Әдебиет
Василий Шукшин
Василий Макарович Шукшин (1929 - 1974) - кеңестік кинорежиссер, актер, сценарист және жазушы.
Василий Макарович Шукшин (1929 - 1974) - кеңестік кинорежиссер, актер, сценарист және жазушы.
Жас Вагановтың азабы
Заң факультетінің түлегі, аудандық прокуратураның жас қызметкері Георгий Константинович Вагановтың таңертеңнен бері көңілі көтеріңкі еді. Кеше ғана оған хат келді... Жас жігіттің өмірден күткені көп болғанымен, тап мына хатты күткен жоқ-ты. Бәдені түзік, мінезі тарпаң Майя Якутина мұнымен бір курста оқыған. Сол курста жүргенде де, одан соң да, қазір де Георгий Майяны еске алып көз алдынан келтірер болды-ақ: Майя хас шебер жасап шығарған ағаш қуыршаққа ұқсайды деген жабысқақ, жексұрын теңеу қыр соңынан қалмай-ақ қойды. Бірақ осының өзі, оның қуыршаққа, жұтынған қуыршаққа ұқсастығының өзі ол борщ пісіруді білетін, басқаның қолынан келмейтін қуаныш сыйлайтын әйел яғни әйел атты қандай болса ол да сондай әйел, оның үстіне қуыршақтай сүйкімді әйел деген түйсікке жетелейді. Георгий осының бәрінің байыбына бармақ болды, бірақ бұл арада олайша түбегейлеп жататын не бар: Майя Якутинаны бұл сүйеді. Курста бірге оқып жүрген кездерінде оған төрт жігіт ғашық болған, соның бәрі де дат деп қалып қойды. Майя соңғы курста жүргенде, жұрттың айтуына қарағанда, бір талантты физикке тұрмысқа шыққан. Солардың бәрі де: жап-жақсы, өлерін білетін қыз дескен. Олардың солайша жап-жақсы боп келетіні қандай! Бірақ Ваганов Майяны кінәлап немесе оған өкпелей алмады: біріншіден, бұған оның ешқандай қақы да жоқ, екіншіден, кінәлардай оның жазығы қайсы? Майя тең емес екенін Ваганов әуел бастан біледі. Әрине, өкінішті-ақ, бірақ... Бәлки, өкінуге де болмас, мұның ақыры жақсылыққа бастап тұрған болар. Майяны тағдырдың тартқан сыйы деп қолына қондыра қойды-ақ, ол көп кешікпей сол сыйымен қоса су түбіне кетпек керек. Ол дереу нағыз бұралқының өзі боп шыға келіп: қалайда қалада қалып қоюға, кіші де болса бір төренің орнына отыра кетуге жан сала кірісер еді... Жіпсіз байланып, Майяны төңіректеп қыңсылаумен жүрген болар еді. Жоқ, не істелсе де бәрі жақсылыққа деп дұрыс айтылған. Ваганов Майяны өңі түгіл түсінде де көре алмайтынына көзі әбден жеткеннен кейін барып осындай тәубеге келді. Яғни тәубеге келген сияқты болды. Бірақ бұл істе тәубе деген болмайды екен. Кеше өзіне хат келгенде оның Майядан екенін түсінді де, алғашында өз көзіне өзі сене алмады. Иә, хат Майядан болатын. Жүрегі аттай тулап қоя берген еді, шынымен: `Адамның талып қалатыны осындайдан екен ғой` деп ойлады. Ол бұдан да шошыған жоқ, үй иесінің бөлмесінен шығып, өзінің бөлмесіне барды.
Тәтті үміттің әсерімен күйіп-жанып хатты оқыды. Аялай сипады. Жарыққа да ұстап қарады, тек сүйген жоқ ет қызуымен оны сүюге оқталғанымен ұялды. Ваганов деревняда қатал мінезді әкемен бірге ертеден қара кешке дейін тізе бүкпей жұмыс баққан шеше қолында тәрбиеленді, еркелік дегенді білген емес, өзін еркелете қалса, әсіресе, өзін сүйер болса, бұдан ол қатты ұялатын.
Майя хатында отбасы жағдайым `сызат алып тұр`, қазір қолым бос, демалыс кезінде аз да болса елімді аралап көргім келеді деп жазыпты. Осымен байланысты: `Аяулы Жора, ескі достықты ұмытпай, мені стансадан қарсы ал және бір аптадай үйіңде аялдауға мұрсат бер мен сол өлкеде болып қайтуды көптен арман ететін едім. Жарай ма?` депті. Одан әрі өз өмірін, айналасында болып жатқан тіршілікті жеріне жете таразылауға мүмкіндік тапқанын, сондай-ақ Жорканың оқудағы табандылығын, осы сияқты ит арқасы қиянға баруға Жораның келісе салғанын күні бүгін жақсы түсінетінін айтқан... `Сабыр, сабыр, періштем, сабыр ет, — деп ойлады Ваганов Асатпай жатып құлдық демегін`.
Жас Ваганов хатты портфеліне салып алып жұмысына келе жатты. Реті келсе, жұмыста немесе кешкісін үйде Майяға жауап қайтару керек. Ол өзінің хатына, кішіпейілділікпен тартымды да парасатты жазылған хат бетіне түсуге лайық айшықты сөздер іздестірді. Ондай сөздерді тапты да. Бірақ ұнатпады, тағы із — деді. Оларды жүрек қабылдамай жасынға жібере берді: `Шынымен-ақ ол мендік болмақ па? Шын мәнінде, елді араламақ емес қой ол, жоқ...бұл жақтың оған керек болатын себебі...`
Өз тағдырының осы бір тебіреністі жұмбағын шешуге бүтіндей берілген Ваганов кабинетіне келіп, бірнеше парақ қағазды бірден алып, хат жазуға әзірленді. Бірақ сонша болған жоқ, есік сықыр ете түсті... Шашын тықырлап алдырған біреу есіктен басын сұға қалды, мұның дәліздегі диванда отырғанын әлгінде ғана Ваганов сыртынан көрген болатын.
— Кіруге рұқсат па?
Ваганов ә деген бетте не дерін білмей бөгеліп қалды, оның келгенін жақтырмаса да:
— Келіңіз. — деді.
— Сәлеметсіз бе? — Жасы елудің ар жақ-бер жағы, жүзі тотыққан ұзын бойлы кісі салалы қолын қайда қоярын білмегендей сипақтап тұр.
— Отырыңыз. — деді Ваганов үстел үстіндегі қағаздарын бір жағына ысыра түсіп.
— Мен осында... мына бір... мінездемені әкелген едім. — деді келген адам. Сөйтті де іздегенін тапқандай қуанып, бешпетінің ішкі қалтасына қол салып, әлгіде ғана өзі айтқан мінездеме деген бірдеңесін ала бастады.
— Қандай мінездеме?
— Әйеліме. Олар менің үстімнен іс қозғамақ... Ал мен сізге соның жайын түсіндірмек едім...
— Сіз, Поповсыз ба?
— Аға.
— Нені түсіндірмексіз сонда? Неге төбелестіңіз, соны айтыңызшы. Әйеліңізді, көршіңізді неге сабадыңыз? Бұл арада мінездеменің керегі қанша?
Попов мінездемесін қолына алып бөлменің ортасында тұр. Заманында өте бәденді болғанға ұқсайды. Қазірде де әдемі: ашық жүзді, имектеу келген қоңқақ мұрын, жазық маңдай, жанары ашық та жайдары. Бірақ сәл самарқау қимылдайды, кеше мықтап ішкен болатын, таңертең атүсті қырынып, апыл-ғұпыл жуынып-шайынған-ды...
— Кәнеки, мінездемеңізді бере тұрыңызшы? — Попов дәптердің екі парағына жазылған мінездемені Вагановқа берді де, өзі үстел жанынан кейін шегініп барып тұрды. Ваганов қағаз бетіндегі ойқы-шойқы жазуды көз жүгіртіп оқып шықты... Ол қарапайым адамдардың әр-алуан түсініктемелері мен шағымдарын оқып қызықтайтын әдеттен аулақтап кеткен еді. Олар ойласып жазады, мән-мағына жағынан небір жылмиған жалған жазудан ол кем түспейді, ең абзалы олардан әлдеқайда адал келеді. Ваганов оқып болды.
— Попов... Мұнымен істің бағыты өзгермек емес. — деді ол.
— Қалайша өзгермейді?
— Өзгермейді. Мұнда сен әйелім андай еді, мұндай еді, жаман еді деп жазасың. Мен оныңа сенейін-ақ, сонда одан не шықпақ?
— Не шықпағыңыз қалай? — деп таңырқады Попов. — Ол мені қасақана отырғызды емес пе? Он бес тәулікке. Мені отырғызды да, өзі анаумен... мен білемін ғой. Маған Колька Королев бастан-аяқ айтқан-ды. Және тіпті Колькасыз-ақ өзім де білемін. Әйелімнің өзі де айтқан болатын.
— Айтқаны қалай?
— Айтты! — деді Попов бүкпестен. — Сені отырғызамын да, өзім Мишамен боламын деген.
— Қойыңызшы, тап солай деп ашық айтты ма?
— Ойбай-ау, әңгіме сонда ғой! — Попов дауыстап жіберді. Әңгіме ресми түрден кәдімгі еркектер арасында болатын жайбарақат түрге айнала бастағанда-ақ ол отыра қалды. — Сені отырғызып, ал өзім саған ерегіскенде Мишамен тұрамын — деді емес пе!
— Бәсе, `ерегеспен` айта салған болар?
— Қайдағы ерегіс! Мен оның жайын білемін ғой!.. Әлгі Миша дегенді де білемін өмір-бақи басқаныкінен бас тартпайтын қу. Осындағы жазғандарымның растығына басыммен жауап беремін. Жүреді, иттер! Келесі күні-ақ жүре бастаған. Оларды Колька Королев бір жолы ұстап та алған...
— Қайдам, біле алмадым...Жас Вагановтың бұл арада не істерін білмей дал болып отырғаны да шын еді, бәсе не істеу керек, жігіт бар шындықты айтып отыр жағдай осылай болғаннан кейін ажырасу керек шығар?
— Ажырасқанда қайда бармақпын? Үйді сот оған кесіп береді емес пе? Береді. Балалар болса шиеттей жас соларды аяймын.
— Бала нешеу еді?
— Үшеу. Ең кішісі жетіде, өзім жанымдай жақсы көретін едім... Бұларсыз жерде маған тіршілік қараң. — Ішіп кетемін.
— Сізтыңдаңызшы!.. — деді Ваганов, шамданғандай боп. — Сіз өзіңіз немене... Сал аурудай-ақ `тіршілік қараң`, `ішіп кетемін` дейсіз бе-ay. Ал сонда не істеу керек? Сіз арыз айту үшін бастыққа келген жоқсыз... жолдасқа келдіңіз ғой. — Иә, мен сізге жолдаспын, ал қандай кеңес берерімді біле де алмай отырмын. Бұл оқиғадан кейін әйеліңмен тұра алатын болсаң тұр. Тұра алмайды екенсің...
— Тұра аламын, — Попов кесіп айтты. — Азар болса ол құйрығын бірер рет бұлаңдатқан шығар... Мейлі, тек қайталамаса болды. Менің өзім де бұған кінәлімін: ақырып-зекіре беремін, сылап-сипауды білмеймін... Егер мен оған жылышы раймен қараған болсам, бәлки ол мұндай жолға түспеген де болар еді.
— Онда қосыл
— Қосыл дейді... Олар мені отырғызғалы жүрген жоқ па. Отырғызады да, куәлері көп. Екеуі де дәрігерлік сараптамадан өткен.. Кем дегенде үш жылды құйрығыма байлайды...
— Сенің ойлағаның не сондағы, түсіне алмадым?
— Аналар істі қысқартса екен деймін.
— Олай болса мінездеменің не қажеті бар?
— Оларға қарсы мен де қағаз айдап қояйын дегенім ғой. Бәлки, оқып көрген соң өздерінің де айдарынан жел есіп тұрмағанын сезіп, істі жаптырар. Барлық жағынан бірдей, олардың өздері кінәлі. Көрдіңіз бе, біреуді отырғызып қойып, өз басы... Ал енді осыдан соң бұл әйелді нағыз қаскүнем демей не дерсің!
— Келістіре сабап па едің?
— Қайдағы келістірген! Жеген таяғынан айғай-қиқу байбаламы асып түсіп жатса...
— Ұрмасаң отыра алмайсың ба?
Попов мойындағандай басын төмен салып, жап-жалпақ алақанымен екі тізесін сипалай берді.
— Төзе алмадым... — деді.
— Тағы да төзе алмадың, ә! Ой, тәңірі-ай! Неткен төзбестер болып кеткен едік! Ваганов үстел басынан тұрып кетіп, кабинетте әрлі-берлі жүре бастады. Шағым иесіне ашулы, бір жағынан оны аяйды. Ал мені аяса екен деп отырған анау жоқ, тәжірибесі аз да болса Ваганов мұндайды алдай біледі: аяса екен дейтіндер әдейі мәймөңкелеп, кейде онысын өте шебер де жүргізеді. — Егер сен табан тіреп, ажырасу жөнінде сотқа берген болсаң, сендерге қандай төрелік айту жайын ойластырған болар едім ғой, бәлки, тіпті... Бірақ енді ол туралы не айта қоярсың?
— Иә, солай. — Попов құптады.
Біразға дейін екеуі біріне-бірі тіл қатыспай отырды.
`Сонымен, енді не істеу керек? — деп ойлады Ваганов — бұл ақымақты отырғызады ғой. Істі қалай жүргізсең, олай жүргіз, бәрібір... Әттеген-ай!`
— Түу баста қалай үйленген едіңіздер?
— Не қалайы бар? Кәдімгідей. Мен соғыстан қайтып келдім. Ол осындағы сельпода сатушы болып істейтін. Сонымен қосылдық. Мен оны бұрыннан білетінмін.
— Сіз осы араныкісіз бе?
— Иә. Тек мұнда менің туыстарымнан ешкім қалған жоқ: әкем мен шешем соғыстан бұрын дүние салған иіс тиіп өлген-ді, екі ағайым соғыста қайтыс болды, екі жеңгем қалған еді, олар да о дүниелік болып кетті. Қалада тұратын немере інілерім болатын, олардың қазір қайда екенін де білмеймін.
— Қазір әйелің қайда?
Попов тергеушіге дүдәмалдана қарады.
— Жұмысты қайда істейді дегеніңіз бе? Сол сельпода.
— Қазір жұмыста ма?
— Жұмысында.
— Саған мінездеме жазуды кім үйретті?
— Ешкім де емес, өзім. Айтпақшы, олардың айыптауына қарама-қарсы дау айтып қағаз айдау керек десті осындағы жігіттер. Айдағаны несі деп ойладым мен. Сонан кейін осыны жаздым.
— Жарайды, мұныңды маған қалдыра тұр. Өзің жүре бер. Мен әйеліңмен сөйлесіп көрейін.
Попов орнынан тұрды... Бірдеңе айтқысы немесе сұрағысы келгендей болған еді, бірақ сонда да Вагановқа қарап басын изеді де, жай басып шығып кетті.
Оңаша қалған Ваганов есікке қарап ұзақ тұрды. Сонан соң отырып, хат жазуға әзірлеп қойған қағаздарына қарады.
— Қалай, Майя? Не істеуіміз керек? — дей сала жүректе ләззатты сезім оянып жалын атар болар деп күткен еді, бірақ әлдеқалай жалын атпады. — Түу, сайтан алғыр! — деп қынжылды Ваганов. Одан әрі: кешке жазармын деген ойға келді.
Прокуратурадағы үй сыпырушы әйел Попованы шақыра сельпоға барып қайтты. Үй арасы таяу еді.
Ваганов оған дейін Поповты айыптаушы `қағаздарды` қарап шықты. Иә, бұл жұрт деген Поповты қалай да отырғызуға төндіріп әкелген екен. Бастан-аяқ қандай өткір, қандай сауатты жазылған десеңізші! Жазғыш та табылған-ақ екен. Ваганов Поповтың мінездемесін алдына қарай жылжытып, тағы бір оқып шықты. Адам жайлы күлерлік те, әрі аянышты құжат... Дәлірек айтқанда бұл мінездеме де емес, болған оқиғаны шындықпен баяндау. `Қырынып-шайынып келсем, құс төсектің үстінде жатыр екен, аждаһаша арбап. Кәне, сөйле, мен жоқта тағы да салдақылығыңа бақтың ба — дедім. Істің насырға айналып бара жатқанын көрген соң ол шаптығып қоя берді. Айғайлама деп желкеден түйіп қалдым. Сол-ақ екен қолымнан жұлқынып шығып басқа жаққа емес, туыстарына да емес тағы да Мишкаға қаша жөнелді: сол арада жүрегім қысылып, не болғанымды білмедім...`
Попова жасы қырықтағы, сатушы деген атты арқаланатын пысық әйел, өзінің заң білетіндігін, заң мені қорғайды деп сенетінін бірден танытты.
— Ваганов жолдас, сенер болсаңыз, тіршілік етуден қалдық, ішіп алды-ақ, келе ойран салады. Осындағы бір Мишка дегеннен мені қызғанады!.. Бетімен кеткен ақымақ демей не дерсің мұны?
— Иә-иә... — Адуын әйелдің көкірегінде піскен нанның иісін ала қойған Ваганов оны ары қарай жетелей түсті. — Есалаң неме десеңші. Бұл жағына қазір заңның қатты қарайтынын білмей ме екен! Ұмытқан ғой.
— Бұл дүниедегіні ол түгел ұмытқан! Тұра тұрсын, бәлем, кешікпей бәрін де есіне түсіретін болады. Үш жыл берсе тәубесіне келеді. Көреміз әуселесін.
— Тек мына балалар болмаса... әкесіз дегенім ғой жетімсіреп жүрмесе?
— Ештеңе етпейді. Бәрі де есейіп қалды. Мұндай әкенің барынан жоғы.
— Ол өзі әуел бастан-ақ осындай ма еді?
— Қандайын айтасыз?
— Бұзықтық істеп, төбелесе беретін бе еді?
— Жоқ, бұрын да ішетін, бірақ жай жүретін. Мені Михайлодан қызғанады. Өткен жылдан басталды. Онымен де тұрмай қорқытады! Екеуіңді де жарып өлтіремін дейді.
— Солай, солай деңіз. Бұл Михайло дегеніміз кім өзі?
— Өзіміздің көршіміз, тәйірі! Мұнда өткен жылы келген. Сельпода шопыр болып істейді.
— Ол өзі жалғыз тұра ма?
— Олар мұнда келуін келсе де, ондағы үйін әлі сата қойған жоқ. Әйелінің бұл жаққа келгісі келмейді, Михайлоның бұл арадан кеткісі жоқ. Ол балықшы, ал мұнда балық аулауға қолайлы. Сөйтіп екеуі екі жақта тұрады. Мұнда да, онда да бақша еккен. Әйелі келіп-кетіп жүреді, екі бақшаға да сол ие. Қысқасы, барып тұрған қуса құмалақ түспестің өзі.
— Иә... иә... — Поповтың адал екеніне: әйелі оның көзіне шөп салып жүргеніне Вагановтың көзі әбден жеткендей болды. Онымен де тұрмай, әйелі ұят-аятсыз, дандайсып кеткен. — Мынау арада ол былай деп жазып отыр. Сіз оған ашықтан ашық: `Сені отырғызамын да, өзім Мишамен тұрамын` депсіз.-`Мінездемеде бұлай деп жазылмаған, ал Ваганов Поповтан ауызекі есіткен бұл сөзді жорыта қолындағы қағаздан оқып тұрған болды — бұл рас па?
— Солай деп жазған ба?! — Попова күйіне дауыстап жіберді. — Түу, бетсіз-ай! Қарай гөр!Әйел күліп те жіберді. — Мұндай да арсыздық болады екен!
— Өтірік пе?
— Өтірік айтады.
`Иә, өзіне-өзі сенімді сапалақ, — деп ойлады Ваганов тісін қайрап. — Жо-оқ, жігітті мен саған оп-оңай бере қойман`.
— Демек, отырғыз дейсіз ғой?
— Отырғызу керек, Георгий Константинович, басқа лаж жоқ. Отырып көрсін.
— Жаныңыз ашымай ма? — деп қалды Ваганов. Попова елең етіп, құлағын тіге қалды... Жас тергеушіге дүдәмалдана қарап, тағы не дер екен дегендей, жымия езу тартты.
— Мұныңызды қалай түсінсем екен? — деп сұрады ол
— Жай, әншейін айтқаным ғой, — Ваганов жалтарды. — Енді бара беруіңізге болады. Әйелге тесіле қарады.
Әйел `аға` деп орнынан тұрды да, есікке жете бере, ойында бірдеңе бардай-ақ, тоқтай қалып артына қарады. Ваганов одан көз алмады.
— Мен сізден сұрауды ұмытып барады екенмін, сіз баланы неліктен кеш көтердіңіз?
Әйел қатты абыржып қалды. Ол әлгіндейін сұрақтан емес, өзінің көз алдында тергеушінің сөз мәнерінің, қабағының өзгере қалғанын байқап абыржыды. Сасқанынан үстел басына қайтып келіп, әлгінде ғана өзі отырған орындыққа отыра кетті.
— Екіқабат бола қоймадым. — деді ол. — Неге екенін қайдам, бала көтергенім жоқ, айтарым сол. — Ал кейініректе бала көтердім. Онда не тұр?
— Жай, әншейін сұрағаным ғой, бара беріңіз! — деді Ваганов тағы да. Сонан соң қолын `қағаздың` үстіне қойды. — Бәрін де, осы `бәріндені` нықтап айтты, — аудара қарап, ақтара тексеріп анықтаймыз. Соттың үлгілі әрі қатал болуы ықтимал: Кім айыпты болса, сол жауапқа тартылады. Қош-сау болыңыз.
Әйел есікке қарай беттеді... Келгендегісіндей екпінді емес, десі қайтқандай.
— Айтпақшы. — деді тергеуші ойына бір нәрсе түсе кеткендей боп, — кім еді... әлгі?..ұмыт болған куәнің аты-жөнін Поповтың `қағазынан` іздестірген болып, ал мұнда ондай адамның аты-жөні жазылмаған болатын Николай Королев деген кім өзі?
— Құдай-ау, сақтай гөр! — деді әйел есік көзінде тұрып. — Королев дейді? Біздің сабаздың бөтелкелесі, оған кім сене қоймақ! — Әйел ешнәрсенің байыбына бара алмай, шатасып қалды. Дауысы да бәсеңси бастаған.
— Ол ішкіштер санатында тізімге алынған ба еді? Королевті айтамын?
Әйел үстел басына тағы да қайтып келіп, Королев туралы бастан-бақай бажайлап айтып бермек болды: өзінің басқа шауып, төске өрлеу бағытындағы ең бір талмау жері осы екенін ол түсіне бастаса керек.
— Ваганов жолдас-ау, оларды мұнда тізімге кім алып отырмақ! Ол біздің кісімен дос. Соғыста бірге болған...
— Жарайды, жақсы, бара қойыңыз. Бәрінің де ақиқатына жетеміз.
Оның көзі бағанадан бері өзін күтіп жатқан ақ қағаздарға түсті... Осы қағаздарға көз жібере отырып, ойға кетті. Майя... Алыстағы есім, балауса есім, аяулы есім. Енді жүректен шыққан небір ыстық, небір сұлу сөздерді бірінен соң бірін тоғыта жазуға болады! Бүгін таңертеңнен бері ол, отыра қалып жазсам-ау деген тәтті үмітпен келді. Енді садақтың оғындай әдемі де қанатты сөздермен алыстағы Майяның мүсінді тұлғасын шабақтап бағады. Майя төтеннен келген махаббатқа елітіп айғайлап жібергенше шабақтайды... Оның ағаш жүрегін паршалап, қалтқысыз сүйдіретін жанды жерін таппақ-ты. Енді міне, мынадай жайбарақат, әрі ап-айқын ойға келді: `Ол өздігінен-ақ илікпес пе екен? Солайша сүюге бейім де шығар? `Ал, егер аптықпай, толғана ойланар болсақ, өзіңе-өзің: әй, қайдам деп, асықпай, толғана жауап беруің де керек шығар. Бірақ ол бұған бейім өскен жан емес, олайша тәрбиеленбеген, мұндай тіршілікке төселмеген. Қайткенмен де ол, әрине, бұған бара алмайды. Осы ахуалға талантты физик те душар болды... Не деп те болады, әрине! Екінші жағынан алғанда, әділет үшін, осының бәрін де физик туралы да, олардың неден бастап, немен тындырғанын да жеріне жеткізе жете түгел білу керек қой. `Э-э,өзі жайлы қынжыла ойлады Ваганов, — бауырым, сен де тұрлаусыздықтың жетегіне ере бастағансың. Не боп қалды?`. Сонша болған жоқ, қиюы қашқан тіршіліктің тағы бір бәтуәсіз оқиғасы оның көз алдынан өте шықты... Ал? Мұндайлар бұрын кездеспеп пе, әлі де талайы кездесетін болар! Соның бәрін өз басыңның ахуалымен шендестіру керек пе? Не үшін? Бұл не масқара! Өзінің күткеніндей күрделі де өрелі өмірде мұндай істі шешуіне тек өзінің дәрменсіздігін ғана білетін адам, сондай-ақ өзінің қорғаушысы мықты екенін арқаланып дандайсыған арсыз әйелі, атап айтқанда, күнделікті тіршілікте өз бастарын алып жүре алмаған осы сияқты шалағайлар сабақ болуға тиіс пе екен! Алайда, Поповтардың оқиғасынан кейін Вагановтың алыстағы Майяны сөзбен `атқылағысы` келмеді. Таңертеңгі сәулелі желпіністі көлеңке басты. Шиыршық атқан бүкіл ішкі толғаныс терезеден лақтырған тастай зымырап жоқ болды... `Хатты кешке жазармын. — деді Ваганов. — Жастықтың әсері жеке бастың әуенін жұмыспен ұштастыру білместік болмақ. Іргені аулақ салу керек. Елеусіз жүріп тындырған жон`.
Ваганов кешкілікте бөлмесін ішінен жауып алып, радионы өшірді де үстел басына отырып жазуға кірісті. Бірақ айыпты Попов пен оның көкайыл әйелі тағы да көз алдына келе қалды. Мұны төтенше келген сәтсіздік, ақылдан шатасудың алды десең де болар... Ваганов кейісті сөздермен өзін-өзі сөгіп те алды сөйте тұра ақылға жеңдіріп, бәрін де байсалдылықпен ойластырмақ болды. Жоқ! Бұл адамдар көз алдынан кетер болмады тұрып алды. Ваганов бұларды әмбе есінде сақтап келгенімен, олардың өзі де емес мұның алдында осылар жайып салған шындық, ой-сезімді шатастырып тұрған да осы. `Ал жарайды, — Ваганов өзіне-өзі кейіді. — Егер сен қорқақ екенсің солаймын деп шын мойында. Ақыры былай боп шықты: Попова әлдебір сиқырмен сенің шын мәнінде Майя да, сондай дәнігіп алған жебір, дүниеқоңыз, тек бұлардың бірі қара дүрсін, топас қимылдаса, екіншісінің қолынан бәрі келеді, епті де деген ішкі құпия ойыңды шегелей түсті. Олай болса бұл одан да өткен пәле, жаныңды қинап өлтіретіннің дәл өзі. Мінеки, сен мұнда осындайын қатер бар екенін ұқтың. Ендеше хатты жазбай тұрып: `бұлардың оңып тұрғаны жоқ!` деп тура айт та, сонымен доғар. Сонан соң, қорқа бер, кесіп-піше бер сонда қауіптен арыласың. Кеңсеңнең шықпа!`
Ваганов үстел басында тырп етпестен ұзақ отырды. Ол шын жапа шегуде. Бір парақ қағазды алдына қарай тарта түсіп, тағы отырды... Жо-жоқ, жазуға қол барар емес, көңіл еркін дауаламайды. Мұның білместік емес екеніне, ал мұнда: бір пәлеге қалып жүрмесек жарар еді!деген сүйекке біткен қорқақтық бар екеніне көзі жетпейді. Адалына, анығына келгенде, мінеки, бәрі де осыған тіреліп тұр. Ендеше, `жалаңаш батырдың өзісің!` Қайдан шықса онан шықсын, бұза-жара қимылда. Өмірдің мұндай қат-қабат қалың торын төрт тағандап жүріп бұза алмайсың! Нені де болса ақылмен пайымдаудан айырылма, жалған елеске ілеспе, ал ана-мынаның ізіне түсе берсең... ол да бейшаралық, ұсақтық болмақ. Ондай пақыршылықпен қайда бармақсың. Одан да жазалық. Дастан да жазбалық, алыстағы Майяға садақ та тартпалық, оған: алмақтың да, қарағым, салмағы бар делік. Сүйтелік``
...Таңғы сағат торт шамасында Ваганов сала құлаш хат жазып бітірді. Көшеге таңғы сәуле түсіп, жарық бола бастаған. Ашық терезеден таңертеңгі салқын самал соғып тұр. Ваганов терезенің жақтауына сүйене тұрып, шылым тартты. Ол хат соңында отырып шаршаған да еді. Хатты он екі рет бастап жазып, қағаздарын қайта-қайта жыртумен, күйіп-пісіп әбден титықтаған. Шаршағаны соншалық, енді оны қайта оқып шығуға да беттер емес. Мұнысы шаршағандықтан да емес, оқуға қорқып отыр: өйткені хатта ешқандай бәтуа да, ой тоқтатар түйін де жоқ. Хатты жазу үстінде мұны да, сондай-ақ өзінің тым ділмәрсіп кеткенін де Ваганов сезген-ді... Ол шылымын тез тартып болып, үстел басына келіп отырды да хатты оқи бастады:
`Майя! Сенің хатыңның мені толғандырғаны соншалық, мінеки, бүгін екінші күн есім шығып, ой толғаудамын. Мен өзімнен: мұным не деп сұраймын, бірақ жауап таба алмаймын. Енді сенен сұрайыншы: мұның не, Майя-ау! Ойың біздікінде бір апта тұру болса қош келдің демекпін. Ал менің сенен: мұның не деп сұрап отырғанымның өзі де осы жай. Менің саған деген ықыласымның қандай екенін өзің білесің... Сол ықылас, алым-берім жүрегімнің сезуінше, бұрын қандай болса, қазір де сол күйінде: мен сені сүйемін. Атап айтқанда, осы ахуал қазір маған сен туралы ойымды айтуыма, сұрауыма еркіндік береді. Өзім туралы да осыны айтпақпын. Майя, мұның не, өз үйіңнен қашып шыққаның ба? Олай болған күнде несі бар... кел де тұра бер! Ал сонда өзімнің үйімнен мен қайда қашып кетпекпін? Менде барар жер жоқ. Иә, қашу керек, мен мұны анық білемін. Сондықтан сенен тағы да сұрайыншы (жауап алып отырған кісіше!): Мұның не, Майя-ау? Жалынамын саған, қысқаша тағы бір хат жазып, `мұның не, Майя?` деген сұраққа жауап бер. Ваганов өзінің сала құлаш хатын осылайша бастады. Хатты бір жағына қарай ысырып қоя тұрып, енді қолын таяна қалды. Өзінің осындай кещелігін, дәрменсіздігін ойлап, жүрегі сыздап кетті. `Тоты дерсің! Мұның не, Майя дей беріппін! Тфу!.. Жаңғалақ`. Бұл шын қасіретке айналған тиянақсыздық еді. Вагановтың өзі өз болып, екі аяғы көктен келген жері де осы еді... О, жаратқан, не істеуім керек? Не істесем екен?` Қандай да болсын кеңес берер ешкім жоқ па екен? — Бұл оған баруға да әзір мұны да ойластырып көрді, бірақ ешкім есіне түсе қоймады, өзінің шеккен жапасын ұялмай айтып берердей, сенердей ешкім қолына түсе қоймады: оның есіне тек... Попов, оның қалтқысыз адал бейнесі, жазық маңдайы түсті... Несі бар? `Несі бар, Майя? — деп ол күйіне кекеді. — Мұнда тұрған ештеңе жоқ, Майя. Мен кәдімгі жаңғалақтың өзімін, Майя`. Ол хатты умаждап-умаждап терезеден бақша ішіне лақтырды. Сөйтті де төсегіне барып жатты, бала кездегідей-ақ, қандай да болсын бір келеңсіздік кездескенде соны тезірек ұмыту үшін көзін тарс жұма қалды.
Таңертең жұмысқа кетіп бара жатып, Ваганов өзінің әбден шаршағанын сезді. Оның зеңгіген басында қайдан сап ете қалғаны мәлімсіз: `Мен тартамын гармоньды, өткен-кеткеннің алдында...` деген ырғақ құйындай ұйтқыды. Ваганов хат жазуды әзірге қоя тұрмақ болды. Бағдар байқалсын, өзінің қолынан ештеңе келе ме, немесе ол өзін-өзі осындайын ілкімді, ақыл иесі етіп қолдан жасамады ма, болмаса басқалар айдап салып, ақымақ етіп жүр ме алдымен осыған өзінің көзі жетер болсын. Осы жағы қапысыз айқындалып бұдан былай өз тарапынан ешқандай есекдәме, жаңсақтық болмасын. Әзірге бір ғана нәрсе ақиқат: ол Майяны сүйеді, ал онымен жақындасуға қорқады.
Жауапкершіліктен, басын байлаудан қорқады, онымен бірге тұрсам, іскер, күшті азамат бола алмаймын, келешегіме бөгет жасалады деп қорқады. `Ал енді көрелік.
Сенің қалай қанат қағарыңды. Іскер неме, — деп ойлады ол өзіне-өзі ыза боп. — Тұра тұралық, көрелік`.
Жұмысты ол Поповты шақырудан бастады.
Кешікпей Попов та келді, тағы да ептеп есіктен басын сұғып қарап тұр.
— Кір! — Ваганов үстел басынан тұрып барып, Поповтың қолын алып амандасты да орындыққа отырғызды. Өзі оның жанына келіп отырды.
— Сенің атың кім еді осы?
— Павел
— Ана жақта не боп жатыр?.. Үй жағыңда?
Попов үндемеді... Тергеушіге көкшіл көзін тіге қарады. Мұның көздері соншалық адам таң қаларлықтай өлшеусіз жайдары деп те, байсалды деп те айта алмайсың. Жас баланың көзіндей жайнап тұр, не көрмеген көз дейсің бұл: өлімді де, қайғыны да көрген, өз басы да азап шегіп баққан... Адамға тән төзімділік, мығым күш дегеніміз осында емес пе екен? Қалғандарының бәрі де арсыздық, жебірлік, қаталдық емес пе екен?
— Жайшылық... не айтпақ едіңіз? — деді Попов.
— Әйеліңмен сөйлескен жоқсың ба?
— Онымен тілдеспегелі бір апта болды.
— Байқамадың ба, онда ешқандай өзгеріс жоқ па екен?
— Байқағаным жоқ, — Попов езу тартты. — Кеше кешкісін маған қарап тұрып-тұрып: `Тергеушіде болдың ба? — деді,`Болдым. Немене, онда тек сенің ғана баруың керек пе еді — дедім?
— Ол не — деді?
— Басқа ештеңе айтқан жоқ. Үндемеді. Мен де үндегенім жоқ.
— Олар арызын қайтып алады — деді Ваганов. — Тағы да бір рет,керек болса, бірнеше рет шақырып сөйлесемін. Менің ойымша қайтып алар деймін.
— Тіпті, жақсы болар еді, — деп қалды Попов. — Абақтыда отырып нем бар, пәлесінен аулақ. Жас емеспін...
— Павел, — Ваганов өзін жүйкелетіп жүрген басты мәселе жайында сөз бастады, — сенімен ақылдаспақ едім... — Ваганов қабырғасымен кеңесті: жас баладай-ақ ағадан ақыл сұрағаным ұят болмас па екен? Күлкіге қалып жүрмеймін бе? Жоқ, мұнда ұят та, күлкі де болмасқа тиіс. Мұнда күлкі болардай не бар! Менде бір әйел бар, Павел., жоқ олай емес екен ғой. Осы дүниеде бір әйел бар, мен оны сүйемін. Бұрын күйеуде болған еді, қазір онымен айырылысқан, сол маған...Тек осы арада ғана Ваганов әңгімені өзінің орашолақ бастағанын сезіп сәл ұялғандай болды. — Бір сөзбен айтқанда былай: ол әйелді мен жақсы көремін, бірақ онымен байланыс жасаудан қорқамын.
— Неліктен қорқасың? — деп сұрады Попов.
— Сол, қорқамын, ол да... сенің әйелің сияқты.. Онымен отассам, су түбіне кетем бе деп шошимын. Олай болған соң-ақ тек сол үшін ғана соның қызықты, көңілді, төрт құбыласы түгел өмір сүруі үшін ғана жұмыс істеуім керек... Қысқасы, өзімнің ой-ниетімді далада қалдырып, тек соны төбеме көтеруге тиіс болатын шығармын.
— Неге, оның реті жоқ қой. — Попов құп ала қоймады. — Тату-тәтті өмір сүріп, қайғы-қасірет, қуанышты бірге көру керек қой.
— Тоқтай тұр, не істеу керек екенін білемін! Бәрін де білемін.
— Онда не жетпейді?
Ваганов әңгімені бұдан әрі созғысы келмеді. Әлдекімге кейіген сыңайы бар.
— Қалай болу керек екенін мен білемін. Адамның қалай тұруы керек екенін жұрттың бәрі біледі. Ал егер мен оны сүйетінімді және оның... ешуақытта да шын жанашыр дос болмайтынын да біледі екенмін, сонда мен не істеуім керек? Сенің әйелің өзіңе дос па?
— Менікін қойшы сол!
— `Менікін қойшың` қалай? Адамның бәрі бірдей, бәрінің де жақсы тұрғысы келеді... Саған өмірлік дос керек емес пе екен?
— Менің айтарым мынау, Ваганов жолдас. — Попов ақыры түсінгендей болды. — Ол жақтан, әйелдер жағынан ешнәрсе күтуге болмайды. Ол барып тұрған алдау-арбау. Бұл жағын менің де ойланып көргенім бар... Жұрт неліктен отасып тұра алмайды? Қарап отырсаң, қай отбасыны алсаң да дау-жанжал, қырқыс, ажырасу. Бұл неліктен? Неге десең қатыннан ешқандай қайырым күтпе... Қатынның аты қатын.
— Онда біз несіне үйленеміз?деп сұрады Ваганов, бұл сияқты ірге теуіп қалған философияға таңырқағандай боп.
— Бұл басқа мәселе Попов шешіле сөйледі, шынында, бұл жайында ойланса керек Қалай дегенмен де адамға отбасын құру қажет. Отбасынсыз адамның барынан жоғы. Біз баланы не үшін жақсы көреміз? Әйелдің жағымсыз мінезіне төтеп берер күшіміз болу үшін...
— Неге... Жібі түзу, жөндемді отбасылар бар ғой!
— Қайдағы бар?! Олар көрер көзге ғана. Сыртқа білгізбейді. Ал өздері отбасында... қырқысып-ақ жатқаны.
— Не дейді бетім-ау! — Ваганов одан бетер қайран қалды. — Барып тұрған дозақ десейші. Қалайша ғана тіршілік етпексің сонда?
— Соған көнесің, белді бекем байлап тұра бересің. Өзіңді-өзің алдама. Әйел қайдан дос болмақ, бұл не дегенің? Әйтеуір бала тауып береді сонысына рақмет... Сонысы үшін де оларға өкпелеп тоныңды отқа салма олардың жаратылысы солай. Өкпелейтін несі бар? Өзінікінің шындық екеніне Попов сенімді, алаңсыз. Вагановтың бас-аяғы түгел, толық шындық іздейтініне көзі жеткен соң сол шындықты жайып салды. Осыдан соң ол жас жігітке достық, тіпті көңілді шыраймен қарады, қобалжыған жоқ.
— Иә, иә, — деді Ваганов жаймен. — Жоқ, олай емес, Попов. Бұл сенің іштегі қайғыңның, басыңнан кешкен сәтсіздіктің сөзі. Мұның бәрі бірдей солай екен деп құптауға болмайды.
Попов иығын бір қиқаң еткізді де қойды.
— Сіз менен сұрадыңыз, мен ойымдағыны айттым.
— Солай екені рас. Мен дауласпаймын. Бұл жөнінде дауласа берсек, оған өмірің де жетпейді тек... әншейін...
— Әрине, әуел бастан-ақ әркім солайша өмір сүріп келеді. Сол кезде маған: `Пашка үйленбе, қателесесің` десе. Мен қайтер едім? Мен бұл ақылшыны айдап шығып, өзімнің ойға алғанымды істей берер едім. Солай болып та келеді.
— Солай, солай, — Ваганов мойындады. — Мұның дұрыс. Жарайды, солай-ақ болсын,ол орнынан тұрды. Попов та түрегелді. Қош, Павел. — Меніңше, олар арызын қайтып алады. Тек сен әлгі...
— Жоқ, ойбай, алаң болмаңыз, Ваганов жолдас! — Попов уәде берді. — Ол жағы енді қайталанбайды, уәде беремін. Есуастық қой ол. — Оларды қағып-соққаннан не пайда? Ұялса өздері ұялсын. Дау-жанжал шығарғаным үшін өзім де ұялып жүрмін. Жүрген түрім мынау, пәле-жала қуып —бұл ұят емей не?
— Жарайды, cay бол
— Қош, cay болыңыз.
Попов есіктен шығысымен Ваганов үстел басына отыра қалып, жазуға кірісті. Ол Поповпен сөйлесіп отырған кезінде-ақ Майяға мынадай жеделхат жолдамақ болғанды:
`Кел. Менде баспана жоқ. Барымды өзіммен бірге арқалап жүрмін. Қарсы аламын. Георгий`.
Ол осылай деп жазды... Оқып шықты. Осы сияқты тауып айтылған сөздерге қарап отырып баяғы `Тартамын гармонь қызыға...` әуенін ысқыра әндетті. Қағазды бабымен бөлшектеп жыртып, себетке апарып салды. Себетке төне қарап біраз тұрды... Тынымын тапқан меңіреу тыныштық жанын жай таптырғандай ешқандай күйініш те, қамыту да жоқ. Бірақ ол бүгін жұмыс істей алмастай да еді. Ваганов үстел басына келді де, үлкен қағаздың бойына ірі әріптермен: `Сырқатпын. Үйге кеттім` деп жазды.
Қызметтестерінің біреу-міреуімен жүздесіп сөйлесуге де бүгін мұршасы жоқ. Ол үйіне қайтты. Жол-жөнекей ыңылдап әндетіп келе жатты:
Мен ойнаймын сырнайымды,
Тыңдайды жұрт мұны да.
Туған күнің амал қанша,
Бір-ақ рет жылына!
Күн жақсы еді ыстық емес, жаймашуақ, жылы. Шаңтозаңсыз, жаздың алғаш басталған шағы. Әлі де болса өсіп жетіле қоймаған көкөрімдердің бірі жер астынан тіршілікке керекті нәрлі шырын тартып айналаны гүл жайнатып тұрса, бірі жаңа ғана бұр жара бастаған, енді бірі жаңа ғана гүлдеп болған. Ал гүлдері ұшқан жерлерде жұп-жұмсақ жанды түйін болашақ дән пайда болған. Жанға рақат, аяулы шаң! Күннің қысқара бастағаны да уайым емес, бүгінгі күннің өзі де жаңа басталды.
Ваганов поштаға қарай бұрылды. Келді. Тесіктен жеделхат бланкасын алды да, үстіне сия төгіліп әптер-тәптері шыққан кішкентай үстелдің шетін ала отырып, Майяның мекен-жайын жазды. Сөз жазатын қағаз сызығы үстіне қаламұшын төндіре ұстап, біраз тұрды да... `Кел!` деп жазды.
Бұдан соң осы бір жүрек сыздатар сөзге тесіле қарап, ұзақ тұрып қалды. Бір мезетте бланканы алып умаждап-умаждап себетке атты.
— Неге айныдыңыз? — деп сұрады телеграфтағы әйел
— Тұрағын ұмытыппын, — Ваганов өтірік айта салды. Далаға шықты да сол бетімен алаңсыз үйіне қайтты.
`Өтірік айтуды да үйреніппіз! — деді ол, мұны өзі емес, басқа біреу айтқандай-ақ, бойын аулақ салып,бет-аузым шылп етсе не дейсің`.
Далада пішен иісі шыға қоймаған, шөп шабу әлі басталған жоқ-ты.