22 Желтоқсан, Жексенбі

Әдебиет

Бейімбет Майлин
Бейімбет Жармағамбетұлы Майлин (1894-1938) — қазақтың көрнекті жазушысы, қазақ әдебиетін қалыптастырушылардың бірі.

Кәдір түнгі керемет






Байқан молданың екі-үш жылдан бері көрген күні өзінше айтқанда итке берсін дерлік еді: мал азайды, түсім кеміді; ел бұрынғыдай сайлауды қойды, бұрын кез келгенде «тақсыр!» деп шұлғып, шариғат айтқызатын сопылар да осы күні «құдай сөзінен» гөрі кәсіп қылуды, тамағын тоғайтуды ойлап кеткен Ишанның он мың таспық алып күндіз-түні шұлғитын Ыбырай сопы сәлдені көйлек қылып киіп, соқаның ағашына жабысатынды шығарған.

— Ой, құдай-ай, бұл жұрт не қылып кетер екен? Ақыр заманың болып қалған-ау!.. — деп Байкал молда күрсінеді.

«... соңғы әзірде қамсамал дегені шықты. Қамсамал дегені жалғыз көзді бірдеме шығар десем, өзіміздің ауылдың жаман балалары!.. Соның бірсыпырасын бұдан бес-алты жыл бұрын өзім оқытып едім... Құдай-ау, менің аузымның дұғасы шынымен кеткені ме? Соларды діншіл қып-ақ тәрбиелеген жоқ па едім?.. Енді кернейлетіп, сырнайлатып дажалдың құралы болып отыр!..»

Байқан молданың ойының көбін комсомол алады. Өйткені бастығы мұғалім болып, комсомол дінге қарсы үгіт жүргізеді. Молдаларды мазақ қылып спектакль қояды. Тақпақ айтады. Ойындарына бармаса да, онда не болғанын Байкал сырттан естіп, іші өртеніп кете жаздайды. Ең арғысы ойнап жүрген бес-алты жасар балалар да комсомолдардың тақпағын айтып жаттап алып:

«...Еңбексіз ит жер,

Бейнетсіз бит жер,

Берсеңдер бер молдаға!» —

деп сықақ қылады.

— Құдай-ау, бұл қорлықты көргеннен өлгенім артық емес пе еді? Байқал молда кейде зарланады.

Жақын арада Ідірес үйінің жанында жиылыс болады. Жиылыста комсомолдар да бар екен. Комсомолдарды бастап жүрген Кәрім деген жігіт. Мұғалім мен Кәрімді қатар салғанда, Байқан молда, әсіресе Кәрім десе жарылып кете жаздайды. Өйткені биыл Тынымбайдың шешесін, асығыс болып, ауылнайға хабарламай көме салып еді. «Сен рұқсатсыз намаз оқыдың» деп Кәрім протокол жазып, сотқа беріп қойыпты. Содан бері өзінше қорытынды шығарып, «неше азғын болса да осы мұғалім жаман жігіт емес. Заттың тұқымы шығар» деген ойга келетін. Олай деуіне тағы бір себеп, Байқан молдамен кездескенде мұғалім кебіне шаруашылық жайын сұрайды:

— Кәсіп қылуыңыз керек қой, кәсіпсіз отырмаңыз, — дейді.

Бұл ақылын теріс деп кім айтар?!

Ідірес үйіндегі жиылысқа байқамаған болып, Байқан молда да барды. Мұғалім сөйлеп түр екен. Байқанның кезі Кәрімде болды: мұғалімнің сөйлегеніне Кәрім шыдап отыра алмай, біресе орнынан ұшып тұрады, біресе отырады: «Ия, ия, солай... тап езі» деп екі сөздің бірінде мұғалімге қабаттасады да отырады. Байқан мұны көрген соң Кәрімге бұрынғыдан жаман өшікті: «Мына шіркін оңбас. Мұның өмірлік ісі біреудің шашпауын көтеріп, соның шылауында жүру болар», — деп қорытынды шығарды.

«Біреу болмаса біреу молда басымен жиылысқа келіп тұрғанын қарашы деп айтар» деп қуыстанып, жиылыстың аяғын күтпей үйіне қайтып кеткен. Кеңілі жарымданып үйіне келсе, екі қарадомалақ баланы екі жерде жылатып, үйдің ішін азан-қазан қылып, бурадай бұрқылдап қатыны жүр.

— Таң атса таяғын алып, басы қақшиып қыдырумен болады. Үй ішінің аш-жаланаш екені ойына кіріп те шықпайды... — деп жүреді.

— Апырым-ау, мен таппайын деп жүрмін бе?.. Жай садақа атымен жоқ. Бірен-саран өлік болса басына шығарылған бірер қараны Көдебай ауылнай «аштарға, пәленге...» — деп жырмыштап берекесін кетіреді. Жалғыз табыстың түрі бұлай болған сол, мен жоқты қайдан таппақшымын?..» — дейді.

Осының бәрін ойлай келгенде молданың қалы қызады, ашуы келеді. «Осының бәрі діннің азғандығынан, ақырзаманның жақындағанынан...» дейді, жер үстінде жүрген адамда, молданың ойлауынша бір мұсылман жоқ, бері де азғын; азғындардың сөзін тыңдайды. Бірақ қанша наразы болса да, заманның ағымына, тұрмыстың илеуіне көнбей кетерлік өзінде құдірет жоқ...

Соңғы кезде Байкал молданың ойын жеген бір қиял: керемет иесі болу. «Керемет иесі болып адамның ақылына келместік істерді істесем жұрттың бәрі менің айтқанымнан шықпас еді, айдай әлемді аузыма қаратар едім. Кәрімің қамсамолдықтан безіп менің соныма ерер еді: мен оғаз сөйлегенде: «я... дұрыс» деп қабат айтып қостап тұрар еді...» дейді.

Мұғалім туралы ойлағанда: «Ол кәпірдің, діні мықты ғой, маған ере қоймас еді...» — дейді.

Кей кездерде қиялдана келе — Мұса пайғамбардың кереметіне ие болса, қағазсыз неке қидырмайтын, өлік жаназасын оқытпайтын Көдебай мен Кәрімдерді перғауын сықылдандырып суға қарқ қылып жібергісі келеді. Нұқ пайғамбар секілді өзінің жек көрген адамын тас қылып тастағысы келеді. Мұның бәрінде істеу оңай, жалғыз-ақ кереметке ие болу керек. Сондықтан ол жамаулы қара кітаптардағы «қасиетті» күндердің бәрінде де ұзақты түнді нәпіл оқытумен өткізіп, керемет иесі болуды тілеуін қоймайтын еді...

Кәдір түні еді. Байқан молда бүгін өзгеше әзірленді. Неше түрлі «Ісім ағзам» дұғасын оқып отырып бабына келтіріп дәрет алып, жаназаға барғанда киетін көк ала сарт шапанын киіп, жаңа сәлдесін басына салып, жайнамазды жайып жіберіп барып отырды. Ишаннан алған ұзын қара таспықты шектей шұбалта қолға алып, «сұқпан алданы» судырлата бастады. Қиял әлдеқайда кетті: ескі пайғамбарлардың түрлі кереметтері, істеген істері ойына түсті. «Сондай бол сам!..» деген жүрегіндегі ескі тілек бұрынғыдан жаман күшейіп, әлдеқайдан біреу: «Бүгін тілегің қабыл болсын!..» дегендей болды.

Ояу екенін де, ұйқылы екенін де білмейді, маңайы кенет өзгеріп кетті: төбесі аспанмен таласқан, іші неше түрлі дұғалықтармен безелген үлкен мешітті мехрабында таспық тартып отыр екен. Таспығы бұрынғы ишаннан алған таспық емес, кілең асыл тастан тізілген. Маңайы толған ақ сәлделі мүриттер. «Я, шайхым!...» деген дауыстары жер жарады.

Байқан молда «өңім бе, түсім бе» деп басын көтерді. Әлдеқайдан жұмсақ, майда дауыс естілді:

— Азған дүниеде азапты көп тартқан құлым едің... Сен болмасаң, дүниені әлем-тапырық қылып жіберейін деп едім, бір сенің құрметің үшін қалдырдым. Енді мына азғандарды тура жолға салу үшін сені бас қылдым: еліңді үгітте, мұсылмандыққа шақыр!.. — дейді.

Дінге үгіттеуді есіткенде, молданың ойына комсомолдар түсті. «Дін — апиын» деген комсомолдар сөзі шыңылдап құлақты жарып бара жатқан секілді.

— Құдіреті күшті құдай. Тапсырған жұмысыңды толық орнына келтірер едім, бірақ комсомол дегендері іске керте болады, дінді мазақтап ойын істейді, мені мазақтап тақпақ айтады... — деді.

— Оларды көндіріп берейін, — деген дауыс естілді.

— Кәрімді ше?

— Кәрімді қолыңа берейін.

— Мұғалімді ше?

Дауыс біразға шейін семіп барып:

— Мұғалімге құдіретім жетпейді: менің қол астында емес, оның құдайы басқа... — деді.

Байқан молданың тасыған көңілі азырақ бәсеңдейін деді. «Жер жүзін билейтін жалғыз алла» дейтін сенімнің жалған екендігін жаңа сезгендей болды. Бірақ көпшілік осының қолында ғой. Көптен иемденіп тіс қағып қалған қарт құдай ғой. Жаңа көтеріліп келе жатқан комсомолдардың құдайы да өздері сияқты жас шығар. Күшсіз шығар, деп көңілін жұбатты.

— Әкеле жатыр, әкеле жатыр...

Кәрімді екі жеңдет ортаға салып айдап келе жатыр екен.

— Тақсыр, күнәлі құлыңды әкелдік, не жаза бұйырасыз? — деді періштелер.

Кәрім солқылдап жылап отыра кетті.

— Мен жазықты, тақсыр, айыбымды кешіңіз! Мен сізге протокол істегенде, қастықпен істегенім жоқ. Көдебайдың айтуымен істедім... — деді Кәрім жылап.

— Қамсамолға неге кірдің?

— Ойбай, тақсыр, күнім үшін кірдім. Мен шын қамсамол емеспін... Мен дінді сөккенде мұғалімге кез қылып қана айтушы едім. Оңашада намазымды тастаған жоқпын. Нанбасаңыз Жамақтың қатынынан сұраңыз, соның үйіне барып талай бесін намазын оқығам...

Сұлу мұртты, қарны шермиген — Бестөбенің Омары секілді біреу қол қусырып жетіп келді:

— Тақсыр, Кәрім сөзі рас. Биыл қамсамол айты болғанда Кәрім оларға ермей біздің арбамызға мініп кеткен... — деді.

Молда күнәсін кешірді... Намаз артынан Кәрім мысыр мақамына салып құран оқыды...

* * *

Үй төбесі кенет ашылып кетіп, маңайы нұрға толған тәрізденді. Жан-жағына қараса көз тұнады. Бұл не ғажап дегенінше болмады, аттан кішірек, Сырдың есегінен едәуір қалқынқы, құлағы ондай салпы емес, ықшам ғана бір жылқыны біреу алдына әкеп ұстап тұр!..

Әлдеқайдан дауыс естілді:

«Құлым, саған пырақ жіберіп отырмын. Міне, сегіз қабат аспанды сайрандап, көңіліңді кетер!..»

Дін бастығы болған соң мұндай құрметті Байқан молда өзіне көпсінбеді. Құдірет пен дидарласып көңіліндегі мүдделі сөзін айтуды Байқан кептен керексініп жүр еді. Әсіресе комсомолдар: «Молдалығың зорайды», деп салықты басыңқырап салып жібере ме деп қылпылдап жүр еді...

Пырақтың үзеңгісіне аяғын соза бергенде, бір жұмсақ қол келіп қолтығынан сүйеді. Жалт қарап еді, есінен тана жаздады. Айдай сұлу бір қыз жымиып күліп түр.

— Хордың қызымын, сізге қызмет қыла келдім, — деді.

Молданың көңілі әлденеге ауытқып кеткендей болды...

Қыздың канаты бар екен, жетектеп аспанға ұша бастады. Кезді ашып-жұмғанша сегіз қабат аспанды өтіп, бір әдемі бақшаға кез болды.

— Бұл жұмақтың бақшасы, сіз секілді қадірлі қонақтар сайрандайтын жер, — деді қыз.

Бақша қалың ағаш. Ағаштарының бұтақтары саусаған жеміс, «мені же!» дегендей төніп тұр. Түрлі құстар құбылтып ән салып, бақшаны басына көтереді. Түрлі ағаштың түбінен бұрала басқан қыздар шыға бастады: сұлулығы ай мен күндей. Сыңқылдап күлген дауыстары жанды өртеп жібергендей.

— Осының бәрі хордың қызы. Беріде сіздің жүптіңіз! — деді ертіп келген қыз.

Сұлу қыздар темен қарап тағызым қылды. Біртіндеп жылжып жақындай бастады. Байқан молда шеткі біреуіне жақындап сүйейін дей бергенде:

— Құлым, не мұңың бар? — деген дауыс естілді.

Сұлу қыздарды көріп бойы еріп тұрған молда кенет есін жиып алды. Жүректі жеп жүрген ескі шерді ағыта бастады.

— , қағазсыз неке қидырмаймын, жаназа оқытпаймын, — деп Көдебай бір дікіңдейді.

— Селсөбетпін, лау берсін, — деп Тобақабыл екі дікіңдейді.

— Молда азғын, молданың сезіне нанбаңдар, молдаға садақа бермеңдер, деп қамсамолдар ол жүр.

— Мал азайды, садақа жоқ...

— Көп тыңдауға уақытым жоқ, қорытындыңды айт! — деді дауыс.

Бұл соңғы дауыс — Байқан молдалыққа қағаз ала барғандағы кеңсе басында отырған бір жігіттің: «Ертегіні қойыңыз, уақытым жоқ, қысқа айтыңыз» дегеніне ұқсаңқырап кетті...

Молда пырақтың жалын құшып жылады:

— Жалғыз-ақ тілегім бар, — деді.

— Айт, қабылдайын.

— Мені керемет иесі қылсаң екен!

Көктің жүзі күркіреп, дірілдеп сатырлағандай болды. Байқан молда қорқайын — деді. Қыз күлді:

— Ұлы періштелер жиналып жатыр, бір іске әзірленіп жатса керек, — деді.

Сөйткенше болмай қалың әскерше сау етіп періштелер жетіп келді:

— Не өмір қосасыз, сіз жер тәңірісі болдыңыз! — деді.

Молда насаттанып кетті. Жанындағы қызға қарап еді, ол құрғыр жымиып молданың іші-бауырына өтіп кете жаздады. Молдекең қызға қарап күлім қақты. Құшақтайын, сүйейін деп ұмтыла бергенде, пырақ бұлтарып кеткендей болып, жүрегі зу ете қалды... Ә дегенше болмай, бір жанып тұрған оттың ішіне топ еткендей болды...

— Сорлы!.. Өлдің ғой! — деп біреу жұлмалап жатыр.

Пырақты жетелеген хордың қызы ма деп көзін ашып алса, өзінің қатыны Айжан! Басындағы сәлдесін жұлып алып уқалап жатыр... Үй іші сасық түтін. Жерде бірдеме заулап жанып жатыр...

— Бұл не? Бұл не? — деді молда.

— Сорлы-ау, төсегіңе жатып ұйықтасаң қайтетін еді?.. Таспық түбіңе жетеді ғой. Шамның үстіне құлап жер майының жанып жатқаны анау, сәлдеңнің қоңырсып күйіп жатқаны мынау!.. — деді Айжан.

Атасының басындай сақтап жүрген сәлдесінің ортасы шұрқ-шұрқ. Ала шапанының етегі жер май сасиды.

— Кереметті көп көрдім... Құрысын қатын, жатамын, — деп қара таспықты молда ырғытып жіберді.

1925.