Әдебиет
Василий Шукшин
Василий Макарович Шукшин (1929 - 1974) - кеңестік кинорежиссер, актер, сценарист және жазушы.
Василий Макарович Шукшин (1929 - 1974) - кеңестік кинорежиссер, актер, сценарист және жазушы.
Бажалар
Андрей Кочугановқа әйелінің сіңлісі күйеуімен бірге қонаққа келді. Сіңлісінің аты Роза, күйеуі Сергей: ашаң жүзді, таңқы танау, көк көзді, өзін Сергей Сергеевич деп таныстырды.
Аман-есен көрісіп қуанған апалы-сіңлілер көзіне жас алып болысымен, іле-шала шамаданды көтеріп төргі бөлмеге барды.
— Бұлар енді түс ауғанша шүберектерді сарапқа салумен болады, — деді Сергей бұған онша мән бермегенсіп, бірақ мұнысының ар жағында мақтан бар еді, өйткені шүберек жағы көп болатын. Демалысқа шығып үйіне келген жас лейтенанттар көк қағаздарды қалтасынан суырарда осылайша шіренетін. Оларды жас делік, ал мынау қырықтағы қырқылжың — өлердей бөсе мақтанады.
Бажалар отырып шылым тартты.
— Демалысың қашанға дейін еді?деп сұрады Андрей.
— Демалыс уақыты жетеді, біздерге бұл жағынан жеңілдік бар. — Тағы да мақтану, кеуде керу. Құрақ көрпедей-ақ тұла бойында іліп алар түгі жоқ, ол арық еді? — деп сұрады құрақ айғай салып мақтанып тұр. — Біз ерекше жағдайдамыз ғой.
— Ол қандай ерекше жағдай?
— Еңбекақы, демалыс жағынан.
— Еңбекақың соншалық көп пе?
Бажасы Андрейдің дүниеден мұншалық бейхабарлығына күлді.
— Мәселен, менің еңбекақым төрт жүзге дейін барады.
Андрей таңырқап:
— Ой-хой! — деді.
— Мұнда профессор қанша алады?
— Қай жерде?
— Осы арада деймін, үлкен жерде?
— Қанша алатынын мен қайдан білейін.
— Ең көп алады деген профессордың еңбекақысы бес жүз сом. Мықтағанда.
— Ал. Оның несі бар?
— Мен бес класс бітірдім, алтыншысын сұрама... — Сергей Сергеевич тағы күлді. — Солайша жүріп жатырмыз.
— Демек, жақсы екен ғой. Өте жақсы.
— Ешнәрседен кенде емеспіз. Мұнда демалуға боларлықтай ма, қалай?
Андрей не айтарын білмеді.
— Несі бар... байқап көрмейсің бе. Меніңше, барлық жерде де демалуға болатын шығар деймін.
— Қайдағы. Мен әйеліме Ялтаға баралық дедім! Жоқ, үйге барамын деп болмады. Барсақ, баралық, соншама ынтығың құрып тұрса дедім. Өзім әмәнда Ялтада демаламын. Осы бір деревня дегендерді ұнатпаймын: дүкенінде дәнеңе жоқ, қаңсып тұрғаны. Жаңа жол-жөнекей дүкендеріңе соғып: `Шампан беріңізші` десем, сатушы қыз иттен үріккен ешкідей-ақ маған ежірейе қарап: `Шампан деген немене?` дейді. Кәдімгі шампан деймін оған, қышқыл, тәтті, тұщы дейтіндері болатын еді ғой... Солардың қандайы бар сізде? — `Ешқандайы да жоқ` деді. Ақыр аяғы жөні түзу шарап болсашы. Сасық арақтан басқа дәнеңе жоқ.
Андрей орнынан түрегелді:
— Мен барып ағаш жарайын. Дұрысы, монша жағу керек болар?
— Монша деймісің өте жақсы. Сіздікі қара монша шығар?
— Қара.
— Онда, тіпті, жақсы! Кейбіреулер маған, сен қара моншаны ұнатады екенсің деп таңырқайды. Ұнататыным рас. Түтін иісіне не жетсін. Тек суды молырақ тасығайсың.
Андрей тысқа шығып кетті.
Кешікпей оның қасына әйелі Соня келді.
— Үйіп-төгіп әкеліп бағыпты! деді ол аса бір ризашылықпен, көңілі тасып. — Маған мынадай гүлді, бедерлі екі орамал, атлас көйлек, әшекейлі екі дастарқан әкеліпті...
— Тыңда, сен... `әшекейлім` ...су тасу керек, — деді Андрей. — Бажа судың мол болғанын қалайтын көрінеді.
— Тәйірі-ай, олар үшін мен неге де болсын әзірмін ғой!.. Андрей, сен сыр берме. Көңілді жүр, немене... сонша күмілжи қалдың. Келгенімізді елемеді дейді ғой. Мен шексіз қуаныштымын. Шәлі болғанда қандай! Ондайды түсімде де көрген емеспін. Жұрт деген қандай бай тұрады десеңші!
Қас қарая олар моншаға түсті.
Сергей Сергеич емін-еркін, армансыз-ақ соғынды, үстіне суды легендеп құйып, рақаттана мекіренеді... Оның қатпа денесіндегі толып жатқан таңбаларды көріп Андрей қайран қалды.
— Сайтан түртті емес пе! —Андрей таңбалар жайын сұрағанда Сергей Сергеич осылайша көңілдене жауап берді. — Төрт жыл арқаладым, жастықтың әсері де. Ағай сельпода істейтін еді, дүкенге тауар әкеле жаттық... Айхай-хай! Кха! Бір жерде мен машинадан екі тай крепдешинді лақтырып тастай бергенімде қолға түсіп қалдым. Тағы да бір шөміш су шашып қой.
Андрей пешке су шашты. Сергей Сергеич тағы да есі-түсі қалмай соғынып, аһылап-уһілеумен болды...
— Сонымен не болды?
— Нені айтасың?
— Әлгі крепдешин ше?
— Айттым ғой, қолға түсіп қалдық. Маған төрт жыл, ағайға жеті жыл берді... Оның ордендеріне де қараған жоқ. Он екі ордені бар-ды. Медальдарын қосқанда.
— Ағаңның жазығы не?
— Маған үйреткен сол ғой! Алғашқы жауапта-ақ мен тұяқ серіппей кеттім. Ал ағай бес-ақ жыл отырды қалғаны кешірімге жатты... Тағы да су салшы! Бірден екі шөміш ұр.
— Өзіңе ауыр болып жүрмесін?
— Бұйым да емес, сала бер.
Пеш көмейіндегі тастан бұрқана жөңкіген жойқын да ыстық бу төбеге атылып, одан төмен қарай серпілді... Андрей жүресінен отыра кетті. Бажасы сәкі үстінде жан алып, жан беріп дөңбекшуде. Сау-тамтық жоқ таңбалы ашаң денесі будың ішінен қылаң беріп қояды. Бір мезетте ол құлап түсті де, тыныстамақ болып ауызғы бөлмеге шықты еңбектеп.
Андрей сәкіге шығып, аз уақыт аяғы мен белін сыпырғышпен сабалады соғынғанды жек көретін. Содан соң ол да жерге тусті.
— Бері кел, шылым тарталық, — деді Сергей. Салқын жерде отырып екеуі шылым тартты.
Бажа баяғы әуеніне қайта басты:
— Иә, сонымен, мұнда демалысты қалай өткізуге болады?
— Түу, мынаған дауа жоқ-ты! — Андрей не дерін білмеді. — Немене, төбеге шырт түкір де, жата бер... Кино келіп тұрады. Балық аула... Қалай демалу керегі несі...
— Өзенде балық-малық бар ғой?
— Аз. Жігіттер жоғарырақ барып аулайды, сонда бірдеңелер болу керек.
— Қайық бар ма?
— Бар. Бірақ моторы жоқ.
— Қалайша. Моторы жоғы несі?
— Мотор бар ғой... Дүкенде толып тұр... Оған ақша жоқ қой.
— Менде `Иж` бар, сенбі күні таңғы сағат төртте шығып, кер жолдың бойымен сағатына жүзден қойып ұрады емеспін бе!.. Машина емес, пері! Біз балықты көлден аулаймыз.
— Қолдарыңа ештеңе түсе ме сонда?
— Пәле, саған өтірік, маған шын, бума қаптан кем әкеліп көрген емен. Розка балықты қоярға жер таппайды. Қуырады да, тұздайды да, сорпа да жасайды... Негізінен алғанда, бақшаны қоректендіреміз.
— Солай ма!? — деді Андрей тамсанып.
— Иә. Мен ірі пиязды ұнатамын ғой, бізде жылыжай бар, мен онда ұнтақталған балық жұмсаймын... Бізде қандай пияз өсетінін сен білсең. Бүкіл қыстақта ондай пияз жоқ. Тура мынадай!.. Қандай тәтті десеңізші, ит жегірді. Қазір `Волга` алуға кезекке жазылып қойдым. `Фиатты` күт деп кеңес берген еді, бірақ менің ойымша, осы `Фиатпен` олар әлде де бес жыл әуреленеді, ал мен бұл уақыттың ішінде `Волганы` алып та үлгеремін. К-ха. Тағы да бір рет сәкіге шықсам ба екен? Иә, тағы бір аунап шығайын...
Бұдан соң әйелдер жуынды.
Бұл уақытта бажалар бір бөтелке `галган` арағын ортаға алып, үстел басында отырып тәжікелесумен болды. Бажа өз тұрмысында мін жоқ бәрі де қолмен қойғандай екенін айтып тағы да бөсе бастады... Бір мезетте ол Андрейді тіршілік етуді білмейсің деп кінәлады.
— Керек десе телевизорың да жоқ қой?
— Жоқ.
— Түу, сен өзің әлдеқалай бір жетесіз туған жігіт екенсің. Шынымен-ақ телевизор сатып ала алмағаның ба?
Андрей бұл сөзді көңіліне алып қалды.
— Жұрттың бәрі бірдей профессордың еңбекақысын ала бермейді ғой...
— Сонда да телевизор сатып алуға болады емес пе!
— Оның маған не қажеті бар! `Фиатың` да өзіңе. Ұқтың ба? Ал егер осыдан әрнемені бір айтып бетіме салық ететін болсаң, сенімен басқаша сөйлесемін.
— Қалайша?
— Қалайшасын көресің.
— Қой, оның бола қоймас? М-м?
— Қақ маңдайдан перемін, болған-біткені сол..
— Солай ма?
— Сенің өзіңе не керек? Келе сала мынауың жаман, анау ұнамайды осыдан басқа айтарың жоқ. Келген екенсің мейман бол Ізет сақта.
— Демек, сеніңше мен, тіпті, кемшілікті көре тұрсам да, бәрібір, мынау жақсы екен демекпін ғой? Солай ма?
— Дүкенде шампан жоқ екен, сол үшін де мен кінәлімін бе?бұл араға шампанның не қажеті бар? Бізде оны ешкім де ішіп көрген емес.
— Мен сенен шампан сұрағаным жоқ, телевизор жайын сөз еттім ғой. Маған бәрібір, `Калганды` да іше беремін.
— Айталық, сенің комбайның бар ма?
— Қайдағы комбайн?
— Кәдімгі егін оратын комбайн?
— Оның маған не керегі бар?
— Ендеше үндеме, саған комбайн керек емес екен, маған телевизордың да керегі жоқ. Бірақ мен комбайның жоқ деп сені кінәламаймын.
— Ойбай-ау, телевизор деген күнделікті қажет дүние емес пе? Балаң өсіп келеді, кешкілікте бақша кезгенше үйде отырып телевизор көрмей ме?
Андрей үндемеді.
— Әнеки, менде де ірі пияз бар бау-бау болып байлаулы тұр... Керек пе?
— Жоқ, қалай дегенмен де сен берекесіз жігітсің. Көңіліңе келмесін, әрине...
Андрей бажасына кірпік қақпастан тесіле қарады.
— Енді қайтып тіл тигізер болсаң... көрдің ғой, мынаны? Тұп-тура перемін екі көздің арасынан.
— Солай ма? — деп жәуіттене түсті бажа. — Есіңде болсын, ана-мына дегенше оң қолымның қалай сарт еткенін мен де білмей қаламын. Көрдің бе мына мұрынды? — Ол өзінің тиектей танауын саусағымен басып көрсетті. — Бұзылған... Өгей әкем бұзған-ды. Есейіп, етек жаба келе ініміз екеуміздің оны қалай жүндегенімізді білсең ғой? Не істемедік оған... Кейде жақындап келіп, былайша с-сарт еткізетін едім.
Сергей Сергеич өгей әкесін қай жерінен ұрғанын көрсетпек болып құлашын жаза бергені сол еді, көзді ашып-жұмғанша болған жоқ, Андрейдің оң қолы келіп маңдайынан сарт ете қалды бажа орындықтан ұшып түскен бойы бажалаңдап, боқтай жөнелді.
— Мен бұған көрсетейін десем! Мұндай да хайуан болады екен, атаңа нәлет! Аузыңа құм құйылғыр! — Бажа еденде отырып, бір қолымен маңдайын сипап, екіншісін жоғары сермеп түсіндіре бастады. — Әкейді мен былай ұрғанымды көрсетпек болған едім, ал сен ойлап қалғансың...
— Екі бірдей арамтамақ қарт адамға жабыласыңдар, — деді Андрей. Өзінің асығыс қимылдағаны үшін ұялып та қалды, ал бажасы жұдырығын түйіп, құлашын жаза бастағанда ұрғалы келе жатыр екен деп қалғаны да рас еді. — Ұялсаңдар болмай ма?
— Оның бізді қалай дүрелегенін білмейсің ғой! Сенің өзің ше?...
— Рақмет айт та алып қой, мен айнымай тұрғанда. Түсіндің бе? Саған сыйлағаным.
— Мұның не, аты-жөні жоқ. — Андрей әлі де түсіне алмай тұр.
Бажа күліп қояды, мәз-мейрам.
— Солай... несіне аузыңды ашып қалдың? Жетесіздіктен бе... Ал, сенікі!
— Бұл қымбат дүние ғой, — деді Андрей. — Қой, құрысын...
Сергей Сергеич Андрейдің жанына келді де, оны алақанымен ауырса да беттен салып қалды.
— Ал дедім ғой... Мұның онысын сатып алу қолымнан келеді. — Серьга Неверевпен ойнама! Жүр, кеттік.
Андрей сарайдың табалдырығынан аттай бергенде бажасы оның арқасына қарғып міне кетіп, еліре дауыстады:
— Ал енді төпе!.. Баспалдаққа дейін.
— Аулақ!.. — Андрей жауырынын қиқаңдатты, — түс дедім ғой!
Бажа түсер емес.
— Кәне, баспалдаққа дейін! Бол? — Сергей Сергеич тыпыршып Андрейді бүйірге тебініп қалды — Шу! — Ойын ғой тәйірі. Гоп! Гоп! Бүлкілде! Несіне қиналасың?
Моторы түссін бүйткен! Сайтан сүйреп әкелсе керек, қараң қалғырды. Андрей баспалдаққа жақындай бере бажаны басынан асыра лақтыруға, сөйтіп оны басқышқа соғып сұлатуға шақ қалды, өйткені анау желе-жортқан боп келе жатып, өзеурей айғай салды:
— Еһ-ей! Казак шауып барады сайдан өтіп! Гоп! Гоп!
Сәті түскенде, үйден тысқа ешкім шыға қойған жоқ, көшеде де ешкім көрінбейді, демек Кочугановтардың қонағы қандай көлікпен `сайдан өтіп` бара жатқанын ешкім көрген жоқ.
Андрей есікті теуіп ашып үйге кірді... Бірақ үстел үстіне келіп тағы да қаздия қалған `Калганды` көрді, қуырдақтың да иісі мұрынды жарып бара жатқандай... Үй іші тап-тұйнақтай боп жиналған, радио қоңырлатып күй толғап тұр, әйелі Соняның екі езуі екі құлағында, сасып-абдырап бәйек боп жүр. Бажаны арқаласа, онда не тұр! Шынында, ол да қиналатын іс болып па? Оның есесіне моторға ие боп қалды... дуа тимегірге.
— Мотор қалай екен? — деп сұрады Соня.
— О, сұрама!.. Сергей Сергеич іліп әкетті. — Мотордан көз алмай аузын ашып қалды. Тірі тамаша! — Бажа мен Соня ішек-сілесі қатқанша күлді. — Тезірек ал, мен айнып қалмай тұрып. Айни салуым оп-оңай дедім бұған. Кәне, бір рюмкадан `Калган` ішіп моторды жуалық. Неменеге сілейіп қалдың? Есіңді жия алмай тұрмысың. Бажа тағы күлді. Содан соң үстел басына келді. Бұдан әрі кешегі келген беттегі әуеніне қайта басты. Не дегенмен де өзі адам таң қаларлықтай жан... Сирек кездесетін пенде десе де болғандай.