22 Желтоқсан, Жексенбі

Әдебиет

Бейімбет Майлин
Бейімбет Жармағамбетұлы Майлин (1894-1938) — қазақтың көрнекті жазушысы, қазақ әдебиетін қалыптастырушылардың бірі.

Көшпелі махаббат






Оразаның іші еді.

Менің қонып отырғаным Қалабайдікі. Бүкіл ауыл жеті-сегіз үй. Екі қатар қонған. Алдыңғы қатар Қалабай тобы бес үй. Артқы қатарда Секембайлар. Үш үйдің оңтүстік жақ шеткісі Ыбрайдікі, алты қанат қоңыр төбел үй, алдыңғы үзігінің жартысы қара күңгірт, жартысы бозғылдау.

Кешке жақын қонақтың далада отыратын әдеті. Арбаның түбінде отырып бой жаздық. Менің екі көзім Ыбрайдың үйінде болды. Кәрі кемпір шешесі үйдің сол жақ қабырғалығында бірдеме істеп отыр. Қызыл пүліш қамзолы бар. Шашақты жаулық кестелеп салынған бір келіншек үй менен жер ошақтың арасында ерсілі-қарсылы жүгіріп жүр. Сыртқы пішіні, жүріс-тұрысы бір түрлі таныс секілді.

Мен қысты күніде келгем. Ыбрай онда әл үстінде науқас еді. Кәрі шешесі, былтыр алған жамағаты Зейнеп екеуі де бірдей мойындарына бұршақ салып, Ыбрайдың тірлігін құдайдан зар жылап сұрап отыр еді. Ыбрай өлсе жасы жеткен кемпір де, жас балдырған Зейнеп те дүниеге қош айтысатын түрлері бар еді.

Мен солай деп ойлаушы едім.

Ыбрайдың сауында да көргем. Зейнеппен екеуінің арасындағы сүйіспенділік адам баласында болмаған дерлік еді. «Қарақтарымның қызығын көрдім, осылардың алдында өлсем, дүниеде арманым жоқ!» деп кемпір де құдайына мың-мың шүкір ететін секілді еді.

Ыбрай өлген соң да көргем.

Қараңғы жер үйдің қалаусыз пешіне арқасын сүйеп, иығында шоқпыт күпі, көзініңжасы кел болып отыр еді. Басына Ыбрайдың қара бөкебайын бос салып, белі мықтап буулы екі бүйірін таянып:

«Душар болдым дерт қатты,

Науқастанды дерт батты.

Алғанын тастап сарбазым

Алыс жолға жөн тартты!..»

деп, Ыбрайдың жанынан артық көретін жары Зейнеп отыр еді. Қайғысы күшті еді. Жылағанда көзінен қан таматын еді. Мен көңіл айтқанымда:

«Кестелі көйлек етегім,

Келмеді жайым, кетемін.

Қалқадан қалып, құрдас-ау,

Қайырын сұрап нетемін...» —

деп еді Зейнеп.

Мен де жылап едім. Зейнептің қайырын сұрамасына көңілім бекіп еді.

Ыбрайдың үйіне барғым келді. Қайғылы сорлы шешесінің, қан жылаған жары Зейнептің аз да болса сөйлесіп көңілін көтергім келеді. Ауылдың ортасынан қақ жарып жүретін жолдың үстінде төрт-бес кішкене балалар құм үйіп ойнап жатыр екен. Менен қорықты... біріне-бірі жалтаңдап қарап: «Орыс келе жатыр...» деп тұра қашты. Біреуінің ат қып мінген талы қалды. Біреуінің шуда жіптен бау таққан құрығы қалды. Мен балаларға күлдім...

Үйдің қасына келгенімде, басын көтеріп алып, кемпір тесе қарады.

— Қарағымның құрдасы екен ғой, — деді.

Бет ажарына қайғының ізі жүгіріп, көзінің жанарында мөлтілдеген жас та көрінді. Мен отырып амандастым.

Үйдің ішінде шырылдаған дыбыс шықты. Сыбдырлатып әлдекімнің жүргені білінді. Сықырлауық «шықыр» ете қалды. Шылдырлаған дыбыс үйден шыққандай, кемпір маған жақындағандай болды. Мен бұрылып қарадым. Көзіме сенгім келмеді.

Кестелі жаулықты аршып жарымдай қылып салынған, қатарлап ораған алтын үш тұмаршадан көрінбейді, пүліш қамзолдың омырауы алқым бау, ілгекпен толған — Зейнеп келіп төніп тұр.

— Мына кісі екен той, — деді.

Қылмиып күлді. Екі беті қып-қызыл нарттай, Ыбрайдың тірісіндегіден де әдеміленген.

Кемпір жаутаңдап келініне бір, маған бір қарады. «Мына кісі екен ғой...»

Бұрын, Ыбрайдың тірісінде келгенімде Зейнеп:

— Құрдас екен ғой... — дейтін.

Көкшолақ атқа желқом ерді салып мінген, имек тұмсықтау қара бала жігіт қыстау жақтан келеді. Үйдің жанына түсті. Зейнеп сылқ-сылқ етіп бұрала басып, қарсы алып, тағы қылмиып күлді.

— Әй, — деді.

Қара бала күлімсіреп қарады.

Бұзау жоқ, жамырап кеткен шығар, атыңмен тауып әкелсең қайтеді?!

* * *

Күн түнерген бұлт, минут сайын қараңғы тартып барады... Желсіз тып-тынық. Бірен-саран сары масалар бетке, қолға қонып мазаны алады...

Қаламбайдың үйінің сыртына, қара желенді бос салып, омырауында жылтыраған күміс сағаттың бауы, молда шықты. Олай-былай қарады. Төс қалтасынан сағатын шығарып, құлағына апарып тыңдады. Бірер таранып сыпайыланып алған соң, екі қолымен құлағын ұстап азан айтуға кірісті.

— Алла әкпәр...

Барылдаған даусы тынық әуемен жаңғырығып бүкіл елді басына көтергендей болды.

Мен тұрып кемпірмен қоштастым.

— Келіп тұр, қарағым, — деді.

Мөлтілдеген жас еріксіз көзінен шыға бастады...

Зейнеп жер ошақтың басында тұр еді, тұсынан өте бергеніңде бұрынғыдан бетер қылмиып күлді...

Дүниедегі бақытты адам жалғыз өзі секілденді.

Дүниедегі сүйіспендік қара баламен екеуінде ғана тәрізденді...