Әдебиет
Балалық шаққа саяхат
ҮЗІК-ҮЗІК СУРЕТТЕР
Жаз. Жайлау. Шұбала қонған киіз үйлер. Қанаттас бір ауылға апам мені жетелеп, қыдырыстап келген. Үш-төрт әйел үйде шай ішіп әңгімелесіп отыр да, мен сыртта асық ойнаған балалардың қасында қызықтап қарап тұрмын.
Ересектеу баланың бірі кенет иығымнан жұлқып қалды:
— Әне, сені тастап, шешең кетіп бара жатыр!
Ауылдың ортасын қақ жарып, тарам-тарам соқпақ жол өтеді. Сол жолмен түйеге мінгескен екі әйел соқтырып кетіп барады. Екеуі де кимешек киген. Артындағысы аумаған менің шешем. Мені бөтен ауылда қалдырып, жөнеп барады.
Мен шешемнен өлмей қалармын.
— Ала! Ала! — деп артынан қуып бердім. Құлындағы дауысым Құдайға жетіп, бақырып жүгіріп келем. Аяулы шешемнің маған бұрылып қарағысы да келмейді.
— Aпa! Апа!
Бақырудан өңешім жыртыла жаздайды. Жол шетіндегі үйлердің адамдары бәрі маған қарап қалған. Тек шешем ғана қарамайды. Ұзын аяқтарымен тайраңдай желген жүрдек түйе оңайлықпен жеткізбейді.
Бір әйел көлденеңнен дауыстап:
— Әй, қатын, балаң жылап келеді! — деді.
Шешем енді ғана маған жалт бұрылып қарады.
Сөйтсем, шешем деп жылап келе жатқан адамым мүлдем бөтен... Алдындағысы да мен танымайтын басқа әйел.
Өз шешем сол әлгі шай ішкен үйде отыр.
Уақыттың көбін су бойында өткіземіз. Су бойында ойнаймыз. Міне, енді қалжырап үйге қайтып келем, қарнымда түк қалмаған, ашпын.
Шешем құр талқан берді. Дәмсіз қара талқан. Жейін десем, тамағымнан жүрмейді...
Біздің ауылдан жоғары бір шақырымдай жерде Киікбай ауылы. Сонда күйеуге тиген немере әпкем тұрады. Қалай келгенімді білмеймін, сол үйде қазанға қарып жапқан күйелештеу нан жеп отырмын.
Бір кезде есіктен шешем кіріп келді. Мені көріп, жылап бас салды. Неге жылайтынына түсінбеймін.
Сөйтсем, шешем мені аяқ астынан жоғалтып алған. Бүкіл ауылдан іздеп таппаған. Суға ағып кеткен деп ойлап, есі қалмаған.
Бұдан аз бұрын шешем мені осында ертіп келіп, нан жегізген екен.
Тағы да киіз үй тіккен көшпелі ауыл. Күз кезі болар, жердің оты қашқан. Ауылға төрт-төрттен сап түзеген салт атты көп әскер кіріп келеді. Бастарында шошақ төбелі шлем-буденовка. Мойындарында найзалы мылтық. Алдыңғы біреу желбіретіп қызыл ту ұстаған. Кілең шолақ құйрық аттар.
Жұрт үйді-үйлерінің есіктерінен бастарын шығарып қарап қалған.
Әскер ауылдан елеңдетіп шығып кетіп барады. Дауыстарынан жер солқылдайды.
Ауылдың қасындағы қара жолдың шаңын аспанға көтеріп, қора-қора мал айдап өтеді. Атты-жаяу адамдар малмен бірге кетіп бара жатады. Кейі мойындарынан айқастырып тапанша, сумка салған. Айқай, шу, жылаған әйел-қыздар.
Бұл «кәмпеске».
Кешқұрым отбасын айнала отырып алып, үлкендер әңгіме шертеді. Іштерінде менің әкем, ағаларым. «Жұрт колхоз болады. Бір қазаннан ас ішіп, бір көрпенің астында ұйықтайды»... деген тәрізді үрейлі әңгіме айтылады.
Бай, құлақты жояды екен дейді.
Байы бай, түсінікті. Жоя берсін. Ал құлақты неге жояды? Кесе ме сонда? Түсінбеймін.
«Бәлшейбек», «социализм», «комсомол» деген тәрізді оғаштау жаңа сөздер жиі айтылады. Пәленше комсомолға жазылыпты десе, тыңдап отырғандар үдірейісіп қалады.
Біздің үйдегі бірден-бір хат танитын «оқымысты» Сатылған ағайым. Ол үлкендігі тоқымдай-тоқымдай қарала қағаздар ұстап келеді.
— Аға, бұ не?
— Кәзит.
«Кәзит» те бұл ел үшін соңғы зат.
Сатылған оқиды. Басқалар жапырлап құлақ түріп тыңдайды. Содан соң «кәзит олай депті», «кәзит былай депті» деп, таратып әкетеді.
Оқылған газет жыртылмайды. Үйге көрік беретін кілем орнына қабырғаға жағалата ілініп қойылады. Әр-әр жерінде адамның және бірдеңелердің суреттері. Мен суреттерге тамашалап қараумен болам. Мұншама ұқсас салынғанына таңырқаймын.
— Аға, кәзит қайдан келеді? — деп сұраймын.
— Алматыдан келеді, өкімет шығарады.
— Алматы жер түбі, үлкен қала екенін білем. Ал өкімет не?
— Өкімет — ол осы жұрттың бәрін билейді. Байларды кәмпеске жасайды. Түсіндің бе?
Мен басымды изеймін, еміс-еміс бірдеңелерді түсінетін тәріздімін.
Жігіт болып қалған Сатылған ағайым кішкентай ойық терезенің алдында тікесінен тік тұрып, кітап па, газет пе, бірдеңе оқып тұр. Қарағым, көргім келеді. Бірақ қазекең көңілі түскен жерден оя салған терезе тым биік, бойым жетпейді. Сатылғанның о жақ, бұ жағына шығамын, көре алмаймын.
Ал бірақ көруім керек.
Сатылғанның сол жақ қасында қабырғаға сүйелген келсап тұр. Келсаптың қасында сүйеулі шалғы тұр. Әлгінде шешем келсапты төсеніш етіп, сапсыз шалғымен тері сүргілеген. Содан соң екеуін қатар сүйеп қоя салған.
Келсаптың қол ұстайтын жері ойық. Соған аяғымның ұшын тіредім де, сатыға өрмелеген адамша созылып, көтеріле бердім. Жалаң аяқпын. Көтеріліп үлгермедім. Аяғым тайып кетті де, құлап түстім. Бір аяғымды құшақтап, зарладым да қалдым. Асыл шалғының ащы жүзі май табанымды ырситып сойып түскен.
Бұрқ ете қалған қара қан жаралы аяғымды шеңгелдеп ұстап алған қолымның сыртына көл-көсір жайылып барады.
Ac үйден шешем жетіп келді. Жараға киіз күйдіріп басып жатыр. Ыстық киіз қарып өлтіріп барады.
— Шыда! Шыда! Қаны тоқтайды.
Сүмбеден әжем Бөпке келген. «Әже, маған не әкелдің», — деп, қалта-қалтасын ақтарып жатырмын. Әжемнің қалталарында түп болмайды. Түп болатын шығар-ау, бірақ оған менің қолым оңайлықпен жетпейді. Қолтығыма дейін сұғып жіберіп іздегенде, қалта түбінен қолыма ілінбейтін нәрсе жоқ: жіп-шу, қол орамал, оймақ, құрт, кәмпит — бәрі аралас.
Кешкі уақыт. Бәріміз үйде отырмыз. Мен әжемнің мойнына асылып, мазалап ойнай бердім. Әжем көнбіс әрі иі жұмсақ. Мазаладың деп ренжімейді. Зекіріп, дауыс көтергенді білмейді. Қазандықтың алдында жайнап жатқан отты көрсетіп:
— Ана отқа түсесің, қой, — дейді.
Мен қоймаймын. Қой деген сайын ерегесіп кетем. Арт жақтан тағы да жүгіріп келіп, мойнына асыла кетем легенде, Бөпке әжем еңкейіп қалсын. Мен екпініммен ары асып, домалап түсейін. Жайнап жатқан қызыл шоқтың тура үстіне құладым. Отырғандар шу ете қалды. Әсіресе шешемнің дауысы ащы шығып кетті. Мен және бір домалап, шоқтың үстінен ары асып кеттім. Қазақшылап айтқанда, Құдай қаққан, еш жерім күймеген.
Шілденің ыстық күні. Әжем екеуіміз Сүмбеге, нағашым үйіне жаяу келе жатырмыз. Даланың шаңдауыт қара жолы. Жүргінші аз. Бойы шағын әжем аяғын тыпың-тыпың тез басады. Мен енесіне ілескен құлын тәріздімін, біресе о жағына, біресе бұ жағына шығамын. Зорға ілесіп келем.
Судың арғы өңірі ойпат, тоғайлы алқап. Одан әрі тау. Таудың аппақ басы күн нұрымен шағылып, көзді ұялтады. Әжемнен ол аппақ не екенін сұраймын. Қар дейді. Жаздыгүні де қар бола ма? Болады дейді әжем. Қызық. Қалайша еріп кетпейді?
Таудан бері жазық сардала. Дала төсінде жарқырап аққан өзен. Тау өзені. Одан да әрі саржазықтың бетінде темір пештің қызуына ұқсаған жалындаған ғажайып бір толқын байқалады. Жерден будақ-будақ шығып жатқандай болады. Мен қызықтап қарап, көз алмаймын.
— Әже, анау алыстағы будақ-будақ толқын немене?
Әжем оның сағым екенін айтады.
— Сағым деген немене? Түтін бе?
Әжем күледі. Сағымның түтін емес екенін түсіндірген болады.
— Қасына барып, қолмен ұстауға бола ма?
— Ақымақ неме, сағым — ол жел секілді. Желді қолмен қалай ұстамақсың?
Жауыннан соң кемпірқосақ пайда болады. Дөңнің ар жағында жап-жақын жерде тұрады. Мен қанша рет оның қасына жақын бармақ болып жүгірдім. Бірақ жете алған емеспін. Бір дөңнен ассам, және бір дөңнің ар жағына секіріп шығып, алыстай беретін тәрізді. Сағым да соған ұқсас болғаны ғой. Көруін ап-айқын көресің. Ал бірақ жақындап, қолмен ұстай алмайсың. Қызық. Бұған да менің ақылым жетпейді.
Мен шаршай бастадым.
— Апа, Сүмбе әлі алыс па?
— Бүгін Ұшқа жетіп қонамыз. Сүмбеге ертең барамыз.
— Үш алыс па?
— Жоқ, онша алыс емес.
Мен әжемнің. арқасында келе жатырмын. Аяқтарым тынығып, жетісіп қалдым.
Жолдың екі жақ жағасы биік шилер. Қияқтары желкілдеп, қау болып көрінеді. Шидің арасы толы шырылдауық шегіртке. Төңіректі мың құбылтып, әнге толтырады. Екі көзі маржанға ұқсаған, шекесінде екі тал қыл мүйізі бар, ұзын сирақ, қанатты көк шегірткені көк шөптен айыру қиын. Адам жақындаған кезде әндетуін қоя қояды. Әбден үстінен басар болғанда, тыз етіп бір-ақ ұшады. Анадай барып, лақтырған тасқа ұқсап торс етіп, салмақпен қонады. Сосын, сен ұзай бастағанда, тағы да сайрап жөнеледі.
Ұшта әлдекімнің жер үйінде отырмыз.
Төте оқу дейтін сөз шыққан. Ауылдың бар адамын оқуға, хат тануға шақырады. Шалдарға дейін қойындарына қағаз, қарындаш салып жүреді. Жұрт бір үйге жиналып, сабақ оқиды. Оқытушы Сатылған.
Мен есікті ақырын ашып, сығалап қараймын. Тақтаға жазылған әріптің біреуін Сатылған өзінің зіңгіттей оқушыларының бірінен: «Мынау қай әріп?» — деп, таяқшамен көрсетіп, сұрап тұр. Анау жауап бере алмайды, шатып-бұтады.
Ол қай әріп екенін мен білемін. Есікті кеңірек ашып, айқайлап айтып жіберем де, тұра кеп қашам.
Кейде Сатылған оқушыларына дәптер, қарындаш үлестіреді. Бір дәптер, жарым қарындаш маған да тиіп қалады. (Қарындаштың аздығынан екі адамға біреуін бөліп беретін). Қуанышым қойныма сыймай, үйреніп алған әріптерді шимайлап жазумен болам.
Балалық шақтың ең арғы түкпірінен есімде қалған суреттер, міне, осы тәрізді: біреуіне біреуі жалғаспайды, үзік-үзік. Мас болып немесе ұйықтап отырып көрген кино тәрізді. Басы болса, аяғы жоқ. Аяғы болса, басы жоқ. Көгендеген қозыдай уақыттың желісіне тізіп тастап, рет-ретімен баяндауға келмейді.
ҚОСТӨБЕ, «ЗАСТАП», ШЕКАРА
Қазақстан картасынан Алматыны көзіңізді жұмып тұрып тауып алатыныңызға мен дауласпаймын. Астанаға дәл барып тірелген саусағыңызды енді тау сілемімен шығысқа қарай сырғытыңыз. Тоқтаңыз! Мен әңгіме етіп отырған үркердей шағын ауыл Қостөбе, міне, осы арада, шекараның дәл түбінде.
Менің Қостөбем.
Менің Текесім.
Әне бір көкшіл жіптей тартылған жіңішке өзенді көрдіңіз бе? Текес сол. Белгілі Іле өзенінің басы.
Қостөбеде, негізінен, Құрмандар тұрады. Құрманның Киікбай, Найза деп аталатын екі руы. Біз Найзамыз, дұрысы Беснайза.
Беснайза екіге бөлінеді: Бейназақ, Жолыш. Біз Жолышпыз.
Беснайзалар ежелден жауынгер, ұры ел болған. Рудың Беснайза атануы да тегін емес. Бір үйдің шаңырағынан сорайған бес найзаның ұшы шығып тұрыпты, содан Беснайза атаныпты деген сөз бар.
Текестің күнгей-шығыс бетінде біреуіне біреуі жалғаса біткен екі қырат-төбе тұр. «Қостөбе» деген сөз содан шыққан.
Қостөбенің тап іргесінен шекара күзететін қалашық (застава) орнады. Қазақтар «застап» дейді. Конфискациялау кезінде шекарадан ауа қашқан байлардың қора-жайлары иесіз қалған. Соларды жамап-жасқап жөндеді де, солдаттарға мекен-жай етті.
Шекарашылардың көбі орыстар. Қазақша білмейді. Бірлі-жарым қазақ солдаттар бар, аудармашылық жасайды. Украин, белорус дейтін де ұлттар барын қараңғы халық біле қоймайды. Түсі сарының бәрін орыс деп қарайды.
Ту сонау Украинадан, ішкі Россиядан әкелінген, басқа орта, басқа жағдайда өскен өрімдей жас солдаттар мұндағы тіршілікке бір дегеннен бейімделе кетпейді. Елге де, жерге де жұғымдары аз. Таулы аймақта жөн тауып жүріп-тұрудың өзі олар үшін әуелгі кезде оңайға түспейді. Сондықтан солдаттар шекараға нарядқа барып қайтқанда адаспас үшін, олар жүретін соқпақ жолдардың бойына сырғауыл ағаштар қадап, ол бастарына сыпырғы тәріздендіріп қойған.
МАЛ — АДАМНЫҢ БАУЫР ЕТІ
Ауылда күнде жиналыс. Елді коллективке тарту.
Салақтатып сумка салған өкілдер келеді. Өкіл келсе, жиналыс шақырылады. Қараңғы халық аңқау бала тәрізді: кім не айтса, ауыздарын ашып тыңдайды. Өкіл боп келген адамды құдай көреді.
Колхоз жөнінде, болашақ өмір жөнінде неше алуан гу-гу әңгімелер. Колхоз болмаймын деп қашып жатқандар бар.
Қазақтың бар өмірі малмен байланысты. Мал — тамақ, мал — киім, мал — көлік, мал — отын (отқа мал тезегі жағылмай ма?), мал — баспана (киіз үйдің бар жамылғысы малдың жүнінен жасалмай ма?). - Жер-суға сыймай жататын малдан бұл кезде тамтық қалмаған...
Қазекең мал бағудың ғасырлар бойғы азабынан «құтылған».
Мал жоқ болған соң, енді әлгі аталғанның бәрі жоқ.
Жеуге тамақ болмағаннан өткен аянышты не хал бар екен?
Жоқшылық тек біздің өлкеде болмаса керек. Ішкергі Алматы, Шелек төңірегінен жан бағыс іздеп, жек жат-жұрағаттарын сағалап шұбырып келіп жатқан жұрт. Түр-түстерінен кісі қорыққандай.
Көктем. Күн қызу. Ауылдың қасындағы төбесіз ескі тамның біреуісін бір жас жігіт мекендейді. Аяқ-қолдары шелектей боп көгеріп ісіп кеткен. Көздері қап-қара, әдемі. Оқта-текте ел қыдырып, қайыр тілейді. Өзінде жоқ ел оған не беруі мүмкін?
Жәркенттен біздің үйді мият тұтып Мұқамеди, Жүніс дейтіндер келген. Жүніс шал, Мұқамеди оның баласы. Жігіт. Әйелдерінің аттары есімде қалмаған.
Мұқамедидің мен құралпы бір ер баласы бар, аты Садық. Екеуіміз бірге ойнаймыз.
Садықтың сары резинкадан істелген мүйізатары бар (рогатка). Біз, Қостөбенің балалары, бұрын мұндайды көрмегенбіз. Біздің қару-жарақ қорымызда мұндай аспап бұрын-соңды болмаған. Біздің қаруларымыз: садақ, сақпан.
— Бұнымен атса, адам да өледі, — дейді Садық.
Біз сенеміз. Керемет қаруына бола басқа балалар Садықтан именеді.
Адал еттіден Жүніс, Мұқамедилерде бір кәрілеу торы ат бар. Бізде түк жоқ. Екі үйдің аяқ лау етері сол ғана. Отқа жағатын көк тал тоғайдан сонымен әкелінеді.
Ауылдың дәл қасындағы түбекшеге тұсап қойған тор ат бір күні тұсауымен Текеске түсіп, өліп қалыпты. Ішіне су толған қарнын қампитып, бірнеше адам жағаға сүйреп шығарды. Мал иелерінің сондағы боздап жылағанын керсеңіз. Шал да, Мұқамеди де, әйелдері де, тіпті кішкентай Садық та мал емес, ең бір аяулы жақын адамдары өлгендей көздерінің жасы көл болып, еңіреп жүр. Қазаққа малдың қаншалық жақын екенін мен сонда білдім. Бір үйдің бүкіл үміт-тіршілігі, күн көрісі торы атпен қоса өлгендей еді.
ОҚИМЫН!
Жаз кезінде өзіміз үйде барда күндізі біздің үйдің есіктері еш жабылмайды. Даладан жарық пен таза ауа кіргізіп, есік жабық болса, мұрынды дереу бітеп қалатын көп иістен жанымызды сақтап тұрады. Егер бар болып, қарынға тамақ салып алса, жан сақтаудың бұл та таптырмайтын тәсілі. Ал жоқ болса, уақасы жоқ. Адам тамақ ішпей де өмір сүре алатынын біз тәжірибеде көріп жүрген жандармыз.
Есік жабық кезде үй ішіндегі адамдар біреуін біреуі әзер көреді. Дастарқандағы тамақты әзер таниды. Әйнектерін кір басқан бір ғана ойық терезе үйге түсер жарықтың қас жауы.
Әлгіндей терезеде желдеткіш бола ма?
Есік жабық болса, еңсең басылып, үйде емес, үңгірде отырғандай боласың.
Таңертеңгі уақыт. Екі есіктің екеуі де ашық. Tөp үйде сыз еденге төселген құрым киіздің үстінде төрт көзіміз түгел азанғы шайымызды ішіп отырмыз. Шай емес-ау, ақ су.
«Төрт көзге» кіретіндер: әкем Ыдырыс, шешем Әсбет, тәтем (әкемнің інісі) Смағұл, ағайым Сатылған және мен.
Бір үйде бес жанбыз. Ауылдағы үлкен де емес, кішкі де емес, орташа семья.
Арық тізесі ағаштай сорайып, иегін тіреген аурушаң шешем жез шәугімнен ақ су құйып отыр. Еденге жая салған жамаулы шыт дастарқан. Дастарқанның дәл орта тұсына құрсаулы қоңыр жағал ағаш тостағанмен қара талқан қойылған. Тостағанда бір ғана ағаш қасық.
Жұмыскер қасықта дамыл жоқ. Тостағанды шыр айналып, әркімнің алдына бір барады. Әр ауызға талқанды бір жеткізіп қайтады.
Әкем Ыдырыс кең өңеш, қомағай адам. Қасық оның қолына тиген кезде тостағандағы талқанның бір жамбасы үңірейіп қалады.
Науқасшаң шешем қасыққа сирек қол созады. Жұтсаң, кебек жұтқандай өңешті тұтқырлап ұстап қалатын дәмсіз қара талқанды ол дені сау біздерге ұқсап қарпып жей алмайды. Мүмкін болса, бір уыс, жарым уыс ақ талқанды өзіне бөлек жасап жейді. Бір түйір, жарты түйір тәтті табылса, аузының дәмін алып, ақ суды сонымен ішеді.
Мен ішерімді бағана ішіп болғам. Сонда да дастарқан басынан тұрып кете алмай, жіпсіз байланып отырмын...
Оның сойылдай мықты себебі бар...
Кенет, ауыл қазағының дағдысымен есік қақпастан екі адам салаң етіп кіріп келді.
— Ассалаумағалейком!
— Әлекисалам. Терлетіңіздер.
Ұзынды-қысқалы екі еркек аласа есікті денелерімен бітеп, қалбиып тұр. Оның бірі — тәпелтек бойлы жалпақ жігіт Ұзақбай — осындағы ауыл совет хатшысы. Екіншісі — дембелше толық денелі ақсары жігіт — бейтаныс.
Ұзақбайдың қолында папкасы бар. (Мен оның папка ұстамай жүргенін көрген емеспін). Бейтаныс жігіттің де қолында кітап, қағаздары бар.
— Шайға келіңіздер, — деп, әкем мен ағаларым былай-былай сырғып, тосыннан салаң ете қалған қонақтарға төрден орын босатысып жатыр.
Папка, қағаздарын төрдегі жүктің үстіне қойды да, қонақтар отырысты. Бейтаныс жігіттің кигені қайырма жағалы сырт жейде, галифе шалбар, етік. Беліне жалпақ қайыс белбеу буынған. Кепкасын шешіп, оны да жүк үстіне қойып жатыр. Басы қасқа бас екен. Жалтыр кең маңдайы алакеугім үйдің ішінде жарқ ете қалды.
Тосын кісілердің келуіне байланысты туған аз қарбалас маған жақсы болды. Дастарқанның шешем жақ бұрышында шоғыр болып, төрт-бес тал домалақ арзан кәмпиттер жатқан. Манадан сұғымды қадап, тұрып кете алмай отырғаным да сол еді ғой. Қолыма ілінген бір тал кәмпитті көз ілеспейтін жылдамдықпен қақшып алдым да, мен дағы қонақтарға орын босатқан болып, түрегеп кеттім. Ұры мысықша жымып, есікке қарай жөнеп барам.
Дәл осы кезде Ұзақбай:
— Әй, тоқта! — деп дауыстап қалсын.
Селк етіп, тоқтай қалдым. Қолға түсті деген осы!
Ұзақбай үлкен басын әкеме қарай бұрып:
— Ыдыке, мына балаңыздың жасы сегізге толды ма? Нешеде?
— Қайтеді?
— Биыл біздің ауылда мектеп ашылады, — деді Ұзақбай. — Мына кісі бала оқытуға келген мұғалім. Соған мектепке баратын балалардың тізімін алып жүр едік.
Мен уһ дедім. Қолға түспеген екем.
Мектеп ашылады деген хабарға құлағым елең ете қалды. Менің жасым түгіл, өз жасынан жылда шатасатын момын әкем менің қаншада екенімді дәлдеп айта алмады.
— Қайдам, Әсбет білмесе? — деп, өзінен гөрі зейінді шешеме қарады.
— Алдағы наурыз көжеде тоғызға толады. Рысжан күйеуге берілетін жылы туған, — деді шешем.
— Рысжан қайда, мұнда берілмеді ме?
— Мұнда емей-ақ, дәл сол жылы болатын. Кебеже жәкемдікі бәріміз ана ар жақта қара судың бойында отырғанда туған. Молдақожаны құтырған ит талайтын жыл.
— Иә, иә, шөп шабыс кезі болатын, — деп, әкем есіне енді түсіре бастады.
— Бұның туған жылы қай жыл екенін айтсаңыз, мен есептеп шығарайын, — деді ақсары мұғалім. Ол салмақпен баптап сөйлейтін адам екен.
Шешем менің тышқан жылы туылғанымды айтты. Қасқа бас мұғалім саусақтарын жұмып, есептей бастады:
— Тышқан жылы болса, тышқаннан кейін сиыр, — бір; сиырдан кейін барыс, — екі; барыстан кейін қоян, — үш; қояннан кейін ұлу, — төрт; ұлудан кейін жылан, — бес; жыланнан кейін жылқы, — алты; жылқыдан кейін қой, — жеті; қойдан кейін мешін, — сегіз... Биыл мешін. Дұрыс айтасыз, балаңыз сегіз жасқа толып, енді тоғызға қараған. Оқу жасына толыпты.
Қасқа бас мұғалім тізімге жазбас бұрын:
— Оқығың келе ме? — деп сұрады.
Мен құлшынып:
— Келеді! — дедім.
Өмірі тіл сындырып, оқу оқымақ түгіл, оқулық дейтін нәрсені қолға ұстап көрмеген дұм қараңғы әкем үшін оқу — ол менің қолымнан келе қоятын нәрсе емес.
— Бала неме, миы ашып кетіп жүрмесе? — деп, ол мұғалімнің бетіне шүбәлана қарады.
— Ашымайды, оқимын! — дедім мен.
Біздің үйдегі бірден-бір оқудың дәмін татып көрген адам Сатылған ағайым. Ол бұдан төрт-бес жыл бұрын осы ауданның Қолтық дейтін жерінен үш класс оқып келген. Сатылған мені қостады:
— Оқиды!
МЕКТЕП
— Қостөбеде мектеп ашылатын бопты! Бала оқытатын мұғалім кепті! — деген қуанышты хабар әр үйдің түндігін бір желпең еткізді. Бұған, әсіресе, балалар мәз.
Сіз тақыр шөлге су келгенін көргеніңіз бар ма? Бұл аспаннан нұр жауғанмен бірдей. Жұрттың бәрі қуана дабырласып, мәз-майрам болысады. Үйден үйге жүгіріп:
— Су келді!
— Су! — деседі.
Ғасырлар бойы қараңғылықтан соққы жеп келген халыққа жарқырап білім сәулесінің жетуі қуарған қу мекиен шөлге тіршілік нәрін алып, сыбдырап су жеткенмен бірдей еді.
Үркердей аз ауыл Қостөбеде бұған дейін жаңаша мектеп болмаған. Жұрт балаларын Нарынқол, Сүмбе, Жалаңаш тәрізді жырақтағы мектептерге апаратын. Оған өзі аш-арық, қолы қысқа халықтың бәрінің бірдей шамалары келмейді. Сондықтан да біздің ауылдың оқу жасындағы балаларының көпшілігі әлі күнге мектеп есігін ашып көрмеген. Оқу оларға созса қол жетпейтін алыс армандай көрінетін. Сол арман бір-ақ күнде топ етіп алақанға өзі келіп қонғалы отыр.
Қазақ айналайынды шілдей тоздырып, көгертпей келген бір көне дерт бар. Ол — аталастық, рушылдық алакөздігі. Киікбай мен Найза түбір бір атадан тараса да, екеуі ылғи екі жік. Бір артельге бас қосып отырса да, екеуі екі бригада. Іргелері тиіссе, өрт шығатындай екеуі бөлек қоныстанған. Найза ауылы, Киікбай ауылы деп, бөлек-бөлек аталады.
Мектептің ашылған жері — Киікбай ауылы.
Таңертеңгі шайымызды ішіп алып, Садық екеуіміз, күндегі дағды бойынша, жар жағалап, ойын қуып кетіп бара жатыр едік. Кенет қарсы алдымыздан салт атқа мініп одыраңдаған бригадир Нұрғазы шыға келді. Бізді мал қайырғандай қайырып:
— Әй, қайтыңдар! Мектепке барасыңдар! Бүгін оқу басталатын күн екенін білесіңдер ме?
— Қайдан білейік?
— Бүгін сентябрьдің бірі — оқу басталатын күн екен.
Бүкіл жан-тәнім ойынға бейімделіп келе жатқандықтан, мен әнеугүні оқимын деп, тізімге құлшынып жазылғаныма тап осы арада қатты өкіндім. Қазір маған оқудан ойын мың есе қымбат еді. Оқудың бүйтіп міндет болып келетінін мен қайдан білейін. Мойынға бұғалық болып түсерін қайдан білейін. Нұрғазы еркімізге қоймады, алдына салып айдап алды. Басымыз ауған жаққа қаңғып жөнелетін қайран еркіншілік өмір енді біткен екенсің деген қайғылы ойға келдім. Үйден жоспарлап шыққан неше алуан қызық ойындардың бәрі қалғалы отыр...
Ана үй, мына үйден жинастырған бала саны көбейе берді. Айдаушымыз Нұрғазы. Қойша топырлатып, қуалағаннан қуалап, екі шақырым жердегі Киікбай ауылына алып келді.
Мынау, міне, мектеп — ауылдан шеткерек шаңы аз көгал жерге тігілген кәдімгі киіз үй. Осы киіз үйде біздің тұңғыш сабағымыз басталды. Мұғалім әнеугүнгі қасқа бас жігіт. Ныспысы Сағатбай Хасенұлы.
Ол кезде жарымыншы класс дейтін болатын. Біз сол жарымыншы класқа жиналған, бұрын мектеп есігін көрмегендерміз. Жалпы санымыз отыз шақты. Жарым-жартымыз Киікбай, жарым-жартымыз Найза ауылының балаларымыз.
Парта жоқ. Бірімізге біріміз сығылысып, малдас құрып, жерде отырмыз. Киіміміз былғанады, астымыздан сыз өтеді деп қорқақтайтын біз емеспіз. Күл мен топыраққа еркін аунап өскендігімізді көрсетіп, мұғалім отырыңдар дегенде, шөге-шөге кеткенбіз.
Сауатымыз бірдей болғанмен, жастарымыз бірдей емес, ала-құламыз. Ең кіші дегендер мен шамалас. Ең үлкен дегендер он бес, он алтыға келіп қалғандар. Кәдімгідей мұрт шығып, жігіт бола бастаған балалар бар.
Бәріміз жарымыншы класс.
Кепекбайдың Жүнісбайы, Батырқанның Жанбосыны, Шықабайдың Тұрсынбайы баяғы заман болса, әйел алуға жарап қалған соқтауылдай жігіттер. Олар да жарымыншы класс.
Мұғалімнің алдында шағын тақтай стол. Жап-жаңа қызыл шүберек жабылған. Осы қызыл шүберек бүгін салтанаты күн екенін аздап та болса білдіріп тұрған секілді.
Қасқа бас мұғалім сүйкімді жұмсақ адам. Көз қарасынан жып-жылы нұр себелеп тұрғандай болады. Дауысы мәнерлі де, құлаққа жағымды.
Бірінші күнгі сабақты ол түгелдей әңгімемен өткізген еді. Өзім өзі боп, мен дәл осындай әңгімешіл адамды көрген емеспін. Дүниеде білмейтін нәрсесі жоқ: ғылым жайлы, қазақ халқының өткені мен болашағы жайлы, патшаның құлауы жайлы, Ленин жайлы... көп-көп әсерлі әңгімелер айтып берді. Біз аузымызды ашып, ұйып тыңдағанды ғана білдік.
Сағатбайдың әңгімелерінен мен дүниенің төрт бұрышына сапар жасап қайтқандай әсер алдым. Бір ғана күннің ішінде білмесімді біліп, ақыл-ойға кемелденіп, іштей түлеп шыға келгендей болдым.
Бағана, Нұрғазы оқуға барасың дегенде, ойынды қимай, көңілім күрт түсіп кеткенін есіме аламын. Оқуды мойныма бұғалық түскендей көріп едім. Оның бәрі бекершілік екен. Оқуға жазылғаным қандай жақсы болған.
Сағатбай әңгімесінен мен біз секілді кедей балаларының оқуға қолы жетуі тек совет өкіметінің арқасы екенін білдім. Лениннің арқасы. Бұрынғы заман болса, оқу қайда бізге. Байдың қой-қозысын бағамыз, малай боп өмір кешеміз.
Лениннің «Оқы, оқы және оқы» деген әйгілі сөзін сол күні Сағатбайдың аузынан естідім.
Сағатбай әңгімелері ғажайып қызық ертегі тәрізді. Қанша тыңдасам, тыңдай бергім келеді. Еш жалықтырмайды. Мен дүниедегі данышпанның данышпаны мұғалім екен деген ойға келдім. Өскенде Сағатбайға ұқсап мұғалім болуды армандадым. Балаларды аузыма қаратып, мен дағы неше алуан қызғылықты әңгімелер айтып берсем деймін.
Киіз үй мектепте оқып жүріп жаттық.
Әліппе жетіспейді. Екеуара бір оқулық.
Дәптерді тіземіздің үстіне қойып немесе жерге етпеттеп жатып жазамыз.
Бір күні бормен жазатын тақта пайда болды.
Класском, тазалықшы сайлап алдық. Класском болып пысықтығымен бүкіл ауылға әйгіленген Жүнісбай, тазалықшы боп ішіміздегі ең таза, ең ұқыпты Майра сайланды.
Сағатбайдың алдында кішкентай сары жез қоңырау. Шылдыр-шылдыр еткізіп, үзіліске шығарады. Сағатбай бала мінезді, ойын құмар адам. Үзіліс кезінде бізбен бірге қосылып ойнайды. Қалайда бізді зеріктірмеудің, өзі де зерікпеудің амалын ойлап табады. «Мысық — тышқан», «Ақ серек — көк серек», «Үшінші артық» секілді ойындар ойнайды.
Сағатбай ойынға жан-тәнімен беріліп, осыдан өзіне рақат тауып, қызып ойнаушы еді. Кішкентай балалардың біреуін мысық боп қуалағанда, көздері мысықтың көзіндей жайнап, түр-түсі біртүрлі айбаттанып, еліріп кетеді. Сен шын тышқан болғанда, артыңнан нағыз шын мысық қуып келе жатқандай зәрең қалмайды. Ауыр да мол денесімен қатты қызып жүгірген кезде, Сағатбай иегін алқымына тығып алушы еді. Қашан тышқанды қуып жетіп, бассалмайынша жаны жай таппайды.
Оқулық қана емес, қарындаштың да тапшы кезі.
Бір күні Сағатбай класқа бір уыс қарындаш алып келді. Екеуара бір қарындаштан үлестірді де, өздерің пышақпен бөліп алыңдар деді. Осы арада класта біраз дау, жанжалдар туып қалды. Бөлінген қарындаштардың бір жағы ұзындау, бір жағы қысқалау болып шығады. Әркім ұзынырағын алғысы келеді.
— Тоқтаңдар! Бөлмей тұра тұрыңдар.
Сағатбай осыны айтты да, жерден қарындаштың ұзындығындай бір тал шөп тауып алды. Оны қарындаштың бойына дәл етіп туралады. Сосын екі бүктеп сындырды да, әр сынық қарындаштың тең жарымы болатынын, яғни қарындаштың дәл ортасын табудың қарапайым тәсілі осы екенін көрсетті.
Осы бір оп-оңай ақыл біздің басымызға неғып келмеген?!
Ал енді ұзынды-қысқалы боп бөлініп қойылған қарындаштар бар емес пе? Оларды қалай етеміз?
Сағатбай бұған да ақыл тапты. Жеребе салып, ешкім ренжіместей етіп бөліп берді.
Жеребесі мынандай: қарындаштың екі бөлегін де, ол кесілмеген ұштарын теңестіріп, кесілген жағын көрсетпей, ұстап тұрады. Таласушы балалардың біріне: «Қане, қалағаныңды суырып ал», — дейді. Суырасың. Ұзыны кез келе ме, қысқасы кез келе ме, өз бақытың.
Ақылдылық тек үлкен істен байқалмайды. Ұсақ-түйектен де анық көрініп тұрады. Сағатбай сабақ беруде ғана емес, тұрмыста кез боп қалатын ескерусіз жайттардың бәрінде де тапқыр адам еді.
«КИІКБАЙ!», «НАЙЗА!»
Мектеп түпкілікті болып басқа үйге көшті.
Сол Киікбай ауылында бұрын мешіт болған бір ұзынша там үй бар-ды. Діннен қадыр кеткен соң, терезелері қирап, сырт қабырғасының сылағын жауын езіп түсіріп, қаңырап бос тұратын. Сол үй қайта жөнделіп, ортасына темір пеш орнатылып, терезелері бүтінделіп, мектеп болған. Біз қазір осында оқимыз.
Бір кезде дін ордасы болған мешіт қазір білім ордасы — мектеп.
Жалпиып жерде отырудан құтылғанбыз. Қозғалсаң, шиқыл салып бірге қозғалатын ыңыршақ ұзын парталар пайда болған.
Сағатбайдың үйі мектептің бет алдында жақын. Сабақ соңынан ол бізбен қош айтысады да, сол арада қалып қояды.
Киікбай ауылының көпшілік үйлері мектептен берірек — Батырбай түбегі аталатын шағын түбекшенің аузында. Сабақ соңынан жол айырығына дейін Киікбай, Найза болып бірге келеміз. Киікбай балалары осы арадан төмен бұрылып кетеді де, Найзалар қара жолды бойлап, ауылымызға тура тартамыз. Қай күндері дәл осы жол айырығына жеткен кезде кеудені құрт боп жайлап алған рушылдық алакөздігінен туатын сойқанды уақиғалар басталып кеп кетеді.
Бұл індет, бұл жексұрын ауру балаларға үлкендерден жұққан.
Пәленің басы «Киікбай», «Найза» деуден басталады. Жік-жік боп бөлектеніп шыға келеміз. Біреуімізді біреуіміз қалайда кемсітуге тырысамыз. Найзалар Киікбайды, Киікбайлар Найзаны жамандап өлең айтамыз.
Найза, Найза, нақұрыс,
Көк есектің сүтін іш! —
Ал шыдап көр, мықты болсаң!
Сөзбен жамандасу өршіп, шегіне жетеді. Енді ашықтан ашық боқтасу кетеді: Боқтасудың арты — төбелес.
Надандықтан туатын осы бір жікшілдікті өте-мөте қоздырып, еліріп тұратындар төбелесқой жуан білек балалар. Оларға қандай жолмен болса да шатақ шығару керек. Ең оңай, ең сыналған сенімді жол әлгі — «Киікбай!», «Найза!».
Бір күні мұғалімнің қарасы көзден таса болып, жол айырығына жеткен кезде, дағдылы майдандасу басталды. Әуелі төбелесқой ересек балалар шартпа-шұрт қойғыласып қалды. «Ұр Киікбайды!», «Ұр Найзаны!». Бұл ұран делебесін қоздырмайтын жан жоқ. Біз де, кішкентай балаларға дейін желігіп, қым-қиғаш қойғыластық та кеттік.
Бұндайда бейбітшілік сақтайтындар тек қыздар. Олар төбелеске араласпайды. Кімді кім жеңер екен дегендей, шетке іркіліп шығып, қарап тұрады.
Найзаның қарасы молдау әрі біздің балалар ересек. Найза еңсеріп, Киікбайлар шайлығып, қаша бастады. Біз тырқыратып қуып келеміз: — Ұр Киікбайды! Ұр! Киікбай ауылы әлгі арадан жап-жақын. Мен нәзіктігіме қарамастан, өзім қатар балалардың ішіндегі төбелесқойдың бірі едім. Шатақ шығар жерді іздеп жүрем. Шапшаң жүгірем. Оспан дейтін менімен өшігіңкіреп жүретін бір баланың соңына түсіп алғам. Жетсем, желкеден бір түйсем деп, еліріп қуып келе жатырмын. Ауылдың қақ ортасына келгенімді бір-ақ байқадым.
Өкпе тұстағы бір үйдің қалқасынан бақан ұстаған ересек бала шыға келді. Ол да Киікбай еді. Ұзын бақанмен басымнан қасқайтып салып қалды. Мен жасқанып та үлгердім. Шекеме дәлдеп тиген ауыр соққы дың ете қалды да, басымның бүкіл бір қапталын жарып түскендей болды. Көзім қарауытып, жер-дүние айналып, дөңгеленіп барады. Таяқ тиген шекемді ұстай алған кезде қолыма жып-жылы боп аққан қан білінді...
Үйде жер төсекте жатырмын. Шекемдегі жараға шешем киіз күйгізіп басып, домбаздай етіп байлап берген. Әрі оңай, әрі даяр ем. Ақ бақанның не болғанын білмеймін, ал менің басым әжептәуір зақымданып қалған екен. Ісік кернеген оң көзім жылтырап зорға ашылады. Үстімдегі жейдемнің бір қапталы мен омырауы қызыл жоса қан.
Дәрігер дегенді біздің ауыл білмейді. Амбулатория, емхана осыдан он екі шақырым Нарынқолда ғана бар. Аурулар ішінара соған барып емделеді. Әйтпесе, негізінен, ауылдағы бақсы-балгерлердің ақылымен өздерін өздері емдейді.
Мені ешкім дәрігерге апарған жоқ. Апаруға жағдай да жоқ. Бас сүйегім сынғаннан сау ма, сау емес пе? Оны рентген арқылы зерттеп білу мұндағы жұрттың ойы түгіл, түсіне де кірмейді.
Екі-үш күндей сабаққа бара алмадым. Шешеме салса, енді тіпті мені мектепке жіберетін түрі жоқ. Биылша оқымай-ақ қой. Келер жылы, бұдан гөрі есейіңкірегенде барарсың дейді.
Менің хал-жайымды білуге біздікіне әдейілеп Сағатбай келді. Болған уақиғаны ол түгел естіп-білген. Ашуланған. Балалар арасында руға бөлушілік болмасын деп, қатаң тыйым салған.
«Найза ауылы», «Киікбай ауылы» деудің орнына, Сағатбай бізге «бірінші бригада», «екінші бригада» деп айтыңдар дейтін еді.
Бара-бара осыған үлкендер де үйрене бастады.
КӨПЕКБАЙ ЖӘНЕ ОНЫҢ БАЛАЛАРЫ
Көпекбайұлы Жүнісбайдың қолына класскомдік тізгін тимей-ақ тұр екен. Арба қамшыдай шартылдап, ол енді бізді бір шыбықпен айдайтын болды.
Жүнісбай кластағы ересек баланың біреуі. Бойы сұңғақ, талдырмаш, сіріңке өңді. Мінезі әрі шапшаң, әрі қызба. Сабаққа алғыр. Мұғалімнің аузынан шыққанды заңдай көріп, шаш ал десе, бас алуға дайын, лыпып тұрады.
Жүнісбай Найза да, Киікбай да емес, ішкері Шелек маңындағы Қыстық дейтін рудан. Найзаға жиен. Әкесі Көпекбай осыдан үш-төрт жыл бұрын үйелмелі-сүйелмелі төрт ер баласы мен шүйкебас момын әйелі Әйнекті шұбыртып, жек жат-жұрағаттарын сағалап, жан бағыс іздеп келген.
Көпекбай үйінің сол кездегі өзгеше жүдеу хәлі менің көз алдымнан әлі күнге кетпейді. Ауылдан шеткерек тігілген үш-төрт керегелік сомпиған шұрық тесік құрым үйлері болушы еді. Таңертең сол құрым үйдің ішінен әдейі кісі қорқыту үшін солай киінгендей жалба-жұлба, шаштары құлақтарын жауып өсіп кеткен балалар өре шығып, киіз үйдің сырт босағасына тізіліп, күнге қыздырынып тұрады. Ең үлкені Бәзіл жігіт болып қалған. Одан кейін Жүнісбай, Жүнісбайдан кейін Қожақан, Қожақаннан кейін Мәсімбай.
Аралары екі-үш жастан ғана. Біреуінен біреуі сүйемдей аласарып, белбеуге арқаларын тіреп, тізіледі де тұрады. Әлдекім бойларына қарай әдейі тізіп тұрғызғандай. Істеуге іс жоқ. Ішуге тамақ жоқ. Күн нұры мен таза ауаны қорек етіп, маужырап тұрғанды біледі. Ара-тұра бала мінездері ұстап, бірін бірі бүйірге түртіп ойнап та қояды.
Жалба-жұлба киімнің жыртығынан жылтылдап жалаңаш еттері көрінеді.
Бір ғажабы, осынша ауыр тұрмыста жүрсе де, Көпекбай балалары шетінен пысық. Көздерінде шақпақтың отындай жылтылдаған от, жігер бар.
Көпекбай өзі еңгезердей тіп-тік, шоқша сақалды, қара торы жүзі ызбарланып ашумен қарайтын, зор дауысты адам. Қараша үйд