Әдебиет
Бейімбет Майлин
Бейімбет Жармағамбетұлы Майлин (1894-1938) — қазақтың көрнекті жазушысы, қазақ әдебиетін қалыптастырушылардың бірі.
Бейімбет Жармағамбетұлы Майлин (1894-1938) — қазақтың көрнекті жазушысы, қазақ әдебиетін қалыптастырушылардың бірі.
Ауыл мектебі
(пьеса)
Бір перделі пьеса
ҚАТЫСУШЫЛАР:
Зейнеп.
Маржан.
Мәреш.
Мұғалім.
Дәрібай.
Жанай.
Мектеп үйі. Ұзын тақтайдан істелген екі-үш қатар отырғыштар тұр. Ортаға таман мұғалім үстелі мен орындығы, үстінде кітап, қағазы; үйдің керегесінде Ленин суреті, кеспе әліпби, сауатсыздықты жою қоғамының үгіт суреті; үйде: Зейнеп, Маржан, Мәреш.
Бірінші көрініс
Есіктен жастау үш әйел кіріп отырады.
Зейнеп. Байғұс-ау, молдасы қайда?
Маржан (күлімдеп). Жас бозбала ғой, қыдырып жүрген шығар.
Зейнеп. Бозбала болып... Қайда барады дейсің.
Маржан. Баратын жер таба алмай отыр ма: жас келіншектер, бойжеткен қыздар бар. Сылқым шешейдің қызы осы молданы мақтап, аузынан тастамай-ақ отырады ғой.
Зейнеп. Әй қойшы, сен дағы сөз еместі айтады екенсің. Соларға айналып қарайды дейсің бе... Бұл молданың өзі қыз мінезді – ұялшақ жігіт. Ондай-мұндаймен жұмысы да шамалы шығар... Түнеугүні бар ғой, биағаларың «етігімді жамаймын, тарамыс есіп бер» деген соң, кесір қараның қарасаннан өлетін ала сиырының қатқан тарамысын тоқпақтап айыра алмай отыр едім, осы молда келіп, биағаларыңды сұрады. «Қазір келер, отырыңыз», – деп, отырғыздым. Сосын ештеңе ойымда жоқ: «Бозбаласыз ғой, мына тарамысты айырып бересіз бе?» – деп едім, төмен қарап қып-қызыл болып кетті. Неге ұялғанын білмей өзім жаман қызардым...
Маржан. Саған көңілі кетіп жүрген ғой.
Зейнеп (ашуланып). Сендер осындай сөздеріңді қойсаңдар екен! Нақақтан біреуді-біреуге таңудың не керегі бар? Жұрттың анық ісін білсек те, ешкімге айтпай-ақ жүреміз ғой.
Маржан. Айтпағаның түнеугі ме, «Малқамбаймен сыбырласып тұр екен...» – деп, мені Кәрімге жамандапсың ғой.
Зейнеп (жағасын ұстап). Астапыралдай, тіпті... Аузымнан шықпаған сөз ғой! Бұл жұрт не болып кетер екен!
Мәреш (Зейнепке). Шешей-ау, жұрт бүлінген ғой, осы біздің оқығанымыздың өзін неше саққа жүгіртетін көрінеді ғой.
Зейнеп. Е, біз неғыппыз?
Мәреш. Қайдан білейін, әйтеуір, жыпылдақ шешей көрген сайын: «Молда келін, амансың ба?»–деп мысқылдайды да жүреді. Кеше суаттың басында дарылдақ биағаларды қатыны бар, мәстен енем бар – бәрі сөз қылып тұр екен. Мәстен енем маған қарап: «Енең тәуір адам еді. Өлерінде – бас-көз болыңдар деп кетіп еді. Жастар біздің тілімізді ала ма... Мына келіндердің байын дегеніне көндіріп алып, білгенін істеп тымырайып жүргенін көрмейсің бе?!» – деп бірталай сөз айтты.
Зейнеп. Сен не дедің?
Мәреш. Үндегем жоқ.
Маржан. Мәстен енең сен дейді айналдырады ғой.
Мәреш. Қой, шырағым, кеше адуынға өзіңде қарсы келе алған жоқсың ғой.
Зейнеп. Жұрттың әңгімесінің керегі жоқ. Оқып жүрген жалғыз біз емес, би атам аулының қатындары да оқып жүр дейді. Оқу айып болса, сақалы беліне түскен Таубай неге оқиды? Дүниеде кем жаралған жалғыз әйел ме екен. Ешкімнен де қаймықпай оқи беру керек! Ең болмаса, түркі танып қалсақ, Сауқымның қызы құсап өлең кітап оқып отырармыз.
Мәреш. Сен сүйдейсің ғой, бірақ әлгі үйдегі қазайынымыз: «Оқып сен не болмақшы едің?» – деп кейде жер-жебіріме жетеді.
Маржан. Сенің байыңда бір судыр. Түнеугүні осында жиылыс болғанда: «Қатындарды оқыту керек! Алдымен өзім жіберемін қатынымды», – деп көпіргені қайда?!. (Терезеден өтіп бара жатып, біреудің айқайлап айтқан өлеңі естіледі, бұлар тыңдай қалады.)
Торышам шаба алмайды терлегенде,
Беу, қалқам, алаңсызбын сен дегенде,
Алыстан ән шырқаймын, зарланамын
Көп айдан дидарыңды көрмегенге...
Мәреш. Мына шешейдің өлеңін үйреніп алыпты.
Зейнеп. Қой, шырағым, оң жақта жүргенде өзіңнің айтқан өлеңің болар.
Маржан. Зейнеп! Сен «оң жақта жүргенде шығарған өлеңім еді» деп бір өлең айтушы едің ғой, соныңды айтып жіберші!
Мәреш. Шешей, айтып жіберші!
Зейнеп. Қой, ойбай. біреу келіп қалып жүрер.
Маржан. Мәреш. Ешкімде келмейді.
Зейнеп (кішкене ойланып отырып ән салады):
...Камшат берік басында үкі таққан,
Кезін аңдап әдейі елдің жатқан,
Қараңғыда ымменен сыр тартысып,
Кім сезуші ед, түн түгіл, таңды атқан...
Маржан. Ойбай, терезеден біреу өтті, молда шығар.
Мәреш. Бетім-ау, кешегі үйреткенін сұраса, не дейміз?
Маржан. Сұраса, айтпайтын несі бар, «ат, арба, шана, соқа» деп соға береміз.
Зейнеп. Қой, олай айтуға болмайды.
Маржан. Енді қалай айтайық, «кітап жоқ» деп қолымызға дым бермейді. Мына керегедегі жазуға мойын созып тұрғанымыз.
Мәреш. Айтты-айтпады, бізге кітап неге бермейді екен?
Зейнеп. Шығуы азғантай дейді ғой.
Мәреш. Бізге дегенде бәрі де құриды.
Екінші көрініс
Есік ашылып, Дәрібай келіп кіреді, әйелдер шошып орындарынан тұрып, беттерін басып, иіліп сәлем қылады.
Дәрібай (бажырайып қарап, мысқылдап). Көп жасаңдар!.. Сабаққа келіп пе едіңдер?! Әбден жарайды, оқи қойындар. Молда болып шыққандарың жақсы. (Әйелдер бірін-бірі тасалап, шыға жөнеледі.) Көрдіңдер ме, ылғи бетімен кеткендердің ісін? Бұлар оқып не болмақшы екен?!. Әй, бұзылған заман- ай!.. Көрмегенді көрсеттің-ау?! Осы мұғалім де бір жағынан елді бүлдіріп болды. (Жан-жағына алаңдап қарайды. Керегеде ілулі кеспе әліпби көреді.) Мына біреуі дұғалық па екен. Әбден сопының үйінде осындай жазулар болушы еді. (Ленин суретіне көзі түсіп кетіп, тұрып барып үңіледі.) Жаным-ау, мынасы несі? Өзі орыс қой. Әй, әулиелігім бар ғой: шоқынған деп едім ғой, тұп-тура келгенін көрдің бе?! (Орнына отырып.) Бұл құдайдың қырсығы қайдан тап келеді дерің бар ма? Әттең бұрынғы күйім жоқ, әйтпесе, заманым барында мұндай ши аяқтарды ел маңынан жүргізер ме едім! Жұрттың өзі миғұла болып кеткен ғой деймін: кеше Құдайбергенді шақыртып алып айттым: «Келіндерді аздырып жүрер. Баяғыдан бері әйелді оқытпай да ел болып жүр едік қой, қойғызыңдар...» – деп. Ол сорлы да қай бір ел билер, жұртқа сөзі өтімді болған адам; «жарайды, істейін», –деген болып кетті. Менің айтқанымды істемеймін демейді. Бірақ көбіне тілін алдыра алмайды... Ана бір жаман немені баулып ауылнай қылып едім. Әкесі қолда өскен неме еді, менен шығып қайда кетеді деп ойлап ем. Жеті атасы құлдықтан босанбаған адам – адамгершіліктің жайын біле ме, осы күні өзіме қарсы сөйлейтін болып жүр. Оны да қайрап жүрген. (Таяғымен тақтайды түртіп.) Осы мұғалім!.. (Кейіп.) А, құдай атам аруағы неше сарт болып кетсе де, осы ши аяқты қудырармын ғой!..
Үшінші көрініс
Даладан мұғалім кіреді.
Мұғалім. Салаумалейкүм!
Дәрібай. Әліксалам, мұғалім шырағым, аман ба? (Жайнаңдап.) Ауылдағы үлкеніміз еді деп барып сәлем бере білмеген соң, өзім сәлем бере келдім.
Мұғалім (салқын түспен). Бармаймын демеймін ғой, Дәке, қол тимейді, күндіз балаларды оқытамын деп әуреленем.
Дәрібай. Жарайды, шырағым, еңбегіңді біліп отырмыз. Бала-шаға, келін-кепшік жазу танып қалды дегенде қуанамыз... (Мұғалім ұнатпай қарайды.) Шырағым, мына бір суретің не? (Тұрып жанына барады.)
Мұғалім (жақындап). Бұл – ұлы ұстазымыз, кедей табына бостандық әперген – Ленин бабамыздың суреті!..
Дәрібай (сыртқа қарап). Нағыздың өзі екен (Мұғалімге.) Әлгі, Ленин дейтін осы кісі ме?
Мұғалім. Бұл Ленин деген кісі. Былтыр ғинуар айында қайтыс болды.
Дәрібай (күрсініп). Жарайды, жарайды... Адам болғандарыңа тілектеспіз. (Отырып қалтасына қолын салып, орамалға түйген қағазды шеше бастайды.) Иелеудегі құдамыз бір аттың майын сұратқан екен. Соған Әміржанның мініп жүрген ала аяқ кербестісін беріп жіберейін деп едім. Келген адамы қорқақ па қалай, «қағазы болмаса жолда әуре қылады» деп отырғаны. (Бүктеулі жалба қағазды ұсынады.) Мынау соның қағазы ма екен, оқып қараңызшы.
Мұғалім (оқиды). Құнан өгіз, қызыл тарғыл, мінер жақ құлағы тілік...
Дәрібай. Жоқ, ол болмады. Биылғы тасаттыққа сататын өгіз екен ғой. Жануар, Ресей тұқымы еді, өгіз-ақ болатын еді... мына біреуді қараңызшы.
Мұғалім (оқиды). Бектемірге сегіз сом, Шынтайға былтырғы шөптен қалған бір сом елу тиын...
Дәрібай. Ойбай, о да болмады, мынау шығар.
Мұғалім (оқиды). Түсі кер. Артқы аяғы ала. Маңдайында төбелі бар. Жасы бесте.
Дәрібай. Е, осы екен! (Қағазды алып бұрышын жыртып таңба салады.) Қағаз танымаған қиын-ақ қой, әйтеуір ауылда сіздің барыңыз да жақсы... (Орнынан тұрады.) Қош боп тұр, шырағым, біздің үйге барып тұр.
Мұғалім. Жақсы, қош болыңыз...
Төртінші көрініс
Мұғалім (үйде кезіп жүреді). Ай, осы жауыздың қарасы батпады-ау!.. Бет келгенде көлгірсіп «шырағым» деп, сырттан айтпайтыны жоқ; әлінен келсе елді әлі де қолынан шығарғысы келмейді. Мені бұзық қылып көрсетіп, жұртты менен бездірмекші. Ел де бір сорлы, әлі күнгі осының шашпауын көтереді. Жайшылықта сөйлескенде бәрі де қарсы болып көрінсе де, бетпе-бет келгенде осының ыңғайына кетеді. Биыл салықтан 50 қарасын жасырып қалды. Әрқайсысына айтып түсіндіріп жүріп, ауылнайға протокол істетіп, сотқа беріп едім, ақырында Құдайберген деген өтірік куә болып, жазасын жеңілтіп жіберді. Енді соның өшін алу үшін осы күні менің соңыма жарық алып түсіп жүр. Бүкіл елді қарсы қылуға айналып барады. Сырлас болып жүрген Тынымбай да маған осы күні теріс қарайды. Сабақ оқып жүрген жігіттердің бірсыпырасы келмей қалатын болды. Екі-үш әйел біраздан бері келген болып жүр. Оларды қай күні қуып шығарын кім білсін! Бәрін бүлдіріп жүрген бір Дәрібай! Жап-жас баласына қырық жетіні қырқа матап беріп, Ізтілеудің қызын айттырып отыр. Майын бердік қылып кербестіні соған қалыңға жөнелткелі отыр. Осының бәрін ел көріп, біліп отыр. Бірақ Дәрібайға қолайсыз әңгіме туып, сот орындары зерттей бастаса, ауыл болып ақтап алады. Осы жұртқа сене алмағандықтан, түбінде өз мойныма мініп қалып жүре ме деп, газетке де жаза алмай отырмын.
Бесінші көрініс
Есіктен әйелдер сығаланды.
Мұғалім. Ә, келдіңдер ме? Кіріңдер!
Зейнеп. Біз мана келіп, сіз жоқ болған соң кетіп қалып едік. (Әйелдер отырады.)
Мұғалім. Иә... Жұмыспен айналып қалып едім. Қане, сабақты бастайық. (Үстелден кітап іздейді.)
Маржан. Емшегім иіп кеткенін қарашы, әлгі басы құрғыр бала жылап жатпаса игі еді.
Зейнеп. Әкесі бар ғой, бағар.
Маржан. Бағушы ма еді? Күйіп-пісіп боқтап болады.
Мұғалім (кітапты әкеліп). Қане, кешегі сабақтарыңыз қайсы еді?
Дауыс (сырттан). Мәреш! Ағам ұрсып жатыр,тез қайтсын дейді.
Мәреш. Мені қайтеді?
Дауыс. Байпағымды жамап берсін дейді. Қалаға барам дейді.
Мәреш. Ойбай-ау, қалаға баратын болса, қайтпай болмас. (Тұра бастайды.)
Зейнеп. Қой, отыр. Байпақ жамауға ертең де күн бар ғой.
Мәреш. Ала сиыр да су ішкен жоқ еді.
Маржан. Келмей жатып шошаңдап... Немене? Бәріміздің де үйде шаруашылығымыз бар, отырмыз ғой.
Мұғалім. Сүйтіңіз, әдейі келген соң отырып, бір әріп болса да үйреніп кетіңіз.
Дауыс. Маржан! Қара сиырыңның торпағы суатқа жығылып, өлейін деп жатыр.
Маржан (ұшып тұрады). Алда, арам қатқыр-ай, қораның аузын байлап-ақ кетіп едім, неғып қана шықты екен? (Шыға жүгіреді.)
Мәреш. Қой, отырсам кешігіп қалармын, мен де кетем. (Шығады.)
Мұғалім (таң боп). Ай, сорлы әйел-ай!.. Жасқаншақ, күндік қалыптан қашан құтылар екенсің?
Зейнеп. Мен қайтем?
Мұғалім. Қайтпексің? Жалғыз болсаң да, оқы. (Сабағын көрсетеді.) Мынадан бастап оқып көрші.
Зейнеп. Ат сатар, арба алар...
Мұғалiм. Міне, көрдің бе, оқи бастағандарыңа он шақты-ақ күн болды. Аз уақытта бірталай әріп үйреніп, сөз басын құрап оқитын болдыңдар. Енді біраз күнде мүдірмей оқып кетуге де болады.
Алтыншы көрініс
Жапай есікті ашып қарады.
Жапай. Біздің қатын бар ма? (Зейнеп шошып кетеді. Жапай кіріп біресе мұғалімге, біресе Зейнепке қарайды.) Неғып отырсын мұнда?
Зейнеп (қызарып, сұрланып). Оқып отырмын.
Жапай (қалтырап). Оқымай қандай... Оқып жатқаныңды есіттім. Иттен жаралған!.. Жүр үйге!.. (Желкеге түйіп жібереді.)
Зейнеп (жыламсырап). Ойының жаманын қарашы... (Шығады.)
Мұғалім (сасып). Әй, сені жын ұрды ма?.. Мұның не?..
Жапай. Қатын менікі. Жұмысың болмасын! Оқытпаймын! Саған сыйға тартатын қатыным жоқ!
Мұғалім (кейіп). Оңбассың, Жапай, оңбассың! Мені жамандық ойлайды деп тұрсың-ау... Менің бұзық ойым болса, сендердің қатындарыңды оқытамын деп әуреленбес едім де ғой... Сені азғырып салып жүрген адамның кім екенін білемін. Бірақ қайтейін, дос-дұшпанның кім екенін айырарлық сендерде әзір сезім шамалы. Дәрібайдың көлгір сөзіне, ет пен шайына алданасыңдар. Бұл мәңгілік емес. Жас буын есер, ел мектебі көркейіп, білім нұрын жұртқа тегіс шашар. Жұрт тегіс көзін ашып, Дәрібай сықылды сұр жыландарға терең қабыр қазар! Бұл күн алыс емес. Бұл күннің негізі қаланды. Міне, осы мектеп – ел ісіне білім тауып орнататын, ел кедейлерінің санасын оятатын құралдардың бірінші басқышы!.. (Жапай үндемей шығып кетеді. Мұғалім үй ішінде азырақ жүріп, үстеліне сүйеніп отырып қалғиды... Ұл мен қыз кіреді.)
Ұл. Мұғалім ұйықтап жатыр ғой, кетсек қайтеді?
Қыз. Қой, ертең ойын болады ғой, тыңдатайық. Ойында айта алмай қалып жүрерміз. (Тамақтарын қырып қақырынады.)
Мұғалім (басын көтеріп). Е, келдіңдер ме!.. (Жақын келіп.) Сендер аман болыңдар, қарақтарым! Сендер оқып ер жеттіңдер, ел ішін кернеген надандық еріксіз-ақ серпілер. Ел мектебінің гүлі, келешектің ұлы – сендер! Қане, берілген тақпақты жаттадыңдар ма?
Ұл. Жаттадық.
Мұғалім. Қайша, сен айтып берші. (Қайша ілгері шығып тақпақ айтады.)
...Тудым. Өсіп қыз болдым,
Әкем күлімдеді:
«Тірі болса, дайын тұрған –
Санаулы пұлым», – деді;
Пар атын жеккен біреу:
«Құда болам!» –дейді.
Әкем алдай күліп:
«Балам!» – дейді.
Сөктім: «Мен мал емеспін,
Жазығым қолыңда өстім.
Сатам десең, әкем болсаң да,
Өмірлік сенімен өшпін!
Біз – еркіндіктің
Ерікті ұл, қызымыз!
Қайда барсақ та,
Жарқын жүзіміз!
Ескіліктің тамырын
Балтамен кеспекпіз!
Еркін дүниеде ен жүзіп,
Ерікті боп өспекпіз.
Мынау ту – Ленин туы!
Біз көтердік әлемге,
Ту астына тез жиып,
Нұр сеппекпіз бар елге!..»
Мұғалім (қол ұрады). Жаса, жаса!.. Енді өлеңдеріңді айтыңдар. (Екі қыз алдында, балалар тізіліп тұра қалады. Мұғалім өзі бастайды.)
Жетінші көрініс
Есіктен есі әйел бала, 4–5 еркек бала кіреді. Ақырын барып орындықтарға отырады.
Жай қанатты, талаптан, замандастар,
Оқу оқып, білім ал, барлық жастар,
Ұрандар,
Қолға кітап, құралды aл,
Қараңғыда қамалған сорлы жұртты,
Өрге сүйре, аянба, жан қи, бассал
Ұрандап,
Қолға кітап құралды ал
Замандас!
Көтер бас!
Жарыққа, жарыққа жай құлаш!
Талпын, талпын, замандас, алма тыным!
Ілгеріде тынымдап жатар күнің,
Замандас!
Сілкін, қозғал, кетер бас
Алтын өмір – дүниеге ие болған –
Сен тұрғанда кім іздер өнер-білім,
Замандас!
Сілкін, қозғал, өтер бас!
Ұранда, ұранда!
Ерсін жұртың, жүр алға..
Мұғалім. Жарайды, жақсы білген екенсіңдер. Сендерді көргенде, көңілім көтеріліп қалады. Сендер көңілдің тынысы, сендер елдің өрісі. Ленин туын берік ұстап, алған беттеріңнен қайтпасаңдар, ел көгіне шығып нұр берулерің әзір! Қозғалыңдар!.. Серпіліңдер!..
Шымылдық..