Әдебиет
Василий Шукшин
Василий Макарович Шукшин (1929 - 1974) - кеңестік кинорежиссер, актер, сценарист және жазушы.
Василий Макарович Шукшин (1929 - 1974) - кеңестік кинорежиссер, актер, сценарист және жазушы.
Ангиме
Иван Петиннің әйелі кетіп қалды. Кетісі де қызық! Кәдімгі ертедегі романдардағыдай-ақ, қиын-қыстаусыз, офицермен қашып кете барған.
Иван алыс сапардан келген бойда, машинасын аула ішіне қойып, есігінің құлпын ашты... Үстел үстінде мынадай жазулы қағаз жатты:
`Кешір, Иван, бұдан былай сендей милаумен отасып тұра алмайтын болдым. Мені іздеме. Людмила`.
Нар түйедей Иван маңдайынан соққы тиіп есеңгіреген жандай айналасына да қарамастан, сылқ етіп орындыққа отыра кетті. Бұл оқиғаның ешқандай ойын емес, шын екенін ол бірден түсінді.
Тіпті, оның өмірде кездескеннің бәріне де шыдап көтере беретін қабілетіне қарамастан. Бұл соққы оған жан төзгісіздей болып көрінді: жүрегі сыздап, тағаты таусылып бара жатқандай. Қасірет қабындай түскен... Еңіреп жылап жіберуге шақ қана қалып отыр. Ойланып-толғанып көрейінші деген еді, ойына еш нәрсе оралмады, сыздаған жүрек жанына сая таптырар емес.
`Ауыр қасірет деген осындай болмақ екен-ау` деген шұғыл ой сап ете қалды оған. Жеткен жері осы.
Қырыққа келген Иван деревня адамдарындай жып-жылмағай емес-ті, жасына қарағанда өңі әлдеқайда егде сияқты көрінетін. Ол өзінің тұнжыраңқылығын, сөзге жоқ тоң-торыстығын елемейтін, ал көлденең адамның көзі ең алдымен осы жағына түсетіні-ақ өкінішті. Алайда ер адам қашан да ақжарқын, сөзшең бе, жоқ па, осынысына қарап оған баға беру керек деген ұғым оның ойына кіріп те шыққан емес-ті. Енді қалай? Солай болмағанда ше деп бұған Людмила да айтқан-ды. Осы сөзі үшін де бұл оны жақсы көрді... бірақ үндеген жоқ. `Әңгіме менің саған саяси жетекші болуымда ма екен?` — деп ойлаған. Енді мінеки мұның топастығына, жайдары еместігіне Людмила шын күйінген боп шығып отыр.
Істің мән-жайын Иван соңынан білді.
Совхоздың электр қондырғысын құрастырып жабдықтауға көмектесу үшін, селоға бір офицер бастаған әскер бөлімшесі келген. Бас-аяғы бір аптадай тұрып, келген жұмысын тындырып болған соң қайтып кеткен. Сол офицер мұнда өзіне отбасын да `жабдықтаған` болып шықты.
Екі күндей Иван барарға жер таппады. Ішіп те байқады, бірақ бұрынғыдан да бетер жаман болды ішкені батпады. Оны да қойды. Үшінші күн дегенде аудандық газетке әңгіме жазуға отырды. Ол орынсыз жапа шеккендердің әңгімелерін газет бетінен оқып тұратын.
Барлық жарандардан: осындай да іс бола ма екен деп мұның да сұрағысы келді.
`Ангиме`
`Мәселе былай болды: келсем үстел үстінде хат жатыр екен. Мен оның ішек-қарынын ақтармаламай-ақ қояйын: онда әйелім салғаннан-ақ шайпау сөздермен балағаттай бастаған. Ең бастысы, мен оның неліктен бұлайша құйрығымен асық атып жүргенін білетінмін. Жұрттың бәрі оған сен осындағы бір әртіс әйелге ұқсайсың дейтін. Оның қандай әйел екені қазір есімде жоқ... Ал бірақ онда тұрған дәнеңе жоқ екенін ол желөкпе түсінбейді. Мен біреуге ұқсайды екенмін, сол үшін тура сала айнаның бетінде бүргеше секіре бастауым керек пе екен. Ал ұқсайсың дегенде, оның төбесі көкке жеткендей болатын. Мәдени-ағарту мектебіне де сондықтан барды. Мұны маған өзі айтқан. Ал егер біреуге сен Гитлерге құсайсың десе, сонда ол не істемек, қолына мылтық алып көзіне көрінген жанды шетінен жусата бермек пе? Бізде майданда, Гитлердің аузынан түскендей біреу болды. Кейінде ол ел ішіне қарай жіберілді, себебі онда ұстауға болмады. Ал біздің әйел қалаға ынтық. Онда барсам, мені жұрттың бәрі танитын болады дейді. Делқұлы демей не дерсің мұны! Былайша ол өзі ақылсыз да емес-ті, тек мына өзінің келбеті жағынан алғанда аздап есалаңдығы бар-ды. Дүниеде сұлулар аз ба екен соның бәрі үйінен қашып кете берсе не болмақ! Білемін, анау буған: `Сен бір әртіс әйелге өте ұқсассың!` деген. Сонан кейін, әрине, бұл соған мәз болып құлай кеткен. Қайран мемлекет сендерді ақша жұмсап оқытты, ал сендер оны ақтамастан қоғамға масыл боп, майқан жасап жүрсіңдер! Мемлекет болса, зиян шекті`.
Иван жазуын кілт тоқтатып, орнынан тұрды да үй ішінде әрлі-берлі жүрді. Жазғандары өзіне ұнайды, тек мына бір мемлекет деген сөзді бекер алған сияқты. Ол үстел басына келіп отырды да, `мемлекетті` өшіріп тастап, әрі қарай жаза бастады:
`Беу, сендер-ай! Мен шопыр екенмін, сонда мені ешнәрсе түсінбейді деп ойлайсыңдар ма? Мен сендердің ішек-қырындыларыңа дейін білемін! Мына жазу жазып отырған қолды көрдің ғой, біз осы қолмен мемлекетке пайда келтіреміз, ал кезі келіп қалғанда тағы да осы қолмен екі көздің арасынан періп жіберсек, ол адам апта бойы төсектен тұра алмай жатады. Мен өздігімнен ешкімге тиіспеймін, сондықтан мені әлдекімге тісін қайрады, кездесе қалғанда періп қалатыны бар деп жала жаба алмайсың. Олай болса тұмсығы түзу екен деп көрінген қатынға жабыса кету әбестік болмақ. Басым қасқа да болса, біреу-міреуді қолтыққа қыса кету менің де қолымнан келеді, неге десеңіз сапарда жүргенімде олардың талайы кездесіп бағады. Бірақ мен ондайға бармаймын. Ол әлдебіреудің әйелі шығар? Олар мұндайды жабулы қазан жабуымен қоя салатын да адам болар. Сонда өзім опасыздық жасаған еркектің алдында менің атым кім болмақ! Мен адамға жендет емеспін ғой.
Енді мынаған қараңыз: әйел құйтың қағып басы ауған жаққа кетіп қалды. Солай ма? Мұнда шаңырақ шайқалды. Ал сонда ол жаңадан отбасы құрып ала қоюға кәміл сенімді ме? Жоқ. Ол шыққан адамын бас-аяғы бір аптадай уақыттан бері ғана біледі, ал біз онымен төрт жыл бойы отасып, өмір сүрдік. Осыдан соң ол әйелді есуас демей көріңізші? Ал мемлекет оған ақша жұмсап оқытты. Ол оқу қайда қалды? Оны жаман әдетке баулып оқытқан жоқ қой? Мен оның ата-анасын да білемін, көршілес селода тұрады, жақсы адамдар. Қала берді ағасы да офицер, аға лейтенант, оның да ешқандай жаманатын есіткен емеспіз. Әскери және саяси әзірліктің үздігі. Сонда бұған мұндай милау қайдан келмек? Өзім де осыған таң-тамашамын. Мен оның жанына не керектің бәрін жасадық. Жанымдай жақсы көрдім. Әрқашан сапардан қайтқанда мен оны көргенше асықтым. Ал ол мені осыншалық масқаралап кетті! Мейлі, азар болса, оған бір жылпос тап болып, бес-он минуттай басын айналдырып алған-ақ болсын. Мен амалдап оған да шыдар едім ғой. Бірақ ада-күде кетіп қалғаны несі? Мұнысын да түсіне алмадым. Қалай дегенмен де ақылға сыймайтын іс. Өмірде не болып, не қоймайды, кейде адам осалдық жасап алады екен, сонда осылайша бүкіл өмірді бірден адыра қалдыруға болар ма өйтіп не керек? Өмірді бұзу оңай, қайта құру қиын. Оның өзінің де жасы отызда. Қатты қапаланғандықтан осы ангимемді жазып отырмын. Айта берсек, менің өзімде үш орден, екі медаль бар. Әлдеқашан-ақ коммунистік еңбектің екпіндісі болатын адам едім, бірақ менің бір осал жерім бар: ішіп алсам-ақ жаппай сықпырта боқтаймын. Осыған да миым жетпейді, сау жүргенде мүлде басқаша адаммын. Ал машинаның тізгінін ұстап отырған кезімде мас болғанымды ешкім көрген емес, ешқашан көре де алмайды. Бүкіл төрт жылдың ішінде әйелім Людмиланың көзінше әсте аузыма боқтық сөз алып көрген емеспін, мұны оның өзі де бекер дей алмайды. Мен оған ешқашан қатты сөз айтып көрген жоқпын. Енді мінеки, опасыздық жасап мені тақырға отырғызды да кетті! Мұндайда кім де болса қапаланбай тұра алмайды. Менің де жаным тас емес.
Сәлеммен.
Иван Петин. I класты шопыр`.
Иван `Ангимесін` алып сол маңдағы редакцияға тартты.
Көктемгі мезгіл, сол себепті көңілде де күй жоқ: күн ызғырық, көңіл жабырқау. Жуырда ғана репетициядан шыққан Людмиланы күтіп алып, осы көшенің бойымен екеуінің клубқа барғаны есіне түсті. Кейде репетицияға апарып та салатын.
`Репетиция` деген сөзді бұл иттің етінен жек көреді, бірақ мұнысын ешқашан сыртқа шығарған емес: репетицияны әйелі пір тұтса, бұл әйелін — пір тұтады. Әйелінің сұлулығын мақтан етіп, онымен сән түзеп бірге жүргенді ұнататын. Сондай-ақ ол көктемді ұнатады, оның жаңа-жаңа ғана басталып келе жатқан шағының өзінде-ақ таңертеңгілікте әлденені күткендей, жүрегі елжірей сыздайтынды. Сондағы күткені көктем болатын. Мінеки, сол көктем де келді. — Кешікпей жерге жылу беріп, күн сәулесін әкелетін аласапыранды, тамылжыған сұлу көктем... келіп жетті... Ал қазір көзіңе басқа еш нәрсе ілінбестей.
Иван редакцияның баспалдағына төселген алашаға аяғын әбден сүртіп болып, ішке кірді. Ол бұған дейін ешқашан редакцияда болып көрген емес-ті, бірақ редакторын білетін еді, оны балық аулап жүріп кездестіргені бар.
— Агеев осында ма? — деп сұрады ол сондағы әйелден. Бұл әйелді Иван өз үйінде сан рет көрген, бұл да қызылтанау боп клубтағы репетицияға қатысып жүретін. Қысқасын айтқанда, Людмила мен екеуінің бір жолғы әңгімесін мұның құлағы шалып та қалған, соған қарағанда екеуі де сол әлгі `репетицияның`, `декорацияның` дәл өзі. Көрген жерден-ақ Иванның мұнымен амандасқысы келмеді, жүрегі зырқ ете қалды.
Әйел бұған зейін қойып, әлдеқалай күлімсірей қарады.
— Осында. Кірейін деп пе едіңіз?
— Иә... бір мәселе жөнінде сөйлеспекші едім. Иван әйелге тіктей қарап: `Сен де біреудің құйрығын қарға шаншып кеткен қусың ғой ауыздығыңмен алысып тұр екенсің` деп ойлады.
Әйел редактордың кабинетіне кіріп, қайта шықты да: `Кіріңіз`, — деді.
Редактор да көңілді көрінді. Тәпелтек бойына қарағанда тым етжеңді, тығыршықтай семіз әрі бұл да қасқа бас екен. Мұны үстел басынан тұрып келіп қарсы алды.
— А?! — деп дауыстап жіберген бойы терезені нұсқады. Уақыт бізге қызмет етіп тұр, бізге! Ау салып байқай қойған жоқ па едіңіз?
— Жоқ, — деді Иван өзінің бүтіндей болмысымен өзгем келісіп, маған ау салу ғана қалып па дегендей-ақ.
— Мен сенбі күні ау салып байқамақпын. Редактор көтеріңкі көңіл күйінен әлі де арыла қойған жоқ. Қандай кеңес бересіз? Тіпті, тағатым қалмай барады...
— Мен бір `ангиме` әкелген едім, — деді Иван.
— Әңгіме? — Редактор таңырқап қалды. — Өзіңіздікі ме? Не туралы?
— Осында бәрі жазылған. — Иван дәптерін редакторға ұсынды.
Редактор дәптерді парақтай келіп... Иванға қарады. Бұл да оған байсалды кейіппен тұнжырай қарап тұр.
— Қаласаңыз, мен қазір оқып шығайын?
— Қазір оқысаңыз тіпті жақсы...
Редактор орындығына отырып оқи бастады. Иван сол түрегеліп тұрған бойы көңілді редактордан көз алмай, `Мұның да қатыны репетицияға қатысатын шығар-ау. Оған мұның несі кетіп барады — одан әрі кетсе де. Анау-мынау `декорациялар` жайын сөз ету өзінің де қолынан келеді. Бәрі де өз қолында`
Редактор қарқылдап кеп күлді.
Иван тістене қалды.
— Ой, қандай келісті! — Редактор дауыстап жіберді. Тағы да ішек-сілесі қата күлгені соншалық, шертиген тоқты қарны бүлкілдеп тулай жөнелді.
— Несі келісіпті? — деп сұрады Иван.
Редактор күлкіні қойды... Сәл қысылып та қалғандай.
— Кешіріңіз... Мұны сіз өзіңіз туралы жазғансыз ба? Өз жайыңыз ғой?
— Иә.
— К-х-м... Кешіріңіз, түсіне алмадым.
— Оқасы жоқ. Әрі қарай оқыңыз.
Редактор дәптерге қайыра бас қойды. Одан әрі күлген де жоқ, бірақ сыңайына қарағанда, мейлінше қайран қалып, бір жағынан күлкісі де келіп отырғанға ұқсайды. Осынысын сездірмес үшін ол қабағын түйіп, түсініп отырған болып еріндерін `шошайтып та` қояды. Оқып шықты.
— Осыны бізге басып шығар демексіз бе?
— Енді қалай?
— Жоқ, мұны басуға болмайды. Бұл әңгіме емес.
— Неге ангиме емес? Ангимені оқып та көргеніміз бар, ол осылай жазылады.
— Мұны не үшін бастырмақсыз? — Редактор Иванға әрі жаны ашып, әрі шын ықыласымен қарады. — Бұдан не шықпақ? Сіздің... қайғы-мұңыңызды жеңілдете ала ма?
Иван бірден жауап қата қоймады.
— Анда... солардың өздері оқып көретін болсыншы деймін.
— Олар қайда еді?
— Білмеймін.
— Біздің газетіміз өздігінен барып олардың қолына тие қоймайды ғой.
— Олардың қайда екенін іздеп тауып... газетті өзім жіберемін.
— Атай көрмеңіз, мәселе мұнда да емес! — Редактор орнынан тұрып, үй ішінде әрлі-берлі жүре бастады. — Одан не пайда? Әйеліңіз ақыл-сабасына түсіп, қайтып келер дейсіз бе?
— Келмесе де оқып көріп, ұялатын болсын, қарабеттер!
— Жоқ, үйбай! — деді редактор. — Құдай сақтасын... Сіздің қалай қарайтыныңызды қайдам... Менің сізге жаным ашиды, ал мұныңыз барып тұрған кешелік қой! Тіпті, мен редакциялап жөндеген күннің өзінде де солай болып шықпақ.
— Бәлки, ол қайтып келер...
— Атамаңыз! — деді редактор! — Мал құлағы саңырау, ести көрме, тәңір-ау!.. — Ол не істерін білмеді. — Одан да хат жазғаныңыз дұрыс қой. Келіңіз, екеулеп хат жазалық?
Иван дәптерін алды да үйден шығып жүре берді.
— Тоқтаңыз! — деп дауыстады редактор. — Келіңізші, екеулеп үшінші кісінің атынан жазалық...
Иван редакцияның қабылдау бөлмесінен көктей өте шықты, тіпті әлгі `декорациялар` мен `репетициялардың` бүге-шігесіне дейін қанық әйелге де жүз тоқтатып қараған жоқ...
Сол бетінде ол төтелей шайханаға тартты. Онда барған соң бір бөтелке арақ алды да, бірден ішіп салды, еш нәрсе жеген де жоқ, содан шыға құлазыған, көрдей түнек үйіне қарай бет алды. Қолын қалтасына салып, айналасына да қарамастан аяңдай басып келеді. Көңіл күйі өзінің ойға алғанындай емес, әлі де болса таразы басын тең басып жан жұбатар шамаға келе қоймаған. Ол дыбыс шығармай жылап келеді, өткен-кеткен адамдар оған таңырқай қарайды... Ал Иван жүріп келеді, жылап келеді. Мұным ұят-ау деп те ойлаған жоқ... Шаршап келеді.