23 Қараша, Сенбі

Әдебиет

Василий Шукшин
Василий Макарович Шукшин (1929 - 1974) - кеңестік кинорежиссер, актер, сценарист және жазушы.

Деревняда тұрғым келеді






Николай Григорьевич Кузовников дейтін біреу жұрт қатарлы тіршілік етіп, жап-жақсы өмір сүрді. Отызыншы жылдардың басында халыққа қозғау салған ұлы күш серпіні мұны да деревнядан жұлып алды да кетті. Алғашқы кезде ауылды аңсап жүрді, бірақ үйрене келе қалада шамалы да болса етің тірі, тау қопарып, тас жарып, соншалықты күш салмай-ақ қиналмай тіршілік етуге болатынын түсінді. Кейін қойма жұмысына ауысты, содан өмір бойы қоймашы боп қалды, тіпті соғыс кезінде де осы жұмысты атқарды. Бүгінде ол үлкен қалада, жақсы пәтерде, ер жеткен балаларынан бөлек тұрады, қартайды, зейнетке шықпақ ойы бар. Ол қоймадан зат ұрлап көрді ме? Қалай десе болар еді... Жоғары дәрежелі заң білімі бар әлдебіреудің түсінігінше иә, ұрлады, ал басалқалы адамның түсінігінше ол ұрлық емес: ешнәрседен мұқтаждық көрмес үшін өзіне қанша керек болса сонша алды, егер оның қолынан қаншама дүние өткеніне көз жіберіп ескерер болсаң, ұрлық деген ойдың өзі түкке тұрғысыз боп шығады. Сондайда ұрлық бола ма екен! Ол алып бақты, бірақ ешқашан алжасқан жоқ, өзінің басқалардан жақсы тұратынын ешқашан көрсеткен де жоқ. Сондықтан университет значогын таққандардың да бірде-бірі оның ұрлығының үстінен түскен жоқ. Николай Григорьевичи ар-ұят ешқашан мазалап та көрген жоқ. Бұл оның ар-ұяттан безген адам екендігінен емес, атамаңыз, түу бастан осылайша қалып алып кеткен: әрі-беріден соң ар-ұяттың несі бар бұл арада? Тек ебін тауып ұқсата біл, ұрыншақ болма, құнықпа, жөніңді біл, ал ар-ұят дегеніңіз... бұл!.. Қалтарыста тұрғанда ар-ұятты сөз етуге де болады, бірақ солай болса да өз басың бәрін де бастан-аяқ ойластыр, бәрін де өлшеп-пішіп, тексеріп, орайластырып ал сонда тыныш ұйықтайсың мейлі, одан әрі ар-инабат үшін басқа біреулердің жаны ауырса, ауыра берсін. Ал енді етегіңді жаба алмай жатып ар-ұят жайлы даурығу ақылдының ісі емес.

Қысқасы, бәрі де орнында, бүлініп-жарылған ештеңе жоқ. Николай Григорьевич өзінің өмір жолын аяқтауға жақын. Көңілі түсіп кеткенде өзіне-өзі: `Жарайсың, түрмеде де отырған жоқсың, соғыста оққа да алдырған жоқсың` дейді.

Алайда Николай Григорьевичтің басында ерекше бір сыр бар-ды, бірақ мұның неліктен пайда болғанын білмейтін, тіпті білгісі келе қалған кезінде де түсінігі жетпестей еді. Бірақ мұны түсінгісі келмеді және ол жайында ойланып-толғанып та жатпады, ал осы бір желікке (мұның өзі желік пе, жоқ әлде басқа ма, алдымен осының да байыбына бару керек) ол мүлде беріліп кетті.

Соңғы бес-алты жыл бойы ол былай істеп келді.

Сенбі күні, жұмыстан соң, үйде әйелі күтіп отырғанда, шаруасы жайлы, көңілі көтеріңкі кездің өзінде-ақ ол бір стақан арақты тастап алып трамвайға отырып вокзалға баратын. Қаладағы вокзал үлкен, қашанда болсын онда адам дегеніңіз құмырсқадай өріп жүреді. Сондағы дәретхана жанында шылым тартатын орын бар. Онда күндіз-түні бірдей адам коп жиналады да, түтін будақтап, абыр-сабыр сапырылыс болып жатады. Николай Григорьевич салып-ұрып осында келеді. Сонан соң ол да әңгімеге араласады.

— Жігіттер? — деді ол салған жерден, — деревнядан келген қайсың барсың?

Ондайлар әрқашанда көп болатын. Сол арадағы топырласып тұрғандардың дені деревнядан.

— Не айтпақсың? — деп сұрайды олар бұдан. — Ол неге керек саған?

— Деревняға барып тұрақтайыншы деген едім. Білетіндерің бар шығар: ешқайда тәжірибелі қойма қызметшісі керек емес пе екен? Осы салада отыз төрт жыл қызмет істеген едім. — Бұдан соң Николай Григорьевич өзінің деревнядан шыққан адам екенін, одан кеткелі көп болғанын, өмір бойы қоймашы болып қызмет істегенін, енді қартайған шағында деревняға қайтып барғысы келетінін аспай-саспай, баппен, қалтқысыз баяндайды... Басы осыдан басталатын. Бәрі де мұны салғаннан құптап, егер деревняда туып-өскен екенсің, қаншама қала кезгеніңмен, бәрібір ерте ме, кеш пе, деревняны аңсамай тұра алмайсың деседі. Одан әрі мұның таңдауына деревнялар ұсынады. Николай Григорьевич олардың мекен-жайларын жазып алып үлгерместен бірі іреп, бірі сойып, дауласа бастайды.

— Сен қоя тұр, Вязовкаңды тықпаламай!..

— Сен оны білетін бе едің? Неменеге екі қолыңды ербеңдете қалдың?! Онда бірде-бір рет болып көрсең екен-ау?

— Вязовкада ма? Білгенде мен білейін, сенің Вязовкаңды! Құдай-ау сақтай гөр, Вязовка дейді! Өзі қартайып келген адамға табиғаты жақсы жер керек емес пе...

— Табиғат деген не ол? — деседі басқалары. — Табиғаттан емес, жұмыстан бастау керек қой. Сендердің Вязовкаларыңды мен білмеймін, ал өзіңде қойма бар ма? Бұл кісі бәрінен де бұрын жұмыс жайын сұрап тұр ғой.

— Жоқ, — дейді Николай Григорьевич,табиғатының жақсы болғаны да теріс емес, әрине...

— Иә, әңгіме сонда! Қойма деген сөз бе екен! Қойманың аты қойма, бүгінде қоймасыз жер жоқ. Егер, мәселенки...

— Сендер кеңірдектен басқа не білетін едіңдер. — деді маңғазсыған біреуі. — Ал қойма дедіңдер, оның барлық жерде бар екені де рас, сонда мәселенки, тұрғын үй жағы ше? Бізде қойма да, өзен де, көл де бар, ал үй жағы өте қымбат.

— Шамамен айтқанда қанша? — деп Николай Григорьевичтің анықтай түскісі келді.

— Қандайы керек екеніне байланысты да.

— Айталық, асты-үсті тақтайлы екі бөлмелі үй. Әлі де болса сыны қашып көнере қоймаған болса.

— Қора-қопсысымен бе?

— Әрине, моншасы, отын үйетін сарайы болса... Жүк қоятын ықтырмалы жаппа деген сияқтылары болса тіпті жақсы. Қол бос кезінде тақтай сүргілейтінім бар еді.

— Егер, айталық, екі бөлмелі жақсы үй,анау мөлшерлей бастады, — моншасымағы...

— Моншасы мыжырайған бірдеңе емес, жақсы болсын.

— Моншасы жақсы, тақтайдан салынған сарайы бар, бізде сарай біткен көбіне сол ағаштан жасалады...

— Деревняда тақтай тілетін орын бар шығар?

— Деревняның өзінде емес, бөлімшесінде.

— Солай ма?

— Адалын айтсақ, бақшасы да көңілдегідей.

— Кемпір екеумізге онша үлкен бақшаның керегі де жоқ.

— Былайша дұрыс, қазіргі кезде қайда да болсын үлкен бақша жоқ, ол жақ — бұл жағын есептеп келгенде үш, үш жарым болып қалар...

— Мың ба?! — деп таңырқады біреуі.

— Жоқ, сом, — деп кекеді маңғазсыған жігіт.

— Қоя ғой, бөсіңкіреп жібердің білем, ешқайда ондай баға жоқ, — деп шүбәланды басқалары.

Маңғазсыған жігіт шамданып қалды.

— Сендердің алдарыңда мен не үшін бөспекпін? Менің өз үйімді ала гөр деп тұрған жоқпын, шындықты айттым. Мына кісі сұрады ғой...

— Неліктен олай? Қайдағы бір жер-көкте жоқ бағаны айтасың. Соншалық немене еді оларың?

— Ештеңе де емес, совхоз.

— Олай болса, сонша неге қымбат? Ондағылардың есі ауысқан болар?

— Біздің есіміз дұрыс, есі ауысқан құрылыс басындағылар, мен оны отынға шығарыпты деп те есіттім. Ал есі ауысқан керек болса. Мұны өзім де түсіне алғаным жоқ.

— Мен де солай деп есіткен едім. Үш жүз сомға жақсы үй сатып алуға болады дескен-ді.

— Ал үш жүз болсын, болмасын...

— Сенің деревняңның аты қалай? — Николай Григорьевич жаза бастады.

— Завалиха. Деревня емес, село.

— Қай жақта!

— Қазір осы арадан шығып бара қалар болсаңыз... — Селоның адамы селосының қай жақта екенін, оған қалай бару керек екенін тәптіштеп түсіндірді.

— Аудан орталығы ма еді?

— Бұрын аудан орталығы болған, ал кейін, аудандарды ірілендіру кезінде біз Краснодар ауданына қосылып кеттік те, біздікі орталық мекен болып қалды.

— Онда жүк түсіретін база бар шығар? — деп қадағалап сұрады Николай Григорьевич.

Ана жігіт мұны тыңдап боп, бәрін де бажайлай айтып берді. Басқа селолар мен деревнялардай емес, бұл адамға өз селосының соншалықты ұнағанына ол қуанғандай еді. Көлденеңнен қарап тұрғандардың көңілінде қызғаныш та жоқ емес. Олар бұл сияқты орайы келген сәтке кесе көлденең тұру мүмкіндігін де тапты.

— Немене сонша, бұл қайдан шыққан баға! Таяу жерде орман жоқ па еді?

— Ал сонда сендердегі баға қандай? Үйлері қымбат селоның адамы шамданып қалды Мәселенки, екі бөлмелі тәуір үй қанша тұрады? Бірақ өтірік қоспай шынын айт.

— Өтірік айтып нем бар? Жарамды ондай үй бізде... қора-қопсысын, бақшасын, бәрін қоса есептегенде бір жарым, екі мың шамасы болып қалады.

— Ол қай жақта? — деп Николай Григорьевич енді бұған қарай бұрылды.

Үй іздеушіге ұнай қалған бұл жігіт те өз селосының қай жақта екенін, ондағы өзеннің атына дейін, күзгі мезгілдегі ет жайын... бастан-аяқ жеткізе баяндады...

— Менің бажам келіп кеткен еді... бұл да күз мезгілінде келген-ді... Бәрін де көріп шықты. `Ойбой, сендерге келіп тұруға болады екен ғой! — деді. Бізге барсаң, тұмсығыңды да батыра алмайсың`.

— Қай жақтан келген еді?

— Оралдың ар жағынан. Златоуст қаласынан.

— Сен немене бұл араға қаланы әкеп қыстырасың? Біздің сөз етіп тұрғанымыз деревня өмірі ғой.

— Ол қаланың өзінен емес, жақын төңірегінен.

— Бұл кісінің әлдеқайда бір жақтан барып қоныс алып несі бар, ойға алғаны осы өз ортамыз емес пе! Магаданда тұратын бажам бар еді деп мен де айта аламын саған...

— Ой, аузыңды!.. Маған десең Америкада тұрады деп неге айтпайсын.

— Америкада нең бар?

— Магаданда сенің нең бар?

— Оның себебі әңгіме ауылдың жер төңірегінде болып отырса, сен сонау Златоуст өтіп кетесің! Златоуста не атаңның құны бар еді?

— Сабыр етіңдер, сабыр, — Николай Григорьевич егесе қалған деревня адамдарына тоқтау айтты. Бір тамашасы, ол осы арада тұрғандардың қожайыны бола қалған жұмыссыз жүргендердің ортасына келген иесі қабылдаушы кейпінде. — Сабыр етіңдер, жігіттер, — дейді Николай Григорьевич,базарда тұрған жоқсыңдар. Менің ендігі бір айтайын дегенім: сенің селоң теңіз деңгейінен қанша биіктікте? — бұл кімнің селосында екі бөлмелі үй арзан деген мәселеге қатысты еді.

Анау ештеңе айта алмады. Қайсысының селосы мен деревнясы теңіз деңгейінен қаншалықты биікте екенін мұндағылардың бірде-бірі білмеді.

— Мұның не қажеті бар еді?

— Мұның маңызы өте зор. — деді Николай Григорьевич. — Бұл жүрек-тамыр жүйесі үшін өте қажет. Сәл биік жерде болса ол да жарамайды: адамның тыныс алуына оттегі жетпейді.

— Ондайды сезген емеспіз,деревня адамдары шынын айтты.

Алайда бұл сияқты сөзді Николай Григорьевич сес білдіру үшін айта салған-ды. Үйлердің бағасы, азық-түлік жайы, деревня маңында өзен немесе көл бар ма, орман алыста ма, жақында ма мінеки, көбінесе сөз болған осы жағы... Бұдан әрі адам жайына көшкен-ді деревня адамдары қандай жақсы, жайдары, байсалды, өсек-аяң, ұрлық дегенді білмейді. — Табанда неге екенін өздері де сезбестен тиіп-қашып өтірік те айта бастады. Бұл дегеніңіз өз-өзінен туындап жатты, ешкімде ешқандай бөтен ой жоқ: біреу өз адамдарын әңгіме етеді екен, басқалар үндемей қала алсын ба, олар да әңгімелейді, әркім өз адамдарын жақсы етіп көрсетуді көздейді.

— Ал бізде... білгілеріңіз келсе айтайын: суға барған әйел есік бекіту дегенді білмейді, қажеті не? Сабау қыстырады да жүре береді, бітті: ешкім ол есікті ашпайды. Сығандар ше дейтін боларсыздар — олар бізде толып-ақ жүр — бірақ кірмейді: сығандарды да соған үйретіп қойғанбыз.

— Кімді дедің, ей! Мысал үшін айтсақ: бізде бір ұры бар...

— Ұры дейді?!

— Иә, ұры! Оның ұры екенін бәріміз де білеміз, сол ұрлығы үшін бес рет отырып та келген. Бізде еңбегі сіңген бір мұғалима тұрады, өзінің ордені де бар... Әлгі ұры мұғалимаға келіп: `Сіздікінде екі аптадай тұра тұрайыншы` депті. Өзі ертеректе бірінші класта ма, немене... осы мұғалимадан сабақ оқыған екен. Ол өзі балалар үйінде тәрбиеленген, мұғалима да сонда қызмет істеген болса керек. Солай. `Бір жерге орналасып алғанша екі апта тұруға рұқсат етіңіз` дейді.

— Рұқсат етіп пе?

— Әрине! Енді ол түк қалдырмай үптеп кететін шығар деп ойладық!.. Кемпірге жанымыз ашыды. Сөйтсек, оларда `тұрған жеріңді ұрлама` деген заң бар екен. Оны кім білген.

— Иә, иә.

— Шауып кетпеп пе?

— Атамаңыз! Бір сабақ жібіне де тимеген. Өзін-өзі ұстаса керек.

— Иә, сондай заң бар. Егер ол мұғалиманың үйін үптеп кетер болса, өзінің сыбайластары сазайын тарттырады...

— Ештеңесін де алмаған!

— Естімеген елде көп... Сендердің ондай заңдарыңа түкіргені бар ма олардың! Заң дейді ғой! Өткен жылы менің бір мая шөбімді ұрлап-ақ кетті ғой, жолың болмағырлар.

— Түу? Сенің шөбіңді алған сондай ұры ма екен! Осы өзіміздің туысқандардың бірі де. Сенің шөбіңмен ол артын сүртсін бе?

Бәрі де бір күлісіп алды. Тағы да кейбір оқиғаларды сөз етіскен болды. Шылымды толассыз тартқандары соншалық, түтіннен көздері ашып жасаурай бастаған. Уақыт деген, құдайға шүкір, өтіп жатыр: көзді ашып-жұмғанша, енді аттанар сағат та келіп қалады. Құдай басқа салмасын, вокзалда пойыз күткеннен пәле не бар.

Бір жолы ауданнан келе жатыр едім. — деді бір пысықай сөз арасында,жасы сексен-сексен бестер шамасындағы бір кемпір тұр екен. Қолын көтерді. Тоқтай қалдым. `Красныйға дейін ала кет, балам`. — деді. Красныймен екі ара алпыс бес километр жер. `Төлейтін пұлыңыз бар ма еді?`. — дедім. `Бар ғой, қарағым, бар`. — деді. Алдым да жүріп кеттім... Әңгімеші алдын-ала көздерін ойнақшытып қойды. Красныйға келдік. `Жеттік, әже, төлеңіз`. — дедім. Ол сөмкесінен алып... маған бес жұмыртқа берді!

Тағы да күлді. Әңгімеші масайрап қалды.

`Ертеректе,дейді кемпір,біз үнемі жұмыртқамен есеп айырысатынбыз`. — Жарайды, әже, бара қойыңыз, — дедім.

Әңгімеші өзінің кемпірге не айтқанын бірнеше рет қайталады: `Бара қойыңыз, әже, деймін, бара қойыңыз. Бара беріңіз, сіз маған не бере қойғандайсыз`. Мұның төркінін түсіне білу керек мінеки, бұлда қайырымды адам. Зады, осы арада болған өзара әңгімеге қарағанда, село мен деревняда қайырымды да мейірімді, қулық-сұмдықтан аулақ адал жандар қисапсыз көп, олардан аяқ алып жүре алмайсың. Шетінен солай... Ал егер некен-саяқ өсекші, арам ойлы, сараңдар кездесе қалады екен олар желөкпелер.

Николай Григорьевич мекен-жайлар жазуды тоқтатқан.

Басқалар не айтса, соны тыңдайды, жан-жағына жәмпеңдей бұрылып, ол да күліп қояды. Оның соншалықты зейін қойып, көңілдене тыңдағанына қарап басқалар да көңілденіп, адамға тән небір тамаша дарқандықтың бетін ашардай соны оқиғаларды қозғайды. Рас, аңдаусызда әлдебір күншілдің немесе алдамшының сықпыты көрініп те қалып жатты, бірақ оған мән берілген жоқ, әңгіменің өзегі онда емес, ол түкке тұрғысыз нәрселер. Мұның түкке тұрғысыз екеніне бәрі де іштей келісіп тұр, ал дүниенің тұтқасы — парасаттылық пен ізгілік қолында.

Бүгін байқасам, сыра сатылып жатыр екен. Кезекке келіп тұра қалдым — сырашы маған сыра құйды... Құйғаны сол — дәл мынадай орта құйды. Шүмектің астына қоя сала итере тастайды. Оңаша шығып алған соң: `Бізде мынасы үшін мұны маңдайынан сипай қоймас еді-ау` деп ойладым.

Сол-ақ екен, мұны бәрі де қостай кетті... Адам көп, бәрі де атүсті асығыс осыны пайдаланады ғой, ол бетбақ. Ал егер ойлап қарар болсақ ол қаншама сыраны Жұрттың аузынан жырып алып қалды десеңізші. Әрине, тиын деген оған өзінен-өзі ағылып келіп жатады, рас бір жұтым сыраны кем ішкендіктен сен де өліп қала қойған жоқсың. Ал оның да отбасы бар шығар...

Ауыл адамдарының қала тіршілігінде бір түсінбейтін нәрсесі — осы бір жүгенсіздік. Мұның өзінің не екеніне де түсінік таба алмайсың. Біріне-бірі ақырып-шақырып, шапылдап-ақ тұрғаны. Сатушыдан ешнәрсенің мәнін сұрама, конторда да сол, бір нәрсені түсіне алмайды екенсің қайталап сұрама: олардың оқты көзін көріп, жауабын есіткенше, екі аяғыңа жалын да тайып отыр. Осы тақырып сөз болғанда деревня адамдары аузын ашып, көзін жұмып дуылдаса қалды. Олармен бірге Николай Григорьевич те түсіне алмай қайран болды. Біреуді дәретхананың қабырғасына тықсыра түсіп оған дауыстап түсіндіре бастады:

— Мен неге кеткелі жүр дейсің? Кететін себебім осы ғой. Төзімім мүлде таусылып бітті емес пе. Сен мені тұрмысы нашар болған соң кеткелі жүр дейтін боларсың?! Құдай екінің біріне осындай-ақ тұрмыс берсін! Екі бөлмелі пәтерім бар, кемпірім екеуміз ғана тұрамыз. Сонда да төзе алар емеспін! Жүйкеме әбден тиіп болды! — Ауыл адамына мұңын шағып тұрған осы бір сәтте Николай Григорьевич шын күйінген еді, өзін-өзі төске ұрып, жылауға шақ қалды. Алайда, бұлда бір ғажайып нәрсе — қоймада тұрған кезінде өзінің басқаларға көп айғайлайтынын, шопырлар мен жүкшілердің жер-жебіріне жететінін, жон-жосық сұрайын дегендерден кірпідей жиырылатынын — бұл арада ол шынымен-ақ ұмытып кетті. Осының бәрі табан астында ұмыт болғанымен, басқалардың жүгенсіздігіне, екінің бірінің ақырып-жекіретініне, намысқа тиіп қорлайтынына деген ыза көкірегінде қалып қойған. Мұның өмірі сияқты өмірдің, екі бөлмелі үйдің де барынан жоғы артық екені, одан да деревнядан үй сатып алып тіршіліктің ендігі қалған күндерін адамша тыныштықта өткізу керек екені оған айдан анық еді. Көппен бірге бұл арада жүріп малғұндық халге түсудің не керегі бар, біз адамбыз ғой! Адамгершілік, тыныштық жайлы сөздер Николай Григорьевич үшін баға жетпестей қымбат еді, оларды жар салып айту оған қажет те, қиын да, сүйінішті де. Кейде ол айналасындағылар тына қалғанда, түтеген түтін ішінде жалғыз өзі сөйлеп тұрды. Басқалар шынымен оған жаны ашып, көмектескісі келеді.

Осылайша құмардан шыға әңгімелесіп болып, жазып алған мекен-жайларын қалтасына салып алып Николай Григорьевич үйіне қайтты. Ол вокзалдан үйіне, төрт аялдама бойына, үнемі жаяу қайтатын. Әрі тарт-бері тарт үлкен әңгімеден соң жаяу жүріп бой жазды. Жаны сәл жабырқап, шаршағанын сезіп келеді. Жол шетіне жете бере Николай Григорьевичтің тамақ ішкісі келетін әдеті бар.

Оның еш жаққа, ешқандай деревняға барғысы да жоқ, басында ондай ой болған да емес, бірақ ол содан былай қарай вокзалға бармаса отыра алмайды — бұл оған әдетке айналған. Оны ұялтып тоқтау айтар кім бар, мәселенки, үлкен ұлы оның вокзалға баруына, ауыл адамдарымен сөйлесіп мекен-жайларын жазып алуына тыйым салып көрсінші... Жоқ, қалайша тоқтатпақсың? Бәрібір ол ұрланып кетеді. Онсыз тұра алмайды.