22 Желтоқсан, Жексенбі

Әдебиет

Бейімбет Майлин
Бейімбет Жармағамбетұлы Майлин (1894-1938) — қазақтың көрнекті жазушысы, қазақ әдебиетін қалыптастырушылардың бірі.

Өлім тырнағында






Еңгезердей қара жігіт ескі шым үйдің төбесіне шығып тұрып, алдындағы ылдиға шұқшия қарады. Қарауына себеп бар: бір жаяу адам сонау белестің басына жаңа шыға беріп еді. Тегі жай адам емес. Былтырдан бері мұндай жүріске ұшыраған адам ұшан-теңіз қашу, қуу, ұстаған жерінде өлтіріп кету екі жердің бірінде ұшырайды. Әсіресе, мұны, осы тұрған жігіт, Қойшығара көп көрді.

Өткен жылы Қойшығара Темірдің үйінде малайлықта еді. Қырдан шөп әкеліп, жаңа үйіп жатқанда, бір топ солдат ауылдың үстіне сау етіп келіп қалды. Келген күйі шоғырын жазбай Темірдің үйіне түйлікті:

— Ат керек!

Әскерді көрсе әбігерленетін ауылдың әдеті ғой. Темірге деген таяққа арқасын төсейтін ауылдың пысықтары жан ұшырып жүріп, ат жинады. Жиналған аттың көбі кедейлердікі: арық, шолақ, жауыр. `Бұ қалай?`,— десе, Түйебай:

— Байдың құр жүрген аттарын жеккізуге болмайды, ыстықта барлығып өліп кетеді, қызылмай болады,— деді.

Бекеннің кемпірі, есі шығып, үрейленіп атының соңынан бажылдап еріп келді:

— Жалғыз үй деп басынасыңдар, әйтпесе, атымның арқасы ыңыршақтай жауыр, түнеугі ылаудан ай жүріп әрең оралды, тым болмаса осы жолы аяр едіңдер ғой,— деді.

Солдаттың біреуі қазақша білетін болып шықты. Ол кемпірдің сөзіне құлағын түре қалды:

— Біз кедейдің атын жекпейміз, байдан жегеміз. Байдың жылқысын қотанға иір, өзіміз ұстап аламыз! — деп, әлгі жігіт, қазақша сөйлеп, мылтықты суырып алып Түйебайға түйлікті,— сен тұқыл қалжақты қой, алдайтын кісің біз емес!

— Мен жөнін айтып ем, бұрынғы әдетіміз еді... Өзіңіз біліңіз,— деп Түйебай дәбдірлеп кейін шегіне түсті.

Қалың жылқы шаңдатып ауылдың үстін қаптады; жүген-құрық тимеген асаулар бұғалықты сүйретіп айнала шауып, ауылдың үстін шаңмен көмеді. Бұғалық салып жүргеннің бірі — Қойшығара. Бұғалықты тастап жіберіп, арқанды тақымға басып қалса, қандай асауларың да омақата құлайды.

— Уа, түк көрмессің, Қойшығара! — деп байдың дауысы шаңқ етті.

Асығыс жүріп Қойшығара абайламапты,— бұғалыққа іліккен Темірдің аяулы жорғасы — қара кер жорға екен. Темір көзі ежірейіп, тыпыршып тұра алмады.

— Өзің сондай бұғалыққа ілік! Өзіңді біреу сондай қылып қылғындырсын! — деп Темірдің бәйбішесі — Ұлжан, жер үстіндегі қарғыстың бәрін жаудырып, жер ошақтың басында күбідей болып шыбжыңдап ол отыр.

Темірдің дауысы құлағына тигенде осыным әнтек болды ма деп, Қойшығара, қара кер жорғаның мойнына іліккен арқанды босата бастаған секілді еді, бәйбішесінің қарғысын құлағын шалған соң, ашуы қозып кетті. Үзеңгіге аяқты тіреп арқанды шірене тартқанда, қара кер жорға әлсіреп, артқы бөксесі бұраңдап сала берді.

— Маладес, жігіт екен! — деп, бір әскер киімді жас жігіт жорғаны жүгендеп жатыр.

Бұл — манағы қазақша сөйлеген жігіт, кедейлердің атын босаттырып жіберген жігіт те осы. Сыбдығырдай болып киініпті. Үсті-басы мылтық, оқ.

— Бері кел деп ол Қойшығараны оңашаға шақырды.

— Малайсың ғой?

— Малаймын.

— Ендеше, байдың аяулысына сал құрықты! — деп, әлгі жігіт күлімсірейді. Көз қарасы, күлкісі Қойшығараны сиқырлағандай, өзіне тартып еліктірген тәрізденіп тұр.

Жорға мен жүйріктің не-не маңғазын ерттеп мініп солдаттар кенеліп жатыр. Тырсиып, терісіне сыймай ісініп, атқа шапқан адамдай ентігіп Темір тұр. Көрінгенді қарғап, ауылға бүйідей тиіп бәйбіше жүр.

— Қойшығара! Қарасы батқыр қайдасың? Ана, Мінайдар екеуің барып аттарды алып қайтыңдар,— деп жекірді Темір.

Ауылдан ұзап шыққан соң, әлгі қазақша білетін жігіт Қойшығара мен Мінайдардың қасына келді. Атқа отырысы, жүрісі басқа орыс балаларындай емес, икем.

— Қалай, товарыштар, байдың атын мінгенге ренжіп келе жатқан жоқсыңдар ма? — деп күлімсіреп сөз бастайды ол.

Аты Андрей екен. Бағаналы еліндегі бір байда бала күнінен малайлықта жүрген екен. Малайлықта жүрген жерінде солдатқа алыныпты. Бір жыл соғыс майданында болыпты. Төңкерістен кейін қайтып келіп жұмысқа араласыпты.

— Большевикті білесіңдер ме?..— Біз — большевикпіз! — деді Андрей. Соны айтты да, ат үстінде келе жатып, Қойшығараны белбеуінен ұстап қозғап-қозғап қойды. `Аударыспақ ойнайық`—деп әзілдеді. Манағы аттарды ұстап жүрген кездегі Қойшығараның Темірден қаймыққанын сөз қылып, `кедей, батырақ енді не істеуі керек` екендігі туралы көп сөз айтты.

— Қорықпа батырағым, күнің туды! — деді Андрей. Сол күні кешке бұлар бір ауылға келіп қонды. Кең алқаптың қойындау түкпіріне жаңа қонған ауыл екен, шалғыны үзеңгіні қағады. Малдары семіз, пырдай болып жатыр. Ауыл адамдары әбігерленіп, үрпиісті.

— Сендер ғой әкеліп жүрген! — деп Қойшығара мен Мінайдарға ала көздерімен қарағандары болды.

Қас қарая берген кезде, ауылдың үстін кенет аттың дүрсілі қаптады. Абалап ит үрді. Гүрс етті... Мылтықтың дауысы. Кенет, Андрейлер асығып-сасып атқа жабысқанша, қалың әскер ауылды қаптап кетті. Тарс-тұрс мылтық атылды. Ауыл у-шу болып жылап, тынық түнді басына көтерді...

Бұл ақтардың әскері болып шықты. Андрейлер қолға түсті. Өлтірмегенмен, өлесі қылып ұрды.

— Сендер бастап жүрген адамсыңдар,— деп Мінайдар мен Қойшығараны, инеліктей бұралған біреуі тергеуге алды. Шыныңды айтпайсың,— деп Қойшығараның арқасына қамшыны басып-басып жіберді. Қара түндегі қамшының дауысы тулақ сабап жатқан секілденіп естілді.

Ертеңіне әскер жөнелді. Ұсталған большевиктерді, көйлекшең күйінде, жаяу айдады. Андрей жеген таяқтың зорлығынан аяғын сүйреп, зорға басып, Мінайдар мен Қойшығараға қарап, `қош!` деген тәрізденіп басын иді.

— Өлтіреді-ау, сорлыларды! — деп, Қойшығара күрсінді.

— Қайтейін, біздің қолымыздан не келеді,— деп Мінайдар да қынжылғандық пішін көрсетті.

Темірдің аттары ақ әскердің қолына илікті. Қойшығара әрі-бері жалынып сұрап көріп еді, міз бақпады, оның үстіне сол ауылдың бір адамы, жалпылдаған қара кісі, өздерінің атын ылаудан аман алып қалғысы келген пішінмен:

— Бұлар тыңшы болу керек, осыларды да ұстау керек! — деп өздеріне тап берді.

Аттан айрылып келгенін есіткенде, Темір ашудан булығып өліп кете жаздады. Безден істелген сары таяқ Мінайдар мен Қойшығараның басында ойнады.

— Бір жорғаның құнына тұрмайтын иттерді өлтір! — деп, шаптығып Ұлжан бәйбіше жүр.

Темір бұларды ұрумен қанағаттанбады. Әңгіме ауып ақсақалдарының алдына салынды. Аттардың кету айыбы — Бекеннің кемпірі мен Қойшығараларда болып шықты: әңгімені бастаған Бекеннің кемпірі болыпты да, таңдаулы жорға мен жүйрікті ұстап берген Қойшығара! Осы екеуінің `ылаңы` болмаса, келген әскер сонау кедейдің арық-тұрағын мініп кете бермекші екен...

Бекен мен Қойшығараның үйінің барлық мал-мүлкі тоғыз аттың құны үшін Темірге төленді. Қойшығара малайлықтан шығарылды. Аңқау әйелдер Қойшығараға үрпиісе қарап:

— Бетім-ау, онда сенің қандай болғанын?! — деседі.

— Не де болса ауызға іліктің, жігіт екенсің,— деп Көлбике Қойшығараға ризалық білдірді. Қойшығара содан былай ауылдан безіп, орыс қалаларын аралап, кісіге жалданып, тапқанымен әке-шешесін асырайтын болды...

* * *

Жүгіре басқан жаяу — боз шинельді солдат болып шықты. Құлдырап ауылға келіп қалды. Жақындап келсе — Петро!

— Ойбай-ау, Петромысың? — деп Қойшығара алдынан жүгіріп шықты.

Бұл Петро болды. Темірдің есігінде Қойшығарамен бірге бес жыл жұмыс істеген Петро осы.

— Қайдан жүрсің? Не ғып жүрсің? — деп Қойшығара сұрауды жаудырып еді, Петро басқа сөзге келмей, жан-жағына қарана түсіп:

— Кейін сөйлесерміз, мені жасыр, мені кісі көзіне түсірме! — деді.

Қойшығараның жүрегі мұздай болып кетті. Бұл қашқын ғой! Қашқынды паналатқанның айыбы қандай болмақшы? Айыбы зор-ақ болсын, сонда Петроны паналатпасқа шарасы бар ма? Бес жыл ұдайы бір жүріп еңбек сіңіріскен адам. Бір жүру былай тұрсын, Қойшығара екеуі бірін-бірі жанындай көретін дос болып кеткен адамдар. Петро солдатқа алынарда, осы Қойшығара, туған інісі кеткеннен кем қынжылған жоқ. Екеуі құшақтасып айрылысқан.

— Менің шешеме қарасып тұр, жүдетпе,— деп Петро кәрі шешесін осы Қойшығараға тапсырған болатын. Сол досы — осы.

— Қарағым, Петромысың? Аман келдің бе! — деп кемпірлеу әйел Петроны ашық жүзбен қарсы алды.

Бұл Қойшығараның шешесі — Үміт.

— Е, Петро балам, үлкен жігіт болыпсың ғой, апырмау,— деп қуқылдау, бақа қара шал келді.

Бұл Қойшығараның әкесі — Етікбай.

Үміт пен Етікбай Петроның туған әке-шешесіндей болып кеткен адамдар. Темірдің есігінде малайлықта жүргенде, Петроның үсті-басын жамайтын, кірі-қоңын жуатын осы Үміт еді.

— Ене-ау, осы орысты несіне жақсы көресің? — деген қатындарға, Үміт:

— Орысты құдай жаратпап па? Қойшығарам сияқты жас бала. Қарағыммен бірге жүріп, бірге тұрады. Біріне-бірі сүйеу болып жүр. Оның не жаттығы бар? — дейтін.

Петро Үмітті шын жақсы көргендіктен, Қойшығарамен бірге о да `Әже` дейтін.

— Әже, аман келдім. Аман болғанмен, осы жолы Петроң қысылып келді. Балам дейтін болсаң, осы жолы сақта! —деп Петро күрсінді.

Үміт үрейленіп, қатпарланған беті қуқыл тартты.

— Балам, ол қалай болғаны, ә? Ол қалай болғаны? — деп Етікбай сұрауды жаудырып, жұрттың дегбірін алып болды.

— Сен қай жағындасың, шыныңды айтшы,— деді Қойшығара.

— Большевикпін! — деді Петро.

Үй ішіндегілер селк еткендей болып, бірінің бетіне бірі қарады. `Большевик` таныс сөз. Былтырғы Темірдің атының оқиғасынан кейін `большевик` деген сөзді Етікбай да, Үміт те естіп келе жатыр.

— Осы `болшайбек`, дегендері қандай адам екен? — деп Етікбай, өз аулындағы Қанын саудагерден бір рет сұрағанында, ол:

— Большевик — жұрт талағын, қанішер, бұзық,— деп түсінік беріп еді.

Содан кейін Қойшығараға біреу `Большевик` атын тақса, Етікбай шыж-быжы шығып ортаға түсетін болды:

— `Большевик жұрт талағын` дейді, менің баламның бұзықтығын көргендерің бар ма? Орынсыз қараламасаңдаршы! —деп қынжылатын болды.

Большевик деген сөз — елде етек алған сөз. Екінің бірі біледі, отырған жерлерінде әңгіме қылысып отырады. Бірақ дұрыстыққа тағатын бірі жоқ құлақ есітпеген пәленің бәрін соның үстіне үйіседі де отырады.

Андрейге кездесіп, сөйлескеннен былай Қойшығара мен Мінайдар бұл пікірден аулақ болды. Әсіресе Қойшығара, өзінен-өзі жүріп, ұзақ ойға шоматын болды: Большевик кім? Шынымен бұзық па? Андрей большевикпін деді, оны бұзыққа тануға бола ма? Бұзық болу былай тұрсын, елдегі жетім-жесір, кем-кетіктің жайын айтып тақылдаған сол емес пе? `Малай-батырақ — күш сендерде, сендер біріксеңдер, әрі қоссаңдар, байларды табанға салу оңай!` демеп пе еді?! Большевикке қарсы болып отырған кім? Большевик туралы өсек таратып жүрген кім?.. Қойшығара осының бәрін ойлап келіп, бір түбекке тірелген сияқтанатын. Петроның аузынан `Большевик` деген сөзді естігенде, Қойшығараның миын жеп жүрген жоғарғы ойлар тұс-тұсынан қаптап келіп, көз алдын аңдап тұра қалғандай болды.

— Бәтір-ай, мұнысы несі? — деп Үміт кемпір, үрейленген түрде Қойшығараға қарады.

— Үрейленбе әже, Петро большевик болмағанда кім болады? Малайдың бәрі большевик. Мен де большевикпін! — деді Қойшығара.

— Қолыңды әкелші, Қойшығара!— деп, Петро күлімдеп Қойшығараның қолын ұстап, мықтап қысты.

Етікбай пен Үміт біріне-бірі үрейлене қарап, не істерін білмеген адамдай ауыр күрсінді. Өйткенмен сол минуттан былай Етікбай да, Үміт те өздерін большевик болдық деп есептеді...

Етікбайды тысқа күзетке қойып, Петро мен Қойшығара бой жазып отырмақшы болды. Ескі достар көрген-білгендерін жаңа ортаға сала бергенде, сасқалақтап Етікбай үйге кірді:

— Келді! — деді.

Пар ат жеккен бір шаналы терезенің алдынан сыр етіп өте шықты. Шошақ бөрік, сұр шинельдер. Белдерінде наган, шаналарында сорайған винтовка. Шанадан түскендердің біреуі түксиген мұртты, семізше қара жігіт.

— Әуесбай кәпір екен,—деді Қойшығара терезеден қарап, сұрлана түсіп.

— Оның кім еді, қазақ па еді? Сөйлесіп қарасайшы,— деді Үміт, бұрынғыдан да үрейлене түсіп, кімге жалынарын білмей алақтаған пішінмен.

— Енді болмады. Сілтеуші болған шығар. Қате қылдым. Сенің үйіңе келмеуім керек еді,— деп Петро басын шайқай берді.

Мылтығын кезеніп екі солдат есіктен кірді. Петро қолын көтеріп тұра қалды. Әуесбай сұстанып, мылтығын кезеумен о да тұрды. Солдат Петроны тінтті.

— Шырағым, қазақ баласы екенсің, бұл өзі жасынан біздің ауылда өскен бала еді,— деп Етікбай сөйлей беріп еді.

— Үрме, қақпас, жайратып кетермін! — деп, Әуесбай наганның үңірейген аузын Етікбайға бұрды.

Етікбай қалш-қалш етіп, сасқанынан қолымен көзін көлеңкеледі.

— Шырағым-ай, қорқытпашы ағаңды,— деп, Үміт апалақтап Әуесбайға жалынбақшы болып жабыса беріп еді, Әуесбай оны өңменіне түйіп кеп жіберді.

Үміт мұрттай ұшып, табалдырықты сүзе құлады.

Әуесбай, сұстанған күйі, түксиген мұртын қолымен бір сипап алып:

— Көрдің бе, мұның ұясын! — деді.

— Жоқ, қате айтасың...— деп, Петро сөйлей беріп еді, Әуесбайдың жанындағы ұзын сары солдат мылтықтың дүмімен Петроны салып өтті. Петро мұрттай ұшты.

Қойшығара нақ осы минутта есі кіресілі-шығасылы адамның пішінінде еді. Құралды солдатқа қарсы күш жұмсау деген оңай емес, бірақ мына жұмыс оны ескертерлік те: басынан аққан қаны мойнын жуып, мертілген малша денесін билей алмай, Петроның жатысы мынау. Қойшығара тірі боп өз көзінше Петроға таяқ тигізбекші ме?.. `Жанымыз бірге шықсын`,— дейтін адамдар ғой. Бала күндерінде Темірдің есігінде жүргенде, Темір осы Қойшығараны бір рет ат бауырына алып сабап, сонда Қойшығараны арашалаймын деп таяқты бірге жейтін осы Петро еді-ау... Қойшығара қалш-қалш етіп, көзі қанталап:

— Неге ұрасың оны? — деп, ұзын сары солдатты алқымынан ала түсті.

Үй іші ойран-топан алыс. Тарс-тұрс мылтық атылды. Қойшығара ұзын сарыны қылқындырып жыға беремін дегенде, Әуесбай наганның түп жағымен Қойшығараны шекеден қойып келіп қалды. Қан бұрқ етті. Қойшығара тәлтіректеп, ұзын сарының жағасынан қолын босатты. Ұзын сары босанысымен, әлсіреп тұрған Қойшығараның үстіне міне түсті...

Етікбайдың үйінің маңы, жиылысқа біреу арнап шақырғандай, қыбырлаған адаммен толды. Үрейленген пішін, даурыққан сөз, біреуден біреу сұрап, не екенін, не болғанын білгенше құмартқандай кимелеп өліп барады. Анығын білгендердің кейбіреулері бұл оқиғаны қалай ұғыну керектігін өз бетімен шеше алмайтындай, көпшілік қалай қарап лоблыса, соған дайын тұрғандай пішін көрсетті.

— Осының қарасын батырмай біз тыныштық көре алмаймыз! — деп, Темір зілдене сөйлеп, сөз көшесін көрсетіп берді.

— Дұрыс айтасың, `Бір қарын майды бір құмалақ шірітеді` деген, мұның кесапаты бүкіл аймағымызға тиеді,— деп, Омар молда Темірді қостап, кейбір аңқаулардың сенімін күшейте түсу үшін аузын жыбырлатып қойды.

Жас бозбалалардың бірсыпырасы, әсіресе Мінайдар, Қойшығараны аяп, ұнжырғалары түсіп, не қыларға білмей іштерінен тынды...

Әуесбай Темірдің үйіне қонды. Петро мен Қойшығараны шанаға салып әкеліп, Темірдің ағаш сарайына сүйретіп кіргізді. Ұлжан бәйбіше сұлу ажарын бір шытынатып, пұшпақ ішіктің қалтасынан кілт шығарып, ағаш сарайдың есігін өз қолымен жапты.

— Қыдырлы малымның киесі бір ұрмай кетпес деуші едім, көзіне бір келдің білем! — деді, кілтті жауып жатып Ұлжан бәйбіше.

Қазақ әдетінде бай мен бәйбіше ауыл адамдарына өзін `қорған` қыла көрсетер еді. Өлімші болып жатқан Қойшығараны өз қолынан бәйбішенің сарайға шырмауы - сыртқы ағайынға мін сияқтанып-ақ тұрды. Бірақ, Темір де, Ұлжан бәйбіше де мұны ескермеді. Мұнда сыртқа жасырын терең бір сыр бар сияқты еді...

Кілетті күзету Темірдің малайы Мінайдарға тапсырылды. Әуесбай оған тікелене қарады да:

— Әй, адырақ көз қара, есіңде болсын: осыдан айрылып қалдың бар ғой, табанда жайратамын! — деді.

Мінайдардың еті түршігіп, жүзі бір қуарып, бір сұрғылданды, Темір мұртынан күліп, айналып жүре берді.

Ауыл іші гүу-гүу әңгімемен толды. Суға барған, күл шығарған, тезек тасыған әйелдер де ауыздары жабысып, бұл оқиғаны өздерінше талқылап жатты. Әуесбайды жер түсірмей мақтайтындар табылды. Әуесбай — қаладағы шала қазақтың, байдың, саудагердің баласы. Осы елге ағайындығы бар. Темірдің үйімен әкей-үкей.

— Үкіметке жаққан білем, шен алатын болыпты,— деген лақап Әуесбай туралы ерте кезден етек алып жүр еді.

— Адам болатын бала ғой, амалын тапқанын көрмейсің бе?— деп шалдар жағы оны бұрыннан үлгі қыла сөйлер еді.

Бүгінгі уақиға туралы Әуесбай ауыздан түспеді. Әуесбайға неше түрлі ерлік тағылды.

— Әуесбайдың алып шыққан жүз солдаты бар екен, оларын кейін тастап кетіпті, ертең солдаты келеді білем,—деп Ғаппас дейтін қотан аяқ қара, сол солдатты өзі басқаратыннан жаман қоқырайып қойды. Жәнібек дейтін суқыл, Ғаппастан сөзін асырып түсірейін дегендей:

— Әуесбай осы шыққан жолында 100 большевикті ұстап бауыздапты,— деді.

Етікбай бұл ауылға кірме. Бір атадан үш үй. Екеуі орта дәулетті, момын: Рақымет, Сүгір — деген кісілер. Рақыметтің өнері — от басында отырғанда одан мықты адам жоқ та, жұрт көзінде жалтақ. Сүгір дейтін — бауыздап жатсаң үн шығармайтын былжыр. Туысқандық, намыс дегеннен екеуі де жұрдай адамдар... Жайшылықта бұл екеуі Етікбайды жақын тартқан секілденгенмен, бұл жолы маңына жуи алмады. Маңына бару былай тұрсын, бір бәлесіне ілігіп кетпейік деп қорқып, Етікбайдың үйін ауылмен қосылып бірге табалады.

Темір қонағын қала тәртібімен сыйлады: көрші поселкадан `самогон` алдырып, ауылының `игі жақсы` бас көтергендерін шақырып, бір үлкен мәжіліс жасады. Ұлжан бәйбіше, келіні ұл тапқаннан жаман қуаныш қылып, қазы мен қарта, жал-жаяны қазан толтыра асты.

— Жігіттер, бұрын арақ ішпегенің де бар шығар, біздің қазақтың үйір болмаған асы ғой... Бірақ бүгін ішіңдер! Мына қонақтар — қадірлі қонақтар, ел бүлдіргіш сотқарларды тыю үшін жанын құрбан қылып жүрген азаматтар. Бұлармен мәжілістес болудың өзі неге тұратынын білсеңдер керек! — деді Темір, кесеге құйылған `самогонды` қымызша шайқап отырып. Дегенмен, қонақты `самогонмен` сыйлау бұлардың бүгінгі ғана ісі болмай, әдетке кіріп, ерсілігін жойған жұмыс еді.

Бастығы Түйебай болып, отырған жұрт жымиып күлісті.

— Жақсының құрметі үшін ғой,— деді Түйебай.

Үлкен ала дастарқан сандықтан алынып, үйдің ортасына созыла жайылды. Бұл сирек жайылатын дастарқан. Темірдің әкесі Тұрлыбай Меккеден келіп, ел жиналып `зәмзам` суын ішетінде, осы дастарқан тап осы сияқтанып бір жайылып еді-ау,—деп ойлады Түйебай.

— Қане, Әуесбай мырзаның денсаулығына! — деді Темір кесесін көтеріп.

— Апырмай, ауырып қалмасам жарар еді, ұрттап көрген жоқ едім,—деп, біреулер күңкілдесіп, қыбыжықтады.

— Темір айтқан соң болмайды, өлсең де іш! — деді екінші біреуі.

Жұрт қызып, гүу-гүу әңгімеге кірісті.

— Әуесбай мырза! Мына ағаларың сізден сөз есіткісі келіп ынтығып отыр. Жат хабарлар болса, айта отырыңыз...

Осы біздің қазақтың `Алашордасы` не болды? — деді Темір қызара бөртіп.

— `Алашорда` жұмысын істеп жатыр. Әлихан Қалшақпен сөйлеспекші болып Омбыға кетіпті,— деді Әуесбай.

— Ой, сабаз-ай, ой сабаз... Жарғақ құлағы жастыққа тимей-ақ жүр білем, қазақтың қамы үшін жүр-ау, ә...— деп төрде отырған біреулердің тұмсығы көтеріліп, бастары қайқая түсті.

Сөзге сөз жалғанды, қыза келе жұрт бет-бетімен жамырап, бірінің сөзін бірі тыңдамайтын болды. Бірін бірі иықтан тартып, сөзін тыңдататынды шығарды...

* * *

Түн аяз. Күндізгі жібіп еріген қар сіресе қатып, мұз боп жатыр, дала тастай қараңғы. Көкті бүркеген бұлтты тесіп мойнына ілгендей боп сығараңдап бірен-саран жұлдыз қарағанмен, қою қараңғылықты серпілдіруге құдіретінің жоқтығы білініп тұр. Ауыл тыныш, меңіреу, мүлгіген түске кіріп, бір нәрсенің аңысын аңдаған секілдене қалыпты.

Ағаш кілеттің алдындағы бөренеде қаудыр тонға басын тыға түсіп, қарақшыдай шоқиып Мінайдар отыр. Бұл — күзетші. Күзетіп отырып ойлайды: `Апырмау, бұлардың жазықтары не?`— деп. Петро да, Қойшығара да өзінің ескі жолдасы. Туғанындай болып кеткен адамдары. Шынында, Мінайдарда осы сияқты бірге жүрген жолдастары болмаса, туысқан деген атымен жоқ. Қайдан келгенін, кімнің баласы екенін білген емес. Есін білгелі осы Темірдің босағасын жастанып келеді; жасы қазір 23-те, бар көргені осы... Кейде әлдеқалай бір ауыр ой басып, Етікбайдың үйіне келіп, ұзыннан созылып жататыны бар.

— Денің сау ма, неғып жатырсың, шырағым? — дейді оған Үміт. `Шырағым` деген қандай жылы, тәтті сөз! Мұндай сөзді Мінайдар Үміт сияқты мейірімді анадан ғана естімесе, басқа кімнен есітпекші?!

— Шеше, білесің бе, осы менің әке-шешем болған ба өзі? — дейді Мінайдар кейде күрсініп.

— Неге болмасын, болған ғой. Әкеңді көргем жоқ, өлді деп есіттім, шешеңді көрдім: дөңгелек бетті, көзі көмірдей қара, ажарлы кісі еді. `Мінтайжаным!`— деп сені қолынан түсірмейтін еді. Ана деген сол ғой! — деп күрсінеді Үміт.

Үміттің айтуымен Мінайдар шешесін суреттейді. Көзін жұмса: дөңгелек бетті, қара көзді, қызыл шырайлы әйел `Мінтайым!` деп иіскеп, бетінен сүйген тәрізденеді... Ана деген қандай жақсы! Сол ана Үміттің айтуы рас болса, сатылған! Сатушы кім? Осы жерін ойлағанда Мінайдардың жүрегін бір нәрсе тырнап кеткендей болды. Анасын сатқан дұшпанын мына салалы саусағымен бүріп, сығып, езіп өлтіріп жібергендей болды...

— Бұл кім? — деді Мінайдар басын көтеріп.

Бүрсеңдеп келіп тұрған Етікбай екен.

— Қарағым, Мінайдар, білдің бе? Жаны бар ма? — деді Етікбай кемсеңдеп жылап.

Әй, сорлы әке-ай, бала десе бауыр етіңді саласың-ау!

— Біз біттік қой... Кемпір сорлыға әлі ес кірген жоқ,—деді Етікбай, тонының етегімен көзін сүртіп.

Көрінгенді `қарағымдап` аяп, елжіреп отыратын мейірімді Үміт, жанындай көретін баласының қайғысына ұшырап, қан жұтып отырғаны анау! Қауқылдап сөйлегеннен басқа кісіге қатты сөз айтып көрмеген, инедей қиянаты жоқ, адал әке мынау! Осы екеуін аяйтын кім бар! Осы екеуіне қол ұшын беретін кім бар?

— Әй, ондай жан жоқ қой! - деп, Мінайдар назаланып басын шайқады.

Түннің біразы өтті. Терезеден сығырайған шамның жарықтары сөнді. Тымырсық аяз өткірлене түсіп, дененің о жер, бұ жерін шымшып өткендей болды. Мінайдардың үстіндегі зіл көтерем шидем күпі әлденеге жеңіл тартып бара жатқан сияқтанды. Денесі бір ысып, бір суығандай болды. Құлағы шыңылдап, оқтын-оқтын көзі қарауытып кеткен секілденді. Ойлаған сайын ол тарамданып, Мінайдарды түрлі соқпаққа жетелеп бара жатқан сияқты болды. Бұған ешнәрсе емес, жаңа жылы тамақ ішіп келді, осы кілетте жатқан екеуі не ғып жатыр? Тоңған жоқ па? Қарындары ашқан жоқ па? Үсті-бастары қан сияқты еді, ол жуылды ма екен? Осыны білетін кім? Білу кімге міндет? Етікбай кілеттің о жер-бұ жеріне барып сығалады, тың тыңдады. Мінайдарға жалтақтап қарады, ашқызып көрмекші ме екен?

Мінайдар орнынан тұрып, үйге қарай аяңдады.

* * *

— Менің жеген таяғым жалғыз бұл емес, мен көтере беремін ғой,— деді Петро Қойшығараны басынан сипап отырып.

Күннің көзі барында кілеттің саңлауынан жарық түсіп, екі дос бірін-бірі көре алды; үсті-бастары қан, сауыстанып қатып жатыр. Дене сынық сияқты, қозғауға келмей қалыпты.

— Бізді қайтер екен? — деді Қойшығара күрсініп.

Қайтерін кім біледі? Бұл бір жұмбақ. Іліккен жауы оңай емес. Обал болды деп аяп отырған ағайын тағы жоқ... Осы жағын ойлап келіп, бұл жұмыстың шешуін екеуі де шешті, бірақ біріне-бірі айта алмады, айтуға батпады... Екеуі бұйығып, біріне бірі тығыла түсіп, бірін-бірі құшақтап, бірінің демі екіншісін жылытып, жұбатып, тербетіп, ұйқыға шомдырды. Қатқан тонның үстінде, қараңғы сарайдың ішінде бүкшиіп жатқан осы екеуін мейірімді жүрек шеттен қарап көрсе, ыстық жасын бір сығып алып:

— Тілегіне жетпей кеткен қайран жастар! —дер еді...

...Сарайдың есігі сақыр-сұқыр етіп ашылды. Біреу кіріп, асығып, қарбалаңдап қараңғы сарайдың ішін сипалап жүр.

— Қойшығара! — дейді ақырын ғана сабырлап.

Бұл — Мінайдардың дауысы. Қойшығара да, Петро да ұшып тұрды. Зіл көтерем болып жатқан дене кенет жеңілденіп, икемге келіп қалғандай болды. Жүрек алып-ұшып ауызға тығылып барады.

— Қашыңдар, құтылыңдар! — деді Мінайдар сасқалақтап.

— Солдаттар қайда?

— Мас... бәрі де құлап жатыр...

Петро құшырланып, қайратына мінді. Не істейтіндері екі ауыз сөзбен шешілді; Мінайдар ептеп үйге кіріп, солдаттардың құралын алып шығу керек; Қойшығара байдың пар атын жегіп үлгіруі керек; Петроның бір қолы сынық, бірақ, ол оны елейтін емес. Бүгінгі түн осы ойдың орындалуына жол ашып отыр; Байдың үйіндегі сақ адам бәйбіше болса, Әуесбай мырзаның құрметі үшін бірер стақанды көтеріп жіберіп, ода өлік ұйқының құшағында еді...

Сыр... еткен шананың дауысы Етікбайды селт еткізді.

— Апырмау, тағы ма? — деді Үміт әлсіреген дауысын зорға шығарып.

Үй іші салқын. Шам жарығы күңгірт. Өлік шыққан үйдей. Бұйым бет-бетімен шашылып жатыр. Күнде көңірсіп отыратын үй бүгін көр құсап азынап тұр.

— Әже! — деді біреулер асығыс кіріп.

Бұл — Петро мен Қойшығара. Екеуі де байдың ішігін, күпісін киіп алыпты. Мойындарында асулы қылыш, мылтық.

Үміт сүріне-сүріне орнынан тұрды. Екеуін де құшақтады, екеуін де шөпілдетіп сүйді. Кәрі ананың ыстық жасы екеуінің мойнына да тамшы болып тамды.

Бұлар жүріп барады. Қайда бармақшы? Бұл — жұмбақ, бұл — қараңғы. Әзіргі ой — ажал құрығынан бір құтылып кету. Бір құтылып кетсе, сосынғы жұмыс өзінен-өзі шешіле бермекші.

— Ағатай, бүгін қонып кетсейші! — деді жалбыр шашты қара қыз, көзінің жасын моншақтай төгіп.

Бұл — Қойшығараның қарындасы Моншақ. `Монтай` дейтін Қойшығара еркелетіп. `Оқуға беремін` дейтін. Ойынды-шынды араластырып: `Монтай жанымды өзінің сүйген жігітіне қосам` дейді. Сөйткен аға, ата-ананың кәрілігіне, сүйенер ұлдың жоқтығына, ең ақырғысы — күндік азықтан құр алақан екендігіне қарамай, белгісіз жаққа сапар шеккелі тұр. Ата-анасын кімге тапсырады? Бүлдіршіндей қарындасын кімнің тәрбиесіне береді?.. Әлде көзі қызарған, бурыл сақалды мына қара шал ескі күйге қайта көшіп, ақ таяқты қолға ұстап, бірер байдың қойының соңынан түскендей бола ма? Мына қатпар бетті аққұба кемпір, үйден үйге бүкшеңдеп, ұршық иіріп, жүн түтіп, әр үйдің жуындысын тасып қорек қылғандай бола ма?

— Болмайды, қалқам! Ағаңа ренжіме. Ағаңның басына күн туды. Сағынарсың, жүдерсің... Ыстық жаспен қайғыңды жу да, әке-шешеге бел бол! Сен менің қарындасымсың. Сен қыз болма, ұл бол! Менің айтарым осы, қалқам, кел бетіңнен сүйейін!— деп, Қойшығара ақтық рет қарындасын сүйді.

Үміт те, Етікбай да, өң-түсі екенін біле алмай, мең-зең болып аз-кем тұрды.

— Жүресің бе, қалқам? — деді Үміт,

— Жүремін,—деді Қойшығара.

— Жолың болсын! Бақытың ашылсын! Сен тумасаң, қайтер едім? Сендей балам болмаса қайтер едім?! Өмірге ризамын. Жалғыз өтінішім: Қайда жүрсең де есіңнен тастама:

Мына бақа шалды ойла, мені ойла, біздің кәрілігімізді ойла, өзіңнен басқа сүйенішіміздің жоғын ойла!..

Үміт сөзін аяқтай алмады. Кәрі көзді жас толқыны қаптады. Бұл — шынында Үміттің аузынан шығып жатқан сөз емес, әлдеқайда шеттегі біреудің айтқаны секілденіп естілді.

Үркер төбеден ауған кезде жолаушылар ауылдан шықты. Тізгін ұстаған Мінайдар. Семізден жарап тұрған екі торы ат ауыздығымен алысады. Тақта жолда шана сырғып олай да бұлай да сырғанап, тербетумен болды. Қар бұрқырап тозаңдай ұшты.

— Ал, енді қалай қарай беттейміз? — деп, Мінайдар аттың басын тежеді.

Жол осы арадан екі айрылады: бірі — дуанға, бірі — қалың ағаштың ішіне кіреді. Ағаш ішінде ел бар, поселка бар. Ағаш ішінің қысқы өмірі қызық: Өлке бойына шұбырып жатқан жүргінші онда болмайды, арнап шыққан адамдар ғана жүреді. Ағаш ішінің елі қысқа қарай жалпы хабардан шала, `дейді хабар` өмірлерін өткізіп, ауылдан аттап шықпай, жайлы жазды күтумен болады. Өзінше бұ да өмір...

Жолаушылар осы ағаш жолын ұйғарды. Арада бір ат шалдырып алып, ертеңіне күн бата, қалың ағаштың қойнауындағы бір поселкеге кездесті. Қармен көміліп жатқан үлкен поселка. Көшесі тау-тау күртік қар. Бірен-саран адамдар қаланың ық жағындағы көлге малдарын суғарып, шұбыртып айдап келе жатыр.

— Тоқтаңыздаршы,— деп біреу дауыстады.

Аузы-басын жүн басқан орта жасты кісі. Ескі солдат бөрікті милықтандыра киіпті. Өткір көзін қадап, жөн сұрасып кішкене тұрды да:

— Тұрмаңдар, кетіңдер, бұл қалада отряд бар, қолына түссеңдер, аямайды,— деп, сөзінің аяғын шала бітіріп, бұрылып жүріп кетті.

Жолаушылар дағдарыста қалды. Сүйткенше болмай, бір күртіктің басына үш салт атты шошаң етіп шыға келді. Үшеуі де солдат, ақтың солдаты, шошайған мылтығы сонау жердің өзінен ызғарын төгіп, төселіп үңірейіп тұрған сияқты.

— Бұр атты, тез бұр, мына қақпаға кір! — деп Петро шанадан түсе жүгірді.

Атты қақпаға кіргізе салып, үшеуі жан-жағына алақтады, баспана қылар орын шамалы. Қораның сырт жағында шоқиған салом тұр. Етегі шашылып, обырап жатыр. Үшеуі жан ұшырып, соған жүгірді. Жеткен ыңғайында саломның астына жоқ болып кетті...

Қалаға келген-кеткенді андып жүрген күзетші солдаттар, пар аттыны көрген соң-ақ қамшыны басып еді. Әсіресе жүргіншілердің киіміне қарап, қазақ екенін білген соң, аяқ астынан бір тегін олжа қолға түсті дегендей, арандарын аша шапты. Келген ыңғайда шананы көрді. Шана қазақтың шанасы; қазақтың әбзелі. Тікірейген мұртты біреу аттан қарғып түсіп, үйге жүгірді. Бір әйелді бажылдатып тысқа сүйреп шығарды.

— Қайда жасырдың айт!— деп әйелдің басына қамшы үйіріп жүр.

— Ойбай, білмеймін! —деп әйел азар да безер.

Қырлап өрілген сегіз таспа қамшы әйелдің арқасына көміліп кетті. Әйелдің жан дауысы шығып шыңғырды.

Үйдің астан-кестенін шығарып, албар қораны тінтіп таба алмады.

— Олар мына саломның астында болды. Ана айырды ал да, мына саломға бойлата шаныш,— деп, ат үстінде тұрған бастығы бұйрық берді.

Тікірейген мұртты сары, екі иінінен демін алып, темір айырды ала салып ұмтылды, бұл Петролардың жатқан жері еді.

— Өлдік қой!— деді Қойшығара сыбырлап.

— Өлмейміз! — деп Петро ақырын ұшып тұрды.

Тұрған ыңғайда наганмен басып-басып салды. Төніп тұрған үшеуі бөріктей ұшты. Аттары ойнап шыға берді.

— Ай, жігіттер, шанаға ұмтыл! Аттың басын бұр! Мылтық бар, оқ жетеді, біз өлмейміз! — деді Петро.

Үш солдаттың қаруын сыпырып алып, шанаға міне, атты жолға салып, үшеуі қатар мылтықты кезей отыра қалды. Табан астынан іле қуатын әскер көрінбеді. Қаланың орта шенінде тасыр-тұсыр мылтық атылды. Мылтық даусына жалғаса күртік басына қараңдап шыққан үш-төрт солдат көрінгендей болды...

Ымырт жабылып, көз байланып барады. Күн түнерген бұлт, желді бұрқасын. Жол көрпілдек. Қажыған аттар әрі-бері арындап шапқан соң босаңсиын деді. Жел де үдеп, бұрқасын түрі боранға айнала берді... Ә, дегенше болмай жел ысқырып долдана соғып, ызыңдаған дауысы адам шошытқандай болды. Түтіндей бұрқыраған қар лезде көзді кіреукелендіріп, көміп кете береді.

— Ойпырмай, жолдан шығып кеттік білем, адаспасақ жарар еді! — деді Мінайдар.

Ат малтығып барып тоқтады. Жаңа ғана жолмен келе жатыр еді. Жол алыс емес, бірақ оңыңда ма, солыңда ма? Қойшығара түсе қалып жол іздеді. Түскен ыңғайында жел итеріп бірсыпыра жерге апарып тастады. Малтығып жүріп бір төбенің басына шыққан тәрізденді. Төбе дегені — жол. Қуанып кетіп артына қарап еді, дым жоқ. Тастай қараңғы. Ең арғысы өзін зорға көреді. Арты қай жақ, алды қай жақ, шана қай тұста қалды? Білер емес. Қатты жолға табанын тірей тұрып, бар дауысымен айқайды салды. Кішкене тұрып тыңдап еді, үн жоқ. Адасудың өзі енді болды: аттан да, жолдастан да айрылды; қолында қару да жоқ. Қойшығара, жан ұшырып, жолдың табанымен желге қарап та, ыққа қарап та жүріп көрді, тамағы қарлыққанша айқайды да салды, бірі ем болмады...

Қатты жел ысқырып келіп соққанда жолдан ұшырып алып кете жаздайды. Қолбыраған күнінің етегінен, жеңінен, жағасынан ызғарлы жел қуалап соғып, денені шымшып барады. Бойы қалтырайын деді. Тұра берсе, енді аз-кем тұрса, бұл тоңу үдей түспекші. Қойшығара шын наза болды. Әлдекімдерге, әлденелерге өлердей болып ашуы келіп, тістеніп ызаланды... Күшті желмен қарыса алмай, қолын қусырып, басын жағасына тыға түсіп, қатты жолдың торабын аяғымен сипап тауып, Қойшығара ыға берді... Сол ыққаннан ықты да кетті.