24 Қараша, Жексенбі

Әдебиет

Бейімбет Майлин
Бейімбет Жармағамбетұлы Майлин (1894-1938) — қазақтың көрнекті жазушысы, қазақ әдебиетін қалыптастырушылардың бірі.

Біздің жігіттер






(пьеса)

Бес перделi драма

(Азамат соғысының қызыл партизандары тұрмысынан)

ҚАТЫСУШЫЛАР:

Жалбыр — кедей, басшы. Мұқыш — оның жолдасы.
Таңсық — батырақ.
Дүйсен — мұғалім.
Есіркеп — он алтыншы жылы дарға асылған Елеместің інісі
Қaзынa — Есіркептің әйелі.
Молда.
Paқмeт — саудагер.
Ефим — бұрын осы аудандағы батырақ, майданнан қайтқан большевик.
Ақтан — жігіт аға.
Алшынбай — он алтыншы жылғы көтерілісте өлген Мұқамеджан болыстың ағасы.
Зиба — оның тоқалы.
Жантаев — алаш адамы, оқыған.
Асылбек — пысық.
Кереев — ода.
Қасен — ода.
Мұстафа — Жалбырдың он алтыншы жылғы жолдастарынан.
Боқтыбай — Мұстафаның жақын ағалары.
Ұрқия — кемпір.
Милиционер.
Елекбай — Алшынбайдың есігіндегі батырақ.

БІРІНШІ ПЕРДЕ

Алыста тәртіпсіз түрде салынған қысқы үйлер, ауылдың суреті. Сахнаның бір жағыңда үйдің сыртқы есігі. Сахнаның төр жағы дөңес. Қазына – қысқы киімде, дөңеске шығып, көзін көлеңкелеп, қарауыл қараған адамша тұр.

Қазына (шымылдық ашылған соң аздан кейін). Неге кешікті, жаным-ау? Ұзамаспын деп еді. Ұзамай қайт деп Жәкем де тапсырып еді.

Таңсық (сахнаның екінші жағынан келе жатып). Сағынып қалдың ба? Шын сағынасың ба, әй? Сағынған деген не сол. Баяғыда бір хан болған екен дейді, ханның ханшасы болған екен дейді.

Қазына (төмен түсіп). Ертегімен күн өткізетін кез бе осы?

Таңсық. Е, не бопты сонша?

Қазына. Не болмай жатыр, аз деймісің осыны?

Таңсық. Уа, қой, қорықпастан қорқып... тартып алып көрсін?! Ефим тірі тұрса, біз өлмейміз. Ефимді білмеймісің? Былтырғы сені тартып ала барғанда, бізбен бірге барып еді ғой.

Қазына (күлімдеп). «Тартып ала барғанымызда» деп адамсуын... Өзім риза боп арбаларыңа мінбегенде, көрер ем.

Таңсық. Мінбесіңе қойдық па?

Қазына. Уау дегенің!

Таңсық. Құдайшылығыңды айтшы, Қазына, біздің сол жолғы баруымыз ерлік-ақ емес пе еді? Бас-аяғы онға толмайтын жігіттің қалың елдің ортасынан тал түсте қыз алып қашқанын қайдан көріп ең? Біздің қолымыздан ғана келді ол. Өзімізді де ыза кернеп барып еді. (Күлімдеп.) Жәкемнің мінезінен мен де сау емеспін. Ашу қысқанда көзім қарауытып кетеді.

Қазына. Мақтан, мақтан.

Таңсық. Мақтан емес, шыным. Ойға алған жұмысты орындап шықпай тыным көрмеймін. Ойға алғаным орындалмаса, ыза кернеп жарылып кеткендей болам. Оңай дейсің-ау. Елеместің өлімін көріп күйінішті болып отырғанымызда, ағайындықты аяққа басып Ақтан сені тартып алам деп отырса... (Ойланып.)

Қазына, айтшы құдайшылығыңды, со жолы Ақтанға тиемін деп сөз беруің рас па еді?

Қазына (ұнатпай). Құрысын, айтпашы... Ефим қызылдың жағында ма, әй?

Таңсық. Қызылдың тап өзі.

Қазына. Жасырынып жүр дейді ғой, келгенмен не істейді ол?

Таңсық. Ол келсе ме, ол келсе...

Тыста дабыр. Сахнаға Жалбыр, Мұқыш, Дүйсен шығып, дөңестің етегіне отырады.

Жалбыр (кейіген пішінмен сахнаға сөйлей шығып). Дүйсен шырағым, сен күңкілді қой. Сенен күткенім бұл емес. Әкең марқұм кедейлігіне қарамай сені медресеге бергенде, «бізге қарағаннан да көзі ашық біреу шықса игі еді» деп екі көзім төрт боп күткен кісі едім. Кешегі он алтыншы жылдың аласапыранында бой көрсетпей бір қалдың. Жастық істеген болар деп ем. Бірақ жастық қылатын жөнің жоқ еді-ау... мен атқа мініп ер-азаматты соңыма ертіп Алшынбай тұқымына айбын көрсетсем, алынбай жүрген кектің қозғандығынан еді, «құлдық» таңбасының жанға батқандығынан еді. Алшынбайдың інісі Мұқамеджан болыс бізге не істемеп еді? Ұмытпақсың ба? Алшынбай тұқымы неге қоймайды әкіреңдеуін.

Дүйсен. Қоймауының реті бар, Жәке.

Жалбыр. Қандай рет?

Дүйсен. Мәселен айтайық, Мұқамеджан болыстың өлімін. Алшынбай мен Ақтанға, айтайық, бұл ауыр жара.

Мұқыш. Біздің жарамыз жеңіл ғой, сірә? Елеместі олар өлтіртпей отыр ма?

Дүйсен. Елемес дарға асылса, мәселен, айтайық, окружной соттың бұйрығымен асылды.

Жалбыр. Әй, не былжырап отырсың? «Елемес жазықты болғаннан дарға асылды» демексің бе? Мұқамеджан болысты өлтірткен мына мен. Мені де астырмақсың ғой дарға?

Мұқыш. Қайтесіз, Жәке.

Жалбыр (кейіп). Боқ жеген күшік. Оқымай кеткір. Көзі ашық қой, жөн сілтейді ғой десең, жаудың табанына салып бермек. Көндірерсің Жалбырды! Бұдан әлсіз күнімде де Алшынбай тұқымымен алысып өткем. Мен жемеген таяқ жоқ. Мен көрмеген түрме жоқ. (Таяғымен жерді сабалап.) Өлуге бармын, бірақ қандасқан жауым Алшынбай мен Ақтанның табанына басылмаспын! Мұқамеджан болыстың да басын қырықтырғамын (Ойланып қамығып.) Әттең Елемес сабаздың өліп кеткендігі... қанатым еді... қанатым еді... (Аздан кейін қызынып, Дүйсенге.) Сен шіркін адам болсаң, сол Елеместің елімге бұйырылғанын есіткенде, тым болмаса қоштасып қалмас па ең... мен түрмеде жаттым, мына Мұқыш түрмеде жатты.

Мұқыш. Өткенді айта беріп қайтесіз, Жәке.

Жалбыр. Әбден айтам. Айтатын жерім келді. Алшынбай мен Ақтан қолынан келсе мені үйтіп жегелі отыр... Естерінде бар ма: Елемес өлгеннен кейін тел аттың көзіндей көріп, Елеместің оң жақта қалған жесірі еді деп мына келінді өзімізге тән көрдік, келін де біздің тілегімізден шықты... Енді жұмыс бітті деп отырғанымызда Ақтан қу атқамінерлерден топ жиып, осы келінді қатын үстіне аламын деп әлек салғанын білемісіңдер?.. Енді мынау: іргеден шығарып әкетем деп бүлік салып отырғаны...

Дүйсен. Бүлік салған ешкім жоқ.

Жалбыр. Бүлік салмаса, қаладан неге отряд шақыртады?

Мұқыш. Бәсе...

Дүйсен. Шөп басы жел тұрса ғана қозғалады, өзімізден де бар шығар кінә...

Жалбыр, Мұқыш аңырып, біріне-бірі қарайды.

Қазына (шошынып, Таңсыққа). Не деп отыр мына бетсіз?

Белбеуі мықынына түсіп, тымағын қисайта киіп, алқам-салқам болып Рақмет келеді, жұрт тына қалады.

Рақмет (анадайдан күлімдей даурыға). Ассалаумағаләко-о-м!..

Жағалай қаранып Мұқыштың жанына отырады. Мұқыштан басқасы онымен шүйіркелесіп сөйлеспейді.

Рақмет (аңырап). Дүйсен мұғалім, ә Дүйсен мұғалім! Бала оқытуды қойып алғанбысың?

Мұқыш. Әй, Рақмет, Ақтанның қаладан шақыртқан отряды қашан келеді екен, білдің бе?

Рақмет. Қайдағы отряд? (Таңырқайды.)

Мұқыш. Білмегенің, ә.

Рақмет. Шорт білген бе, әңгімең менен аулақ.

Жалбыр. Астыртын ғана тыңдап жүрмін де.

Мұқыш (күліп). Рақмет, Жәкемнің сөзін естимісің?

Рақмет. Айта береді бұл кісі... Осы кісінің көңілі білсін деп тері-терсегін жұрт бәсінен артық аламын. Сонда да... (Жағалай қаранып Мұқышқа.) Әй, қане, қызыл қашарыңды сойған екенсің, терісін сат, имам ағызам саудасы, беретін жерінді айт.

Мұқыш. Елу сом.

Рақмет. Әкел қолыңды... жиырма бес сом... қайырын көр.

Мұқыш. Болмайды.

Рақмет. Қайырын көр деймін... Қане, ертеңгі сауда...

Қазына мен Таңсық дала жаққа қадала қарайды.

Қазына. Келді, келді.(Жайраңдайды.)

Таңсық. Қасында біреу бар.

Рақмет. (елеңдеп). О кім әй?

Мұқыш (оны сөзге айналдырып). Кім екенін қайтесің, қане, саудамызбен болайық, беретініңді дұрыс айт.

Рақмет (елеңдеп). Тоқташы!

Мұқыш (өжеленіп). Қане, алатын болсаң тез ал, әйтпесе қазір қалаға жүретін кісі бар, содан беріп жіберем.

Сахнаға Ефим мен Есіркеп шығыпты. Жұрт «Ефим!» –деп шу ете түседі. Есіркепті Қазына қарсы алады. Ефим жағалай амандасады.

Ефим (Қазынамен амандасып тұрып). Е, келіншек, күйеуіңді биыл бір жылға деп алып қалып ең, енді қайтер екенсің?

Қазына. Қосып берем қасына.

Ефим. Шын айтамысың? (Кейін бұрылғанда Рақметті көріп.) Түу... Өздерің... саудагер де іштерінде...

Жалбыр. Бізге бәрі үйір ғой. Қане, үйге жүр.

Бұлар үйге беттегенде, Рақмет те ұмтылады.

Жалбыр (Мұқышқа). Әкет ана итінді!

Мұқыш (тез ұмтылып, Рақметті иықтан ұстай алып). Тоқта, саудамызды бітірейік.

Рақмет. Қазір, қазір...

Мұқыш. Құрып қалғыр, жүр бері. Шаруамызбен болайық.

Рақмет (үйге сүйрелеп). Тұра тұршы әй, қазір деймін.

Мұқыш Рақметті сүйрегендей қып әкетеді. Сахна аз-кем бос. Самаурын көтеріп үйден Қазына шығып тұтатады.

Қазына (аздан кейін ойланып). Әлгі сөзді шын айтты ма Ефим? Шынымен ертіп әкетпекші ме? (Ойланып.) Бәтір-ау, онда қалай болғаны? Мен қайтпекшімін сонда?

Ағаш ұстап отырып, аз-кем ойланып ән салады.
Мен қалқаның ұстадым етепнен,
Қалмаймын деп серт бердім жетегінен.
Қалқа жоқта қайғының бұлты торлап,
Жасаған, қандай болып өтеді күн?
Сұр шекпенді кимек пе мылтық асып?
Алыспақ па жауымен қарсыласып?
Неге жүрек қобалжып қорқа беред,
Неге осы үрейленем түсім қашып?

Өлеңнің соңғы ауызы айтылғанда Есіркеп үйден шығып, бірге қосылып айтады.

Қазына (жалт қарап). Сен екенсің ғой.

Есіркеп (Қазынаны құшақтап). Тағы салшы әнге.

Қазына. Не деп?

Есіркеп (күлімдеп).

«Сен жорықта жүргенде
Мен тосамын жолыңды», – деп.

Қазына (шошына қарап). Шын айтамысың? Шын кетпекпісің?

Есіркеп (күрсініп). Кетемін, Қазына, онсыз болмайды. Үйде тыныш отырғызбайды. Одан да қызылға әскер боп, Ақтанмен алысып өтем!

Қазына. Мен ше? Мен қайтем?

Есіркеп. Сенбе?.. 

Дауыс (үйден). Есіркеп! Уа, Есіркеп!

Есіркеп кетеді. Қазына мұңайып тұрып қалады. Аздан кейін мұңайып ән салады. Сахнаға Ақтан шығады: қима ішік, түлкі тымақ, ұзын мұрт.

Ақтан. Ақын келін, амансыз ба?

Қазына (селт етіп, көпке). Сұмдық-ай,мына қарабет қайдан келіп еді?!

Ақтан. Сыпайылық қып сырыңызды білдірмеймін десеңіз де, жүрегіңіздің, жаралы екенін сездім.

Қазына. Сезгеніңізбен сізден емі сұралмас.

Ақтан. Бәлкім сұралып жүрсе... (Қазына үйге кете берем дегенде.) Ay, келін, тоқтаңыз.

Қазына. Не айтпақсыз?

Ақтан. Адам көрмеген ауылдың адамындай сырыла жөнелмеңіз.

«Қорықпас келін қорқады қой басынан,
Қанша жәбір көрді екен жолдасынан?
Жазығым – жасым үлкен қайнағаңмын,
Кеммін бе қыз күндегі ойнасыңнан», –

деп Тілеу ақын айтқандай...

Қазына. Дұрыс айтасыз.

«Қайнаға ойнар қартайса келінімен,
Не табады көкіректің сенімінен?
Өңкиіп өгіздей боп өксіп өмір,
Қара бет, ұялсаңшы өлімінен! –

дегенді сіз де есіңізде сақтаңыз.

Ақтан. Сұлу келін, сыпайы сөзіңіз бұйырмады ма?

Қазына (кете беріп). Сізге арнаулы сақтаулы сөзім жоқ. (Кетеді.)

Ақтан (тістеніп тұрып қалады. Аздан кейін). Өр көкірек әйелді жеңіп, өктемдік еткен өмірден қызық не бар екен? (Ойланып, күлімдеп.) Ол күн де ұзақ емес... Құтылмас менен! (Қатуланып.) Бұл келінді тоқалдыққа алмай, кегім кетпейді менің. Қалқаман тұқымының қара тобыры Мұқамеджан сияқты бекзатымды өлтірді! Бұл – мен сияқты жігіттің сүйегіне таңба. Мені адам қылған Мұқамеджан. Мен Мұқамеджанның кегін алуым керек! Өзгеріс боп, патша тағынан түспегенде, Қалқаман тұқымының бірін қалдырмай қырдыратын ем – әттең дүние!.. (Басын шайқап тұрады.)

Сахнаға Рақмет пен Ұрқия кемпір шықты.

Рақмет (асығыс). Ұрқия деймін, бар да отырып ал, сүйреп тастаса да шықпа, тыңда да отыр сөздерін.

Ұрқия. Беу, дарылдақ-ай, декпірімді жаңылттың-ау. (Күлімдеп.) Тапсырғаныңды орындамаған жерім бар ма еді? (Кетеді.)

Рақмет (Ақтанды көріп). Ау, Ақтан-ау...

Ақтан. Не бар?

Рақмет. Құдай ұрыпты, Ефим әлі тірі екен!

Ақтан (шошып). Не дейді? О қайда?

Рақмет. Тап осы үйде. Мұқыш деген ит мені қақпалап, сөзін тыңдатпады... ау, биыл ұстатқан жоқ па еді? Атылды деп жүр ең ғой.

Ақтан. Тәйт!.. Ие бол аузыңа... Ол тірі. Аласапыранның түрі мынау... Жаман айтпай жақсы жоқ, ертең бір күн ол үкімет басына мініп жүрсе... Оған Жалбыр... қосылса... Жалбыр, ә?.. (Ойланып тұрып, кенет шетке қадалады.) Тоқта... е, е... шаналы... пар жеккен... салт атты... Рақмет, Рақмет! Сонау шошиғаны мылтық емес пе?

Рақмет (арсалаңдап.) Мылтық... мылтық... солар.

Ақтан (тасып). Е бәсе, сабаздарым!.. Келді ме?.. Жүр, алдынан шығайық.

Екеуі асығып кетеді. Сахна бірсыпыра бос. Ақтандардың кеткен жағына қарай түсіп, үрейленіп Мұқыш келеді.

Мұқыш. Пар жеккен... сонау бір шошиғаны... Ақтан иттің дедеңдеуін... (Дауыстап.) Есіркеп!.. Есіркеп!.. (Есіркеп шығады.) Мына біреулер: аттылы, шаналы... әне, Рақмет соғылған бөркін алып шұлғып жатыр.

Таңсық (үйден шыға). Ө не, әй? (Ода қарайды.)

Есіркеп. Құдай ұрған екен: бұл ақтың, әскері.

Үйден Жалбыр, Ефим, Дүйсен, Қазына шығады.

Бәрі. О не, о не?

Мұқыш. Мына біреулерден шошынып тұрғанымыз. (Бәрі де қарасады.)

Ефим. Е... кәдімгілер... сайтандай кездесуін. Енді қайттік?

Мұқыш (Есіркепке кейіп). Бейғам отырсыңдар. Ақтан мен Рақмет жап-жаңа осы үйдің маңынан кетіп барады.

Дүйсен. Бәсе!..

Есіркеп (Қазынаға). О қалай, Қазына, бөтен кісі демеп пе ең? (Қазына сасып төмен қарайды, басқалардың назары соған ауғандай болады.)

Таңсық. Ойбай, бері қарай беттеді. (Жұрт селт етіседі.)

Мұқыш. Қой, әрі кетіп барады.

Есіркеп (Қазынаға төніп). Қазына, түсіндірші, неге жасырдың?

Қазына. Сәулем-ау...

Есіркеп. Жоқ, шыныңды айт!

Жалбыр. Есіркеп, тиме келінге!

Ефим. Жәке, қалай болар екен?

Жалбыр. Бұл келген анық ақтың әскері болса, тез жөнел.

Ефим. Дұрыс, ат әзірлеңдер... Кім ереді маған?

Аз тым-тырыс.

Есіркеп. Мен ерем!

Жұрт Дүйсенге қарайды. Ол төмен қарайды.

Таңсық. Менде!

Жалбыр. Дүйсен, сен ше... (Дүйсен үндемейді. Жалбыр қызып.) Ерттендер аттарынды! Елуге келген жасымда өзім-ақ аттанамын.

Мұқыш. Мен қасыңызға еремін, Жәке.

Жапа-тармағай кетіседі. Сахнада Дүйсен мен Қазына

Қазына (қамығып). Жасаған-ау, сол қарабетпен сөйлескенімді ұялып айтпаймын деп адал ойымды арамға шығарып алғаным ба? Енді не деп сендірем?

Дүйсен (күрсініп). Даурыққан жұрт... яғни мәселеден айтайық, өлерін білмеген-ақ жаман... тым болмаса, айтайық, осы аласапыранда бас сақтау керек емес пе? Жақсылығы болса, айтайық, түбінде ешқайда кетпейді ғой.

Сахнаның бір жағынан Таңсық ер-тоқым көтеріп шығады.

Дүйсен (ұмтылып). Әй,қайда апарасың ерімді? Таста!(Бара жармасады.)

Таңсық. Тастамаймын. Мен соғысқа баратын адаммын.

Дүйсен. Қой, қой, қой... Менің міндетіме барма. Бері әкел. (Таңсық ашуланып, ер-тоқымды лақтырып жібереді.)

Есіркеп (асығыс шыға кеп). О не?

Таңсық. Мынау Дүйсен ер-тоқымын қимай тұр.

Есіркеп. Қимаса, жалынбақпысың? Өлсең ешкімге зияныңды тигізбей өл.

Мұқыш (шыға кеп). О не?

Таңсық. Мына Дүйсен...

Мұқыш. Е, Дүйсен, «айырылар дос ердің артқы қасын сұрайды» болды ма?

Алыстан мылтық даусы естіледі.

Жалбыр. Болсаңдаршы... (Мұқыштарды көріп.) Не болды?

Мұқыш. Мына Дүйсен інің...

Жалбыр (жағалай қарап алып). Қалқаман тұқымы, біріңді қанат, біріңді құйрық көріп, күндердің күнінде қандай қамал болса да бұзармын деуші ем. Білдім, ішімізде де шіріген жұмыртқа бар екен. Дүйсен шырағым, талай тар кезеңдерде қанатың шарпылмай келіп ең, әлде де амалдамақ шығарсың, жолың болсын! Біз тендікті найзаның ұшымен, білектің күшімен аламыз деп жүргендерміз. Арамдарың осы бастан арашалан. Адалың соңыма ер! Ефим, баста!

Бұлар жөнеле береді.

Қазына (Есіркепке). Сәулем, мен қайттім?

Есіркеп қатуланып қарамайды. Дүйсен салбырап тұрып қалады. Қазына жылап, әлсіреп, босағаға сүйеніп тұрып өлең айтады.

Өркөкірек – өлімге қарсы шапқан,
Жауын көрсе жасқанбай дабып қаққан,
Сансыз көптің ішінде үркердей боп,
Жолдасыңды сайлап ап салдың: «аттан!»
Жау бетінде мен қалған жетім қозы,
Кіжінгеннің кек алар келді кезі.
Абайсызда Ақтан жау арапшы боп,
Сәулемнің қатты батты-ау ақтық сөзі...
Алыстан мылтық даусы естіледі.

Қазына (шошынып). Мылтық... мылтық... соғыс... сәулем!

Жылаған күйі жүгіреді. Мылтық, айғай-шу.

Дүйсен (бірсыпыра тыңдап, саябырланған кезде). Басталды... (Күрсініп басын шайқап.) Жалкі... жалкі... маған жігіттер жалкі... Қайтерсің, айтайық, надандықтың кесірі...

Дүйсен сахнадан шыға бергенде, шымылдық түседі.

Шымылдық.

ЕКІНШІ ПЕРДЕ

Алыста кентше салынған үйлердің суреті. Сахнаның бір жағында төбелі ағаш үйдің қалқанды есігі, решетка, баспалдақ. Оған таяу сарайдың темірлі есігі... террастағы орындықта қаптал ішікті жамылып, бурыл сақал, денелі кісі Алшынбай таяққа сүйеніп отыр. Ақтан решеткеге сүйеніп, жерде тұр. Шымылдық ашылғаннан кейін алыста атылған мылтықтың бірнеше рет даусы естіледі.

Алшынбай (аздан кейін). Ақтан, қаршадайыңнан баулып қалың топқа қосып ем. Мұқамеджаннан соңғы көңілге медеу, арқаға сүйеу көретінім сен ең. Сендер сау тұрғанда– ақ дегенім алғыс, қара дегенім қарғыс болар деуші ем. (Күрсініп.) Болмады: былтырғы көтерілісте Мұқамеджанды жазым қып алдық! (Басын шайқап.) Бейғамдығымыздан болды, сақтанбадық. Айтпап па едім сонда – әскерге арқа сүйеңдер, қарсы келгенін аямаңдар деп... елдің жайы маған мәлім, өткен өмір алысумен келем осы елмен, қорықса ғана сыйлайды бұл ел. (Алыста мылтық даусы.) Тізеңді неғұрлым батыра түс, үрейін ала түс. (Алыста бірнеше рет мылтық даусы.) Оны өршітпей өшір. Жалбырдың көзін жоймай бізде тыным жоқ деп ем, есітемісің? (Алыста мылтық даусы.)

Ақтан. Әлшеке, аруақжар болса, әлде де дегенімізді орындап шығармыз, налымаңыз.

Алшынбай (шіміркеніп). Түбінде орындағаныңды қайтейін, отаныма ойнақ салдырған соң... бір ақырғанда жым болатын Жалбырды төбеме секіртіп... Шіркін... намысың жоқ. Қандықол адамымыздың жесірі еді, Елеместің жесірін Жалбыр тобына иемдендірме деп құдайдың зарын қылдым, ағайын ауанына қараймын деп одан айырылдың, шоқтығын көтердің Жалбырдың.

Ақтан. Айырыла қоймаспыз, Әлшеке, үміт бар.

Алшынбай (ұнатпай). Тәйт әрі, су татыған сөзді есітпесем екен. (Сахнаның түбіне қадала қарап.) Әй, Елекбай! Атаңа нәлет-ау, мана айттым ғой: сонау бір жерді күреп таста деп... алғаны ас болмағыр... (Кенет ашуланып.) Неге ұрасың малымды? Неге ұрасың деймін малды...

Таяғын сүйрей жөнеледі. Аз тыныс. Үйден Зиба шығып, террасға тұрады. Алыста мышық даусы. Зиба елеңдеп тыңдайды.

Зиба. Сол ма?

Ақтан (күлімдеп). Сол.

Зиба. Сабазым, сіңіріп жүр екен еңбекті.

Ақтан. Сен тапсырған соң жанын аясын ба?

Зиба (күле қарап). Тік мұрт-ау, о не дегенің?.. Қызғанғаның ба?

Ақтан. Қызғансам айып па?

Зиба. Айып демеймін, бірақ... (Aз тоқталып күрсініп.) Өзгені де өзіндей көр: намысқа шаптым деген боп Қазына келініңе қол артқалы жүрген жоқсың ба?

Ақтан. Оның жөні басқа ғой...

Зиба (сілкініп). Не қылған басқа? Алатының шын болса, әкеп бер маған, күндікте шірітейін.

Ақтан. Ол тілегің де орындалар. Немен ақтар ең сонда еңбегімді.

Зиба. Немен ақтар ең дейсің бе? Әлі де ақталған жоқ па.

Екеуі бірсыпыра бір-біріне күлімдеп қараумен тұрады. Асығыс Рақмет келеді.

Ақтан. Зиба. Не болды? Ұсталды ма? Тегіс пе? Рақмет (ентігіп). Жалбыр ит... оқ қағары бар шығар деймін. Солдаттар оқ дарыта алмай... Сосын біреуінің мылтығын алып басып-басып жібердім.

Ақтан. Зиба. Е, өлді ме? Рақмет. Жалбыр өлер ме...

Аз тыныс.

Ақтан. Ұсталғаны бар ма, сірә?

Рақмет. Есіркеп пен Ефим қолға түсті.

Зиба. Сойқан-ай, Жалбыр итті тағы жайрата алмағандарың...

Сахна сыртыңда шаңқылдаған дауыс.

Дауыс. Бері, бері... Бері алып жүріңдер... сволочтарды.

Зиба. Әкелді білем. (Орнынан тұрады.)

Сахнаға Жантаев шығады: офицер киімді, ұзын мұрт, қолында наган. Мұның артында Ефим мен Есіркеп: киімдері дал-дүл, беттері қан, қолдары артына байлаулы. Екі солдат, қазақ жігіттері.

Жантаев (Зибаға честь беріп). Құрметті жеңге, разрешите, сарайыңызға мына бір падлецтерді қамай тұруға.

Зиба. Сіз айтқан соң... (Террастан түсіп, сарайдың есігін ашып жатып.) Құдай-ау, құритын күні болар ма бұл топырдың?

Есіркеп. Кімнің құрығанын кейін көрерміз.

Зиба (шошына қарап). Бетім-ай, тілін көрдің бе, тілін! Ефим. Несі бар, сенікінен сорақы боп па?

Жантаев (наганына ұмтылып). Малшайт,сволочтар!..

Сарай есігі ашылған соң солдаттар Есіркептерді қамап, есікті жабады. Бір солдат есікке күзетке тұрады.

Жантаев. Отанымыздың ең сенімді гражданы Ақтан Жолбасаров мырза, мен сізге, сіңірген еңбегіңіз үшін, «алаш атынан алғыс айтамын, һәм және бұдан былай да ел ішіндегі большевиктермен қатты күресуіңізді сұраймын. һәм және сіздің атыңызды «алаш» тарихына алтынмен жазуға уағда берем...» (Ақтанның қолын ұстайды. Содан кейін Зибаға бұрылып.) Құрметті жеңге, разрешите сізді подрушке алуға... (Зибаның қолтығына жабысады.)

Зиба (Ақтанға қарай түсіп). Ойбай-ау, мұнысы не еді?

Жантаев пен Зиба қолтықтасқан күйі террасқа шығады. Ақтан решеткеге сүйенеді. Албар жақтан Алшынбай шыға келіп, әйелінің Жантаевпен қолтықтасқанын көріп, аңырап тұрып қалады. Сахна сыртында зарланған әйел даусы.

Дауыс. Сәулем! Қайдасың? Бармысың? Тірімісің, сәулем?

Зиба (селт етіп Жантаевқа). Сабыр етіңіз, сұлу келіншекті көрсетейін.

Жантаев. Алқынған жүрегімді әркімге бір ұсынып әурелемей-ақ...

Зиба (назданып). Қойыңыз деймін, шалым естіп жүрер.

Зарлап, сасқалақтап сахнаға Қазына шыға келіп, алдындағыларды көріп үрейленіп, аңырап тұрып қалды.

Ақтан (мысқылдай күліп). Келіңіз, келіңіз...

Зиба (шіміркеніп). Қой әрі, келіңіз деп ардақтамай... секіртпе күңді басыма!

Қазына (селт етіп қайраттанып). Адуындап айға шабам дей берме, күнім туса, секіргенді сезбей де қаларсың!

Зиба (қалтыранып). Бетім-ай, мына күң не дейді?

Жантаев. О кісінікі жан есірігі, жеңгей, бері жүріңіз.

Жантаев пен Зиба үйдің есігін аша бергенде шымылдық жабылып, аздан кейін қайта ашылады. Сахнада отырғандар: Алшымбай, Боқтыбай, жұпыны киінген шал, Ақтан, молда, Асылбек – мұртты, сыпа киімді жас жігіт, Мұстафа – жұпыны, орта жаста. Рақмет, Дүйсен.

Сахна сыртыңда Қазынаның зарланып салған әні.

Асылбек. Солай де... соғымын сүйреп салып, өзі сытылып кеткен екен Жалбыр... he-he-he...

Ақтан. Қашанғысы емес пе?

Мұстафа. Жалбыр қолынан ұстап бермеген болар, құрулы торға қылар амалы қайсы?

Ақтан (шатынап). Ау, мынау, сау ма өзі?

Асылбек (мысқылдай күліп). Былтырғы Жалбырға ергенді есіне түсіп отырған болар, ескі досы ғой.

Боқтыбай (ежірейіп Мұстафаға). Әй, батыр қараңды!Көрерсің бірдеме.

Алшынбай. Сабыр етіңіз.

Боқтыбай. Жоқ, отырғызбаймын бұл итті! Дұрыстыққа келген жоқ бұл.

Мұстафa (дayсын есіттіре). Алжыған күшік... Айдап салғанға мәз боп...

Боқтыбай. Алда ғана ит-ай... (Таяғын ала ұмтылам дегенде, Ақтандар жібермейді.) Жібер деймін, Ақтан, жібер! Өлтіремін бұл итті! Қаны бұзық малғұнды...

Ақтан. Боқа, Боқа... сабыр, сабыр... (Мұстафаға.) Сен бара тұр.

Мұстафа. Неше сырыңды тасып ем, сезіктенбей айта бер.

Боқтыбай. Әне, көрдің бе? Жоқ, жібер деймін, жіберші! (Боқтыбай жұлқынғанмен басқалар жібермейді.)

Аз тыныс.

Асылбек. «Бітер істің басына – жақсы келсін қасына» деп... шалдар, бастарыңыз құралды, мұның жөні қалай болады? Қораны ойраңдап, қотанды шуылдатқан тілазар тентектер еді, осы бойымен қарасы батсын дейсіздер ме, жоқ, қазақтың қазақшылығы болушы еді, кәделі жолы болушы еді, тентегімізді өзіміз тыяйық деп босаттырудың қамын іздейсіздер ме?

Ақтан. Істің кілті өз қолында тұрғандай-ау, Асылбек.

Асылбек. Жантаев төре де бөтен кісіміз емес. Шалдар ауқым істесе, бұдан ірі жұмысты да Алшекеңнің аруағына байлап кетпей ме?

Аз тыныс.

Алшынбай. Боқан не айтар екен?

Боқтыбай (ашулы). Қалқаман тұқымының, бүлігіне кесе түсем деп ағайынға талай өкпесі болған. Күл болмаса, бүл болсын, кіріспеймін!

Молда. Өй, имандым-ай... баруакалла. Боқандікі дін сөзі.

Алшынбай. «Тентекті тентек десе, бөркі қара қазандай болады» деп, бетімен кеткендердің сойқанды содырына кездесіп отырғанымыз жалғыз бұл емес. Бірақ қашан да болса, ағайын ымырасынан шығып көргеміз жоқ. Он алтыншы жылы осы Жалбыр бастаған бұзықтар менің інім Мұқамеджанды өлтірді.

Мұстафа. Ескі кектің білтеленгені – істің бітпегені ғой. (Алшынбай Мұстафаға ажырая қарайды.)

Алшынбай (аздан кейін). Кек сақтамаймын. Құдайы көрші еді. Қолдарыңнан келсе, босаттырып бағындар.

Асылбек. Дұрыс!

Молда. Ой, имандым-ой... Алшекемдікі дін сөзі.

Асылбек. Ақтан, төреге сен жолық, шалдардың сәлемін айт. «Құр аяққа бата жүрмес» деген, Дүйсен мен Мұстафаны ертіп, мен орамал-шарпысын дайындайын.

Ақан үйге кетеді. Мұстафа мен Дүйсенді ертіп Асылбек сахнаның екінші жағына шығады. Шалдар сахнаның түбіне қарай кетеді. Сарай алдында күзетші солдат. Сәуле бәсең тартып, түнге айналады. Қазына келеді. Сахнаның шетінде тұрып, сарайға қарап, мұңайып сөйлейді.

Қазына. Қайтейін, менің қолымнан не келсін! Жалынбаған адамым жоқ, әйтеуір бір осы үшін... (Ойланып.) Апырм-ай, манағы сөзді тым қатты айтты-ау... Әлі сенбей ме маған? Етегінен ұстап келсем де? Ел болып азғырып «Ақтанға ти» дегенде де, бір осының көңілі үшін...тілегім осы болды да... (Мұңайып жыламсырап ән салады).

Кигенім басымдағы кәмшат бөрік,
Жан қалқа, жалын болдым сені көріп,
Мен сендік, мені бұзар қандай адам?
Тұрғанда тәнде жаным, басымда ерік...

Сахна артында дабыр дауыс. Қазына тыңдай қалады. Сахнаға: Асылбек, Дүйсен. Мұстафа шығады.

Асылбек. Сен жөнге кеш, Мұстафа. Шатаққа салсаң, Есіркептен айрыламын. Орамал шаршы мінсіз ғып берейік, әлде болса жия түсіңдер, толықтырыңдар. Ал мен төренің сыңайын байқай тұрайын...

Ақтан үйге кіреді. Мұстафа мен Дүйсен үйіріліп тұрып қалады. Елеңдеп Қазына бұларға жақындайды.

Мұстафа. Ал, Дүйсен мұғалім, әшейінде қақсайтын «меллат», «ұжданыңды» осы жерге жұмсап көр. Мына Жантаев офицерің Алшынбайдың туған бөлесі. Алшынбайдың көңілі адал болса, босаттырсын тегін! Қолдан келмеске омбылатпасын бізді.

Дүйсен. Оныңыз сөз емес, қалай түсінбейсіз, апырм-ау? Мәселен, айтайын, бұл ұсталып отырған большевик болса, оны ұстаушы, айтайық, алаштың офицері болса..

Қазына (Мұстафаға). Бірдеме берсе босатам дей ме?

Мұстафа. Әлімізден келмейтінді сұрап отыр, келін.

Қазына. Қайнаға-ау, босаттырып бақсаңдаршы... (Жыламсырап.) Барымызды алсын да, босатсын! Мә, бірін қалдырмай берейін... (Қолындағы сақиналарын, білезігін, сырғасын, шашбауын– бәрін жиып Дүйсенге береді). Сәулемнің жолына садақа, тек сол босансын!

Дүйсен (сақиналарды ұстап тұрып). Түсінбейсің, Қазына, мәселен, айтайық, осыған босатар ма?

Қазына. Қайтейін, жаным-ау? Барым болса мен соның жолына аярмын ба? Ана жалғыз мөшкені сатып, соның ақшасын беріңдер.

Сахнаға Рақмет шыға келеді.

Рақмет. Сиыр сататын кім, әй? Есіркептің қара сиыры емес пе?.. Қане, қайсың қожасың, имам ағызам саудасы, беретін жерінді айт.

Мұстафа (Рақметке бажырая қарап). Тамұқтың бары рас болса, соның нақ түбінде сен жанарсың ғой.

Дүйсенді ертіп Мұстафа үйге кетеді. Рақмет өз бетіне кетеді. Қазына сабырсызданып сахна шетіндегі ағаштың түбінде отырады, мұңайып ән салады... Үйден леген көтеріп Елекбай шығып, терраста тұрады: жыртық етік, тері шалбар, жамаулы тон, орта жасты кісі.

Елекбай (дауыстап). Құтпан, Құтпан, кә, кә!.. Құтпан!.. Құтпан!.. (Аз бөгеліп.) Ит екеш ит те иесіне тартады, маңызданып келмеуін қарашы. (Легенді әрірек апарып төгіп, қайтып келе жатып, Қазынаны көріп.) Келінбісің? Ой, қарағым-ай, сорың қайнады-ау... (Елекбай үйге жақындай бергенде, Дүйсен оған қарсы шығады.) Дүйсен-ау, жұртшылық істеп жатырсыңдар ма? Обал болды ғой сорлыға... Жап-жас бала еді.... Елеместің дарға асылғаны анау. «Тастаған шоқпар сорлыға тиеді» деп...

Дүйсен (Елекбайға бажырая қарап). Осыдан бірдеме түсінемісіз, айтыңызшы құдай үшін?

Елекбай. Түк түсінбеймін, қарағым.

Дүйсен. Түсінбесеңіз, аузыңызға ие болыңыз. Сіз түгіл мен де түсінбеймін. Өзгерістің бастапқы кезінде бұлдыр бірдемені сезетін сияқты едім, одан да айырылдым. Көз тіккен құрылтайымыз жоққа шықты. Жұрт бет-бетіне түйе айдады... Осындай кезде, яғни, мәселен айтайық, бас сақтаудан артығы бар ма? Дұрыс емес пе осыным. Міне, түсінбесеңіз осылай...

Дүйсен Қазынаға қарай жүреді. Елекбай аузын ашып, аңырып тұрып қалады.

Елекбай. Осы баланың сезіне өмірге түсінбей-ақ барам.

Қазына (елеңдеп Дүйсенге қарсы ұмтылып). Не болды? Босата ма?

Дүйсен. Ал, түсіндіріп көр осыларды? Босанушы ма еді Есіркеп. Атақты большевик Ефиммен жолдас болса, өзін ақтың адамы ұстап отырса, босата қояр оңайлықпен...

Қазына. Ұстап отырған «алашыңның» адамы емес пе? «Алаш» дегенде таңдайың тақылдамайтын ба еді? «Төбемізді көкке жеткізеді», – дейтін ең ғой, осы ма жеткізгені?

Дүйсен. Ал, түсіндіріп көр осыларды? Түсінбейтін мәселесіне жабысады барып, тоба-ау...

Кетеді.

Қазына. Дүйсен! Дүйсен! (Дүйсен қайта оралады.) Ағайын ымырасы деп күн ұзаққа шулағандарыңның аяғы мәлім болды. Енді түңілдім. Жәкемнің сәлемін айтайын, тыңда.

Дүйсен. Қандай?

Қазына. Әлгіде Таңсық келіп кетті жасырын. Жәкем былай депті: «Ел жатқанға шейін Есіркепті босатпаса, Дүйсен бізге хабар тигізсін»,–депті, «Бүгіннен қалса, қолымыз кесіледі. Ақтанның жіберген әскері соңымыздан қалмай тықсырумен келеді», – депті. Атыңа мін, қай жерде жатқандарын айтып берейін.

Дүйсен (шошынып). Қо-қой, атама... (Жан-жағына жалтақтайды.) Енді менің басымды жұтпақпысың? Аулақ, аулақ.. (Кетеді.)

Қазына (аңырап). Бетсіз!.. Бетсіз!.. Осыны да еркек деп... Ой құдай-ай, неге жаралдым екен әйел болып? (Ойланып.) Әлде өзім кетсем бе екен? Бәсе, неге бармаймын өзім? (Кете беріп, қайта бұрылып сарайға қадалады.) Өзім жоқта жазым ғып жүрсе, істемейді дейсің бе бұл қара беттер... Құдай-ау, енді қайттім?

Не қыларын білмей сабырсызданып тұрады. Сахнаға Ұрқия шығады.

Ұрқия. Айналып кетейін, келін-ай, жылаумен көзің ойылды ғой! Қайтерсін (Жылайды.) Ақтан қарабеттің ісі ғой. Есіл Есіркеп қарағым-ай. Жалбыр қақпастың кесірі ғой. Қашанғы әдеті оның. Он алтыншы жылы Мұқамеджан болысты өзі бауыздап өлтіріп, жаласын Елемеске жапқан ғой. Ол қақпас па – ол қақпас... Көрмеймісің: өзінің бас амандап қашып құтылғанын. Шалым кейіп отыр: «Жалбыр ит тым болмаса дерегін білдірмеді-ау, Есіркепті қайтсекте босатар ек», – деп...

Сырттан Елекбай келіп, террасқа сүйеніп, бұларға қараумен тұрады.

Қазына. Шын ба осы кемпірдікі? Айтсам ба екен осыған? (Дағдарып.) Жасаған-ау, енді қайттім?.. (Жылайды.)

Ұрқия. Жыламашы, қарағым! Сен жыласаң, сай-сүйегім босайды. Үмітай марқұм, Есіркептің шешесін айтам-ау, маған ылғи тапсыратын: «Ұрқия-ау, Есіркебіме көз бола көр», – деп... (Қазынаның басынан сипайды.)

Қазына. Ене!

Ұрқия. Әу, қарағым?

Қазына. Жәкеме хабар тигізейік.

Ұрқия. Баласың-ау, қарағым. Ол қақпастың дерегін білсе, шалымның ұшуға қанаты жоқ. Кім аянып отыр дейсің, Есіркептен аяған жан құрсын!

Қазына (кенет елеуреп). Енетай, мен білем дерегін.

Ұрқия. Шын ба, қарағым?

Қазына. «Тарғыл сиыр сойған» дейтін ағаш бар ма еді?

Ұрқия. Ие... ие...

Қазына. Сонда. Ефимнің отрядын іздеп таба алмай жүр білем.

Қазына айтып жатады, тыста барылдаған дауыс.

Елекбай. Мына құдай атқан мыстан мына сорлыдан сыр тартып жүрмесе игі еді? Аузының жабысуын-ай. (Елекбай бұларға жақындағанда Ұрқия асығыс кетеді. Елекбай оның ізіне біраз қарап тұрып.) Келін шырағым, әлгі кемпірді көрдің бе, ол тегіндікпен «мыстан кемпір» аталған емес. Сақ бола көр, қарағым. Жаңа ғана осы кемпірдің Рақметпен сыбырласып тұрғанын көріп ем.

Қазына. Сұмдық-ай, шын ба?

Елекбай. Шын, шырағым. Мен сендерге қастық ойлайтын кісі емеспін. Ойбай, қарағым-ай, не көрмеді дейсің бұл Елекбай. Сенің енең Үмітай марқұм бір кезде туған жеңгемнен артық болған кісі еді.

Қазына (жылап). Ағатай-ай, мені құдай атты!

Елекбай. Неғып?

Қазына. Айтып қойдым, Жәкемдердің қайда жасырынғанын айттым.

Елекбай. Қап!.. Сорлы бала-ай. Енді қайттік? Әй, сен «мыстан» ба!.. Талайдың қанын ұрттарсың-ау. (Кенет ойланып.) Шырағым келін, бірдеме ойлап тұрмын. (Қазына басын көтереді.) Айтшы, айтшы: солардан бұрын жетіп бағайын!

Қазына. Ағатай-ай!

Елекбай. Құдайға сенбесең де, маған сен, қарағым! (Қазына сұрланып ауыр дағдарысқа түседі.)

Елекбай. Қарағым келін, кешіктірме мені.

Қазына. Иә... дұрыс... Жәкем...

Асығып айтып жатады, тыста барылдаған дауыс.

Дауыс. Елекбай! Әу, Елекбай!.. Елекбай деймін!.. Қайда кеткен қан жауғыр... Елекбай!..

Елекбай. Жағы қарысқыр... (Тез бұрылып кетеді.)

Қазына (мең-зең). Ал, тағы айттым... Қайсысы дос? Неге айттым осыларға? Неге кетпедім өзім? Сорлы басым, біттім!.. (Тәлтіректеп ағашқа сүйенеді.) Сәулем, тарттым күйігіңді! Жандым отыңа!.. Есітемісің зарымды!..

Елеуреп сарайға жақындай бергенде, есік алдындағы солдат мылтығын оқтай ұмтылады.

Солдат.Тарт әрі! (Қазына шошып шегіншектейді. Солдат мылтығын оқталған күйі.) Кет! Кет! Атамын...

Қазына шегіншектеген күйі сахнадан шығады.

Шымылдық жабылып, кішкенеден кейін қайта ашылды, сахна бұрынғы күйінде. Түн. Сарайды күзетіп солдат жүр.

Солдат (мылтығын құшақтап есінеп). Ал, Ержан, құрдың «алашты!..» Көтердің шаңырағын! Әй, ойбай, Өтебайдың мазағына малданып... ақылың болса Ержан болар ма ең?.. (Тыңдап). Сыбдыр ма? Тағы әлгі келіншек пе? Өжетін-ай өзінің, мылтықтан қорықпайтын қатынды бірінші көруім. (Қатты есінеп.) Айқай, жылы төсек болып жатар ма еді?!

Мылтығын құшақтап, сарайдың түбінде отырып қалады. Аз тыныс... Сахнаның бір жағынан ептеп басын Жалбыр шығады, оған таяу Мұқыш, Таңсық, Қазына, басқа жігіттер.

Жалбыр (жағалай қарап алып). Жігіттер! Ефимнің отрядына жіберген адамымыздан дерек жоқ. Біз әлсізбіз. Жау маңымызды түгел торлады... Ефим мен Есіркепті қайтсек те босатамыз дегеніміз шын ба еді?

Keң дауыс. Шын!.. Шын!..

Жалбыр. Ендеше...

Сырттан шаңқ еткен дауыс естіледі.

Дауыс. Направо!.. Раз, два, три... раз, два, три...

Әскердің тәртіпсіз аяқ даусы.

Жалбыр (селк етіп). Бұлар кім?

— Біздің жігіттер ме екен?

— Солар!

— Ойпырм-ау...

— Иә сәт...

Дауыс. Раз, два, три...

— Келіп қалды!..

— Шығайын алдынан!

Жалбыр. Тоқта! Тырс етуші болмаңдар. Дауыс. Раз, два, три... Раз, два, три...

Команда, тәртіпсіз аяқ даусы. Жалбырлар өлердей боп ынтығады.

Дауыс. Стой!.. Смирно!..

Жалбырл