айналысатын. Соғыста контузия алған шашы аппақ әкесі, басы қалтаң-қалтаң етіп, болмайтын нәрсеге шат-шәлекей ашуланатын. Әлі жап-жас, бірақ толысып кеткен, қай уақытта да қолы шапалақ жұмсауға әзір тұратын салқын, дөрекі мінезді шешесі сыпырып, қағып — сіліккен кезде шашым шаң боп қалмасын деп орамалын шарт байлап алатын, ал жұмыстан кейін боянып-таранып көшеден өтіп қонақтыққа тартатын. Тұрғындар оның көкіректігін, келген адамдарға аяғыңды сүрт, мраморды (олар онсыз да көп емес еді) баспа деп талап ететінін жақтырмайтын. Ол әйелдің түнемелікке түсіне қанттай аппақ ертегідей басқышпен жоғары шығып кеткен, бірақ әр текпешекке табанының бадырайған оң аяқ, сол аяқ, оң аяқ, сол аяқ, — қара іздері қалған, кішкентай адамның тұлғасы кіреді... Бұл ол үшін азапты түс еді.

Қазір велосипед фабрикасында жұмыс істейтін, әкесінің бюргерлік республикашылдығына күдікпен қарайтын, одан үш жас үлкен ағасы Отто жақын қабақтардың бірінде отырып aп саясат туралы әңгіме айтып, жуан жұдырығымен үстелді қойып қап: `Адам алдымен тамақ жеуі керек` — деп айқай салатын. Оның ең басты аксиомасы осы — өте әділ аксиома.

Магда бала кезінде мектепке барды, онда, қит етсе сойып салатын анасынан сәл қимыл көрсе сол қолымен басын қорғап шыға келетін әдет тапқан, — үйден гөрі анағұрлым жақсы еді. Солай бола тұра ол, көңілді, өжет қыз боп өсті. Ол сегізге келген кезде, оны ешқандай себеп-салдарсыз, көрші тұратын қадірлі бір шал оңдырмай шымшып алды. Ол кезде Магда көшенің қақ ортасында өтетін у-шуы, алыс-жұлысы көп футбол ойынына қатысуға әуес еді. Ол он жасында ағасының велосипедін айдауды үйреніп ап, шашы желбіреп, өзінің көшесінде айқайды салып олай-бұлай заулап жүретін, сонан кейін тоқтап, бір аяғымен жер тіреп ойланып қалатын-ды. Он екі жасқа шыққанда желігі шамалы басылып, есіктің жақтауына сүйеніп ап көміршінің қызымен, осы үйдегі тұрғындарға келіп-кетіп тұратын әйелдер туралы сыбырласып, немесе өткен-кеткеннің көйлектері мен қалпақтарына қарайтын. Бірде ол басқыштан мыж-мыжы шыққан сөмке тауып алды, оның ішінен шаш жабысып қалған сабын мен әдепсіз суреттері бар открыткалар шықты. Сонан кейін күні кеше ғана, ойын кезінде оны шалып құлатпақ болатын бір гимназист ашық мойнынан сүйіп алмақ болды. Тағы бірде ол түн ортасында жын ұрғандай аласұрып кетті де, оны су бүркіп, ұрып-соқты.

Бір жылдан кейін ол моп-момақан қалыпқа түсті, ашық қызыл қысқа көйлегін киіп, кинематографты өлгенше жақсы көрді. Қарсы үйде бұйра шашты, шұбар күпәйкелі, кешке қарай терезеден басын шығарып оған күлімсіреп қарап тұратын бір жас жігіт пайда болды да, көп ұзамай олар көшіп кетті.

Кейінірек ол сол бір өмірін аңсары ауа есіне алатын, — сол бір жарқын, жып-жылы, тып-тыныш кештер, сарт-сұрт етіп жабылып жатқан дүңгіршектер, бір нәрсені жоққа шығарардай басы қалтаң-қалтаң етіп орындыққа кері отырып aп трубка тартатын әкесі, корил әйелмен тұрғындардың түсініксіз қатынастарын айтып (`Мен сол кезде оған айтқам... ол маған айтқан`) бұрқылдап жүретін шешесі, тор дорбасын толтырып үйге оралатын Брон ханым, сәлден кейін келетін қызметші әйел Лизбет... Қызыліңір түседі. Міне, екі-үш достарымен ағасы келді, олар оны жайлап ығыстырып, жалаңаш қолынан ұстайды, біреуінің жанары Файттың жанарындай. Күннің шұғыласы түсіп тұрған көше тым-тырыс болады. Қарсыдағы балконда екі жалтырбас карта ойнап отыр, — олардың өp қимылы естіледі.

Ол он төртке шығып бұрыштағы жазу қағазын сататын дүңгіршекте істейтін қызбен достасып, оның сіңлісі натурашы боп істейтінін, тіпті құйтақандай бола тұра, оның әп-әжептеуір табыс табатынын білді. Магда да армандар пайда болды. Натурашы қыздар мен фильмдегі қыздардың арасы қол созым-ақ боп көрінді. Сол тұста ол би үйреніп, құрбы қызымен бірге `Парадиз` бал залына барып көрді, джаз ойналып жататын ол жерде жер ортасына келіп қалған еркектер оған тосын ұсыныстар жасады.

Бірде ол өзінің шешесінің бұрышында тұрған; жолдың шетіне мотоциклін кілт тоқтатып, бұрын бірнеше рет көрген, сұрғылт шашын шалқайта қайырған, ерек былғары куртка киген бозбала қыдыртып қайтайын деді. Магда күлді де, артына отырып юбкасын жөндеді, келесі сәтте ол қатты жылдамдықтан тұншығып қала жаздады. Ол оны қаладан алып шығып кетті де, тоқтады. Күн батар алдындағы кеш болатын, шыбын-шіркей шыға бастады. Айнала қарағайлар мен емендер. Мотоциклист түсіп, жолдың жиегіндегі оның қасына келіп отырды. Ол оған жақында Испанияға барып қайтқанын, парашютпен әлденеше секіргенін айтты. Сонан кейін ол оны құшақтап, қатты сүйе бастады, оның ішіне әлдене еріп құйылып кеткендей болды. Кенет тұла бойы біртүрлі боп кетті де, боп-боз боп жылап жіберді: `Сүюге болады, — деді ол, — бірақ жұлқып-сілкуге болмайды, менің бүгін басым ауырып тұр`. Мотоциклист ашуланды да, Магданы мінгізіп ап бір көшенің басына тоқтап түсіріп кетті. Ол үйіне жаяу оралды. Оның қайда кеткенін көріп қалған ағасы мойнынан бір ұрып, аяғымен тепкен кезде шалқалай құлап тігін машинасына соғылды.

Қыста ол ақыры құрбы қызының сіңлісімен және түрі маңғаз, бір жақ бетін түгел дерлік алқызыл қал басқан кексе бір әйелмен танысты. Оның аты-жөні Левандовская екен. Магда сол Левандовскаяға қызметке орналасты. Оны көптен бері масыл деп сөгетін әке-шешесі де, одан құтылып мәз боп қалды. Шешесі табыс әкелетін кез келген іс адал дейтін. Кедейлердің қызын сатып алатын капиталистер туралы қатал сөздер айтатын ағасы, ол кезде Бресловлде уақытша жұмыс істеп жүрді де Левандовскаяға тым кеш, тым кеш келіп тиісті.

Ол алғашқыда бір қыздар мектебіндегі үлкен сынып бөлмесінде қақшиып тұрып, сонан кейін нағыз ательеге ауысты, онда оның суретін тек әйелдер ғана емес, еркектер де, тіпті жап-жас жігіттер де салатын болды. Бәрі де бір қалыпта өтіп жатты.

Қысқа шашты, тыржалаңаш ол, алға созылған қолына сүйеніп, кілем үстінде бір қырындап отыр, — содан оның шынтағының орнына елжіреген әжімді көзі көрінеді, — әбден діңкелеген ойлы қалыпта ашаң денесімен алға иілген, көздерін бір көтеріп, бір түсіріп тұрған суретшілер сияқты. Қабағының астымен қарайды да қарындаш сызықтарының жеңіл сыбдыры мен көмірдің сыбысын есітеді, — сәлден кейін-ақ оған қайсысы санын, қайсысы басын салып жатқанын ойлау оның ішін пыстырып жіберді де, қашан басқа қалыпта отырам деген ойға ойысады. Жалығып кеткені сонша, енді ол көзін сығырайтып суретшілердің ішіндегі көрікті біреуіне жанарын тоқтатты, ал, ол аузын сәл түріп, жүзін көтерді. Бірақ Магда оған қанша қараса да, ол тіпті де қысылы-қымтырылар емес, бұл жағдай оның ептеп ызасын тудырды. Ол бұрын осыншама қадалған көздердің астында жападан жалғыз отыру ұят сияқты көрінетін, енді қазір жылы ваннада отырғандай емін-еркін отыр. Сөйтсе, тіпті де ұят емес екен, тек шаршатып, жалықтырып жібереді екен. Ақырында ол өзінің көңілін алдарқату үшін әртүрлі нәрселер ойлап таба бастады, мойнынан моншағын алмады, ернін бояды, басқа да әртүрлі нәрселер жасады. Мұны біреуден естіген Левандовская оны жерден алып, жерге салды.

Бұдан қандай нәтижеге жететінін білмеген Магданың ойы бұлыңғыр еді. Фильмдегі қыздардың бейнесі алыс қиырлардан қол бұлғағандай болады. Сусар жағалы сәнді пальто киген мырза лакталған автомобильге отырғызды. Қымбат дүкеннің витринасынан көз арбап тұратын, құйылып құбылған, жүргенде сусылдап қоя беретін көйлек сатып алды. Сағаттар бойы тыржалаңаш отырып, одан ең болмаса өзінің бір портретін де алмау, оған бос әуре боп көрінді. Оның тағдырының қолбасшысы — кинематография деп білді. Левандовская `ғашық боп қалған провинциал` туралы алғаш айтқан сол көктемгі кеште де ол оған назар сала қойған жоқ.

`Саған серіксіз өмір сүруге болмайды, — деді Левандовская сабырмен, кофе ішіп отырып. —Сен өжетсің, сен ойнақысың, сен серіксіз құрып кетесің. Ол сондай қарапайым адам, қаладан алыс тұрады, оған да қарапайым жан керек`.

Магда тізесінің үстіне Левандовскаяның итін ұстап отырған — тұмсығына ақ кірген, мойнында сүйелі бар толық сары тазы. Ол иттің жібектей жұмсақ құлағын уыстап, түкке түсінбей:

`Әлі уақыт бар. Мен әлі он бесте ғанамын. Не керек? Оның бәрі бос әңгіме, мен ол мырзаларды білемін`, — деді.

`Сен ақымақсың`, — деді Левандовская ренжи сөйлеп, — мен саған бір бозынбай туралы айтып отырғам жоқ, сені көшеде көріп қап, тек сен туралы ойлап басы қатып жүрген қайырымы мол, жомарт адам туралы айтып отырмын`.

`Бір шал—сауан шығар`, — деп Магда, иттің маңдайынан сүйіп алды.

`Ақымақ, — деп қайталады Левандовская. — Ол отызда, сақал— шашы алулы, сән—салтанатты — жібек галстук, алтын мүштек. Оның тек жаны ғана қарапайым`.

`Қыдырып қайт`, — деді Магда итке, — ит еденге сырғып түсіп, дәлізге шықты да, әлденеден қорқып, барлық қартайған тазылардай, бүкшиіп тұра қалды.

Әңгіме болып отырған мырза провинциал да емес, қарапайым да емес, Мюллер де емес еді (сол аты-жөнімен танысқан). Левандовскаямен ол Гамбургтен Парижге барар жолда покер ойнаған қызу қанды екі коммивояжер арқылы танысып еді. Алдын ала бағасы айтылған жоқ: оған күліп тұрған қыздың суретін көрсеткен, Мюллер енді өзін көрсетіңдер деген-ді. Белгіленген күні Левандовская самса сатып ап, көп кофе қайнатып, бүгінде тозып баланың киіміндей тар боп қалған қызыл көйлегіңді ки деп кеңес берген, алтылар шамасында күткен қоңырау да шалынды. `Немен тәуекел етем, — деп ойлады ақырғы рет Магда. — Егер ол бір жексұрын болса, онда оған дол солай деп айтам, ондай болмаса бір шешімге келуге әлі үлгерем`.

Өкінішке орай, Мюллердің жексұрын ба, жақсы ма онысын айыра қою оңай боп шықпады. Бір түрлі өзгеше бет әлпет. Қалың қара шашы қалай болса солай айырылып таралған, суалып тұрған жағына жұқа күріш тозаңы қонғандай бозарып көрінеді. Жалт-жұлт еткен күзен көзі мен үшбұрышты танауы бір сәт тыным таппайды, солай бола тұра, аузының қапталында жұмсақ екі қатпары бар жүзінің төменгі жағы селт етпейді, — тек анда-санда ғана дүрдік еріндерін жалап қояды. Үстінде тропикалық аспан түстес көгілдір көйлек, галстук және сұрғылт көк костюм. Қайратты кең иықтарын қозғап маңғаз жүреді екен, — ол ұзын бойлы сымбатты еркек еді. Магда мұндайды күтпеген еді, ол қолын айқастырып орындыққа жайғасты да тісінің арасымен ғана Левандовскаямен Берлиннің көрнекті жерлері туралы әңгімелесіп отырды. Ол енді Магданы көзімен ішіп—жей бастады; кенет өзінің сөзін өзі кілт үзіп, тікесінен есімін сұрады. Атын айтты. `Ә-о, Магдалина`, — деді ол күлген боп, сонан кейін одан көзін аударып өзінің Левандовскаямен күңкілдескен әңгімесін одан әрі жалғастыра берді.

Сәлден кейін ол үн-түнсіз қап темекісін тартты да, ісініп кеткендей дүрдиген ерніне жабысып қалған папиростың жұқа қағазын сыдырып алып жатып: `Левандовская ханым, идея бар. Менің есебімнен автомобиль алыңыз да операға барыңыз — менде артық билет бар, дәл уақытында үлгересіз`, — деді.

Левандовская алғысын айтып, бүгін шаршап отырмын, үйде боламын деп сыпайы ғана бас тартты. `Сізге екі ауыз сөз айтуға бола ма?` — деп Мюллер ренжіңкіреп орынан тұрды. `Тағы бір шынаяқ ішіңіз`, — деді Левандовская байсалды қалыппен. Ол иығып бір қозғап Магдаға орып жіберердей жалт қарады да, кенет ақжарқын қалыппен күлімсіреп онымен диванға қатар отырып, `Лоэн гринада` аққуға отыра алмай, келесісін күтуге бел байлаған өзінің бір таныс әншісі туралы бірқатар анекдоттар айтуға кірісті. Магда еріндерін тістелеп, басын бұрып күлкіден өліп қалыпты. Левандовскаяның омырауы селк-селк етеді.

Алдын ала шамалы ғана ақша алған, бірақ көп ақша дәметкен Левандовская оның қасынан бір адым кетер емес. Соның келісімі мен Магда суретшілерге бармай, көп күн қатарынан кесте тігіп отыратын болған. Кейде ол итті қыдыртуға шығарғанда Мюллер ымырт ішінен шыға кеп, онымен қатарласып жүреді, бұл қысылып қалады да, жүрісін шапшаңдатады, ал қартайған тазы бір бүйірлей ілесе алмай кейін қалып қояды. Левандовская бұл кездесулерді біліп қап, итті өзі қыдыртатын болды.

Танысқандарынан бері осылай бір апта өтті. Бірде Мюллер ерекше шара қолданбақ боп шешті. Іс өзінен-өзі шешілейін деп тұрғанда, жеңгетайға аса көп ақшаны ұстата салу ақымақтық болар еді. Кешкілік келіп ол көп күлкілі сөздер айтты, үш шыныаяқ кофе ішті, сонан кейін бір оңтайлы сәтті пайдаланып Левандовскаяға жетіп барды да, оны орнынан тік көтеріп aп шұғыл түрде ванна бөлмесіне кіргізіп, есігін жауып, құлыптап тастады. Левандовская абдырап қалғаны сонша, алғашқы сәтте дауыс шығара алмай қалды, сонан кейін айқайлап, соққылап, бүкіл денесімен есікті итеріп жанталасып бақты. `Өзіңнің заттарыңды алып, тайып тұр` — деді қонақ бөлменің ортасында басын ұстап қалшиып қатып қалған Магдаға дауыстап.

Олар осының қарсаңында ғана жалдап алынған жақсы бір бөлмеге орналасты, Магда табалдырықтан аттар-аттамастан-ақ оны біраз уақыттан бері соңынан қалмай ізіне түскен тағдырға бүкіл болмыс-бітімімен, ындынды құштарлықпен, тіпті ызалы ықыласпен берілді. Шынын айтқанда, Мюллер оған мүлде өзгеше ұнаған еді, — оның көзінде, даусында, құшағында, екі жауырының ортасын дүрдиген ыстық еріндерімен әрі-бері жүргізетін амал-әрекетінде өрен өжеттік жататын. Ол онымен көп сөйлеспейтін, күліп немесе, әлдене ойлап, оны тізесінің үстіне отырғызып сағаттар бойы отыратын. Оның Берлиндегі ісі жайлы да, жалпы оның кім екенін де білген жоқ, — әр шығып кеткен сайын, ол енді қайтып оралмайтындай, қорқатын. Осы қорқыныш болмаса, ол өзін өте бақытты сезінді де, онымен бірге тұру мәңгілікке созылса екен деп армандады. Сый—сияпат та жасады, — Париж қалпағын, сағат, — шындығында, ол онша жомарт емес еді, оның есесіне ол оны жақсы мейманханалар мен Чипидің жүріс—тұрысын көріп көзінен жас аққанша күлген үлкен кинемотографқа алып баратын. Оның Магдаға құштар болғаны сонша, кейде есіктен шығып бара жатып, қалпағын бұрышқа бір-ақ атып (қымбат қалпақты осылай етуі оны таңқалдыратын), үйде қалатын. Мұның бәрі тұп-тура бір айға созылды. Бірде таңертең ол әдеттегіден ерте тұрып кетті де, жол жүретінін айтты. Ұзақ уақытқа ма, деп сұрады. Ол оған шаншыла қарап, өзінің жарқ-жұрқ еткен алқызыл пижамымен бөлмені әрі-бері кезіп, бейне бір сабындап жатқандай қолын қайта-қайта ысқылап жүріп алды. `Біржола, біржола`, — деді ол кенет, сонан кейін оған қарамастан киіне бастады. Ол, бәлкім, әзілдеп айтқан шығар — деп ойлап, артын күтті — бөлме пысынап кеткендей, көрпені серпіп тастап, керіліп-созылды да, қабырғаға қарап жатты. `Менде сенің фотографияң жоқ`, — деді ол аяқкимін киіп жатып. Содан кейін ол шабаданын жинастырып, оны сырт еткізіп жапқанын есітгі. Бірнеше минөттан кейін: `Қимылдама, менің не істеп жатқаныма қарама`. `Атып тастамақ па`, — деп ойлап, бірақ қимылдаған жоқ. Не істемек? Тыныштық. Жалаңаш иығын болар—болмас қимылдатты. `Қозғалма`, — деп қайталады ол. `Дәлдеп тұр`, — деп ойлады Магда ешқандай қорқынышсыз. Тыныштық бес минөтке созылды. Осы бір тыныштықта бір сыбдырлаған дыбыс олай-бұлай көшті де жүрді, — ол дыбыс таныс сияқты, қалай таныс? `Бері қарауыңа болады`, — деді ол мұңлы дауыспен, бірақ Магда қимылсыз жата берді. Ол жақындап кеп, бетінен сүйде де, шығып кетті. Ол төсекте күні бойы жатты. Ол қайтып оралған жоқ.

Келесі күні ол таңертең Гамбургтен телегармма алды: `Бөлмеге шілдеге дейін төленген, қош боп тұр`. `Құдай-ау, мен онсыз қалай өмір сүрем?` — деген Магданың даусы шығып кетті. Ол секіріп кетіп өзін-өзі өлтіре салмақ боп, терезені жұлқып ашып кеп жіберді. Қарсы беттегі үйге қып—қызыл өрт сөндіру машинасы келіп, адамдар жиналып, жоғарыдағы бір терезеден қалың түтін шығып, қара қағаздар ұшып, абыр-сабыр боп жатыр екен Өртке көз алмай қарап қалған ол, өзінің әлгі ойын кейінге қалдырды.

Ақшаның да түбі көрініп қап еді; жақсы фильмдерге көрсетілетіндей, қайғыға шыдай алмастан би домханаларын кезіп жүретін болды. Көп ұзамай ол екі жапондықпен танысты да, ептеп қызу болғаннан ба, оларда қонып шығуға келісім берді; таңертең ол екі жүз марка сұрап еді, олар оған тиын-тебен ұстатты да, қуып шықты, — содан кейін-ақ байқау керек екен деп ойлады.

Бірде оның қасына мұрны шіріп кеткен алмұрт сияқты, жалтыр басының бәрін қоңырқай дақ басқан ырсылдаған толық бір қарт адам кеп отырды: `Тағы кездескенімізге қуаныштымын, есіңде ме, бойжеткен Герингсдорф жаға-жайында көңіл көтеріп ек қой`. Ол оның қателесіп отырғанын айтты. Қарт кісі не ішесіз деп сұрады. Сонан кейін ол оны шығарып салмақ болды да, таксоматордың ішінде ол өзінің нағыз сұмпайы екенін көрсетті. Ол түсіп қалды. Ол да шығып шоферден ұялмай, кездесейік деп жалына бастады. Ол оған өзінің телефон нөмірін берді. Сонан кейін ол қарашаға дейін бөлменің ақшасын төлеп, сусар пальто алып берді, ол оның үйінде қонып қалды. Басында онымен жату оп-оңай болды, тез басталып, тез бітетін құшақтасудан кейін ол бірден ұйқыға кетіп таң атқанға дейін оянбайды екен. Бара-бара ол әртүрлі құйтырқы жаңа нәрселерді талап ете бастады. Гардеробы екі көйлекпен толықты. Кенет ол уәделескен кездесуге келмей қалды да, бірнеше күннен кейін ол істейтін кеңсеге телефон соғып, оның қайтыс боп кеткенін есітті. Ол шал туралы ойлау қиы-ақ болды. Ондай тәжірибені енді қайталамаспын деп шешті. Тонын сатып, ақпанға дейін күн көрді. Оны сатпас бұрын әке-шешесіне көрінгісі келді. Ол үйіне таксомотор мініп келді. Сенбі күні еді, шешесі кірер есіктің тұтқасын бояп жатыр екен. Қызын көріп, қатты да қалды. `Құдай- ау` — д