23 Қараша, Сенбі

Әдебиет

Василий Шукшин
Василий Макарович Шукшин (1929 - 1974) - кеңестік кинорежиссер, актер, сценарист және жазушы.

Жарымес






Дүниеде бір адам бар, жалған аты Жарымес.

Әрине, оның азан шақырылып қойылған аты да бар Сергей Иванович Кудряшев, ал бұрынғы аудан орталығы Крутилино селосындағылар оны Жарымес деп атайды қысқа да, дәлме-дәл ат. Шынында оның дені cay емес-ті. Ада-күде қамыттан шығып кетпегенімен, есалаңдау болатын. Мынадай бір мысал.

Жарымес суық тиіп ауырып қалды (кітапханашы болып қызмет атқаратын, жұмысты жақсы істейді, жұмыс кезінде кітапхананың есігіне құлып салынып көрген емес), бірақ сол жұмысымен қатар оның деревня аралайтыны тағы бар, арзан бағамен ескілікті кітаптар, журналдар сатып алады, қаладағы кейбір мекемелермен байланыс жасайды, олардың адамдары бұған анда-санда келіп-кетіп те жүреді... Сондай деревня кезу жорықтарының бірінде жауынның астында қалды да, суық тигізіп алды. Дәрігер оған ауруханаға келіп күніне үш рет укол салдырып тұруды тапсырды. Уколды бойшаң келген бәденді, қит етсе қызара қалатын ұялшақ медбике салады. Ол Жарыместің күре тамырын іздеп инемен түрткілей-түрткілей қып-қызыл боп кетті. Тістеніп үн-түнсіз отырған Жарыместің қалай да қыздың көңілін аулағысы келді, өйткені бұл дәрігер медбикенің өзінің де қатты қиналғанын байқады.

— Сіз қысылмаңыз. — деді Жарымес. — Асықпай-саспай салыңыз. — Сіздерді соған үйреткен еді ғой...

— Ине алмайды, — деп түсіндірді медбике. Жарымес бір иығын қозғап қойды да, медбикенің айтуы бойынша, сол қолының жұдырығын бір жұмып, бір жазып дамылсыз қимылдатумен болды. Әрең дегенде укол да жасалды.

— Үнемі осылай бола бере ме? — деп сұрады Жарымес. Өзі әбден терлеп кетті.

Медбике ештеңе демеді, тек тағы да ұялғандай болды, инені суырып алып тастап, шприцын жалтырауық темір `тегештегі` қайнап тұрған суға апарып салды. `О, тоба, темірден көже осылай жасалады екен-ау` деп ойлады Жарымес.

Ол укол жасатуға екінші рет келді. Келер-келместен-ақ тыпырши бастады. Өз кезегі жетісімен кабинетке келіп, оң қолын шынтағына дейін жалаңаштады да, уысын ашып-жұмып қимылдата берді. Шынтағынан жоғарырақ жерден жіңішке резинамен буып тастағаннан кейін де ол жұдырығын жұмып-жазумен болды, ал медбике шприцті әзірлеп жатты. Жарымес жұмыс арасында: қандай сымбатты қыз, өзінің күйеуге шығатын да мезгілі жеткен екен, шыға қалса, аяулы ана болғалы тұр екен деп түйді.

Тағы да күре тамырды іздеу басталды. Жарыместің қолы қарысып қалды.

— Босатыңыз. — деді медбике.

Жарымес резинаны саумалап босата бастады, ал медбике іздеп-ақ бақты, бірақ тамырды тап басып таба алмады.

— Таптырмай жатыр. — деді медбике.

— Таптырмағаны несі атаңа нәлеттің! — Жарыместің шыдамы таусылуға айналды. Қолы үзіліп бара жатқандай. Бұл немене өзі, жасырынбақ ойнап тұрғаннан саумысың? Таптырмайды дегенше... таба білу керек қой!

Жарымес ауруханадан шығып бара жатып бекер-ақ айғайлаған екенмін деп өкінді, бірақ медбике есіне түскенде ашуланбай қала алмады. Оған мынадай ой келді: `Бала тауып соларын сау-саламат өсіруді ғана білсеші. Ерін мезгілімен тамақтандырар болсашы... Атама деймін, медбике атанып, адам болғанси қалыпты`.

Ол үшінші рет укол жасатуға келді. Келе жатып бүкіл апта бойы өзінің осылайша ит әуреге түсуі керек екенін ойлап, өне-бойы түршігіп кетті. `Өзі қалай оқыды екен? — деп таңырқады ол. — Мұны да біреулер оқытып, баға қойған шығар-ау. Енді біреулері мұны ортан қолдай медбике деп санаған болар`. Сенің күре тамырың таптырмайды дегенге бұл түсінбей-ақ қойды. Таптырмағанда ол қайда кетпек? Қалайша? Бос сандырақ қой бұл. — Өзі таба алмайды, мұнда басқа дәнеңе де жоқ.

Кабинетке келген соң сол қолын жалаңаштап резинамен буып, мұздай суық қызыл жастыққа салды да, тағы да жұдырығын жұмып-жазып қимылдата бастады.

Инесін әзірлеп жатқан медбикеге қараған жоқ. Өнебойы түршігіп отыр, ауырсынады, ауырғанда қандай, шыдап болмастай, өткендегі шаншылған жерлер әлі ауырады, ал қазір медбике тағы да күре тамырды іздеп әлек болмақ. Жұдырығын жұмып-жаза отырып ойға кетті: `Дәрігерлік училище мұның несін алған десейші!

Сауыншы болғысы келмейді екен, онда бухгалтер, есепші, сельсоветке хатшы бола кетпей ме, жоқ, қалай да медбике болуы керек!`

Медбике оған жақындап келіп, шприцтегі дәріні жоғары қарай бір шапшытып алды да, Жарыместің жалаңаш қолын шынтағынан төмен қарай құлдилата бірнеше рет сипады. Жарыместің бетіне қараған жоқ, өзінің ұқсата алмай жүргеніне іштей қатты қынжылатын сияқты.

`Шыдап көрейін,деген тоқтамға келді Жарымес. — Апта деген онша көп уақыт емес`. Күре тамыр тағы да таптырмады. Медбике де, Жарымес те қара терге түсті. Қолдағы ауру жүрек астынан барып шаң берді. Бұдан арғы жерде естен танады екенмін деп ойлады Жарымес.

— Жұрттың бәріне де істейтініңіз осы ма? — деп тістенді ол. — Мұны не деуге болады? Жан қинау деген осы да!

— Сіздікі таптырмаса мен не істейін! — деп медбике шамданды.

`Онымен де тұрмай ашуланады тағы да!`

— Тоқтат! — Жарымес медбикенің ине ұстаған қолын қағып жіберді-бүлемдеу емес, жан қинау.

Медбике не істерін білмеді. ...Ұялды.

— Енді не істе дейсіз? — деп сұрады ол.

— Не, не болушы еді! — Жарымес оны аяп кетті. — Не істейтініңді мен қайдан білейін, ал бүйтіп ит әуреге сала беруге де болмайды ғой, шырағым-ау. Менің жаным сірі емес қой.

— Түсінемін... — Медбике қарсы алдында тұр, оның жас та сымбатты, балғын келбетіне қарап адамның жаны ашығандай.

— Сіз өзіңізге түу баста не үйреткенін қадағалап ойлап, есіңізге түсіріп көрсеңізші..

— Мен бәрін де дұрыс жасап тұрмын. — Медбике оған жаймен дағдара қарады. — Жұрттың бәріне осылайша жасап келемін тап мынадай пәлені көрген емен...

— Жарайды, бәріне, бәріне... — деп Жарымес одан бетер ашуланды. `Адам болдым дейді-ау` — Кәне, енді не істеуіміз керек?

Медбике инесін ала сала тағы төнді, тапты-ау деймін, инені сүңгітіп жіберіп, шприцтің тиегін басып та үлгерді... Жарыместің ауырсынған даусы шығып қалды, қолдағы аурудың дүмпуі сонау желкеден барып бір-ақ шықты.

— Малғұндық. — деді ол жыларман боп. — Малғұндық демей не дерсің мұны!.. Дәрігерді шақыр.

— Не үшін? — деді медбике.

— Шақыр дәрігерді! — деп тепсінді Жарымес. Орнынан тұрып бөлме ішінде әрлі-берлі жүре бастады, сол қолын бүгіп бүйіріне жапсыра бөктеріп алған, барған сайын шиыршық атып дегбірі қалар емес. — Барып тұрған малғұндық бұл! Біздің бір нәрсені ұқсатып істер күніміз бола ма, жоқ па?! — деп медбикеге ақырды, медбике дәрігерге жөнелді: ақырғаны, малғұнсыңдар дегені үшін мұның үстінен шағым айтпақ.

Дәрігер келді. Шоқша сақалды жас жігіт, деревняда әбден іші пысқан алаң-құлаң жеңілтек, шектен шыққан білгір оның осындай жан екенін Жарымес өткен жолы бұған көрінуге келгенде-ақ таныған-ды.

— Не айтасыз? — деді дәрігер жылы ұшырай жымиып, емші емес, Миклухо-Маклай дерсің. Жарыместің өте-мөте қытығына тигені дәрігердің осы бір жымиысы болды.

— Осында укол салдырғалы келген едім, сөйтсем мұнда шошқа тағалайды екенсіздер ғой...

— Болды, болды, — дәрігер оның сөзін бөліп, өзінің асығыс екенін аңдатты, — тоқ етерін айт.

— Қандай тоқ етер керек! — деп айғайлады оған Жарымес. — Біздің ең болмаса уколды жөндер күніміз бола ма, жоқ па, әлде қыл шайнап, тас жұтып отыра бермекпіз бе?! Жарымес бұлқан-талқан бола қалғанда аузынан ақ ит кіріп, көк ит шығатын да, сонысы үшін сазайын да тартатын. — Айналайындар-ау, өстіп те жұмыс істеуге бола ма?! Ақыр-аяғы укол екен бір сағат бойы ит-әуреге түсіп соның өзін де жасай алмаймыз. Ал сақал жіберуді білеміз, жетпей тұрған пенсне көзілдірік қана... Жұмыс істей білмейміз! Сақал қою деген қиын емес, ал анау адамыңыз укол жасай алмайды! — Жарымес медбикені нұсқады. — Сақалды дәрігер ағасы үйретпес пе бұған! Әлде өзіңіз де ештеңе білмейтін бе едіңіз?

`Дәрігер ағай` алғашында таңдана тыңдап қалғанымен, соңынан ашуланып қалды.

— Жетер енді, доғарыңыз айғайды! — деді ол үзілді-кесілді — бұл ара сізге базар емес қой?

— Базардан садаға кетсін! — Жарымес тайсалған жоқ. — Одан да жаман. Базар өз заңымен тіршілік етеді. Ондағылар өз шаруасын біледі, ал сендердікін ит білген бе... атқора.

Медбикеде үн жоқ, зығырданы қайнап әзер тұр.

— Бұларға үй де салып берілді!.. — Жарымес өршелене дауыстады. — Одан не пайда? Бәрібір жын ойнақ. Бұл неткен дауасыздық, өмір бойы осыдан жазбай-ақ қойғанымыз ба?! Укол екеш укол, апыр-ау, содан оңай не бар? Жоқ, мұндағының бәрі ілініп-салынып жүрген бірдеңелер! Сендер сақалдарыңмен, гитараларыңмен қоса құрып қана неге кетпейсіңдер!..

— Қалай, милиция шақыралық па? — деді дәрігер кірпідей жиырылып.

— Шақыр, бауырым! Шақыр, ол қиын іс емес қой. Укол салғаннан әлде оңай. Өй... Жарымес бешпетін киіп, есікке қарай беттеді. Бірақ шыдай алмады, есік көзінде тұрып тағы да былай — деді: — Ду ю спик инглишь, сэр? Ағаш қуыратын картоп жағы қалай? Лесковты оқу керек, Лесковты! Лесковты оқымай жатып, неореализм жайында сілекейлеріңді шұбырта бастайсыңдар. Лесковты, Чеховты, Короленконы, сонан соң Лев Николаевич Толстойды оқыңдар. Есіл-дерттерің гитара, бақаша бақылдайсыңдар. Сөйте тұра бұлбұлдай сайрадық дейсіңдер тағы да. Дәрігердің үндемей тұрғанын пайдаланып бұл да сәл тоқтады да, одан соң айғай-шусыз, сабырлылық білдіріп былай — деді:жұмыс істей үйрену керек ғой, балам, үйрену керек. Тым құмар болсаң, кісімсумен, күйіп кеткір гитарамен сонан кейін айналыс, бірақ ең алдымен жұмыс істеу керек қой.

Осылай деді де Жарымес кетіп қалды. Медбике дәрігерге қарады онда да дәрігерді текке шақырмағанына оз көзін жеткізгісі келгендей қадағалап қарады.

— Жұмысыңызды істеңіз. — деді дәрігер қомсынған кейіппен. Сөйтті де шығып кетті.

Дәлізде оны Жарымес күтіп тұрды. Ол әлі де қолын бүгіп ұстап ауырысынумен тұр. Дәрігер шыға бере оны байқамай қағып кеткен еді, сасып қалды ол күйгелек науқас әлдеқашан кетіп қалған шығар деп ойлаған-ды, сөйтсе қақ жолында тұр екен.

— Кешіріңіз. — деді Жарымес қалтқысыз көңілмен, — рас, мен тым ашуланып кеттім... Бірақ оған мен кінәлі емеспін, жаныма батып кетті, қайтейін.

— Жүріңіз, мен оның орнына басқа дәрі жазып берейін, — деп жас дәрігер жүре тартты Денеңіздің қызуы қандай?

— Өлшеген жоқпын. — деді Жарымес, дәрігерге ілесіп оның кабинетіне кіре беріп.

— Ал енді... — Сақалды дәрігер, өкінгендей болып өзінің әдетінше жымия түсті де, үстел басына отырып дәрі жазуға кірісті. — Аяқ астынан бұлқан-талқан боламыз... Толстой дейміз. Бұл арада Толстойдың қандай қатысы бар? — деп Жарымеске күлімсіреп кекете қарады. Осы бір кекесін Жарыместің жанына тиіп кеткен еді, бірақ ол өзін-өзі ұстап қалды.

— Толстой ғибратты сөздер жазған, соны біліп есте ұстаған абзал.

— Ол сөздердің менің есімде сақталмағанын сіз қайдан білесіз?

— Шынымен-ақ есіңде сақталғаны ма? — деп таңырқады Жарымес.

— Сақтаса несі бар? — Дәрігер кекесінмен ғана емес, жек көре, Жарыместің байқауынша, асқақтай қарады, жап-жас, уайым жоқ, қайғы жоқ, менмен. Елу төрт жасқа келген Жарымес басқаға емес, дәл осынау дәрігер сияқтыларға кешірімсіз қарауға тиіспін деп ойлайтын.

— Әй, қайдам?

Сақалды жігіт дәрігер бола тұра сырқат адаммен таласу, оның үстіне, Лев Николаевич Толстойдың менің оқыған-оқымағанымды қисынсыз жерде сөз етіп жату орынсыз, тіпті білместік болар деп түйді. Айта кету керек, мектепте, институтта міндетті түрде тиіп-қашып өткені болмаса, ол Толстойды оқыған да емес-ті. Және де Толстойдың бұл араға қандай қатысы бар, тәңір-ау деп ойлаған бойы еңкейіп дәрі алатын рецепт жаза бастады.

— Олай болса сіз маған түсіндірерсіз: қолымыздан неліктен ешнәрсе келмейді? — деп сұрады Жарымес есік алдында тұрған бойы.

— Біздің қолымыздан келмей ме? — деп дәрігер басын көтеріп алды.

— Мәселен, уколды-ақ алалық.

— Медбике Лев Толстойды оқымаған, уколды сондықтан сала алмайды.

— Жарайды, сіз оқыған екенсіз, олай болса неге қолыңыздан ештеңе келмейді?

— Беу, ағай-ай!.. — Дәрігер жазуын тастай бере Жарымеске таңдана қарады мұныңыз қызық екен. Менің қолымнан ештеңе келмей ме?

— Келмейді. — Жарымес жан-жағына қарап орындық көрінбеген соң үстіне ақ жайма төселген диванның шетіне отыра кетті. — Қолыңнан келмейді, жігітім.

— Мұны неден байқадыңыз? — деп мысқылдай сұрады дәрігер.

— Неден дері жоқ бәрінен де. — Жарымес дәрігерге жайымен қадала қарады. — Сіз дәрігерсіз, — деп бастады ол аспай-саспай. — Сіздің медбикеңіз укол жасай алмайды... бұл сіздің ойыңызға зәредей де кіріп шықпайды. Сіз кеңсе баққан қуыршақтай-ақ маған дәрі жазып бергелі жатырсыз... Маған керегі укол ғой! — Жарымес дәрігерге қарай қолын соза түсіп, тайға таңба басқандай нақтап тағы да былай — деді: — Уко-ол! Укол салуды тағайындаған да өзіңіз болатынсыз.

— Есіңізде болсын. — деді дәрігер де байыппен, — әрқилы күре тамырлар бар...

— Қойлардың әр қилы болатынын мен білемін, өйткені тұқымы басқа-басқа, ал барлық адамның күре тамыры бірдей. Сен дәрігер емессің. — Жарымес орнынан ұшып түрегелді. — Менің кіндік кесірлігім қандай болса, сенің дәрігерлігің де сондай. Мені таң қалдыратын сол әлгі...Жарымес әлдекімге көрмедегі ұсқынсыз суретті көрсетіп тұрғандай-ақ дәрігерді нұсқап, саусақтарын тарбитып қолын жоғары соза бере сілкіп тастады. — Сол әлгі... иіс алмас тоқмейілдік жағы ғой айтпағым. Уайым жоқ, қайғы жоқ бір тірі өлік рецепт жазып отыр. Рецепт жазуды біледі, сонымен де мұратыма жеттім дейді.

Мейлінше қайран қалған дәрігер сырқатқа қарады. Үндемеді.

— Бұл қалыпта қалай ғана тіршілік етпексіздер? А!? Бұлай болмайды ғой?.. Кешіріңіз, `беттен ала` сөйлеп кеттім, мұның керегі жоқ еді, мен сізбен ұрыспаймын, бірақ осылайша да өмір сүруге бола ма? Осыны түсінгім келеді. Адам өз ісін білмейді. Тіпті, білгісі де келмейді, оны сүймейді де, ал тұнжырай қарап сыздап-ақ отырғаны... Медбике тым болмағанда ұялып, қызаратын еді, ал мынау... сыздайды да отырады. Құдай басқа бермесін, осының бәрі тек бір тілім нан үшін ғана ма? Сендерге не болған, қарақтарым-ау! Осылайша малтумен қайда бармақпыз! Айтшы, кәне? Қарағым, сақалдым, мен былайшаңнан ештеңе білмеймін, мүфти болып-ақ отырайын. Солайша отыра берейін, маған сайтаның да, перің де, Николай әулиең де бәрібір. Бұларың қалай... Бетімен кеткендік пе, немене? Институт бітірдің... Жиырма бес жасымда болсам, мен әр үйге барып пеш үстіндегі кемпірлерді түсіріп алып: емдел, кәрі құзғын, ажалды күтіп жата берме дер едім... Осында не керектің бәрі бар, ал ол тірі аруақ, дәрі жазып берумен отырады. Бұдан да гөрі үпілмәлік ішкеннің өзі артық емес пе?

— Болдың ба? — Дәрігер қаһарына мініп, орнынан ұшып түрегелді. — Шық. — Бұлқан-талқан боп өзін-өзі әзер ұстап тұр. — Шық деген соң, шық. Шығуыңды талап етемін!

— `Талап етеді!` — деп кекетті Жарымес. — Паһ, шіркін!.. Әлі де елу жас жасауы керек, ал бұл әлден-ақ қылқұрт. Талап етеді. Сен өзіңнен адам болып өмір сүруді талап ет. Адам дегеннің ешнәрсемен зауқы болсашы! Сақал қоюды біледі... Одан да жас шағынан бастап жұмыс істесеші! Адам емдеу ме қайдағы емдеу, отызға жетпей-ақ сәбізі піседі мұның. Еншісіне тек гитара ойнау ғана қалады.

Осыны айтып Жарымес кабинеттен шығып жүре берді. Дәрігер орнына отырды, біразға дейін есін жия алмай есікке, содан соң терезеге қарады.

Аурухана ауласы ішінде сұңғақ бойлы, тіп-тік денелі, күшті де мақсатты адамның кейпі бар Жарымес кетіп бара жатты. Алысқа және көп жүріп төселген адамдай бір қалыппен адымдай басады. Үстінде сүйретілген ұзын плащ, басында былғары қалпағы бар.

Кешке таман дәрігер осы селода екі жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан өзінің досы, мектеп мұғаліміне келді. Одан Сергей Иванович Кудряшев дегенді білесің бе деп сұрады.

— Білемін. — деді мұғалім жымия күліп... — Оны неге сұрадың?

— Сол кім өзі?

— Кітапханашы.

— Жергілікті ме?

— Иә, жергілікті. Өзі бір көрсеқызар, қажу білмес жан, өзінің негізгі жұмысын істей жүріп, бүкіл деревняны кезіп, ескілікті кітаптар сатып алумен болады, бұған облыстық кітапхананың адамдары да келіп-кетіп жүреді, сонымен қатар ол мұрағаттармен де байланыс жасайды...

— Білімі қандай?

— Ешқандай білім де жоқ онда. Анығын білмеймін, көп болса сол сегіз класс шамасындай-ақ шығар. Кітапты өз ынтасымен жүріп жинайды. Немене? Жанжалдасты ма? Жүрген жері шатақ оның.

— Жоқ, жай сұрағаным ғой.

— Селодағылар оны Жарымес деп атайды.

— Сен оны жақсы білетін бе едің? Ол өзі көп оқи ма?

— Қайдағы көп оқыған. Кейде қайдағы бірдеңелерді жинайды. Ал кейде керектісін де табады. Мұнда дүмшелер көп болған, шатырлардың астында да кітаптар жатады. Кейде қызықты кітаптар әкелетін. Қысқасы, нені де болса білуге ынтық жігіт. Тек өсек-аяңға үйір: барлық редакцияларды ақыл-кеңеске, ұсынысқа толтырып салды. Шатасқан адам. Көрмейсіз бе, деревня кез деген ешкім де жоқ оған ол өздігінен, өз ақшасын жұмсаумен жүр.

— Бірақ кітапханалар одан кітап сатып алып тұратын болар.

— Бәрін бірдей сатып ала береді деймісің, бірлі-жарымдап болмаса, ал анау бір әкелгенде бума қап кітапты бір-ақ әкеледі. Сондай жомарт жігіт. Қыруар кітапты жұртқа таратып та берді. Біздің мектепке әкеліп сыйға да тартты. Бір жолы ол басынан мынадай бір оқиға да кешкенді. Арқалаған бір қап кітабы бар, жол бойында өткен-кеткен машинаға қол көтереді. Сонда шопырға төлейтін ақшасы да жоқ екен, түгел жұмсап қойса керек. Бір шопыр баратын жеріне алып келіп ақша сұраса, бұл бір кітапты ұсынып, осыны ал, бұл ақшаға табылмайтын зат депті. Анау мұны боқтап, кітабын сазға лақтыра тастап, жайына кетіпті. Жарымес машинаның нөмірін белгілеп қалған екен, қасына аңшы інісін ертіп алып, көршілес селода тұратын әлгі шопырды іздеп келіп, екеуі оны жатып келіп сабапты.

— Осал екен! Ал сонан соң? Сотталды ма?

— Шопыр сотқа бермеген, аңшы інісі ақша беріп құтылыпты. Жарыместе соқыр тиын да жоқ, інісі барлы-жоқты ақшасын сыпырып берген.

— Отбасы бар адам ба өзінің?

— Кудряшевте ме? Екі баласы бар. Біреуі оныншы класта оқиды балаларының дені түзу. Оны неге сұрадың? Аурухананың да үстінен бірдеңе жазған ба еді?

— Жоқ, бүгін ол маған келіп, екеуміз біраз сөйлескен едік.

— Сөз жағына келгенде ол жеткізбейді! Фәлсафа соғады. Мен оның жазғандарын оқыған емеспін, жиі-жиі сөйлесіп тұрған кезіміз болған қызық адам.

— Газеттер оның жазғандарын басып шығарып тұратын болар?

— Жоға тәйірі, басу қайда. Тек ермек үшін жазады. Оны ешкім бетінен қақпайды, әбден еттері үйреніп кеткен... Ол болса кітап жинап, аса зор іс тындырып жүрмін деп біледі. Оның осы жөнінде жасаған іргелі теориясы да бар.

Дәрігер біраз үндемей отырды да:

— Айтпақшы, сіз қалай ойлайсыз, ол Лев Толстойды оқыған ба екен?

— Ол қайдан келсін оған, — мұғалім таңырқап қалды. — Оқымаған шығар. `Жилин мен Костылинды` оқуы мүмкін, бірақ бұған да күмәнім бар. Жоқ, ол тек жай әншейін ынта білдіруші ғана адам. Оның ынтызары шатырлардан кітап тауып алу, тауып алып та жүр. Осыған шексіз берілген, жұрттың бәрін жазғыра келетіні де сондықтан болса керек. Бірақ ол зіл сақтамайтын жан. Ішпейді де. Әлде, бәлки, оқыған да болар, мұны өзінен сұрап білу керек. Әй, қайдам оқымаған-ақ шығар.

— Білімі жоқ болса, ол қалайша кітапханашы боп жүр?

— Атамзаманнан бері кітапханашы, ол кезде тексеріп, талғап жатқан кім болды дейсіз. Ал жұмысты жақсы істейді. Ішпейді. Әлгінде айттым ғой. — Мұғалім күліп, қалтасынан шылымын алып тартты... Жолдасына тағы да зейін қойып қадағалай қарады да, былай деп сұрады, — дәу де болса, Кудряшев бір жерден ши шығарса керек, а? Оның жайын неге мұншама қазбалап сұрай қалдың?

— Жоқ, айттым ғой әлгіде... Ауруханада жай отырып әңгімелескеніміз бар! — Дәрігер де шылым тартты, саусақтарының ұшын сулап, сіріңке шиінің жанған ұшынан шымши ұстады да, қалған жағын жағып, оттан көз алмай отырды.