Әдебиет
Бейімбет Майлин
Бейімбет Жармағамбетұлы Майлин (1894-1938) — қазақтың көрнекті жазушысы, қазақ әдебиетін қалыптастырушылардың бірі.
Бейімбет Жармағамбетұлы Майлин (1894-1938) — қазақтың көрнекті жазушысы, қазақ әдебиетін қалыптастырушылардың бірі.
Иелі ауру
...Темірбайдан асып түссең, алдында Қоғалының аңғары көрінеді. Шүрк-шүрк томар, қоғалы көлдер иін тіресіп отыратын жайлауы қаңырап бос қалған. Шөбі, шалғыны белуардан келеді. Көргенде шаруашылығың ұстап кетіп:
— Әттең, малды жаяр ма еді, — дейсің.
Мырқымбай шоқысының күн батысында он шақты үй жатыр. Бұл Тілеуқабыл қажының ауылы. Тілеуқабыл дейтін өлке бойындағы елдің барып тұрған шаруасы. Ішпей-жемей мал жинағандықтан `сараң` деген атақ алған кісі. Тілеуқабыл туралы:
— Қажылыққа да мал жию үшін барды, — деп ел аңыз қылысады...
Біз Тілеуқабыл қажының үйіне келіп түстік. Көне тартқан абажадай үлкен үйі бар екен. Кіріп келгенде-ақ салақтығы көзге шалынды.
Үйінің іші қоқыр-соқыр, күл-топырақ. Оң жақ босағада айран құйылған табақ, төгілген сүт, шала жаланған аяқтар, аяқ алып жүре аларлық емес...
Бойжеткен қызы, жас келіншегі бар екен, бізден ығысып шығып кетті. Алпыс-жетпістерге келген кәрі кемпір ақсаңдай басып үйге кіріп отырды. Амандаспады, өзі мен өзі болды: көзінің соқырлығын, кәріліктің қиын екенін айтып зарлана бастады:
— Жас жеткендік бір шара, көз көрмегені қиын екен. Екі-үш жылдан бері осы бір дерт пайда болды, — деді.
Ұршығын жөндеп алып енді иіре берем дегенде бір бала есіктен басын сұғып кемпірді шақырды.
— Әже, саған мұнда келсін дейді.
— Мені қайтеді, қонаққа сойып беремін дей ме! — деп кемпір жаратпады.
— Жолың болды, кемпірдің басын мүжисің,— деді.
Ұзамай мырзасы келді. Көзін көлеңкелей қарап отырып, жөн сұрасып амандасып болған соң, көз аурудан бұ да зарлана бастады.
— Көзден мүгедек болғаныма екі-үш жыл болып барады. Табан ізді зорға көрем.
— Докторға қаратпадыңыз ба?
— Ой, шырағым-ай, құдай сәтін салмаса, доктордың қолынан не келеді дейсің. Былтыр Бермеғамбеттің баласы да осындай дертке ұшырап, докторға қаратқан екен, сылимын деп көзін ағызып жіберіпті, — деді...
Шай келді. Шай мен бірге мырзаның бәйбішесі, қызы келді. Олардың да көзі жасаурап, қызарып, былшықтанып кеткен. Қарасаң етің түршігеді.
— Сірә, бұл науқастарыңыз жұқпалы ғой, адамдарыңыздың бәрінде де бар көрінеді ғой, — десек:
— Иә, мына қатында бар. Мына баламызды да айналдырыңқырап жүр, — деп мырза күңк ете қалды.
— Жұқпай қайтсын, қаратуды білмейді, халпе үшкіріп жазамын деп еді, соның сұрағанын бермей отыр, — деп мырзаның бәйбішесі шаптыға сөйледі.
Аулында Рахмет деген бақсы халпе бар екен. Дуаның неше атасының ұлын біледі екен. Сол үшкіріп жазу үшін мырзаның қасқа атын сұрапты! Мырза атын қия алмай, қарата алмай отыр екен... Рахмет халпенің басқа түрлі өнерін, айта келіп бәйбіше:
— Бұл — `иелі дерт`. Екі-үш жыл болып барады — мынау (байын көрсетіп) бір жыл ауырды. Көзінен басыр болып жатып алды. Сонда түсінде аян беріпті: `Менің айтқанымды істеп, ауруыңды қаратсаң жазыласың, әйтпесе көзіңнен айрыласың`,— деп...
Бәйбішені қақпалап сөзін аяқтатпады. Өйтпесе `күрең атын берсе, осындай бәледен құтылар едік` деген тілек өзінен өзі көрініп қалды. Ұршық иіріп отырған кемпір күрсінді. Шай құйып отырған қыз қалтасынан орамалын алып, былшықтанған көзін сүртті...
Біз, мұның `трахома` дейтін дерт екенін, докторға көрсетпесе көздің кететінін айтып түсіндірген болдық. Бәйбіше де, мырза да, қыз да, кемпірде көздері қып-қызыл болып бізге қинала қарады. `Жазыласың` деген көңілдеріне сеп болатын секілденеді. Бірақ ескі сенім жойыла ма, күрең атты бермесе, Рахмет халпе үшкірмесе жазылады дегенге нанбайтын тәрізденді.
— Әй, болмас, иелі ғой, бәрімізге де осыдан жұқты, — деп бәйбіше байына қарады.
— Қой, шатаспа, сенің көзің менен бұрын ауырған жоқ па еді?
— Не дейді... Обалыкөлде отырғанда сенің көзің ауырды. Менің ауыратыным қыстауда еді ғой...
Бәйбіше, қыз, кемпір үшеулеп мырзаны жеңді. Бәленің басы мырзада көрінді. Бірақ жұқтыра білсе де, емдету жағын білмейді екен, доктормен қаны қас екен. Түбінде былайғы соқырлардың қысымымен күрең атты беріп емдетер-ақ. Бірақ трахома оған да әл бермес.
Асы бар үйге, малы бар үйге қазақ өш келеді. `Бір аяқ саумал ішем, бір асам ет жеймін` дегендердің талайы бұл трахомадан аман кетер ме!.. Сөйтіп жүріп елді кернеуінде сөз жоқ.
Ел түбіне жететін `иелі ауру`, —`киелі ауру` ғой.