22 Желтоқсан, Жексенбі

Әдебиет

Бейімбет Майлин
Бейімбет Жармағамбетұлы Майлин (1894-1938) — қазақтың көрнекті жазушысы, қазақ әдебиетін қалыптастырушылардың бірі.

Құлманның Қойшықарасы






Қойшықара дүниеге келгенде Құлманның үйінде ешбір өзгеріс болған емес. Әкесі — Құлман Жетпістің `құлақкесті` құлы, мәңгі бақи қойшысы еді. Шешесі — Орынбике Жетпістің отын жағып, күлін шығаратын басыбайлы күңі еді.

Меншікті баспаналары байдың қараша үйі. Қырық құрау жамау, шұрық-шұрық тесік құрым үй, төбесінде түндігі жоқ. Жел үрсе, азынайды. Жаңбыр жауса, тамшы сорғалайды. Күн шақырайып, ыстық нұрын төксе, қараша үйдің іші отша қайнайды. Оның үстіне құйын болса, отты алып кетіп өрт шығып жүрер деп, күннің ыстығына қарамай, бәйбіше отты қараша үйге жаққызады. Оттың аптабына күннің ыстығы қосылып, маңдайдан тері айғыз-айғыз болып, жосып, күлді бұрқыратып Орынбике отырады... Байдың салқын үйіне, байдың жұмақ тұрмысына қарағанда, қараша үйдегі өмір — қарғалған өмір ғой. Бірақ өзді-өзі болып шүйіркелесіп, осы қараша үйде тыныш өмір өткізе алса, Орынбике одан артықты күтпейтін де секілді. Тыныш өмір қайда, бәйбіше тысқа шығып қақырынса да, Орынбикенің жүрегі зырқ етіп, от көсеп отырған шылша темірі қолынан түсіп кеткендей болады.

Орынбике бала көтеріп, күні толған соң, Құлманды бір түрлі кейістік басып жүрді.

— Жұмысты шамалап істе, байдың ісі бітпес, екіқабат күйінде өзіңді-өзің күтпесең болмас,— дейді Құлман.

Құлманның жаны ашығаннан айтқанын Орынбике сезеді. Өзін-өзі күтудің мүмкін емес екендігін біледі. Әйтсе де ерінің дағдарғаннан айтқан сандырақ сөзін көңіліне демеу көріп жүре береді...

Күн шашырап шығып келе жатқанда, құрықшасын сүйретіп, Құлман қойын өргізіп жүреді. Жетпіс бай желең шапанды иыққа жамылып, күбідей болып, көлеңкеде отыр. Жер қайыстырып өрген малына ішінен мастанып, риза болып та отырған шығар. Өйтсе де сыртқы пішінінде жайдары қалыптың ізі жоқ. Әкесі бүгін өліп отырғаннан жаман -тұлданып, қабағынан қар жауып отыр. Қой өргізіп жүрген Құлманға екі-үш рет жекіп, ауыр-ауыр сөз айтты:

— Алғанын адалдамайтын ит!— деген сөзге де барады.

Құлманның қой баққанына мұнда 32 жыл болған екен. Адалдамастық Құлман не алып еді? Отыз екі жылдың еңбек ақысы тым болмаса бір күрке тігіп алуға жетпегені ме? Ішкені байдың сарқыты, кигені байдың ескісі, сөйтіп жүріп Құлманның тапқаны қайсы?..

Торсыққа құйған айранды ала кетейін деп Құлман қараша үйге кірсе, бет аузы күреңденіп, екі қолымен жер тіреп, тынысы кетіп Орынбике отыр екен. Есіктен кірген Құлманға жаутаңдаған көзі өтіп барады. Бірдеме айтайын дейтін шығар, бірақ жөні жоқ қой. Орынбикенің айтқанын істейтін Күлманда қай бір ерлік бар?! Босағаға сүйеніп, Орынбикенің ойдағы сөзін Құлман айтпай сезіп тұр. Көңілі бұзылып, қамыққан секілденеді. Өзінен-өзі тұрып, ыза қысып кеткендіктен айналдырып киген тері тонның жүнін қолымен жұла бастайды:

— Толғатып отырсың-ау?!

— Иә!

Ерлі-әйелді қиын-қыстау кезеңде біріне-бірінің сөз қатқан түрі осы! Одан ары тұрып сөйлеуге байдың дүрілдеген дауысы ерік бермеді.

— Құлман қайда?.. Қой ұзап кетті, тез барсын!— деп әмірді тығыз берді бай.

Шаңқай түс кезінде, Қостұмардың кезеңіне қойын жусатып, Құлман тыныс алды. Тыныс алды деген аты болмаса, жаны жай тапқан жоқ, есі-дерті Орынбике болды. Орынбикенің бүгінгі күйі Құлманның басында түс секілді бұлдырайды, аянышты қарағаны, Құлман үйден шығып бара жатқанда ернін жыбырлатып бірдеме айтқаны. Не айтқанын есіте алмай қалғандықтан қайта кіріп сұрайын десе де, байдан қаймығып, құрықшасын сүйретіп қойға қарай жүгіргені... Бәрі де бұлдыр. Құлман бүгін ояу емес. Қалың ұйқыға кіріп, осы күйге түсінде ұшырап отырған секілді... Күндегідей тонын таяққа жауып, көлеңке де істеген жоқ. Мойнына іліп жүрегін дорбасы, айран құйған торсығымен ұмытылып, үйде қалып қойған, шөлдеп ерні кезерсе де, әлі шалапты керексінген жоқ. Қазіргі тілегі, қазіргі ойы өз жанын баптау емес, өз жанынан әлде неше рет қадірлі бір жанның жайын ойлау секілді...

Өркештенген томарды жастық қылып Құлман жатыр. Асты сазды су, томар арасының шалшығын шылпылдатып, секіріп көлбақа жүр, инеліктей қатқан сары маса быжынап ұшын, қасқа, көзге қонып, маза бермейді. Әуе айнадай жалтыр. Жел үрмей, әлем құлаққа ұрған танадай тынған. Алыстағы қара сағыммен бұлдырап, аспанға созылып тіреліп тұрған сияқты... әлде қайда көк жиегінде теңбілденген шоқпақ қара бұлттар қылтиып бас көтерген сияқты болып еді, ұзамай көтеріліп күнбатыс жаққа қанатын тегіс жайды. Қоюлана келе қарақошқылданып, күннің бетін бүркеді. Күйіп тұрған ыстық тамыз бірден өзгеріп, самал жел үре бастаған секілденді. Күн күркіреп, найзағай жарқылдап, мүлгіген табиғат долы күштің құйынына кіріп, бірдемеге әзірленгендей болды. Құлман орнынан тұрып, ауылға қарай қойын беттеткенде, бұлт түнеріп төбеге келіп, ірі тамшылар жалғыз қалақтап тырсылдап, жерге тама бастап еді...

Күн ұясына батып бара жатқан кезде, қойды ауылдың сыртындағы белеске қаптата салып, Құлман ауылға келді. Ауылда ешбір өзгеріс жоқ. Бай мен бәйбіше көлеңкеге көрпе төсеп, самалдап отыр. Көрші үйлердің әйелдері жанталасып байдың сиырын сауып жатыр. Ысмақ жылқышы желпейін беліне байлап, құрығын сүйретіп, жылқыға кеткелі жатыр. Отаудың көлеңке жағында байдың келіні мен бойжеткен қызы сызылып іс тігіп отыр. Асығып келе жатқан Құлманға көзі түсіп, қызға бірдеме айтып келіншек күлді. Қыз да күлді. Олардың күлкісі Құлманға атқан оқтай жаман тиді. Маңдай бұрынғыдан бетер тырысты. Бүртіктенген кір самайынан сорғалап, айғызданып қою қара сақалының арасын құлдилады.

Орынбике сұп-сұр болып, бүк түсіп жатыр екен, бас жағында асулы құр тұр. Құлман үйге кірген бойы жүрегі елжіреп, Орынбикенің бас жағына жүресінен отыра қалды:

— Тірімісің?— деді.

— Тірімісің... әне, қара!— деп әлсіреген қолын созып, Орынбике аяқ жағын көрсетті.

Бұрқыраған күлдің төр жағында, шылғау қылып жүрген ескі шапанның өңірінде ораулы бірдеме жатыр еді. Бұл Құлманның ынтық болып жүрген баласы! Жасы қырықтың екеуіне келгенде бірінші көрген перзенті еді. Ораулы жатқан баланы көргенде, Құлманның көзінен жас ыршып-ыршып кетті.

— Айналайын! Тоба қылдым! Қалқамның атын Қойшықара қоямын,— деді Құлман.

Қойшықараның туысында өзгеріс болмаған секілді, тәрбиесінде де өзгеріс болған жоқ. Өзінен-өзі тәрбиеленіп өсіп келе жатқан сияқты болады. Орынбике тезек теріп, сиыр сауып, су тасып, байдың жұмысында жүрсе, Қойшықара ұзақты күнге бесікте жатады да қояды. Қарны ашып жыласа, тербетіп жұбататын адам жоқ. Шыңғырып жатқан дауысын естісе:

— Жағы қарысқыр бала екен, тумай кеткір, қайдан туған!— деп бәйбіше үйінде отырып шаптығады. Бәйбішеден қаймыққанынан Орынбике мезгілімен емшегін де бере алмайды. Келіні отауында баласын шомылдырып, алақанына салып аймалап, `Қасымжаным`,— деп шөп-шөп сүйіп отырғанында, мұның да іші елжіреп, Қойшықарасын бесіктен шешіп алып, қысып-қысып сүйгісі келеді. Онысы бір тілек қой! Тілегін орындайтын күн қайда?!

Қойшықара екі-үш жасқа келгенде, домаланған қара бала болды. Шүлдірлеген тілі қызық. Орынбикені `мама` дейді, Құлманды `әке` дейді. `Әке` деп үйретіп жүрген — Орынбике. Баланың тілі келмей бастапқы кезде `әк`—деп те жүрді. Соның өзін зор махаббат көріп, қойдан шаршап келгенде Құлманның төбесі көкке тие жаздайды.

Қойшықара аяғы шығып алған соң, мамасынан айырылмайтын болды. Суға барса да, тезек терсе де, сиыр сауса да жарбиып соңынан ереді де жүреді. Кейде жүріп-жүріп шаршап, айдалада көдені жастанып, ұйықтап та қалады. Орынбикеде кею жоқ, қабын арқасына арқалап, ұйықтаған баласын бауырына қысып, артынып-тартынып үйге келеді. Бірақ бір жаман жері бәйбішенің көзіне түссе:

— Жаман иттің баласының ардақтысын қара!— деп шаңын аспанға шығаратыны бар. Ондайда Орынбике сасқанынан бауырына қысқан баласын жерге домалатып, жылатып тастап та кетеді.

Қойшықара 6-7-ге келгенде, байдың келінінің баласы да тетелесіп өсіп қалып еді. Бала — балаға үйір, байдың немересі Қойшықарамен ойнағанды әуес көріп, Орынбикенің маңайын жағалайды. Қараша үйге барып, Қойшықарамен ойын құрады. Бастапқы кезде шешесі жетектеп алып кетіп жүрсе де, бала тұрмайтын болған соң, Қойшықараны отауына шақырады. `Қасымжанды ойнат`— деп бұйрық береді. Екі бала алғашқы кезде тәп-тәуір тату болып-ақ ойнап жүріп еді, байдың келіні Рахила онысын ұнатпағандай, Қойшықараны жазықсыздан жазықсыз қарғап-сілеп, қит етсе араға түсіп, баласының шашбауын көтеріп, баласын бірдемеге баулып жүрген сияқты болады. Жас Қасымжан шешесіне арқа сүйеп, жасының кішілігіне қарамай, Қойшықараға үстемдік қылатын болды. Қойшықараны жіппен ноқталап ат қылып, шыбықпен ұрып айдайтынды шығарды. Ілегенге жіп тағып, Қасымжан ішіне мінеді, сүйре деп бұйрық қылады. Сүйремесе, Қасымжан жылайды, Қасымжан жыласа, байдың келіні Рахила сұрланып, отауынан шыға келіп:

— Қағынғыр, қыршыннан қиылғыр!— деп төпеп сала береді.

Орынбике жерошаққа қазан асып, сүт пісіріп жатыр еді. Жерошақтың жел жағында қисайып Құлман жатыр еді. Әкесіне еркелеп, аузынан түскенін айтып, Қойшықара мәз болып отыр еді, отау жақтан жібін сүйретіп келіп, Қасымжан жүгендей бастады. Бір-екі рет қолымен жіпті алып тастап еді, Қасымжан өшігіп қоймаған соң, Қойшықара ашуланып кетіп, итеріп тастады. Қасымжан шалқалап құлап, даланы басына көтеріп жылады. Баланың дауысымен сұрланып, отаудан Рахила шықты, шаптығып бәйбіше ұмтылды. Бәйбішеден бұрын Рахила жетіп, шүйлікті. Қойшықара қорқып, әкесінің бауырына кіріп, паналап еді, Рахила қоймай суырып алатын болды.

— Келін, келін!— деп Құлман да ара түсіп көріп еді, ашулы Рахила оны елеген де жоқ, Қойшықараны сирағынан сүйреп алып, аяғымен жамбасқа екі рет тепті. Қойшықара шыңғырып жіберді. Құлман төмен қарап, жер шұқыды. Орынбике көзінен жасы моншақтап, қақтама тезекті отқа көсеп тыға берді.

`Қасымжанды дұрыстап ойната алмады`— деп Қойшықараны бұзауға салды. 20-дан артық бұзау бар. Ауылдан ұзатып бағамын деп енесіне жамыратып алып, талай таяқты жеді. Бірақ, балалық ескертпеді. Бұрынғы күйімен бұзаудың соңына түсіп көгал басына барған соң, шалшық суға сазды илеп, сурет істеп, өзінің ойыншығымен болады.

Бір күні қалың шөптің арасында суретімен ойнап отырып, шаршаған соң, қисая кетсе, ұйықтап кетіпті. Төніп келген дүрсілден шошып оянып, басын көтеріп алғанда, бір нәрсе тасыр-тұсыр ете қалғандай болады. Қорқып кетіп қашайын дегенде, жерде домаланып жатқан Жетпісті көрді. Аты үркіп, аударып кеткен екен. Аяғын ақсай басып тұрып:

— А, жетпегірдің баласы!— деп бай ұмтылды. Қойшықара орғып жөнелді. Бұл жерде құтылғанмен, түбінде қамшының арқасына тиетінін сезді. Бірақ оны да елеген жоқ, қашып келе жатып, байдың теңкиіп құлағанына мәз болып, өз-өзінен күлумен болды.

Қысқа қарай Орынбике ыңқыл-сыңқылға айналды.

— Қыс болса, мұны албасты басатын әдеті,— деп бәйбіше оған жаман шаптығады.

Бәйбішенің даусы шықса, өкпесін сүйреп, Орынбике жүре беруші еді. Бұл жолы жүре алмады. Бір-екі күн ыңқылдап, созылып жүріп, бір күні таза жатып алды. Денесі күйіп-жанып, жанын қайда қоярға білмеді. Әлсін-әлсін су ішіп, маңдайына қар бастырумен болды. Құлман түн ұзаққа дамыл көрмей бақса да, күндіз қайырыла алмайды, байдың малын жайлайды. Орынбикені күндіз бағатын — Қойшықара. Бұрынғыдай ағаш жонып, ат істеуді қойып, әжесінің басына келіп, түнейді де отырады. Орынбике оқта-текте көзін ашқанда тоңып отырған Қойшықараны көріп:

— Қалқам, қарашығым!— деп ерні кемсеңдейді... Үй іші қара көлеңке, терезе сірескен қырау. Дала сықырлаған боран. Тар, сасық, азынаған суық, ас үйде, пештің жанында, сандырақтап Орынбике жатыр. Аузына келгенін сөйлейді. Біресе сақылдап күлген сияқты болады... Әжесінің сөйлегеніне мәз болып бастапқы кезде Қойшықара жадыраса да, арт жағынан қорқуға түсті. Әжесінің үстіндегі көйлегін тісімен тістеп жыртқанын ұнатпады, бір сұмдықтың бар екенін сезген сияқты болды... Ұзақты күн арпалысып жатқан ауру ымырт жабыла бір түрлі жуаси түсіп, бара-бара ыңқылы басылып, демі тынуға айналды. Жаны шығуға таянып ышқынғанда, Қойшықара қорқып кетіп, бақырып жылап қоя берді.

— Неге жыладың, қарағым, жай ма?— деп боранмен жаурап Құлман үйге кірді. Келген ыңғайда Орынбикеге көзі түсіп, шошып кетіп, кішкене тұрды да, көзінен жасы бүртіктеп домаланып, отыра қалып, иман айтты. Орынбикенің ақшиған көзін уқалап жұмдырды...

Ата-балалы екеуі қараңғы үйде отырып, түні бойы