22 Желтоқсан, Жексенбі

Әдебиет

Бейімбет Майлин
Бейімбет Жармағамбетұлы Майлин (1894-1938) — қазақтың көрнекті жазушысы, қазақ әдебиетін қалыптастырушылардың бірі.

Көктеректің бауырында






Аудан Жаппасбайдың аулына орнады.

Ауданды Жаппасбай аулына көшіру туралы мәселе қаралғанда, аудандық пленум өкілдері екі жік болып таласады. Өлке бойында Жаппасбай ауылы атағы, даңқты ауыл; бір кезде аруағы жер жарып, аймағын бір шыбықпен айдаған ауыл. Ауданды оған көшірсек, ел көзінде қате ұғым туады. `Жаппасбай аулын қадірлегендіктен көшіп барды деуден тайынбайды`— деп бірсыпырасы қарсы шығады. `Жоқ, бұл қата, кеңес орны Жаппасбайдың аулын қадірлемейтіндігін елдегі жас балаға дейін біледі. Баяғыда Жаппасбай атына аталған екен деп, ол ауылдан қашудың жөні жоқ, ауыл — бір жерде отырған жиын ауыл, оның үстіне кеңсеге лайықты үйлер де жеткілікті. Шынына қалғанда `Жаппасбай` аулы деген ат соңғы кезде жоғалуға да айналған, ол ауылды ел осы күні `Көктерек` деп атайды`,— деп көпшілік жағы көшіруді мақұл көрген.

Сонымен, Көктеректің баурындағы қалың ауылға келіп аудан орнап та қалады.

Аудан көшіп келгенде `Көктерек` ауылы да әңгімесіз болмайды, әркім өзінше қаралды.

— Қай бір ырысқа келді дейсің, бір жағынан пәтері, бір жағынан қонағы, бір жағынан ылауы мазаны алар-ақ. Бұрынғыдай өз күңкіліңді өзіңе беріп қою енді болмас, қит етсең, аяғыңнан шалып қалар да тұрар,— деп байлар жағы уайым айтады.

— Алыс жердей қол жетпей, жігеріміз құм болып жүр еді. Ортамызға келгені мұндай оңды болар ма? Енді, есігінің алдын босатпай керегімізді сұрай беруіміз керек, ділгерімізді ала беруіміз керек,— деп кедейлер жағы қуанысады.

Аудан орнайды. Кеңсеге жарамды үйлердің бәрі де алынады. Көшесіз, тәртіпсіз салынған қазақ үйлерінің маңдайшасына бір-бір тақтай қадалады: `Аудандық исполком`, `Аудандық сот`, `Қарыз серіктігі`, `Кооператив`, `Мектеп`, `Клуб`... Аудан орталығына тұс-тұсынан жұрт ағылады. Біреулер арызбен келеді, біреулер астығын, малын әкеліп кооперативке сатып, базарын базарлайды. Көктеректің бауырында көп жылдардан бері мүлгіп, түнерумен өмір сүрген жансыз ауыл бірден өзгеріп, қайнап сала береді. Қыбырлаған адам, істеліп жатқан жұмыс, бас қосқан жиналыс, лек-лек болып тізіліп, дабыл ұрған оқушы.

— Уа, шіркін, міне өмір!— деп кедей-кепшік қаудыр тонды бір желпіп қояды.

Бірер ай өтер-өтпесте-ақ `Көктерек` аулының байлары да көндіге бастайды. Бұрынғы көзқарастары біртіндеп жойыла береді. Қайнаған өмір оларды да тартқан сияқтанады. Оның үстіне аудан қызметкерлерінің бәрі шеткі ауылдікі, оларға үй керек, пәтер керек. Пәтер үй көбіне байлардан, әлді шаруалардан шығады. Әрқайсысы-ақ пәтерге адам жібергісі келеді.

Бірақ бұрынғы салдыр-салақ қалып кеңес қызметкерлерінің көбінен жойыла бастаған заман ғой. Олар пәтер мәселесіне де сақ қарайды. `Аудан қызметкерлерінің сорпаға шығарлары біздің үйге тұрмағанда, кімнің үйіне тұрар дейсің?` деп, дәмеленгендердің бірсыпырасының үйі бос қалады, жауапты қызметкерлер көбіне кедей-кепшіктің үйін жөндетіп, соған орналасады.

`Көктерек` аулындағы таза тұратын үйдің бірі — Омардың үйі. Екі бөлмелі молақ ағаш үйі бар. Ауылдың орта шенінде. Кеңсеге алынып отырған Жаппасбай үйімен көрші. Омар қартаң адам. Жаппасбайдың сарқытын ішкен үзеңгі жолдасы. Дәулеті орталанған. Бір ұлы, бір қызы бар. Қызының аты Рақила. Жасы 18-де. Бозбала үйір. Ауданнан елге шыққан инструкторларыңның көбі бұрын келгіштеп, өткен-кеткенде қонбай кетпейтін. Омар ондайлардың бәрін ашық жүзбен қарсы алып, ешбір қызғаныштық мінез көрсетпейді.

— Тәуір адам екен... Баласы да сөйлеп тұрған ашық көрінеді,— деп, қонған, түстенгендердің мақтап кететіні де бар.

Аудан аулына келіп орнап, қызметкерлер пәтерге орналаса бастаған соң Омар таңдап, біреуін үйіне кіргізбекші болады. Таңдай келе, салық бөлімін басқаратын Жақып дейтін жігітті табады. Жақып жас жігіт. Туысы кедей. Партия мектебінен шығып, кеңес қызметіне айналысқанына бір-екі жыл ғана болған. Омармен таныстығы да бар. Ел аралап шыққанында Омардың үйіне бір қонып, содан былай қона-түстене жүретін болған.

— Қоныстарың қайырлы болсын, шырағым, жақсы келдіңдер ғой, өзіміз мүлде мәз болып қалдық... Пәтерге түсемін деушілер де болып еді, сені келеді деп есіткен соң, өзім де, үйдің іші де басқа адамды түсіргіміз келмейді,— деп, Омар Жақыпты қошеметпен қарсы алады.

Жақып Омардың үйінде. Қонақтан жаман сыйлайды. Төрт қабат көрпені астынан үзбейді.

— Қарағым, қонағыңды өзің күт. Әжеңнің қолы тимейді, мен көбіне тыста боламын,— деп Омар қызына қайта-қайта тапсырады.

Қызы Рақила, әкесінің сөзін естісе, Жақыпқа күлімсіреп қарайды.

— Бөтен үй деп жатсынбаңыз, керегіңіз болса айтып тұрыңыз,— дейді Рақила күлімсіреп.

Рақила қараса, Жақып құлағына шейін қызарып:

— Жатсынбаймын ғой... Әбден... Мақұл,— деп ыржалаңдап жауап береді.

Күн өтеді, ай өтеді. Омардың үйіне Жақып, Жақыпқа Омардың үйі үйреніседі. Бөтен үй деп бұрынғыдай қысылуды қояды. Рақиламен ойнап-күледі, әзілдеседі. Рақиланың әке-шешесі елең қылмайды, көрсе де көрмегенсіп, білсе де білмегенсіп жүре береді.

Аудан көшіп келіп орнаған кезде, Жақып ауылды қыдыратын еді. Ауылдың жай-күйімен, кімнің қалай тұратындығымен танысып жүрді. Ауылда тап жігі бар, кедей мен бай болып, өзінен өзі бөлініп тұрған сияқты.

— Қалай, бала, Омекең құлағыңды бұрамай ма?— деп, Қалабай күліп сұрайды.

Қалабай — Көктерек бауырындағы ауыл ішіндегі кедейдің белсендісі, кеңес мүшесі. Түрлі жұмыста, жиналыста байларға қарсы шығып, салғыласып жүрген жігіт.

— Осы жігіт үйіне тұрғалы `біздің` қатын шалқақтайтынды шығарыпты. Кеше кіші қыздың тойында, асқақтап отырды. Бай-бай деп төбемізді оятын болып едіңдер, байды да құдай жаратқан көрінеді,— дейді... Сосын мен айттым: ене, дедім, үйтіп көпірінбей-ақ қойыңыз,— дедім, байлығыңызды жасыра алмассыз,— дедім...

Мұны айтатын Айша — Қалабайдың қатыны. Айтады да, көзінің қиығымен Жақыпқа қарайды. Қалабай мырс етіп, күліп жібереді:

— Көрдің бе, қатындардың сөзі қалай?

Жақып бұрынғыдай кешкілік кітап оқуды, жұмыс істеуді сирете бастайды, Омар сөзшең адам, әңгімені баяғыдан бастап соғады, өткен күнді жыр қылады. Жақып оны ерінбей тыңдай береді.

Кейде, Жақып шамға жақындай түсіп, қағазын ақтарса:

— Қарағым, Рақила, шамды жақын қой,— деп Омар қызына иек қағады. Өзі күпісін бүркеніп, қара көлеңкеге таман ығысып жантаяды.

Тігіп отырған ісін тоқтатып, Рақила шамды Жақыпқа жақындатады.

— Рақмет!— деп Жақып күлімсіреп қызға басын иеді.

Қыз да күлімсіреп, шамға төне, Жақыпқа қарсы бір тізелеп отырады.

— Мұныңыз не, өлең бе?

— Жоқ, журнал.

— Өлеңіңіз жоқ екен оқитын.

— Өлеңге құмар болсаңыз, жазып берейін.

— Қашан?

— Қазір...

Жақып жазып берсе, Рақила алып үңіледі, хатты шала таниды ғой, ежелеп оқиды:

`Сүй, жан сәулем, тағы да сүй, тағы да!

Жылы, тәтті у тарады қаныма...`

Рақила оқып шығады да, күлімсіреген күйі, дөңгелек көзін Жақыпқа қадайды. Жақып езіліп, еріп, балқып кеткен сияқты болады.

— Мә, тағы жазыңыз!

— Қандайын?

— Мейлің...

Тағы жазылады. Тағы оқиды, күліседі.

— Мә, тағы жазыңыз!..

Қара көлеңке, жерде, жүктің алдыңғы жағында, бүк түсіп, бұйығып Омар жатыр. Әйелі Айжан — екінші бөлмеде. Ол `қағынғырлап` біреуге ұрсады.

— Рақила!— деп дауыстап, оқта-санда қызын шақырып қояды. Рақила шешесінің шақырғанын елең қылмайды, бір жапырақ қағазға бірсыпыра үңіліп отырып, бұрынғыдан да бетер жымия түсіп:

— Мә, тағы жазыңыз!— дейді.

...Март ішінің өткір желі гуілін үдетіп, ішін тартып соғады. Бұршақ па, борасын ба — терезеге тырс-тырс тиеді. Тастай қараңғы үйде болар-болмас бозарған терезеге қарап, Омар ойланады. Ойдың кезбейтін жері жоқ. Өткен күнін бір сонар қылып қыдырып кетеді, одан қазіргі күнге оралады. Қазіргі күннен қазіргі түнге оралады. Ой түкпірінде бір нәрселер селт етіп кеткен сияқты болады. Бірақ, елемеуге тырысады.

Ертеңіне шәй ішіп отырып Жақып та, Рақила да Омарға ұрланып, іштерінен күліп отырған тәрізденеді. Омар оны сезбегенге салынады. Шәйін ұрттап отырып, оқта-санда ` астағыпыралла` деп қояды. ` Астағыпыралла` Омардың үйреншікті сөзі. Біреумен жай сөйлесіп отырғанда да, біреумен ұрысса да, боқтасса да `астағыпыралланы` аузынан тастамайды. Мұнысы — бір жағынан аузы үйреніп кеткендіктен болса, екінші жағынан — сырттың қарауында `Омар құдайшыл` деген атты алайын дегендік. Шынында, Омарға `құдайшылдықтың` өзі керек емес, аты ғана керек. Өмірінде ораза ұстаған адам емес, салқам арбадай салдырлатып таң намазын оқитыны бар. Намазының артынан бата қылғанда, үйдегі адамдардың құлағына шалынсын дегендей, дауысын шығарыңқырап: `Бүкіл аруақтарға тие берсін` деп қояды.

Үзік түймелі қара пальтосын иығына іліп, уқаланған кенеп портфелін қолтығына қысып, Жақып кеңсесіне кетіп бара жатыр еді.

— Балам, тұра тұршы,— деп Омар шақырды.

Күпісін желең жамылып, шермиіп, ыңырана басып, Омар қораның күн жағына таман барып тұрды.

— Балам, саған айтайын дегенім мынау еді,— деп, Омар күпісін иығына таман тартты,— мына көрші ауылдағы Көбекті білетін шығарсың. Азғана қара-құрасының барлығы болмаса, ата-бабасы бұрын кедей болған. `Көбектің әкесі тұрсын, өзі өмірінің көбін малайлықпен өткізді`, деп әкем марқұм айтып отырушы еді... Осы Көбекке мал біткенін ағайынының ішінде көре алмайтындар бар. Солар жарық алып Көбектің соңына түседі де жүреді. Рақымның баласы комсомол екен ғой. Коммунист болғандар осы өздерің сияқты сыпайы неге болмайды екен? Көбі адыраңдап, төбеңді оя жаздайды. Тәрбиеден, шыққан жерінен де болатын шығар ғой, Рақымнан не жөнді бала тусын, баяғыда, жиын-тойда, қу сүйекті қалтасына салып жүріп: `Кімге түссе, соған түссін` деп топтың ортасына лақтыратын Рақым еді ғой... Ағайындары осы Рақымның баласын желіктіріп, Көбектің соңына салатын көрінеді. Сол ауылда ана бір Бектемір дейтін тағы бір қу бар. Баяғыда біздің үйде малшы болып жүрді. Тілазар, алғанын ақтамайтын бір шіркін еді. Сол екеуі `Көбек малын жасырып отыр` деп арыз беріпті,— дейді. Аудан солардың арызына сүйеніп, Көбекті 28-ге іліктіретін болған ба, қалай... Ағайын арасында Көбекпен көңіліміз жақын болушы еді. Келіні түскенде Рақила жанды шақырып алып, бір түкті кілем беріп еді... Кеше сол Көбек маған келді: `Аудан ауылында. Аудан қызметкерлерімен араласың бар. Салық жұмысын басқаратын бала өз үйіңде жатыр. Сен осы жұмысыңды ретте` деді. Сосын мен айттым: `Қайдан білейін, салық жұмысын басқаратын баланың біздің үйде екені рас. Өз баламдай болып кетіп еді, айтып көрейін`, — дедім... Соны құлағыңа салайын деп едім, шырағым,— деп, Омар сөзін бітірді.

Жақыпқа таныс әңгіме болып шықты. Көбекті Жақып біледі. Өткен жылы жер бөлісімен шыққанда Көбектің үйіне қонғаны бар. Көбек тоқтысын сойып, қолын қусырып, Жақып салт жүретін болған соң, күрең жорғасын ерттеп берген. Күрең жорғаны екі күндей мініп жүрді. Бірақ, жорғасын мінгені болмаса, Жақып өз ойынша Көбекке болысып, кедейлердің үлесінде қылдай қиянат қылған жоқ. Әйткенмен, ерсі жұмыс естілмей жата ма?! Жақыптың Көбекке қонақ болғаны, жер бөлісінде күрең жорғасын мінгені аудан құлағына шалынып, райком хатшысы оңаша алып отырып, орнынан тұрғысыз қылып бір ұрысқан. `Материалыңды бақылау комиссиясына беремін` деп те қорқытқан. Содан былай Көбектің атын есітсе, Жақыптың жүрегі дір... өте қалған сияқтанушы еді.

Омар тұтқиылдан басты. Бұл оқиғаны Омар білмейді. Омардың ойы — Жақып арқылы жұмысты астыртын бітіру. Көбектің көзінде өзінің беделін өсіру. Жақып қайтеді? Қолымнан келмейді деп айта ала ма? Омардың өтінішін аяқ асты қылуға қолынан келе ме? Омар ренжісе, Рақила да ренжімей ме?..

Марттың күні сәулесін қыздыра құйып, өкпек жел үріп, қарды солқылдатып ерітіп жатыр. Албар іші, ойпаң жер, іркілген су. Омар күн шуақта тұрып, аулындағы дүкеннен жаңада алып киген жылтыр галошын суға малып-малып қояды. Сөйтеді де, Жақыптың бетіне күлімсіреп қарайды.

— Жарайды, ретіне қарай көрейін,—деді Жақып күрсініп.

— Сүйт, шырағым,— деп Омар күлімсірей түсіп, үйіне жөнелді.

...Түс әлетінде Омардың үйіне Мырзағұл келді. Мырзағұл көршілес елдікі, орташа дәулетті, момын кісі.

— Түнеу күні ғана кересін жеп кетіп еді ғой... Сүйретіліп... деп Айжан алдыңғы үйінде бұрқырап жүр.

Омардың шырайы ашық. Мырзағұлды күлімдеп қарсы алды. Мал-жанын, шаруашылығын, ауыл-көршісінің амандығын сұрап жалбаңдап, асты-үстіне түсіп жатыр.

— Айжан, бармысың?— деп алдыңғы үйіне қарап дауыстады,— етіңді оңдап ас!

— Жалғыз жая қалды, қылқылдайды да отырады. Сол біткен соң жерсің... деп, Айжан ашумен пештің отын көсеп қалғанда, күлі бұрқырап төбеге шапшыды.

Рақила суға баруға шықты. Күйентесін былғаңдатып, аяғын санап басып кетіп барады. Жар басында Айша кездесе кетті. Рақиланы көргеннен күлімсіреп, шелегін жерге қойып тоқтады. Рақилаға үңіле қарап, күледі:

— Ерке қыз, немене, қасқыр тартқаннан аманбысың?— деп еді, Рақила ұнатпай теріс қарап жүріп кетті.

Суаттың күн батыс жағымен екі жігіт кеңсеге қарап жөнеп барады екен. Қолдарында портфель. Киімдері сыпайы. Біреуі Рақиланың тұсынан өте беріп:

— Амансыз ба, қарындас!— деді.

Рақила күлімсірей түсіп:

— Шүкір!— деп ернін жыбырлатты.

— Осы қызға мен қызығып жүрмін,— деді екі жігіттің біреуі — Қасым.

— Қызға кім қызықпайды дейсің,— деп екіншісі немқұрайды қылып жауап береді.

— Жақыптың жолы болып жүрген шығар деймін.

— Жақып босаң жігіт қой, оның қолынан келе қояр ма екен?

— Жақыптың қолынан келмегенмен, мына қыз қаратып жатқызбас. Менің естуім солай.

— Онда оңбаған адам десейші.

— Жоқ, меніңше сол дұрыс. Көңілің сүйеді екен, сүйген адамыңмен жүр. Сүймейді екен, зорланба.

— Пәлсепеңе болайын, сеніңше `жезөкшелердің` ісі де дұрыс қой?!

— Жоқ, `жезөкшелік` өзіне басқа. `Жезөкше` сүюді білмейді, оған ақша керек, ол хайуан сықылды.

— Күнде біреумен жүргені, ол хайуандық емес пе? Күн сайын біреуді неғып сүйе береді? Бәріне бірдей жете берген не қылған жүрек?

— Жоқ, сен сүю дегенге ескі көзқараспен қарайсың. Біреуді сүйеді екенсің, содан мәңгі айырылма — дейсің, бұл — дұрыс емес. Мәңгілік сүю жоқ. Меніңше тіпті сүю жоқ, көңілдің қалауы ғана бар. Сүю деген әшейін рия, бірін бірі, алдаушылық...

Екеуінің таласы аяқталмай кеңсенің есігінен кіріп те кетті.

Рақилаға `қызыққан` жігіт аудан қызметкерінің бірі — Қасым деген еді. Жас, бойдақ, сал жігіт. Әйелге үйірлігі, көңілшектігі бар. Жібі түзу әйелді көрсе, сонымен сөйлескенше құмартады. Осы мінезін айтып кейде жолдастарына мақтаншылық қылып та қояды. Аудан көшіп келгеннен бері Рақилаға көзі түсіп жүрді де, таныспақшы болды. Кеше записка жазып, исполкомның кучерінен беріп жіберсе, Рақила жауап қайырыпты. Қасым хатының ішінде: `Танысайық, жақындайық` деген сөздерді айтады. Рақила оған қайтарған жауабында: `Сізбен жақындасуға қарсылығым жоқ` дейді. Қашан танысу керек? Қашан жақындасу керек? Бұл туралы әзір ашылған жоқ. Қасым кеше екінші рет хат жазып үлгіре алмады, `заседание` ұзаққа созылды. Басым ауырды деп сылтауратып Қасым кетіп қалуға айналысады, партия комитетінің хатшысы аудан қызметкерлерінің кейбіреулерінің жұмысқа салқын қарайтындығын айтып, кейіп отырған соң, содан қаймығып шыға алмады. Бүгін кеңсеге барысымен бірінші жұмысы — Рақилаға хат жазу еді. Сол оймен келді де, хатшының төменгі жағындағы столға отыра кетіп, қалам-қағазын дайындап, енді кірісе бергенде, століне келіп біреу төнді. Қағазының басына `Рақила` деген сөз жазылып та үлгіріп еді, көзі шалып қалмасын деп қолымен көлеңкелей қойды.

— Отағасы, не керек?

— Төртінші ауылдыкі едім. Бір жерде отырған жиырма шақты үйміз. Бәріміз де кедейміз. Біздің кедей екендігімізді, списоктен қарасаңыздар, өздеріңіз де білесіздер. Осы кеңседе Байтас дейтін бар, со да біледі.

Қаудыр тонды қара кісі Қасымның століне төне түсіп, кедейлігіне куәні үсті-үстіне жалғай берді. Сөзін аяғына шейін тыңдауға Қасымның сабыры жететін болмады. Басталып қалған хат ойын бөліп, есі-дерті Рақилаға жазатын хаты болып, әлгі кісі сөзін қанша майдалап айтса да, Қасым оның сөзіне де сүйенетін болмады.

— Отағасы, бұл ертегі айтатын жер емес, жұмысың болса, қысқа айт!— деп Қасым қабағын кіржитіп, шақ етті.

Сөйлеп тұрған шаруа мүдіріп, тұрып қалды. Ауылы ауданнан алыс, араға бір қонып келіп тұрған беті еді. Ауыл кедейлері болып өзара сөйлесіп, `артель` ашудың жөнін біліп кел — деп ауданға жіберген көптің өкілі еді, бұл.

— Шырағым, әлгі `кәлек...`— дей ме?— деп, шаруа апалақтап, сөзін бітіре алмай тоқтады.

— Коллектив жұмысы менде емес, `Земотделге` барыңыз.

— Оныңыз қайда?

— Осы үйден табылады...

Хатшы жігіт басын көтеріп, Қасымға тіксініп қарады. Жұмысын тастай берді де:

— Бері жүріңіз, отағасы,— деп шаруаны екінші бөлмеге алып кетті.

Қайтып оралып орнына келіп:

— Қасым жолдас, мұның жарамайды. Келген шаруаны дұрыс қарсы алу керек,— деп, хатшы күңкілдеді.

Қасым елеген жоқ, хатын жаза берді.

...Жақып салық бөлімінің қағазын ақтарып, Көбектің үстінен түскен арызды тауып алды. Арызды қайта-қайта оқыды. Арыздың әрбір қарпы, әрбір нүктесі адамның бойын түршіктіргендей қорқынышты болып көрінген сияқтанады. Жақып оқып шығып, столына сүйеніп, ауыр ойға шомды.

— Немене, Рақила ойыңа түсіп отыр ма?— деп біреу иығынан тартты.

Хатшы екен, замандас қой, әзілдеп ойнай береді. Жақыптың алдында жатқан Көбектің үстінен түскен арызды көзі шалып, хатшы жігіт — Нұрпейіс тұра қалды.

— Ә... Көбектің үстінен арыз түскен бе? Мұны, енді қайтесің, сотқа жөнелтесің бе?— деп Нұрпейіс қадала қалды.

— Сөйтерміз,— деп Жақып күңк етті.

Көбек мәселесі Рақилаға байланысты. Көбекті ойласа, Жақыптың ойына Рақила еріксіз түседі. Рақила жанына келіп тұрған сияқты болады, көзі күлімдеп, ыстық лебі бетіне тиіп тұрған сияқтанады. Рақила дегенде жүректің селт ететін бір жері бар. Жас бозбалалар Рақиланың атын атаса, Жақып оған сезіктене қарайды, ұнатпайды. Үйге біреу келсе, Рақиланың бетіне қараса, Рақиламен ойнап-күлсе, Жақып жарылып кете жаздайды... Жақып бұл қалпын Рақилаға да сездіреді. Сездіргенде, Рақилаға өзі бастап айтпайды, Рақила бастап сұрайды...

— Мені қызғанасың ба?— дейді Рақила.

— Қызғанам. Саған біреу қараса, сен біреуге күле қарасаң, ішім жанып кеткендей болады.

Рақила біраз үндемей жатып:

— Мен де сүйем, мен де қызғанам!— дейді.

Жақыпты адам сүйгендей ме? Жақыпты адам қызғанғандай ма? Рақила сияқты қыз `сүйетін` болса, `қызғанатын` болса, онда Жақып `жаман` болмай шығады ғой. Осыны ойлап, Жақып кейде көтеріліп те қояды.

* * *

...Асын ішкен соң, Мырзағұл жүретін болды. Атын жегемін деп далаға шықты. Күпісін жамылып Омар да ере шықты.

— Келген жұмысым түнеугі еді,— деді Мырзағұл.

— Өзім де сезіп тұрмын.

— Әкеліп едім, соны беріп қайтсам деймін.

— Ендеше, мына қораға кірейік.

Қара күңгірт қораның төр жағына барып Мырзағұл жүресінен отырды. Оған қарсы Омар отырды. Жан қалтасынан ораулы орамалын шығарып, Мырзағұл червондарды санап жатыр:

— Біреу, екеу, үшеу... ақшаның табылуы қиын екен, екі пар өгіз саттық, 4-5 жылқы саттық, налогі бір жағынан, азғана малдың қоры да азайып барады... Мә, санап алыңыз, бес жүз сом шығар...

— Не айтқаның. Қайдан оңай болсын?! Малы бар адамға алым-салықтың өзі де оңай соғып тұрған жоқ қой.

Ақшаны бүктеп, Омар қалтаға тығып жатыр. Өзі күлім-күлім етеді.

— Енді уәде ғой?

— Уәде!

— Құдай қосса, құда болдық қой?

— Болғанда қандай, өзімнің де көңілге алып жүрген адамым едің. Құдай кездестіріп, бітуана болса деп арман қылушы едім, тілегім қабыл болды, құдайға мың да бір шүкір! Заман болса жаман, сақтанбай болмайды. Сезіліп қалса, соты дайын. Менің түнеугі: `Ең арғысы қатын-балаға да сездірмейік, алыс қылғанымызды екеумізден басқа жан білмесін` — дегенім сол еді ғой. Сәті болар. Енді, тым асықтырма. Жер аяғы босасын. Бір ыңғайланып алған соң, милицияны қосып, балаңды жібере қоярсың. Қане, енді, қолыңды әкелші, құдай татулыққа жазсын!

Сиыр қораның түкпірінде, бұрқыраған көңнің үстінде отырып екі құда қол алысты, алыс-беріс қылды. Екеуінің құдалығын жан адам сезген жоқ. Жалғыз-ақ күн шуақтап күйсеп тұрған қызыл сиыр көзінен сорасы ағып, сол тесіле қараумен болды.

...Мырзағұлды аттандырып Омар үйіне кіргенде, Рақила ақ бәтес орамалдың шетін кестелеп отыр еді. Омар күлімсіреп, қызының жанына келіп отырды.

— Бұл не, қалқам?

— Кесте ғой, әке.

— Мына біреуі жазу емес пе?

Жазу еді. `Қасым` деген сөзді Рақила кестемен жазып отыр еді. Қасыммен `танысатын`, `жақындасатын` болған соң, соған арнап кестелеп отырған орамалы еді. Осындай орамалдың бірін Жақыпқа да беріп еді. Бұл Рақиланың екінші кестесі, `сүйгеніне` беретін екінші тұмары...

Сол күні түнде, сол ауылдағы біреудің қырыққа келген әйелі ұл тауып, шылдақана болды. Қыз-бозбала шылдақанаға жиналды. Қасым да барды. Жақып та барды. Бірсыпыра бозбалалар қыздармен араласа отырды. Рақиланың бір жағында Қасым, бір жағында Жақып, Рақиланың Жақыппен жұмысы жоқ сияқты. Қасымға бұрылып кете береді. Қасыммен әзілге кірді.

— Бозбалалар неге өлең айтпайды?

— Қыздар ше?

— Бозбалалар тұрғанда, қыз айта ма екен?

— Олай демеңіз, оныңыз әйелді кеміткендік болады. Біз әйелді теңеу жағындамыз, әйелді үске шығару жағындамыз...

Рақила сыңқ-сыңқ күледі. Қасымның құлағына сыбырлап:

— Әйелді үстіңізге қалай шығарасыз?— дейді...

Бастапқы кезде Жақып мұның бәрін әшейін ойын шығар— деп отырды. Сүйте келе шыдамы кеміді, Рақилаға қарсы жүрегінде өкпе аралас ашу туды. Қасымды нақ сол минутте, ит етінен жек көрді. Әйтсе де, не болса да ішінде, сыр білдіргісі келмеді. Рақилаға бұл да өзінше қыр көрсетпекші боп, оң жағында отырған қара бұжыр қызға бұрылды. Бір-екі ауыз әзіл айтқан болды. Қыздың не айтқанын ұқпаса да, қошемет қылып күлген болды.

Үйдің ортасы қотандағы қойша ұйлығып, біріне бірі сүйеніп, жамбастап жатқан жігіттер. Пысынап, терлеп көбінің мазасы кетулі-ақ, бірақ сол күйлері өздеріне қызық секілді.

— Ау, домбыра қайда?— деді біреуі басын көтеріп, маңдайдан шұбырған терін сүртіп.

— Жүсіпке домбыра әкеліңдер, өлең айтсын!

Жүсіп дейтін сопақ бет, мұртты сары жігіт иығын көтере түсіп, қарағай домбыраны қолға алып, құлағын бұрай түседі.

— Уа, пәле, соғып жібер!

— Қандайынан айтайын?

— Қысса айт!

— `Көрүғылыны` айт!

— `Қыз Жібекті` айт!

— Уай, қыссаң құрысын, ертегіні өзіміз де білеміз, осы күнгі өлеңді айт!

Жүсіп тамағын кенеп алып:

— Ендеше, Илиястың өлеңін айтайын,—деді.

— Оның кім, әй?

— Ол — Қазақстанның ақыны.

Жүсіп термемен соқты:

`Майдан деген немене?

Майдан қанды, қан ағад.

Майдан қансыз, қан ақпайд,

Қараңғы жұрт ағарад.

Майдан деген немене?

Майданда мал ашылад.

Майданда мал ашылмайды,-

Қараңғы көз ашылад.

Жұрт бастапқы кезде ынтамен тыңдаса да, біраздан кейін божырап, біреулері аузын көре құлаш ашып есінеп, екеу-екеу өзара күңкіл сөзге кірді.

Әйелдер жағынан біреу:

— Нағима айтысамын деп отыр,— деп өз сөзін өзі ерсі көргендей жырқылдап күлді.

— Кіммен?

— Жүсіппен...

— Айда, Жүсіп, сен бұрын қамты,— деп маужырап отырған бозбалалар бастарын көтерісін, Жүсіпті қысып барады. Жүсіп ыржалаңдап күле береді.

Бозбалалардың ішінен бірер қызуы жолындағы жұртты баса-көктеп, Нағиманы қайрап, Жүсіпке қарсы салуға кірісті, сөйткенше болмай, екі әйел қарама-қарсы отыра қалып, жаяулатып өлең бастады:

`Мінгенім көш айдында кер бесті еді,

Шын сүйсе қойным жақын келмес пе еді?

Көп айлар көрмегенде белгі қылып,-

Қолынан орамалды бермес пе еді?`

— Уай, бәлекет, өлең дегенде бұған құн жоқ-ау,— деп бозбала жағы дүрлігіп, Нағиманы мақтаумен болып жатыр.

Жұрт ойыннан таң ата тарады. Терезе бозарып, үй іші ала көлеңке болған кезде, Жақып пәтеріне келіп жатты. Бірақ, көзі ілінбеді. Аунақшыды, дөңбекшіді. Ойы шұбалып біресе олай, біресе былай жүйткіді.

Кеңсеге кешігіп барды. Столында жатқан қағаздарын ақтарыстырғанда бірінші қолына түскен қағаз — Көбектің үстінен түскен арыз болды. Арызды тағы оқыды, бірақ мазмұнына түсінген жоқ. Аузын күбірлетіп отырды да, қаламын алып, арыздың бұрышына: `Сотқа берілсін!` деп кесе жазып қойды.

* * *

..Аудан атком президиумының заседаниесі болғалы жатыр. Төраға — Ырысбек семіз, мыртық, басқа көзденген сары жігіт. Мәжілісті ашып, күн тәртібіндегі мәселелерді жұртың қарауына салып отырды.

— Маған сөз берші!— деді, алпамсадай қара жігіт. Бұл аудандық партия комитетінің хатшысы Бөрібай еді. Туысы батырақ. Батырақтықтан босанғанына 4-5-ақ жыл болған. Содан бері сауатын ашып, кеңес жұмысына араласып, ауылдық, болыстық мекемелерде жауапты қызметтерді атқарып жүретін.

— Мұның жөні былай, жолдастар!— деді Бөрібай,— егістің көлемін арттыру, шығымын өсіру біздегі ең күрделі жұмыс болу керек. Бұл жөнде ел шаруасына араласып, білім жолын түсіндіретін жүйрік маман бізде жоқ. Мына бір орысымыз бар, 150 сом ақша алады, ақша алғаннан басқа осының бітірген жұмысын көрмей-ақ барам. Қандай мамандығының барын да білмеймін. Оның үстіне өзі бір ауыз қазақша білмейді. Қазақша білмейтін адамды, аты маман деп, ауданға жіберудің не жөні бар?! Округтің не ойлап жіберіп отырғанын кім білсін... Бірақ, маманымыз осылай екен деп қарап отыруға болмайды. Ауылдарға адам шығаруымыз керек. Адам шығарғанда - елге түсіндіріп айта алатындай адам болсын. Егіс науқаны туралы, егінді қалай салу, қайткенде шығымды қылу туралы газеттерде қақсап жатыр ғой. Ең болмаса сол газетте жазылғандарды оқып болса да, елдің миына құя білетін адам шығарылсын. Менің ұсынысым — осыған шығаратын адамды қарастырсақ деймін...

— Менің ұсынысым бар,— деп Қасым ұшып тұрып, танауы делдие қалыпты.

Мәжіліс ашылғаннан бері, осы Қасым бір жапырақ қағазды алдына алып, Рақилаға өлең жазумен әуре болып отыр еді. Бөрібайдың бастапқы сөздерін тыңдамаса да соңғы ұсынысы бұған ұнап кетті:

— Меніңше бұл жұмысқа Жақыпты шығару керек!—деді, Жақып жалт қарады. Бірдеме айтайын деп оқталып еді, аузына сөз түспеді. Ол екі арада мәжіліс дауысқа салып, Жақып белгіленді...

Егін туралы мақала басылған газеттерді боқшасына салып, боқшаны қанжығасына байлап Жақып аттанғалы жатқанда, Бөрібай кез болды.

— Жақып, сен балалықтан сау емессің. Бұлтақтағаныңды сезіп жүрмін. Ондай мінезді қой деп түнеу күні бір айтып едім ғой, қақсата берме, түзел! Басқалардан көрі сенің түзелгенің керек, сенің ысылғаның керек. Біреудің күлгір сөзіне, алдауына еріп, партия жолынан тайып жұмыс істесең, менен жақсылық күтпе. Осы есіңде болсын!— деді сазарып.

Жақып үндемеді. Торы атқа мініп, бірер тебініп алып, ауылды оралып шығатын қара жолға түсіп, қабаққа қарай тырмыса жөнелді...

* * *

...Бұлт түнеріп аспанға шықты. Жел ұйтқып соқты. Күн күркіреп, найзағай жарқылдап, жаз белгісін түгел елестетіп, бірінші жаңбыр себелеп жауа жөнелді.

Атын қамшылай түсіп, Сатының обасының үстін баса, Жақып келе жатыр. Кеңседен шыққалы көп болды. Көп ауылдарды аралады. Жиналыс, баяндама, үгіт, нұсқау бірсыпыра орындалғандай болды. Енді бет алысы өз ауылы. Алды атар қол. Қол басында қалың ауыл, жапырайған земенке, қоқырсыған көң.

— Салаумәләйкүм,— деді Жақып.

Құржиған шал, желбейін жоғары көтере түсіп, қызарған көзін Жақыпқа қадай қойды.

— Қарағым, Жақыппысың?

Бұл Жақыптың әкесі Ыбырай еді. Жақып атын байлап жатқанда, Ыбырай есігінің алдына барып:

— Кемпір! Бармысың?.. Балаң келді!—деді.

Бүкшеңдеп қара кемпір шықты, Жақыпты құшақтап, бетінен сүйді.

— Ұят-ай, дардай жігітті бетінен сүйгені несі,— деп әзілдей күліп, жамаулы шапаны желмен жұлқыланып, жастау әйел де шықты.

— Қой, кет әрі, оңбаған күң... Шүйке бас алғанша, қалқам өзімдікі!— деп, кемпір кезінен шыққан жасын күпісінің жеңімен сүртті...

Аласа, тар земенке. Сығырайған терезе. Ескі алаша. Құрым киіз төсегі бар. Есік жақ көң, шөп-шалам, бұзау байлаған қазық, іліп қойған ер-тұрман. Төлдің қиының иісі кіріп барғанда мұрынды жарады.

Үй іші жадырасып, қуанысып той түсін алды. Жас әйел шелегін салдырлатып, күлді бұрқыратып, тамақ істеуге кірісті. Қара кемпір айналып-толғанып, Жақыптың жанында бәйек болып жүрді. Ыбырай шал, пешке арқасын сүйеп, төсегінің үстінде отырып, Жақыпқа көзін қадай түсіп:

— Тоба, тоба... Бергеніңе шүкір!— деп қойды.

Бұл өмірдің таңы ғой. Бұдан бұрынғы өмір — қарғалған өмір. Осы үйдің ішіндегі Ыбырай, қара кемпір, ана бет-аузын жүн қаптаған еңгезердей қара жігіт — өткен өмірің малайлықпен шіріткен адамдар, кемшілік, жоқшылықтың не түрлі зардабын тартқан адамдар.

Ауыл адамдары жиналды. Аудан сөз болды. Ауданда істетіп жатқан жұмыстарды сұрасты.

— Біздің артелімізге биыл да тұқым бере ме екен?— деп, тышқан көзденген қара жігіт сұрау берді.

— Артель демекші, мына `Бозғай артелі` қарыз серігінен көп ақша алды деп есіттім, соның жөні қалай?

— Жақып-ау, өзіңнің ашқан артелің еді ғой, қазынадан жәрдем болса, көбірек бергізу жағып қамдасайшы...

— Бәсе, Ерман неғып соны айтпай отыр деп ем.

— Жақыпқа айтпағанда, кімге айтайын?! Кедей елміз. Артель болғалы шырайымыз шығып келеді. Үкімет қаржысын далаға жібергеміз жоқ, бізге берсе, көзге көрінеді. Мектеп салдық, дүкен аштық, ячейка ұйымдастырдық. Осыны басқа ауылдарың дұрыстап істей алып отыр ма?— деп тышқан көз, қара жігіт — Ерман көтеріліп қойды.

Ерман кедейдің ішіндегі белсенді, өмірінің көбін малайлықпен өткізген. Жоқшылықтың не түрін басынан кешірген. Үй болып, ел қатарына қосылғаны үш-төрт жылдың ішінде ғана. Бұдан екі жыл бұрын, Жақып партия мектебінен оқып, аулына келіп, артель ашу туралы сөз қозғап еді.

— Осыны үкімет айтып отыр ма?— дейді Ерман,— үкімет айтса, біздің зиянымызға айтпайды. Біз үкіметтің кедейіміз. Көрінген байға қолжаулық болып, шыдауында жүргенше, өз алдымызға өмір құрайық. Кел, бірігейік!— деп, Ерман өзі сияқты кедейлерді үйірілтіп алып кетіп еді. Сол жерде артель ұйымдастырылып еді. Артельдерінің атын `Жаңа күш` қойып еді. Артель бастығы болып осы Ерман сайланып еді. Ауданға барып тіркетіп, ақшадай, тұқымдай көмек те алып еді. Салған егіндері бітік шығып, артель шаруасы қорлануға айналып еді. Артель мүшелерінің саны бастапқы 20 үйден өсіп, 50-ге жетіп еді. Мүшелері өскен сайын жұмыстарын кеңейте түседі. Уақытша болса да шымнан мектеп үйін салады, аудандық кооператив дүкенімен жағаласып жүріп, Ерман `Жаңа күш` артелінің атына дүкеннің бөлімшесін аштырады. Биыл осы ауылға бір науқанмен Бөрібай келіп, кедейлер артелінің жұмысына шын риза болып, қуанады. Ерманды үгіттеп, артель жанынан партия кандидаттарының тобын құрмақшы болады. Қазіргі ячейкасы сол. Ерман хатшы. Мүшесі тоғыз — бәрі батырақ, кедей...

— Біз саған өкпеліміз!— деді Ерман Жақыпқа,— көзсіз көбелектей, көрінгенге қолжаулық болып отырған ауыл едік. Басымыз қосылса — енді қосылып отыр. Бұдан бір-екі жыл бұрын осы көлдің басында үй саны онға толмайтын еді. Кәсіп үшін, тамақ үшін бәрі бытырап, көрінген байға қолжаулық болушы еді. Сен оқуға кіргенде қуанып едім. Кедей едік, аз атанын баласы едік. Тым болмаса, Жақып оқып шықса, ортамызға ұйытқы болып, басшылық істер,— деп едім.

Басшылығың болды, оны жасырмаймын, осы артельді сенің арқаңда ұйыстырдық, сенің айтқаның себеп болды. Бірақ, содан қайтып бізге қол үшын бере білмедің. Біз не білеміз? Ең арғысы артельдің уставын да дұрыс ұғынбаймыз. Артельдің істейтін жұмыстары толып жатқан көрінеді, соның бірін де істей алмай отырмыз. Мен саған мынадай бір сыр айтпақшы едім. Осында отырғанның бәрі де айтқысы келіп отырған шығар, біздің дүкеніміздің приказчигі Жүніс дейтін — қасқырдың бөлтірігі ғой. Әкесі Дәуіт — дәулетінің, беделінің арқасында елге не істемеп еді?! Дәуіттің қамшысының дағы жұрттың көбінің арқасынан әлі күнгі кетіп болмаған шығар. Осы Дәуіттің баласының біздің дүкенге приказчик болып келуіне сен себеп болды деп естігем. Дәуіттің бір баласы Қасым ауданда жауапты қызметте отыр. Басқа кісі білмегенмен, Қасымның жайын сен білесің. Ондағы партия орнына, ондағы жолдастарыңа айтып түсіндіріп, Қасымды әлдеқашан тайдырып жібермессің бе?! Жүністің былығын айтпақшы едім-ау... Биыл қыс дүкенге бір рет көп товар келді. Басқарманың жиналысын істеп, мүшелерге бөлдік. Мүше басы 25 метрден келді. `Бұлай бөлулерің қате. Мүшесінің көбі кедей, 25 метр көздеме алатын оларда ақша болмайды`— деп Жүніс қарсы түсе кетті. `Ақша табылмаса, несиеге товар беріп, басымды сотқа іліктіре алмаймын`— деп приказчигіміз қарысып отырып алды. Мен оған көнбей, тең қылып бөлдірдім. Ертеңіне жұрт күңкіл шығарып жүр: `Дәуіт келіп, матаны қотарып жатыр` деп. Жүгіріп барсам, Дәуіт күбідей болып дүкенде отыр. Көздеме алдында таудай болып үйіліп жатыр. Жүніс әлгі товарды шетінен өлшеп жыртып жатыр. Басқа жұрт маңына бара алмай ығысып, кейін тұр. `Мұның не?`— десем, Жүніс танауын көтеріп:— `Кімде ақша болса, товарды соған беремін!` дейді. Күйіп кеттім, полкеден қарғып түсіп, кезді қолынан жұлып алдым. Екеуміз шарт та шұрт болдық та қалдық. Ауданға бұл әңгіменің қалай құлпырып жеткенін өзің де білесің. Міне, осы оқиғадан бері байлар бізге қатерін тігіп отыр. Не түрлі пәленің бәрін бізге үйіп, мүшелеріміздің ішіне ірткі салуға кірісіп отыр. Кеше Жиенбай басқармаға арыз әкеліп берді: `Артельден шығамын`— дейді. Неге шығатын себебін өзі айтпап еді, қатындар арқылы есіттім, бір өсек тарапты: `Артель мүшесінің бәрі еріксіз коммуниске жазылады, қыз-қатындар ортаға түседі` депті. Жиенбай діншіл адам ғой, соған нанып кетіп отыр. Жиенбайға еріп Қожық, Сейіл де шығамыз деп отыр... Міне, біз осындай күйге ұшырап отырмыз. Өсек таратып отырған байлар. Біздің басымыз құрала бастаған соң, бізд