22 Желтоқсан, Жексенбі

Әдебиет

Бейімбет Майлин
Бейімбет Жармағамбетұлы Майлин (1894-1938) — қазақтың көрнекті жазушысы, қазақ әдебиетін қалыптастырушылардың бірі.

Ертай кесел болды






Жәкең ауылында жиылыс. Аттысы, арқалысы тұс-тұстан келіп, Жәкең үйінің желкесіне түсіп жатыр. Келген қонақтарды, күннің ыстығына қарамай, Жәкең далада иіріп отыр. Жұрттың көбі шөлдеп `неге келдімге` қалғандай пішін көрсетіп отыр.

Жиылысты шақырушы — ауылнай, жанында песері, Ертай бар, кінегелерін қолтықтап көптің ортасына келіп отырды.

— Осыншама күтіскендей жұртта ала алмай жүрген кегің бар ма еді?! Шақырған соң, жиылысты уақытында істеу керек қой, — деп Жамақ дейтін жігіт күңк ете қалды.

— Пай-пай, Жамақ-ай, сенің асығыстығың-ақ өлтірді-ау, — деп ауылнай әзілге шаптырған болды.

Ауылнаймен бірге отырған Ертайды көрген соң, өзі шөлдеп кейіп отырған жұрт одан жаман жиырылуға айналды.

Ауылнай сөз бастады:

— Ұйым дүкенін ашпақшымыз. Мына Ертай қалаға барып соны қалай ашудың жөнімен танысып келген екен, сіздерге соны айтпақшы, —деді.

— Сөйле, Ертай, — деп песер көтермелегендей болды.

Манадан бері томсарып отырған Ыбырай отағасы жүгініп алды:

— Сендер әуелі маған сөз беріңдерші, — деді. — Ұйым-бұйым дегендеріңе, қазақы адаммын, онша түсінбеймін, бірақ түсінбесем де, өзімше жорығанда, ұйым деген жұрттың қалтасын қағу үшін істелетін қулардың әдісі-ақ деймін. Мына Ертай мырзаның өз көзі отыр, баяғыда дүкен ашамыз деп бір-бір қарамызды саттырған бұлар. Ақырында сол дүкенге келген тауарын өз бетіне сатып, сауда қылған. Оның бәрін кезінде көріп те, біліп те отырдық. Бірақ ағайын болған соң, үстінен ізденіп, сотқа байлаған жоқпыз. Ол кезде жұрттың қоңы да жақсы еді. Енді, ол күй жоқ. Елдің көбі `шықпа жаным, шықпа` деп отыр. Сөйтіп, отырған елді тағы келемеж қылып, олжа түсіремін деулеріңнің не жөні бар? Тіл алсаңдар, балалар, мұны қойыңдар, біз тарайық, — деді Ыбырай отағасы. Ауылнай да, Ертай да үндей алмай қалды.

Жиылыс ішінде сол ауылда бала оқытатын мұғалім бар еді, сөз түрі қолайсыздыққа айналған соң, ол өзінше түсіндіруге кірісті.

— Үкіметтің ел шаруасын көтеру туралы ұстап отырған жолының бірі — кооперация. Кооперацияның жұмысы бізде өркендей алмай тұр. Оған басты себеп — Ыбырай отағасының айтқаны дұрыс, бұл жұмыстың басын ұстағандардың ойларының арамдығы, жырым жегендігіне бағып, жоқтан олжа түсіремін деп азаптанып, елді жеп мезі қылғандығы.

Бұл күйдің енді өзгергені жөн. Кооперация жұмысы өркендемей, ел шаруасы көтерілмейді. Бұрыннан жәбірі тиген адамдарды іс басына жуытпаймыз десе, ол ерік елдің өзінде. Битке өкпелеп тонды отқа жақпау керек, дүкен ашу керек, — деді мұғалім.

Мұғалім сөзін теріс деген пенде болмады. Бәрі де: — Ертайды көзір қылып дүкен ашпаймыз. Ашсақ, өз бетімізге ашармыз, — десті де жұрт тарай бастады.

Бірен-саран кооперация жұмысына көңілділер:

— Осы жолы ашылып қалатын дүкен еді, Ертай кесел болды-ау.

— Үкімет басындағы адамдар епті жігіттерді сүйеулерін қойса екен, — деген көңілдерін білдірді.