18 Желтоқсан, Сәрсенбі

Әдебиет

Бейімбет Майлин
Бейімбет Жармағамбетұлы Майлин (1894-1938) — қазақтың көрнекті жазушысы, қазақ әдебиетін қалыптастырушылардың бірі.

Сейіттің сыры






... Мен Сейіт Таңатаровпын, қазіргі фамилиям Сейіт Құдайқұлов; Құдайқұл менің төртінші атам. Одан бергісіне жолауға болмады. Таңатар, Сағымбаевтар заманында қыр мен сырға әйгіленіп болған аттар ғой. «Таңатаров» деген фамилия бір кезде жұртқа құдайдай көрінуші еді. Жас кезімде мен де қолданып көрдім. Екінің бірі «Мынау Таңатаров!» — деп сыртымнан таңданып қарап тұрушы еді...

Өзгеріс болғаннан кейін «Сағынбаев» атандық. Аз уақыттың ішінде Сағынбаев деген атақта жұртқа әйгіленіп кетті. «Сағынбаев» атағын көтерген студент ағам еді. Кеңес адамы болып, дөкей-дөкей қызметтерді атқарды. Бір уезд елді аузына қаратты... Бірақ арты қайырлы болмады, ағамның табаны тая бастады. «Бай баласы» байшыл деген атақты екінің бірі тапты. «Қазына мүлкін жеп қойыпты...» деген өсекті де таратты. Біз қайдан білейік, жалон жаны көп алатын шығар деуші едік. Екі-үш жыл қызмет қылып дүрлеп тұрған кезінде үйден мал саттырып көрген жоқ еді... Мал саттырмау түгіл, неше түрлі қымбатты шаруашылық саймандарын үйге алып беріп тұрды... Осының кесірі тиді ме, қайдам, ағам ақырында қызметтен шығарылып, басы сотты болды...

... Мен бұл дүниеден бос қалған адам сияқты едім. Жасымда молдадан сабақ оқыдым. Екі баланы бірдей орысша оқытудың қажеті жоқ деп әкем мені қазақша оқуға салды. Бір-екі жыл ишан қазіреттің медресесінде оқыдым. Оқыдым деген ат болмаса, шынында менікі құр уақыт өткізу еді ғой. Қаланы кезумен болдым. Ақша жетеді. Қайда қазақ болса, соны көруге құмарттым.

Төңкеріс болғаннан кейін жабайы адам болып үңе жүрдім де қойдым. Жасым сонда жиырмаға жетер-жетпес еді. Meн дәулет, уайым-қажы жоқ. Мырза болып бұлаңдауды шығардым, өзіме лайықты жаныңда нөкерім болды. Әсіресе Жұмат дейтін жылмаң жігіт бар еді, өй епті-ақ еді-ау... Марқұм өліп қор болды, әйтпесе осы күні кімнен болса да кейін жүрмес еді... Сол Жұмат мені көп баулыды. Өлке бойындағы елде тәуір қыз-келіншек болса, іздеп жүріп сөз салушы едік. Ыңғайдан шығып кететіні сирек болушы еді. Бірен-саран көнбегенін масқаралап, ел бетіне қарағысыз қылушы едік... О да бір заман екен ғой!

... Әкем жасымда қалың беріп қойған төрт төбедей Вахит дегеннің қызы еді. Қалыңдығымды ұрын көруге бардым. Жаныңда Жұмат бар. Қызды алып келді, тырнадай серейген біреу екен. Бөкебайын ашып бетіне қарап едім, келте мұрын, бұжыр бет, көзі үлкендеу адам екен. Ойнап, күлген болып отырдық. Менің ішім онша жылып қойған жоқ.

Одан көш ілгері қыздарды құшақтап, аузымның тұшып қалғаны бар еді ғой. Қалыңдығым маған ұнаудың әлегінде болды. Ажарсыздығы болмаса басқа жағынан мен де мін таға алғаным жоқ. Бірақ ен дәулетке жүзіп отырып, жұрт таңданғандай бір сұлуды құшақтамаған соң дүниенің қызығы қайсы. Осыны серт қылып, Жұматты қасыма ертіп қыз іздедім. Сонымен, осы күнгі тоқалым Бексұлуды алдым.

... Қазірде жасым жиырма алтыда, сұлу мұртым бар. Әкеме тартып сақалым көп болар деймін, жетісіне бір рет қырып тұрамын, ажарым қызыл шырайлының әдемісі. Ойын-тойда қыз-келіншек үйіріліп, менімен сөйлесуге құмартады. Екі қатын алғандығым болмаса қылшылдаған жас жігіт кезім осы ғой деймін... Қатынды ерте алудың кажеті жоқ екен. Жігіт болып, бойдақ жүріп, дүниені тептіріп еткеннен қызығы жоқ шығар деп кейде өзім пұшайман да боламын. Әсіресе, екі қатын ұрсысып таласса, әкелеп бала жыласа, құйқа тамырым шымырлайды.

* * *

... Ағам ұсталып қалған соң, шығыны көбейді. Әкем ретін білмеген де шығар, әйтеуір кім көрінгенге берінемін деп бірталай малдан айрылды. Оның үстіне салық есті тандырды. Бұрын тісі батпай жүргендер ептеп айналдыратынды шығарды. Жиылыс болса біздің үйде болатын болды. Шығын болса «Сағымбайға салынсын!» дейтінді шығарды. Қарсы келсең жазалысың. Милициясы қақаңдап бір жағынан мазаңды алады...

«Қолыңнан еш нәрсе келмейді, құр нан соғарсың!»деп әкем маған кеюді шығарды.

Мен намыстандым. Қалаға бардым, қызмет қылып әкеме олжа түсірудің жайын қарастырдым. Бірақ кеңес қызметінен маған лайықты орын табылмады. Мен ешқайсысына жарайтын болмадым...

Бәйбіше қатынымның төркіні Қайырлап дейтін бар еді, сол кызметте екен. Аз ғана орысша оқығаны бар ғой, маған қарағанда оның да тәуір болғаны ғой. Орын табылмаған соң, жақын көріп соған бардым. Менің барғаныма мәз болып қалды. Маған орын іздестірмекші болды. Үш-төрт күн күттіріп, ақырында:

—Мұғалім болам демесең, басқа орын жоқ, — деді.

Мұғалімнің алатыны айына 32 сом, қазақ ауылында тұрған сол, шығын шықпайды. Айға 32 сомды санап алғанымды салып тұрсам, әкем маған қалай өкпелер екен? — деп өзімнен-өзім ойға қалдым. Дағдарған соң:

— Әйтеуір байырақ ауылға сайлата көр! — деп Қайырлапқа жайымды айттым.

— Мұғалім болам, — деп арыз жазғанымда, Қайырлаптың ұйғаруымен фамилиямды «Құдайқұлов»деп өзгерттім. Анкетті орысша толтырады екен. «Ата заты қандай болған?» деген сұрауға келгенде Қайырлап көзін қысып қойып:

— Кедей болған ғой! — деді.

Мен күліп жібердім...

...Бүйтіп тапқан малы құрысын! Екі қатынның жылап ауылда жатқаны анау, кілең боқташақ баланы алдыма топырлатып шаң-топырақтың арасында мен отырмын. Мектеп дегені Жарылқасын байдың ас үйі. Сығырайған кішкене екі терезесі бар. Екі терезенің бес көзі сынық жамау. Біреуіне қарын шегелеп қойған. Есігінің қиюы қашқан, жабылмайды, қар кіріп, жел азынап бүрсеңдейсің де отырасың... Үйдің іші ыс, кір, асты бұрқылдаған топырақ, көң. Ac пісірсе үйдің іші буға толады. Кейде түтін шықпай булықтыратыны да бар. Өзім тіземді бүкпей, терезеге сүйенумен тұрам. Балалар топыраққа малшынып, тізерленіп отырғаны. Көбі жаурап иегі-иегіне тимейді. Қағаздарын шұқылап бірдеме айтқан болам да, өздерің оқи тұр деп байдың қонақ үйіне кетіп қалам. Қонақ үйі жұмақ секілді. Төсеп тастаған, жайнаған кілем, самсаған жарық терезе. Қонақ үйдің бұрышында маған арнап байдың қойдырып берген үстелі бар. Үстел үстінде үйдің керегесіне сүйеулі дөңгелек айна тұр. Бұл байдың қызы Гүлсімнің айнасы ғой... Айналайын, өзі әп-әдемі бала ғой. Кез келгенде жымиып күлетіні бар. Күлгенде көзі-ақ жарасымды. Жүрегіңді өзіне тартып тұрған сияқты. Осы айнаны әкеліп үстелге қойып жатқанда үстінен шықтым.

— Рахмет, қарындасым, — десем, қылымсып күледі.

— Сізге қызмет қылуға ерінбейміз! — деді.

Не айтқысы келгеніне түсінбейтін емеспін ғой, бірақ өзімнің жайым келмей жүр. Мал тапқан құрлы мына мұғалімдігі сор болды. Бүйтіп қорлық көріп, алба-жұлба болған кілең кедейдің баласының ішінде отырып, атағыма нұқсан келтіргенше, таза үйге барып жатып алсам қайтеді?

Менің қалай мұғалім болғаныма жұрттың бәрі түсінбейді. Жарылқасын бай келген күні сұрап еді, оған шынымды айтқаным жоқ:

— Қызметке келсін деп қалаға шақыртқан екен. Қалада отырып жұмыс істегім келмеді. Ағамның көрген опасы да шамалы ғой. Одан да амалдап құтылып, ел арасына шығайын деп, осы мұғалімдікке көндім, — дедім.

— «Заманың түлкі болса, тазы болып шал» деген ғой, мұның дұрыс. Ептеп күн көргенге не жетсін, — деп Жарылқасын онымды қостап қойды...

Келген ыңғайымда Жарылқасын мені сыйлап, осы қонақүйін босатып бермекші еді. «Кедейдің етегіне бидай салса, төгіп тастайды» деген ғой, кілең кедей болып жиналысып, байдың ағаш үйін алып мектеп қылуды шығарыпты. Оларыңа болыс көнбепті. Жарылқасын соған ерегісіп қонақ үйін бермей қойды.

— Шырағым, ренжіме, сені аяғаннан осы қонақүйімді босатып берем бе деп едім, мына кедейлердің қылығы етіп кетті. Енді берсем, қорыққаннан берді дейді ғой, — деп маған жайын айтты. Әй, кедейлер-ай, басқанды қайтейін, қит етсе бай деп кіжінгендерің өтеді-ау!..

...Байдың бір қарқыны келген күн екен. Үйеме табақ ет астырыпты. Қазы мен қартаны аямай-ақ салыпты. Сыйлап отырған қонағы Бердібай бақсы. Бақсы адам әумесер келе ме екен, әлде ишанның өзі сол ма екен, Бердібай мені шақырып алып:

— Байдың тоқалының қойнына апарасың ба? — деді.

Қара тоқал көзі жылтыңдап бөлменің есігінен әлсін-әлі қарайды. Қонақ онан дәме етсе, ол қонақтан дәме етпейді дейсің бе? Бердібай бақсы ірілік қылмай-ақ езі сөйлессе де болатын еді. Мені жұмсап отырғаны — мұғалім деген ел көзінде ойыншық болғаннан шығар деймін. Әйтпесе менің кім екенімді білсе, Бердібай өзі маған аяқ ұшынан тұрып қызмет істер еді... Ой, заман-ай, өттің-ау!.. Тегінде ақшасы құрсын, осы мұғалімдік менің арымды төгіп болар-ақ...

Байдың сақтап жүрген ескі қысалары бар. Ет жеп болған соң:

— Азырақ көңіл көтерейік, шырағым, қыса оқисың ба? — деді.

«Әзірет Әлінің» соғысын әндетіп оқып шықтым. Байдың айызы қанып тыңдады. Бердібай бақсы арқасы қозып, мүлде көтеріліп-көтеріліп қояды. Көрші бөлмеден бәйбіше, тоқал, бұралып Гүлсім келді. Гүлсім әжесінің сыртына таман отырды. Әжесінің иығынан аса маған қарайды. Мен де көзімнің қиығымен қараймын деп кейде оқып отырған жерімнен айрылып қала беремін. Бай мұнымды сезді ме, қалай, бір жымиып күлді де қойды. Тегінде бейлі кең жақсы адам-ау деймін...

...Үй тастай қараңғы. Дала жел, бораған қар сықырлап мазаны алып тұр...

Мен ұйықтаған жоқпын. Аунақшып жатырмын. Үйді ойлаймын. Ауылдан кеткенде үйді, екі қатынды сағынбаспын деп-ақ ойлап едім. Сағынған да жоқ шығармын, бірақ бір түрлі мазам кеткен секілденеді. Көңіл бос, алданыш жоқ. Ермек табылса жүре бермейтін несі бар дейсің...

Кешеден бергі ойым — осы Гүлсімге қол салып көрсем деймін. Қатынымның барлығы болмаса мен қартайып тұрған жоқпын ғой. Қатының бар деп бетіме баспас. Бәрібір, мен оны түпкілікті алып жатқан жоқпын... Ойлаған сайын еркім кете береді. Бүгін ас үйге балаларды бір көріп шығайыншы деп барып едім, менің артымнан Гүлсім де барды. Мен терезенің қырына сүйеніп тұрып едім, ол пешке арқасын сүйей тұрды, өзі маған қарап жымиып, күледі. Балалардың ішіндегі есі кіргендері біресе Гүлсімге, біресе маған жалтақтап қарайды. Менің ашуым келіп кетті. Ыбырайдың ұзын тұра баласын «көргенсіз неме» деп жаққа салып-салып жібердім. Жап-жас болып сондай нәрсені сезбей-ақ қойса қайтеді екен?!

Бердібай бақсым пырылдап ұйықтап жатыр. Аузы айтқаны болмаса, ар жағында дәрмен жоқ-ау деймін. Қой, құр дөңбекшігенше барайын. Қыз тоқалдың койнында жатқан шығар. Тоқал ояу жатты не, ұйықтап жатты не, бәрібір қызды қорғамайды ғой, «мұғалімдікке кейіп жүнімді жыққанша, тіріліп тағы адам болайын. Ойын-қызықпен көңілімді көтерейін...»

...Қожық шақырады дегенде ас үйге барсам, балалардың әкелері шығар деймін, он шақты адам қатарласып отыр. Киімдері жалба-жұлба, ыбындары кеткен ылғи кедейлер. Ішіндегі бас көтергені Қожық қой. Мен биыл мұғалім болып келгенімде «мектеп кеңесін сайлаймыз» дегенді шығарып, бастығы Қожық қылып төрт-бес адамды сайлағамыз. Содан бері Қожықтан құтыла алмай-ақ келем. Екі күннің бірінде келіп жоқты айтып, мазаны алады да отырады.

— Мектеп жайын кеңесе келдік, — деді Қожық.

— Мынау үй ме, бұл мал қамайтын сарай! — деп біреулер мұрнын шүйіреді. Өз үйі оңып тұрғаннан жаман сөзінің ащысын қарашы!..

— Мынау үйде балалар оқыған құрлы ауруға шалдығып болатын. Сондықтан я байдың қонақ үйін босатырып алу керек. Болмаса мектепті мына көрші ауылға көшіру керек, онда дайын тұрған үй бар. Жақын ауыл ғой, балалар қатынап оқыр, — деп Қожық бастап еді, былайғылар ауыз біріктіріп қойғандай:

— Сөйту керек! — деп шу ете қалды.

Бұл ұсыныстарының екеуі де маған жағымсыз. Қонақүйін алсақ бай ренжиді. Мектеп бөтен ауылға кетсе менің күйім келмейді. Қай кедейдің боқтығының арасына барып аунап жатармын. Және Гүлсіммен танысқанымның өзі жақында ғана. Оны қиып кету деген маған оңай соқпас. Мұғалімдіктен таза безуге айналып едім, осы Гүлсімге айналған соң ғана таза шырайым ашылып, табаным тұрақтай басылды ғой...

— Байдың үйін алуға болмайды. Келімді-кетімді қонағы бар. Бір ауылдың қонағын аттандырып отырғаны жарамаған ба? Қайсың қонақ қондырып қарық қылып отырсыңдар?.. Ал, мектепті басқа ауылға көшіреміз десеңдер, онда менімен қош айтысасыңдар. Мен қыс ішінде артынып-тарғынып көшіп жүре алмаймын. Және мен мектеп мұғалімі болсам менен рұқсатсыз мектепті көшіре де алмайсыңдар! — деп ашумен қысқа кесіп айттым.

— Қожық бірдеме деп міңгірледі. Былайғылары жалтақтап біріне-бірі қарады. Уа, құдай, қашанғыдан бұрын өлтіріп-ақ болды ғой. Не де болса қолымда дәурен тұрғанда, беттерін тырнап өлейін деп отырмын...

* * *

... Жайнаған жаз, бәйшешегі құлпырып, бұлбұлы сайрап, жанды жеген жараны емдеп жазатын жаз! Сарқыраған сай, күркіреген өзен, желкілдеген көк кеңілдің қошын келтіріп түр. Бір жетіден бері өзім бір жасап қалдым.

Қырсықтан құтылдым, қара сирақ балаларды таратып қоя бердім. Ауылға жүріп кеткендей-ақпын, Гүлсім қимайды.

— Ертең жүрерсің, бүгінше қонсайшы, — деп жабысып, іші-бауырымды елжіретеді. Өзіне ашық сөйлесіп көрсем бе екен, болса-болмаса менімен араласты ғой, қатының бар деп кемітпесе, тисе таза өзін алар едім. Үш қатын алған қазақ аз ба. Заңын көріп алармыз, ауылнай мен болысқа бір-екі айымның жалонасын берсем, үні өшпей ме?!. Тоқта, келе жатыр, Гүлсім ғой... қалқамды ақтық рет бір құшақтап сүйейінші...

* * *

... Қыстайғы жалонамды жиып әкеліп едім, әкем қуанып қалды. 180 сом ақшаны бір қолдан берген соң аз емес қой. Ақшаны ойыншық көретін баяғы дәурен қайда. Ойбай-ау, жындылық екен-ау, осы әкем штатта болыс боламын деп партия жиып, 10 мың шашқан ғой.

—Болыс болып алған соң мен де шығынымды өндіре білдім, жылға толмай екі есе болып, пұлым орнына түсті, — деп әкем, осы күнге дейін жыр қылып отырады. Ол бір тасқан заман ғой. Осы күні әкемнің теңге түгіл тиынға зар болатын кезі көп....

Бүгін екі қатынның екеуін де сілейте ұрдым.

—Алты айғы қыс бір келіп кетуді білмедің, — деп екеуі бірдей бұрқылдайды. Онысына ашуланбас едім-ау, бұрын екеуі ызғысып бірін-бірі шандумен отырушы еді, келгеннен бері байқасам ым-жымдары бірігіп қалыпты. Менің көзімді алып сыбырласып сөйлесуден де тайынатын емес. Оңбағандар, күңдер, менің көзіме шөп салып көрсін, әкелерін танытып қояйын!..

* * *

...Әй, ойбай-ау, мына қырсыққа не шара? Масқара болып шынымен сол көріске бармақшымын ба? Көріс дегенді қайдан шығарады екен? Жалонжамды беріп тұрса оқытпады деп біз өкпелемейміз ғой. Басқаны білмеймін, мен өзім анығы өкпелемеймін. Бармай болмас, «бармаған адам жалонжасынан айрылады» депті ғой. Қыстай азап шеккендегі ойым осы жазғы айдың жалонжасын текке жеу еді. Оны да дұрыстықпен бойға сіңірмейін дегені ғой... Құрысып, амалын тапсам, бірдеме деп құтылармын, мен енді кеттім...

...Газет! Міне тағы бір сор! Ақша үшін сорлап жүргеніңмен, жұмысы да жоқ, газетке жазыл деп жанымды жағамнан алды.! Әкем кедей еді, үй ішіме қарасып тұрмын десем:

— Алдымен кедейдің алып оқуы керек. Үкімет кедей жұмыскердікі. Үкімет баспасөзімен елді таныстыру мұғалімдердің міндеті, — дейді.

Аузы-аузына жұқпайтын бір батшағар екен, мен бір ауыз сөз айтсам он ауыз қылып жауап береді:

— Мұғалімдік міндетіңізді шын атқарғыңыз келсе, баспасөзден қашпаңыз. Мұғалімнің баспасөзсіз күні жоқ. Газет, журнал оқымаса, баспасөзбен ел кедейлерінің күнделікті жұмыстарына басшылық қылып отырмаса, мұғалім болғандығы қайсы?! — деп өзімді айналдырып, қазбалап барады. Құрысын, шиқ шығып кетіп жүрер деп сасқанымнан ақшасын бере қойдым. Тегінде осы мұғалімдік маған қол болмас деп былтырғы бір ойлағаным дұрысқа шығар ма екен?!

***

... Мұғалімдер бас қосып, көңіл көтерейік деп айтады деген соң мен де косылдым. Екі қабат қызыл үйдің астындағысына барып кірдік. Үстелдің үстін шыны қаптап кетті... Қалаға бұрын көп араласпаған сол ішімдіктің жайын білмеймін ғой, басында қызығып ішіп отырып, арт жағынан өзімді өзім тоқтата алмадым. Көп сөйлесем керек, не айтып, не қойғанымды онша біле қоймаймын. Масқара қылып бар сырымды ашып тастаған болмасам жарар еді... Жаңа ана бір қара бұжыр бақа мұғалімді көріп едім, маған қарап күліп:

— Сенің әлі қос қатының бар-ау, —дейді. Оны қайдан есіттің десем:

— Түнеу күні ішіп отырғанда өзің айтқансың, — дейді.

Тегінде бүлдірген болармын деймін. Жалғыз ол емес, қай жағынан болса да бүлінген шығармын. Бір айлық жалонжамды сол күні алып едім, одан бір тиын қалмастан бітіпті. Естің таза кеткені ғой, көзі тұздай жұп-жуан бір әйелді құшақтап сүйе бергенімді білемін. Бақа мұғалім сол әйелден ауру жұқтырып алдым деп бүгін жүгіріп дәрігер іздеп жүр. Маған жұққан болса жатып қарататын да жай жоқ. Не де болса елге барып көрем де...

...Газет! Түбіме жеттің газет. Ақша бермей қиқаң шығарғанымда осы сойқаныңды жаным сезген екен ғой... Батыр-ау, осының бәрінің анығын бұларға кім айтып берді екен?... Мынаны қарашы, бұлжытпастан жазып қойыпты:

«...Әкесі он бес жыл болыс болған, елдің қанын сүліктей сорған жалмауыз... өз күні үшін, ақша үшін мұғалім болып жүр. Бір өзінің уыздай жас екі қатыны бар. Кеңес мектебінде отырып, бала тәрбиелеуге лайықты адам емес. Мұғалім қатарынан қуылу керек!..»

Мә, саған керек болса!.. Өзімді боқтап жазғанымен қоймай, таза қаңғыртудың да жабдығын қарастырыпты... Жазушысы кім болды екен? «Тілші» деп қоя салыпты. Мұны енді қайтем? Тоқта, былай істеу керек болар: «Тілшінікі өтірік. Кедейдің баласымын, кеңес үкіметін жан-тәніммен сүйем...» деп өзімді ақтап жауап жазайын. Соң соң өтініш хат жазып, мені де тілшілікке ал дейін, мені қаралап жазған тілшінің кім екенін білдір дейін...

***

...Құрысын, мұғалімдіктен шығарып тастады. Екі қатын алдың деп сотқа тартып отыр. Сол шақыру қағазын: «Сейіт Таңатаров» деп жазыпты, «Құдайқұловты» іске алғысыз қыпты. Заң білуші еді деп Серкеге жолығып едім:

— Менің баяғы следователь болып жүргендегі заң өзгермеген болса, онда былай еді: екінші қатын алу үшін әуелгі қатынын айыру керек еді. Әуелгі қатынын айырғанға ауылнай болыстан қағаз болса, сот еш нәрсе істей алмайды, сен де осыны істеп көр. Ал, өзгеріп кеткен болса, оншасын мен білмеймін, — деді.

Ауылнай болыс қағазды тегін бере қоя ма, амал жоқ, шығынына көндім, бас қалса болады да, мен де соны істеп көрейін..

***

... Түрмедемін. Аға да осында жатыр екен. Мен үстіне келдім. Аз күнгі көрген қызық түс сияқты болып бұлдырға айналды. Алдымда қандай күннің барын білмеймін. Тегінде мықты қатем мұғалім болғандықтан ғой деймін. Ақшаға қызығып қолымнан келмейтін нәрсеге бас сұғуым керек емес еді. Қайта сот адамдары әділ екен, былтырдан бергі үкіметтен алған ақшаңды қайтарасың деп айтар ма екен деп састым..

Есіл бақ ұшты. Екі қатын бетімен кетті. Әлдекімді құшақтап жатыр екен? Гүлсім қайда екен? Уай, дәурен, өттің, кеттің, қайтейін!..

1928.