22 Желтоқсан, Жексенбі

Әдебиет

Бейімбет Майлин
Бейімбет Жармағамбетұлы Майлин (1894-1938) — қазақтың көрнекті жазушысы, қазақ әдебиетін қалыптастырушылардың бірі.

Қара сұр келін






Күн көзі еркелей күліп, қалың киімділердің маңдайынан тер шығарды. Ақ көрпесін серпіп тастағандай боп, жер де терлеп, бусанып жатыр. Күнгей бетте күн шуаққа маужырап, есінеп отырған кәрі құртаңды көресің. Зауыт маңында, жұмысшылар пәсөлкесінде күндегідей қыбырлап, асығыс жүрген адам жоқ. Көше аяқ басқысыз батпақ. Тас төселген аптама бел жолы дүңкиіп, жалтырап, тысқа шыққан адамды өзіне қарап еліктіреді. Жүк аптама белі 20-30-дан адам тиеп, қалаға қарап асып жатыр. Қол бос жұмысшылар, әсіресе жастар жағы қалаға барып, қыдырып қайтқанға асығып тұрған секілді. Аптамабелге айғай-сүрен сала жабысады. Ойын, сауық. Тапал бойлы, шүңірек көз қара кісі аптама белге бара жабысып еді, жастау орыс қызы күлімсіреп, оны иықтан ұстай алды:

— Дәде-ау, дәде, орныңды берсейші, мен барайын.

— Ә, солай ма, міне қой, Мәрусә... — Қызды арбаға мінгізіп, кейін қарап бұрылғанда мені көрді. Күлімсіреді. Беті қызыл тартты.

— Құдайдың құдіреті... Әйелдің сөзін жықпайтыным-ай.

Тағы күлімсірей түсіп:

— Жақсы бала. Камсамол. Жаңағы қызды айтам-ау... Меқанически цехта істейді. Жұмысына ұқыпты-ақ. Екпінді. Бәріміз де екпіндіміз ғой. Мені ылғи `дәде` дейді. Кейде сонысын ерсі көрем. Биыл отыз екіде тұрмын, жас емеспін бе, ә? — деді иегіндегі сақалын сипап. Аз-кем ойланып тұрды да, тағы күлімсіреді. Маған қарай түсіп:

— Түнеу күні қаладағы шаш алатын жеріне барып ем, үйі де сойқан екен. Жылмиған бір әйел үстелді ыңғайлап, `пажалыстылап` бәйек болғаны... Мен де осы бір арылмай жүрген ұялшақтық бар. Әлгі әйелге алдыруға, қорынып, осы сақалдың сол жолы күзелмей кеткені. Неге ұялатынымды білмеймін. Өзіміздің зауыттағы жиылыстарға қатынасам ғой, сонда ` сөйлейін-ақ` деп ыңғайланып отырам да. Нақ сөйлеуге келгенде, шыға алмай қала берем. Сонда `шығып сөйлемеймін` деген бір ойым болмайды. Әне-міне деп отырғанымда жиылыс тарап та үлгіреді. Ұя хатшысы ылғи айтады: «Манарбек, сөйлеймісің? Сөйлесейші» деп.

Манарбек күнімен аптамабел тосты да, маған онымен сөйлесу керек болып, екеуміз тұра бердік. Маңымыз — қаптаған жұмысшы. Біреулері өткен түнгі саяси сынасуда талқыға салынған мәселелерді, одан кімнің қалай жауап берілгенін сөз қылып тұр.

— Слушай, Манарбек, — деп, бір қартаңдау кісі Манарбектің иығына қолын салды. Тазарту кәмесиесі біздің біргәдіні қарап өтті, сен `шын екпінді` деп танылдың.

— Шын екпінді болмай маған не көрініпті? — дейді Манарбек күлімсіреп. — `Екпінді болған кісі социалдық мүше жарнасын төлеу керек` дегенге, мен `ақша алады екен` деп жүрсем, жарнаны еңбекке төлеу керек екен ғой, жарнамыз төленді, — деп Манарбек қойын қалтадан екпінділік билетті суырды. 32-жылдың үйел айынан бері екпінділер қатарында екен. Социалдық жарнасы төленіпті. Манарбек қандай жымыңдаса, жарнасы төленген қызыл билет те күнге шағылысып, жымың қаққан тәрізденеді.

Қада жақтан жүк аптамабелі келеді зырғытып. Тиелген адам.

Аптамабел күтіп тұрғандар қақ жарылып жол берді. Аққұбаша әйел басындағы шәлісі иығына түсіп, келе Манарбектің қолтығына жабысты: — Екеуміз бірге қыдырайық, иә?.. — Аптамабелдегілердің түсуіне қарамай, жердегілер жабысып, мініп жатыр. Манарбек те арбаға бара жабысып еді, қызыл шапанды қара сұр әйел, қайдан тап болғанын білмей де қалдым, көзі шатынап, Манарбектің төсінен тіреп тұра қалды:

— Мінбейсің арбаға! Мені `неге келді` дейсің? Көрсет, салдақыңды? Көре келдім соныңды? — деді қалшылдап.

Манарбек аңырап, шошынып, созған қолын кейін алды.

— Ау, құтырған шығар мына шіркін, мені ерігіп жүр деймісің? Түнде жиылыс болды. Сағат он екіде тарадық. Сегіз шақырым қалаға түн ортасында жаяу қалай кайтпақшымын?

— Айтпа деймін өтірігіңді? Тыңдамаймын, білдің бе?

— Апырмау, енді мына кісіден сұрашы: жиылыс болды ма екен, жоқ па екен?..

Қара сұр әйел көзі қанталап, Манарбектің жағасынан ала түскендей боп тұрды. `Мұның қайбір сау адам дейсің!` дегендей боп, отты көзін маған да қадады. Ашулы әйелден сескентін әдетім бар еді, мен қаймығып теріс бұрылдым.

— Ылғи айтам: `жиылыс күні қайта алмай қаламын деп`, — деді Манарбек.

— Айтпа деймін, ойбай? — деп, қара сұр әйел ызаланып, жылап жіберді.

Аптамабелдің дүрілдеген дауысы әйелдің `ойбайын` көмді. Әйткенмен арбаға мініп тұрғандардың кейбіреулері сезіп, күле қарады:

— Ойбай-ай, Манарбек, сенікі енді мақылаш жейді, —деді бала жігіт күлімсіреп.

Манарбек екеуміз сөйлесіп, жолды бойлап кетіп барамыз. Сынған мәшиненің қабырғасына сүйеніп әйел тұр. Бет әлпеті құп-қу. Көзден аққан жасы омырауын жуып жатыр.

— Келінді ренжітпе, барып сөйлес, — деп ем, Манарбек аз мүдірді де, маған қайтадан ерді:

— Ой, өзі бір оңбайтын неме. Ақылы болса, менің адам болғанымды тілемес пе еді? Екі күннің бірінде жиылыс, саяси сабақ. `Қатыным ұрсады` екен деп, бұған қатынаспай не қып тұрармын? Сізге мана айтып ем ғой: `қалқоздың белсендісі болдым` деп. Бірақ, бояма белсендің емеспін. Осы антұрғанның өзі — бой жетіп отырған қыз болған соң, ала салып ем. Ол — қалқоз болмай тұрған кезіміз. Сұлтанбек дейтін бір жігітіміз бар еді, сол `байдың қызын алды` деп менің соңыма түсіп... Ауылда жүрген соң қазақшылыққа да араласып кетеміз-ау. Осының қыз күнінде сол Сұлтанбек те `алам` деп қылжақтап жүретін. Баяғы соңыма түскенін `өштікпен істегені` деп білдім мен. Масқарам да бар-ау: қалқозшылар осы қатынның әкесін `жүндейміз` дегенде, `бұл — Сұлтанбектің істеп жүрген жұмысы` деп мен араға түсе жаздағам-ау. Ұя хатшысы жақсы жігіт еді, сол ұғындырып, қатамды мойныма салып берді. Не істеп жүргенімді сонда ұғынып, бетім қызарған ғой. Бірақ, кешігіп қалдым. Бала-шаға бар. Енді мынау — аяғыма оралғы болып жүргені. `Жаман`— шынын айтам деп, сырын айтып алады` дегендей, мен сізге айта беріппін-ау...

Манарбек күрсініп, азырақ күлімдей түсіп, бірсыпыраға шейін үндемеді. Біз ұзап барамыз. Бетіміз — қала. Келін де манағы тұрған орнынан қозғалып, бізге қарап жүріп келеді. Басы бүгулі. Кім білсін: Манарбекті ашумен бүріп алғанына өкініп, енді соған ғапу өтінудің жәйін ойлап келе ме? Әлде, тағы да бір жұрттың басы құралған жер болса, бетінен ала түсіп, бұдан да жаман терлетудің жайын қарастырып келе ме?

Жол үсті жүргінші, екі аяқ арбасымен тар жолды кертелеп бара жатқан өзбектер. Арттағы келе жатқан таңқы мұрын қара жігіт ат үстінде отырған күйі, екі аяғы жетекке тіреп, мықшиып, бір кезде алдағы кісіге мойнын созады:

— Әке, айдаңыз, үйітірейік... — Манарбек көпке шейін артына қарай түсіп, әлденеге күрсініп, басын шайқайды. Жол езуіндегі үйден бір жастау әйел кілем сүйреп шықты да, жолдың жанына әкеп, қағуға кірісті. Шаң бұрқырап, түгінше будақтап, біз еріксіз жолдан бұрылдық. Бұл — бір тәп-тәуір қызметкердің әйелі. Мынасына жол болсын?

— Мен ойлап келе жатырмын, — деді Манарбек күрсініп. — Осы біздің қатын жаулықпен істемей ме екен? Ә... сіз қалай ойлайсыз?

— Қалайша?

— `Әкесі әлгідей болып еді` деп айтып ем ғой. Осының ниеті маған кедергі істеу болып жүрмесе? Не ғып бұл мені қызғанғыш болып кетті? Аттап басуыма риза емес, `үйде отыр да, қой` дейді, бұл не деген жындылық? Өне бойы шарылдасып ұрсыса беруге маңындағы көршіден ұяласың. `Ұрыспайын` десең, жаның төзбейді. Өзі әжептәуір хат таниды, `жұмысқа кір` десең, оған кірмейді. Мұндай да сұмдығы бар: қолыма түскен кәзет, кітап болса, үйге ала барып, шәй ішіп отырып оқығым келеді ғой.

`Немене, атамның кересін ішкір, басқа уақыт жетпеді ме? Ит ішкіріңді дұрыс отырып ішсейші!` деп, қолымдағы кітабымды алады да лақтырады. Бұған не деп төзерсің? Жақын арада саяси сабаққа керекті бір кітапты үйге апарып, ертеңіне `оқиын` десем, кітабым жоқ, `қайда?` деп сұрасам `балалар жыртып тастаған білем` дейді, бұған не дерсің? Өзіңіз ойлаңызшы, осы сияқты қылыққа адам төзер ме? Осының осындай мінезінен мен көбіне үйден безем. Жолдасың жақсы болып, сенің айтқаныңа түсініп, сенімен бірге білімге ұмтылып отырса, не арман бар?

Артымызда — тырпылдаған аяқ даусы. `Келін болмаса игі еді` деп бұрылсам, тап өзі екен, баяғыдай басы бүгулі емес, қабағы түйіліп, екі қолды кезек сілтеп келе жатыр екен. Екпініне шыдамай, мен жолдан шыға бердім. «Үйреніскен жауымсың!» дегендей боп, Манарбек қасқая қарап тұрды. Бірақ оның да бет-ажары қуқылданып, көзінің алды жыбыр тартты.

— Жүр үйге! Жалғызсырап жүр едің, тапқан екенсің серікті, — деді.

Мен шошынып, аңырып тұрып қалдым. Өз-өзімнен тұрып қысылып маңдайым тершиін деді.

— Ой, қағып кеткен, кім деп білесің бұл кісіні? — деді Манарбек ышқынып.

— Құдай болса да, айтқаным сол, білдің бе? Көп болса, құдай шығар, — деді келін көпірініп.

* * *

Ысталабай жақтан бір әйел мен бір еркек шығып, құрғақ жермен қарғып басып, ауыздары сөзден босамай келеді.

— Жоқ, сенің жауабыңды `қата` демеймін. Жауабың негізінде дұрыс. Бір-ақ, қойылған сұрақ туралы емес. Қойылған сұрақ — `бірінші бесжылдықты жариялауға себеп болған нәрсе не еді?` деген еді ғой, сен бесжылдықтың табысын санап кеттің, —деді еркегі.

— Жарайды, сеніңше-ақ болсын, әйтеуір қаталасқан жоқпын ғой, — дейді әйелі күліп.

Екеуі тақыр жолға түсіп алып, саяси мәселе жөніндегі айтысты созумен барады.

Бұл екеуінің алдында Манарбек пен қара сұр келін кетіп барады. Бірақ бұл екеуінің әңгімесі бөлегірек...

* * *

Кеше механический цехты аралап жүріп, бір жігітке тап болдым: орта бойлы, қара торы жігіт. Жасы отызға жетпеген болар. Киімі бүтін ғана. Қайыс белбеуді нақ қолтықтан буыпты. Илігу, қозғалу дегенің бір маңыз. Мен барған кезде он шақты жұмысшы жаңа қойылған мәшиненің түрлі запастарын екінші бөлмеге тасып жатыр екен. Осылардың ішінде әлгі кербез жігіт бар. Ойпырмай, қозғалуы-ай, илікпейді-ау, илікпейді! Басқалар жан ұшырғандай қозғалып, темірді көтеріп, екі рет қатынағанда, ол зорға бір қатынайды. Осының паңдығына кейіген сияқтылау болып тұр ем, біреу келіп, артымнан құшақтай алды — Манарбек екен:

— Қызықты есіттіңіз бе? — деді күліп.

— Қандай қызық?

— Келініңіздің бетін бердім. Шет-жағасын түнеукүні айтып ем ғой. Тегі үйлеспейтін болдық. Ол ескілікке тартты, менің адам болғым келді. Тәрбиелеп, адам қылайын деуге шын ынтам шаппады. Ит етінен жек көрдім өзін. Бұрын соны қалай сүйіп алғанымды білмеймін.

Көтеріле күліп, мені станогіне ертіп жүрді Ескі бентті қысқаш темірге қыса салып, түрпілі темірді ағаштың ішіне салып, бұрады. Бенттің ішінің темірі ағаштық үгіндісіндей болып үйіліп түсіп жатыр.

— Бүгінгі жиылысқан келіңіз, мен абезатілні сөйлеймін, — деді жайраңдап.

Көтеріліп, өсіп, қанатын қомдап ұшқалы тұрған адам секілді. Осыған `кедергі болам` деп жүрген қара сұр келінде де ес жоқ қой.