Әдебиет
Бейімбет Майлин
Бейімбет Жармағамбетұлы Майлин (1894-1938) — қазақтың көрнекті жазушысы, қазақ әдебиетін қалыптастырушылардың бірі.
Бейімбет Жармағамбетұлы Майлин (1894-1938) — қазақтың көрнекті жазушысы, қазақ әдебиетін қалыптастырушылардың бірі.
Сексен сом
Егеубай ертеңгі шәйін ішіп, қора-қопсысын оңдайын деп тысқа шықты. Ноябрь іші болса да қар жаумаған қара жер. Күзгі қара дауылға қыстың ызғары қосылып, аспандағы сұр бұлтты құйқылжытып ызғырықтау болып тұрған. Үйден шыққан ыңғайға тесік-тесік болып тұрған лапастан соққан жел Егеубайдың маңдайындағы шәйдің шығарған терін жойып жіберді. Қабағын жиырыңқырап лапастың алдында тұрып, ақ тымақтың үзік бауын байлады. Тысқа шығып бір-екі аттап жүре берем дегенде жапырайған қорасының құлап жатқан бұрышы көзіне шалынды: `Мынаны оңдап тастамасам болмас` деп темір күрегін алып, құлаған шомды үйе бастады. Албарда тұрған көк шолақ ат күректің тықыры мен Егеубайды танып жем ізденіп оқыранып қойды. `Е, жем керек екен, сен түгіл балаларға да нан жоқ!` — деді Егеубай күбірленіп. Өзі шомына айналып тастаған көңін үске шығып жайлап салып жатқанда, біреу келіп:
— Ассалаумалейкум! — деді.
Егеубай кенет шыққан дауыстан шошып кеткендей, басын көтеріп алып:
— Әликсалам... Е, Тынымбаймысың, үйде ме едің? Бір-екі күннен бері неғып көрінбей жүрсің?
— Кеше жиылыстан келдім ғой, — деді Тынымбай.
Егеубай, шомның басынан түсіп, күрегін таяна тұрып сұрай бастады:
— Е, жиылыстан келдім дейсің бе? Не жаңалық бар?
— Бөтен хабар жоқ, `Алашорда ашылды` дейді. Бес-алты делегат келген екен, ішінде бір сұсты жігіт бар, сірә, бастығы болса керек. Олар Найзалыға жүріп кетті. Болысқа: `тез ақша жиып қой` деген екен сол ақшаны ауылнайларға бөліп... Біздің ел кедей,— деп ақшаны басқа ауылға ауыстырдық. Сонымен қалған ақшаны үй басына келгенде сексен сомнан келді.
`Сексен сом` дегенде Егеубайдың таянып тұрған күрегі жерге түсіп кетті. Өзі безгек болған кісідей қалтыранып аузы жыбырлап, қайта-қайта `сексен сом` деп айта берді.
Тынымбай аң-таң, Егеубайдың неден сасқаны оған жұмбақ, басқа бір пәле болып қалды ма деп, ол шегіне берді.
— Біздің ауылнайда да байлар бар емес пе еді? `Бай салық` істемедіңдер ме? — деді Егеубай есін жиғандай боп.
— `Бай салықты` ескеріп едік-ау, ауылнай ырық бермеді: `Бізде өлмелі кедей жоқ, бәрі де төлей алады` — деп, ылажсыздықтан көндік.
— Апырм-ау, сексен сом дейді?!— деп Егеубай ілгері-кейінді жүрді.
Тынымбай кетіп отырды. Егеубай, албар ішінде бірсыпыра жүріп, үйіне кірді. Қатыны Егеубайдың тозған киімін жамап отыр еді. Егеубайды көзі шалуы-ақ мұң екен:
— Осы үйде бүгін бір түйір шәй жоқ. Қызыл келіннен қарызға шай алып ем, о да сұрайтын шығар. Шәй қарастырып бақсайшы,— дейді.
— Қой қатын, шәйдің жөні болар, мына сексен сомды айт! — деді.
— Қайдағы `сексен сом?`
— Қайдағы дерің бар ма; `Алашорда` ашылыпты, соның раскоты, салығы.
— Ордасы не? — деп қатыны таңданып еді.
— Білмесең сұрама. Сен түгіл өзім де анық білмеймін, әйтеуір `алашорда`, `ақша` дегеніне ғана түсіндім...
— Сорымыз қайнаған екен ғой, — деп қатыны ауыр күрсінді.
Егеубай отырып терең ойға батты, дүние кемшілігі, шаруасының ретсіздігі көз алдына елестеп, бір түрлі тынышсыздыққа айналдырғандай болды.
Бұдан бір ай бұрын `алаш` жігіттерін милиция қызметіне аттандырғанда, өз аулынан шыққан Көркемтайдың баласына берілетін бес мың сом мен Егеубайдың жорғасына төленген үш мың сомды бөлгенде де, үй басына 80 сомнан келіп еді. Егеубай ол жиылыстың ішінде өзі де болып, 80 сомды төлемеймін десе де, жігіт жинай келген делегатқа бір қулар `мынау большевик қарсылық қып тұр` деп шағым беріп, Егеубай ұсталып қала жаздап, 80 сомды біреуден қажет әперіп зорға құтылып еді. Сол борышына қатынының былтырғы төркіндеп әкелетін жалғыз қызыл сиырдың тайыншасын беріп, зорға құтылып еді. Мына сексен сомға орын жоқ. Алым ақшасын сұрап ауылнай бір жағынан дігірлейді. Аршының 12 сомнан алып ақшасын күз беремін деп, қатынына көйлек кигізген борышы тағы бар. Ералы сәудегерден 100 сомға бір тақта шай алып еді, соны да төлеген жоқ. Бірер қара болса да соғым соймай тағы отыра алмайды. Күзгі алған 15 пұт егіннің сегіз-ақ пұты қалған. Шиеттей жас балаларды нансыз асырауға тағы болмайды. Үй іші тұттай жалаңаш. Осы керектің бірде бірін орындай алмай отырған Егеубайдың мойнына сексен сом іліккен соң неғып қайғырмасын, неғып саспасын?!
Егеубай `У-уһ!` деп ауыр күрсінді.
* * *
`Ауылнайдың үйіне делегаттар келіпті` деген хабар іңір әлегінде дүңк ете түсті. Мұны есіткенде Егеубайдың көз алдына сексен сом елестей кетті. Бойы мұздап қалтыранды. Сексен сом оның жаны, делегаттар жан алатын әзірейіл секілді көрінді. Тұла бойы дірілдеп, жүрегі дүрсілдеп тамағына бір нәрсе тұрған секілді жұтындырмайтын күйге ұшырады. Қатыны шәйін демдеп құйып берсе де, Егеубай бұрынғыдай жадырап іше алмай, бірер кеседен кейін төңкерді. Сүт салмадан бір аяқ ішіп алып, төсегіне жатты. Есі-дерті `80 сом` мен ауылға келген делегат болды. Қанша ойланса да ақша табатын орын жоқ. Бермей тағы құтылмайды. Әрі-беріден соң амал тапты. Таңертең тұрып, көк шолақты жегіп алып, Самалықтағы құдасына кетпек. Түпкілікті құтылмайтынын білсе де, мына делегаттардың келген қарқынынан қалуға іздеп тапқан амалы еді. Осыған белін буып, таң сәріде қатынын оятып шәй қойдырды.
Көкшолақты жетектеп барып суғарды. Шәйді жаңа алдына алғалы жатқанда, ауылнайдың кішкене баласы келіп кірді.
— Ата, сені делегаттар шақырады.
— Делегаттар мені қайтеді екен?
— Білмеймін, тез келсін деді.
Кесе қолынан домалады. Асып-сасып, жамаулы күпіні иығына іліп, табан етігін киіп жүре бергенде, қатыны дауыстады:
— Сорлы-ау, тымағыңды кисейші, құлағым ауырып жүр деп ең ғой, жел ұстар!..
* * *
Ауылнайдың үйі. Төр алдында солдат киімді үш жігіт. Қара бұжыр жігіт іріленген түрмен жанындағы екі жолдасына бастық тәрізденіп отыр.
— Ішіңдер, қонақтар, май жеңдер, қарындарың ашар,— деп қояды ауылнай.
Егеубай апалақтап кіріп, сасқанынан сәлем берді. Босаға жаққа отыра қалып:
— Аманбысың, ауылнай? — деп еді ауылнай ернін жыбырлатты да қойды.
Біраздан кейін жігіттерге:
— Мынау отырған Егеубай деген қартымыз, бұ кісіден сексен сом тиіс, — деді.
`Сексен сом` десе Егеубайдың жаны, бар тұла-бойы дір ете түседі.
— Қане, отағасы, ақша шығарыңыз, — деді қара бұжыр.
— Ойбай, шырағым, ақша жоқ!
— Ақша жоқ деген не сұмдық? Біз ондайды естімейміз!
— Не көрмеген көк тұқыл дейсің, жалтаруын қарашы, — деп жолдасы күңкілдеді.
— Отағасы, ақша тап.
— Қарағым-ау, соқыр тиыным жоқ, жерден қазайын ба?
— Мынауың `Алашордаға` қарсы ғой өзі...
— Ойбай, атама шырағым!
— Алашқа қарсы деп биыл тұтқын қыла жаздап, зордың күшімен қалған Егеубай ғой.
— Қарсылық қылмасаң айта ғой, қанша малың бар?
— Жалғыз ат, жалғыз бұзаулы сиырым бар, шиеттей жас балаларымды немен асырарымды білмеймін.
— Осының атын алып, артығын қайтарып берсеңдер қайтеді? — деді ауылнай.
— Содан қолайлысы болмас. Бар, Ержан, ана кісіні жаныңа ерт те, атын әкеле ғой, — деді бастығы.
Ұзын бойлы сары жігіт бес қаруын асынып,— жүр, отағасы! — деді.
Егеубай сүріне-мүріне тұрып үйіне беттеді. Мылтығы сорайған солдат осы қашып кетер-ау дегендей, өкшесін басып келеді. Келе жатып ойлайды: `апырмай, ауылнай маған неден өшікті екен?` деп. Кенет есіне түсті. Былтырғы сайлауда мұны сақау жағы иемденген ғой, дәу де болса соның кегін алу шығар...
Делегатқа көк шолақты жүгендеп беріп еді.
— Жоқ, өзің алып жүресің! — деді ол сұрланып. Егеубай сөз айтпай ала жөнелді.
Көк шолақ албардан шығарда, лапастың алдында тұрған Егеубайдың қатыны екі көзді жаспен бұлап тұр еді:
— Жалғыз атты `Алашорда` қақшыды. Құдай-ау, енді қайда барып күн көрерміз?! — деді.