Әдебиет
Вангели Спиридон
Спиридон Степанович Вангели (14.06.1932) - Молдованың балалар жазушысы және аудармашысы.
Спиридон Степанович Вангели (14.06.1932) - Молдованың балалар жазушысы және аудармашысы.
Гугуцэ — кеме капитаны
ГУГУЦЭ
Гугуцэ қауқиған бөркін киіп те үлгермей-ақ қыс түсті. Сірә, қысқа бала мен оның бөркі қатты ұнаса керек.
Гугуцэні көрмек болып қар дүниенің төрт бұрышынан құйылды. Бала қарға көмілді. Домаланып, аққала тәрізді болды да қалды. Тек бөрік астынан түтін ғана будақтайды.
— Әкем-ау! — деп таңданысты қар қиыршықтары. — Мынау бөркінің астына от жағып тұрғаннан сау ма! Міне, ғажап! Әрине, мұндай бөркің болса, суықтың өзі тұра қашар!
Гугуцэ дем алғанда аузынан бу шығатынын қар қиыршықтары білген жоқ еді.
Аулаға қар қиыршықтары қожайындық етіп, баланы қақпаға қарай тықсырды. Ол көзін сүртіп жіберіп, айналасына қарап еді: не болғанын түсіне алмады. Сүрлеу жол жоғалыпты. «Дала да көзден ғайып болмады ма екен», — деп, дуалға шықты. Жо-жоқ, ол орнында екен. Төбелер де бәз-баяғы қалпында. Тек барлығы да аппақ.
Бір ғажабы, аппақ төбелер ентелеп селоға сұғынып, жақындай түскен тәрізді.
«Қарай гөр! Мыналар қайтеді өзі?—деп ойлады Гугуцэ. — Е-е... бізбен бірге қыстап шықпақшы екен ғой».
Гугуцэ бөркін көзіне басыңқырап қойды:
— Оһо, қар дегенің біздің жаққа қаптады ғой өзі.
Қар қиыршықтары айналасында үйіріліп жүр. Олар будақтаған буды көрді де, Гугуцэнің бөркінің астына неге от жағып қойғанын түсіне алмай әуре болды.
ГУГУЦЭНІҢ БӨРКІ
Істің, бәрі әкесінің Гугуцэге қауқиған үлкен бөрік тігіп беруінен басталды.
— Әке, бөрік көзіме түсе береді.
— Ал сен оны, Гугуцэ, жоғары көтеріңкіреп қой. Mінe, бұл өзіңе бүкіл қысқа жетерлік жұмыс.
— Еһе, солай деңіз! Сонда Гугуцэнің басқа жұмысы жоқ па? Жарайды, оны уақытында көрерміз!
Гугуцэ ертеңінде үйдегілердің бәрінен де бұрын тұрды, аяғын ұшымен басып аулаға шықты да, қойларға асықпай жем берді. Әкесі келгенде Гугуцэ қойға мініп алып, шарбақтың ішінде мәз-мейрам болып жүрген.
— Қайырлы таң, Гугуцэ!
— Ә-ә! Қош келдің, әке! — Ол: «Жемді алып кете берсең де болады», — дегендей қолын ербеңдетті.
Сонымен, Гугуцэ қойларды осылай күте бастады.
Аяз болса, күшейе түсті. Көшемен келе жатқанда, аяқ астындағы қар сықырлайды, бейне бір музыкалық аспаптың пернелерінің үстінде келе жатқандай сезінесің.
Гугуцэ жолда бірінші класта оқитын қызды қуып жетті. Бейшара әбден тоңған, көкпеңбек. Гугуцэ қыздың кітаптарын қолына алды, ал қыз қолын жеңіне тығып, оның соңынан секектеп ерді де отырды. Гугуцэ кітаптарды қолтығына қысып ұзақ жүрді, кенет оның басына бір ой сап ете түсті. «Кітаптарды бөрікке бастырып киіп алсам қайтеді, оған кітаптар да, басым да сыйып кетуге тиіс қой», — деп ойлады. Гугуцэ бөркін басынан алды да, қызға қарап:
Тоңдың ба? Шыныңды айт, — деді.
— Аздап жаурадым, — деді қыз тісі тісіне тимей дірдектеп.
— Онда менің бөркімді ала ғой.
— Жоқ, Гугуцэ. Өзің тоңып қаласың ғой. Қыздар және де мұндай бөрік кимейді.
— Кигің келмесе — киме, — деді Гугуцэ. — Онда жолда-ақ жата берсін.
Сөйтті де, бөрікті қардың үстіне тастады.
Екеуі ілгері аяңдады — алдында Гугуцэ, соңынан қыз ілесіп келеді. Жүріп келе.жатып, арттарына жалтақ-жалтақ қарап қояды. Иесі қалдырып кеткен бөрік жападан-жалғыз жол үстінде жатыр.
Бөрік әрі тұрды, бері тұрды, сөйтіп, күш жинап алған соң, ауаны ішке сорды. Ауа жұтысымен-ақ, үп-үлкен болып өсті де кетті.
Гугуцэ мұны байқап қалды, қайта келіп бөрікті жерден көтерді де, дереу қыз екеуі басына киіп алды. Олар бірлесіп жүріп келеді, аяз бөріктен жасқанып, оларға тиісе алмады.
Содан бері Гугуцэ бірінші класс оқушылары шыққанша мектеп қақпасына келіп үлгеретін болды. Ол жеті немесе сегіз қызды бөрікпен бүркеп алады да, үйлеріне жеткізіп салады.
Бір күні тіпті балалармен бірге мұғалима да бөрік астында келе жатты. Мұны көріп, жұрт таң қалысты:
— Бөрік деп осыны айт! Үйілген бір мая шөп дерсің! Бұдан артық керемет бола қоймас.
Гугуцэ балаларды апарып салған соң, бөрік лезде кішірейіп кетеді, оны тіпті киім ілгішке іліп қоюға да болады.
Бірақ бөрік бір күні баланы алдап соқты. Гугуцэ оған әр түрлі уәде де айтты, еркелетіп те байқады, тіпті жалынып-жалбарынды — бірақ бөрік өспей қойды. Мұның дәл аяздан мектептегі қоңыраудың даусы қарлығып, бүкіл «Үш Лақ» селосында бірде-бір ит үре алмай қойған кезде бола қалғанын қайтерсің.
Гугуцэ мұның мәнін үйге келгенде ғана түсінді: ол ертеңгілікте қойларды жемдемей қойған екен! Гугуцэ маңдайын ұстай алды — атқаратын ісіңді ұмытқаныңа жол болсын. Сөйтіп, бөрік қайтадан оның дегеніне көнді.
Енді Гугуцэнің барлық үйлерімен қоса бүкіл селоны бөрікпен бүркегісі келді. Сондықтан, ол көршілерінің де қойларын жемдей бастады. Бөрік бүкіл аспан аясына сыйғанға дейін үлкейіп, өсе берді, өсе берді.
Бөріктің асты көктемдей еді. Ал онда электр жарығы күндіз де жанып тұратын. Бөрік астындағы тіршілік ештеме болмағандай машиналар гуілдеп, құдық қол шығырлары шықырлап, бұрынғысындай жүріп жатты.
Алайда адамдар бөріксіз жүрді. Өйткені, онсыз да жылы еді. тағы бір себебі — бөрік атаулының барлығы Гугуцэнің орасан зор бөркіне бірігіп кетіпті. Бүкіл селода санаулы ғана бөрік қалыпты, Ол бөріктерді қалаға халуа, қалаш алуға немесе өз шаруасымен баратындар ғана киеді екен. Өйткені, Гугуцэнің сиқырлы бөркінің астынан шыққан адам, қайтадан қақаған қысқа тап болады ғой.
БӘЙШЕШЕКТЕР
Бір күні Гугуцэ жеті тиын тауып алды. Аз да емес, көп те емес, дәл жеті тиын. Ол бақыр ақшаларды ең терең қалтасына сүңгітіп жіберді, үш күндей қалтасына қол сұққан жоқ: бәлкім, бұрынғы бақыр ақшаларына жаңадан тиын қосылар? Бірақ қалтасынан шегеден басқа ештеңе де таба алмады. Қарындасы да қалтасында өз-өзінен ақша пайда болмайтынын айтты. Үйде болмағандықтан, қарындасы мен ағасы әкесінің қалтасы туралы сөз қозғай алмады.
Жылына бір-ақ рет келетін ерекше күн жақындап қалды. Ол күні ер кісілердің барлығы әйелдерге сыйлық береді. Гугуцэ дүкенге селодағы ер кісілердің бәрінен бұрын келді. Ол жолшыбай шешесіне машина сатып әперуді ойлады. Әрине, шешесін Гугуцэ машинасымен өзі таситын болады.
Бала алақанын уқалап, дүкенге енді. Бірақ іздегенін таба алмады. Сатылып жатқан машиналарға шешесін былай қойып, тіпті Гугуцэнің өзі де сыймайтын болып шықты.
Іс осылай болған соң, Гугуцэ түйме сатып алды. Енді оның қалтасында үш-ақ тиын қалды. Түймеге көйлек сатып алып қосса, қатып кетер еді. Ол көгілдір түсті болса, тіпті жақсы. Бірақ дүкенде көгілдір көйлек жоқ екен. Әлде әне бір биік өкшелі туфлиді сатып алса қайтеді? Гугуцэ оны сатушы әйелден сұрауға оқталды, бірақ мөлшерін білмегендіктен мүдіріп қалды.
Ол үйіне қайтып келді де, кеш батып, шешесінің ұйқыға жататын мезгілін күтті. Шешесі тезірек ұйқтау үшін, Гугуцэ оған ханша туралы ертек айта бастады. Гугуцэ ертектің ортасына келгенде шешесі ұйқтап қалды, сөйтіп, ертектің жартысы айтылмай қалды. Несі бар, ханша өзінің Фэт-Фрумосын келесі жолы айтқанға дейін күте тұрсын. Гугуцэнің онымен ісі болмады.
Ол ұйықтайтын бөлмеден аяғын ұшынан басып шығып, жіп алды да, қайта оралды. Жіпті шешесінің аяғына енді сала бергенде, шешесінің саусағының қыбыр ете түскенін байқап қалды. Гугуцэ шешесінің саусағын алақанына салып, тербете бастады.
Төсек жұмсақ, түн тыныш,
Ұйықта саусақ тым-тырыс.
Осы өлеңді естігенде саусақ бірден ұйқтап кетті, Гугуцэ шешесінің табанын өлшеп алды да, төсегіне жатып, жіпті жастығының астына жасырды.
Гугуцэ таң ата салысымен дүкенге тұра жүгірді. Туфли атаулыларға өлшегіш жіпті салып, ең жақсысын таңдап алды. Бірақ туфлидің құнын білгенде, қатты қынжылды, оң жақ құлағын қасыды, үш тиынды қалтасынан бір алып, бір салды, қайта-қайта санады да, сол жақ құлағын қасып, туфлиді сөреге қойды да, сөйтіп жөніне кетті.
Егер сол кезде жаңағы жерде болсаңдар, сендер Гугуцэнің селодан қалай шығып, жолмен қалай адымдап кетіп бара жатқанын, дөңнен асқанда оның шошақ бөркінің қалай тасаланып, ұзақ уақыт көзге шалынбай қойғанын өздерің-ақ көрген болар едіңдер. Бұдан соң оның дөңнен бір құшақ бәйшешек көтеріп, қайтадан түсіп келе жатқанын да көруге болатын еді. Оның бәтеңкелері сүйретіліп, аяғына бөгет жасады, бөркі де басында бұлғақтап бара жатты. Бірақ бейшара бәтеңкелер мен бөрікке қарағанда Гугуцэ әлдеқайда қайратты болатын. Ол бәйшешектерді тұп-тура дүкенге алып келді. Гүл шоғының ең үлкенін сатушы әйелге, ал қалғандарын дүкенде болғандардың барлығына сыйлады.
Биылғы жылдың бәйшешектерін жұрттың ең алғаш көргені осы болатын. Барша жұрт Гугуцэні мадақтай жөнелді, ал сатушы әйел, ешқандай қатысы болмағанына қарамастан, бөрікті еркелете сипады. Дәл осы тұста Гугуцэ сатушы әйелдің көзінше қалтасынан үш тиынды ,алып, үш рет қайта санап шықты, туфлиге көзі түсті де, ауыр күрсінді. Бірақ сатушы әйел бұған елең де еткен жоқ.
Күн ұясына еніп, шуда бұлттар шоғырлана бастады, бірақ Гугуцэ шешесіне сыйлық ала алмады.
«Ештеңе етпес, —деп жұбатты ол өзін-өзі. — Ертең таң сәріден тұрып, тағы да бәйшешек теріп аламын».
Бірақ кешқұрым Гугуцэ терезеден жапалақтап жауып тұрған қар қиыршықтарының үйіріліп жүргенін байқады, мұндайды ол бұрын көрген емес. Аспан күңгірт тартып, төбелер ақ көрпе жамылды, ал бала тәтті ұйқыға батты. Шешесі келгенде терезе алдында ұйқтап жатыр екен. Қолына үш тиын мен түймені қысып алыпты. Түйме болғанда ғажап еді. Бұл түймені шешесі көптен іздеп, таба алмай жүрген болатын.
ЖАҢБЫР
Кіп-кішкене бұлттар күнмен жасырынбақ ойнап жүрді. Біреуі күнді көлегейлеп, қалғандары жақсылап жасырынатын жер іздеп, аспанды шарлап кетті. Әрине, жерде болса бір сәрі, онда қораның артына, маяның сыртына жасырынып, сәкінің астына еніп кетуге болады. Ал аспанда бұлардың бірі де жоқ, қандай өкінішті! Кішкене бұлттар аспанның қай бұрышына барса да, күн оларды тапжылтпай, сәулелерімен қармап алады.
Ойына қайдан түскенін кім білсін — кенет ең кішкене бұлт өзіндей бір кішкене бұлтқа қалқып барып, соның ығына жасырына қойды. Сөйтіп, екі кішкене бұлт қосылып, аспанда жаңадан үлкен ірірек бұлт пайда болды.
Бұл басқа бұлттарға да ұнап қалса керек. Олар дереу бірінің тасасына бірі жасырынып, орасан үлкен бұлтқа айналып кетті. Күн жасырынған кішкене бұлттарды іздеуге шығып еді — олардың бірде-біреуін таба алмады. Ол кіммен ойнарын білмеді. Бұлт аспанда қаптап кеткендіктен, ойнайтын жер де қалмаған болатын.
Күн ызаға булығып, отты сәулелерімен бұлтты осып-осып жіберді. Бұлт қақ айрылып, сатыр-сұтыр етті де, жаңбыр құйып кетті.
Ой, сонда не болғанын көрсең ғой! Әтеш мекиендерге былай бұйырды:
— Менің әміріме құлақ салыңдар! Дереу тауық қораға қарай зытыңдар!
Құстар жапырақ астын паналап, дыбыс шығармауға тырысты: байқамай сайрап жіберсе, жаңбыр естіп қойып, жапырақтарға бұрынғыдан бетер жауа жөнелмекші. Әп-әдемі көбелек қалбиған түйежапырақтың астына қонып алыпты, ол: «Қапелімде гүлдер мені байқап қалып: «Оның әлдебір түйежапырақты бізден жақсы көргені қалай!»—деп жүрмесе игі еді», — дегендей мазасызданып отыр.
Сол шақта әйелдер керме жіптегі кірлерді жиып алып, терезелерді жапты, дауыстап балаларын шақырды.
Дарбаза алдында жападан-жалғыз Гугуцэ ғана қалды. Құлағының дәл түбінен алғашқы жаңбыр тамшысының зу ете түскенін, «тырс-тырс, тырс-тырс, тырс-тырс!» — етіп жол үстіне тамшылағанын сезді.
Бала жаңбырдың екі тамшысын қағып алып, былай деп, әндете жөнелді.
— Қиқарсың-ау, ә! Бұларың не? Бидайдың қайда егілетінін білмейсіңдер ме? — Сөйтті де:
— Жаңбыр, жаңбыр селдетпе:
Шатыр менен жол бетке,—
деп әндете жөнелді.
Оны жаңбыр тамшылары құлағына да ілген жоқ, шатырларды, қақпаларды сабалап ұрды дейсің келіп. Сол кезде Гугуцэ шалбарының балағын түріп алып, жолға шықты да, жаңбырға дүрсе қоя берді:
— Еріңдер, кәне, соңымнан!
Сөйтіп, жаңбыр жолды бойлай Гугуцэнің соңынан ілесе жөнелді. Шынын айтқанда, барлық жаңбырлардың жолға сыюы мүмкін емес қой, сондықтан олар жолшыбай үйге де ұрынып, аулаға да еніп кетті, тіпті, дуалдан да секіріп өткен кездері болды.
Село.сыртында жұмыс істеп жүргендер бос қапшықты бастарына бүркей салып, зытып барады. Бірі машинада, бірі арбада, әлдебіреулер атпен, тіпті кейбіреулері жалаң аяқ шалшық суды шолпылдатып кешіп жүр. Жаңбырды соңынан ілестіріп алып, алға қарай батыл қадамдап бара жатқан тек Гугуцэ ғана. Жаңбыр тамшылары оны қуып жетіп, жағасына жармасты, құлағынан шымшылап, тұмсығынан шертті. Бірақ: «Қылжақтаса, қылжақтап көрсін», — дегендей, ондай ұсақ-түйекке Гугуцэ назар аударған жоқ.
Сөйтіп, ол жаңбырды бидай өсіп тұрған егістікке алып келді.
Тұтасып өскен нәзік масақтар сорғалап жауған өздеріндей жиі және жіңішке тамшыларды қуана қарсы алды, тіпті олар қол ұстасып, бүкіл егістікті бойлай билей жөнелді.
Гугуцэ үйге малмандай су болып оралды. Ол ауласының үстінде кемпірқосақ пайда болғанын, оны бүкіл селодағы әйелдер терезелерін ашып қарсы алғанын көзімен көрді. Ал әтеш қораға шығып алыпты, қалай да кемпірқосаққа қонақтаудың ретін іздестіріп, ұмсынып-ұмсынып қояды, сөйтіп бүкіл жарық дүниедегі әтештерге бар даусымен бір кукарикуламақшы.
ЖАСЫРЫН СЫР
Үйректердің үрпек сары балапандары аппақ ересек үйректерге айналып, балапан қораздар терезе алдына тұрып алып шақыра бастаған кезде, Гугуцэнің туған күні таяу қалды деп санауға болады.
Бұл күндерде бала тіпті аттарды суаруды да ұмытып кетеді. Ол апта бойы қағаздан әр түрлі бояулармен оймышталған жалаулар жасап, оларды дуалдарға, үйге, қораға іліп тастайды. Гугуцэде мереке болатынын жұрттың барлығы осыдан-ақ білетін.
Селоның бір шетіндегі жалаушаларды әжесі ояна салысымен көреді де, елден бұрын алып-ұшып, Гугуцэге бір етек тәтті кәмпит әкеп береді. Ал одан соң Гугуцэнің құлағын созғылап, ілулі тұрған жалаушалардай, оның, шат-шадыман ұзақ өмір сүруін тілейді.
«Үш Лақ» селосының басқа адамдары да келеді. Олардың барлығы Гугуцэнің үлкен және күшті болып өсуін тілейді, өйткені елімізге дәл сондай балалар қажет. Гугуцэ ел туралы естісе-ақ болды, белбеуіне ағаштан жасалған қылышты қыстырып алады.
Шешесі Гугуцэні туған күнінің құрметіне қалаға апарды.
Олар базарға барды. Шешесі сәкіге тауық жұмыртқаларын шығарды, ал Гугуцэ мардамсып, шұбар әтешті қолына ұстап тұрды. Ол шоқып алудан тайсалмайтын нағыз тентек әтеш болатын.
Базардағы адамдар Гугуцэні айналсоқтап жүріп алды. Олардың барлығы әтештің құнын білуге ынтықты.
Көзілдірік киген бір кісі шұбар әтешті қолына алып, салмақтап-салмақтап қойды, екінші біреуі айдарына ептеп қолын тигізді, ал бір әйел тіпті қауырсындарын үрлеп көрді. Бірақ солардың бірде-бірі ең болмағанда: «Жігітім, мына әтешің шақыра ала ма, өзі?» — деп сұраған да жоқ. Егер сұрай қалса, Гугуцэ: «Шақырғанда қандай!» — деп жауап берген болар еді.
Бір әйел Гугуцэге ақшасын ұсынып:
— Балақай, әтешің қанша тұрушы еді, мынадан қажетіңді ал, — деді.
— Сатқым келмей қалды, — деп тыжырынды Гугуцэ шұбар әтешті қолтығына қыса түсіп.
Бір теңізші бала таяп келгенде базар да тарқаған болатын.
— Ей, жігіт, — деп сұрады теңізші, — әтешің зор дауыспен шақыра ала ма?
— Шақырғанда қандай! — деді Гугуцэ. — Ал сен оны сойып жеп қоймайсың ба?
— Ол не дегенің! — деп теңізші таң қалды да, балаға көзін қысты.
Сөйтіп, Гугуцэ оған шұбар әтешті сатты.
Шешесі саудадан түскен ақшаға Гугуцэге әтеш-кәмпит, көкнәр себілген қалаш, жаңа шалбар сатып әперіп, оны алдымен шаштаразға, соңынан музейге апарды.
«Үш Лақ» селосына қарай келе жатқан автобус жолаушыларға лық толы болатын. Солардың ішінде Гугуцэден маңғазы жоқ еді: оның балаларға айтатын жасырын сыры бар.
Гугуцэ үйіне келісімен жаңа шалбарын киіп, баққа қарай тұра жүгірді, ағаш басына өрмелеп шықты да,кішкене мүйіз сыбызғысын кернейлете жөнелді. Қайдан шыға келгенін кім білсін, қолдарында дүрбілері бар және ағаш таяқты ат қылып мінген салт аттылар тұс-тұстан оған жүгіріп келді.
— Қәне, тұра қалыңдар!—деген Гугуцэнің әмірі «саңқ ете қалды. — Сендерге әскери құпияны сеніп айтқалы тұрмын. Ауыздарыңа ие болыңдар!
Салт аттылар ағашқа тақалып келіп, аң-таң болып тұрып қалды.
Менің шұбар әтешімді білетін боларсыңдар?
— Білеміз, білеміз! — деп шуылдасты балалар.
— Ендеше, сол әтеш бүгіннен бастап әскери кемеде қызмет атқаратын болды. ,Ол Қара теңізге жол тартты, күделікті флотты таңертең ұйқыдан ерте оятатын да сол.
— Ура-а-а! — деп айқайлаған балалардың даусы бүкіл селоға жетті.
Гугуцэ ағаш басынан секіріп түсе салысымен, қызыл салт аттыларға командир болып сайланды.
Бірақ салт аттылар кешке қарай ұйықтай алмай ұзақ жатты. Олар: «Шұбар әтеш неткен бақытты еді», — деп ойлады.
КҮЗЕТШІ АТА
Күздің күні жүзім тиелген арбалар селоға кіріп келе жатқанда, дар база алдына шығып тұру бір ғажап. Гугуцэ оларды санайды келіп, санайды келіп, ал арбалар бірінен соң бірі келе жатады... Шіркін, тым болмаса Гугуцэнің дарбазасының алдына келгенде сондай арбалардың біреуі сынып қалса ғой!
Бірақ үшкір мүйізді өгіздер бөшкелері тау-тау болып үйілген шарап жасайтын орынға қарай жүзім тиелген арбаларды сүйретіп, бірінен соң бірі дәл қасыңнан өтіп жатады, өтіп жатады.
Жүзімдік селодан онша қашық емес. Жапырақтарға дәрі бүріккенде Гугуцэ сол жерде әкесімен бірге барған болатын. Егер барғысы келсе, ол қазір де бара алады. Арбалардың ізіне түсіп алып, тауға қарай жүре берсе болғаны.
Гугуцэ ізге түспей-ақ, бүйірдегі көшемен төтелей тартты.
Иті бар ауланың жанынан өткенде, дуал тақтайларының саңылауынан таяқ жүгіртуді де Гугуцэ есінен шығарған жоқ. Иттер қашан да біреуге арсылдап, аласұрып ұмтылуды өте ұнатады.
Гугуцэ село шетінен аппақ жүзімдері бар жүзім сабағын тапты. Жан-жағына қарап еді, ешкім де көрінбеді.
Ешкім жауап бермеді.
— Бір шоқ жүзім үзіп алсам қайтеді?
Тағы да ешкім үн қатқан жоқ. Тек бір құс қана ұшып өтті. Сұрамай-ақ алуға бел байлады. Бірақ күзетшісі жоқ жүзімдіктен ақ жүзімді ұрлап алудың несі қызық. Қызғылт жүзім болса — бір сәрі.
Гугуцэ одан әрірек жүріп барып, қызғылт түсті жүзім шоқтары бар жүзімдікке кездесті. Маңайында ешкім жоқ. Сонау бір жерден жүзім теріп жүргендер көрінеді. Гугуцэ қызғылт жүзімді өте ұнатады. Айналада ешкім жоқ болса, рұқсат сұраудың қанша қажеті бар.
Гугуцэ ең үлкен жүзім шоғына көз тоқтатып, үзіп алмақшы болып, қолын созды. Ол ойламаған жерден жүзім сабақтарының арғы жағынан алдымен екі етекті, одан соң шалбардың екі балағын, соңынан пенжакты, пенжактан жоғарырақ делдиген мұрт пен мылтықтың қос аузын байқап қалды.
Гугуцэ қолын созған қалыпта қалшиып қатты да қалды. «Мәссаған, күзетші ата!»
— Келген кім десем, сен екенсің ғой, — деп оның мұрты бұған төне түсті. — Кімнің баласысың?
— Бөтен емеспін, — деп күбірледі Гугуцэ көзін мылтықтан алмай.
Ол енді тұтқындайтын болар деп күтті. Бірақ Күзетші ата олай жасамай, оның маңдайынан сипап, иығындағы асулы тұрған мылтығын балаға ұсынды:
- Meн темекі орап алғанша,ұстай тұр.
Бала өз құлағына өзі сенбесе де, мылтықты қос қолдап шап беріп ұстап: «Дәл қазір нағыз ұры келе қалса ғой. деп ойлады.
Күзетші ата аспай-саспай бір темекіні тартып бітіріп, екіншісін орады, бірақ көзге шалынған ұры болған жоқ. Кетерінде Күзетші ата ең ірі жүзім шоқтарының кайда салбырап тұрғанын Гугуцэге көрсетті де, мылтығын иығына асынып алып, із-түзсіз жоқ болды.
БАРАБАНШЫ
Ругуцэнің көршісінде бір қыз бала дүниеге келді. оның шешесі шамды түні бойы сөндірген жоқ. Сірә, қуанғаннан сөйтетін шығар. Қыздың әкесі — Михай ағай көшедегі барлық балаларды жиып, арбаға мінгізіп алып қыдыртты.
Ол, тіпті, аттар «Үш Лақ» селосының дәл ортасынан заулап бара жатқанда да делбені Гугуцэнің ұстауына рұқсат етті.
Гугуцэ — Михай ағайдың өз адамы. Олардың үйлерінің аралығындағы шарбақ өте аласа — секірсең-ақ, сол аулаға топ ете түсесің. Ал ауланың ішінде кішкене көздерін ашып-жұмып, бесікке бөленген қыз жатыр. Ол тіпті күле де алады. Шешесі солай деген болатын.
Қызға Лили деп ат қоятыны жұрттың бәріне белгілі. Бірақ той жасамай, нәрестеге ат қоюға болмайды. Сондықтан да, Лилидің бір әжесі қамырдан қалаш жасап, екінші әжесі жаңа туған ай тәрізді иілген пряниктерді пештен алып жатыр, ал Михай ағай болса, музыканттар іздестіріп, бүкіл селоны шарлап жүр.
Гугуцэнің ересектерге кедергі болғысы келмеді. Сондықтан, ол шарбақтан секіріп еді — өз үйінің ауласына топ ете түсті.
Ол барлық көршідегі балалардың суреттерін салатын дәптерін тауып алып, баспалдаққа жайғасып орналасты да, қолына қарындаш ұстаған күйі қыздың бетін өз үйіне қаратып, суретін қалай салуға болатынын шамалап көрді.
Дәл осы кезде Михай ағай баспалдақтың қасына келіп:
— Гугуцэ, бері қарашы, сен осы барабан соға аласың ба? — деді. ,
— Әрине, Михай ағай, соққанда қандай!
— Мәселе былай болып тұр, Гугуцэ. Сен менің кішкене қызымның бар екенін білесің ғой. Қалай болғанда да, бүгін кешке үйде музыка болуға тиіс. Бірақ музыканттарды таласып-тармасып үйлену тойларына бөлісіп әкетіпті. Күні бойы табанымнан таусылып, ешкімді таба алмадым. Тек аккордеоны бар бір жігіт қана қолға түсті. Өзің білесің ғой, мұндайда ең бастысы—барабан.
— Онда, жарайды. Барабан соғатын ешкім табылмаса, мен-ақ барайын, Михай ағай. Бірақ менің барабаным жоқ қой, — деді Гугуцэ.
— Сөйтші, Гугуцэ. Ал барабан табу онша қиын шаруа емес.
Михай ағай дереу Қрецуляктың жесір әйеліне барып. күйеуінің барабанын бір кешке бере тұруын өтінді.Әйел шатыр астында жатқан барабанды алып, шаңын сүртті, сөйтіп Михай ағай барабанды иығына арта салды.
Гугуцэ шарбақтан ырғып түскенде, күн ұясына еніп бара жатыр еді. Ол қарғыған бойда-ақ барабанның қасына топ ете түсті, таяқшаларды да қолына алды. Аккордеоншы жігіт балаға қызғана қарады.
— Жарайды, сәл шыдай тұр, саған да соққызамын, — деді Гугуцэ оны аяп кетіп.
Даңғыр-дұңғыр!.. Сауық-сайран басталды да кетті. Аккордеонның үні дарбазадан аса алмады. Оның есесіне барабан бүкіл селоны дүр сілкіндірді.
Бұл барабан Теадор Крецуляк дүниеден өткен соң ұзақ, уақыт үнсіз жатып еді. Бір ғажабы: барабан шаң басып, шатыр астында жатса да, әндердің бірде-бірін ұмытпапты.
— Құлақ салшы, мынау Крецуляк барабанының даусы ғой. Барабаншының бәлесін-ай! Бұл кім болды екен? — деп көшеде келе жатқан адамдар қалт тоқтай қалып, ұйып тыңдап тұрысты.
Сөйтіп жұрт Лилидің үйіне ағылып келе бастады. Михай ағайдың меймандарды күтіп алу әбігерінен қолы босамады.
Гугуцэ аккордеоншымен бірігіп марш ойнады. Ал меймандар бөріктерін шешіп алып: «О, пәлі!» — деп айқайға басты.
Крецуляктың жесірі де музыка тыңдауға келді.
Гугуцэ барабан соққан кезде шыдап тұру қиын-ақ. Жұрт аяқтарын тарсылдатып, билеп жүр.
— Ей, Гугуцэ! Дамылдауға мұрша берші! Әбден сілеміз қатты!
Гугуцэ барабан соққанын сәл қоя қойды. Артынша тағы даңғыр-дұңғыр! Аула солқылдап, ағаштар теңселіп кетті; Гугуцэнің барабан даңғырлатқанын естісін деп, құстар ұясындағы балапандарын ұйқыдан оятып әбігер.
Сол күнгі кеште «Үш Лақ» селосында бірден үш үйлену тойы болып, үш-аулада барабан соғылып жатты. Бірақ оларға Гугуцэмен теңесу қайда! Михай ағай меймандарға көз жүгіртіп еді, олар аулаға сыймаған соң, тура көшеде билеп жүр екен. Осы кезде оған күйеу жігіттердің үшеуі бірдей жүгіріп жетті.
— Біздің үйлену тойымызға да меймандарыңнан берсеңші, — деп өтінді олар.
Даңғыр-дұңғыр!:. Күйеу жігіттер де шыдап тұра алмады, билеп ала жөнелді.
Міне, қалыңдықтар да жүгіріп жетті.
— Меймандарың бар болсын, ең болмаса күйеу жігіттерді тойға қайтарыңдар!
Даңғыр-дұңғыр!.. Сонымен қалыңдықтар да қол ұстасып, билеушілердің шеңберінде үйіріле жөнелді.
Күйеу жігітсіз, қалыңдықсыз той болушы ма еді? Ақыры, үш үйдегі үйлену тойыңдағы музыканттар да Лилидің үйіне қарай ағылды. Аспаптарын даңғыр-дұңғыр еткізіп, ең алда үш қарт барабаншы келе жатты.
Гугуцэ кішкене ғана Лилидің құрметіне қанша халықтың ойын-сауық құрып, би билеп жүргенін, қанша жұлдыздардың аспанда жамырап тұрғанын көріп, таяқшаларды аккордеоншыға берді де, үйіне ұйқтауға кетті. Қоштасарда жұрт оның бөркіне кәмпитті лық толтырды, ал Теадор Крецуляктың жесірі барабанды Гугуцэге басы бүтін бермекші болды.
ГУГУЦЭНІҢ ПАРТАСЫ
Көптен бері Гугуцэ ауладан көрінбеді. Оның ересек балаларға ісі түсіп жүр. Мектепте оқуға қажетті кітаптарды бүкіл селодан қарастырды. Ол төрт әліппе іздеп тапты, немере ағасының аспа сөмкесін сұрап алды.
Гугуцэ бірінші сентябрьге қараған кеште ауладағы балақайларға басқа дос тауып алуды тапсырып, өз ойыншықтарын қарындасына сыйлады. Тіпті, рульде жүргізушісі бар машинаны да соған берді.
Ол ерте жатқанмен, көпке дейін ұйықтай алмады, Байқаусызда балаларды аймалап ұйықтататын Ене қарт келіп, аспа сөмкесін алып кетсе қайтпекші? Аулаға жүгіріп шығып, Тарзанды байлаудан босатуға тура келеді.
Түні бойы Ене қартпен арпалысып шаршағандай-ақ, төбет үй іргесінде қыбыр етпей ұйқтап жатыр екен. Аспа сөмке де орнында тұр.
Гугуцэ екі құлағын бірдей жуып, жаңа костюмін киді, аспа сөмкесін иығына арта салып, бақтан гүл үзіп алды да, мектепке тартты.
«Бір кітаппен — біріншіге, екі кітаппен — екіншіге барады. Ал төрт кітаппен қай класқа баруға болар екен?» — деп жолшыбай Гугуцэ ойға қалды.
Мектеп табалдырығында директор тұр екен.
— Гугуцэмісің? — деп таңданды ол. — Бойың аспа сөмкеңдей-ақ екен! Бірінші класта оқу үшін әлі де бөрік бойы өсуің керек... Жарайды, — деді директор күліп, — келіп қалған екенсің, мектеп учаскесінен қарбыз алып жей ғой.
Гугуцэ ұялғанынан жерге еніп кете жаздады. Аспа сөмкесі кітапқа толы адамды бүкіл балалардың көзінше қарбыз жеуге жібереді деп кім ойлаған!
Гугуцэ өкпелеп, үйіне тартып отырды.
Директор Гугуцэнің ренжіп кеткенін түсініп, кешқұрым татуласпақшы болып келді. Балаға олай да, былай да айтып көрді, бірақ бабын таба алмай қойды.
— Гугуцэ, сен мектепте үзіліс кезінде қоңырау сылдырлатып тұрсаң қайтеді? Бұған қалай қарайсың?
— Жоқ, ол болмайды.
— Мереке кезінде мектеп сахнасынан тақпақ оқып беруіңе мен қарсы болмас едім. Сен бұған не дейсің?
— Ештеңе де айтпаймын.
Директор түк те өндіре алмай қайтты.
Ал Гугуцэ әкесіне былай деді:
— Әке, маған ауладан мектеп салып берші.
Әкесі желкесін қасып:
— Әйтеуір, салған соң, мектепті кәдімгідей етіп салу керек. Ал менде оны салатын көтергіш кран да, самосвал да жоқ, — деді.
— Онда парта жасап бер, — деп тақымдай түсті Гугуцэ.
— Несі бар, парта жасауға болады.
Гугуцэнің алдында бірнеше күннен соң кәдімгі парта тұрды.
Гугуцэ мектепте қоңыраудың соғылғанын тыңдап алады да, партаға отырып, сабақ оқуға кіріседі. Бұл кезде бүкіл селодағы балақайлар дуалдың саңылауынан сығалаумен әуреленеді. Егер мынадай партаға отырғызатын болса, олар не сұраса, соны беруге әзір. Гугуцэ оларды аяп кетті: несі бар, кітап тауып алып, құлақтарын жусын да, бір-бірден келе берсін.
Парта жайындағы сыбыс бүкіл селоға тарады. Бақтың маңынан өткен сайын ересек адамдар дуалдан қарап: «Үш Лақ» селосынан тағы бір ғалым адам шығатын болды», — десіп шаттанды. Ал кейбіреулері тіпті баққа кірді.
Күндерде бір күн Гугуцэ үзілісте отырғанда қақпа есігін ашып, мектеп директорының өзі келді.
— Гугуцэ, партаңа мені де отырғызшы.
— Жарайды, — деді Гугуцэ. — Тек ол үшін біздің бақтан алма жеуіңіз керек.
ТАРАЗЫ
Бірде Гугуцэ қалаға барғанда, үлкен таразыны көрді. Таразының жанында ақ халат киген ақсақал өткен-кеткендерді өлшеп тұр екен.
Үйге қайтып бара жатқанда, Гугуцэ қорада өз таразысының тұрғанын есіне түсірді. Әке-шешесі таңертең ерте егістікке кеткен кезде Гугуцэ қарындасы екеуі таразыны шығарып, дарбаза алдына орнатты. Гугуцэ жейдесінің етегін шалбарына салмай бос жіберді (қаладағылардың көпшілігі осылай жүреді екен). Жейдесі аппақ және ұзын болатын. Халат десе де болмай ма? Қарындасы күрекпен бір түп картоп қазып алды. Онда ірі де, ұсақ та картоптар бар екен. Бұлардың — таразы тасынан қандай айырмашылығы бар?
Гугуцэ қағазға «4» деген цифрды жазып, бір тиындықтың суретін салды да, қағазды таразыға жапсырып, өзі қатарына тұрды. Барлығы да қаладағыдай болды, бірақ өткен-кеткендер қаладағыдай емес, көңіл аудармай, таразының қасынан өте берді. Жарайды, онда «4» дегенді өшіріп, «3» деп жазайық. Тағы да ешкім жолаған жоқ.
«Жақсы, олай болса, бағасын бір тиынға дейін кемітейік. Aha, мына бір ағай тоқтады, таразыға көз салды, бірдеңе айтқысы келді-ау деймін. Жоқ, бастапқы ойынан қайтты да, өз жайына кете барды».
Гугуцэ таразыдағы қағазды алып тастады. Тегін өлшеуге тура келді. Оған да ешкім келмей қойды. Сол кезде қарындасы бір етек алма, бір етек алмұрт алып келді. Таразыға өлшенген ер адамдарға — алма, әйелдерге — алмұрт бермекші болды. Бірақ әрлі-берлі жүргендердің бірде-біреуі келісіп алғандай, таразыға жоламай қойды. Оның есесіне — көрші-қолаңның ұсақ балалары жүгірісіп келіп, бас киімдерін өлшеді де, алма мен алмұртты түк қалдырмай жеп кетті.
Түскі тамақ мезгілі таяп қалғанда, дарбазаның жанынан Гугуцэге таныс арбакеш өтіп бара жатты. Ол аттарын тоқтатып, мән-жайды сұрап білді.
— Уайымдамай-ақ қой, — деді. — Саған не істеу керектігін үйретемін. Кәне, таразыңды арбаға әкеп сал. Қырманға барайық. Ондағы жиналған халықты көрсең!
Олар қырманға келді, таразыны жерге түсіріп, жан-жаққа қарап еді — халық дегеніңіз қаптап жүр екен.
— Е, халайық! — деп саңқ ете түсті арбакеш. — Салмақтарыңның неше пұт екенін білгілерің келсе, мына жас жігітке келіңдер.
Бірақ жұмыс істеп жүрген жұрттың бірде-бірі мойын бұрған жоқ. Гугуцэ таразының қасында жападан-жалғыз қалды. Ол жейдесін шалбарланып, таразыны қырманға қалдырмақшы болған кезде, күн ұясына еніп кеткен еді. Өлшенетін адам болмаған соң, таразының қажеті қанша?
Тосыннан көптің ортасынан Ион ағай шыға келіп, маңдайындағы тер тамшыларын сыпырып тастады.
— Кәне, жігітім, мені өлшеп жіберші! — деді.
Ол Гугуцэге кәдімгі гір тастарын тауып беріп, таразыға тұра қалды, сол кезде Гугуцэнің көздері қуанғанынан шоқтай жанды.
Гугуцэ гip тастарын салып, құлағының үстінде қыстырылған қарындашты жұлып алды да, санай бастады:
— Ион ағай, бес пұт болды.
— Бар болғаны сол-ақ па? — деп Ион ағай мұртынан жымың ете түсті.
Гугуцэ енді сия қарындашты алып, ағасының салмағын килограммға шағып, қайта есептеп шықты. Тұп-тура жаңағы есептегеніндей.
— Қәне, мынаны өлшеп жібер, — деп Ион ағай жымиып, астық салынған бір қапты таразыға лақтырып тастады.
Гугуцэ қаптағы астықты өлшеп, оны Ион ағайдың салмағына қосты.
— Әлі де келіңкіремей тұр, — деп Ион ағай басын шайқады. — Қәне, әне бір астық үйіндісін қосып жіберші.
Қараңғы түскенге дейін Гугуцэнің таразысында тыным болған жоқ. Әне, шамдар да жанды, жай және сия қарындаштар да мұқалып бітіпті.
— Жігіт екенсің! — деді Ион ағай жымиып. — Ал, кәне, мына бір үйіндіні де өлшеп жібер, — деп бұрынғыдан жеті есе үлкен астық үйіндісін көрсетті.
Гугуцэ — жұмыс десе, жан-тәнімен кіріседі. Ион ағай оған үлкен таразы және екі көмекші берді. Гугуцэ егістікте апта бойы болды, қарындасы оған қарындаш, тор көз дәптерлер және тамақ әкеліп жүрді. Күніне бір жаңа дәптер бастайды. Қарындашта есеп жоқ: Гугуцэнің бір көмекшісі тек қарындаш ұштаумен ғана болды.
Сегізінші күні Гугуцэ астық өлшеуді аяқтап, шыққан цифрларды Ион ағайға көрсетті. Ион ағай маңдайын тыржитып:
— Тағы да ойымнан шыға алмадың, ұлым. Біраз үстеп қосу керек тәрізді, — дейді.
Сөйтті де, тау болып үйіліп жатқан жүгері собығын, күнбағыстан үйілген төбені, жүзім шоқтары тиелген арбаларды нұсқады. Ион ағай Гугуцэге үшінші көмекші және ең үлкен таразы берді.
Күз мезгілі болатын. Мектепте сабақ басталғалы қашан. Гугуцэ дәптерлерін чемоданға салып алып, қарт мұғалімнен жәрдем сұрауға кетті. Мұғалім үшінші кластағыларды түгелдей жауып жіберді. Ұлдар мен қыздар сандардың бәрін алып болғанша күндер жылжып өте берді, сия сауыттағы сия да таусылды, Сөйтіп, шыққан цифрлар ұп-ұзын болып поезша созылып жатты.
Гугуцэнің балаларға тағы есеп бергісі келді, бірақ егілген астықты, балалар жеп қойған жүзімді, құстар шоқып жем еткен дәндерді қалай өлшейтінін біле алмады. Ол Ион ағайды тауып алып, поезд тәрізді шұбатылған цифрды көрсетті:
— Ион ағай, сенің салмағың жүз мың пұт екен. Miнe, қанша екенін көрдің бе!
— Жарайды, солай-ақ болсын. Енді бәрі де дұрыс болған тәрізді.
Ион ағай мұртын сылап, тағы да былай деді:
— Ал, Гугуцэ, сенің денің cay болып, өсіп жетіліп, бойыңа күш-қуат берсін. Сенен жақсы оқушы шығары сөзсіз.
АЯЗ АТАЛАР ТУРАЛЫ ГУГУЦЭ АЙТҚАН ЕРТЕГІЛЕР
Гугуцэ Аяз аталардың қайдан пайда болатынын біледі.
Олардың өз елі бар екен. Ондағы бұлттар суықтан қалш-қалш етіп, күн бізде болғандықтан, оған күннің жарығы түспейтін көрінеді. Онда тек айдың сынығы мен бірнеше жұлдыздар ғана бар екен.
Әлгі елде Аяз аталардың алуан түрлері — қарттары, кішкенелері, тіпті титтейлері де өмір сүреді.
Қыс Әже оларды былай өрбітетін көрінеді: титімдей Аяз аталарды қарға сеуіп, әрқайсысын бөрікпен бастырып қояды. Титімдей Аяз аталардан ертеңінде бөрік киген Аяз аталар өсіп шығады екен.
Қыс Әже оларды үш күн үйде сақтап, тек қар қиыршықтарымен қоректендіреді де, ернінің үстіңгі жағына мұрт, иегіне ақ сақал шыққанша күтеді. Сонан соң: «Өздерің жетіліңдер», — деп оларды аулаға шығарып, жаңадан кішкене Аяз ата жасауға кіріседі.
Кішкене Аяз аталар қар үстінде бірін-бірі қуалап, таудан шанамен сырғанайды, бөріктерін ақ аюларға лақтырады. Ал үйде қалғандары қардан қуыршақ соғады. Аяз аталар мектепке бұғы мініп барады. Аяз аталарға бүкіл ғаламдағы барлық тілдер мен дүние жүзіндегі барлық жолдарды біліп алу үшін мектепте