22 Желтоқсан, Жексенбі

Әдебиет

Бейімбет Майлин
Бейімбет Жармағамбетұлы Майлин (1894-1938) — қазақтың көрнекті жазушысы, қазақ әдебиетін қалыптастырушылардың бірі.

Қызыл әскердің үйі






`Бұзаубақ Тымақбаев` деген аттың қағаз бетіне түсуінің өзі де сирек еді. Әрірек кезде ауылнайдың спискісіне ілігіп, сайлау кезінде көппен бірге ауызға алынып болды. Көппен бірге атының қағазға іліккеніне, `Тымақбаев` деген атқа нағыз адам құсап ие болғанына, Бұзаубақ бастапқы кезде, мәз болып қалған секілді еді, бірақ берірек келген соң `Тымақбаев` деген аттың соңына ауылнайдың салығы жабысты, салық сұрап ауылнай қыр соңынан қалмайтын болды. Ол кездегі ауылнай кәдімгі аты шулы тік мұрт Ақметжан ғой. Бұзаубақтарыңның қысылғанын ол не қылсын?!

— Тумай кеткір иттің баласы, қағаздың бетін былғап... Салық төлей алмасың бар, үй болып неге жазыласың? — деп түйліккенде, Бұзаубақтың жер-жебіріне жетеді.

— Шырағым, қайтейін, мен емес, талас штат жылғы Әліштің салған бәлесі ғой үй санын көбейтеміз деп... Әйтеуір, қарағым, бір жаман ағаңмын ғой...

Бұзаубақ жаутаңдап, осыдан басқа сөз айтуға шамасы келмейді. Бұзаубақтың бар малы — жалғыз қоңыр сиыр болса, оның баспағы жыл сайын ауылнайдың жетегіне байланатын.

— Спискіге ілігіп. Не ғана жұмысы бар екен? — деп, бұзаудан айырылған күні Айжан да Бұзаубақтың үстінен түспейді-ау.

— Қатын, қайтесің, бір жөні болар, — деп, Бұзаубақ Айжанға басалқы айтады.

Кейде, екеуі шүйіркелесіп отырып, ауылнайды қарғап-сілейді, ауылнайдың ала қоржында жүрген списігіне кіжінеді:

— Қолға түспейді-ау, өртер едім! — дейді Айжан күрсініп.

Сүйтіп, ол кезде `Тымақбаев` деген аттың қағаз бетіне түсуі әзірейілдей көрініп жүрді. Бұзаубақ, өзі қатар адамдарға: `қағазға ілікпе, ілікпе, іліксең сорыңның қайнағаны` деп ақыл қылып та айтып жүрді.

Берірек келген соң, төңкерістің алғашқы жылдарында, `Тымақбаев` деген ат Бұзаубаққа тағы пәле болып жабысты. Дүйсембай деген біреу нарядчик болып, екі күннің бірінде:

— Кезек сенікі, атыңды жек! — деп, дікеңдейді де тұрады.

Тақымға басқан жалғыз ат өне бойы лауға жегілген соң, ыңыршағы айналып, қотыр болды. Бұзаубақ жәйін айтайын десе, аузын ашырмайды.

— Міне, қара, тізбедегі мынау тұрған `Тымақбаев` сен боласың! — деп, Дүйсембай түйіле түседі.

`Осы атымды таза аталмайтын қылуға жол бар ма екен?..` деп, Бұзаубақ кейде өзінен-өзі ойланатын. Бір күні мектеп қарап жүрген инструкторды арбасына мінгізіп келе жатып:

— Шырағым, көзін ашық баласың ғой, осы спискіден таза шығып қалуға бола ма? — деп Бұзаубақ жөн де сұраған.

Инструктор мұның себебін сұрап біліп, Бұзаубаққа ақылын айтып еді:

— Спискіден шықпаңыз, спискіні әзірейіл көретін заман өтті, күндеріңіз туып келеді, енді осы елдің қожасы өздеріңіз боласыздар, дегенде `осы шіркін не айтып келе жатыр?` — деп инструктордың бетіне бажырая қараған болатын.

Ол тым ерте кез ғой. Одан бері қаншама ұлы өзгерістер болды. Бұрынғы тік мұрт Ақметжан ауылнай болып әкіреңдемек түгіл, жиылыс маңынан жүре алмайтын күндер болды. Кешегі жүрген Ермақан батырақтардың ауылдық кеңес ағасы болып, Бұзаубақтармен шүйіркелесіп сөйлесетінді шығарды. Бұзаубақ бір рет кеңес мүшесіне сайланып, болыстық кеңес съезіне де барып келді.

— Қатын, ә қатын! Осы баяғыда спискіден шығып қалмағаным қандай жақсы болған — деп, Бұзаубақ жайраңдаса:

— Мен айтпайтын ба едім?.. Мен болмасам, спискіден шығып қалатын едің ғой — деп, бұл абыройға Айжан ие бола кетеді.

Берірек келген соң мүлде өзгеріп кетті. Ауыл жұмысына жастар не болды. Жап-жас балалар кеңеске сайланып, жұмысты дегелең қақтырып, икемдеп алып кетті.

— Заман жастардікі, — деп, кейбір шау тартқан кәрілер от басына үйірілді.

Бұзаубақ та ойға шоматын болды. Аңдамас дейтін баласы бар, жасы жиырмаға жетті. Бала күнінен байдың есігінде жүр. Істегені байдың жұмысы. `Егер, малай болмаса, үй кәсібінде жүрсе, мына балалар құсап о да жұмыс істер еді-ау` — дейді. Бірақ Аңдамас мына балалар сияқты оқыған, қағаз танитын бала емес. `Неге оқытпадым екен бала күнінде?..` деп, Бұзаубақ кейде өкініп те алады.

Бір күні, баласын шығарып алды да, Бұзаубақ ақылын айтты:

— Өзің теңдес балалар жұмысқа араласты. Байдың жұмысын енді таста, өлмеспіз, қатар-құрбыңмен бірге сен де адам бол! — деді.

Соны айтты да, Ермақанға барып жолығып:

— Бұзаубақ Тымақбаевты спискіден сыз, оның орнына `Аңдамас Бұзаубақов` қылып жаз! — деді.

Баяғы әзірейілдей естілетін `Тымақбаевты` Бұзаубақ осылай өзгертті.

Малайлықтан құтылған соң Аңдамастың еңсесі көтеріліп, ауыл өміріндегі жұмысқа қайнап араласып кетті. Жиылыс болса, Андамас баратын болды. Соңғы бір сайлауда ауылдық кеңестің мүшелігіне де өтті.

— Шал, ә шал, осы сен не ойлап жүрсін, балаңның ер жеткенін білемісің? — деп Айжан күңкілдейтінді шығарды.

Айжанның да өзінше ойы бар. Бұл отырған ауыл бұрын Бұзаубақты `Кермен`, `Бұралқы, қаңғырма` деп бойына теңгермейтін болса, енді теңеп отыр, үкімет кезінде сонау малы бар үйлерден Бұзаубақтың үйі қадірлі. Бұрын Маржанбикелер Айжанға шатынап, маңынан жүргізбейтін еді, енді үйіне арнап шақырып, қымызын береді. Айжанмен жақын абысын-ажынындай болып, шүйіркелесіп сөйлеседі.

Маржанбикенің тәп-тәуір бір қызы бар. Айжанның ойын бөле беретін осы. `Аңдамасқа қызыңды айттырып, құда болайын деп жүрмін`, — деп, Айжан бір рет әзілдеп ойын айтқанда, `Аңдамастан артық кімге берем қызымды`, — деп. Маржанбикенің шап ете түскені ғой.

Содан бері Айжан Бұзаубақтың мазасын алатын-ды.

— Қайдан білейін, олар мал сұрайтын шығар... Баланың өз көңілін де білу керек, — деп, Бұзаубақ үзілді-кесілді жауап бере қоймайды.

Ермақан ауылнай әлдеқалай қыдырып келсе, Айжан оның да мазасын алады:

— Шырағым-ау, ініңді үйлендірсейші. Оң жаққа бір шүйке бас кіргізіп беріп, бізді қуантатын уақытың болған жоқ па? — дейді.

Үйлендіру мәселесіне Ермақан қарсы болмағанмен, Маржанбикенің қызы дегенге безеріп қарсы болды:

— Ол ойыңды таста, шеше, `құлақтың` қызыл әперуге болмайды! — деп, кесіп айтты.

— Масқара-ай, құлақ па еді? — деп Айжан аң-таң болды.

Бұзаубақпен кеңесіп Айжанның сосынғы бір ұйғарған адамы — Шекер дейтін қыз еді. Бұл, ана қыздай көрікті емес, бірақ өткір, пысық бала еді. Айжанның бұған тоқырағаны — балалардың өзі де бірін-бірі ұнатысады екен деген қауесет есітті. `Өздері ұнатыспаса, зорлап қосуға болмайды екен`, дегенді де Айжанның есіткені бар-ды.

Кемпір мен шал болып, баланың осыған ризашылығын сұратқанда:

— Мен қайдан білейін, — деп Шекер күліпті.

— Сенің ол не дегенің? Ондай сөзді адам кемпір-шалға айта ма екен?.. — деп, Аңдамас оңашада кездескенде Шекерді тәлкек қылып болады.

Күзді күнгі күн ғой. Ауыл адамдары астықтарын кооперативке апарып төгіп, шай, шекер, керекті товарын әкеліп, мәз-мәйрам болып жатқан кез. Бұзаубақ Аңдамасты жанына ертіп, жардың басындағы астық кемген ұраны алты-бес қап астықты елеп арбаға тиеді. Ыдырыстың бір дара өгізін сұрап алып, арбаға жегіп, Аңдамасты қалаға жұмсады:

— Өзің бар, келінді киіндіріп алмасақ болмайды, керегін түгел алып кел! — деді.

— Ұсақ-түйегін салғандай бір сандық та аларсың, — деп, Айжан алатын нәрселерді атап та тапсырды...

Кооперативке астығын тапсырып, Аңдамас дүкенге кіре бергенде, Құсайын кез бола кетті. Көрші ауылдағы жігіт қой. Аңдамастан көрі көз қарақтылау, аздап хат та таниды. Аңдамасқа қарағанда, киімін де кентшеге айналдырып, талкөнженің ескі пәлтөсін сатып алып киіпті.

— Қатын алды деген не? Одан да оқу керек. Әйдә, менімен бірге жүр, әскерлік мектепке барып кіреміз, — дейді Құсайын.

Аңдамас баста есіткенде мұның сөзін кәдімгідей ерсі көрген сияқтанды. Өмірінде жұмыстан басқаны білмеген адамды оқуға жүр деу — Аңдамасқа күлкі сияқтанды. Бірақ, бұл тым ұзаққа бармады. `Ау, шынында бара салса қайтер еді?` деген ой жүрегінің бір жақ түкпірінен қылтылдап бас көтеріп, дем сәттің арасында Аңдамасты екі оқтыландырды.

Аңдамастың босап тұрғанын сезген адамдай, Құсайын болашақты елестете, әскер мектебінің тұрмысын суреттей сөзді үсті-үстіне түйдектетіп, ә дегенше болмай үйрілтіп-ақ алғаны.

— Барсам ба екен? — дейді Аңдамас оқталып.

— Айда, кеттік! — деп, Құсайын икемдей жөнелді.

Аңдамас Құсайынға еріп, әскер комиссариатына барып жолықпақшы болды. Арбасын, арқан-жібін жолдастарына тапсырды `Ay, бізді тастап қайда барасың?` дегендей боп, арбаға жегулі тұрған қызыл өгіз бен қара өгіз, бастарын ырғап, күйсей түсіп телміре қарады...

* * *

Аңдамастың оқуға кеткен хабарын есіткен ауыл аң-таң болды.

— Шіркін-ай, онысы несі екен, алғалы отырған келіншегін тастап., —деп біреулер кінәлады.

— Апырмай, Аңдамас ақылын жаңа тапқан екен! — деп, біреулер мақұлдап, мақтады.

— Шал-әу, мұнысы несі? — деді Айжан күрсініп, көзі жыпылық атып, Бұзаубаққа төніп.

Бұзаубақ сұранып кеткендегі үшін ішінен наразы болса да, қайтарып ала алмайтындығына көзі жеткен соң:

— Бір ойы болған шығар, оқимын десе, оқысын! — деп бірер күрсініп, ризалық көрсеткен сияқтанды.

— Шырайлым-ау, күйеуіңнің онысы несі, алайын деп отырғанда сені тастап кеткені қалай?! — деп, жеңгелері тәлкек қылып бірсыпырасы бетін шымшып, ерсі көрсе:

— Қайда кетер дейсің, келер, — деп, Шекер күліп жауап береді де қояды.

Оқуға кетіпті деген хабарын есіткені болмаса, әскер мектебінің өмірі бұл елдің бәріне де жұмбақ еді. Әсіресе Бұзаубақ аң-таң болды. Әскер десе, елдің көзіне елестейтін `солдат` қой. Солдаттан ат-тонын ала қашатын қазақ емес пе? 16-жылы майданға жігіт алынғанда, жұрт жаман безіп малын шашып қандай болды. Баласы кеткен үй, адамы өлгеннен жаман қара жамылып, қан жұтып болды. Қазақты былай қойып, көрші отырған орысты мысалға алса, баласы солдатқа жүретін үй шабылып, шығынданып, борышқа белшесінен батып қалмайтын ба еді? Солдатқа жүретін жастар ішкілікке салынып бүлініп болмайтын ба еді? `Олардың баратын жері не екен? Олардың әскерлігі бұдан бөлек пе екен?..`— деп, Бұзаубақ қанша ойласа да, ұшығына шыға алмайды. Қайткенмен, Аңдамастың үн-түнсіз әскер болып кеткені — елдің бірсыпырасына-ақ түсініксіз жұмбақ болды. Қыстың күні еді. Ызғырық жел есіктің алдына соғып, Бұзаубақтың жып-жылы болып тұратын жер үйін қорадай қылып мұздатып жіберген. Үй іші мұздап, сырттағы ызғырық азынай бастаса, Бұзаубақ пен Айжан пештің жанына тері бөстекті төсеп, біріне-бірі тығыла түсіп, бүрсиіп отырады. Аңдамас кеткеннен бері екеуінің де көңілі бәсең. Келіншек алайын деп отырып кетіп қалғаны бір батса, екінші жағынан ауылдың алып қашты өсегі де шошындырып өлтіріп барады. `Айжанның баласы әскер болам деп, Қытаймен соғысуға ілініп кетіпті, биыл қызымды бермегенім дұрыс болған екен` — деп, Маржанбике тараған өсекті одан жаман қоюлататын болып жүр. Маржанбикенің сөзін есіткенде Айжан күйіп кетеді:

— Менің балам алса, қызын лақтырып жіберетін еді, оңбаған `құлақтың` қатынына сөздің не керегі бар екен? — деп, бұ да өзінше өшін алып бағады.

Кейде, кейістік тартып жүргенде, Шекер келіп, кемпір-шалдың көңілін бір көтеріп кетеді. `Бұзаубақтың баласын күтпейді, басқа біреуге тиеді` деп жұрт өсек айтқанмен, Шекерде ол қалып жоқ, Шекер мүлде жақын болып кетті. Бұрын Айжанды `шеше` деп айтатын болса, енді `әже` деп айтатынды шығарды. Келгенде Айжанның жұмысын істесе, қолқабысын тигізе келеді. `Шал-ау, сен не байқайсың? Шекержан қолымызға кірер күн болса, көсегемізді көгертер еді-ау!` деп Айжан күрсініп қояды.

Қырау басқан есікті шақырлата ашып, иреңдеп Ермақан келді. Ермақанды көрсе, `Аңдамастан хабар білдің бе?` дегендей болып, кемпір-шал жаутаңдап қарай қалады.

— Мына бір қағазды әкелдім, — деді Ермақан күлімсіреп.

— О не қағаз?

— `Бұзаубақ Тымақбаевқа` депті, сізге болар.

— Ау, менің атымды тізбеден әлі өшірген жоқ па едің? — деп, Бұзаубақ кәрі көзін шақшитып, бажырая қалды.

— Жоқ, бұл басқа болар. Аңдамастан келген хат болар, — дегенде, кемпір-шал орнынан ұшып кете жаздады.

Хаттың конверті жыртылғанда, бір жапырақ жазылған қағаз бен бір әскердің суреті шықты.

— Ойбай-ау, қалқам ғой! — деп Айжан суретті ала салып төсіне басты.

Аңдамас әскерше киініп, қару-құралын асынын, суретке түсіпті де, кемпір-шалын қуантайын деп біреуін хаттың ішіне салыпты.

Кемпір-шал суретке таласты. Бірінің қолынан бірі алып қарады: күні кеше қатқан тоны қаудырап, жай табан етігі қисайып жүретін бала, қынама әскер киімін киіп, адам сұқтанарлық түрге кіріпті!

— Қалқам!.. Қалқам!.. — деді Айжан, көзінен жасы шұбырып.

Суретті, жан адамның қолына бермей, қайта-қайта көкірегіне басты.

Хат Аңдамастың өз қолымен жазылатын. `Үйден кеткеніне төрт ай жаңа толып отыр. Сол екі арада, өмірінде молданың алдын көрмеген адам, не ғып хат жазатын болды?` деп, Бұзаубақ аң-таң болды. Бұзаубақтың ойынша — хат тану деген аспанда тұрған нәрсемен бір есеп қой.

Аңдамастың суреті ауыл-үйдің шетінен қалдырмай қыдырды. Айжан, алдымен Шекерге алып барды.

— Қалқатайдан хат келді, суретін де жіберіпті, — деп суретті көрсеткенде, Шекер суретті қолына ұстап, ынтығып қарады да тұрды.

— Қалай оңды түскен! — деді күрсініп.

`Алам десең, ала ғой, қарағым` — деген сөздің Айжанның аузынан шығуы-ақ мұң екен, Шекер суретті қолына алып, төрт бұрыштанған кішкене көк жібек орамалға текшелеп орап, қамзолының төс қалтасына салды.

Аңдамас пен Құсайынның елге жазған хаттары бүкіл өлке бойындағы елге жаңа хабар болып тарады.

— Не дейсің, тәйірі, толып жүрген солдаттың бірі де, — деп бірсыпыра пысықсынғандар мұрынын шүйіргенмен, жастар жағына бұл хаттың әсері күшті болды.

Аңдамас ауылда жүргенде тұйық жігіттің бірі сияқты еді. Кенеттен бұған ой бітуі, мұның бара салып кіруі, аз уақыттың ішінде адам нанбастықтай өзгеруі — кімді болса да қызықтырғандай еді. Әсіресе, Аңдамаспен жас күнінен бірге өсіп, Рақымбердінің есігінде бірге жүретін Шалдыбайлар, бұл хабарды есіткенде ұшып кете жаздады. Аңдамастың хатын мың мәртебе оқытып тыңдады. Аңдамастың суретін Шекерден күн сайын сұрап алып көретін болды. Шалдыбай бас болып сол ауылдан бес жігіт бірігіп хат жазды:

`Оқыған мектебіңе айт: бізді де алсын. Мен Шалдыбай Қырманбай баласы, топырақтан тысқары болсам, алдағы күз сол мектептің есігінде болам. Мектебінде оқығандардың міндеті елді жаудан қорғау болса, ол жауы байлар болса, сол байлармен алысуға біз дайын!..`

Аңдамасқа арналып, ауылдан жазылған бірінші хаттың түрі, міне, осы еді.

Аңдамастың жазуын `сайтан жазуы` дегені Бұзаубақтың төбесін көкке тигізді. Аңдамастың суретіне Шекер ие болса, хатына Бұзаубақ ие болды. Хат танитын адамды көрсе, Бұзаубақ соны жағалайды:

— Шырағым, біздің баланың хаты еді, оқып берші, — дейді де жалбаланған хатты ұстата қояды.

Хат оқылса, басын төмен салып, Бұзаубақ тыңдайды да тұрады. Жалғыз-ақ, Абдырақман молда Бұзаубақтың көңілін қалдырды:

— Мынауың орыс жазуы, мұны мен танымаймын, — деді ол.

Бұзаубақ нанарын да, нанбасын да білмей, бажырайып қарады.

— Заман бұзылған, отағасы, дін жазуынан, құран жазуынан айрылғанбыз, бұл сайтан жазуы, — деді ол, Бұзаубақты шошындырайын дегендей.

Аңдамастың жазуын `сайтан жазуы` дегені Бұзаубақтың шымбайына жаман батты. Абдырақман молдаға қайтып тіл қатпастан, үйінен шығып кетті.

— Қатын! — деді, үйіне келген соң Айжанға: — мен дейтін болсаң, бұдан кейін молданың есігін ашпа! Нағыз ит екен, енді мен оның бетін көрмеймін! — деді.

* * *

... Ауылдық кеңеске күн сайын өкіл келіп, жұртты жинайды да жатады. Бұзаубақ бастапқы кезде жиылысқа шақырғандарға:

— Мен несіне барамын, шырағым, списігінде жоқпын. Аңдамас келген соң барар, әзірінше өздерің істей беріңдер,— деп бойына жуытпай жүрді.

Берірек келген соң жиылысқа шақырушылар да әдіс тапты:

`Ойбай-ау, қызыл әскердің әкесі болып отырып сіздің жиылысқа бармаймын деуіңіз ұят` десе, Бұзаубақ бүкшеңдеп киіне бастайды.

— Шал, ерінбей-ақ қой, бар, қарағыма зияныңды тигізіп жүрерсің,— деп, Айжан да икемдеп, еркін алып кетеді.

Сонымен, бір-екі жылдан бері жиылыстың маңын көрмеген Бұзаубақ, қызыл әскердің әкесі болғандықтан, ауылда болатын жиылыстың ұдайы қатысатын отыратын бір мүшесі болып алды.

Ойыны ма, шыны ма, шеттен келген өкілге Ермақан мұны таныстырмай қалған емес: ескі қара тонға оралып, құжырайып Бұзаубақ жиылысқа барса, Ермақан күлімсіреген түрімен қарсы алады, үйдің төр жағынан орын береді:

— Мына кісі — Бұзаубақ деген отағасымыз, қызыл әскердің әкесі, баласы Аңдамас, өзі тіленіп, қызыл әскер мектебінде оқып жатыр,— деп таныстырады...

Өкіл, тұрып келіп, Бұзаубақтың қолын алады, Бұзаубақтың төбесі көкке екі-ақ елі тимейді. Бұзаубақтың дұшпандары күндеп, іші жарыла жаздайды. Баласы барлар баласын қызыл әскер қатарына беруді арман қылу дәрежесіне жетті.

Астық науқаны болды да, әркім артық астығын үкіметке тапсыратын болды.

— Мен қайтемін? — деп, Бұзаубақ Ермақанға жолығып еді:

— Мен не айтайын, өзіңіз білесіз, — деді Ермақан.

Әрине, өзі білуі керек. Қызыл әскер еңбекші елдің қорғаны болса, бұл Бұзаубақ сол қызыл әскердің бір мүшесінің әкесі болса, мұның өзі білмегенде кім біледі?..

— Мұны қайтеміз, қатын? — деп, Бұзаубақ Айжанмен ақылдасып еді, Айжан бұрынғы құнттылығына басты, астықтан айрылғысы келмеді. Қанша өлмелі кедей болса да, Айжанның құнттылығының арқасында ашаршылықты сирек көретін үй ғой бұл.

— Қой, қатын, қиқаңдайтын жұмысың бұл емес, өкіл айтты, мен түсіндім. Артық астық үкіметке тиісті. Қызыл әскердің әкесі болып отырып мен артық астық ұстап отыра алман. Сенің былтырдан бері сақтап келе жатқан астығың бар, екеуміздің ішуімізге сол да жетеді... Ана екі ұра астықты береміз, — деді.

Бұрын мұндай сөзді айтса, Айжан Бұзаубақтың аузын ашырар ма?!. Енді болмайды: Бұзаубақ қызыл әскердің әкесі болса, Айжан шешесі. Қызыл әскердің атағын көтеруге Бұзаубақ тілектес болса, Айжан тілектес емес пе екен?..

— Бере ғой, шалым, — деді Айжан ашық жүзбен.

Ауылдық кеңеске келіп, 20 пұт астық беремін деп Бұзаубақ жариялағанда, үй толы адам еді. Ермақан күлімсіреп қарады да:

— Ішерлігіңіз қалады ғой? —деп еді.

— Ішерлік түгіл, тұқымым да қалады, — деді Бұзаубақ жымыңдап.

Кеңсеге келіп әңгіме аңдыған, бақай қулыққа үйренген адамдар бірін-бірі түртіп сыбырласты:

— Мына шал мықтап құлаған екен, біздің де ұрлығымызды ашудан танбас, аман-есенімізде артық астығымызды беріп құтылайық!— деген қорытындыға келісті.

Ауыл өмірінде күнде бір жаңа хабар. Ел қулары естілген хабарларды неше түрлі саққа жүгіртеді. Соның бірі болып қалқоз хабары да тарады. Қалқоз хабарын бастап есіттірген өкіл, адам үркерлік түрде айтқан жоқ еді. Ол жолғы жиылыста Бұзаубақ мәжіліс ағасы болып сайланып, өкілмен тізе тірестіріп бірге отырып еді. Бұзаубақ тонының қалтасынан ескі жарғағын алып, насыбайын атқанда, әлгі өкіл Бұзаубаққа күле қарап:

— Е, сіз қызыл әскердің әкесі екенсіз ғой, мен де қызыл әскер қатарында болған адаммын, — деп, Бұзаубақтың жарғағын алып, насыбайын атып еді.

`Бұл қалай? Қызыл әскер болса, мұндай жұмыста не ғып жүр?` деп Бұзаубакаң таң қалған. Өйткені елдің алып қашқан өсегіне қарағанда, қызыл әскер болған адам соғыс жұмысынан басқаға айналмайтын сияқты еді.

Қалқоз хабары адамды кәдімгідей үрпитті.

— Мал-мүлік түгел ортаға түседі екен!

— Адамның бас еркі де жойылады екен...

Тағы осы сияқтанған, тіпті бұдан да сорақы әңгімелер гу-гу тарап жатты.

— Бұл бекер, түнеугі әкіммен бірге отырғамын, ол мұндай сөз айтқан жоқ-ты, — деп Бұзаубақ қарсы шығып еді, жұрт мұны күстана қылды.

— Солай демей қайтсін, ол қызыл әскердің әкесі! — десті жұрт.

Тіпті, Бұзаубақты былай қойып, жұрт Сабырды да әңгіме қылды. Сабыр Шекердің әкесі ғой:

— Сабыр да қалқоз болады, ол — қызыл әскердің қайын атасы, — десті жұрт.

Пысықсып, белсенді боламын деп жүрген адамдардың да бірсыпырасынан-ақ ши шығуға айналды.

— Сталин айтыпты, қалқозға кіру ерікті депті, — деп, Бұқабай сияқтылар, қалкозға кірмеу жағын икемдеп, елдің ынтасын сөндіріп болды.

— Бәрібір түбінде құтылмайсың, одан да малың өз қолыңда тұрғанда, игілігін көріп қал,— деп Іскендір сияқты судырлар елдің үрейін ұшырып, бірсыпыра жұрт соған елігіп бұзау-торпағын да сойып тастады.

Әйтеуір ауыл әңгімеге толды.

Әңгімеден әйелдер де шетте қалған жоқ. Шетте қалуың сол, өтірік-өсекті өршітетін көбіне осылар болды. Адам шошынарлық әңгіменің неше түрлері әйелдер тобынан шығып жатты.

— Кім айтыпты?

— Би атам айтыпты.

— Кім айтыпты?

— Бай атам айтыпты...

Өсек ұлғая келе, әр өсекке таласа келе ауылдың әйелдері екі жікке бөлінді. Бір жағы `коммунист`, екінші жағы `байлар` атанды. Осы жік еркектерге де меже болды. Жиылыс болса, бірер әңгіме көтерілсе, ауыл адамы екі жік болады да, салғыласады да отырады.

Ауданнан тағы бір өкіл келіп, қалқоз мәселесі бұл жолы шындап қойылатын болды. Бірсыпыра үйлер бұрынғы жікте `коммунист` атағын алып жүргенмен, нақ қалқоз болу мәселесіне келгенде азырақ бой тежейтіндігі сезілді.

— Жұрт кірсін, біз қайда қашамыз, — деген сөзді екінің бірі айтты.

Көптен үндемей, `әдеп` сақтап жүрген Шекер тап осы жерде бас көтергені ғой:

— Біз қайтеміз? — деп шешесінен сұрап еді.

— Біз қайтушы ек? Тастай алмай жүрген малымыз бар ма еді? — деп Ажар кемпір баж ете түспегені ме.

— Біз кіреміз, әже, күйеуіңнің қызыл әскер екенін білесің бе? — деді Шекер.

Ажар жұмған аузын ашпай, отырып қалды.

— Қызың осылай деп айтты, — деп, Шекердің сөзін Сабырға айтып еді.

— Кірсек, кірерміз, — деп ол күңк етті.

Шекер Бұзаубақтың үйіне барды. Кемпір мен шал пешке арқаны сүйеп, әңгімені соғып отыр еді. Шекер бір тізелеп отыра қалды да, Айжанның тігіп отырған ісін сұрап алып, іс тігуге кірісті. Айжан — Айжан болып кісіге ісін істетіп көріп пе? Біреуге істету былай тұрсын, байдың жұмысын істеуден құтылғаны осы екі-үш жылдың іші ғой.

Шекер іс тігіп отыр. Айжан мен Бұзаубақ көздерін алмастан, ынтығып қарап отыр. Қалай жарастықты!.. Келді де, өз жұмысы сияқтандырып, отыра қалып, қолына алды.

Шынында өз жұмысы екені рас қой. Осы кемпір-шалдың тауқыметі түбінде осыған түспегенде, кімге түседі?..

Әй, қазақ-ай, оңбаған-оңбаған әдеттерің бар. Ол әдетті ұстаса, оң жақта отырған қыз бүйтіп күйеуінің үйіне келіп, іс тігіп отырар ма? Ескі әдетті ұстаса, мына отырған кемпір-шалдан, ұрлық қылған адамнан жаман қашар еді де жүрер еді.

Шекер, бастап айттырғаннан-ақ, қашпады. Қашпауына бірінші жағынан — бір ауылда отырғандығы себеп болса, екінші жағынан -`жалғыз баламның келіншегі ғой, мұны мүгедек қылып қайтем?` — деп Айжанның өзі рұқсат берген. Осынысы мүлде жақсы болыпты, міне, көрдің бе, кемпір мен шал балаша қуанып, мәз болып отыр.

Шекер Айжанды оңашаға шығарып алып, жұмысын айтты. Екі түрлі жұмысы бар екен. Бірі қалқоз туралы да, енді бірі — комсомолға жазылу туралы. Қалқоз турасында Айжан бөгелмей жауап береді.

— Кіремін деп атаң уәдесін беріп қойған, — деді.

Ал, Шекердің комсомолға жазылуына мүдіріп, бөгелді:

— Қайдан білейін, қарағым, Аңдамастан да үйде жоқ, оның не айтатынын, — деді.

— Менің комсомол болғаныма ол қуанады ғой, — деді Шекер күлімсіреп.

— Сүйтер ме екен? — деп, Айжан қарай қалды.

— Қызыл әскер болған соң өзі де жазылады ғой: өзі жазылған соң, менің жазылғаныма қуанбай ма?!

— Ендеше, жазыла ғой, қарағым!— деді Айжан.

`Шекер осылай деп айтты` деп Айжан есіткенін Бұзаубаққа айтқанда, Бұзаубақ жымыңдап күлді:

— Комсомолы ұйысып жатыр ғой, өзім жазылмасам, бұған кімімді жаздырамын деп сасып жүр ем, жақсы болды-ау, — деді.

`Теңдік` қалқозының ұйыстыру жиылысында Бұзаубақ жұрттан бұрын сөз алды.

— Шырақтарым, баяғыдан бері жұрттың алдына түсіп көргенім жоқ еді, енді маған кезек шығар, мені жазыңдаршы спискінің басына! — деді.

`Теңдік` колхозының мүшелер тізбесіне бірінші болып `Бұзаубақ Тымақбаев` жазылды. Бұл жолғы `Тымақбаев` Бұзаубаққа бұрынғыдай жексұрын көрінбеді, қағаздың нақ сол жері күлім қағып жайраңдап тұрған сияқты болды.

Бұзаубаққа жалғаса Сабыр жазылды. Оған таяу бірсыпыра комсомол, коммунистердің үйлері жазылды.

* * *

`Тендік` қалқозы екі жылдық өмірді артына салғанда, адам танымастық боп өзгерді. Бұрынғы ауылдың орнына жаңа ауыл, жаңа үйлер салынды. Ескі ауылдың іргесі быт-шыт болып сөгілді. Бай-құлақтары айдалып, кедей, орташаның іргесі бірікті. Ауыл жұмысы екпінділік, социалистік жарысты үйреншікті әдетке айналдырды. Ауыл жастарының ішінен белсенді, іскер жастар шықты, Соның бірі болып Шекер де көтерілді: хат танып алды, бригада құрылып, әйелдер бригадасын басқаратын Шекер болды. Еркектер бригадасымен шарт жасасып, социалистік жарысқа түсіп, талай бәйгені де алып жүрді.

— Қарағым, Шекер-ay, жарысқа саламын деп жүріп бізді зорықтырмағай едің, — деп жеңгелері тәлкек қылады.

Қара өзектің шалғыны құлын жасырғандай. Бұрын жалғыз Рақымбердінің иемденген бәйегі ғой, енді, бір қалқозға еркін бәйек болып, қолдарын босатпайды.

Қара өзектің бәйегіне үш бригада тізе қосып орақ салғанына бүгін үшінші күн: бір бригада машинада, екінші бригада машина жүрмейтін жерді орақпен сыпырып жатыр; үшінші бригада — бұл, енді, әйелдер бригадасы шөпті жинаумен айналысып жүр.

Жапырылған шалғынның арасынан ақ шағаладай боп самсап ақ жаулық көрінеді.

— Қане, қыздырыңдар жұмысты! — дейді Шекер.

Әйелдер бригадасы жапырыла қолды салғанда, көрпе боп төселіп жатқан көк шалғын тау-тау боп үйіліп қалады.

— Еркежан, күйеу қашан келер екен? — дейді Зейнеп күліп. Жұмыс істеген әйелдердің көбінің тәлкек қылатыны Шекер. Біреулері өтіріктен-өтірік, Шекер шығарды қылып, өлең де айтады. Әзілге ашуланатын Шекер емес, жайраң қағып жүре береді.

Бірақ кейде, жұмыстан қол босаса, жалғыз өзі жатса, Шекерді ой басатын да әдеті бар. `Неге келмейді екен? Келу былай тұрсын, Шекердің өзіне арнап неге хат жазбайды екен!..

Баяғы Шекер бар деп жүр ме екен? Шекерді баяғыдай от басынан шыға алмайтын қыз деп ойлай ма екен?..`

Бұл ой, кейде, Шекердің көңілін енжар қылып, қабағын тырыстырады. Зейнеп осыны сезе қалғандай, ауызына келгенін айтып тәлкек қылады. Сосын, қалжыңға ортақ болмайын деп, Шекер уайымды ойынан шығарады, ұмытады да кетеді.

Бүгін Шекер басқа нәрсеге кейіді. Таңсықбайдың қатыны аузы-басы сүйреңдеп баққаны өсек, әңгіме, Шекердің көзі таса болса, маңындағы қатындарды сөзге үйірілдіріп, жұмыстарын тоқтатып отырғаны. Кейде, мүлде сылтау таба алмағанда:

— Ойбай, емшегімді сүт кернеп бара жатыр...

— Ойбай, емшегім иіп бара жатыр, қарағым жылап қалмаса игі еді,— деп отыра кетеді.

Шекердің жаман ашуы келеді. Таңсықбайдың қатынының сөзі өзіне аян ғой. Баланы есіркеп, дұрыс тәрбиелейтін әйел бұл ма, `қағынғыр, жер жұтқыр!` — деп қолына түскен нәрсемен баласын төмпештеп отыратыны есінде жоқ, енді келіп мүсіркей қалыппын. Шынында, бұл сияқты қатындардың баласының дұрыс тәрбие көре бастағаны былтырдан бері ғана. Былтыр, Шекер ізденіп жүріп, балалар бақшасын ашқызды. Содан бері қалқозшылардың балалары сонда тәрбиеленеді...

Шолақ торы тайдың терін маржандай тамшылатып, екі иінінен дем алып, шөптің басына Шекердің інісі келіп тұр.

— Апа!— деді ентігіп: — Аңдамас келді!

Жұрт селт етіп, жұмыстарын тоқтата қойды. Самсаған көз күлімсіреп Шекерге қарады. Шекер, әлденеден ұялды ма, әлде қуанғаннан болды ма, — екі беті оттай жанып, жерге, қарай берді.

Күн бата бригада ауылға келгенде, Бұзаубақтың үйінің жанында үш-төрт адам тұр еді. Мұның бірі — көк шұға шалбарлы, жағасына қос жұлдызды қадаған, қынама ақ пеншентті, мойнына мылтығын асынып тұрған Аңдамас еді. Шекер анадайдан көзін қалады. Шекерге көзін о да қадады.

Салып ұрып тұра келуге Шекер иба сақтады ма, әлде үйіне барып жуынып, таранып келейін деді ме, әйтеуір, бір бүйірлеп үйіне қарап бет алып еді, Аңдамас алдын кес-кестеп:

— Ау, товарищ, тоқта!— деді күлімсіреп.

Шекер, екі беті қызарып, төмен қарап тұрған күйі қарсы алды. Екеуі қол ұстасып амандасып тұрса, Айжан анадайдан көріп мәз болып тұр:

— Жаса, өмірлі бол, қарақтарым! — дейді.

Бұзаубақ балғасын иығына салып, қалқоздың темір соғатын дүкенінің алдында тұрып жымың-жымың күлді...