Әдебиет
Бейімбет Майлин
Бейімбет Жармағамбетұлы Майлин (1894-1938) — қазақтың көрнекті жазушысы, қазақ әдебиетін қалыптастырушылардың бірі.
Бейімбет Жармағамбетұлы Майлин (1894-1938) — қазақтың көрнекті жазушысы, қазақ әдебиетін қалыптастырушылардың бірі.
Ақбаланың тоқтысы
`Жетімнің, жесірдің қақын жеу қарам`
(молдалар шариғатынан)
Ақбаланың байынан қалған, көнетоз арбасы бар. Жесір қатынға байынан қалған қай нәрсе ыстық емес. Әсіресе, арбасы ыстық. Қалтай өзі тірісінде де арбасын кісіге көп бере қоймайтын, `сындырып тастайсыңдар, бүлдіресіңдер` деп безілдейтін. Байы өлгелі Ақбала да арбасын кісіге көп бере қойған жоқ. Қали соны жұма намазына барамын деп баласын екі-үш рет жіберген соң, шарасыздан соған ғана беріп еді...
`Баяділ молда Төрттөбе болысын аралауға барады екен` деген хабарды естігенде, Ақбаланың жүрегі зырқ ете қалды. Баяділ молданың дәулеті ешкімнен кем емес. Табысы жеткілікті. Молдалықтан табыс шамалы болып бара жатса, райсоюзге тары жиып беруге агент болып кететін өнері де бар. Сөйтіп жүріп әбзелге жарымайды. Шайманның салқам
арбасын екі жылдай қабаттасып жегіп, ақырында, Беркімбайдың шешесінің жаназасына барғанда бел ағашын омырып, үйіне әкеліп тастады.
Ақбаланың қорыққаны — арба сұрайды ғой дегендік еді. `Мал иесі уәлі` деген рас, бір күн молда келіп көзін сүзіп тұр:
— Ел аралаған соң, түсім болмай тұрмайды ғой. Қолыма мал түссе, таңдамай біреуін саған берейін, жегіп баруға арбаңды бер, — дейді.
— Бұрынды-соңды ел аралағанда молданың құр қайтқан жолы жоқ. Уәдесіне жетіп мал беретін болса, үйде тұрғанда арба не табады, беру керек, — деп Ақбала лоблиды. Бірер күннен соң, Ақбаланың арбасына көк атты жегіп, прәшкесінде1 күзеулі тор байтал, молдекең мықшиып Төрт-төбеге асады...
* * *
Іңір уақытында:
— Молда келе жатыр! — деген хабар дүңк ете қалды. Ақбала үйден жүгіре шықты. Қара жолдан бұрылып келеді екен. Молда Ақбаланың арбасының үстінде отыр. Көшірдегі баласы прәшкедегі байталға жайдақ мініп, 15 шамалы қойды арбаның артынан шұбыртып айдап келе жатыр.
Ақбала қуанып кетті:
— Бір қойды қайтсе де береді ғой, бала-шаға тұттай жалаңаш қалып еді, жақсы болды ғой, — деп ойлады.
Ертеңгі сәске кезінде ауыл шалдары молданың үйінің жанына жиналды. Молда бұрынғы қой мен соңғы қойын қосып, күзем алдырып жатыр еді. Ақбала да барды, молда Ақбалаға көзінің астымен тұнжыраңқырап қарады да:
— Әй! — деп қатынына дауыстады, — мына келінге ана қоңыр тоқтыны ұстап бер, қырықтырып жүнін алсын... — деді.
— Жүнін қайтейін, берсең басымен бер. Арбаны алғандағы уәдең қайда? — деп Ақбала жабыса кетті.
Молда қапелімде кібіртіктесе де, артынан бетін түзеп алды:
— Мен ол қойды өзім үшін әкелгенім жоқ. Дін назаратының айтуымен жиылған мал. Тиісті жеріне табыс қылынады, — деді.
Ақбала үйіне жылап кетті...
`Жетімнің, жесірдің қақын жеу — харам`,— деп Баяділ молданың шариғат айтқанын ерте кезде талай естіп едік. Ол шариғатқа қарағанда — қоңыр тоқтының Ақбаланікі болатын жөні бар-ақ. Бірақ, соңғы кезде молдалар шариғатқа өзгеріс кіргізіп, кейбір жерлерін өздерінің құлқынына қарай бейімдеді десіп жүр ғой.
Шариғаттың өзі де, молдалардың құлқыны үшін ойдан шығарған нәрсесі ғой, ойдан шығарылған нәрсе керегіне қарай икемдеп отыруға көне бермекші. Құлқынына керегі еді.
— Баяділ молда жесірдің ақысын да жеді, уәдесін де жұтты. Мұны басқалар сезбей жүргенмен, Ақбала енді сезер. Ақбала секілді бірер алданғандар молданы маңайына ойлап жолатар ғой.