Әдебиет
Василий Шукшин
Василий Макарович Шукшин (1929 - 1974) - кеңестік кинорежиссер, актер, сценарист және жазушы.
Василий Макарович Шукшин (1929 - 1974) - кеңестік кинорежиссер, актер, сценарист және жазушы.
Биші Шива
Шайханада төбелес шықты.
Оқиға былай болып еді: Балташы жеті жігіт жұмыстан соң (сельмаг салған-ды), өздерінше айтқанда, біраз отыру үшін шайханаға келген. Жеті бөтелке шарап (шайханада арақ жоқ екен), жеті котлет алып, екі үстелді жалғастыра қойып отырған соң котлет жеп, саумалап тарта бастайды. Үш қауашақтан тастап алған соң, сөре жайында сөз қозғап, осы пәле түбі бізді тақырға отырғызады десті. Түу баста құрылыс бағасы туралы екі жақ келіскенде сөре салу ұмыт қалған: енді оны балташылар жасау керек пе, жоқ ағаш шеберлері жасау керек пе? Белгісіз. Тапсырыс иесі сельпо жағы мұны ескерусіз қалдырған, ал балташылар үндемей қоя салыпты (Бригадирі бұл істің жайын білетін жырынды екен). Енді сельпо жағы сөрені де балташылар жасауға тиіс, бұлар ту бастан-ақ солай деп есептеген болатын, мұның өзі кімге де болсын өз-өзінен түсінікті нәрсе, анау да мынау деседі. Бірақ бұл шартта көрсетілмеген соң, балташылар `өpe түрегеліп` сөре салу біздің ісіміз емес дескен. Яғни олар сөрені сала алады, бірақ ол үшін тапсырыс иесі өз алдына дербес ақы төлеуі керек.
— Мен оларға анықтама кітапта не жазылғанын көрсетейін, — деп қоқан-лоққы көрсетті бригадир — күнге күйіп тотыққан сылыңғыр қара жігіт. — Қандай жұмысты балташылар, қандай жұмысты үйші шеберлер атқаруы тиіс екені тайға таңба басқандай сайрап тұрған жазуды көздеріне шұқып көрсетейін бәлемдердің. Бұл істе олар әліпті таяқ деп те білмейді.
Бәрі де бригадирді құптады. Онымен қоймай бәрі де қапа болып, ал Колька Забалуев сияқты кейбіреулері тіпті қатты зәбір шегіп күйіне күрсінеді. Тап осы шайханада, осы жетеуі бірдей бас қоса отырып қозғаған бір көңілді әңгімелері қазір бұлардың есінен шығып та кеткен еді...
Мұны әзірге қозғамай-ақ тұра тұралық. Бұлар енді былай десіп отыр:
— Ал егер, олардың есіне бірдеңе түсіп кетіп әшекейлі сөре жасатамыз дей қалса ше?
— Мейлі, қандай сөре болсын! Ол оз алдына ерекше атқарылатын жұмыс...
— Қандай қу десеңдерші! Олар бізге зорлап рама да жасататын болар!
— Біздің ендігі жұмысымыз: еден төсеу, жақтау жасап, есікті орнату сонымен бітті.
— Саған айтайын дегенім... Сен құлақ сал маған! Құлақ салшы!
— Тағы да бір-бірден алып жіберсек қайтеді?
— Алалық.
Ортадан ақша шығарып, тағы да жеті бөтелке алынды.
— Саған айтайын дегенім... Сен құлақ сал! Тыңда деймін мен саған.
— Немене? Немене? Не болды?
— `Немене` емес, тыңда! Мен Дарья Кузовниковаға монша салып бердім ғой...
— Дарьяның не қатысы бар бұларға? Ол жекеменшік иесі. Ал мынау болса мекеме, үш қайнаса сорпасы қосылмайды...
— Мен саған мысал үшін айтамын! Сен тыңда... Бері қара!
— Мақау...
— Жігіттер, тоқтатыңдар былшылды! — Буфетші әйел айғай салды. — Болмайды екен, бәріңді де айдап шығамын!.. Ауыздарыңа келгенді көкисіңдер!
— Сен, құлақ сал мұнда!
— Ал айтшы!
— Мұнда әйел тұр ғой, әйтпесе мен саған айтар едім...
Әңгіме әбден қызды: сельпо жағы бетсіздігі, сенімді бұзғандығы үшін сыбағасын мықтап алып жатты.
Осы екі ортада шайханаға Аркашка Кебин — лақап аты биші Шива келе қалды.
Ол ертеде, мектепте жүрген кезінде-ақ осылай атанып кеткен-ді. Бұл да шарап, котлет алды (әйелімен ұрсысып, өкпелескеннен кейін үйінен тамақ ішпей сырттап жүргенді). Балташылармен бір үстелдің басына келіп отырып, олардың әңгімесіне құлақ түрді... Аздан соң:
— Ей, мақаулар! — деді ол дауыстап.
Балташылар үндемей тына қалысып, Аркашкаға қарады.
— Қырттар! — деді Аркашка тағы да. Бұл біреуге тиіспесе отыра алмайтындықтан Шива атанған. — Жексұрындар.
Мұның өздеріне бағытталған сөз екенін ә деген бетте балташылар түсіне алмай қалды. Бұл сұмдық қой! Мұны айтып отырған Аркашка болса да, ішіп алған жеті адамға қарсы бұлай деу... Есі дұрыс па екен өзінің?
— Ей, мен сендерге айтып отырмын? Сендерге. — деді Аркашка. Алда бейшаралар-ай, алданып қалған екенсіңдер ғой. Сендердің алдана қойғандарың! Сендерді алдайтын адам әлі туған жоқ. Зымияндар.
Ванька Селезнев дейтін еңгезердей бір балташы аузын ашып қарап қалған.
— Немене, неліктен зымиян дегеніме түсіне алмай отырсыңдар ма? Олай болса түсіндірейін: осыдан бір жарым ай бұрын тап осы арада, осы жеті мақау сөрені кім салатынын шартта көрсетпегені үшін сельпоның адамдарының құйрығын қарға шаншып кеттік деп күпілдескен едіңдер. Енді міне? Бізді сельпо адамдары алдап кетті деп көлгірси қалғансыңдар. Жоқ, алдаған олар емес, сендер!
— Солай ма? — деді бригадир. Бұл `солай ма` қоқан-лоққының емес, сасқандықтың белгісі еді. Дәрменсіздік еді.
— Солай, солай. Аркашка шанышқының қырымен алдындағы котлеттен бір кертіп алды да, тұздыққа аунатып, ерекше бір баппен, ерекше мәдениеттілікпен, тіпті шынашағын шошайта тұрып аузына апарды. Осыдан соң ол (кинода әкімдер мен лауазым иелері боп ойнағанда әртістердің сүйсіне жасайтынындай-ақ) аузындағысын шайнап жұтпай тұрып сөйлеп кетті. — Мұны мен өз құлағыммен естігенмін. Сондықтан `құбыжық` көрген баладай шошынбай-ақ қойыңдар, шынайы шындықты еркекше тыңдаңдар. Маған мұның, айталық, келіп-кетері шамалы-ақ болсын, ал сонда шындық деген бар емес пе, жолдастар-ау?! Аркашка бейнебір шыжыған ыстықта салқын суға түскендей-ақ жаны жай тауып, башайларының басын болар-болмас қимылдатқандай-ақ рақатта отыр. Шындық деген ұлы күш, мұны білген жан өзіне-өзі сенімді. Аркашкада алаң жоқ. Ол соғындыларды сөгеді: Ұят, жолдастар. Ең бір ғажабы, отырып алып өз-өздеріңнен қынжыласыңдар тағы да! Мұндай да соғынды боларсыңдар ма! Жарайды, сельпо адамдарын алдамақ болған екенсіңдер, олай болса олар бізді алдамақ деп жас төгудің не жөні бар? Аркашка шынымен қадағалап білгісі келді. — Сендер сонда тап осы арада отырып алып қарқылдап күлген едіңдер ғой... Бірақ ол, көзді ашып-жұмғанша Ванька Селезневтің `құбыжық` көрген баладай шошынбай-ақ, бөтелкеге тұра ұмтылғанын көріп қалды. Аркашка отырған орнынан атып түрегелді, өйткені бұл нойыстың жайратып тынатынын жақсы біледі. — Ванька!.. Бөтелкені орнына қой, Ванюша. Мен сендерді сынап айттым. Анаған бөтелкені орнына қой деңдерші!
Балташылар есін жиып, сөзге келе бастады.
— Сен бүлініп-жарылардай не бар, Шива-ау? Ванька, бөтелкені орнына қойшы...
— Аркашка, мұнда кел.
— Бәсе, жападан-жалғыз отырасың ба шошайып! Біздің жанымызға келсейші.
— Анау бөтелкені орнына қойсын.
— Қойды ғой. Қоя салшы, Иван. Мұнда кел, Аркашка.
Аркашка ішілмеген жарты бөтелкесін ала сала балташылардың жанына келіп отырып, өзіне жарты стақан құйып алмақ боп, шынашағын шошайта бергені сол еді, Ванька үстелдің ана жақ басынан асыла келіп, тарбиған салалы саусақтарымен омыраудан ала кетті.
— Со-солай ма, Шива!.. Сен бізді сынамақ екенсің ғой? Қазір мен сені билетемін. Биле!
Аркашка оның қолын жазбақ боп жағаласып көріп еді, міз бағар болмады... Қол деуге келмейді қайыңның безі дерсің.
— Қой деймін... Аркашканың тілі осыған әзер келді.
— Биле!
— Қоя бер деймін, ақымақ!
— Билейсің бе, жоқ па?
Осы кезде балташылар Аркашканың керемет биші екенін сырттан келген Бригадирге әңгімелей бастады.
Аяғымен де, қолымен де небір кереметтерді жасайды! Кейде өзі тапжылмай тұрып қалса, басы билейді.
— Басы деймісің?
— Басы! Өзі бір орнында тұрса да басы ойнай жөнеледі.
Ванька Аркашканы алқымынан алған бойы әлі босатқан жоқ, жолдастарына би деген бір ермекті тауып бергеніне мәз.
— Билейсің бе, жоқ па?
Темірдей саусақтар қапсыра бүріп барады.
— Жарайды... қоя бер!
Ванька қоя берді.
— Оңбаған ит. Күштімін деп мақтанғаны ма? Аркашка мойнын сипалады. — Тырнауыштай саусақтарын қадап еді дейсің келіп... Адамша айтса да билеймін ғой, арбиған арам қолдарын ала жүгіргені несі?
— Көңіліңе алма, Аркаша, сенің биіңді бұрын көрмеген мына сыйлы кісі үшін билеп жібер. Ванька енді тимейді.
— Билей ғой, достым!
Аркашкаға өз бөтелкелерінен мөймілдете құйып қойды.
— Ванька енді тимейді. Солай ғой, Иван?
— Билесін.
Аркашка стақанды басына көтере салды.
— Қаскүнем. — деді ол даусы қалтырап. — Қит етсе жұдырығын ала жүгіреді. Мен мына көпшілік үшін билеймін, сен әрі қарап отыр!
Ванька Аркашкаға тағы да тап берген еді, басқалары ұстап жібермеді.
— Биле, Аркашка. Ванька, сен теріс қарап-ақ отыршы. — Ванькаға көздерін қысып қойды. — Теріс қарап отыр — дедік қой саған. Бәсе, осы қит етсе қол жұмсайтын не жының бар сенің?
— Сендейді көрмеппін бе мен? Аркашка Ваньканы оқты көзімен ата қарады. — Нойыс неме. Басында бір шайнам ми жоқ, ноқай.
— Жарайды, Аркашка, билеп жібер.
— Әрі қарап отыр! — деп ақырды Аркашка Ванькаға.
Ванька теріс қараған болды.
Аркашка сонда отырғандарға байыппен, сәл мардамси жағалай бір қарап алды да, орнынан тұрды...
Шива билейді екен оны көріп қалу керек.
Бұл бұрынғылардың тек секектеу мен тән ләззатын мақтан етуінен мирас боп қалған көңіл жұбату биі емес. Аркашканың биі біздің іскер ғасырымызда еркін өмір сүрудің бейнесі. Тек солай ғана, Аркашка байғұс одан басқаға бара алған жоқ.
— Ванька Селезнев құйрығымен шегені қалай суырады?— деп жариялады Аркашка.
Бидің аты осылай. Аркашка өзі рұқсат беріп:
— Ванька, бері қара! Енді қарай беруіңе болады! — деді де бастай жөнелді.
Бұл арада жоқ болғанымен ойда бар музыкашыларға белгі берді де, лыпып, кесе көлденең басуымен әр түрлі секіріс жасады... Еденді қатты тебініп байқап көріп еді мықты екен. Әдемі де ойнақы тізе қимылдарын құйқылжыта жасады, тағы да қайталады — бұл оның басқалар мұны қалай болса солай билей береді мен осылай да билей білемін дегені еді. Аркашка мұны бұдан басқаша түрде де билей алады. Ол Ванькаға қарап бет-аузын қисайтып, оны әпербақан нойыс етіп көрсетті. Сонан соң керіліп-созылып, еріндерін сылп еткізді — бұл Ваньканың таңертең оянғандағысы болатын.
Балташылар ду күлді.
Аркашка қабырғаға қарай күйбеңдеп барды да, қорсқоре етіп, үрпиген шашын сипады —бұл Ваньканың жуынғандағысы. Бұдан әрі Ванька тамақты былапыттап өлердей көп жейді... Үстел басына қисая кетіп, ықылықтай бастайды...
Балташылар тағы да мәз-мейрам болып күлісіп алды.
— Иттің күшігі, — деп күбірледі Ванька түсін бұзып.
Енді Аркаша текеше орғып түсіп, тағы да тізесін ойнатып, бидің тағы бір қиын түрін көрсетті — бұл таңның атуы. Міне, енді Ванька жұмысқа шықты. Шегені салып қалып, аспанға қарап біраз тұрады, қасынады... көйлегінің ішінен битін алып сығады...
— Жексұрын неме, — дейді Ванька. — Өмір-бақи менде бит болып көрді ме екен. Тіпті, соғыста жүріп те бит көрген емеспін...
— Үндемеші, деп өтінді басқалары.
— Ол неге өтірік айтады?
— Үндеме!
Ванька шегені қисық қағып, енді шеге суырғыш іздеумен болды. — Мұндай жұмысшыда шеге суырғыш болатын ба еді, әрине, жоқ. Не істерін білмей шегенің үстіне құйрығын төсеп отыра кетіп Ваньканың күшенгені соншалық, бүкіл бет-ауызы қисайып кетті.
Балташылар ішек-сілесі қатқанша күлді.
Ванька орнынан тұра берген еді, басқалары ұстап жібермеді.
Аркаша аласұрып еденде отыр.
Міне, енді Ванька шегені әрлі-берлі ырғап-ырғап атып тұрғанда... сопаң етіп шыға келген шегені ол түзетіп қайта қақты.
Балташылар үстелге етпеттей жатып, күлкіден көз жасын тыя алмай әлек. Шайханадағылар түгелдей, ақыр аяғы шайпау буфетшіге дейін күлкі құшағында. Күлмей қалған Аркашка мен Ванька ғана. Ванька Аркашаға күйіппісе қарайды: енді жұрт `Ваньканың шеге суырғанын` жарты жыл бойы ұмытпасын біліп отыр. Қазір Аркашканы келістіре сабағысы келіп-ақ тұр, бірақ оған көпшіліктің жібермейтінін де сезеді.
Ақыр-соңында Аркашка өкшелерін тықылдата жортып тағы бір айналып шықты да, балташылардың қасына келіп отырды. Бәрі де оны арқаға қағып мадақтап, оған тағы да бір стақан шарап құйды. Аркашка көңілі тынғандай боп Ванькаға қарады да, көзін бір қысып қойды. Пәленің басы Аркашканың осы бір көз қысқанынан басталды, солақ екен, Ванька оны сол қолымен жағадан ала түсті, ұрмақ болып оң қолын құлаштай соза берген еді, басқалары ұстап қалды. Ванька енді солармен байланысты.
— Бұл иттің ғана баласы менің жұмысты қалай істегенімді көріп пе екен?! Сынайды тағы да!.. Көріп пе екен деймін?
— Немене сонша әзілді түсінбегенің бе? Тоқта!
— Сендерге ойын керек, ал жұрт енді мені көзге шұқитын болады. Жібер қолымды!..
Ванька сөзге тоқтамай алысып, олайғысын олай, былайғысын былай ұшыра бастады, бірақ қалғандары жабылып жіберер емес.
Аркашка әлдеқандай күн болады дегендей, есік жаққа жылыстап барып тұрды.
— Күлкі керек екен ғой сендерге? — Ванька тағы бір балташыны періп қалған еді, ол қабырғаға барып соғылды.
Аркашка екі көзі шатынап көпке қарап қалған.
— Жонда бәлемдерді, Ванька! Жонда!.. — деп дауыстайды ол. Бірақ оны естіп жатқан ешкім жоқ.
Ванька аюдай ақырып, ойранды салып жүр, жеңгізер түрі жоқ. Орындық, үстелдер, тәрелке, бөтелкелер салдыр-күлдір құлап жатыр...
— Милиция шақырыңдар! — деп шыжалақтап жүр буфетші. Мыналар мұндағының бәрін күл-талқан етіп бітіреді.
— Керегі жоқ! — Аркашка айғай салды. — Милиция шақырмаңдар!
— Тоқта! — деді осында отырған сырттан келген бригадир. — Тоқтаңдар, балалар, бұл бұқаны мен сұлатып берейін.
Бригадирді бәрі тыңдай қалды.
— Сен кім едің? — деп таңырқады Ванька. — Сен бе?
— Былай кетіңдер, балалар, былай таман... Қазір мен оны сілейтемін. — Бригадир Ванькаға жақындай берді. Ванька да дайындалды.
— Кел, арамза неме... кел.
— Келейің, Ванька, келе жатырмын.
— Кел, келіп көр.
— Келдім. — бригадир аспай-саспай жаймен Ванькаға төніп келеді. Қазір не болып, не қоярын бірде-бір жан білген жоқ.
— Боксерсің бе? Келе ғой, орысша тәсілмен екі аяғыңды көктен келтірейін...
— Қайдағы боксер! — Бригадир Ванькаға бетпе-бет келіп тоқтады. — Сен неге құтырдың?
— Не керек саған? — деді Ванька.
— Ендеше, мұны бір деп қой! Бригадир Ваньканы ішке қатты түйіп қалды.
Ванька ойбайлап ішін қолымен басып, мықшиып еңкейе берді. Бұл еңкейе бергенде Бригадир тізесімен иектің астын ала періп қалып:
— Екі. — деді.
Ванька ауырсынып екі көзін жұмып қалды... Бүктетіліп құлап түсті. Аузынан астыңғы ернін қуалай сызаттап қан ақты... Қан иектен аса келіп Ваньканың тап-таза көйлегінің омырауына тамшылады. Бригадирдің оспадар өнерін көрген сол арадағылардың жаны түршігіп кетті: деревнядағылар өмірі бұлайша төбелесіп көрген емес-ті. Мұнда да небір қырғын төбелестер болатын, ал тап мынадай арамзалықты білген емес.
Аркашка орындықты ала сала Бригадирге ақырды:
— Басыңнан періп жіберейін бе! Жексұрын неме!
— Шығыңдар, атаңа нәлеттер! Бәрің де! Жоғал, түге! — Осы бір толас сәтті пайдаланған буфетші балташыларды далаға айдап шыға бастады. — Кетіңдер, атаңа нәлеттер! Көшеге шығып төбелесіңдер!
Балташылардың біреуі келіп Аркашканың қолындағы орындықты алып орнына қойды да, Бригадирге:
— Жүр, мына айғай-шудан аулағырақ кетейік. — деді. Аркашка Иванның асты-үстіне түсіп, иегіндегі қанын сүртіп жатты.
— М-м,Ванька ауырсына ыңқылдайды.
— Ештеңе етпейді, Иван... Аналар оның сыбағасын береді қазір. Ауыра ма?
Ванька саусақтарымен жағын ұстап ырғап-ырғап қойып, желімір қанды-сары су түкірді. Түзеліп отырды.
— Дізім...
— Не дедің?
— Дізім...
— Тісің бе? Сындырған екен ғой? Алда хайуан-ай! Қазір оны әкесіне көрістіреді. Жігіттер оны ертіп кетті... Орныңнан тұра аласың ба?
Ванька орнынан зорға тұрып, орындыққа отырды.
— Шарап алайын ба?
— М-м, — Ванька басын изеді, — ал.
Аркашка сөренің жанына келді.
— Мынаны мықтап сілейтіп кетті, білем? — деп сұрады буфетші, шарап құйып жатып.
— Ештеңе етпейді, оның да жазасы беріледі қазір.
— Бәрін бүлдірген сен!.. Шива албасты. Жүрген жеріңнің бәрі төбелес.
— Үндеме. — деді Аркашка. — Анау шоколад кәмпитті алып аузыңа салып соруды біл.
— Шива-ақ жесін оны. Тез жоғалыңдар бұл арадан! Енді қайтып қараларыңды көрмейтін болайын!..
Аркашка құйылған шарапты алып Иванға қарай беттеді.
— Мә, ішіп жібер.
— Не дейді анау? — деп сұрады Иван.
— Ұрсып тұр да. Онда нең бар, оттай берсін. Іш есіңді жи.