24 Қараша, Жексенбі

Әдебиет

Бейімбет Майлин
Бейімбет Жармағамбетұлы Майлин (1894-1938) — қазақтың көрнекті жазушысы, қазақ әдебиетін қалыптастырушылардың бірі.

Қызыл жалау. 1934 жыл






(романнан үзінді, 1934 жыл)

Қойшығара жүре келе Қарағанды өмірімен қайнап, көп жұмысшының бірі болып кетті. Жұмысқа үйренді. Жолдастары көбейді. Күн сайын мың түрлі жаңалық көріп, соған елігіп, түсінгенше құмартты.

Колхозда жүргенде: «Қатын-қалашпен бірге кім оқысын...» деп оқуға мойны жар бермейтін еді, мұнда келген соң оқуға ділгерлік күшейіп, Қойшығара бірден бас қойды. Қойшығараға тезірек хат таныту үшін — Мүсірәлінің әйелі Бикен келін де жан салып кіріскен секілді.

— Зерек екенсіз, ағай, — деп Бикен мақтап та қояды. Қойшығара одан әрі құштарланады оқуға.

Оқта-санда ел еске түседі. Елді ойлағанда — алдымен Әмине, одан кейін Дүйсебай, одан кейін әлденеге Қаламбай да қабаттасып көз алдына келе қалғандай болады... Қойшығара күрсінеді. Сүйтіп отырып ақтығында Мақпал көз алдына келеді де, Қойшығара басқаның бәрін ұмытып, жалғыз сол туралы ғана ойлаған адамның пышынына кіреді.

— Шынымен кешпес пе екен?.. Шынымен көрмей кетер ме екен мені?... — дейді Қойшығара ауыр күрсініп...

...Демалыс күні Борабай мен Мүсірәлі мұны дүкенге ертіп барды да, алдымен бір костюмді кигізіп көрді, одан пальто алып кигізді, кимеймін деп қарыспады Қойшығара.

— Тәуірін алған екенсіз, өзіңізге өлшеп қойғандай екен, ағай, — Қойшығараның киімдерін Бикен де мақтады.

Жаңа киімді кигізіп болып әлгі екеуі Қойшығараны шаш алатын үйге апарды. Айнасы не деген үлкен, адамдары мұндай кішіпейілді болар ма, «пажалысталап» үстелін ұсынды. Үстелге отырып, айнаға қарап Қойшығара өзін анықтап енді көрді. Сұлулап тіккен қара пальто, ашық жағалы костюм, кентше тігілген қара сәтен көйлек... Иықтан төменгі жағы айныма қатер оқыған адамдар пішіндес. Ал бас жағы әлі баяғы күйінде. Әсіресе, сақал жағы қайырусыз, оспадарсыз тым бетімен кеткендікке салыныпты: елде жүргенде Дүйсенбайдың ұстарасын қайраттырып, айына бір ықшамдататын еді, енді бет-ауызы түгелімен ұйысқан сақалға айналып кетіпті. Азырақ ықшамдатса болар еді-ау... Жылмаңдаған сары жігіт Қойшығараның осы ойын айтпай сезгендей, ақ шүберекпен мойнын орады. Сабынның көбігін сақалға жағып жатыр, жағып жатыр... «Менің сақалыма көбік жеткізе алсаң, көрермін» деп Қойшығара ішінен күліп те алды. Ұстарасын жалаңдатып шаштараз көсілте бір сілтегенде, шықшыттан асып-ақ кеткені. Дүйсенбай өмірге шықшыттан асырып алмайтын ғой. Осы ойын айтып үлгергенше, шаштараз ұстараны екінші рет сілтеп, иектен апарып бір-ақ шығарды.

— Өй... — деп Қойшығара шошынып иегін ұстай алды.

— Ышто, ышто?.. — деді шаштараз түсіне алмай аң-таң боп.

— Уай, ау... Борабай-ау, мынау итің бүлдірді...

Борабай ішек-сілесі қатып күлумен болды. Мүсірәлі күлмей, салқын ғана:

— Енді болмай қалды, баста айту керек еді, — деді.

— Қап, әттеген-ай... — деп иегін сипап, жәбірленген түрмен Қойшығара бірсыпыра отырды: батыр-ау, елге барғанда не бетімді айтам, а?..

Сөзге түсінбегенмен, ыңғайдан байқап, айыбын мойнына алған пішінмен шаштараз тұрды.

— Қой, алдырып таста, періштең қашар деп қорқамысың? — деп Борабай сөйлеп келе жатыр еді, Қойшығара оны сөйлетпей:

— Әй, оңбаған ит, тілегің осы еді, істетіп тындың... Алдырамын да енді, ә? — деді Мүсірәліге бұрылып.

Сақал тегіс сыпырылып, ебедейсіз өскен мұрттың да етек жеңі жиналғанда, Қойшығара екінші түрге кірген сияқтанды...

Ымырт жабылып барады. Сақылдаған аяз. Жел тура қаратпайды. Кешегі жауған ұлпа қар бүгін сықырлап, сіресе қалыпты. Көше бойындағы адамдардың беттері дуылдап, сақал-мұрттарына қырау сіресіп, ентіге басып көбі құлыпқа (клубқа — С. Б.) беттеп барады. Құлып маңы жұлдыздай самсаған электр шамы. Бүгін екпінді шахтерлердің сүлеті (слегі — С. Б.) Қарағанды пұрылтариаты бүгін тегіс бас қосып, екпінді шахтерлер жұмыс тәжірибесін көпшілік ортасына салмақ; кемшілікті көп боп жойып, табыстан табысқа өрлемек...

Құлып залындағы сыңсыған қалың көпшілікті көргенде Қойшығара аңырып тұрып қалды. Көбі жат — танымайтын адамдары, әйелдер де жүр. Сыпа киінген жастар да жүр... Кенет, сонша көптің ішінен бір таныс жүз Қойшығараның көзіне шалынғандай болды. Қойшығара соған қарап ұмтыла түсті: кентше оңды киінген, талдырмаш, аққұба қазақ әйелі еді... Қойшығараның келгенін о да сезіп, кенет жүзін күлімсіретті. Ақ құба ажарына

нұр төгіліп, мүйнетінде (минутында–С. Б.) мың құбылғандай болды... Ақырын басып Қойшығараның қасына келді. Қойшығара бұл кезде селтиіп, өзін-өзі ұмытқан адам секілді еді.

— Амандаспайсың? Неге бермейсің қолыңды? — деді әлгі әйел. Бұл — жоғарғы «мехцехта» Қойшығараға кездесетін Мақпал еді.

...Мақпал Қойшығараны қолтықтап, қалың көптің ішіне кіріп, залды кезді. Өзінің Қарағандыға қалай келгенін, жұмысқа қалай орналасқанын, хат танығанын, партия қатарына кіргенін, осы күні «мехцехтағы» маман іскердің бірі екенін қысқа түрде ғана айтып шықты. Одан бұрынғы өмірге қақтықпады. Бәлкім, Қойшығара айтып қояр ма деп қауіпсінгендей, күн бұрын содан сақтандырайын дегендей:

— Мен дейтін болсаң, өткендегіні ұмыт. Ол туралы жұмған аузыңды ашушы болма маған... Орындаймысың осы тілегімді, — деді Мақпал Қойшығараның қолын ұстап.

— Орындайын... бірақ, сен кешіремісің?

Мақпал Қойшығараның қолтығына жабысып, басын оның иығына таман сүйеп, бірсыпыраға шейін терең ойға батқан адам секілденіп жүрді.

— Кешірем... мен ұмытқам оны... тек сені көрген соң... — деп сөзін аяқтамай тоқтады.

Кең залда иін тіресіп отырған жұрт алақан ұрғанда, зал күңіреніп, сілкінген тәрізденді, өйткені — тап осы кезде, сөз сөйлеу үшін пүрзидім (президиум — С. Б.) қасына Борабай шыққан еді. Қойшығара басқалардан асыра алақан ұрмақшы болып еді, қолы босамады — оң қолын Мақпал ұстап қысып отыр еді...

Қарағандының қары еріп, белес басында сағым ойнады. Үрпек бастанып жер көктеді.

Шоғырмақтанып бұлт шығып, оқтын-оқтын қара нөсер құйды. Тырбиған көк желкілдеп өсіп, белес бастары ала күреңденіп, қызғалдақтан мәнер салып, минут сайын құбылып көз тартты. Өндіріске жаңа араласқан ел қазақтары кең қонышты етіктерін күрпілдете басып, қыр суретін көріп күрсіністі. Киіз үйлері барлары керегесін сүйреп, басын байлап қос істеп, сонау құлпырған көктің үстінде жатып аунағанша асықты...

Біраздан бері Қойшығарада өзгеріс бар секілді. Бұрынғыдай жұмыстан келе кітабына жабыспай, үй жанындағы орындыққа отырып, екі көзін сонау күреңденген белестен айырмайтын болды. Қараған сайын ынтыға түседі. Ынтыққан сайын күрсінеді... Ауылы осы күні өзеннің қабағында отырған шығар-ау. Әлде колхозшылардың жалпы жиналысының қаулысын орындамақ боп, кең алаптың ортасынан ойып қала салып жатыр ма екен? Солай болар. Ел сыңайы соған ауған. Жүсіптер былтыр күз киіз үйін жамап жатып: «Осы жарықтық енді өкпелемес, қош айтыссақ та болар енді» деп еді.

Бүгін майдың бесі. Әмине қандай жұмыста екен? Былтыр перме (ферма — С.Б.) сиырының сүтін басқарып еді? Былтырғы тауықтары жұмыртқа салды ма екен? Иә, басса жарар еді... Егістері не күйде екен? Eгic көлемін былтырғыдан биыл бір жарым есе өсірмекші еді. Көліктері күшті болса жарады-ау.

Былтыр көлік күту туралы бәсеке жарияланып, Дүйсебай өзіне тиген екі атты тұлыптай қып семіртіп еді-ау. Дауылбайдың бригадасындағылар көлікті күтпейміз деп соқаны мойындарымен сүйрегендей болған... Қызық еді-ау, колхоз жұмысы... Жұмыспен қайнап жүріп адам сезбей қалады, былтыр соқа кезінде Қойшығара бірер күн ауырып, қоста жатып байқаған ғой. Сондағы сурет көз алдынан әлі кетпейді...

...Өзенге құлайтын тайпақтау сайға өздері қар тоқтатқан болатын, соның суы кемерінен асып шалқып, аяқ астынан айдын көл тапқандай қыр құстары үймелеген басына.

«Қойшыекеңе жас сорпа ішкізем» деп Қыймаш комсомол қос ауыз мылтығын сүйреп соның басында еңбектеумен жүр. Бір үйректі атып түсіріп еді, соны алуға барғанда су кеңірдегінен келді. Не деген терең су. Бұрын бұл кезде тап сол жерлерде аттың шашасын көметін су зорға табылушы еді... Сайдың екі жақ қабағы тұтасқан егіс. Күркіреп жүрген трактор. Трактордан қалыспаймын деп екі соқаны қатар салып жан ұшырып жүрген Медеудің бригадасы. Әркім өз орнында. Қос басында аздаған адам. Оның бірсыпырасы түнгі ісменеде (сменада — С.Б.) істейтін тракторшілер. Қоста жатып ерігіп кейбіреулері жастықтың жалынды қиялына беріліп, көрген-білгенін жыр қылуға кіріседі. Біреулері газет оқып, содан есіткенін сөз қылысады...

— Қолының жылп-жылп етуін... Осыны көргенде қаным қайнап кетеді... — дейді бір жігіт жерошақ жаққа қадалып. Жерошақ басында тай еті сиярлық үлкен қазанды бұрқылдатып қайнатып, тамақ әзірлеп Дәмелі жүр. Күн еңкейіп екінділікке барды. Жұмысшылардың алды ұзамай тамақтанады. Дәмелі соны ойлап асығып, әлсін-әлі қазанның бетін ашып тұздығын татып қарап, жерошақ отын кейін ысыра түседі.

— Дәмелі-ау, Жұмат саған ғашықпын дейді.

— Қоя тұрсын, қолым тиетін емес, — дейді Дәмелі күліп.

Жігіттер күліп, қосты басына көтереді.

Шелектерін салдырлатып қарына іліп алыстағы бригаданың адамдары тамақ алуға келді.

— Кәне, Дәмелі, құйып көр.

Ұзын сапты шөмішті қос қолдап ұстап, Дәмелі шелекке құйып жатыр.

— Болды, болды, — деп тамақ алушы шелегін тартып еді, Дәмелі оған болмай үстеп құйды:

— Неше шөміш құятынымды білем.

— Ә...түсіндім...

Ұйысқан сақалды қара кісі қабағы кіржие түсіп, шелегін о да ұсына түседі.

— Бүгін көңілді күнің екен, қарағым, бізге де баса құйғайсың, — дейді ол кекеткендей болып.

Дәмелі оған ұнатпай қарайды:

— Біреудің ажарына қарап артық құйып жатыр деп пе ең?

— Қайдам... Құлмырзаның бригадасына ас ылғи артық беріледі, — деп жұрт шулайды.

— Анығын біліп шуласын. Артық еңбек сіңірген адам тамақты да артық ішер болар. Артыңа қарашы, қызыл тақтада тұрған кім? Қара тақтада тұрған кім?.. Сендердей боп өмірі қара тақтадан шықпасам, осында кеп тамақ алуға арланар ем...

Беті қара кісі ұялмайды дегенмен де, тап осы жолы со кісінің беті күреңденді. Қоста жатқан Қойшығара бұл көрініске шыдай алмай басын көтеріп:

— Құдай атсын, Молдаш, мұны есіткенше өлсейші, — деді.

Қостың алдындағы жақында тақтайдан істелген ләрөк бар.

Соны қоршап 4-5 кісі тұр.

— Зиба қайда? Уа, Зиба, нан бер бізге.

Комсомол киіміндегі әйел бала Қыймаштың қасынан шығып, ләрөктің аузын ашты, бұл өзінше кішкене дүкен болып шықты: айна, тарақ, сабын, темекі, оттық, тағы сондай толып жатқан меліш (мелочь — С. Б.), күмпиіп піскен ақ нанды ұзын қара пышақ орай бауыздап, кірге салады.

— Өтебайдың бригадасы ма? Сендерге бүгін бір килодан нан тиеді.

— Өй, айналып кетейін, қарындасым.

— Зиба, Зиба, бізге ше?

— Сықақтың бригадасы ма? Сендерге 700 грамнан.

— Неге? Неге?

— Артындағы тақтайға қара, жоспарларың неше пұрсент (процент — СБ.) екен...

Дүйсембай сырттан қарап мырс-мырс күледі. Көрпедей жалпақ қағазды сүйреп Қыймаш қосынан шықты.

— Зиба, газетті ілемін тақтайға.

— Әлгі жалқаулардың сүгіретін салдың ба?

— Салдым.

Қыймаш газетті іле бастағаннан-ақ қоста жатқан тракторшылар қаптай шығып газетке үңілді. Шөмішін көтеріп Дәмелі де келді:

— Дәмелі, сені де жазып қойыпты.

— Не деп, байғұс-ау.

— Кешегі тамақты кешіктіріп пісірді деп.

— Онысы рас.

— Сқақтың сүгіретін қара. Қы-қы-қы... Молдаш, көріп кет мынаны, айта барасың.

Молдаш ысқыра қарап зытып барады...

Қос сыртында Әбжан ұстаның көшпелі көрігі. Көрікті сықырлатып аяғымен басады. Қып-қызыл боп балқыған темірді төске салып балғамен төпейді келіп. Едәуір ентігеді. Ентіккеніне қарамай оқта-санда ыңылдап ентернатсианал (интернационал — С. Б.) күйін жырлайды:

«Өрнек» колхозының бұл бір күнгі ғана көрінісі емес, қашанғысы осы. Бірақ осының бәрін Қойшығара тап сол қоста жатқан күні сезген секілденіп, содан бері осылар ойынан кетпейтін. Әсіресе, бүгін елестеп, кеңіп, тармақталып, Қойшығараның қиялын толық билеген секілденді...

Қойшығара күрсінді. Басын көтеріп тағы белеске қарады: Ала күреңденіп жатқан белес әдейі құбылып көркемдене түсті. Оның ылдиында — өз алдына бір дүние бон жатқан 18-шахтымен орталық электр (электр — С.Б.) стансасы. Сонау көрініске мынаның сәйкес келе қап, қолмен қойғандай болуын...

Күн көзін ұшпалы қара бұлт бүркеп, жер жүзі қоңыр көрпесін жамылды. Жел екпіні шығып, көшенің шаңымен ойнады. Жаңбыр сіркіреп, тақыр жерге теңбілдеп із салды. Бикен келіннің терезе алдына еккен жас ағаштары жаңбырмен жуынып, күреңденіп күлім қақты...

Қойшығара үйге кіріп үстелге отырғанда, күн көзі бұлттан шығып, ағаш жапырағындағы жаңбыр суын күмістей жылтыратуға кірісіп еді...

«Қадірлі жолдасым Дүйсебай Нұрмағамбетов және сүйікті әйелім Әминеге дұғай сәлем...» — деп бастап Қойшығара хат жазуға кірісті Жазуға жаңа үйреніп келе жатқан ебедейсіз саусақ оңайлықпен икемге көнбей Дүйсебайдың (Қойшығараның болуға керек, мәтінде осылай жазылыпты — С. Б.) тасқындаған ойын қағаз бетіне түгел түсіріп бере алмады.

Бұл жазылып жатқандар сол ойдың әр жерінен алынған үзінді есебінде еді. Бас-аяғын жиғанда мынадай сөз болып шықты:

«Забойшікпін, екпіндімін. 1-майда бәйгі алдым. Сауатым ашылды. Өндіріс жоспарын артығымен орындаймыз деп сертке міндік. Сендер ше? Егістерің не боп жатыр? Көліктерің күйлі ме еді? Жоспарларыңды қанша өсірдіңдер?.. Бүгін күн ұзаққа сендерді ойлағаным... Әмине... «Қатын» деп атауым қазақшылық болар, жолдасымсың ғой. Мені ойлап жүдеген жоқсың ба? Тауықтарың не болды? Өсір, көбейт, басқаларға үлгі бол. Өтбеске (отпуск — С. Б.) алып, аз уақытқа барып қайтам... Түпкілікті осында болам... Себебін кейін айтармын... Қарағандының жалпы жұмысшыларына сәлем. Бізге тартқан сыйларың сол болсын: Егістеріңді сапалы ғып егіңдер. Қош. Жолдасың: Қойшығара Қошқарбаев».

— Мен саған мешайт (мешать — С. Б.) етпес пе екем? — деген дауысқа басын көтеріп, Қойшығара қарсы алдында күлімдеп тұрған Мақпалды көрді.

Майдың күні қандай құлпырса, еңбекке шыныққан Мақпал да сондай құлпырып, қунап, түлеп бара жатқан секілді.

— Мұның не, хат па? Кімге жаздың?

— Елге...

— Әйеліме де.

Мақпал қарсы отырып күлімсіреп, Қойшығараға қараумен болды. Бір кезде түсін өзгертіп:

— Былай, жолдас, Донбас туралы орталық партия комитетінің қаулысы шығыпты, мен оқиын, тыңдаймысың?

— Тыңдаймысыңың не? Оқы. Қане... «СҚ» газетін үстел үстіне жайып салып Мақпал оқуға кірісті. Қойшығара орындығын жақындатып газетке төне түсті. Күн терезеден сығалап күлімдеп, күмістей шағылдырып бұл екеуінің бетіне нұрын төкті.

1934 жыл