24 Қараша, Жексенбі

Әдебиет

Бейімбет Майлин
Бейімбет Жармағамбетұлы Майлин (1894-1938) — қазақтың көрнекті жазушысы, қазақ әдебиетін қалыптастырушылардың бірі.

Қос қақпан






(пьеса)
Екі суретті пьеса

ҚАТЫСУШЫЛАР:
Жол аман.
Үкі бас.
Жәмила.
Молдаш.
Мұғалім.
Пионер.
Асыл.

БІРІНШІ СУPET

Ағаш ішіндегі алаңда мұңайып Жоламан отыр. Алдында екі ескі қақпан жатыр.

Жоламан.

Алаңсыз еңбек сіңірдім.
Тіл алғыш боп жүгірдім.
Алғы ай қысқа салпақтап,
Еңбектен басқа не қылдым?
Еңбекке толық жегілдім.
Астымен жүрдім ауырдың.
Үстіменен жеңілдің,
Суықта қандай қалжырап,
Мал соңында салбырап.
Жаннан да талай түңілдім...
Түңіліп қашан мүдірдім?
Ырысы жұғар деп едім,
Дарыған жері ед қыдырдың!
Дарыды міне: қос қақпан!..
Басылды арын, кідірдім...
Басылды арын... Жүрек дерт.
Орнады дерт болып өрт.
Ойды ашу кернейді, –
Кернесе ақыл келмейді.
Өзімнен кейде кетті ерік.
Көңілге кірді бір желік.
Дүниені талқан қылам деп,
Кейде өзіме берем серт...
Қан сасыған жалғанды,
Көбейткенше арманды,
Қаптамайды неге өрт?
Әлем неге болмайды өлік?
Жарасып жүрген күй қайсы,
Әлемге қай бір беріп көрік...
...Үш ай жүрдім Асылға,
Тай бермекші еді басында.
Тай берем деген жерінде
Ауылнай бар еді қасында.
Алғаным адал болсын деп,
Күн-түні жүрдім салпақтап,
Қарамай боран-шашынға.
Жуындысын қорек қып,
Дәм болды ма асымда!
Күл шығарып, от жағып,
Көңін күреп, мал бағып,
Екі етпедім айтқанын,
Болды ма билік басымда?
Апырм-ау, тоба-ау, не ет дейді,
Жақпадым қалай Асылға?
Жақсам мені бүйтер ме ед:
Еңбегіме бергені,
Қос қақпан мынау қасымда! ...
Қос қақпан еңбек төлеуі.
Қос қақпан байдың бөлегі.
Құдай деген адам ғой,
Еңбегімді түгендеп,
Келістіріп төл еді!..
Еңбек еске түскенде,
Шын ашуым келеді.
Шынымен мазақ болам ба?
Қос қақпанмен қалам ба?
Апырым-ау, бұл еңбегім –
Қайткенде ғана өнеді?..
Қан ағызып көзінен,
Ерік кетіп өзінен,
Миллиондаған малайлар
Қашанғы жасын төгеді!..

Таяғын артына ұстап Үкі бас қойшы келеді.

Жаман бала, жай қалай?
Кімдер болмай жүр малай...
Көне бермек бендесі,
Оңдырмаса бір құдай...

(Артына қарап.)

Топалаң келгір үркуін...
Қайда барат?.. шәй, шәй!..

(Жоламанға.)

Сені көріп келіп ем,
Күн-түн демей жұмсайды,
Өте тықақ біздің бай...
Мұқайып неге отырсың,
Келіп пе едің мұнда жай?
Келіншек аңдып жүрсің бе,
Өндірдің нағыз бірі ғой.
Секілденіп Сағынтай...
Әй, жігіттің гүлі ғой.
Жұртты аузына қаратат,
Сөйлесе шешен, пай-пай-пай!.)
Бай үйіне қонып ед,
Кеше келіп ауылнай.
Сағынтайды шақыртты
Өлең айт деп азғантай.
Соғып еді суырылып...
Ағызды сабаз тілден май!
Eкі көзі жаудырап,
Сағынтайға жылысып,
Ынтықты-ау келіп Ұмсынай...

Жоламан.

Аңқаусың-ау, Үкібас,
Ес білмейтін сен бе жас?
Еңбекті жем қып байларға,
Не болмағалы ішкен ас?
Сағынтай бір есерсоқ.
Ойлаумен күйін ісі жоқ.
Әуеленіп жүргені,
Бай көркіне болып мас.
Үйінде кәрі шешесі
Таба алмай жүр тамағын,
Қаңғырып аш-жалаңаш!
Оған неге таппайды ас,
Демейсің неге сен,– қарас.
...Бай бір жылым құдық қой.
Бай тілегі бұзық қой.
Арбағанға алданып,
Жылы сөзін малданып,
Тілеуін соның тілеген
Біздікі де қызыққой...

Үкібас.

Астапыралда, тәубе де!
Қарсы болма, қойсайшы-ой!

Жоламан.

Бай құдайдың досы ма!
Досы болса, шошыма!
Ортақ болса кедейге
Обал болар демей ме,
Жалбарынып жүргенде
Көрсеткені осы ма!..

Үкібас.

Ойбай, құдай, мынаның
Қайдан келдім қасына?..

Жоламан.

Қой, Үкібас, шошыма!
Өлдім әбден жасыла.
Құдайға да, байға да,
Демейміз тегін асыра.
Еңбекті жүрміз сіңіріп,
Маңдайдың терін сыпырып,
Обал болар десейші,
Қарап бір көздің жасына!..
Рахматы кең ғой, берер бір,
Күнәлі болма бүйтіп құр.

Жоламан.

Үкібас-ау, мынауың,
Айтылып жүрген ескі жыр.
Ескі жырдың ішінен
Көре алмаймын ешбір сыр.
Жағамын деп құдайға
Бай, апырмау, құдай ма?
Кедей болып бірігіп,
Көрсетпейміз ешбір қыр.
Тоз-тоз болып бәрі де,
Байға құл боп жылап жүр...

Үсті-басы алба-жұлба, екі шелек суды көтеріп алаңға Жәмила шығады.

Жәмила.

(Жоламанға қарап кідіріп.)
Естіп ем кетті деп...

Жоламан.

Қайтейін кетпей деді, –
Байды ұстын қып өршітіп,
Қорқып қойды құдірет...

Жәмила

«Кет» деп кімге айтпайды,
Несін оның көрдің, кек.

Үкібас.

Келін-ау, мықтап ұрысшы,
Отырмын өзін көріп жек.
Ұрысып... сезім өтеме,
Батпаса жанға кете ме...

Жоламан.

Ырас сөзің, Жәмила!
Қанша төзем десем де,
Сабырың соған жете ме?!

Жәмила.

Кім түспес дейсің бұл күйге:
Кеш пе, яки ерте ме...
Бұзауым ойбай жамырар,
Қамай салып кетіп ем
Албардағы кертеге...

Суын көтеріп, шығып кетеді... Алыстан мұңдандырып салған бала қойшының әні естіледі.

Бала қойшының өлеңі:

...Қой жайдым құла судың алабына,
Мейірім қанбай ішкен шалабыма,
Ащы әнді батар күнмен зарлатайын,
Көрінсін кешкі азандай қарағыма...
Қой бағып көтен жеген біздер қойшы,
Ұйқы мен тәтті тамақ іздер қойшы...
Қалқатай тағы болса жанға серік,
Үмітті басқа жақтан үзген қойшы...
Ел билеу, атқа міну бай мұрасы.
Енші ме... байлардың бұл қай мұрасы?
Жас өмір зарланумен өтіп барад.
Қойшы адам болған жері бар ма, ырасы...
Өкінем жас өмірдің, өткеніне,
Түлкідей бұлаң қағып кеткеніне;
Кей жерде жас көңілім алып ұшып
Ұмтылар мақсұтына жетпегіне!..
Кім білер бақ ашылып туса күнім,
Бірігіп қалқатаймен ымы-жымым;
Ерік алып ел қатарлы адам болсам,
Келер-ау кемеліне жас көңілім!..

Жоламан.

Үкібас! Тыңда, не дейді?

Үкібас.

Жас бала не демейді...
Құдайдың ісі қызық қой,
Кіжінтіп алмақ кедейді...
Баланың әні шер берді.
Көңілге бір жел берді,
Өткен күндер елестеп,
Кернеді, ой көбейді...
Қозғады келіп көне ойды...
Білсең керек, Жоламан,
Мың қойды бір жыл қоздатып,
Ыңырсыған Көлейді.
Қызыр дарып ондайға,
Аруақтар жебейді.
Көлейде дәулет шалқышы,
Тасыған судай қарқыны.
Есепсіз қонақ шұбырып,
Қона жатар әр күні...
Онда менде жаспын ғой.
Неше түрлі қызықтың
Болып жатар әр түрі.
Қаламқас деген қыз болды,
Көлей соған ынтығып,
Сөз салды мен арқылы...
Қыз – әйелдің сұлуы,
Ішті өртейді күлуі.
Мырзамызды ұнатпай,
Қиын болды көнуі...
Қайырбай деген жігіттің
Көп еді сонда келуі.
Әйел адам тани ма,
Ауыпты соған желігі.
Қайырбайдың кәдімгі
Қызға болды иелігі...
Ел Көлейді қостайды,
Бірігіп кетсе көп ауыз
Қиын ба оны жеңуі?..
Бас қосып ылғи аңдыдық,
Соңына аңдып түстік нық.
Үй сыртында біз жатсақ,
Қайырбай келіп іргеден,
Бір күні қызға дейді: «шық!»
Көре-біле басыну
Көңілге қалай болмас дық,
Бәріміз бірден жабылдық...
Әйелде де арсыз көп,
Арашаға қыз келді.
Қыз араға түскен соң,
Қиын болды бізге енді.
Екі жақтан арбасып,
Кірмейміз бе сөзге енді,
Біз айтқан соң жай-күйді,
Қыздың өңі өзгерді:
«Өтінішім – ұрмаңдар.
Жолсыздық іс қылмаңдар,
Мырзаңды жеке көрем...» –
Бізге уәде сөз берді...
Қайырбай қызға ғашық ед,
Көркемдігі басым ед...
Құдіреті маған жүрмеді,
Басқамызды басып ед.
Мен еңбекті сіңірдім,
Демеймін, сірә мүдірдім,
Көлей үшін ақырда –
Қайырбайдан алдым кек...
Қайырбай кетті зарланып,
Ел қыдырып ән салып;
«Қайырбайдың әні» деп,
Үйренуші еді бар халық...
Жаңағы ән – сол ән ғой,
Кім салмады ол әнді-ой!..
Өткен өмір қапа нық...
(Үкібас елегізіп.)
Ойбай-ау, қойым ауылға
Барып қапты тақалып.
Күн де батып барады,
Жүрмейсің бе?.. Тарқалық...

Жоламан қозғалмайды. Үкібас жалғыз кетеді.

Жоламан.

Байдың құлы Үкібас,
Құлдықпенен өткен жас.
Бай десе жанын береді,
Жаңалықпен жаны қас.
Бай шашпауын көтеріп,
Ағарған ақыр сақал, шаш.
Өлейін деп жүрсе де,
Жиренбейтін байлардан –
Болады-ау адам қажымас!..

Ақырын басып алаша Молдаш келеді.

Молдаш.

Е, Жоламан, жай қалай?
Қуды деп пе еді сені бай...

Жоламан

Қос қақпанды құшақтап,
Қаңғыдық қой, жаным-ай!..

Молдаш.

Қайғырма бұған, Жоламан,
Қақпанға байды түсіру –
Осы күні оп-оңай...
Қазірде кеңес орнады.
Кедейге тиді үкімет,
Кедейде қазір құдірет.
Ақынды бермей қорласа,
Үкіметке арыз ет:
Ақынды толық аласың,
Үкімді мықтап саласың.
Қолқасына қол салып,
Жыртасың байдың жағасын,
Жыртылса байдың жағасы,
Малайдың білер бағасын.
Аңдап басып аяғын,
Байқап жүрер шамасын.
Үкіметтің достығын,
Сүйтсе көріп нанасың!..
Бұрын байлар малайды,
Мал орнына қолданған,
Күні түсіп малайлар
Болмашы бәске жалданған.
Иек көтерсе, мәз болып,
Кебі жоққа алданған.
Алданғанның ішінде
Толып жатыр зарланған...
Қан құмар боп еңбекке
Өміріне тоймайды,
Бай да бір ит қарғалған...
Үкімет мұны ескеріп,
Малайдың ашты ұйымын.
Сол ұйым қазір басқарған,
Дау-шарды істің қиынын.
Малайды шартпен жалдатып
Демалыс күнін арнатып,
Бергізер жөндеп киімін.
Ауырса малай – бай кепіл,
Дәрігерге тегін қаратат,
Шығарып байдың тиынын...
Бірақ біздің малайлар
Әлі күнге білмей жүр,
Шарт қағаздың тиімін...
Көзін ашсын малайлар!
Езілген көптен талайлар.
Сүрінгенде қол беріп,
Сүйейтұғын ұйым бар.
Мүше болып бәріңде,
Кеңескенді қолыңа ал:
Бас біріктір, күшті қос,
Адасқанды жолға сал!..

Жоламан.

Осы айтқаның шының ба?

Мұғалім.

Есітпеп пе едің бұрында!..
Сергі, ілгері аяқ бас,
Үкімет, билік қолында!..

Жоламан.

Шын туған болса ондай күн,
Көркейтуге дайынмын!
Бай жолына құратын
Қос қақпаным қолымда...
Малайдың досы қайдасың?
Мә, қолымнан тарта бер,
Мен түстім сенің жолыңа!..

Шымылдық.

Екінші сурет

Он жылдық тойдың алдында. Жоламан сахнаға қуанышты түрде шығады.

Жоламан.

Мен кім?.. Білесіңдер ме?
Мен Асылдың малайы едім,
Мен Асылдың қамын жедім.
Күн-түн жүріп еңбек сіңіріп,
Маңдайдың терін сыпырып,
Бір сол ғана көркейсін дедім.
Ол көркейсе,
Бар мақсұтқа жеткендей едім.
Асыл менің нем еді?
Асыл ағайын еді:
«Жақын баласың ғой,
Қызмет қыла бер», – деді.
Жатсынайын ба?..
Жарайды,–деп,
Отымен кірдім,
Күлімен шықтым...
Бірақ мен –
Аңғырттық қылыппын;
Бір күні Асыл
Деді: «кет!»
Мен кеттім...
Кетерімде:
«Ақымды бермейсіз бе?»–деппін.
«Сауыңнан ауруың көп,
Екі-ақ ай қызмет еттің,
Саған бере алман
Бәрінен артық көптің.
Мына екі қақпанды ал да,
Қаранды батыр...» – деді.
Амалым бар ма,
Қос қақпанды арқалап
Елді қаңғыдым.
Елдегі малай-жалшылардың
Күйін аңдыдым.
Бәрі де өзімдей екен,
Сөйлесіп жүріп,
Үйрілтіп алдым барлығын.
Партия көсемдік қылды,
Көрсетті тура жолды.
Жарыққа бастаймын деген соң
Сендік, бердік қолды.
Үгіт жүргізіп
Онды-солды;
Ә дегенше бол май,
Биледік елді...
Кеңеске кірдік,
Коммунистермен
Қол ұстасып жүрдік.
Ұйым қанат жайып
Күшейді бірлік.
Қол теңдікке жетті,
Дабылымыз жер сілікті...
Кедей үкіметінің құдіретті екенін
Сонда ғана білдік!..
Он жылдық тойды
Қарсы алып тұрмыз.
Кедей-жалшы боп,
Қол ұстасқан бірміз.
Үкіметтің тірегі
Елдегі бір қырмыз!
Үкіметті қорғауға
Жан салып жүрміз...
Үкібас, бері кел!
Үкібас сахнаға шығады.
Үкібас.
Жазығым не? –
Жазығың көп:
Өкпеден суық өтіп,
Дерт жабысып, әл кетіп
Бір ай жаттым ауру боп.
Аурудан байға пайда жоқ,
Күн бұрын қам қылған екен
Қаңғырып жүріп өлсін деп...
Жоламан.
Солай ма?
Солай.
Жан салып жүрміз!
Жоламан.
Жәмила, бері кел!
Сахнаға Жәмила шығады.
Жоламан.
Әйелдер атынан сертіңді
Мына көпке білгіз!
Жәмила.
Жаңа тұрмыстың негізін қаласып,
Коммунизм туын – Біз де алып жүрміз!
Жоламан.
Пионер, бері кел...
Сахнаға пионер шығады.
Жоламан.
Жас үміт – болат ұлан ең,
Не айтар деп тұрмыз?
Пионер.
Ел тұманын ашуға,
Ел көгіне нұр шашуға
Әзірленіп жүрміз!
Жоламан.
(Бәріне де.)
Бірміз бе?
Бәрі де.
(Бір дауыстан.)
Бірміз,
Бірміз!..
Коммунизм туы астында
Қол ұстасып жүрміз!

Жоламан.

Тарт ендеше, сал ұранды,
Алдағы қосынға жетуге,
Қалың көшті жүргіз!

Жүре бергендерінде, екі қақпанды арқасына салып бүйірден Асыл келіп Жоламанның аяғына бас ұрады.

Жоламан.

Сен кім?

Асыл.

Мен Асылмын,
Бір кезде сені
Малай деп басындым.
Айып менде, кеш!
Аяғыңа бас ұрдым...
Жоламан.
Ә... қос қақпанбысың?
Есіңде бар ма –
Баяғы ісің?
Есіктегі малайыңнан
Көрдің бе енді қысым?
Саған рақым жоқ!
Саған кезенгенім оқ!
Енді қалған өмірде –
Сенімен түссін ісім!..

Шымылдық.