24 Қараша, Жексенбі

Әдебиет

Бейімбет Майлин
Бейімбет Жармағамбетұлы Майлин (1894-1938) — қазақтың көрнекті жазушысы, қазақ әдебиетін қалыптастырушылардың бірі.

Жалбыр






(пьеса)

5 перделі, музыкалы пьеса

«Жалбыр» пьесасы туралы

«Жалбыр» пьесасы 35-жылы жазылып, сол жылы кітап боп басылып шыққан еді. 36-жылы Москваға апарар да, бірсыпыра өзгерістер кіргізіп, өңдеп берген едім. Бұл баспасын сол соңғы өзгерістеріме бірсыпыра сәйкестендіріп істедім, әсіресе ақтық пердесін өзгерттім. Басқы перделерін көбіне сол ескісі күйінде жіберуді мақұл көрдім.

Автop.

Қыркүйек, 1936жыл

ҚАТЫСУШЫЛАР:

Жалбыр — 16-жылғы қозғалыс бастығы.
Елемес — жақын інісі.
Бекен — ода.
Қадиша — Елеместің сүйген қызы.
Маусым — Бекеннің келіншегі.
Сайым — болыс
Сүгір — інісі
Нағима — оның әйелі
Қайрақбай — батырақ
Асат — атқа мінер
Төбет — ақсақал.
Жақып — интеллигент.
Начальник.
Ақсақалдар.
Жігіттер.
Ауыл әйелдері.
Әскер.

БІРІНШІ ПЕРДЕ

Сахнаның жартысында — киіз үйдің сырты, іргесі түрулі, ішінде отыратын адамдар жағалай көрініп отыратындай, қалған жартысы — ауылдың қотаны. Алыста ауыл, дала суреті. Шымылдық ашылған кезде «Маусымжан» күйі ойналып, би болып жатады. Сахна түбін қоршаған жастар. Би билеген соң, Елемес бастаған жігіттер сахнаның ортасына келеді. Қадиша қыз-келіншектерді бастап, үйге беттейді. Қадишаның жанында Маусым, ол ұзатылатын қыздың түріңде бөкебай бүркенген. Екі келіншек Бекен күйеуді ортаға алып, сахнаның екінші жағына келеді. Күйеу жеңгелері мен жігіттер ортада, қыздар үй жанында үш бөлек тұрған күйі «Маусымжан» әнімен хор айтылады.

Қыз қосылып теңімен, жыламасын!
Көздің жасын көл қылып бұламасын!
«Екі жасты бақытты ете гөр!» деп,
Біздер бата берелік сұрағасын...
Біреу күлсе жалғанда, Маусым күлсін!
Күн нұрындай күлімдеп Маусым жүрсін!
Құрбы-құрдас құрметтеп есік ашты,
Құттыхана үйіне Маусым кірсін!

Екі қыз Маусымда екі жағынан қолтықтап үйге алып кіреді. Қыздар үйге кіріп болғанша, Қадиша бөгеледі. Елемес Қадишаға ынтыға қараумен тұрады. Қадиша оны сезбеген секілденеді. Көптен оңаша, жендеттерімен Бекен отырады.

Елемес.

Деген соң бал Қадиша, бал Қадиша!
Күйеуің құжырайған шал, Қадиша.
Ойынмен жұбауратып жоя алмайсың,
Ойында қандай пиғыл бар, Қадиша?

Қадиша.

Құрбыжан, мен дегенде ойың бөліп,
Құмартып қолыңды ұсындың жүзім көріп,
Қамаулы қапастағы мен бір тұтқын,
Қайтесің, өнбейтінді айта беріп?!

Елемес.

Деген соң бал Қадиша, бал Қадиша!
Кеңеске құлағыңды сал, Қадиша:
Ұсынған қолды қағып, торға түссең,
Арылмас сүйегіңе ар, Қадиша!

Қадиша.

Құрбыжан, сөзің алтын, тілің майда,
Қазақта жылаған қыз азғантай ма?
Қалдырып дос-дұшпанның табасына,
Жылатып ата-анамды барам қайда?..

Қадиша қыздарға барып қосылады. Бозбалалар өзара сөйлесіп отырысады. Елемес қайғылы түрмен.

Елемес.

Деген соң бал Қадиша, бал Қадиша,
Сезе алмай сүйген жарың зар, Қадиша!
Жүрегің мен ғарыптың мұзға бөлеп,
Көзімнен ағызбақсың қан, Қадиша!..

Елемес жігіттерден оқшаулау, түрленуге таман отырады. Қадиша нақ осының тұсында

Дәмеш (Бекенге).

Күйеу-ау!
Жарып риза дегендей жайланыпсың,
Жеңгені көзге ілмеуге айналыпсың.
Алып алтау болмаймыз, дос-дұшпан бар,
Демей ме: «Құр жарбаңдап жай қалыпсың».

Бекен.

Қанша берсем болдың-ау, тоймас жеңгем,
«Бер!» деген бір сөзіңді, қоймас жеңгем.

Дәмеш (наз қылып).

«Қол ұстатар», «Шаш сипар», «Қыз көрсетер» –
Ырымын берген соң... құрысын өңгең!

Бозбалалар «Жар-жар» айтуға кіріседі.

Бозбалалар.

Тобық пенен толарсақ санда болар,
Қырық кісінің ақылы ханда болар.
Әкем-ай!»–деп жылама, қарындасым,
Әкем үшін қайын атаң онда болар.

Бозбалалар «Жар-тар» айтқан кезде, қыздар өзара сыбырласып, Маусымның бөкебайын бәрі бүркенеді.

Қыздар.

Ақ жүзімді көруге айнам болсын,
Ауыл-аймақ таңданып қайран болсын.
Құрбы-құрдас, көңілімді жұбатпашы,
Өз әкемдей қайын атам қайдан болсын!

Сахнаға Сүгір келеді. Қасыңда Асат, тағы біреу. Жігіттер құрмет қып орындарынан тұрады. Елемес оны елемеген түрмен отырады.

Асат (даурығып).

Жол беріңдер мырзаға!
Жол беріңдер мырзаға!..

Елемес.

Жолын бөгеген кім бар?
Сүгір селт етіп, шатынай қарайды.

Асат.

Ә... мұндар!
Қадиша.
Қойыңдар!.. Келмей жатып не?..

Сүгіp.

Сұлу қыз, билігіне бердім:
Шын содыр мынау ма,
Мен бе? (Қадиша үндемейді.)

Елемес.

Қадиша, әділдігіңді айт! Іркілме!

Сүгір (Елеместі кекеп).

Қыз билігі сенде
Секілді ме қалай?
Алдымды бердің орай.

Қадиша.

Тартатын көкпар емеспін,
Тарылмашы, құрбым-ай!

Сүгір.

Деген соң бал Қадиша, бал Қадиша,
Қырықжеті сенің құның мал, Қадиша.
Құрбыңа қол артқандай қырындайсың,
Көңілінде қандай пиғыл бар, Қадиша?

Қадиша (үйден шығып).

Деген соң сұлу мырза, сұлу мырза,
Саттым деп мал орнына әкем риза.
Келген соң тең құрбылар ойнап-күлдім.
Тарылар іс болған жоқ, тым қынжылма!

Сүгір.

Мен сенің құрбың емей, қалмағың ба.
Көзіңе ілінбей-ақ қалғаным ба?

Қадиша (әзіл түрінде).

«Елде жалғыз өзіммін» дей алмассың
Есіңе ал жігіттердің қалғанын да!

Сүгірді қолтықтап, Елемеске қарай түсіп, Қадиша үйге кіреді. Сүгір Қадиша мен Маусымның арасына отырады.

Елемес.

Деген соң, бал Қадиша, бал Қадиша,
Болғаны шын ба құның мал, Қадиша?
Қу заман қорқытқанын сыйлайтұғын,
Мырзаңа бізден рұқсат бар, Қадиша!

Асат (көпке).

Қапы болғандай күші бар екен,
Қағылмаған тісі бар екен,
Орта жығылғандай одыр екен,
Ойнақтаған содыр екен...

(Қасындағы жігітке).

Бұл әлгі Жалбырдың інісі той, ә?

Жігіт. Taп өзі.

Асат. Айтамын-ау! Тым өктем сөзі.

Қадиша.

«Сары алтын сабыр түбі»– саспаған жан,
Ойланып, ойнақтап от баспаған жан
Қашанда мұратына бұрын жетпек,
Тасқындап қанасынан аспаған жан.

Сүгiр.

Мұныңызды кімге айтты деп білеміз?

Қадиша.

Сезіктене берген неңіз?

Елемес (Сүгірге естірте).

Жалтақтан сорлы бар ма?

Сүгір. Асат!

Асат. Әу!

Сүгip.

Қораға қасқыр шаппасын,
Көзіңді сала отыр.

Асат. Мақұл.

Елемес.

Ертіп келген иттеріңіз болса,
Айтақтай отырыңыз, Әсеке.

Асат.

Сүймейтінім – бәсеке.

Елемес.

Бірақ... билік сізде емес-ау...

Біреулер.

Ау... Ау... «Той бастар» қайда, «Той бастар?»

Біреу.

«Той бастар» қайда, «Той бастар?»

Біреу.

Асат! Мәжілісті сен басқар.

Домбыраны Асатқа береді. Асат жанындағы жігітке ұстатады.

Жігіт («Терме» әнімен).

Той дегенде біз келдік
Ат мініп, тон кигелі.
Қайырлы сапар, Маусымжан!
Жатырмысың жүргелі?
Асылдан екен кигенің,
Алтыннан екен ілгегі,
Ағайын, құрбы, замандас
Алдында отыр топтанып,
Жалғыз сен боп білгені,
Сенімен ойнап-күлгелі,
Тойыңды бастап тон алсам,
Іс бол май ма үлгілі?
Жыр болғандай кейінге
Көрсетіп кет үлгіні!

Келіншек орамал мен сақина әкеп өлеңшінің алдына қояды. Өлеңші өлеңін қайта бастайды.

Қарадан туған хан болып,
Жездеме аяқ салайын!
Бергені болса, алайын.
Мырзалығын көргелі
Телміріп отыр маңайым.
Мұндай тойдан ат мініп,
Шапанның кидік талайын.
Қозғал, жезде, отырма!
Бар екен сенің талайың.
Маусымжандай сұлуды
Деп отырсың, алайын.
Келісті жарың, келісті.
Сыр сипаты түп-түгел,
Қайсыбірін санайын!..

Күйеу жеңгесі бір шапанды әкеп, Асаттың алдына қояды. Асат оны қорашсынып ұстап, Сүгірге жібереді. Сүгір шапанды көргенде ашуланады.

Сүгір.

Қайтар әрі өзіне,
Көрсетпе менің көзіме!

Шапшаң лақтырып жібереді. Жұртта шошынған түр. Асат жайдарыланады. Жұрт тым-тырыс. Әйелдер бетін шымшиды.

Елемес.

Бар еді дейтін нақыл: «барға мәзір!»

Сүгір.

«Жөн айт!» деп жүгінбеймін ешкімге әзір.

Елемес (сахнадағы көпке).

Бұрқылдаған боранның түрі жаман,
Сендерге бұйырса еді ойын-әзіл.

Сүгip.

Ит жексұрын болушы ед тақымдаған.

Елемес.

Таға алмассың иттіктің атын маған!

Сүгip.

Тағылар ғой!

Елемес.

Тағылмас!

Сүгір (шіміркеніп).

Тағып берем!
Тебермін де кезінде жақындаған...

Елемес.

Кім білсін.
Тебермісің. Тебілермісің?

Сүгір (аздан кейін). Асат!

Асат. Әу!..

Сүгіp. Тірімісің?

Асат. Тірімін.

Сүгіp.

Құдаға деген кәдең жоқ па?
Бір ырымын істе, ырымын!

Асат жан-жағына қарайды. Елемес елеңдейді.

Асат.

Кәденің жөнін кеңесіп шешсек деп ем.

Елемес.

Ел болып ұрандаспай-ақ,
Лайықты дегеніңді істеп көр.

Асат.

«Кеңеспен пішкен тон келте болмас» деген, Біреулер олқы көріп жүрер.

Үйден Сүгір шығады.

Сүгір.

Уа, тоба!
«Төр менікі» дегені есіктегі,
Кекеу сөзді құлақтың есіткені.

Асат.

«Үй иесі жаманды қонақ билеп,
Балаға мазақ қылды бесіктегі!» дейсіз бе?

Үйден Қадиша шығады. Жалынышты түрмен Сүгірге қарайды.

Қадиша.

Мырзам-ау, не болып ед кектенгендей?
Тең көрші құрбыларды, өктем келмей,
Әзілге ашуланған мін емес пе?
Отыршы ойнап-күліп көппен бірдей.

Сүгір.

Менде боп міннің бәрі, басқалар cay,
Сұлу қыз, улы сөзді қоймадың-ау!
«Ел» көрген құрбылардың жүзі салқын,
Екенін енді білдім кімдердің жау. (Асатқа).
Түсіндім тамырланған жұмыс екен.
Түбіне кез жетпейтін ұлы іс екен.
(Қадишаға қарай түсіп.)
Сұлу қыздар құрбысын таңдап тауып,
Аралас көптен таныс-біліс екен.

Асат екеуі кетеді: жұртта аңырған түр. Шошыну. Қадиша үйге сүйенген күйі тұрады.

Елемес (Қадишаға қарай түсіп).

Мырза ашуланған екен деп,
Жылаймыз ғой, сірә!

Қадиша.

Куда!

Буынсызға пышақ ұратын жігіт екенсің!

Елемес.

Оның несі мін?
Буынын іздейміз деп,
Мырзаның аяғына бас ұрмақпыз ба?

(Қадиша үндемей үйге кіреді.)

Елемес.

Қашаннан тіс қайрасқан қандас жауым!
Қырыңа ала алмассың!..
Қайтпас тауым!..
Кезеңде екіталай тізе бүгіп,
Сатымды сындырмашы, қалқатайым!
Сасқан түрмен бір әйел сахнаға келеді.

Әйел.

«Тарқасын!» деп жатыр, ойбай.
Жүріңдерші, жүріңдер!

Жігіттер.

Беталды неге тараймыз?
Біліңдерші, біліңдер!
Бір жігіт кетеді.
«Көргенді» мырзаның ісі шығар. Ылаң салмаса, даңқ шыға ма...

Біреу.

Тоқтаңдар!.. Шулама!..

Тыстан дауыс.

Медина!

Сахнадан.

Әу!

Тыстан.

Үйге қайт, үйге! – Ермекбай!
– Әу?
Мында кел, мында!
Қатын, әй!
Әу?..
Қайт үйге!.. Балаң жылап жатыр.

Шақырылғандар біртіндеп кеткенде, сахнада күйеу жалғыз. Маусым мен Қадиша бір. Жалғыз отырып Елемес қалады. Аз тыныс.

Бекен.

Елемес! Мен қайтем?

Елемес.

Қасқыр жер деймісің? Отыра бер...

(Орнынан тұрып.) Қояндай қорқақ. Бұл не еткен ел?

Дауыс.

Елемес. Қадиша!

Қадиша. Әу!

Дауыс.

Қайт үйге, қайт

Елемес.

Уай дайт дерсің!..
Маусымға да кезек келсін.

Бекен (шошына тұрып).

Шын айтасын ба, ay?

Елемес.

Қыдыр тұқымы кәрін төксе,
Кім қалатын еді cay?
Беті жылтыраған әйелге
Қыдыр тұқымы жау.
Талайдың қойныңдағы қатынын сатты,
Қайсысы қозғай алды дау?

Бекен. Апырым-ау!

Елемес.

Қалбырақтама,
Бір жөні болар.

Маусымжанды қолтықтап шығып, Қадиша кетуге бет алады.

Бекен.

Ау, мыналар!

Елемес жалт қарап). Қадишажан, Сапарың он болсын!

Қадиша.

Айтқаныңыз келсін!

Елемес

Аз ғана мойныңды бұр!

Қадиша (тоқтап).

Өнбейтінге құр
Сөз шығын қылмасаңыз екен!

Елемес.

Беліңді бекем
Буғандай-ақ сөйлейсің.

(Бекенге сыбырлап.) Ана қолыңдағыңды неге әкетіп сүймейсің? Жөнел!

(Қадишаға жақындап).

Қадиша, қолыңды бер!

Қадиша. Не үшін?

Елемес.

Сүйіскендігімізге белгі болсын!
Бекен Маусымы алып, сахнадан шығады.

Қадиша.

Сүйдім деп сізді
Айттым ба, сірә?

Елемес.

Мәңгі айтпаспын деймісің?

Қадиша (аз тұрып, күрсініп). Кім білсін?

Елемес (назалы түрде).

Бай емен, батыр емен, жабайымын,
Білмейтін хат-қаламды анайымын.
Күдігің көңілдегі өсе түссін,
Байлардың бір кездегі малайымын.
Туысқан-туғанымның бәрі кедей,
Кедейді не демекпін «кедей» демей?
Құрбының көз қырына ілінбейтін,
Жігітпін жұрт жиренер мен бір өгей.
Сүйеді теңін таппай жынды жүрек.
Өнбейтін өр мінезден етіп тілек.
Жарамды жаз демеймін, жолың болсын,
Қайтесің мендейлердің сөзін елеп!

Қадиша (Елеместің иығына қолын салып).
Сөзің – от, еріп тұрмын денем балқып,
Дәрмен жоқ, не демекпін саған шалқып?
Жүрегім, жаным-тәнім түгел сендік,
Апырым-ау, не қыл дейсің бұдан артық?
(Елемеске басын сүйеп аз тұрады.)
Дегенмен құр алданыш...
Басым байлы,
Білмейтін кісі жоқ қой біздің жайды.
Қош, қалқа! Көремін бе, көрмеймін бе,
Қайтейін, өтер жылап өмір қайғы.
(Екеуі құшақтасып тұрған күйі.)
Кім екен бақыт кілтін бұрайтұғын?
Күй қалмай бара жатыр шыдайтұғын.
Жан сүйген екі досты зарландырмай,
Жер бар ма жәрдем-көмек сұрайтұғын?

Қадиша (күрсініп).

Қолдан келгені осы.
Өкпелеме сәулем! (Кетеді.)

Елемес(назаланып аз тұрып).

Құр кіжіну.
Менде де жоқ дәрмен.
Ә, құдай!
Жоқ боларсың, тегі.
Зұлымдықтың шегі
Болмай кетті қаптап.
Егер соны жақтап
Жүрген болсаң, сен құдай!

Сахнаға Қайрақбай келеді. Киімі жұпыны. Ойынның бас кезінде де жүрген. Дене құрылысы, аяқбасысы ерекшелеу адам, Сырт қарауға – түк түсінбейтін меңіреу.

Қайрақбай.

Бай-бай-бай!
Қыз қырғынға ұшыратты,
Мырзаны құдай атты.
Қадишаны әкетпек!

Елемес (селт етіп).

Тек!
Кімсін өзің?

Қайрақбай (жан-жағына қарана түсіп).

Мен Қыдырдың малайымын.
Жылаумен ойған көзін.
Бекер емес сөзім,
Қайратың болса, қимылда!

Елемес.

Не дейсің? Әкететін кім?

Дауыс (тыстан).

Пай-пай-пай!
Не деген қараңғы түн!
Тыста шу.
Жалбыр келді!.. Жалбыр!..

«Жалбырлаған» дауыс сахна сыртын жаңғырықтырады.

Елемес (елеңдеп).

Не дейді?
Жәкем қайдан жүр?

Сахнаның тұс-тұсынан аңдап адамдар шығып, қатар тұра қалады. Аз тыныс. Ірі басып Жалбыр келеді. Жағалай қарап алып, оңаша тұрады.

Елемес (үрей).

Жәке-ау!.. Түсің суық... кейіп кепсін.

Жалбыр.

Келгем жоқ қуантқалы мен сендерді,

(Сөзін үзе сөйлеп.)

Ақ патша қатын бопты бүгін алжып,
Майданға сендерді алмақ берді жарлық...

(Жұрт үрей. Жалбыр күрсініп.)
Атқа мін, кеңесейік елге барып. (Әлсіреп.)
Жәкеңнің басы қатты, қойды дал қып... Музыкада «Елім-ай». Көп күңіреніп қосылады.

Көп.

Бордай тозып босағаң ірген, елім!
Мәңгі-бақи тепкіде жүрген елім!
Адамың – құл, әйел – тұл, бас – ноқталы,
Көрінген бір есек қып мінген, елім!
Кеткенің бе өмірге жылауменен,
Басқа азаттық болмай ма сұрау деген?
Атадан ұл, анадан қыз айрылып,
Ақтабан боп осы ма шұбау деген?

Жалбыр (жабыққан пішінде).

Қыдыр тұқымымен қастасамын деп басым бірнеше жыл түрмеде шіріді. Болыстың дегеніне көнбеймін деп бұзық атандым. Бұл лайсаңның салмағы кедейге түседі. Сонда кедей қайтеді? (Топқа бұрылып.) Уа, ер-азамат! Бұғалық мойындарыңа түскен жоқ, төніп қана тұр. Түсірмеймін десеңдер, еріктерің бар.

Топ(шулап). Баста, Жәке! Жалбыр. Ендеше, мініңдер аттарыңа!

Шымылдық.

ЕКІНШІ ПЕРДЕ

Сахнаның орта шенінде ағаш үйдің есігі. Бірер терезе. Сахнаның түп жайында ағаш үйдің төбесінен қараңдай боп мешіт мұржасы тұр. Сахнаның бір жақ шетінде киіз үйдің есігі, сәнді сықырлауық. Үй маңайы айнала ағаш. Терезе жаныңда да ағаш бар. Түн. Тым-тырыс. Алыста күзетшінің тоқылдағы. Зарлантып салған ән.

Ән.

Тірелген тұңғиыққа қайран елім!
Қайысып сынғалы тұр сенің белің.
Арқаңа әлсіресең пана болып,
Табатын адам бар ма дерттің емін.

Ән салған күзетші сахнаға шығады. Қайрақбай тоқылдағын ұрып, жағалай қаранып тұрады. Әнін қайта бастап, киіз үйді орала кетеді.

Ән.

Сүреңі көршіліктің болды кернеп,
Аламын тарыққанда өлең тербеп.

Осы кезде ағаш үйдің терезесі ашылып, Қадиша көрінеді: жалаңбас, көйлекшең, шашы иығына түскен. Ай сәулесі Қадишаның бетіне дәл түсіп, қайғылы шырайын айқын көрсеткен. Қадишаның құлағы Қайрақбайдың әнінде.

Ән аяғы.

Қол-аяқ кісенделген секілденіп,
Зарлаумен өтті-ау өмір таппай ермек!

Қайрақбайдың тоқылдағының даусы ұзайды. Қадиша ауыр күрсініп, қайғылы пішінмен ән салады.

Қадиша.

Жібектен ақ орамал кестеледім.
Кестемді сәулем алар деп сенемін.
Жаралы жүрегіңе мұз қатырдым,
Білемін, маған қатты өкпеледің.
Байлады аяқ-қолды ата салты,
Қорғансыз бір бала едім өскен жалқы.
Тартылып көкпарға, көзімде қан.
Арылмас қайғы болды-ау мұның арты!
Тыңдашы сәлемімді соққан желден.
Осы ма ед Қадишаның жері өлген?
Жарқылдап мен алдыңнан шығар ма едім,
Сен келіп, сәулетайым, сонау елден!

Қайрақбай терезе жанындағы ағашты тасалап, Қадишаның өлеңін тыңдаумен тұрады. Қадиша жылауда, Қайрақбай тасадан шығады. Қадиша селт етіп, терезені жаппақшы болады.

Қайрақбай.

Қадиша! Шошыма!
Сана мені досыңа!
Күйіміз бір сорлымыз
Күңіренейік қосыла!

Қадиша (күрсініп).

Өз қайғымда жеткендей.

Қайрақбай.
Оныңа мен кектенбей,
Сезгенімді айтайын.
(Жан-жағына қаранып.)
Жалбыр бастаған топ
Болыстың алды үрейін.
(Жақындап, сыбырлап.)
Осында да келмек...

Қадиша (елеуреп).
Шын айтамысың,
Елемес те келе ме?

Киіз үйдің есігі сықырлап ашыла бастайды. Қадиша дереу терезені жабады. Қайрақбай тоқылдағын ұрып алыстайды. Үйден Сүгір шығады: жалаңбас, жалаң аяғында кебіс, иығында желең шапан. Айға сығырая қарап тұрады. Насыбай атады. Қайрақбайды ымдап жанына шақырып алады.

Сүгір.

Taп осы жерде тұр,
Ондай-мұндай сезілсе,
Тоқылдақты ұр...
Түсіндің бе?

Қайрақбай. Иә.

Қайрақбай сол орнында тұрады. Сүгір ағаш үйге барып кіреді, Қайрақбай дереу отаудың есігіне барады.

Қайрақбай.

Нағима деймін!
Не бетіңмен жатырсың?..

Жалаңбас, көйлекшең, сасып Нағима шығады.

Нaғима. Не бар?

Қайрақбай.

Taп осы жерде тұр,
Тоқылдағымды ұрып,
Оралып келейін бір.

Нағима аңырып тұрады. Қайрақбай тоқылдағын ұрып жөнеледі. Ағаш үйден Сүгір шыға келіп, әйелін көріп, аңырып о да тұрып қалады.

Нағима.

Ойбай!.. Қарабет!..

Сүгір (жақындап).

Өшір үніңді!
Кет үйге, кет!..

Әйелін желкеге бір нұқып, Сүгір отауына кетеді. Қайрақбайдың тоқылдағынан басқа ешбір дыбыс жоқ. Атып келе жатқан таң. Алыста естілген қоңырау даусы жақындап, аттың дүрсілі, көшірдің даусы естіледі. Қайрақбай сахнаға шығып, келген кісілерге қараумен тұрады.

Қайрақбай.

Ақ жаға... күміс шляпі...
Келіскен екен түрі...
Бұл қандай сұмырай екен?..

Сахнаға маңғаздана басып Жақып шығады. Екі шабаданды зорға көтеріп, артында көшір келе жатады. Таң сәулесі тегіс жарық қылған.

Жақып.

Болыс үйде ме?

Қайрақбай. Үйде.

Жақып.

Шақырып шық!

Қайрақбай (Жақыпқа қарай түсіп). Дөкейдің бірі-ау, сірә?..

Қайрақбай ағаш үйге кетеді. Жақып жағалай қараумен тұрады.

Жақып.

Иә... Иә... Ауылдың түрі осы!
Қыз-бозбала сайрандап,
Думанмен өткен кеші.
Осы күйін көпсініп,
Желіккен бірер мұндарға
Жұрт ергені несі?..

Осы кезде мұнараға сәлделі молда шығып, азан айтуға кіріседі. Жақып солай қарай кетеді. Алыста мөңіреген сиыр даусы азанға араласады. Ағаш үйден Қадиша шығады. Киімі жұпыны, қолында күйентесі мен жалғыз ғана шелек. Отаудан Нағима шығады. Сәнді келіншектің киімі, есік алдында тұрады. Қадиша келіп босағадағы шелекті ала берем дегенде, Нағима аяғын жұмсап теппекші болады. Қадиша шелекті алып, тез алыстайды.

Қадиша.

Асқақтама. Аяғыңа ие бол!..

Нағима.

Әй, сорлы күң!

Қадиша.

(Күйентені иыққа салып тұрып, өзіне.)
Рас, мен осы кім?
(Суға бара жатып Қадиша ән салады.)
Асқардың шынында өскен мен бір киік
Өкпемнен жараландым улы оқ тиіп!
Сарғайып санаменен өлемін де
Жазбаса бұл дертімді сәулем сүйіп
Болыс пен Сүгір Жақыптың жанына келіп,
Қол ұстасып амандасып, мәз болысады.

Жақып.

Ал, Сайым мырза!
Елге едің мықты тұлға...
Ереуілге жол болсын!

Сайым.

Қазағыңды батам деп,
Қайтсем соған жағам деп,
Қартайып та болдым.
Өзіңде жақсы келдің,
Начальник те осында,
Көресің бетін елдің,

Жақып.

Болған жоқ па соғыс?

Сайым.

Көріп едік айқасып,
Берілер емес өлмей.
Екпіндері тым қатты,
Тасыған дүлей сендей!
Бітімге адам салып ек,
Оған даты көнбей...
(Күлімдеп.)
Сонымен...
Сенімді деген дос-жарды
Соларға бердім бөліп.
Басшылығын қолға ұстап.
Кетіңдер, – дедім, – керіп...

Жақып. Бұзықтың аты кім?

Сайым. Жалбыр! (Аз тыныс.)

Жақып.

Жалбыр ма? Шақырайын хат жазып. Жібере қой біреуді.

(Қағазын ыңғайлап тұрған күш жазуға кіріседі.)

Сайым.

Хатқа сеніп келсе?

Жақып.

Хатты апарып берсе. Келгенімді естісе,

Лоблымай мақалыңтоп? (Күлімдеп.) Әлгі «жансыз» жүргендеріңе тапсыр, Елді олар ұйтқытса, Келмесіне шара жоқ!

Сайым.

Мақұл екен бек! (Күлімдеп.)
Қолға түсер күн болса.
Көрермізде ептеп.

(Жақып жазғанын оқиды).

«Мұқтарам Жалбыр ақсақал! Алаш баласының қамы үшін, түн ұйқымды төрт бөліп егіліп келіп отырмын. Ел бүлініп. Еділ бұзылғандай жұмыс әзір болған жоқ екен. «Бас жарылса, бөрік ішінде» деп еді атам қазақ. Келіңіз! Сөз түйінін өз қолыңызға алып берем. Екі ауыз сөзбен ұғынысармыз деп сенем.

Алашулы ініңіз Жақып».

Сайым.

Бұл таптырмас бұғалық!

Сүгір.

Көпке сенім – дұғалық!

Жақып (хатты Сүгірге беріп).

Тез жібере қойындар,
Дұғада боп тұралық.

Хатты алып Сүгір кетеді. Жақыпты болыс ертіп үйге кіреді. Қайрақбай есік алдыңда ешнәрсеге түсінбейтін адамның түрімен самауыр қойып, сөздерін тыңдайды да тұрады. Нағима әндетіп келіп, самаурын жанындағы Қайрақбайды аяғымен тебеді.

Нағима.

Жарбиып отырған түрін,
Басқа жер аз келгендей.
Нағима үйге кіреді.
Қайрақбай аңырып аз тұрады.

Қайрақбай.

Уә, сорлы!..
Менен зиян көргендей?

Қадишаның зарланып салған әніне елеңдеп, Қайрақбай қарсы шығып, суын көтеріседі.

Қайрақбай.

Қадиша!
Бір сұмдықты естіп,
Тым шошынып тұрғаным.

Қадиша.

Қойшы, жаным-ау!..

Қайрақбай.

Жалбырларды шақыртты. Келсе, кетпес сау.

Қадиша (шошынып). Апырм-ау!

Сақтандырып бақсайшы!

Қайрақбай.

Сүйтеміз бе?..

Сүгірді көріп, Қайрақбай кетеді. Қадиша аз тұрып күрсініп шай қоюға кіріседі. Сүгір келеді. Үстем тұр. Қадишаға мысқыл түрмен қарап тұрады.

Сүгip.

Деген соң бал Қадиша, бал Қадиша!
Деп ем ғой сенің құның мал, Қадиша,
Жазғаны жасағанның осы шығар,
Боласың енді маған жар, Қадиша!

Қадиша.

Жар болсам, алмас па едің жасаулатып?
Ұзатып, тойын тойлап елім шалқып?
Мені алсаң аяғыңнан қаңғып келген,
Мін бар ма сүйегіңе бұдан артық?

Сүгіp.

Тоқалға не сән керек?.. Ала салам,
«Алма» деп қолым қатар бар ма адам?

Қадиша (ызаланып).

Өлсемде саған жар боп тие қалман!
Болмасын оның үшін көңлің алаң...

Сүгір (жақындап).

Өй!..
Мен сенің ризалығың сұрадым ба?

Қадиша (қалтыранып, алыстап).

Көнбеймін!.. Жете алмайсың мұрадыңа!

Сүгір (мысқылдап).

Әйел сорлы өзіне өшіктіред,
Адамды жоқтан ыза қылады да...

Мысқылдаған күйі кетеді. Қадиша шын ызада.

Қадиша

Жан болдым арылмаған мәңгі сорым,
Жау орап тұйықталды оң мен солым.
Жан сәулем шын қиылып өтінгенде,
Бермедім неге ғана сонда қолым?!

Сахнаға начальник келеді.

Жанында молда, тілмаш, доктор, урядник, ұры итше жылмаңдап, Асат дәйек боп жүреді.

Начальник.

Болысты шақыр!

Асат.

Құп, тақсыр!

Асат ағаш үйге кетеді. Начальник мұртын сынап ерсілі-қарсылы жүреді. Қадишаға көзін қадап, «да» деп қояды. Знактары салақтап – кейбіреуінің шені бар саба қарын билер, ауылнайлар сахнаға шығады. Бөріктерін алып, тәжім қылғаңдай иіледі. Начальник оның бірін де керексінбегендей.

Начальник (шатынап). Жалбырдың елінен кім бар? Бір ауылнай (ұмтыла түсіп). Мен бармын, тақсыр! Начальник. Аулақ!.. Сволыштар!..

(Шен таққан бидің шенін түртіп.)

Қадиша

Мына шенді саған көрімдік үшін берген шығар! Еліңе ие бола алмай, атаңның басын бағып жүрмісің?

Би. Тақсыр!

Начальник (ақырып). Молчать!

Осы кезде ағаш үйден Жақып, Сайымдар шығып, начальникке келеді. Сайым Жақыпты начальникке таныстырады. Начальник амандасып, Жақыпты бастан-аяқ бір қарап шығып күлімсірейді.

Начальник. Что же... еліңізге еңбек сіңіріп қараңыз!

Көрейік...

Бәрі отауға кіреді. Билер, ауылнайлар екі жақ босағаға жарыла отырады. Музыкада «Елім-ай» күйі, күңіренген сарын. Ағаш ұй мен отаудың арасы сыңсыған қалың топ. Жапандаған ауылнай тізіммен шақырып, жастарды біртіндеп үйге кіргізіп жатыр. Алынған жастар киімдерін құшақтап, тәлтіректеп шығып жатыр. Ыңыранған сарыннан басқа ұн жоқ. Бір кезде сахна сыртында бір дауыс саңқ етеді. Жалбыр келді. Жалбыр! Музыкада екінші күй. Билер үрейленгендей отаудың арғы босағасына топтанады. Қалың топ үнсіз ұмтылып, ынтыққан түрде ағаш үйдің алдын орала түседі. Сахнаға ірі басып, жеке Жалбыр шығады. Соңында Елемес. О да жеке. Оның арты сықысқан топ. Ағаш үйдің алдын ораған бұрынғы топ Жалбырдың тобымен қанаттасады. Үйден начальник, Сайым, Жақып шығып, билерге қосылып, сахнаның бір жағында жеке топ боп бұлар тұрады. Түстерінде мысқыл. Аз тыныс. Начальник пен Сайымның ымдауымен Жақып ілгерірек шығады.

Жақып.

Уа, елім!
Сыңардай болды-ау белің!
Түн ұйқыны төрт бөліп,
Келіп тұрған ұлыңмын,
Қамыңды ойлап бір сенің.
Қас дұшпаның қандайлар,
Қапыда қалма, біл, сенің!
Сарыарқаны күңірентіп,
Ботадай боздап жылауың
Жалғыз емес бұл сенің.

Жалбыр.

Уа, емін айтыңыз, емін!

Сайым.

Бұзықтық орны бұл емес...
Кейін тұр, кейін!

Жалбыр.

Ә, сөз тыңдалмасын сездім,
Әйтсе де бірдеме дейін.
Уа, мырза!
Бұлбұлдай майда тілің.
Қалың өртке тұншыққан,
Елдің көрдің түрін.
Мына начальник деген ұлығың
Байды сипап маңдайдан,
Кедейдің алды қырын...

Начальник тынышсызданып, болыспен сыбырласып, уряднигін тысқа қарай жұмсайды.

Мынау тұрған – сол кедей
Тыңдаушы бар ма мұңын?

Начальниктің қалпынан шәк алғандай боп, Жалбыр содан көз айырмайды. Қалың топты ысыра сахнаға Қадиша шығады.

Қадиша. Сәулем!

Елемес (жалт бұрылып). Қадиша!

Қадиша (асығыс сөйлеп).

Құрулы дайын қақпан:
Сақтан, сәулем, сақтан!..
Қадишаның Елемеспен сөйлескенін көріп, Сайымдар жағында қозғалыс. Әлдекімді іздегендей, Сүгір де асығыс бір жаққа жөнеледі.

Сайым.

Жалбыр! Бері шық,

Ақсақалдардың ауқымын тыңда.

Жалбыр.

Мен көпшіліктің алақаныңдамын,
Жасырын сырым жоқ жұртыма. Айта бер!

Сайым (кекетіп).

Сыйлағанды білмей,
Тасайын дедің бе?
Игі жақсының бәрін
Аяққа басайын дедің бе?

Жалбыр.

Мен сыйласатын игі жақсы – Міне, мынау тұрған топ! Мен осының ортасындамын!

Елемес келіп, Жалбырға бірдемелер айтады. Елеуреген топ орала түсіп, начальниктер мен Жалбырдың арасына шөп боп тура қалады.

Сайым.

Ұстау керек, тақсыр!
Начальник.
Қазір...
Әмір берілді...

Елемес.

Жәке!
Айтқаныңыз шын болды,
Біз түсіппіз тұзаққа,
Енді сөзді ұзатпа!

Жалбыр.

Солай ма?
Мен көрген құқай жалғыз бұл ғана емес. (Жағалай қаранып, өзін қоршаған топқа қарап.)
Сынайтын кезім келді елдің ерін,
Ер жүрек қорғалаған қайран елім.
Серік боп шығарсың ба ұран салсам?
Сенімен шын сөйлесер келді кезім!

Kөп.

Жүр десең, біз ереміз, баста, Жәке!
Болмайды басқа көңіл жаста, Жәке!
Белгілі біз қылышың алмастайын,
Майрылмас шапсаңдағы тасқа, Жәке!
Жауыңмен майдандасып кегіңді алмай,
«Жалғызбын»деген ойды таста, Жәке!
Бастасаң, бас тартатын біздер емес,
Сансыз жас шылауында, саспа, Жәке!..

Қалың топ қоршаған күйі Жалбыр сахнадан шығады. Қадиша да бірге кетеді. Начальник, болыстар өзара сапырылысып, бірдемеге қамданған, әлдекімдерге бұйрық берген түрмен тұрады. Жақып жеке, күміс таяғын білегіне іліп, қалың топтан көзін алмай аңырған күйі ол тұрады.

Шымылдық.

ҮШІНШІ ПЕРДЕ

Сахнаның бір жақ шетінде Жалбырдың үйінің есігі. Үй жанында түрлі құрал. Жалбыр – ұстаның, киімінде. Бекен екеуі іс соғып жатыр. Ауыл қотаны. Дала. Өзен. Ағаш. Алыста салынған бір ән талып естіледі. Қадиша үйден шығады: үлбіреген келіншек киімінде, ас құйылған үлкен қара аяқты қос қолдап ұстап, сызыла басып келіп, Жалбырға ұсынады. Жалбыр қолын белдемшесіне сүртіп, асты ішігі, аяқты Қадишаға қайта береді.

Жалбыр.

Көп жаса, қарағым, ұл тап!

Қадиша аяқты алып, үйге артымен шегінеді. Үйді оралып Маусым келе жатады. О да келіншек киімінде. Жалбырды көріп, ол иіліп сәлем етеді. Жалбыр оған да тағы «Көп жаса, қарағым, ұл тап!» – дейді. Бекен күлімсіреумен тұрады. Жалбыр сахна сыртына кетеді. Келіншектер өздерін еркін ұстағандай болады.

Бекен (күлімсіреп, Қадишаға).

Ал, келіншек болу қалай екен?

Қадиша.

Не қалайын сұрайсың?

Бекен.

Екеуің екі ұл табуға міндетті болдыңдар-ау...

Қадиша (күліп). Тапса ше?

Бекен (Маусымды құшақтап).

Біздің кемпір қайтер екен?

Маусым.

Қой деймін! Атам келіп қалар.

Бекен.

Атаң келмейді. Әдейі кетті ол, бізді ойнап-күлсін деп.

Қадиша.

Маусым! Біз бақытты келіндер болдық-ау.

Бекен.

Бақытты болсаңдар, ән салыңдар, Жәкең естісін.

Қадиша.

Қой, ойбай-ау!..

Бекен.

Жәкемді жақсы көретіндерің шын болса, салыңдар! Елеусіз боп әнді тыңдайды да тұрады ол.

Қадиша. Сүйтеміз бе, Маусым?

Маусым «мақұл» деп басын иеді. Музыкада «Маусымжан» әні. Бекен мен Маусым құшақтасып тұрып бастайды. Қадиша босағада жалғыз тұрып қосылады.

Ән.

Кеш алдына мінгенім құла қасқа.
Қақтым шеген құдыққа құламасқа.
Алыс жолға кеткенде, беу қарағым,
Орамалын, беріп кет жыламасқа.

Елемес келеді. Қадиша қуаныш қарсы алып, құшақтайды. Әнге о да қосылады.

Біздер күлсек, мәз болып күн күледі,
Күнмен бірге біз күлмей, кім күледі?
Баста дәурен тұрғанда ойна да күл,
Алдағыны болжалдап кім біледі.

Екі-екіден құшақтасқан күйі сахнадан кетіп бара жатып, тағы ән салады. Бұл жолы әндерін Жалбыр сахнаға шығып тыңдайды да тұрады.

Кербесті аттың кекілін тарағаным,
Ынтық болып қалқаға қарағаным.
Жауға пана, жан ата, саянда өскен
Бақытты боп масайрап балаларың.

Жалбыр (аз тұрып, күрсініп).

Ылғи жас, аңсағаны өмір гүлі,
Жүректі тілім-тілім тіліп үні.
Қу өмір іздегенін тауып тынып,
Қуантам сорлыларды қандай күні?!.

(Аз тұрып.)

Атандым «бұзық Жалбыр, жұрттан шыққан»,
Өлсем де мен жауымнан қорқып бұқпан! »
Артымда жеткіншегім қанат-құйрық
Іні бар жолымды ұстап, сөзімді ұққан.

Елемес (Жалбырға келіп).

Жәке, араладым елді байтақ:
«Мақұл-ақ, қосыламыз» дегенді айтад.
«Жәкелер» әзіріне ырың-жырың.
Жабыла атқа мінді «кермен», «шалтақ».
«Тоғышек» топтанысып жатыр бүгін, Бастығы Төбет екен.

Жалбыр (басын шайқап).

Жаман ырым.

(Аз тұрып.)

Не хабар орысың мен болысыңнан?

Елемес.

Көпшілік кетіпті оған болысудан.
«Құбалар» көтеріліп биді сабап,
Секілді ауылнайдың қолы сынған.
Шығыпты Қостанайдан жүздеп солдат,
«Таманы» жатыр білем тізіп айдап.
Қол бастап жүрген Сүгір көрінеді...

Жалбыр (селт етіп).

Болғаны десейші онда – ел іші ойнақ.

Бекен (асығыс келіп).

Келіп тұр «тоғышектің»
Төбет шалы.
Қасында: «кермен», «шалтақ» ақсақалы.
Азамат ат үстінде қара құрым.

Жалбыр.

Шақыр бері, қалмастан келсін бәрі.

Бекен кетеді. Жалбыр үйге кіріп киінеді.

Бір ыдыс көтеріп, Қадиша келе жатады. Елемес күлімсірей қарап, көзін алмастан тұрады.

Қадиша (күлімдеп).

Сұқтанғаның не сонша? Көзің тисе қайтесің.

Елемес.

Бұзылмаса осы күй. Көрмесек енді қайғыны деймін.

Қадиша (кенет өзгеріп).

Жаным!
Қалтырайды сұм жүрек,
Болып қалған сужүрек,
Не болғандай істерің?

Елемес.

Қорықпа!
Елдің басы қосылды,
Жаудың жолы тосылды,
Кенелген күн осы...

Үйден қақырынып Жалбыр шығады. Қадиша Елеместен тез алыстап, үйді оралып кетеді. Жалбырдың үстінде желең шапан, қолында таяқ, жалғыз өзі жекеленіп тұрады. Артыңда Елемес, Бекен бастап сахнаға көп адам келеді. Төбет алдында жеке. Сәлемдесу. Жастар әскерше тәртіппен тұрады.

Жалбыр.

Сөз билігін бермеген,
Шеген бидің баласы ең,
Сөйле,Төбет!

Төбет.

Уа, Жалбыр! Жас бағланға құрық түсіп,
Орысың былай тұрсын, болыс қысып.
Аяққа басын таптап қорлаған соң,
Жайым бар атқа мінген ерегесіп.

Жалбыр (Төбетке салқын қарап).

Жүрмесін өз басыңның қамы болып,
Жастарың арамтер боп таңын көріп.

Төбет.

Осылар өлген жерде бірге өлемін!
Жалбыр-ау, сезіктенбе сертім берік.

Жалбыр.

Мақұл...Сөйлесейік былай барып.

Жалбыр бастап бәрі сахнадан шығады. Сахна бос. Сахнаның тұс-тұсынан екеуден-үшеуден шығып жатқан қыз-келіншектер. Қолдарында іс: кесте, ұршық, тоқу. Бәрі қосылып ән салады.

Ән.

Біз тіледік тілегін жас ұланның,
Елге жігер, күш, қайрат, бас ұланның,
Сергісейші, жүрегім, серпіл қабақ,
Шыныменен болды ма ашылар күн!
Ер-азамат жауына айбын-қорған,
Аттандырып салатын біздер қолдан,
Жадыраған шырайды шаттық билеп,
Жау қамалы жай түсіп болсын ойран!

Қуаныш. Дабыра. Би.

Аздан кейін сахнаға Қайрақбай келеді. Қадиша оны қарсы алады. Оңаша апарып сөйлеседі. Басқалар біртіндеп тарай береді.

Қадиша.

Жай келдің бе, жаным-ау,
Түсің неге сұрғылт?

Қайрақбай.

Керек болып Елемес,
Келгенім ғой.

Қадиша.

Неге?.. Неге?..

Елемес келеді.

Елемес (Қадишаны еркелеткен түрмен).

Босқа үрей боп, шошына берме, Қадиша, Қайрақбай жай жұмыспен жүрген болар.

Қайрақбайды ертіп Елемес кетеді. Қадиша мұңаюмен тұрады.

Қадиша (күрсініп).

Жабықпасын деді ғой,
Жау күші тым басым.
Екі талай кезеңде
Мен де болдым масыл.
Кім сорлы бұл жалғанда – әйел сорлы
Бар ма екен әйел затта үзген торды? (Аз отырып.)
Желкілдеп желегіме жел естіртіп,
Бермеймін бірге аттанып неге қолды?

Топ сахнаға шығады. Жалбыр жеке. Топ алдында Төбет те жеке. Қадиша үйге кіреді. Аз тыныс.

Елемес (Жалбырға сыбырлап).

Жер қайысқан қалың қол
Бізді шығыпты іздеп,
Төбетпен керіспей-ақ
Келісімнің жөнін қарастыр.

Жалбыр (көпке).

Солай ма?
Сырты жылтыр, іші мұз,
Сергелдеңді кеселмен
Күнім үшін достасатын болам ба?
Әттең, дүние!

Төбет.

Уа, Жалбыр! Азаматыңды иірмей, Сөз түйінін білдір.

Жалбыр.

Сен тұрғанда маған сөз тиіп пе еді?

Төбет.

Ежелгі тентектігіңе ел мұңын құрбан
Қылмақ болдың ба?

Бір шал.

Сен айт Жалбыр
Азаматтың аңс