22 Желтоқсан, Жексенбі

Әдебиет

Бейімбет Майлин
Бейімбет Жармағамбетұлы Майлин (1894-1938) — қазақтың көрнекті жазушысы, қазақ әдебиетін қалыптастырушылардың бірі.

Шаншар молда






(пьеса)

Бір перделі күлдіргі пьеса

ҚАТЫСУШЫЛАР:

Шаншар молда — ескі молда, 38 жаста
Тынымбай — діншіл, аңқылдақ адам, 50 жаста.
Бай — 55 жаста.
Нағима — байдың келіні, 20 жаста.
Зағипа — байдың малайының қатыны, 20 жаста.
Әбіш — ауыл жігіті, Нағимамен көңілдес, 28 жаста.
Ахметқали, Серікбай,
Жаманбай — оқу балалары, 10— 13 жаста.
Бала көтерген қатын — 40 жаста.

Бір бөлмелі шым үй Үйдің орта белінде терезе бар. Төрде төрт қабат көрпе төсеулі; алдында кесе-көлденең бір сандық, үстінде құран. Тағы бірер сыртын тыстаған кітап; молданың пәске ораған сәлдесі, үш бала тізерлеп, қолдарында имандық, бір жапырақ қағазға жазған әліпби — ыңылдасып отыр..

Бірінші көрініс

Ахметқали. Әй,дауыстарыңды шығарып оқыңдар!

Серікбай. Сен неге оқымайсың?

Ахметқали. Мен оқымасам да білем.

Серікбай. Мен де білем!

Ахметқали. Білсең, ал, айта ғой!

Серікбай. Айтпаймын, мені тыңдататын сен молда емессің.

Ахметқали. Ойбай, «молда» дейді... Мен қазір молдекеме айтам: «Молдеке-ау, сізді Серікбай «молда» деп айтты», — деймін. Сосын молдекем құлағыңды былай ұстап тұрып бұрасын...

Серікбай. Айт, айт! Кешегі боқтағаныңды мен айтпайтын шығармын?

Ахметқали. Қашан боқтадым?

Серікбай. Кеше боқтағаның қайда. Ыбырай ағамның үйінің қасында, қызыл бұзауға міне беремін дегенде, аяғыңды басып кеткені қайда? Сонда сен: «аузыңды...» — деп боқтағансың...

Ахметқали. Иә,сорлы маңқа... Айтып қара: үйге барған соң әжеме айтып, төбеңді ойдырайын!

Серікбай. Мен де әжеме айтам!

Ахметқали. Сенің ақсақ әжеңнен қорқайын деп отырмын.

Серікбай. Сенің тыртық бет әжеңнен мен де қорқайын деп отырмын.

Ахметқали. Әй, иттің баласы!

Серікбай. Сен иттің баласы!

Ахметқали. Сенің әкең Ғали ғой — мұрнынан маңқасы ағып жүретін.

Серікбай. Сенің әкеңде жетісіп тұр еді.

Жаманбай (Ахметқалидың иығынан тартқылап). Ахметқали! Ахметқали деймін!..

Ахметқали. Немене?

Жаманбай. Сабағымды үйретіп жіберші, ұмытып қалдым.

Ахметқали. Өй, сорлы маңқа! Текке аузыңды ашып отырғанша оқи берсейші. Қане: «тисін — та, тиасын ти, ти тут... тати-то...»

Екінші көрініс

Қолында құман, малда кіреді. Балалар дұрысталып отыра қалады.

Молда (кебісін тастап жатып). Оқы, ақымақтар!.. (Балалар шулап оқиды. Молда көрпе үстіне отырып, екі тілді қамшымен сандықты тарсылдатады.) Оқыңдар! Оқыңдар!.. (Алдына кітапты ашып қойып, өзі әндетіп оқиды):

...Бақырғандан сапар қылсам.

Тауап қылғалы кәғыбаны

Барып роһина сұрасам,

Көріп қанани, маннани.,.

Оқы, ақымақтар! Неге тына қаласыңдар? (Жаманбай сасқалақтап Ахметқалиды иығынан тарта береді.) Әй, сен неге оқымай отырсың?

Жаманбай (қалтырап). Молдеке... үйретіп жіберіңізші!

Молда. Ақымақ, доңыз! Екі көзің далада, қайтып сабақты білейін деп едің? Көзіңді шығарайын ба, миың шіріген доңыз! Кәне сабағың? (Үйретеді. Бақырғанды тағы оқиды...)

Ахметқали (тізерлей сандыққа жақындап). Молдеке... Сабақ айтайын деп едім.

Молда. Кәне, айт.

Ахметқали (сасып). Әліп сінә, биге сәкін әп, жұмсынжа абжа, далға сәкін-абжат. Нисін.. һа... һа.. һ... (ұмытып қыбыжықтайды.)

Молда. Айт, доңыз!.. Неге қарайсың маған? Көзін шыққыр, мына маңдайындағы көз емес, жараның орны ғой... Әке-шешең сені оқысын деп береді, сен ойнаудан босамайсың. (Ашуланып, баланың қағазының шетінен ұстап.) Мынау не?..

Ахметқали. Ни.

Молда. Үстіндегі не?

Ахметқали. Үсті.

Молда. Не болды?

Ахметқали. Нисін ha.

Молда. Мынау не?

Ахметқали. Уау.

Молда.Үстіндегісі не? (Ахметқали айта алмай сасады.) Таштит де, доңыз! (Жаққа салып жібереді.) Таштит, мына құлағыңнан неге ағызып жібересің? (Бұрайды.) Таштит де!

Ахметқали (жылап). Таштит, молдеке, таштит!..

Молда. Бар орныңа, хайуан. Енді ұмытсаң жон теріңнен қайыс алармын. (Ахметқали жылап орнына отырады.)

Серікбай (түрегеліп). Молдеке, қажет раума?

Молда. Ә, доңыз! Далаға шыққың келіп бара жатқан шығар. Отыр, қазір шығасыңдар!.. (Өзі бақырғанға қарап біраз түнеріп отырады.) Қане, қағаздарыңды жинаңдар. (Балалар жиып молданың сандығының үстіне қояды.) Дұрысталып отырыңдар! Ахметқали, сен жат сабағыңды айт.

Ахметқали (екі қолын тізесіне қойып, көзі жұмулы). Кәпірмісің, мұсылманбысың? Алқамдолла мұсылманмын. Қашаннан бері мұсылмансың? Алмысақтан бері мұсылманмын. Сенің мұсылмандығыңда менің шәгім бар! Сенің шәгің болса, менің... менің... ме... (жаңылып сасады).

Молда (ашулы). Ә, доңыз! Осы сабақтың берілгеніне он күн болды, әлі білген емес. Ылғи ойынды айналдырады. Жат бері! (Ахметқали амалсыз, жыламсырап жата бастайды. Қамшысымен тартып-тартып жібереді.)

Ахметқали (ыршып). Ойбай, ағатай, молдекетай!.. (Өксіп жылайды.)

Молда. Шығарма дыбысыңды! Көзіңді ағызармын! Жылаудан басқа тілегі жоқ, доңыз! (Екі балаға.) Сендер шыға беріңдер, бұл қалады. (Екі бала қол қусырып, сәлем беріп шығады.)

Үшінші көрініс

Молда (біраз ойланып отырып). Мен бір бақытсыз, өзім сияқты молдалар ақшаны күректеп тауып жатыр. Олардың елінде түсім көп: күні құрғамай өлім... Менің келгеніме екі айдан асты, әлі бір тышқан мұрны қанаған емес. Қанапияның шешесі мен келгенде өледі деп жүр еді, о да жазылып кетті. Екі-үш баланың бес-он тиыннан берген жұмалығынан не өнсін!.. Бірі оңбаса, бәрі оңбайды: басқа жағынан да бақытымның ашылып тұрған жері жоқ. Күндіз-түні жалғыз басым, тіземді құшақтап жатқаным. Ешбір әйелмен сөйлесе де алмаймын... (Ойланып.) Осы Жамали кәлпе: «әйел заты сабырсыз келеді, олар өздері кісіге соқтығады», — деуші еді, сонысы өтірік пе? Маған өмірімде бір әйел соқтығып көрген емес. Өз аяғынан келіп соқтығу түгіл, өзім барып бас исемде, көнбейді. Әлде менің әйел қызығатын түрім жоқ па?.. (Омырау қалтасынан айна алып қарайды.) Мынау екі бет, азырақ солғандығы болмаса, мап-майда, мұрным да әп-әдемі, жебем белдиіп-ақ тұр; ортасы азырақ таңқияды, бірақ молда болған соң үйтпесе болмайды да. Асқа батырылса, мәкүрік болады... Бәрін қойып мына көзді айтсайшы: осы көзім сұлу-ақ емес пе!.. Қандай әйел болсада, мен дегенде еріп-ақ кетуге тиіс емес пе?.. Әлде бозбалашылықтың ретін білмей ме екем?.. Олай болғанда бірер епті жігітпен жақын болып, соны жеңге қылсам қайтер еді!..

Төртінші көрініс

Тынымбай (есіктен сәлем беріп кіреді). Молдеке, күйлі-қуатты барсыз ба?

Молда. Шүкір.

Тынымбай. Неге қыдырмай отырсыз, бүгін бейсенбі еді ғой. Әлде шаршадыңыз ба?

Молда. Иә, балалар шаршатады.

Тынымбай. Оңай ма, жас баланы оқыту — асау үйреткенмен бір есеп қой... Біздің карт марқұм жасында молда болған ғой. Сол кісі айтып отыратын: «Дүниеде бала оқытудан қиын нәрсе жоқ», — деп... Әй, ол кісілер өте керім еді ғой: балалардың қаққанда — қанын, соққанда — сөлін алушы еді... (Ахметқалиға көзі түсіп.) Ау, мынау неғып отыр?

Молда. Жат сабағын білмей қалды.

Тынымбай. Ойпыр-ай, «ырыстауын» екен ғой... Мұны енді бір жолға маған берсеңіз қайтеді?

Молда. Бұл жолы беруге болмас деймін, төрт-бес рет қалған жерінен шалдар сұрап алып еді...

Тынымбай. Ойпыр-ай, ашуыңыз қатты келген екен, болмас... Ендеше өз жұмысымды бітіріп қайтайын, асығыс едім.

Молда (елеңдеп). Жай ма еді?

Тынымбай. Әлгі жеңгеңіз бүгін толғатып жатыр ма, қалай, «басым айналады», — дейді. Соған шіріткі жазып берсеңіз екен және бойына тағатын тұмар да бергеніңіз дұрыс болар еді.

Молда. Жарайды, жазып берейін. (Қауырсын қаламмен екі бөлек қылып жазады.) Мына біреуін кесеге езіп ішкізерсіз. Мынаны бойтұмар қылып тақсын.

Тынымбай. Ә... Сонда қай жеріне нетсек екен: Оң жақ қолтығының астынан тағу керек пе?

Молда. Басына орайтын ұшқа тақса да болады.

Тынымбай (қағазды қалтасына салып, бір-екі бақыр береді). Мына біреуге батаңызды беріңіз. Жеңгеңіз аман-есен босанса, атын өзіңізге қойғызам... (Кетеді.)

Бесінші көрініс

Молда (ойланып отырып). Осы Жібек деген тәуір әйел-ау өзі: сөзге ашық. Кейде «молдеке...» деп мені қалжыңдайды. Сондайда құдайдың құдіреті тілім күрмеліп, ешнәрсе тауып айта алмай қалам. Түнеугүні Сауқымның баласына құран шығара барғанымда, дәрет алуға шыққалы жатыр ем, күмәнды беріп тұрып: «суы ыстық болып жүрмесін» деп жымиып күлді. Ішім жылып кетті, сонда да еш нәрсе тауып айта алмадым... Қой, құр сопылықтан ешнәрсе өнбес, қамымды ойлайын... (Сағатына қарап.) Бай дәретін алып күтіп отырған шығар-ау. Барып намаз оқып бермей болмас... (Сәлдесін, шапанын киіп шығады. Әбіш кіреді.)

Алтыншы көрініс

Әбіш. Ахметқали, нағып отырсың? Молда қайда?

Ахметқали. Намаз оқуға кетті.

Әбіш. Сені жібермей отыр ма? Сабағыңды білмей қалып па ең?

Ахметқали (жыламсырап). Иә...

Әбіш. Бар, үйіңе барып тамағыңды іше ғой. Мен молдаңа айтармын, ұрыспас.

Ахметқали. Ұрады ғой.

Әбіш. Ұрмайды. Ұрма дейін. Нақ қорықсаң, тамағыңды ішкен соң келе қоярсың. (Ахметқали, нанар-нанбасын білмей шығып кетеді.) Бұл жауыздың ісін қарашы: байдың маубас баласы бір күн дұрыс сабағына келген емес, оны ұрмақ түгіл, маңдайынан шертпейді; мынау зеп-зерек бала; жоқты сылтау қылып екі күннің бірінде осыны ұрады да жатады. Жұрттың, осы молда дегенде неғып ұйып кететінін білмеймін, менің молдамен қаным қас: баяғыда молданың таяғына ызаланғаннан сабақты тастап кетіп едім. Содан бері молда атаулының бұзықтықтан басқа бір жақсылығын көрмей бара жатырмын. Осы байдың үйіне жыл сайын бір молда тұрады, бірінен-бірі асып соғады. Былтырғы біреуі: «қатының ойнас қылады екен, кітаптан қарап білдім», — деп, байдың баласы мен келінін араз қылып, ақырында келіні таяқтан өлесі болды. Соның ызасы да бар шығар, әйтеуір... (жымыңдап) екеуміз көңіл қосып жүрміз. Енді, мына құзғыншы оны тағы сезіп қойып, маған көз алартатын болып жүр. Кеше, «тақсыр, қолыңды бер»,— деп жорта қолын алсам, «сенің қолың қарам ғой, қол беруге де болмайды», — дейді. Сопысынған молданың талайының сәлдесі боққа былғанып жатқанын көріп ем. Ә, құдай... (Есік ашылып Нағима кіреді.)

Жетінші көрініс

Нағима. Сен неғып тұрсың?

Әбіш (күлімсіреп). Біреуді іздеп келіп пе ең, мен кесел болмадым ба?

Нағима. Іздеп келіп ем.

Әбіш. Кімді?

Нағима. Сені.

Әбіш (жақын барып.) Ендеше мен дайын. (Құшақтап сүйеді.)

Нағима (құшағынан босанып). Біреу келіп қалып жүрер. Сенің кіргеніңді көрген соң, келіп ем, мына Шаншар молда менімен мықты араз. Келген уақытта ептеп қыңыржақтап еді, мен ыңғай көрсетпеген соң қойды. Осы күні маған ала көзімен қарайтын болып жүр. Былтырғы молда құсап шағыстырып ұрғызып жүрмесе игі еді деп қорқамын.

Әбіш. Егер бұл оны істейтін болса, мен бұған одан да жаман нәрсе істеймін.

Нағима. Не істемексің?

Әбіш. Не істесем де ырзасың ғой?

Нағима. Ырза болмай, менің аяйтын адамым ба? Бәрібір қолынан келсе мені өзіде аяйын деп жүрген жоқ. Сенің құлағыңа күн бұрын салып қояйын дегенім еді.

Әбіш. Ендеше қазір осында Зағипаны жібере ғой.

Нағима (таңданып). Оны қайтесің?

Әбіш. Ол жағын сұрама, артынан бір-ақ білерсің.

Нағима. Жарайды, жіберейін. (Шығады.)

Әбіш (жалғыз). Ел де байғұс молданы әулие көріп шұлғиды да отырады. Бұлардың істейтіні ылғи бұзықтық, қатын аңду. Бұларға не істесе де күнә емес. Шаншарды бір шаншылдырайын...

Сегізінші көрініс

Зағипа кіреді.

Әбіш. Бері кел, Зағипа, саған айтатын бір сөзім бар.

Зағипа. Е, мені неғып керексініп қалдың?

Әбіш. Байғұс-ау, өзіме керексінбегенмен, сенің жайынды ойламай жүрем бе.

Зағипa. Керегі жоқ, маған адам тауып бермей-ақ қой.

Әбіш. Керегі жоқ демесейші, бұл анау-мынаудың қолына түспейтін адам. Байы кәрі еді деп мен саған ыңғайлап қойдым.

Зағипа (қызықсынғандай). Ол кім, айтшы?

Әбіш. Қабыл аласың ба, әуелі уәдеңді бер.

Зағипа (күлімсіреп). Айтсайшы, есіте көрейін...

Әбіш (жақындап). Молда!

Зағипа (шошынғандай). Қойшы!

Әбіш. Неге шошындың? Молда еркек емес дейсің бе? Отыздың ішіндегі жігіт. Ойнап-күлуге қандай әдемі.

Зaғипа. Қой, ұят болар.

Әбіш. Жындымысың? Қайдағы ұят? Молда ұялмағанда сен не деп ұялмақсың? Байғұс-ау, бір елдің алдына ұстап отырған имамы ғой, мұнымен жақын болу қандай атақ. Ең арғысы — ол дүниеге барғанда да шарапаты тиюі мүмкін. Қане, уәдеңді бересің бе?

Зағипа. Ойлана көрейін.

Әбіш. Жоқ, кешіктіруге болмайды. Қазір уәдеңді бересің. «Мен намаздан келгенше, уәдесін алып қой» деп молда тапсырып кетті. Анау-мынау адамға мен де жеңге болмаймын, тек молда үшін ғана. Бір шарапаты тиер ме екен деп...

Зағипа (ойланып). Енді қайтейін... Бұрын істеп көрмеген нәрсем еді...

Әбіш. Уәде ғой?

Зағипа. Болсын!

Әбіш. Қолыңды әкел... (Екеуі қол алысады. Зағипа шығып кетеді.) Жас қой. Молданы құдайдай көреді. Әлде әйел біткеннің, бәрі осындай ма екен?

Тоғызыншы көрініс

Молда кіреді.

Әбіш. Ә, тақсыр, хал жақсы ма?

Молда (онша ұнатпай). Бір күйше.

Әбіш (күле сөйлеп). Жасыңыз үлкен болғанмен, заманымыз бір еді... Мен сізді сыртыңыздан билеп, бір әйелге уәде беріп қойдым, оған не айтасыз?

Молда (күлімсіреп). Қойшы?.. Қандай әйел?

Әбіш. Байдың үйіндегі Зағипа дейтін әйелді білесіз ғой. Кедейдің қатыны демесеңіз, ажары қай қатыннан болса да артық. Соның сізге көңілі кетіп жүр екен. Маған айтқан соң, мен сізбен үйлестіруге уәде бердім. Сіз қарсы болмассыз деймін?

Молда.(мұртынан күліп). Енді... Замандас деп сыртымнан билеген болсаң, амал бар ма...

Әбіш. Ендеше қазір осында жіберейін.

Молда (таңданып). Қазір.. Біреу көріп қалмай ма?

Әбіш. Маған сенсейші, қорықпа! «Ешкім жоқ» деп жанды кіргізбей, өзім қарауылдап тұрайын.

Молда. Жұмекең аулына қонаққа барайық деп бай ат жектіріп жатыр еді, оны қайтем?

Әбіш. Ат жегілгенше қаншама уақыт, оған шейін сөйлесіп, танысып қаласың ғой.

Молда (арсалаңдап). Әйда жібере ғой... (Әбіш тез кетеді) Апырым-ау, бұл Зағипа менің ойыма келместен жүр екен ғой? Әп-әдемі адам!.. Байдың келіні — Нағима одан садақа кетсін!.. Мынау өзі пысық, тәуір жігіт деп едім, ақыры ойлағанымдай шықты... Енді, қазір келген соң, былай жаныма отырғызып, белінен бүйтіп құшақтайын... (Сәлдесін алып қойып, айнаға қарап дұрысталады.)

Оныншы көрініс

Зағипа кіреді.

Молда.(жылмаңдап). Иә, рақым етіңіз!.. Бері келіңіз... Жақсымен танысу, білісу — шариғатта сауап деген... (Зағипа ұялып тұрады. Молда ұшып тұрып жанына барады.) Сізді бірінші мәртебе көргеннен сүйіп едім. Хатта түсімде де, намазға тұрғанда да ойымнан шықпадыңыз... Сізбен бір сөйлесуге құмар едім... Құдай тағала насып қылды... Иә... былай барып, отырып сөйлесейік. (Ептеп құшақтап төсегіне алып барады... құшақтап сүйе бергенде, есік ашылып кетеді. Екеуі де ойпаң-тойпаң болып, Зағипа молданың артына көрпені бүркеніп жата қояды.)

Он бірінші көрініс

Ахметқали кіреді.

Молда (сасып қалтырап). Ақымақ!.. Доңыз!.. Неге келдің?

Ахметқали (қорқып кетіп). Молдеке, жат сабағымды тыңдатпаймын ба?

Молда (ақырып). Шық, доңыз, жаныңның, барында?.. Өлтіремін!.. (Қамшыны ала бергенде, Ахметқали зытады. Есіктен кіріп келе жатқан байға соқтығады.)

Он екінші көрініс

Бай (кіріп). Әй, мынаған не жоқ?.. Жын ұрды ма? Неден састың?.. (Ахметқали шыға жөнеледі. Бай, аң-таң болып кішкене тұрып.) Кәне, молдеке, киіне қойыңыз. Ат даяр болды. Қауқымның баласы да қатты науқас дейді, сізді шақыра адамы келіп отыр. Жұмекең үйіне барған соң оған да барып дем салып шыға қайтарсыз... (Молда қалтырап, қыбыжықтап отырады. Бай түсіне алмай аң-таң.)

Он үшінші көрініс

Есіктен сасқалақтап Тынымбай кіреді.

Тынымбай. Ойбай, Молда. Молдеке жан, жүріп бақ.

Бай (шошып). Немене, жай ма?

Тынымбай. Ойбай-ау, әлгі қатын әлсіреп жатыр... Титтей жас балалардың көзжасын исе жарар еді... Молдеке, шырағым, жүріп бақ!.. (Жақын келіп қолтығынан ұстай бастайды.) Қарағым, бір ғана деміңді салып жіберші, шипасын бермес пе екен! (Aпалақтап жүріп Зағипаны басып кетеді, шошып). Әй, былқ ете қалған не?

Бай.Өне? Өне? (Төнеді. Тынымбай көрпені ашып қалғанда, . Зағипа басын көтереді.)

Тынымбай. Ойбай-ау, Зағипа ғой!.. Неғып жатырсың, түр!.. (Бай да, Тынымбай да біресе молдаға, біресе Зағипаға қарайды.)

Бай(басын изеп). Молдам, молдам!

Он төртінші көрініс

Баласын көтеріп бір қатын кіреді.

Бай. Е, артынып-тартынып қайда барасың?

Қатын. Мына жаман баламыз түнімен ұйықтамай, жылап шыққаны. Соған молдекесіне дем салдырайын деп едім.

Бай (мысқылдай күліп). Балаңа да, өзіңе де дем салдыр. Әне, көрдің бе? Зағипаға да дем салып отыр... (Қатын аң-таң боп Зағипаға қарайды.)

Шымылдық.