22 Желтоқсан, Жексенбі

Әдебиет

Бейімбет Майлин
Бейімбет Жармағамбетұлы Майлин (1894-1938) — қазақтың көрнекті жазушысы, қазақ әдебиетін қалыптастырушылардың бірі.

Құлақ






— Ауылнай, шақшаңды тасташы! — деді Қайранбай.

Үй ішінде 5-6 адам бар: ауылнайдың хатшысы, жалшылар комитетінің төрағасы мен бір мүшесі. Үй иесі, Қойбағар, мектеп мұғалімі және 1-2 қыдырма. Шынтақтап жатқан ауылнай басын көтеріп, қалың қағазды қалтасынан шығарды.

— Шақшамды Рыскелді алып, кәріп қылып қойғанын көрдің бе? Қағаздан насыбай кеуіп кете береді екен,— деп алақанын толтырып ауызға қағып қалды. Насыбай көрінген соң, шынтақтап жатқандардың біразы-ақ басын көтерді. Бүктеуменен жалбаланған ескі газетті әрқайсысы бір бұрышынан тарта бастады. Талқыға түскен сорлы қағазды шетте отырған мұғалімнің көзі шалды.

— Мынауыңыз газет пе?

— Газет.

— Бері әкеліңізші, көріп берейін.

— Е, насыбайды қайтеміз?

— Мынаған салыңыз,— деп мұғалім бір жазған қағазды ұстатып, газетті босатып алды. `Ауыл` газетінің февраль ішінде шыққан нөмірі, 1-беттің шет пұшпағы шылымға жыртылып, жұлмаланған. Бүктеуменен жазуының көп жері көшіп те кеткен. Әйтсе де, көптен газет көрмегендіктен мұғалім тесе қарап, оқуға кірісті.

Насыбайды атқан соң жұрттың көбі маужырауды қойып, бірін-бірі іліп-шалып сөзге бастады. Әңгіме аяғы газетке тірелді.

— Газетіңнің өзі пәле көрінеді. Жанбайдың екі қатын алғанын біреу газетке жазған екен, осы күні содан екі күннің бірінде жауап алып, қысып жатыр,— деді ауылнай.

— Молда-ау, өзің ғана біліп қоймай, ашып оқысаңшы, біз де естиік,— деді көлбеп жатқанның бірі.

Мұғалім газеттің керекті жерінің көбі жыртылғандығын, жазуы көшіп кеткендігін, бірен-саран сақталған жерлерін ғана оқып шығатындығын білдіріп өтті. Салғаннан өзара жәрдем комитеті туралы сөзден бастады:

`Жаз жақындап қалды. Елде кедей көп. Соларға тұқым, көлік тауып беру — жалшылар комитетінің міндеті`.

— Немене?— деп есік жақта бүк түсіп жатқан Ысқақ басын көтеріп алды — Қарағым, қайта оқышы!

Мұғалім қайта оқып шықты.

— Ол қайда болады?

— Нені айтасың?

— Жәрдем беретін комитет?

— Е, мына жатқан Қайранбай емес пе?

— Ал, Қайранбай, Ысқақ соңыңа түсті,—деді ауылнай.

Жұрт ду күлді. Ысқақ күлмеді. Бірер күрсініп алып, мұғалімнен екшелеп сұрай бастады:

— Қарағым, жәрдем беретіні рас па?

— Рас болғанда қандай! Сол үшін сайлап отыр ғой.

— Ендеше, маған неге бермейді?

— Арыз беріп сұра. Бермей амалы жоқ.

— Менің қолым жазу білмейді, арызымды ауызыммен айтам,— деді ол. — Осы күні бір түйір астығым жоқ. Былтыр жұрттан тіленіп жүріп бір жер бидай салып едім онымды Парферей дейтін орыс басып жыртып, сотқа беріп, дауласам деп жүргенде, дәнін жел қуып кетіп, орысқа да, өзіме де жоқ болды. Күзден бері көрінгенге көз сүзіп келе жатырмын. Кедейді асырайтын болса, маған бір көз салуы керек емес пе? Бүйте берсем, мен өлмеймін бе? Қайранбай, жарығым-ау, бірдеңе қылсайшы жаман жездеңе, өлтіресің бе?

— Әй, кәпір-ай, енді зарлап мазамды аласың-ау, — деді Қайранбай.

— Қарағым-ау, өліп бара жатырмын ғой.

— Өлмесең бір жөні болар, — деді.

Әңгіме баяулай бастады... Жалаңаяқ қара бала су құйып, дастарқан жайып, қонақтардың алдына үлкен қара табақты әкеліп қойды. Табақ іші қара қошқыл буы шыққан бөртпемен толған. Бір-екі жапырақ ет ортада көрінер-көрінбес болып жатыр. Ауылнай да, Қайранбай да көңілдері толмаған тәрізді, жаратпай қарады.

— Келіңдер, жігіттер, асатуға жетпес, бөліп жейік, — деді ауылнай.

Үй қожасы жай айта бастады:

— Ауыз тигендеріңе риза болмасаңдар, жігіттер, еттің мәні жоқ шығар. Бірер қараның етін тауысып алдық. Жеңгелерін сендерден аяп отырған жоқ, қимылдарлық жайы болмады білем.

— Қарсақтағы құда келіп қала ма деп сақтаған етім еді, қайындарым келген соң, амалсыздан асып отырмын,— деді бәйбіше.

Аз уақыттың ішінде мырзалардың саусағы қара табақтың түбін түрте бастады.

Ас артынан әкімдер жұмысқа кіріспек болды. Ауылнайдың хатшысы жазуға кірісті.

— Қане, бұл ауылда өлмелі кедей кім?

— Мен, — деді Ысқақ.

— Атың бар ма?

— Жоқ.

— Сиырың бар ма?

— Жоқ.

— Азығың бар ма?

— Жоқ.

— Тағы кім бар?

— Кемелбай, Айранбай, Өткелбай, Жыпылық, Тасқара.

Есеп алынды. Әкімдер жүретін болды.

— Қарақтарым, мені қайтесің?— деді Ысқақ.

— Мынаны зарлатпай бірдеңе қылсаңдаршы, — деп ауылнай күңк ете қалды.

— Бұған қайдан тауып береміз?

— Бірер байдан ал да бер.

— Ең таба алмасаң, осы үйден әпер.

— Ойбай, айта көрмеңдер, Ысқақты асырауым жеткен, — деді үй қожасы Бекен.

— Тағы асыра.

— Е, ол ненің ақысы?

— Ол — құлақ болғаныңның ақысы, — деді ауылнай шиқылдай күліп.

— Қой, шырақтарым, елдегі жалғыз құлақ мен емес қой.

— Басқасынан да алынар.

— Жұртпен бірге берермін.

— Сөзді қойыңыз, отағасы. Мына Ысқаққа 10 пұт бидай бер,— деді Қайранбай.

— Әкіреңдеме, шырағым, 10 қарасы бар жалғыз мен емес қой...

— Бересің бе, бермейсің бе?

— Бермегенде қайтесің?

— Протокол жасап, сотқа берем.

— Жаз протоколыңды, қолымнан бергенше түрмеңде шіриін.

Хатшы жаза бастады.

Қайранбай Бекенді сыртқа шығарып әкетті.

— Сорлы-ау, кімге сеніп ерегісесің? Сотқа берсе, апарып жауып қояды. Осы елде саған дос жоқ қой.

Одан да Ысқақ алса, далаға кетпес, сұрағанын берсейші.

Бекен күйіп кетті.

— Мен бермейін деп отырмын ба, еттің азғантай асылғанына ерегісіп салған соң, менің де жыным келіп отыр. Әйтпесе, өзім секілді 10 қарасы барлардың басын қосса, көппен бірдей салса, бір қара бер десе де беремін ғой. Маған тізе көрсеткендігі өтіп отыр.

— Ерегісіңді қой, сорыңды қайнатар.

— Өзім де соны ойлап отырмын...

Қонақтар кетті. Бекен үйде жалғыз қалды.

Ас үйден қатыны келді:

— Әлгілердің `құлақ` деп жатқаны кім еді?

— Мені айтады.

— Сен құлақ па едің? Қара шешей ашуланғанда: `қаңғырған телеу` дейтіні қайда? Осы сенің руың күніне бір өзгере ме?

Бекен мырс етіп күліп жіберді.

— Айт-ау, `құлақ` деген ру емес, `бай` деген сөзі.

— Солай ма еді? `Қаңғырған телеу` деген сөзін тастай беріп, қара шешей `құлақ` деп мазамызды ала ма деп қорқып едім.