Әдебиет
Менің атым — Қожа
БІРІНШІ ТАРАУДА
Оқушы шығарманың бас кейіпкерімен, яғни менімен танысады.
Менің атым... Атымды айта бастасам, тілім таңдайыма жабысып қалғандай болады да тұрады. Адамның атының сүйкімді болуы да зор бақыт па деймін. Мәселен, Мұрат, Болат, Ербол, Бақыт деген аттарды алып қараңдаршы. Айтуға да ықшам, естір құлаққа да жағымды. Әрі мағына жағынан да, қазақ тілінен сабақ беретін Майқанова тәтейше айтқанда, бұлар жоғары идеялы есімдер. Мұндайлар өз атын кәдімгідей мақтаныш көріп, біреумен таныса қалса, мәнерлеп, көтеріңкі дауыспен айтады. Ал енді айтуға да, естуге де қолайсыз есімдер бар. Өзге түгіл, өзіңе де ұнамайды-ақ. Әттең, қолдан келсе, табанда өзгертіп, әдемі аттардың бірін иемденіп алар едің. Бірақ амалың нешік, сен қызыл шақа болып жөргекте жатқанда, сондағы ақымақтығыңды пайдаланып, әке-шешең немесе шілдеханаға келіп, дуылдап отырған басқа біреу солай атап жіберген. Өскембайдың баласына Тыңжыртар деп ат қойған секілді, өзге қызу жұрт сол арада ду қостап: «Осы болсын баланың аты, осы болсын, мұнан жақсы атты дүниені шырқ айналсақ та таппаймыз» дескен. Міне, сол күннен, сол мезеттен бастап, әлгі ат сенімен бірге туғандай маңдайыңа шапталған да қалған. Енді одан көзің тіріде қашып құтыла алмайсың. Ұнатпасаң да, мойныңа іліп жүре бересің.
Өмірде осы тәрізді әділетсіздіктер толып жатыр. Жуырда мен газеттен оқыдым: қытайлардың ат қоюы қызық болады екен. Бала бес-алты жасқа толғанша, оның тәуелді аты болмайды. «Ортаншым», «Кенжем», «Сүйіктім», «Жұпарым» деген секілді шартты атаумен атап жүреді. Ал есі кіріп, бес-алты жасқа толғаннан кейін, бала өзіне қандай есім ұнаса, соны таңдап алады. Міне, әділдік деген. Осы дұрыс емес пе?
Жарайды, өткенге өкініш жоқ дегендей, істің турасына көшелік. Менің атым Қожа. Көріп отырсыңдар, пәлендей әйдік ат емес.
Шынын айтсам, бұл о баста Қожа емес, Қожаберген екен. Туу куәлігінің өзінде солай деп жазылған. Бірақ дүниеде не қилы ғажайып құбылыстар бола беретіні тәрізді, бертін келе Қожабергеннің «құйрығы» үзіліп түсіп қалыпты. Бұл құбылыстың дәл қай жылы, қай айда, қай күні болғанын тап басып ешкім де айтып бере алмайды.
Сонымен, мен өзім ес білгелі Қожамын. Ауыл-аймақтың бәрі солай атайды.
Біз бір класта екі Қожа бармыз. Сүттібайдың үлкен баласының аты да Қожа. Оқушылар екеуімізді шатастырып алмас үшін, өңімізге қарап, мені Қара Қожа, оны Сары Қожа деп атайды.
Әуел баста мен бұған да шамданып қалатын едім. Бірақ жүре-бара құлағым үйреніп, дағдыланып кеттім. «Қара Қожа» дегендерге «әу» деп, жалт қарайтын болдым.
Жантас тәрізді қылжақтар осының өзін де дұрыс айтпайды, әдейі бұзып, келемеждеп, «Қара Қожа» деудің орнына «Қара Көже» дейді. Мен байқамай қалып, «әу!» деймін. Бірақ бұл қылығы үшін, бейшараның обалы нешік, тиісті сыбағасын менен талай рет алды...
Фамилиям Қадыров. Бір кезде «Қадырұлы» деп те жазып жүрдім. Бірақ жұрттың бәрі «ов» болып жатқанда, менің олардан алабөтен жырылып шыққаным жарамас дедім де, «Қадыровқа» қайтып келдім.
Қадыр — менің әкем. Ех, шіркін дүние-ай десеңші! «Әке» деген сөзді айтқанда, жүрегім қарс айрыла жаздайды-ау. Қандай жақын, қандай ыстық! Балалар: «Менің әкем өйтті, менің әкем бүйтті. Менің әкем ананы сатып әперетін болды, менің әкем мынаны сатып әперетін болды» деп мақтаныш етіп жатады. Ал мен болсам, әкемнің қандай адам екенін де білмеймін. Өйткені ол майданға аттанғанда, мен екі жастамын. Екі жасар ақымақ не біледі, не түсінеді? Сол кеткеннен абзал әкем мол кетті, оралмады...
Ex, қайран әкем! Егер сен тірі болсаң, мүмкін, мен бұдан гөрі басқадай болар ма едім. Кім біледі, жер-әлемді шулатып, сотқар Қожа атанып жүргенім әкесіз жетім өскендігімнен де шығар.
Кімге де болса бір әке әбден керек. Тіпті селкілдеген шалдардың өздері кейде: «Жарықтық, әкем анандай еді, әкем мынандай еді» деп еске алып, армандап отырмай ма?
Ал күйеу керек пе әйелге? Меніңше, әбден керек. Кейде Миллат мамам әкемнің суреттерін ақтарып қарап отырады да, мұңға батып, біртүрлі егіліп кеткендей болады. Кірпігі жасқа шыланады... Мен сол кезде маматайымды керемет аяп кетем. Бірақ аяғанмен не пайда, білем, сезем неге күйзелетінін.
Егер оның күйеуі, яғни менің әкем тірі болса, Қаратай ұятсыз мамама өзеуреп сөз айтпақ түгіл, оның маңынан жүре алар ма еді.
Сөйтіп, мен сендерге өзімнің аты-жөнімді айттым. Ал көркем шығармада кейіпкердің кім екені аталып қана қоймай, сырт бейнесі қоса сипатталатын дәстүр бар ғой. Енді соған көшейін. Тоқтаңыз, бұл үшін әуелі өзімді өзім айнадан байыптап қарап алайын... Мынау, міне, мұрным. Әжем кейде менің атымды атамай, «тампыш неме» дейді. Оның айтқаны ып-рас екен ғой. Екі танауыма екі саусағым еркін сыйып кетерлік, қосауыз мылтықтың аузындай үңірейіп тұр. Екі шекемнің шығыңқылығы болмаса, басым қарбыз тәрізді доп-домалақ, тап-тақыр. Шашымды Әубәкір шал кеше ғана ұстарамен сыпырып алып тастаған.
Ох, менің шашым! Қаттылығы, қайраттылығы шошқаның қылшығынан бір кем емес. Осы ауылда оны алуға жарайтын бір ғана ұстара бар — ол Әубәкірдікі. Оның өзі де алғаш салған бетте тұтқырланып, жүрмей қалады. Шашымды әр алған сайын, Әубәкір мені бірінші рет кездестірген адамдай таң қалып бітеді.
— Япыр-ай, мұндай да шаш біте береді екен-ау! Мынау шаш емес, тікенек қой. Тікенек. Мінезіңнің шатақтығы осыдан-ақ көрініп тұр.
Сипатталмаған енді нем қалды! Қаралығымды әуел баста-ақ айтқанмын. Сол жақ құлағымның астына таман бір түйір қалым бар. Ботшағардың бітпейтін жерге бітуін қарашы. Одан да бетімнің ұшына таман болсашы. Сонда әдемірек көрінер ме едім. Бір азуымды былтыр... жә, оны айтудың қажеті де болмас. Кімнің тісін құрт жемейді дейсің және ол былай қарағанда көрінбейді де.
Ал бойымды біреулер орта бойлы дейді. Әжем болса, әкең тәрізді сұңғақ боласың дейді. Кімдікі рас екенін құдайым білсін. Өткен күзде мектепте дәрігер қарап өлшегенде, бір жүз отыз тоғыз сантиметр шыққан едім. Егер шашым болса, жүз қырық шығуы сөзсіз еді. Тақыр бас жүргеннің осындай залалы да бар. Жасым он екіде. Бесінші класты бітіріп отырмын.
Повестің бірінші тарауын осымен доғарамын да, келесі тарауға көшемін.
EKIHШI ТАРАУДА
Қаратай жайында айтылады.
Күні бойы футбол ойнап, әбден қалжырадым. Ойын үстінде шаршағаның онша аңғарылмайды. Енді, міне, дел-сал болып, өзімді өзім әрең сүйреп келе жатырмын. Аяққа қонған шаңды қарашы, бір елі. Шіркін-ай, осы бойда барып, күмп етіп өзенге қойып кетер ме еді.
Өзен бойына көз тіксем, қыздар шомылып жүр екен. Мейлі, шомыла берсін, оларға да салқындау керек қой. Ал мен әуелі тамақтанып алайын, ішім итше қыңсылап, түйені түгімен, нарды жүгімен жұтып жібере жаздап келе жатқам жоқ па.
Қораның бұрышын айнала бергенім сол еді, көзім есік алдындағы тажалға түсті. Жүрегім дір етіп, бойымды дереу жиып алғандай болдым. Тажал тапжылар емес. Ежелгі дағдысы бойынша біздің босағаны иіскеп, мелшиіпті де қалыпты.
Тажал деп отырғаным — сыры көше бастаған, жағал-жағал үш дөңгелекті, көкшіл көне мотоцикл. Әр жексенбі сайын оның көрген күні осы, біздің қорадан шықпайды.
Мотоциклдің иесі — көрші колхоздағы комбайншы жігіт Қаратай. Жігіт деймін-ау, қайдағы жігіт. Беті әжім-әжім, сақалы тікенектей кәрі біреу.
Қаратайды мен қандай жексұрын көрсем, жағал мотоциклді сондай жексұрын көрем. Өйткені оны құстай ұшырып зырылдатып, лезде алып келетін осы антұрған емес пе.
Бұдан бір жыл бұрын Қаратайдың әйелі дүние салған екен. Әйелі дүние салды деген сөз — өзі бойдақ қалды деген сөз. Ал өзі бойдақ қалғаннан кейін, тағы да үйленбекші. Осы арада кімге деген сұрақ туады. Дүниеде өзге әйел құрып қалғандай, Қаратайдың есек дәме көңілі менің Миллат мамама ауатын тәрізді. Жағал мотоциклдің әр жексенбі сайын біздің босағаны иіскеп, қаңтарылып тұруындағы гәп, міне, осы.
Әрине, бұл мәселе жөнінде менен ақыл-кеңес сұрап жатқан ешкім жоқ. Бірақ мен Қаратайға іштей кіжінемін де, «Атаңның басы, менің мамам тиер саған!» деген сөзді айтамын.
Үйге кіре беріп, мен мотоцикл дөңгелегін теуіп жібердім. Кім иемденсе, соған құлшылық ететін меңіреу техника бұған не жауап қатсын. Зырқ етіп бір тербелді де, үнсіз қала берді.
Ауыз үйде әжем күбі пісіп тұр екен. Ертеден қара кешке бір тыным алмайтын бейнетқор әжем-ай. Күмпілдетіп піскенде, қарашы, күбінің түбін түсіре жаздайды. Орамалы сырғып желкесіне түсіп кеткен. Көпті көрген бурыл басы бусанып, тер иісі келеді. Қолымдағы допты тарс еткізіп босағаға тастай бердім де, мен сол екпініммен тор үйге қарай беттедім.
Жұмысын дереу доғарды да:
— Әй, мына түріңмен қайда барасың? Онда кісі отыр, — деді әжем.
Өзі қызық кісі, кім отырғанын мен білмейді деп ойлай ма екен.
— Кісі болса, қайтуші едім!
Дауысым қатты шығып кетті. Мейлі, естісе, ести берсін.
Есікті жұлқып ашып, кіріп келдім. Қаратай мен мамам терезе алдындағы столда, әдеттегіше, бетпе-бет әңгімелесіп отыр. Екеуі бірдей маған қарады. Қаратайдың жүзінде менің келуімді жаратпаған абыржу бар. Ал мамамның тіксініп шығына қараған қабатынан мына тасыр жүрісімнің оған да ұнамағанын бірден аңғардым.
Осы бойда бұрыштағы кітап шкафыма қарай өтіп бара жатыр едім, Қаратай күлімсіреген дауыспен:
— Әй, Қожатай, сәлем қайда? — деді.
Жасы үлкен таныс адамға сәлем бермеу — көргенсіздіктің белгісі деп мамам мені талай баулыған. Сол парызымды амалсыз өтеп:
— Саламатсыз ба, — дей салдым.
Үлкендердің үстіне бұйымтайсыз, ет қызулықпен кіріп келгендіктен, енді амалсыздан бірдеңе істеуім керек болды. Ту сыртымды мамам мен Қаратайға беріп, шкафтың ең төменгі сөресіндегі газет-журналдарды мақсатсыз ақтарып, күйбеңдеп жатырмын. Нені іздеп, нені таба алмай жатқанымды бір Құдай өзі біледі. Ал екі құлағым мамам мен Қаратайда.
— Иә, биылғы көктем жауынды болды, — деп бастады Қаратай ендігі әңгімесін. — Біздің «Коминтерннің» астығы да белуардан кеп, жайқалып тұр. Енді күзгі бұршақ нөсерден аман болса, жұрт рызығы жаман бола қоймас.
Әңгіме желісінен жалт беріп, Қаратайдың не болса, соны айтып кеткенін мен бірден түсіндім де, тағы не дер екен деп, еңсемді көтерместен, өзіммен өзім болғансып, күйбеңдей бердім.
— Жаман бола қоймас, — деп қостады мамам Қаратайды бейқам үнмен. Оның дауысынан: «Ех, Қаратай, менің баламды өйтіп алдарқата алмайсың. Ол бәрін де сезеді, бәрін де түсінеді» деген мағына аңғарылатын еді.
Арада бірнеше минут үнсіз өтті. Кенет мамамның:
— Балам, — деген қатқыл үні естілді, —сенің сонша күйбеңдеп, таба алмай жатқаның не нәрсе?
Бұл сөз маған алты өрме қамшымен жорғалата тартып жібергендей әсер етті. Әсіресе «балам» деген сөздің зәрі күшті-ақ еді. Өйткені жайшылықта мамам менің атымды атайтын. «Балам» деген мынау ресми үні «үлкендердің сөзіне тыңшылық істемек болған бұл сасық қулығыңды таста» деп жекіргенмен бірдей еді. Соны тез ұқтым да, қолыма тиген бір журналды ұстап, тайып отырдым.
Қаратай бұл күні біздікінде кей-кейдегідей ұзақ отырып алған жоқ. Менің соңымнан кешікпей ол да шықты. Басқа уақытта, кетеріңде, әжеммен көңілді қоштасып, маған да бірнеше жылы қалжың, ойын сөздер айтып, жаратпағаныма қарамастан, арқа-басымнан қағып аттанатын. Кейде: «Кел, отыр, ауылды бір айналдырып, серуендетіп әкелейін», — деп жалбақтап, көңілімді тапқысы келетін. Бұл жолы олай емес, қарасұр жүзі онан әрмен күреңітіп, еңсесі түсіп шықты. Ауыз үйдің төрінде тамақ ішіп отырған мені қою қасты, салбыраған ауыр қабағының астынан солғын ғана бір шолды да, үндемеді. «Бәйбіше, қош болыңыз» деп, әжеме арнаған сөзін де, әйтеуір міндет санап, иегінен оздырмай, жүрдім-бардым айтып, бөгелместен шығып кетті. Енді бір сәтте мотоциклдің пырс-пырс етіп шашала от алған үні, оның соңынан мылтық атылғандай патырлап құлақ тесерлік жайсыз бір іртік дауыстар естілді. Біздің қорадан суырыла шыққан осы үн үсті-үстіне жиілеп, көшенің басына қарай алыстап бара жатты.
ҮШІНШІ ТАРАУДА
Мен өз ойымнан хабар беремін және құмдағы із жайлы сөз болады.
Қаратайдың тез жөнелгеніне мен қуанышты едім. Осы кеткеннен қарасы біржолата өшсе. Мамамның Қаратайға шынымен күйеуге шыққысы келе ме? Мүмкін емес. Бөтен біреуге... тікенек сақал, кәп-кәрі Қаратайға... жо, жо, ол оған шықпайды күйеуге. Тіпті жас болсын, қандай болса, сондай болсын, мамама керегі не бөтен күйеудің? Біз, әжем үшеуіміз, Құдайға тәуба, онсыз да жаман тұрмаймыз ғой. Қарнымыз тоқ, көйлегіміз көк. Мен әлі оқу бітіріп, ер жетемін, университетке түсем. Жазушы болам. Міне, сол кезде мен мамама, егер ажалы жетіп, өліп қалмаса, әжеме де өмірдің нағыз бақытын көрсетемін.
Осы ойымды түп-түгел ақтарып мамама айтқым келеді. Бірақ қалай айтарсың, ұят біртүрлі. Жоқ, мамамнан ондай қылық шығуы мүмкін емес. Қаратайды ол жай сыйлайтын шығар. «Менің ержетіп қалған балам бар, мен күйеуге тимеймін» деп басалқы айтып, түсіндіретін болар. Бірақ Қаратайдың оны түсінгісі, ұққысы келмейді. Көлеңкедей еріп, мамамның соңынан екі елі қалмайды. Ух, осы бір сұғанақ, тәртіпсіз еркектерді ме...
Жоқ, менің мамам күйеуге шығуы мүмкін емес. Ол бізді еш уақытта да тастамайды. Ол ақылды, тәрбиелі адам. Ауылдың үлкен-кішісінің бәрі бірдей алдынан қия басып өтпей, хан көтеріп, құрметтеп тұратыны да сол мінезінен емес пе. Онсыз мамамды екі бірдей сайлауда қатарынан аудандық советке депутат етіп сайлар ма еді.
Бұның бәрі менің басыма тыңқиып тойып алғаннан кейін келген ойлар. Аш қарынға данышпан болып жетістірмейсің.
Шомылайын деп, өзенге келе жатырмын. Күн көкжиекке төніп барып қалса да, ыстық әлі қайтпаған, иығым мен шекемнің бір жағын қарып, күйдіріп барады. Төменгі егінжай жаққа көз жіберсем, темір пештің жалынындай лапылдап, дарияша жөңкілген ұшы-қиырсыз сағым толқыны. Егіннің арасындағы қара жолмен шаңды аспанға бұрқыратып зырлап кетіп бара жатқан, дәу де болса, әлгіндегі Қаратайдың тап өзі. Бар сол тойғаныңмен. Ex, шіркін, егер мамамның орнында мен болсам, оған не айтуды білер едім. Сосын Қаратай маңыма жоламақ түгіл, қарамды да көрмес еді.
Күн ыстықта су да тартылып, азайып қалады. Әншейінде көгілдірленіп, аспан түстес болып жататын. Айтпақшы, әлгінде осы арада қыздар шомылып жүр еді ғой. Іштерінде Жанар да болған шығар. Жанар! Атың қандай әдемі. Сендердің бұл қызбен танысып қоюларың керек. Осы повестің бас кейіпкерінің бірі болуға Жанар татитын қыз. Екеуіміз бірге оқимыз. Жанар, біріншіден, кластағы ең бір ақылды қыз. Екіншіден, сұлу. Әсіресе қызыл береткасын киіп жүргенде, сондай құлпырып, жайнап кетеді. Дауысы қандай шіркіннің, ән салғанда тыңдасаң! Басына үкілі тақия киіп, мың бұралып «Қамажайға» билегенін көрсең. Барып тұрған өнерлі қыз. Кластағы бірінші үздік оқушы.
Ал енді айтып көр, оны повестің басты кейіпкерінің бірі бола алмайды деп!
Жанарды ойыма алсам, менің ішім гүл жайнап кеткендей болады.
Мейлі, біздің класс жетекшіміз Майқанова мені жамандай берсін, сотқар деп ұрса берсін. Мен өзімнің көкейтесті арманымды, жанымның түкпірінде маздап жанған құпиямды Жанарға бір жөні келгенде ақтарып айтып берсем, менің кім екенімді ол таныр еді. «Е, бәсе, Қожа осындай екен ғой. Талант деген түбінде жарып шықпай қоймайды», — дер еді. Шіркін-ай, былай болса: адам әуелі үлкен болып жаралса. Өмірдегі өзіне тиісті қызмет мамандығын атқарып болғаннан кейін барып балаға айналса. Сонда маған Майқанова қалай қарар еді? «Үлкен кезінде ол әйгілі жазушы болған, оның есімі бүкіл дүние жүзіне мәлім. Олай болса, менің оған әкіреңдей бергенім жарамас, жазушыны сыйлау керек» деп, тәубасына келер еді.
Бірақ амал қанша, өмірде бұлай болмайды, болмақ емес. Әуелі беделсіз, білімсіз бала болып жараласың. Сенің үлкейгенде қандай адам болатыныңда ешкімнің шаруасы жоқ. Екінің бірі саған ақыл айтып, үстемдік жүргізбекші болады. Ақ, қараңды айырып, жаныңның түкпірінде не бар, не жоғына үңілмейді.
— Қожа тәртіпсіз!
— Қожа оңбаған!
Осылайша шу көтеріп, даңғазалап алып кеп жөнеледі.
Су жағасы жайдақ, құмдауыт. Тырс етіп, менен өзге бір баланың келмеуін көрдің бе. Жалғыздан-жалғыз шомылу да көңілсіз. Судың шетіндегі дымқыл құмда біреудің жалаң аяқ ізі сайрап жатыр. Мүмкін, осы Жанардың ізі шытар. Тани қоятын адамдай еңкейіп үңіліп тұрып қараймын. Иә, Жанардың ізі. Ақырын ептеп қана аяғымды салып байқаймын. Із аздап кішілеу келеді. Иә, бұл Жанардың ізі болуға тиіс. Бойымды тәтті бір сезім жайлайды да, со күйде қимылдамастан тұрып қаламын.
ТӨРТІНШІ ТАРАУДА
Жантасқа пионер лагеріне баруға жолдама беріліп, маған берілмеу жайы, менің шәт-шәлекей ашулануым айтылады.
Таңертеңгі шайымды ішіп алғаннан кейін, аяңдап мектептің спорт алаңына қарай келе жаттым. Қолтығымда добым бар. Біздің «Спартак» кеше қайраттықтардан жеті де бес болып ұтылған еді. Бүгін оларды қалайда жеңуіміз керек. Команданың капитаны ретінде соған қатты ширығып, іштей дайындықпен келе жатырмын.
Мектептің қасында Жантас ұшыраса кетті. Қолында мөр басылған бір жапырақ жазулы қағазы бар. Соны шертіп-шертіп қойып:
— Қара көже, мынаның не екенін білесің бе? — дейді.
— Ол не?
— Лагерьге жолдама. Біз лагерьге баратын болдық. Ал сен көшедегі иттерді тәртіпке салуға ауылда қалатын болдың.
Тілінің қыршаңқылығы үшін Жантасты мытып алғым келіп бір тұрдым да, әуелі жолдама жайын тиянақтамақшы болдым:
— Оны саған кім берді?
— Кім беруші еді. Майқанова апай берді. Бірақ сен жоқсың тізімде.
«Неге жоқпын?». Жантастан Майқанованың қайда екенін сұрап едім, мектепте деді.
Бұдан былай біреуді келемеждеп сөйлеудің қандай екенін білуі үшін, Жантасты мұрынға сырт еткізіп бірді шерттім де, жүгіре жөнелдім. Сол бойда екпіндеген қалпыммен мұғалімдер бөлмесіне алқынып кіріп бардым. Майқанова бірдеңе жазып, жалғыз отыр екен, маған басын көтеріп алып, таңырқаған кейіппен қарады:
— Не болды? Не болды, Қадыров?
— Лагерьге жолдама беріңізші маған.
— Саған бұл жолы жолдама берілмейді. Екінші кезекте барасың.
— Неге?
— Неге болушы еді: барлық оқушыға бірден жетіспейді. Ал екіншіден, ең әуелі, біз лагерьге үлгілі, тәртіпті оқушыларды жібереміз.
— Жантас немене... менен артық болғаны ма?
Майқанова екі бүйірінен біреу қысып қалғандай еңсесін кілт көтеріп алды:
— Сен немене? Мені тергегелі тұрсың ба?
Майқанованың көкшіл көзі шатынай бастады. Оның бір ашуланса, шапылдап, жуық арада толас бермейтінін білем.
— Бермесеңіз, қойыңыз, — дедім де, жалт бұрылып, есікті бар күшіммен тарс жауып, жөнеле бердім. Осындай әділетсіздікке қаның қалай тана қайнамайды. Жантас біреуді біреуге атыстырып, от тастап жүретін қу, сабақ үстінде сыбырлап-сыпсыңдағыш, өзі тақтаға шыққанда көрінгенге құлақ түргіш Жантас үлгілі оқушы болғаны да, мен үлгісіз болғаным. Менің сабақ үлгеруім одан көш ілгері екені, екпінділігім ешқандай есеп емес.
Соңымнан ілесе шықты Майқанова:
— Қадыров! Бері кел.
Мен бұрылып та қарамадым.
— Қадыров!
Есіктен жүгіріп шығып кеттім.
Турникке сүйеніп, жылмия қарап Жантас тұр. Зығырданым одан бетер қайнап кетті.
— Немене, жолдама алдың ба? — деп сиқырланып, жолымды тосқауылдай қалыпты.
— Алдым, — дедім.
— Кәне, көрсетші?
Сарт еткізіп танаудан тағы бірді шерттім.
— Міне.
Түстен кейін төсегімде демалып жатып, ойға қалдым: Бағана Майқановаға істегенім тұрпайылық болды-ау деймін. Әрине, Жантасқа жолдама беріп, маған бермеген оныкі де әділдік емес. Ызамды осы келтірді. Дегенмен, Майқанова мұғалім, класс жетекшісі. Жә, қазір оқу кезі емес қой, каникул. Ол маған не істей алады? Үш айға дейін кім бар, кім жоқ. Мүмкін, жаңа оқу жылында біздің класс жетекшіміз басқа біреу болар. Онда мен Майқанованың шеніне де жолай қоймаспын. Өмір дегенді ойлап отырсаң, қызық нәрсе. Бірімен бірінің қалай да тұзы жараспайтын кереғар жаралған адамдар болады. Майқанова екеуіміз соның дәл өзі секілдіміз. Біздің кикілжіңіміз күзде ол осында мұғалім болып келген бетте-ақ басталды. Былай болды: жаңа оқулықтар, дәптерлер сатып жатыр дегенді естідім, әжемнен ақша ала салып, замғап дүкенге келдім. Рас, сатып жатыр екен. Бірақ адам деген лық толы. Кезектің соңы далаға шығып кетіпті.
Қайтсем екен деп біраз ойлап тұрдым да, тәуекел деп, ішке кезексіз кірмекші болдым. Өйткені соңындағыларға жетпей қалатын азабы да болушы еді. Сонан соң көрінгеннің оқулығына мінгесіп, жалынасың да жүресің, бұл — күн емес. Өзге ештеңең болмаса да, әуелі оқулықтарың сай болсын. Мен былай деп мақалдаған болар едім: оқулығы сай бала — көңілі жай бала.
Сығылысып есіктен енді кіре берсем, бойы менің бойымдай ғана, тықылдаған бейтаныс көк көз келіншек алдымды тосқауылдап жібермейді.
— Қайда кимелеп барасың? Кезекке тұр, — дейді.
Осы арада тілі құрғыр өтірікті менің еркімнен тыс айтып салды:
— Мен оқулық емес, қант аламын, — дедім. Өйткені магазиннің арты азық-түлік сататын бөліміне қарай адамдар еркін өтіп жатыр.
Көк көз келіншек мені жіберді. Мен сыр бермейін деген оймен әуелі қант сататын жаққа өтіп кеттім. Бірақ қанттың қазір маған түкке керегі. жоқ. Маған қажеті бесінші кластың оқулықтары. Прилавканы жағалап, адамдардың арасымен ептеп, кітап сатып жатқан жаққа қарай сырғи бастадым. Енді бір ұмтылғанда жетіп те қалатын едім. Кенет әлгі көк көз келіншек желкемнен бүріп ұстап:
— Сен адасып барасың. Қант ана жақта сатылады, — деді.
— Сіздің не шаруаңыз бар, қоя беріңіз, — деп жұлқынып қалдым да, прилавкаға бір-ақ барып жеттім.
Көк көз келіншек сатушыға дауыстап жатыр:
— Анау сұр кепкалы балаға бермеңіз. Ол кезексіз кіріп кетті.
Ол бұл сөзді айтып үлгергенше, Қожекең сұр кепканы қойынға сүңгітіп жіберіп, тақыр бас қара бала болып шыға келді. Балалар ананы-мынаны сұрап, азан-қазан болып жатқанда, мен ләм деместен сақ еткізіп елу сомдықты сатушының қолына ұстата салдым. Сөйтіп, қажетті оқулық-дәптерлерімді бір құшақ етіп алып шыға бердім. Есік алдында көк көз келіншек иығымнан қатты ұстап (қолы мұндай қатты болар ма!):
— Ой, ұятсыз. Қай класта оқисың? — деп бір жұлқып қалды.
Мен оған жөнімді айтып жатырмын!
Бірнеше күн өткеннен кейін оқу жылы басталды. Мәссаған керек болса, әнеугі маған дүкенде жекіретін көк көз келіншек тыпың-тыпың етіп, қағаздарын қолтықтап, біздің класқа кіріп келе жатыр. Қожекеңнің сол мезет қандай күйге түскенін көрсеңіз. Бірақ бойымды тез жиып ала қойдым да, сыр бермеуге тырыстым. Мүмкін, ол мені танымас деп ойладым.
Жаңа оқытушы бізді оқу жылының басталуымен құттықтады, өзін таныстырды. Сәбира Майқанова. «Мен сендерге қазақ тілінен сабақ беремін және класс жетекшілерің боламын», — деді.
Соңғы сөз Қожекеңді тағы бір сілкіп алды. «Ал бәлем, сақтана бер» дегендей болдым өзіме өзім,
Майқанова бір-бірлеп, тізім бойынша оқушылармен таныса бастады. Кезек маған келді.
— Қадыров.
— Мен.
Майқанова тесірейе қарап тұрып қалды.
— Біз екеуіміз таныс шығармыз деймін?
Мен еріксіз жымиып күлдім.
— Мүмкін.
«Мен сенімен әлі сөйлесемін» дегендей, Майқанова:
— Отыр, — деді зілді дауыспен.
Міне, осыдан кейін Майқанова маған қымс етсе, қаһарын тігіп тұратын болды. Қанша рет қыс бойы директордың алдына сүйреп алып барды. Ақыры, жыл аяғында тәртібіме де «төрттік» бата қойып отыр.
Осының бәрі мені, әрине, ашуландырады.
БЕСІНШІ ТАРАУДА
Менің Жанармен дойбы ойнауым және қиял құсының самғап ұшатын бір шағы айтылады.
Екі күннен кейін бір топ бала думандатып пионер лагеріне жүріп кетті. Мен ішім күйіп ауылда қалдым. Түстен кейін бригадир келіп тұр есік алдына.
— Қара Қожа, үйдемісің? — деп дауыстады.
— Үйдемін. — Есік алдына шықтым.
— Киім-кешек, төсек-орныңды дайындап, әзірленіп тұр, — дейді бригадир, — шөп шабысқа барасың. Ауылдағы балалардың бәрі барады. Шөп жинайсыңдар.
— Бармаймын, — дедім мен.
— Неге?
— Мен үлгісіз, тәртіпсіз оқушымын. Ештеңеге де жарамаймын.
Менің ренішімнің жай-жапсарын білгеннен кейін, бригадир:
— Ой, жолың болғыр, жігіт адам соны да сөз дей ме екен. Не бар дейсің сол лагерьде. Қызықтың көкесін сен шөп шабыста көресің. Біз онда сендерге көңіл көтеретін барлық жағдайды жасаймыз, — деп үгіттей бастады.
Үгітте, үгіттеме, Қожакең айтқанынан қайтпайды. Әрі шөп шабысқа Майқанова да барады дегенді естідім. Жоқ, Майқанова жүрген жерде мен жүре алмаймын. Тым құрса, жазғы демалыста одан құлағым тыныш болсын.
Мамамның колхозда сауыншы болып істейтінін мен сендерге айтқан жоқпын ба? Олардың фермасы осыдан бірнеше күн бұрын ғана жайлауға кеткен болатын. Жайлауды көрмегеніме бірнеше жыл болды, одан да сонда барғаным рахат емес пе деген ойға келдім. Ол үшін көлік керек, оны қайдан алам? Бригадирден сұрағанмен, бермейді. Шіркін-ай, осындайда меншікті бір атыңның болғаны абзал емес пе. Қалаған жатыңа соқтырып жөнелер едің. «Ер канаты — ат» деп қазекем бекер айтпаған ғой.
Сонымен, атты қайдан табамын?
Осы да сөз болып па? Қазір бұрынғы жеке меншіктің заманы емес. Колхоз малы — менің малым. Соның біреуіне мінемін де кетемін. Белсенділердің әрқайсысында бірнеше аттан бар. Үстеріне өздерінен басқа шыбын жорғалатпайды. Жазда жайлауға қоя беріп семіртеді де, қыстыгүні қаншырдай етіп жаратып, қасқыр, түлкі қуып шығады. Сонда олар бұл үшін колхозға төлей ме бірдеңе? Түк те төлемейді. Әкем Қадыр осы колхоз құрылған күннен бастап ұста болып істеді, мамам сауыншы. Бір аттың бір күндік терін пайдалануға менің неге қақым жоқ.
Шешім қабылданды, өзен бойындағы жайылымнан бетіне тура қараған аттың бірін ұстап мінеді де, Қожекең түнгі салқынмен жайлауға тартып отырады. Сонан соң, бригадир бар, Майқановасы бар, таңертең менің ізімнің қалай қарай кеткенін тауып көрсін.
Тамақтанып болып, тысқа шықтым. Көз байланып қалған екен. Маужыраған қоңыр кештің құшағында, қора аузындағы сырғауыл қашаның үстінде, қонақтаған тауықтай шошайып отырмын. Ойымда Жанар. Түнделетіп жайлауға кетіп қалатын болсам, көпке дейін оны көре алмаймын, сағынамын-ау!
Мен кейде сұрақ қоям өзіме өзім: «Жанарды неге ойлай берем? Оны көрмесем, ала көңілденіп, тынышым кетіп тұратыны несі? Әлде осының өзі әлгі жұрт айтатын, кітаптарда жазылатын не... емес пе?». Япыр-ай, осы бір сөзді ойға алғанның өзіне селк ете қалам-ау. Егер мұны Майқанова білсе ғой. Не болар еді онда күнім? «Ә, Қадыров, қаршадайыңнан қызға ғашық болып! Қарай гөр мұны! Бұл сұмдықты саған кім үйретті, о?!». — Нағыз масқара, міне, сонда болар еді.
Менің Жанарға ләм деп бірдеңе айтпақ түгіл, тіпті оның қасына баруға жүрексініп тұратын себебім, міне, осы.
Жанар үйі көшенің басына таман, өзенге таяу. Әкесі Балабек бригадир болып істейді. Мамасы Қырымға курортқа кеткен. Үйде өзінен басқа, мені онша ұната қоймайтын қытымыр әжесі ғана бар. Қолыма таяқ алып, әлдекімдерге еліктеп сылти басып, солай қарай келе жатырмын. Жанардың төбесін анадайдан бір көрсем де дәтке қуат емес пе. Мүмкін, ол ұшырасып та қалар. Жайлауға баратынымды айтам. Менің қайда екенімді ол да біліп, ойлап жүрсін. Жанар мені жайшылықта ойлай ма екен, ойламай ма екен, ә?
Бұл үйде Жанардың әжесінен бетер сескенетін тағы бір қорқынышым — осы үйдің антұрған қабаған қара төбеті. Атты кісінің омырауына шапшитын жауыз төбет. Ол бос болса, үй маңынан тірі жанды қия бастырып өткізбейді.
Жоқ, қара төбет байлаулы екен. Арты көше жақтан келген біреуге арс үріп, жұлқынып тұр. Мен бергі қора жақтағы ағаш шарбаққа жақындай түстім. Осы кезде үйден Жанар жүгіріп шығып:
— Ақтөс, жат. Бар орныңа! — деп зеки бастады.
Қақпаның ар жағынан әйел дауысы естілді:
— Жанаржан, әжең үйде ме?
— Әжем бағана тауық фермадағы Сүйінбай атамдікіне кетіп еді. Әлі келген жоқ.
Жанардың үйде жалғыз екенін білгенде, қуанышым қойныма сыймады. Не де болса, тілдесіп қалуға бел байладым.
— Жанар! — деп дауыстадым, ол жүгіре басып бері қайтып келе жатқанда. Үнім бейне бір шошыған немесе аяқ астынан ғажайып бір қымбат зат тауып алған адамдай жарқын шығып кетті.
Селк етіп, тоқтай қалды Жанар. (Үй маңдайшасына электр шам орнатылғандықтан, есік алды сүттей жарық еді.). Дауыстың қайдан шыққанын тұспалдай алмай, төңірегіне жалтақ-жалтақ қарап барып көрді мені.
— Кеш жарық, Жанар.
Жанардың таңданған жүзі дереу күлімсіреді. Қасыма жүгіріп келіп, ағаш шарбақтың үшкіл басынан ұстап, бетпе-бет тұра қалды.
— Кеш жарық, Қожа. Неғып жүрсің? — деп сұрады ол.
— Мен түнделетіп жайлауға кетем.
— Мамаңа барасың ба?
— Иә, сен неге лагерьге бармадың?
— Мамам келгенше үйде болып, әжеме көмектесем. Майқанова апай лагерьге келесі кезекке жолдама берем деді.
Жанар осыны айтты да:
— Қожа, менің әжем үйде жоқ. Жүр, дойбы ойнайық, — деді.
Өзегімді нұрлы сезім жарып өтіп, қолтығыма қанат біткендей болды, қашаға пәрменіммен секіріп шықтым да, ар жағына топ ете түстім. Сол кезде шынжырын сылдырлатып қара төбет те арсылдап, тұра ұмтылды. Иттен қорыққансып, Жанардың білегінен қысып ұстап, жабыса түстім. Ит есік алдына жете алмастай етіп байланған екен. Екеуіміз иық түйістіре жүгірген бойда үйге кіріп кеттік.
— Сен дойбыны жақсы ойнаймысың? — деп сұрады Жанар.
— Жоқ, онша емес, — деп сыпайы жауап қайтардым. Ал шындығында, өзім теңдес балалардың көбін ұтушы едім.
Жанардың бетпе-бет отырған сүйкімді жүзіне, иығына төгіліп түскен көмірдей қап-қара әсем қолаң шашына алаң-елең қарап толқып отырып, бірінші ойынды қалай ұтқызып алғанымды байқамай қалдым. Ол маған үш бұзау айдатты. Бірақ Жанардың мәз болған кейпіне қарап, бұл ұтылғаныма өзім іштей қуандым да.
Екінші ойынды әлгіндей емес, сағырақ ойнауға тырыстым. Үнемі қыздан жеңіліс таба беруге болмайды ғой. Бірақ үш-төрт жүрістен кейін Жанар менің үш пешкамды бірден қырып салғаны.
— Әллуі! — деп, жағымды шапалақпен бір салып, отырдым да қалдым. Берекесі бір ұшқан ойынның мәні бола ма. Лезде тағы ұтылып қалдым. Бұл жолы топырлатып, алты-жеті бұзау айдатты.
— Байыдың, байыдың! — деп, Жанар онан әрмен мәз бола түсті. Енді менің намысым келе бастады.
— Қазір ұтамын, — дедім сенімді үнмен.
— Ұтпасаң, не боласың?
— Не бол десең, со болайын.
— Дүние жүзіндегі барып тұрған мақтаншақтың өзі боламысың?
— Жарайды.
Үшінші ойын шиеленісіп басталды. Әу дегеннен-ақ екі пешкадан қарпысып алдық. Бірақ біраздан кейін ойынның ара салмағы тағы өзгере бастады. Бір-екі жерде мүлт жіберіп алдым. Жанардың екі пешкасы тағы артып кетті.
— Әй, бәлем, көрермін жеңілмегеніңді, — деп қанаттанып, оның мерейі аса түсті.
Менің ендігі үміт артқаным оң жақ шеттегі бір пешкам еді. Түкпірлетіп отырып, соны биге алып шықтым. Қырғидай тиіп, жайпармын-ау енді, бәлем.
Бірақ тап осы кезде майдан даласында мен ойламаған ғаламат бір оқиға болды. Айлакер Жанар орта шенде елеусіз тұрған бір пешкасын маған жегізді де, басқа бір пешкасымен менің әлгі батырымды белден басып, биге өтіп кетті. Онымен де тынбады. Әлгі биімен менің өзге үш жауынгерімді тағы жайпап салды.
— Ура! Ұтылдың! Мақтаншақ Қожа. Мен енді сені бұдан былай мақтаншақ Қожа деп атаймын.
— Тоқта, қалай... қалай боп кетті?
— Міне, былай... Сен менің мына пешкамды жедің бе? Жедің. Онан соң мен былай жеп, биге шықтым. Одан кейін, міне, былай... былай... былай жедім. Әй, мақтаншақ Қожа. Ұтамын деп мақтанып едің.
— Тоқта. Менің әлі де бір биім бар ғой.
— Оның қолынан не келеді?
— Көрерміз. Сен әлі ұтқан жоқсың. Жүріс кезегі менікі ме?
Менің бір биіме қарсы Жанардың төрт пешкасы қалды. Оның да біреуі би. Ал қалғандары да енді еш бөгетсіз біртіндеп биге шығуы даусыз. Сосын төрт қара би менің жалғыз сары биімді аш бөрідей ортаға алып, тырп еткізбей бас салуы сөзсіз. Осы қатер айдай анық танылып тұрғандықтан, бірден-бір жан сауғалайтын орын — ұзақ жолға шығып кеттім.
Бұл пиғылымды түсіне қойған Жанар:
— О, қорқақ! — деп ызаландыра түсті. — Састың ба, бәлем. Сонан соң қайда барар екенсің.
— Жан-жағымның бәрі қатер, қайда барушы едім. Ұзын жолдан қия бассам, мерт кететінім сөзсіз. Сондықтан тақтайдың ол шетінен бұ шетіне ілгері-кейін сырғанап, жүрдім де отырдым.
— Бұның ойын емес, шық ұзын жолдан.
— Өз еркім. Шыққым келсе, шығам, шыққым келмесе, шықпаймын.
— Жоқ, шық ұзын жолдан.
— Шықпаймын.
— Ендеше, сен жеңілдің.
— Жоқ, жеңілгем жоқ.
— Жеңілдің.
— Жеңілгем жоқ.
— Жеңілдің. Бұдан былай мен сені Мақтаншақ Қожа деп атаймын.
Жанар екеуіміз осы арада кәдімгідей қызыл кеңірдек болып қалдық. Ол «жеңілдің» дейді, мен: «Жеңілгем жоқ, көне, ойын аяқталғанша ойнаймыз» деймін. «Ендеше, ұзын жолдан шық» дейді ол. «Шықпаймын» деймін мен. Ақыры:
— Ойнамаймын сенімен, — деп, Жанар ұртын бұртитып, дойбыны жинап алды.
— Ойнамасаң, қой, — дедім мен де есемді жібергім келмей.
Осы кезде қақпа алдындағы қара төбет арс-арс үріп барып басылды. Шиқылдап дарбаза ашылғандай болды.
— Әжем келді ғой деймін, — деп, Жанар сыртқа жүгіре жөнелді. Мен соңынан шықтым.
Қақпаға кіріп келе жатқан әжесі Жанарға:
— Ой, шыбыным, жалғыз отырмысың? — дей берді де, мені көріп: — Мына бала Қожа ма? — деп сұрады. Кемпірдің үнінде мені жаратпағандық бар еді.
— Иә, — деп жауап берді Жанар маған бұртия қарап.
— Бұ неғып жүр мұнда?
— Екеуіміз дойбы ойнап отырдық.
— Балам, бар үйіңе, — деді кемпір маған. — Жанаржан, ит қауып алмасын, шығарып жіберші.
Мен итті шабаландырып, қақпаны айналып жүрмей-ақ, шарбақтан секіріп жөнелгім келді. Мейлі, дойбыдан салуым болмаса да, тәуір физкультурашы екенімді Жанар тағы бір рет көрсін. Осындай орайы кеп тұрғанда, сондай өнеріммен болса да оған ұнап кеткім келді.
— Сау болыңыздар.
Жүгіріп келем шарбаққа қарай. Секірдім... қойсаңдаршы, адамды қырсық шалайын десе, оп-оңай ғой. Осы ара